Кредит саны: 4 кредит 15 страница

Сын есімдер сөйлем ішінде етістіктерден болған мүшелерінің алдында тұрса, пысықтауыш болады. Жақсы студент жақсы оқиды.

Сын есімдерге көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жалғанбайды. Егер сын есімдерге не көптік, не тәуелдік, не септік жалғаулары жалғанса, зат есім орнына жұмсалады. Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. Жастарға-жас адамдарға, мұндайда сын есім атау тұлғада тұрып кім? не? деген сұраққа жауап берсе, бастауыш, ал іліктен басқа септіктерде тұрса толықтауыш болады.

Сын есімнің шырай категориясы. Заттарды бір-біріне салыстыру арқылы олардың белгілерін бірде анық, бірде күңгірт немесе сәл ғана артық я сәл ғана кем сияқты неше түрлі дәрежеде көрсетуге болады. Мысалы: ащы-тұщы, ақ-қара, қою-сұйық, ыстық-суық, ауыр-жеңіл және т.б.

Тілімізде әр алуан түстер мен сапаларды емес, бір ғана түстің я бір ғана сапалық әр қилы түрлері мен реңдерін білдіретін сөздер бар.

Мысалы: тұщы деген белгінің тұшқылтым, тұщылау, тұп-тұщы, тұщырақ, тым тұщы деген тәрізді әр алуан дәрежені білдіретін түрлері де бар.

Заттың белгісі я сипаты (түсі, түрі,сапасы, көлемі, аумағы, салмаға, сыры т.б) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары деп аталады.

Заттың сындық белгілерінің реңдері мен мәндерін білдіретін формаға

- ғыл (қыл),-(қылт),-ғылт,-ғылтым (-қылтым),-ғыш,-ғана (-кене,-қай,-кан,-ақ

(-ек),-шыл,-шіл,-шылтым,-шілтім,-ша,-ше қосымшалары жатады. Бұл қосымшалардың туынды формалар жасау қабілеттері онша емес. Кейбіреулері тек бір ғана сөзге (көг-ілдір, құба-қан), кейбіреулері 2-3сөзге (кішкене, азғана, кішкентай, азғантай, ақшыл, көкшіл) ғана жалғанса, кейбіреулері 5-6 сөздің аясында ғана қолданды. Мысалы: -ғыш жұрнағы арқылы сарғыш, қызғыш, сұрғыш деген сөздер жасалады.

Өзге қосымшаларға қарағанда жаңа формалар тудыру жағынан –ша (-ше), -аң (-ең,-ң) жұрнақтары құнарлы.

Ақша, сарыша, көкше, қызылша, сұрша, семізше, арықша, қысқаша.

Бұл жұрнақ жалғанған сын есімнен сапалық кішірею, бәсеңдеу реңі байқалады. Мысалы: Ақ үйдің жақында кішкене қоңырша үй, ал солында қ араша үй тұр.

-аң, (-ең, -ң) формасы да сапаның толымсыз, олқылығын байқатады. Жасаң, бәсең, ашаң, жадаң т.б.

Сын есімге жетімсіздік бәсеңдік, солғындық реңдерін жамайтын қосымшаның қатарына –дақ (-дек), -тан,(-тен) жұрнағы да жатады.

Тіліміздегі сын есімдерге тән қосымшаның ішінен салыстыру мәнін туғызатын да, салыстыру қызметін атқаратын да формалар - -лау,-леу,-дау,-деу,-тау,-теу және –рақ,-рек,-ырақ,-ірек жұрнақтары.

- лау,-леу,-дау,-деу,-тау,-теу жұрнақтары өзі қосылатын сындық белгіге бәсеңдік, солғындық рең жамаса,- рақ,-рек,-ырақ,-ірек жұрнағы керісінше басымдық, артықтық, молдық рең жамайды. Осыған бәйкес, олар салыстыру формалары деп те аталады.

- лау(-леу...) жұрнағы негізгі және туынды сын есімдерге еркін жалғана береді: аласалау, биіктеу, әдемілеу, баялау, ашықтау.

 - рақ,-рек... жұрнағы да негізгі және туынды сын есімдерге еркін жалғана береді: ащырақ, тәттірек, малдырақ, алысырақ.

Заттың белгісінің реңі сын есімге тән үстеме буын арқылы да беріледі.

Мысалы: қызыл мен қып-қызыл қызыл сөзі кәдімгі қалыпты қызыл деген түсті білдірсе, қып-қызыл сөзі қан қызыл, өте қызыл деген өсіңкі түсті білдіреді.

Заттың белгісінің реңі күшейту үстеулерінің қабатталу арқылы да өзгереді.

Мысалы: үлкен, тым үлкен, аса үлкен.

Тілімізде сын есімнің төрт түрлі шырайы бар.

1. Жай (негізгі) шырай заттың белгісін, түсін сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, т.б. негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім жай шырай болып есептеледі.Мысалы: биік тау, үлкен үй, қызыл сия.

2. Салыстырмалы шырай бір заттың сынын екінші заттың сынына салыстырып, сол салыстыратын белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді.

Салыстырмалы шырай мынадай жұрнақтар арқылы жасалады:

 а)-рақ,-рек,-ырақ,-ірек

 ә)-лау,-леу,-дау,-деу,-тау,-теу, Ол кішілеу қара көзді еді.

 б)-қыл,-ғыл,-қылт,-ғылт,-тым,-шыл,-шіл,-қай,-аң.

Жігіттің сұрғылт жүзі енді көкшіл тартқан сияқты.

Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай негізгі сын есімдерге күшейткіш, үстеме буынды қабаттастыру арқылы жасалады. Үй іші жап-жарық, тап-таза.

Асырмалы шырай заттың сындық қасиетін я тіпті асыра көтереді, я тым асыра төмендетеді. Асырмалы шырай сын есімнің алдына аса, өте, тым тым-ақ, тіпті, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет сияқты күшейткіш үстеу сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Бұл тым-ақ қиын іс болды.

Шырай жұрнақтары бірінен кейін бір үстеліп те жұмсалады: ақшылдау.

Негізгі әдебиеттер:

1. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі.Алматы,- 1991 ж.

2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

3. Шакенов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы. Алматы,- 1961ж.

4. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары..Алматы, -1951ж.

 

Тақырып 22. «Сан есім, оның лексика – грамматикалық сипаты»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге сан есім туралы түсінік бере отырып, оның өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары туралы мағұлмат беру.   

Дәрістің жоспары: 1. Сан есім, оның анықтамасы

2. Сан есімнің өзге сөз таптарынан лексика-грамматикалық ерекшелігі

3. Сан есімнің мағыналық топтары

4. Сан есімнің синтаксистік қызметі

Өзінің мағынасы мен функциясы жағынан сан есім өзге сөз таптарына қарағанда, сын есімге біршама жақын. Бірақ сын есім заттың сапасын, сипатын, қасиетін, түр-түсін т.б. сипаттарын білдірсе, сан есім -заттың сан мөлшерін, ретін, шамасын білдіретін сөз табы. Мысалы: екі кітап, бес оқушы.

Сан есімдер зат есімдерге тіркестірілмей және дара айтылғанда тек абстракт сандық ұғымдардың атаулары ретінде қолданылады. Олардың нақты мағыналары өзге сөздермен қарым-қатынасқа түсіп айтылғанда ғана айқындалып отырады.

  Екі айда алпыс күн бар деген сөйлемдегі екі, алпыс сөздері ай, күн сияқты зат есімдерімен қарым-қатынасқа түсіп, соларды сан жағынан анықтап тұр.

  Қазіргі қазақ тілінде сан есімдер сияқты мөлшерлік мағынада қолданылатын бір алуан сөздер бар. Олар құрамына қарай жеке-дара сөздер түрінде де, сөз тіркесі де бола береді. Мысалы: жарым, жарты бөлшектік ұғымды, жалқы, жалғыз, дара сөздері бірлік ұғымдарды, центнер, килограмм, грамм, тонна, батпан сияқты сөздер салмақ өлшемдерін, гектар, кубаметр сөздері көлемдік өлшемді, адым, қарыс, кез, метр, шақырым, ат шаптырым, қозы көш аралық өлшемдер атаулары есебінде қолданылады.

Бірақ мұндай сөздер мен сөз тіркестері мөлшерлік мағынада қолданылғанмен сан есім қатарына жатпайды. Себебі олар қызметіне қарай әр түрлі сөз таптарына телінетін тұрақты фразалық тіркестер.

Жарым, жарты, жалқы, сыңар, қос, егіз -сын есімдер. Центнер, қадақ, батпан, тонна, гектар, адым -  зат есімдер.

  Сан есімдер табиғи, негізгі қызметі сандық, сан-мөлшер мағыналарында қолданылғанда, тек атау формасында ғана айтылады да, ешбір өзгеріске түспейді.

   Сан есімдер тек субстантивтенген жағдайда ғана түрленіп, әр алуан өзгеріске түседі, демек, көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те және жіктеліп те қолданыла береді. Сан есімдердің өздеріне ғана тән кейбір формалары бар мысалы:-ыншы,(-інші),-ау(-еу),-ер. Бұлар тек негізгі сан есімдерге жалғанып, олардан туынды формалар ғана жасай алады. Бірақ сан есімнің басқа сөз таптарына ауысып отыру қабілеті күшті. Сан есімдер морфологиялық құрамына қарай, негізгі сан есімдер және туынды сан есім болып екіге бөлінеді. Негізгі сан есімдер қатарына тек қана есептік сандар жатады да, туынды сан есімдер осы негізгі есептік сан атауына жоғарыда аталған

–ыншы,-ау,-ер,-тай қосымшалары қосылу арқылы жасалады.

Мысалы, бір-бірінші, екі-екеу, бір-бірер, елу-елудей.

Сан есімдер іштей дара сан және күрделі сан болып бөлінеді. Дара санның атаулары аса көп емес, олардың бар болғаны-жиырма шақты.

1 .2.3.4.5.6.7.8.9.10.20.30.40.50.60.70.80.90.100.1000..................

Күрделі сан есімдер осы аталатын дара сан атауларының әр алуан жолмен тіркестіріле қолданылуы және қосарлана айтылуы арқылы жасалынады.

Он тоғыз, бір мың тоғыз жүз тоқсан бес.

Күрделі сан есімнің жасалуы:

1) бір санның үстіне басқа бір санды қосу жолмен жасалады.

Он бір (10+1), жүз сегіз (100+8). Олар жоғары дәрежелі саннан басталып, төмен дәрежелі сандармен аяқталып отырады

2)Бір санды басқа бір санға көбейту жолымен жасалады: екі жүз (2 көбейту 100). Бұлар төмен дәрежелі сандармен басталып, жоғары дәрежелі сандармен аяқталып отырады. Мысалы: алты жүз, сегіз жүз.

Күрделі сан есімдердің құрамында көбейтілмелі сандар мен қосылмалы сандар араласа қолданылатын кездері болады. Мұндай түрін аралас күрделі сан есім тіркесі деп атайды. Мысалы: үш мың тоғыз жүз он бес – 3915.

Синтаксистік қызметі. 1.Сан есім көбінесе, зат есімнің алдында ешқандай қосымшасыз келіп, дара, күрделі немесе қосарланып тұрып та анықтауыш болады. Мысалы:Институтта 300 студент оқиды. 80-ші жылдарда экономикада құлдырау басталады.

Топтау сан есім сөйлемнің етістік баяндауышымен немесе етістіктен болған өзге мүшемен байланысып, көбінесе пысықтауыш болады. Мысалы: Столдың айналысына екіден, үштен отырдық.

Сан есімдер туынды сын есімдердің сан мөлшерін білдіре қолданылғанда анықтаушының анықтаушысы ретінде де қолданылады. Мысалы: Шолпан ол кезде төрт балалы әйел еді.

Сан есімдер контекске байланысты субстантивтенгенде сөйлемнің барлық мүшесінің қызметін атқара алады. Мысалы: Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп. (Зат е.) Сонда мен ойлап – ойлап қырыққа тоқтағам. (Тол – ш)

Ат баспаймын деген жерін үш басады (Пысық-ш). Семіздің аяғы – сегіз.

(баян-ш). Үшеуінің жүрісі мені қатты толғантты (Анық – ш).

Сан есімнің мағыналық топтар. Сан есімдер мағынасына қарай алтыға бөлінеді: 1 ) есептік, 2) реттік, 3) жинақтық, 4) бөлшектік, 5) топтау,

6) болжалдық сан есімдер.

Есептік сан есім дегеніміз - бір өңкей заттардың, нәрсенің дәл санын көрсету үшін қолданылатын сандар. Есептік сан есімдер неше? қанша? деген сұрақтардың біріне жауап береді. Мысалы: 15 кітап.

  Есептік сан есім заттың санын білдіру үшін қолданылатын болғандықтан зат есім сөзімен тіркесіп айтылғанда септелмейді, тәуелденбейді, өзгеріске ұшырамайды. Мысалы: 7 оқушы. Тек субстантивтенгенде ғана түрленеді. Жетіні беске көбейтсе отыз бес болады.

Есептік санның қатарына сан есімнің өзге топтарының жасалуына негіз болатын табиғи сандар жатады. Ол сандар дәрежесіне қарай, бірлік сандар, ондық сандар, жүздік сандар, мыңдық сандар болып бөлінеді.

Бірлік сандар тобына 1-9-ға дейінгі 9 сөз жатады. 1.2.3.4.5.6.7.8.9.

Ондық сандар тобына 10-100 дейігі ондық атаулары есебінде жұмсалатын тоғыз сөз жатады 10.20.30.40.50.60.70.80.90.

Жүздік сандар тобына 100-100-ға дейінгі жүздік атаулары есебінде жұмсалатын тоғыз сөз жатады.

Мыңдық сандар тобына 1000-100000 дейінгі мыңдық атаулары есебінде жұмсалатын күрделі он бір сөз жатады.

1000.2000.3000.4000.5000.6000.7000.8000.9000.10000.1000000.

Бұлардан өзге әр алуан есептік сандардың бәрі де осы аталған бірлік, 10-дық, жүздік, мыңдық сандардың әр қилы жолмен тіркесе қолданылуы арқылы жасалады. 5863.

  Есептік сан есімдер құрамы жағынан дара және күрделі болып екі жікке бөлінеді: Дараға-бірлік және ондық атаулары жүз, мың сөзі жатады. Күрделіге жүздік атаулары мен мыңдық атаулары және күрделі сан есімдер жатады.

Есептік сан есімнің ішінде бір сөзінің алатын орны ерекше. Бір сөзі есептік сан есімдерден жаңа сөздер жасайтын амал-тәсілдерінің бәріне түгел қатысады және бұл сөзден басқа қосымшалар арқылы әр түрлі жаңа формалар жасалады. Бір сөзінен лексика - семантикалық тәсіл арқылы басқа сөз табына ауысқан формалар да бар. Мысалы: бір-бір, бір-ақ, біркелкі, бірдеңе, бірнеше, бір ауық, бір талай, әрбір, қайбір. Біреу тойып секіреді, б іреу тоңып секіреді. Бірлік бар жерде –тірлік бар.

Реттік сан есімдер есептік санға -ыншы (-інші) аффиксін қосу арқылы жасалады да, белгілі бір заттар мен құбылыстың сандық ретін білдіру үшін қолданылады. Мысалы: Мен 3-інші курста оқимын.

Реттік сан есімдер морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болып келеді де, күрделі сан есімдерде –ыншы (-інші) қосымшасы ең соңғы санға жалғанады. Мысалы: он сегінші үй.

Реттік сан есімдер дәл өз мағынасында қолданылғанда түрленбейді,

субстантивтенгенде жіктік, тәуелдік, септік жалғаулары қосылады.

Мысалы: Біреулері қара бешпенттерін, екіншілері сұр шекпендерін киген.

Жинақтық сан есім 1-ден 7-ге дейінгі есептік сан есімдерге –ау (-еу) аффиксінің қосылуы арқылы жасалады. Бұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіретіндіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады. Мысалы,түйе біреу, ат екеу, ешкі екеу, қасқыр бесеу.

Жинақтық сан есімдер ешқашан күрделі түрде қолданылмайды.

Жинақтық сан есімдер субстантивтеніп қолданылатындықтан оларға сөз түрлендіретін грамматикалық форманың бәрі де қосылады, бірақ              бір ізбен жалғанбайды. Мысалы, көптік жалғауы, тек біреу сөзіне жалғанады, онда бұл қосымша ол (біреу) сөз белгісіз есімдік ретінде қолданылса ғана жалғанады.

Тәуелдік жалғаулары жинақтық сан есімге жапатармағай қосыла бермейді, біздердің біреуміз, екеуіміз, сендердің үшеуің, төртеуің, олардың бесеуі.

  Жинақтық сан баяндауыш болса, жіктіктің I-II жағының қосымшалары ғана жалғанады. III жағы грамматикалық көрсеткішсіз-ақ жұмсалады.(біз екеуміз, сендер төртеусіңдер, олар алтау). Септік жалғауы жинақтық сан есімнің жай түріне де, тәуелді түріне де жалғана береді.

Жинақтық сан есімдерден лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдер арқылы біраз жаңа сөздер жасалып, көбіне өзге сөз таптарына ауысып отырады.

Топтық сан есімдер. Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжалдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан,-ден,-тан,-тен аффисін қосу арқылы жасалады, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін топтап көрсетеді. Мысалы: Оқушылыр екі-екіден шыға бастады.

Морфологиялық құрамы жағынан топтау сан есімі дара да, күрделі де болады. Дара түрі: екіден, оннан. Күрделі түрі: он бестен, жиырма алтыдан т.б.

Болжалдық сан есімдер. Болжалдық сан есімдер-белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сөздер.

Болжалдық сан есімдер морфологиялық жолмен жасалуына мынадай жұрнақтар жатады:

1) - дай,-дей,-тай,-тей жұрнақтары есептік есімдерге тікелей жалғанады.

Мектепке 450-дей бала оқиды.

- дай,-дей жұрнағы есептік сан есімдер тікелей тіркесіп анықтайтын мезгілдік, көлемдік мағыналы есімдерге жалғанады да, болжалдық ұғым тудырады.

Біз жеті сағаттай жүріппіз.

2) - ер жұрнағы өте көне форма. Қазіргі қазақ тілінде тек бірер сөзде ғана сақталған. Мысалы: Бірер адам машина күтіп тұр.

Болжалдық сан есімнің аналитикалық тәсіл бойынша жасалуы: 1) Есептік сан есімнің я өзді-өзді қосарлануы арқылы не жинақтық сан есімдермен қосарлануы арқылы жасалады. Үш-төрт жылғы әдетің, өзіңе болар жендетің.

Болжалдық сан есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуына шақты, шамасында, тарта, қаралы, жуық, астам сияқты сөздер жатады. Ол сөздер сан есімдерге болжалдық мән үстеп тұрады.

Мысалы: жиырма шақты сиыр, жүз қаралы жылқы.

Болжалдық сае есімдер де өзгеріске ұшырамайды. Олар тек субстантивтенгенде ғана көптік, есептік, тәуелдік жалғауын қабылдайды.

Бөлшектік сан есімдер. Бөлшектік сан есімдер - негізінде таза математикалық ұғымға байланысты туған сөздер. Олар белгілі бір заттар мен құбылыстың бөлшегін білдіреді.Мысалы: Топтың 3-тен 2-сі жақсы оқиды.

Бөлшектік сан есімдер құрамы жағынан күрделі болып келеді де, есептік сан есімнің аналитикалық тәсілмен тіркесу арқылы жасалады.

1) Бөлшектік сан есімнің құрамындағы сөздердің 1-інші сыңары ілік септік формасында, 2-ші сыңары тәуелдік жалғауы болып келеді: Үштің бірі, төртің екісі.

2) Бөлшектік сан есімнің құрамындағы сөздердің 1-ші сыңары шығыс септік формасында, 2-сі сыңары тәуелдік жалғаулы болып келеді: Екіден бірі.

3) Бөлшектік сан есімнің құрамындағы сөздердің 1-сі сыңары шығыс септік формасында 2-сі сыңары атау түрінде қолданылады: Екіден бір.

Белгілі бір заттың тиісті бөлшегін атау үшін, есептік сан есімдерге жарым сөзі тіркестіріліп айтылады. Үш жарым мың.

Бұдан басқа жарты, ширек деген бөлшектік ұғымды білдіретін сөздер бар.

Жарты – екінің бірі, ширек – төрттің бірі дегенді білдіреді.

Сан есімдердің түрленуі. Көптік жалғау. (-лар) сан есімдерге жалғанғанда дәл сол санның көптігін бермейді, мөлшер я болжал ұғымын білдіреді. Мысалы: 1)Жасы қырықтарға жетпеген қапсағай қара кісі(есептік сан есім).

 2) Біреулері жеңіл, екіншілері қалың киініпті (реттік сан есім).

 3) Біреулері келіп сөйлеп кетті (тек біреу сөзіне жинақтық сан есім).

 4) Топтық сан есім көптелмейді.

 5) Олар он бес-он алтыларға келгенше бізде қарап қалмаспыз.                   (болжалдық сан есім).

 6) Бөлшектік сан есім көптелмейді..

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ грамматикасы. Астана, -2002ж.

2. ХасеновА. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. Алматы,- 1957ж.

3.Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, -1991 ж.

Қосымша әдебиеттер:

1. Оралбаева Н. Сан есімнің сөзжасам жүйесі. Алматы, -1998ж.

 

Тақырып 23. «Есімдік, оның лексика – грамматикалық сипаты».

Дәрістің мақсаты: Студенттерге есімдік туралы түсінік бере отырып, оның өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары туралы мағұлмат беру.   

Дәрістің жоспары: 1. Есімдік, оның анықтамасы

2. Есімдіктің өзге сөз таптарынан лексика-грамматикалық ерекшелігі

3. Есімдіктің мағыналық топтары

4. Есімдіктің түрленуі

5. Есімдіктің синтаксистік қызметі

Есімдер тобына жататын сөз табының бірі - есімдіктер. Есімдіктер заттың атын, сынын, санын білдірмейді, бірақ солардың орнына жұмсалады. Есімдіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде меңзеу арқылы білдіреді. Мысалы: Сен қымсынба, артыңда біз бармыз. Сен, біз дегендердің мағыналары нақтылы емес, олар жалпылама түрде ғана айтылған. Ал есімдіктердің дәлді мағыналары бұрын айтылған я жазылған сөйлемдермен байланысты анықталады.

Мысалы: Мен жаратпаған атшыға қарап едім, ол «тек отыр» дегендей басын шайқады.

Қандай сөздердің орнына қолданылуына байланысты, 1-ден, заттық ұғымды білдіретін сөздердің орнына қолданылатын есімдіктер, 2-ден заттың белгісін білдіретін сөздердің орнына жұмсалатын есімдіктер болып іштей екі жікке бөлінеді.

Заттық ұғымды білдіретін сөздерді - субстантивтік есімдіктер, 2-ден, заттың белгісін білдіретін сөздерді - аттрибутивтік есімдіктер дейді.

Субстантивтік есімдіктер қолданылу ретіне қарай зат есімдер сияқты көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те, жіктеліп те қолданыла берсе, аттрибутивтік есімдіктер дәл өз мағынасында, нағыз сын есім ретінде қолданылып тұрғанда грамматикалық жағынан түрленбейді. 2-ден, есімдіктердің бәріне ортақ, бірдей ортақ заңдылық деп қарауға болатын ол-өзгеру амалдарының жоқтығы.

Есімдіктер шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді. Оның 1-ші тобына өте ерте заманнан келе жатқан байырғы түбір есімдіктер енеді де, 2-ші тобына тіліміздің даму, жетілу процестерімен байланысты кейінгі кезеңдерде туып, қалыптасқан есімдіктер жатады.

1-ші топқа негізгі түбір сөздер жатады: мен, сен, ол, біз, сіз, қай, кім, не, міне, бұл, осы, сол т.б.

2-ші топқа мынадай үш түрлі есімдік сөздер жатады: а) мағыналары өзгере келе, есімдік сөз табына ауысқан сөздер: бір, бар, біреу, бүкіл, түгел т.б және әр, күллі, пәлен сияқты араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздер жатады;

ә) морфологиялық тәсіл арқылы сұрау және сілтеу сияқты негізгі түбір есімдіктеріне -у элементінің қосылуы арқылы жасалады: мына-у, ана-у, сона-у т.б. және басқа да формалар арқылы жасалған есімдіктер жатады: қан-ша, не-ше, қан-дай, не-шінші, бар-лық; б) синтаксистік тәсіл арқылы жасалынған есімдіктерг е: бірдеңе, бірнеше, кейбіреу, әлдекім, әлдеқашан, әлдеқайда, әрбір, ешкім, ешқайсы, ешқандай сияқты жеке сөздердің бірігуі арқылы және кімде-кім, қай-қайсы, бірде-бір сияқты қосарланып қолданылатын күрделі есімдіктер жатады.

  Есімдіктер қай сөз табының орнына жүретін қарай, бастауыш та, толықтауыш та, анықтауыш та, баяндауыш та болып қызмет атқара береді. Субстантивтік есімдіктер сөйлемнің барлық мүшесі болатын болса, аттрибутивтік есімдіктер негізінен анықтауыштық қызмет атқарады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: