Саяси процесс 1 страница

Саяси процесс бірден-бір кеңінен қолданылатын, үйреншікті түсінік болып табылады, сонымен қатар саяси ғылымдағы аса бір күрделі категория, оны терең танып білу және зерттеу аса қажетті мәселе. Егер де саясаттану қарастыратын мәселелердің жоғары деңгейлі пікір сайыстығына байқау өткізілетін болса, онда саяси процеске арналған тақырып бірден-бір маңызды, жетекші орынды, сөзсіз, иеленген болар еді.

Саяси процесс саяси биліктің негізгі субъектілері мен алып жүрушілердің (иемденгендердің) рөлдері мен функциялары атқарылатын саяси тұрғыны сипаттайды. Ол шынайы өмірде қалыптасқан фактілер мен құбылыстардың, қоғамның саяси өміріне барлық қатысушылардың қызметінің мазмұнын көрсетеді.

Саяси процестің нақты басталған жері мен аяқталған жерін анықтау қиын. Өйткені, ол күрестердің, шиеленістердің, ымыраға келудің, ынтымақтастықтың, интеграциялардың және т.с.с. жергілікті – локальды процестердің шексіз жиынтығы іспетті. Мұндай процесс кез-келген қоғамдық жүйедегі қарама-қарсы тұрған екі тенденцияның әрдайым өзгеріске ұмтылу және тұрақтылыққа ұмтылу әрекетін көрсетеді. Билеуші топтың қалыптасқан жағдайды тұрақтандыруға ұмтылыс жасауы, ал оппозициялық топтың саяси реформаларға қол жеткізуге талпынуы кеңінен тараған ситуация болып табылады.

Осымен байланысты саяси процесс саяси жүйенің, оның ішкі және сыртқы өзгерістері, бір күйден екінші күйге өтуі динамикасын көрсететінін айтуымыз жөн. Саяси процесс олардың мазмұны мен формалары жөніндегі сұрақтарға, олар қашан, қалай және неге пайда болды, олардың дамуы қалай аяқталды және олар неге соқтырады деген сауалдарға жауап береді.

Қоғамның саяси белсенділік формасы саяси процестің ең кең мағынасы болып саналады. Бұл белсенділіктің, аса көп түрлілігінің, оның әрбір жеке жағдайының өзіндік себебі және мақсаты, түрлі деңгейдегі нәтижесінің болжамдығы және көптеген басқа да өзгешеліктердің бары рас. Сондықтан ол саяси процесті ғылыми тұрғыдан зерттеуді қиындатады, бір мәселенің төңірегінде алуан түрлі көзқарастарды туындатады. Сөйтіп, бұл мәселелерді дұрыс түсіну үшін, ең алдымен саяси процесс ұғымын және оның мәнін анықтау қажеттігі туындайды.

1. Саяси процесс ұғымы және оның мәні

«Саяси процесс» ұғымы барлық қоғамдық ғылымдарда кеңінен қолданылады. Бұл ұғымның мәнін анықтау үшін, жалпы «процесс» терминінің мәнін айқындаудан бастау керек. «Процесс» термині латынның жалғасы, қозғау сөзінен шыққан, ол: біріншіден, өзінің бағыты бар белгілі бір қозғалысты, қозғалыстың қайсыбір барысын, ретін, дамуын; екіншіден, жәй-күйдің, сатының, эволюцияның табандылықпен ауысуын; үшіншіден, белгілі бір нәтижеге жету үшін табанды қимыл-әрекеттердің жиынтығын білдіреді. Демек, «процесс» терминінің әмбебаптық сипаты бар, өйткені ол табиғат пен қоғамның шынайы және тұрақты қалпын көрсетеді.

Саяси процесс бүкіл саясат субъектілердің қызметтерінің жиынтығы іспетті, соның негізінде белгілі бір уақыт және кеңістік шеңберінде қоғамның саяси жүйесінің қалыптасуы, дамуы және өмір сүруі іске асады. Сонымен бірге «саяси процесс» ұғымы саяси өмірдің барлық құбылыстарын: мемлекет қызметін және оның жекелеген саяси субъектілерінің қызметін, саяси мәдениеттегі өзгерістерді, саяси санадағы, психологиядағы, адамдардың жүріс-тұрысындағы және т.б. өзгерістерді мейлінше қамтиды.

Осымен байланысты, ғылыми әдебиеттерде «саяси процесс» ұғымына анықтама беруде әр түрлі көзқарастың барлығын айтқан жөн. Бірінші көзқарастағылар, саяси процесс деп саясатта болып жатқанның бәрін түсіндіреді. Екінші біреулері, бұл ұғымды «саясат» категориясымен ұқсастықта қолданады. Үшінші концепцияны ұстаушылар, «саяси процесс» ұғымы қоғамның саяси жүйесі қалпының ауысуын түсіндіруші ретінде пайымдайды.

«Саяси процесс» ұғымы ең алдымен, өзіндік ерекше мақсаттары мен функцияларын іске асыруда индивидтер, топтар, билік институттары бір-бірімен және мемлекетпен қалайша өзара әрекет ететінін ашады. Бұл мәселеде саяси процестің әлеуметтанулық түсіндірмесінеде назар аударылады, саяси процесті тек саяси күрес тұрғысынан қараумен қатар, әлеуметтік және саяси құрылымдар мен қатынастардың өзара әрекетін сараптау деңгейінде пайымдалады.

Саяси процестің әлеуметтанулық түсіндірмесі американдық саясаттануда кеңінен тараған. Онда саяси процесс әлеуметтік процестер мен саяси рөлдер мен функцияларды жүзеге асыру негізінде саяси билікті алып жүрушілердің арасындағы өзара әрекет тұрғысынан суреттеледі.

Көбіне-көп саяси процесті саяси жүйенің қалыптасуымен, өзгеріске түсуімен, қайта құруымен және өмір сүруімен байланысқан барлық субъектілер қызметінің жиынтығы ретінде түсіндірілетінін атап өткен жөн.

Саяси процестің мұндай түсіндірмесі осы процесті оған қатысушылардың бүкіл саяси маңызды әрекеттерінің шексіз жиынтығын қалыптастырады деген идеяға негізделген. Демек, бұл саяси құбылыстың қозғалысын, динамикасын, эволюциясын, олардың уақыт пен кеңістіктегі жай-күйінің нақты өзгерістерін ашады.

Уақытша параметрлер саяси процестің белгілі бір циклдары іспетті, оның әрқайсысы элементтер мен байланыс бөліктерін ұдайы өндіріп отырады. Саяси жүйе өзін-өзі өндіруші циклін аяқтағаннан кейін ғана толық айқындалатын болады. Мысалы, қайсыбір демократиялық саяси жүйені бір сайлаудан келесі сайлауға жеткенде ғана оны аяқталған жүйе деп қарастыруға болады.

Кеңістіктегі параметрлер географиялық факторлармен және саяси процесс пен оның элементтері, элементтер аралық байланыстар сипаты орнаған орта ретінде саяси жүйемен қамтамасыз етіледі. Саяси процесс қоғамның саяси жүйесі шеңберінде, сол елдің шеңберінде, сонымен қатар аймақтық және жаһандық көлемде өрістейді. Ол мемлекеттік деңгейде, әкімшілік-аумақтық аудандарда, қала мен деревняда, ауылда, әр түрлі ұлттардың, топтардың, әлеуметтік-демографиялық топтардың, еңбек ұжымдарының, қайсыбір саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың ішінде өтеді.

Осымен байланысты саяси процесті қоғамның саяси өмірінде орын алған бірін-бірі табанды ауыстыратын өзара байланысқан құбылыстар мен оқиғалардың бүкіл жиынтығы деп айтқан жөн. Саяси процесте алуан түрлі факторлар өзара әрекетке түседі, соның нәтижесінде саяси салада өзгеріс болумен қатар қайта құрулар да жүреді. Ол құқық нормаларымен (ең алдымен конституциялық) және алуан түрлі құқықтық емес жазба және жазылмаған нормалармен (партиялардың, қайсыбір қоғамдық бірлестіктердің жарғылары және басқа да құжаттары, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, этикалық-моральдық нормалар және т.б.) реттеледі, ал кей уақытта, тіпті, жалпы алғанда ештеңемен реттелмейді, кездейсоқ жүреді.

Саяси процестің өзіндік құрылымы бар. Саяси процестің құрылымы: саясат субъектілерінен, билік ресурстарынан, құралдардан, оларды қолданудың формалары мен әдістерінен, аралық әрі түпкі мақсаттар мен міндеттерден құрылады. Сонымен қатар, саяси процесс макрожүйедегі, микрожүйедегі өзгерістерді қамтитын уақыт пен қарқыны бойынша көп үйлеспейтін нақты жергілікті-локальды бағыттардан да тұрады.

Саясаттың кез-келген субъектісі (партия, қозғалыс, әлеуметтік топ және басқалар) өздерінің саяси процеске қатысуын белгілі бір принциптер негізінде ұйымдастырады. Олар әр түрлі болуы мүмкін, бірақ құқықтық мемлекетте оларды заңдылық критерийлері-өлшемі мен құқық нормаларына сәйкестік біріктіреді.

Саяси процестің ресурстары болып оның идеялық және материалдық негіздері: ғылым, білім, техникалық және қаржы құрамдары, бұқараның, процеске қатысушылардың көңіл күйі, олардың идеологиясы, қоғамдық ортаның қалпы және басқа да факторлар қызмет атқара алады.

Саяси процестің өзіндік мазмұнды, ерекшелікті белгілерді және даму заңдылықтарды иеленуі оның алуан түрлілігін көруге мүмкіндік береді. Сонымен саяси процестің алуан түрлі болуы қоғамның саяси саласының өмір сүру формасы қызметін атқарады[92]. Солай болған соң қоғамның саяси өмірі әр түрлі саяси процестерде өзін білдіреді.

Саяси процестердің өзіндік ерекшеліктерін біртұтас жүйе ретінде зерттеу мүмкін еместігімен де бұл үрдіс айрықшаланады. Саяси процестер жиынтығында жалпы және жеке саналатын екі топ көзге түседі. Бұл топтардың саяси процестері қоғамдық өмірді қамту мөлшерімен қатар мазмұнымен, жүру формаларымен және нәтижелерімен өзгешеленеді. Сондықтан оны қарастыру жалпы және жеке саяси процестерді бөліп зерттеуді ұйымдастыруды қажетсінеді. Алайда, процестердің осы екі тобы бір-бірімен тығыз байланысқан. Сонымен бірге, жеке саяси процестер жалпы саяси процестің мазмұнына, формаларына және жүру жылдамдығына маңызды ықпал ете алады.

Сонымен жалпы саяси процесс жекелеген процестердің қарапайым ғана жиынтығы емес. Ол жеке процестерден өзінің көлемі, мазмұны жағынан ерекшеленумен қатар формаларымен де өзгешеленеді. Жалпы саяси процесс эволюция, революция, дағдарыс сияқты белгiлі үш формада жүреді.

Жалпы саяси процестің бүкіл қоғамды қамтитынын және оның саяси жүйесін мәнді өзгеріске түсіретінін немесе қалыпты күйін тіптен ауыстырып жіберетінін атаған жөн. Ал, жеке саяси процестердің жалпы саяси процестен айырмашылығына келсек, оның саяси өмірдің жекелеген жақтарын қамтуында жатқандығында деп түсінуіміз керек. Сонымен бірге жеке саяси процестер жалпы саяси процестен өзінің құрылымымен, сипаттамасымен, даму кезеңдерімен де ерекшеленеді.

Жеке саяси процестер – бұл әр түрлі, қоғамның саяси жүйесінің жай-күйіне жалпы тиіспей, белгілі бір саяси мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған қоғамның саяси белсенділігінің көптеген ерекше формалары. Соған сәйкес жеке саяси процестер билік өкілдерінің өздерінің міндеттерін тікелей атқару барысында (әсіресе қоғамды басқаруда) көрінеді. Бұл процестер сонымен қатар әр түрлі саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың және жекелеген азаматтардың өздерінің саяси мүдделерін (мысалы, сайлауға, референдумдарға, митингтерге, көше шерулеріне қатысуы) түрлі жолдармен іске асуын бейнелейді. Жеке саяси процестерге басқару шешімдерін қабылдау мен жүзеге асырудың түрлі формалары жатады. Жеке саяси процестердің көптігіне және әр түрлігіне қарамастан, оларды жүзеге асыру қоғамның саяси жүйесін мәнді өзгерістерге түсіре алмайды. Мысалы, тоталитаризмді демократиялық саяси режиммен алмастыруға немесе монархияны республикамен және басқаларын

ауыстыруға әкеп соқпайды.

Саяси процесс әрқашанда салыстырмалы тұрғыда өз бетіншілігімен ерекшеленеді, бірақ, түптеп келгенде, ол экономикалық құрылыммен, мемлекеттік кұрылыспен, қоғамдағы әлеуметтік-саясиқатынастардың сипатымен детерминдірілген.

Қазіргі саяси процеске кейбір ортақ міндеттер тән олар әр түрлі тарихи жағдайларда және елдерде түрліше шешіледі, сонымен қатар оның субъектілерінің қайсыбір қызметтерінің жүзеге асу сатыларында өз шешімін табады.

Қазақстандағы саяси процесс тарихи дамудың, мәдениеттің, салт-дәстүрдің, діни ортаның, оны мекендеген этностардың психологиялық құрылым ерекшеліктері негізінде әрекет ететін әлеуметтік субъектілердің, билікті алып жүрушілер мен институттардың өзара әрекеті болып көрінеді. Қазақстандық саяси процесте ескімен қатар жаңа құбылыстар, объективті және субъективті факторлар көрініс тапқан. Олар бір-бірімен қабысып, қалыптасу үстіндегі демократиялық қатынастардың пісіп, жетілмегендігін дәлелдеп отыр. Сондықтан Қазақстандағы саяси процесс қарама-қайшылықта және әр тараптылықта дамуда.

Қазақстанда мына бір құбылыстар: басқарудағы дәстүрлі әлеуметтік институттар мен құрылымдардың ыдырауы; әлеуметтік бағытынан айырылу, адамгершілік құндылықтар мен рухаии идеяларды жоғалту; халықтың басым көпшілігінің маргиналдануы; қоғамдық қатынастардың қылмыстандырылуы; өткен тарихтың бұрмалануы; мемлекеттік билік органдарының беделін түсіру; билеуші элитаның қолына саяси билік пен ресурстардың аса көп шоғырлануы ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, мейлінше негізделген және аса ұтымды саяси және құқықтық шешімдер қабылдау меноны жүзеге асырудың арасында алшақтық байқалады. Бұл келеңсіздік сәйкестігі бар құқықтық механизмдердің жоқтығымен әрі саяси құқықтық мәдениеттің төмен болуымен түсіндіріледі. Қазақстандағы саяси процестің ерекшелігі, менің ойымша, саяси рөлдер мен функцияларды жүзеге асыру айырмашылығымен, олардың белгілі бір билік институттарының қолына шоғырланып, бекітіліп берумен де байланысты. Қазақстан қоғамында рөлдерді бөлу және оларды іске асыру механизмдері демократиялық қоғамдарда стандарттардан қабылданған жәнесаяси өзгерістер логикасын анықтайтын ұстанымдардан өзгешелігінің бар екені анық байқалады. Бұл Қазақстанның әлеуметтік эволюция механизмінде саяси факторлардың басым болуымен, онда жетілген азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруға кедергі келтірумен бірге саяси және саяси емес салалар арасында нақтылы шек қоюға жол бермеуімен байланысты.

Осыған орай қазіргі Қазақстандағы саяси процестерге талдау жасау көбіне-көп келесі ұйымдық шарттарды сақтаумен байланысты болмақ. Олар: реформалық үрдісті ақпаратпен қамтамасыз ету, онсыз жаңаша қараудың әлеуметтік салдарын болжамдау, қол жеткен табысты бағалау мүмкін емес; реформаның жекелеген бағыттарына басымдық беру, заңдық, ұйымдық және басқа да шараларды күшейту, оларды іске асырудың шынайы перспективаларын есепке алып, табанды түрде жүзеге асыру; әлеуметтану мониторингын ұйымдастыру, реформаның нәтижесін қадағалап, оған баға беру; ағарту жұмысының мақсатты бағытталуы; саяси қатысудың әр түрлі формаларының тиімділігін зерттеу.

Саясатқа қатысу саяси процестің мәнін ашатын маңызды элемент болып табылады[93]. Саяси процеске қатысушылар, оның әрекет етуші адамдары мен күштері болып жеке азаматтар, олардың саяси және қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктері, әлеуметтік-таптық, этникалық және басқа да адамдар қауымдастықтары есептеледі. Саяси процеске әрбір қатысушының, яғни оның субъектісінің, өзіндік стратегиялық және тактикалық мақсаттары мен міндеттері болады. Олар саяси күштердің қызметінің формаларын, мазмұнын, әдістерін анықтайды, олардың арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын және т.б. белгілейді. Алайда, түптеп келгенде, бәрі бәз-баяғы саяси билік туралы мәселеге келіп тіреледі, ең алдымен оның мемлекеттік формасына байланысты болады. Саяси процеске қатысушылардың біреулері үшін мақсат тек билікті иелену болса, басқалары үшін – оны уысында ұстап қалу және пайдалану. Осыған байланысты саяси процесс субъектілерінің арасында қарым-қатынас қалыптасады. Мұндай қарым-қатынастар ынтымақтастық, бәсекелесу, күрес, шиеленіс, антогонизм, келісімге келу және т.б. сипатта болуы мүмкін.

Саясатқа қатысу әр түрлі формада, әр деңгейлі қарқынмен, әлеуметтік және аумақтық түзілімдердің көлемінің әр түрлілігіне қарай жүзеге асады.

Индивидтердің мемлекеттік істерге және басқа да саяси институттарға ерікті қатысуы жоғары деңгейдегі жалпы және саяси білімге негізделген, қатысушылардың белгілі бір әлеуметтік – адамгершілік бағыт-бағдарларының болуына, олардың құқық пен заңға ниеті түзу қатынасына негізделген саналы саяси қызметті қамтиды.

Ерікті саяси қатысудың белсенді формасы өкілетті билік органдарындағы депутаттардың, саяси партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар функционерлерінің, саяси кампаниялар мен акцияларды (сайлау, референдум және т.б.) ұйымдастырушылар қызметінен тұрады.

Ерікті саяси қатысудың енжер формасы тек қана сайлау кезіндегі сайлау туралы, референдумдар жөнінде қоғамдық пікірлерді сұрастыруға қатысуды қамтиды.

Саясатқа күштеп қатысу милитаризацияланған мемлекеттік құрылым қызметкерлері үшін, қатаң орталықтандырылған және тәртіптелген саяси партиялар мен ұйымдар мүшелері үшін тән болып табылады.

Аумақтық таралу саласы бойынша саясатқа қатысу жалпы ұлттық, жергілікті және локальды сипатта болуы ықтимал.

Саясатқа қатысуды қарқындылығы мен бірізділігі тұрғысынан тұрақты (партияға мүшелік, саяси ұйымдардағы жұмыс), эпизодтық немесе ұдайы, үнемі (сайлауларға қатысу) және бір жолға (конституция қабылдау жөніндегі референдумға қатысу) саяси қатысу деп ажыратылады.

Сөйтіп, саяси процестің мәнді ерекшелігін, оны жеке зерттеу қажеттілігін, саяси процестің дамуы, саяси жүйенің қалпы, құрылысы және оның формаларының әлеуметтік ортамен өзара әрекеті ғана анықтап қоймайды, сонымен қатар субъективті және объективті факторлардың билік жүйесіне қатынасына қарай көптеген сыртқы алғы шарттар да белгілейді. Саяси процесс – бұл заңмен кепілдік берілген және шынайы саяси қатынастар динамикасына қосылған саяси субъектілер қызметі түрлерінің жиынтығы. Олар билікті қоғамда қолдануға бағытталған саяси жүйенің бүкіл даму және өмір сүру сатыларын қамтыған. Енді саяси процестің негізгі сатыларын қарастырамыз.

2. Саяси процестің негізгі сатылары

Өзара саяси әрекет ретінде саяси өмір динамикасына талдау жасау саяси процестің мазмұнды жағын ашуға мүмкіндік береді. Саяси процесс саяси өмірдің үнемі, кезекпен болатын оқиғалары іспетті, бірақ, ол, сонымен қатар, ішкі бірлікпен байланысқан. Солай болғанмен де саяси процесс бір мезетте тұтас құрылымды қайта өндіруші ретінде және саяси өмірге ықпал ететін экономикалық, экологиялық, мәдени және өзге де факторлардыбіріктірген әлеуметтік орта және әлеуметтіктен тыс орта мен өзара әрекеттегі саяси жүйенің циклдік өмірі ретінде көрінеді. Саяси процесс барысында институттық жүйе бейімделеді және оның жалпы әрі жеке элементтерінің бейімделуін, оның жүйелік сапалар ретінде ұдайы өндірілуін және сақталуын, оны құрайтын компоненттерді де қамтамасыз етеді.

Сондықтан саяси процестің түп негізі өзгеріс болады. Ол саяси құбылыстағы кез-келген құрылымды, функцияны, инститтутты және форманы, тұрақты және ауыспалы белгілерді, эволюция қарқынын және басқа да параметрлерді үлгілеуді білдіреді. Өзгеріс саяси биліктің негізгі құрылымдары мен механизмдеріне тиіспеуі мүмкін (мысалы, лидерлер, үкімет, жекелеген институттар өзгеруі мүмкін, бірақ биліктен босататын жетекші құндылықтар, нормалар, тәсілдер бұрынғы сапада сақталады), бірақ базалық элементтерді алмастыруға әкелуі мүмкін. Бұл элементтер жиынтығы жүйенің жаңа сапалы күйге жетуіне ықпал етеді.

Осы орайда әлуметтік-саяси ғылымда саяси өзгерістің көздері, механизмдері және формалары жөнінде көптеген түсініктер қалыптасқанын айтуымыз керек. Мысалы, Маркс саяси динамиканың негізгі себептерін экономикалық катынастардың ықпалынан көрді, Парето оларды элита таралымымен байланыстырды, Вебер – харизматикалық лидердің қызметінен, Парсонс – адамдардың әр түрлі рөлдерді қолдануынан көрді. Алайда, саяси өзгерістің негізгі көзі ретінде көбіне-көп шиеленісті ауызға алады.

Саяси өзгерістің көздері мен формаларының көп түрлілігі саяси құбылыстардың өмір сүруінің белгілі бір тәсілдерінен көрінеді[94]. Осымен байланысты, менің ойымша, саяси процестің негізгі төрт сатысын бөліп айтуға тұрарлық. Ол – қалыптасу, өмір сүру, даму және құлдырау сатылары. Десек те сатыларға осылай бөлу шартты түрде ғана жүргізіледі. Алайда біртұтас саяси процесте олар бір-бірімен өзара байланыста әрекет етеді, әрқайсысы өзіне тән ерекшелігін сақтайды, өзіндік міндеттерін атқарады және ерекшелікті әдістер мен саяси әрекетті іске асырады.

Қалыптасу (жаңа саяси құбылыстарды, институттарды, қатынастарды, нормаларды жасау, жобалау) саяси процестің тарихи, логикалық, бірінші, бастапқы сатысы болып табылады. Ол бір мезгілде және тұрақты түрде жүреді. Бір мезгілдік – қайсыбірсаяси жүйенің пайда болу кезеңі. Саяси процестің бұл сатысы, әдетте, бір саяси күштердің заңды билігінен айырылып, басқа күштер билікті қолына алғандағы қоғам дамуының түбегейлі моментіне сәйкес келеді. Осы жаңа күштер өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын жалпы саяси жүйені жасайды, олардың еркін енді биліктің басқа органдары және басқада саяси инстатуттары жүзеге асыратын болады. Бір мезгілде бұрынғы құқықтық нормаларды жаңамен алмастыру жүзеге асады, онда жаңа пайда болған билік институттары, саяси жүйенің басқа да элементтері бекітіледі. Саяси процестің бұл сатысының басты кезеңі – Конституцияны толығымен қайта қарау, немесе жаңа Конституция қабылдау – бұл саяси биліктің, оның барлық инститтарының заңдылығын мойындататын жария және демократиялық тәсілі.

Алайда биліктің заңдылығы жаңа Конституция қабылдаумен бітпейді. Бұл әрі ұзақ, әрі тұрақты процесс. Осы тұрғыдан келгенде саяси жүйені конституциямен бекіту бір мезгілдік акті болып қалмайды. Оны заңдастыру процесі тұрақты түрде қайталанып тұрады, үздіксіз жүреді, өйткені бұл жүйе мойындауды талап етеді және ол қоғам мүшелері тарапынан қолдауды кажетсінеді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: