Макс Вебер 6 страница

Ұтымды таңдау теориясын қолдаушылар, жалпы неліктен саяси институттар өмір сүретіндігін түсінуге тырысады. Олардың пайымдауларының мынадай сипаты бар: өз мақсаттарын көздеуші, ұтымды индивидтер әрдайым ұжымдық іс-әрекеттер саласында дилеммаға тап болады. Институттар, осы дилеммаларды шешу үшін, барлығына да тиімді болатындай “сен-маған, мен-саған” деген принцип бойынша ақылға сыйымды ымыраға қол жеткізу үшін қажет.

Ойын теориясы халықаралық қатынастар жөніндегі әдебиеттерде кең қолданылады, бұл арада үкімет басты міндеті - қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылатын унитарлы субъектілер ретінде анықталады. Әр түрлі үкіметтердің мүдделері бір жерден шыққан кезде, келісімдер, өзара әрекет ету ережелері дүниеге келіп, кейін институттар пайда болады. Жалпы ойын теориясы, ұтымды әрекет етуші индивидтер өз мүдделерін бейнелейтін институттарды қалайша орнықтыратындығын ұғынуға тырысады.

Бұл екі теорияның ұқсастығы, нақты нәтижелерге жетудегі институттар мен саяси ұйымдардың маңыздылығын түсінуге келіп саяды. Ал айырмашылықтары, егер ол жағдайлық әлеуметтік рөлдердің жемісі және егер өтіп жатқан дағдарыс барысында әрекет етуші адамдар өздерінің кім екендіктерін қайтадан ұғынуға дайын болса, басымдықтардың мазмұнын анықтауға келіп тіреледі.

Социологияда ұйымдардан сыртта өмір сүретін әлемді әлеуметтік конструкция деп есептейді. Скотт пен Мейер не болып жатқандығы және алдын ала сенімділікпен не деп айтуға болатындығы және қандай шаралар ұйымның өмір сүруіне септігін тигізді, қайсысы жоқ дегендерге қатысты қоршаған орта жеткілікті түрде нақты дабылдар жіберетіндігіне күмәнданады. Бұл арада институт деп алаңды құрылымдайтын және әлеуметтік процестерге қатысушылардың жолда кезігетін кедергілерді жеңуіне жәрдемдесетін мағына ретінде ұғынылады. Дәл институттар алаңдағы акторлардың позицияларын айқындап, процестің қалған қатысушыларының іс-әрекетін барабар түсіндіріп және ұғынуға қажетті ережелермен қамтамасыз етеді. Социологияда белгісіздік жағдай бөлек суреттеледі. Ұйымдастырушылық өзгерістердің белгісіздіктің факторы, бәсекелестердің белсенділігі - мұның бәрі нақты ережелер мен мағына болған жағдайда ғана құрылымданады. Бұл тұрғыдан келгенде бүкіл қоғам үшін ережелер жүйесін орнықтыратын үкіметтердің рөлі аса зор.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Theorіe des kommunіkatіven Handeіns І-ІІ. Frankfurt a. M., 1981

Филиппов. Теоретическая социология // Теория общества. Под ред. Филиппова А.Ф., М., 1999

Западная теоретическая социология. Игорь Громов, Андрей Мацкевич, Владимир Семенов. Санкт-Петербург, 1996

Штомпка. Социология социальных изменений. М.: Аспект Пресс, 1996, гл.б. (Глобализация человеческого сообщества).

Монсон Пер. Современная западная социология. Санкт-Петербург, 1992

Социология на пороге ХХІ века. Москва, 1999

Валлерстайн. Россия и капиталистическая миэкономика // Свободная мысль. 1996, ғ 5

Wallersteіn І. The Modern World - System and Evolutіon // Journal of World - System Research. 1995. Vol. І, # 19

Девятко. Э. Уоллерстайн о возникновении глобальной социальной системы: дифференциация. Интеграция и эволюция // История теоретической социологии. Том 4. - М., 1999

Хантингстон. Столкновение цивилизаций и преобразование мирового порядка. Новая постиндустриальная волна на Западе. Антология.// Под ред.В.Л. Иноземцева. М., Academіa, 1999

Robertson R. Globalіzatіon Socіal Theory and Global Culture. London: Sage, 1994

Rіtzer. The McDonaldіtіon. Theses. London, 1998

Кастельс. Информационная эпоха: экономика, общество и культура. Перевод с англ. Под научной ред. О.И. Шкаратана. М., 2000

Кастельс. Становление общества сетевых структур // Новая постиндустриальная волна на Западе. Антология. Под ред. В.Л. Иноземцева. М., 1999

Кастельс. Могущество самобытности. // Новая постиндустриальная волна на Западе. Антология.// Под ред.В.Л. Иноземцева. М., Academіa, 1999

Арчер. Реализм и морфогенез. // Теория общества. Под ред. А.Ф. Филиппова. М., 1999

Bhaskar R. The possіbіlіty of naturalіsm. N.Y.; L. Verso, 1989

Gіddens A. The Consequences of modernіty. Cambrіdge: Polіty Press, 1990

Gіddens A. Modernіty and self - Іdentіty. Cambrіdge: Polіty Press, 1991

Флигстайн. “Критический анализ нового институционализма: поля, власть и социальный талант” (Препринт, доступный в ксерокопии).

Забирова А.Т. Новейшие теории и концепции социологической науки. Астана, 2001.


ІІІ бөлім. ОРТА ДЕҢГЕЙ ТЕОРИЯСЫ

Социология өзге ғылым секілді өзінің даму барысында ішкі құрылымдану процесін өткереді. Әлеуметтік құбылыстар мен процестер жөніндегі ғылыми білімдерді жүйелендіру іске асырылады. Социологиялық білімнің құрылымы қоғамдық қатынастардың мәнін, табиғатын және жекелеген салаларының даму функциясын терең түсінуге мүмкіндік беретін бір-бірімен өзара байланысты түсініктер, көзқарастар мен теориялардың ретке келтірілген жүйесі болып табылады. Түптеп келгенде, ғылымның жекелеген салаларында жасалынатын социологиялық түсініктер, ұғымдар мен теориялар қоғам туралы әлеуметтік жүйе ретінде біртұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Социологияда зерттеудің пәніне, әдістемесіне және міндеттеріне негізделіп, ғылыми білімнің бірнеше жіктелімдері пайдаланылады.

Функциялары мен міндеттері бойынша ерекшеліктері бар социологиялық білімнің үш деңгейін бөліп қарастыру кең таралған. Олар: іргелі білімдер деңгейі, қолданбалы зерттеулер деңгейі, әлеуметтік инженерия. Теориялық социология белгілі бір саланың әмбебап заңдылықтарын және талдау принциптерін ашатын теориялар мен тұжырымдамалар жиынтығын білдіреді. Қолданбалы зерттеулер өзекті тәжірибелік маңызы бар проблемаларды зерттеуге бағытталған. Әлеуметтік инженерия нақты әлеуметтік проблемаларды шешуде түрлі технологиялар мен техникалық құралдарды өзара ұйымдастыру мақсатымен ғылыми білімдерді іс жүзінде енгізу болып табылады.

Оған қоса социология макро- және микро социология болып екіге бөлінеді. Макросоциология кең көлемді әлеуметтік жүйелерді және тарихи ұзақ процестерді қарастырады. Микросоциология адамдардың күнделікті жүріс-тұрысының тікелей тұлғааралық өзара әрекеттесуін зерттейді. Бұл деңгейлер өзара байланысты және социология пәнін екі жақты зерттеп білуге мүмкіндік береді, бір жағынан, әлеуметтік жүйелердің, құрылымдардың және институттардың адамдар іс-әрекетін реттеуші ретіндегі әсері, екінші жағынан, қоғамның құрылымдық элементтерінің қалыптасуы жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың әлеуметтік іс-әрекеттерінің нәтижесі ретінде талдануы қарастырылады.

Социологиялық білімнің осы деңгейлерінің қиылысуы нәтижесінде оның өзіндік формасы ретінде орта деңгей теориялары шығады, олар: тұлға социологиясы, отбасы социологиясы, саяси социология, этносоциология, білім социологиясы т.б. Бұл жерде мәселе зерттелетін объектінің сипаты бойынша ғылыми білімнің құрылымдық элементтерінің бөлінуі жөнінде болып отыр. Орта деңгей теориясы немесе арнайы социологиялық теориялар қоғамдық өмірдегі әлеуметтік институттардың және топтардың жекелеген жақтары мен салаларын қамтиды. Олар әлеуметтік ғылымның да, социологиялық ғылымның да, пәнаралық өзара әрекеттесу дәстүрінде дамиды.

“Орта дейгей теориялары” ұғымын американдық социолог Р.Мертон енгізді. Ол іргелі және эмпирикалық зерттеулердің қарама-қарсылығы нәтижесінде пайда болып, “жоғары” теория мен нақты құбылыстар мен процестерді зерттеп білуде алынған эмпирикалық мәліметтер арасындағы “көпірге” айналды. Орта деңгей теориялары зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлерін үйлестіреді, бұған қоса жалпы социологиялық теорияларға да және нақты социологиялық зерттеулердің нәтижелеріне де сүйенеді.

Социология тарапынан іргелі деңгейде ұсынылып отырған тұжырымдамалар абстракциясының жоғары дәрежесімен ерекшеленеді және әлеуметтік топ немесе әлеуметтік процесс ретінде нақты социологиялық бірліктерді зерттеп білу үшін тікелей қолданылуы мүмкін. Жалпы теориялық білім қоғамдық өмірдің түрлі жақтарын байқаудан, талдап қорытындылаудан тұрады, барлық әлеуметтік құрылымдар үшін бірыңғай заңдылықтарды анықтауға бағытталған.

Алайда социология - абстрактылы ғылым емес, ол ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік топтардың мүдделерінің тепе-теңдігін және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін нақтылы әлеуметтік проблемаларды шешу мен зерттеп білу міндеттерін атқарады. Социология қоғамдық процестер мен құбылыстардың нақтылы бейнесін беретін, жекелеген әлеуметтік фактілер туралы дәлме-дәл, шынайы мәліметтерге негізделуі тиіс. Орта деңгей теориялары отбасы, еңбек қатынастары, жанжал, ауытқушылық жүріс-тұрыс, жастар және т.б. әр түрлі мазмұнды феномендерді зерттеп білуде теориялық аппаратқа бейімдеуге мүмкіндік береді. Эмпирикалық мәліметтер эмпирикалық зерттеу әдістері - сұрау, бақылау, құжаттарды талдау, эксперимент т.б. көмегімен жиналады. Нақтылы зерттеулер нәтижелері негізінде іргелі жете зерттеулерді байыта түсетін жаңа теориялық талдап қорытулар пайда болады.

Орта деңгей теориясының басты ерекшелігі мынада, олар тәжірибемен органикалық түрде байланысты және адамзат іс-әрекетінің нақтылы салаларын зерттеуге ғылыми негіз болады. Социология құрылымына орта деңгей теориясын енгізу социологтар жұмысының тиімділігін арттырды, олардың зерттеулерінің ауқымын кеңейтті және тереңдете түсті, әлеуметтік процестерді басқару үшін ғылыми және тәжірибелік ұсыныстардың құндылығын мойындауға ықпалын тигізді. Өмірдің түрлі салаларын қамтитын көптеген салалық социологтар пайда болды. Олардың ішінде табысты түрде өзіндік ерекшелігі бар ұғымдар аппараты, зерттеу әдістемелері жасалынады, мәліметтер базасы жинақталады, теориялық талдау қорытындылары жасалып, жаңа тұжырымдамалар мен теориялар қалыптасада.

Орта деңгей теорияларының барлығын шартты түрде үш топқа бөлуге болады:

- әлеуметтік институттар теориясы, ол күрделі әлеуметтік тәуелділіктер мен қатынастарды зерттейді (отбасы социологиясы, білім социологиясы, еңбек социологиясы, экономикалық социология, саяси социология, ғылым социологиясы, дін социологиясы және басқалар);

- әлеуметтік қауымдастықтар теориясы, ол кіші топтан бастап әлеуметтік топқа дейінгі қоғамның құрылымдық бірліктерін қарастырады (әлеуметтік құрылымдар социологиясы, ұйым социологиясы, этносоциология, аймақтар социологиясы, қала социологиясы, кіші топтар социологиясы, жастар социологиясы т.б.);

- арнайы бағытталған әлеуметтік процестер теориясы, ол әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (ауытқушылық жүріс-тұрыс социологиясы, мобильділік социологиясы, қоғамдық қозғалыстар социологиясы және т.б.).

Енді бұл оқулықта кеңінен қарастырылмайтын бірқатар жеке социологиялық ағымдардың пәндік саласы мен сипатына қысқаша тоқтала кетейік.

Отбасы социологиясы - отбасының қалыптасуы мен қызмет етуін, отбасылық-некелік қатынастарды нақтылы мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайда зерттейтін социологияның бір саласы. Мұнда отбасы әлеуметтік институт ретінде ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар және басқа туған-туыстары арасындағы өзара қарым-қатынастарын реттеп отыратын әлеуметтік нормалар жиынтығы ретінде сипатталады.

Тұлға социологиясы - тұлғаны оның әр түрлі іс-әрекеті барысында пайда болатын әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі ретінде зерттейді.

Еңбек социологиясы - еңбекті адамның және қоғамның өмір сүруінің негізгі шарты ретінде қарастырады. Еңбек, ең алдымен адам мен табиғат арасында болатын процесс, онда адам өз әрекетімен табиғатпен екі ортадағы зат алмасуды реттеп, бақылап отырады. Ол адамдар мен қоғамның өмір сүруіне қажетті игіліктерді өндіруде біріккен және ұжымдық әрекет ретінде көрініс береді.

Жастар социологиясы - балалық шақтан ересектер әлеміне өтпелі сатыда тұрған әлеуметтік-демографиялық топтың жүріс-тұрысын зерттейтін социологияның бір саласы. Олар өмірдің отбасылық және онан тыс кезеңінен өтеді, қалыптасқан жағдайға байланысты нормалар мен құндылықтар жаңа арнаға түседі, осының бәрі өзіндік ерекшелігі бар, жастарға тән жүріс-тұрыстан, сана-сезімнен және жастық субмәдениет ұғымынан көрініс береді.

Әлеуметтік страфикация теориясы - қандай да бір қоғамдағы көптеген әлеуметтік топтар мен таптарды зерттеуге бағытталған. Олардың өкілдері бір-бірінен тең емес билік көлемімен, материалдық байлығымен, құқықтары және міндеттерімен, артықшылықтары және беделімен ерекшеленеді. Ал әлеуметтік қоғамдастық ішкі байланыстары мен қатынастарының тұрақтылығымен сипатталады. Сондықтан бұл әлеуметтік топтарды былайша бөліп көрсетуге болады: әлеуметтік-таптық, аумақтық, кәсіби, этноәлеуметтік, дінаралық және басқалар. Адамдар өмір сүру барысында әлеуметтік кеңістікте бір топтан екінші топқа ауысып отырады. Әлеуметтік мобильділік тік және көлденең бейнеде болады, ал оның өнімділігі қоғамның даму деңгейін және жеке адамның әлеуметтік таңдауының еркіндігін көрсетеді.

Қоғамдық пікір социологиясы - ұжымдық пікірлер мен пайымдау саласын зерттейді. Олар үкіметтің бақылауынан тыс тұрғанымен, саяси процестердің барысына, шешімдер қабылдауға және қоғамдық саясаттың дамуына әсер етеді. Онда қоғамдық пікірдің қалыптасу кезеңдері, оның құрылымы және қоғамдағы қызметтері қарастырылған.

Бос уақыт социологиясы - қоғамның өмір сүру барысын зерттеудегі социологияның маңызды бағытының бірі. Бос уақытты тиімді пайдалану еңбек өнімділігін арттыру үшін сарқылған күшті қайта орнына келтіруде индивид үшін ғана емес, сонымен қатар адамның мәдени дамуына, оның өзгеріп отыратын әлемде тоқтаусыз әлеуметтенуі үшін де маңызды мәселе.

Аймақ социологиясы - зерттеу пәні ретінде белгілі бір әлеуметтік аумақтық қауымдастық шеңберіндегі адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекетін бөліп көрсе де, әлеуметтік аумақтық қауымдастықтар қалалық және ауылдық жерлерде орналасуына орай тұрақты экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстар мен қатынастар секілді жүйелендірілген белгілерге ие болады.

Ұйымдастыру және басқару социологиясы шеңберінде адамзат қоғамының әрекетіне негізделген күрделі әлеуметтік организм қарастырылады. Бұл жерде қоғамның мақсаттары, әлеуметтік құрылымы, технологиясы, ұйымдарды басқару мен қызмет ету проблемалары қарастырылады.

Девианттық жүріс-тұрыс социологиясы - орта деңгей теориясы ретінде әлеуметтік нормалар талабынан ауытқитын, әлеуметтік жүріс-тұрысының белгілі бір формаларын зерттейді. Девиацияның түрлері, оның пайда болуының себептері, әлеуметтік ауытқушылықты реттеп отыратын әлеуметтік қадағалаудың түрлері мен формалары қарастырылады.

Гендер социологиясы әйелдер мен ерлердің әлеуметтік сипаты мен мәртебелелерің ұқсастығы мен айырмашылығының әлеуметтік механизмдерін зерттеуге бағытталған. Гендерлік тұрғыдан әлеуметтенудің, жіктеудің және стратификацияның әлеуметтік процестері қарастырылады, саяси, құқықтық, экономикалық және мәдени қатынастардың гендерлік аспектілері анықталады.

Атап көрсетілген орта деңгей теориялары қоғамдық өмірдің жекелеген салалары мен бөлімдерінің социологиялық проблемаларын қарастырумен айналысады, оларды зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлері табысты түрде үйлесіп жатады. Социологиялық білімнің жинақталуына қарай зерттеудің жаңа ауқымдары қалыптасады, ол тиісінше социологияны барлық уақытта өз заманына сай ғылым етіп отырады.


1-тарау. ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОЦИОЛОГИЯ

Экономикалық социология пәні

Нарыққа өту кезеңінде экономикалық өмір социологиялық зерттеудің ең маңызды объектілерінің біріне айналды. Экономикалық социология жеке ғылыми пән ретінде өндірістік қатынастарға экономикалық факторлармен қатар адам факторы да әсер ететіндігін көрсеткен басқару тәжірибесіне жауап ретінде ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та пайда болды.

Экономикалық социология немен айналысады? Осы ғылыми көзқарастың социология және экономикалық ғылымдармен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі неде? Бұл пәннің өзіне тән ерекшелігін анықтау үшін басқа ғылымдармен сәйкес келмейтін өзіндік зерттеу пәнін және әдісін анықтап алу қажет.

Экономикалық өмірге социологиялық тұрғыдан қарау, оны адамдар арасындағы қатынастардың бір саласы ретінде қарастыру, біздің түсінігімізді айтарлықтай кеңейтіп тереңдете түседі. Ол бүгінгі күнде заман талабына сай болып отырған нарық, өндіріс, тұтыну т.б процестердің экономикалық саралау саласында қандай да бір қосымша немесе қосалқы құрал болып саналмайды. Экономикалық социология экономиканы ондағы әреект етуші әлеуметтік топтардың белсенділігімен, олардың мүдделерімен, жүріс-тұрысы мен өзара әрекеттесуімен қозғау алатын әлеуметтік процесс ретінде сипаттайды.

Экономикалық теория көп жағдайда материалдық, қаржылық, ақпараттық ресурстардың дайын өнім мен қызметке айналу қатынастарын зерттейді. Социология өз кезегінде тікелей адамның іс-әрекетіне және әлеуметтік байланыстарға көбірек көңіл бөледі. Экономика екі ғылымның да зерттеу объектісі болып табылады, алайда әрбір пән экономикалық құбылыстарды зерттеп білуде өз көзқарастарын ұсынып, әр түрлі міндеттер қояды, мәліметтерді жинау мен талдауда өз әдістерін қолданады.

В.В. Радаев атап көрсеткендей, “экономикалық теория үйреншікті нәрсеге редукция шығарады, ал экономикалық социология - үйреншікті нәрсеге проблемалық сипат береді” [1]. Экономистер жай адамға қиын материяларды (бағалардың қалыптасуы, қаржы ағымдарының қозғалысы т.б.) түсіндіре отырып, дұрыс мағына логикасына, кәдімгі адамдардың жүріс-тұрысына әкеліп тірейді. Социологтар, керісінше, күнделікті өмірде біз дұрыс мағына деңгейінде қабылдайтын, “жай ғана” істермен айналысады. Неге тұтынушылар әр түрлі дүкендерге барады және бірдей затқа әр түрлі ақша төлейді? Неге кәсіпкерлер іскер әріптестерін қатаң түрде белгілі бір адамдар тобынан таңдап алғысы келеді? Неге қатардағы жұмысшылар өз әріптестерінің жалақысының мардымсыз жоғарылауына қызғанышпен қарап, “қатардағылар” мен “басшылар” табысының арасындағы үлкен айырмашылықты қалыпты нәрсе деп қабылдайды? Социологтар бұл сұрақтарға жауап іздей отырып, адамның жүріс-тұрысын күрделі әлеуметтік байланыстардың нәтижесі деп қарастырады.

Қазіргі күнде экономикалық социология ықпалына енген сұрақтар бұрынырақ белгілі бір деңгейде индустриалды социология, еңбек социологиясы, аймақ социологиясы, басқару социологиясы, ұйымдастыру социологиясы және басқа да сол секілді шектес бағыттарда қозғалған еді. Бұл пәндер экономикалық социологияның пәнаралық ғылыми бағыт ретінде қалыптасуы үшін іс жүзінде тұжырымдық негіз дайындап берді. Олардың соңғысы - жұмыссыздық пен жұмыспен қамту, өндірістік ұйымдардың құрылымы мен түрлері, еңбек қатынастары, үй шаруашылығының қызмет етуі, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым, кәсіпкерліктің дамуы және басқа мәселелер ортақ тақырыпқа ие болды.

Экономикалық социология зерттеудің пәнаралық жаңа саласы бола тұра, қатып қалған шекаралары жоқ, басқа пәндердің әдістері мен ұғымдары үшін ашық және әлеуметтік-экономикалық білімді енгізудің жаңа салаларын іздеу жолында тұр. Ондағы негізгі категориялар мен тұжырымдамалар, экономикалық құбылыстарды социологиялық сараптау әдістері енді-енді жасалуда және ол зерттеулер әлі соңына дейін анықталған жоқ.

Тәжірибе көрсеткендей, кез келген ғылымды пән ретінде анықтау көп жағдайда табысты бола бермейді, ол оның проблемалық ауқымын кеңейтеді немесе бұрмалай түседі. Экономикалық социологияны пән ретінде қарастыра отырып, біз бұл ғылыми бағыттың тұрғылары мен қызметтері жөніндегі түсініктердің алуан түрлілігіне негізделетін боламыз.

Көптеген зерттеушілер Ю.В. Веселов көрсеткен экономикалық социологияның объектісін түсінудегі жалпы принциппен келіседі: “Экономикалық социология экономиканы аса кең әлеуметтік жүйенің бір бөлігі ретінде қарастырады” [2]. Жалпы алғанда, пәндік ауқымды анықтауда түрлі әдістемелік мақсаттарға: позитивистік және түсіндірмелі социологияға келіп тірелетін екі негізгі тұрғы қалыптасқан.

Бірінші тұрғы экономикалық социология, экономикалық (өндіріс, бөліп беру, айырбас, материалдық қорларды тұтыну) және қоғамдық өмірдің экономикалық емес (саясат, мәдениет, дін, отбасы, білім беру т.б.) салаларының өзара байланысы ретінде қарастырылған уақытта макросоциологиялық талдауға жақындау болады. Экономикалық проблемаларды шешуде технологиялық, техникалық және ұйымдастырушылық аспектілермен қатар экономикалық өмірдің әлеуметтік аспектілері болатыны да кеңінен айтылуда. Бұл жерде социология пәні әлеуметтік жүйенің элементтері ретінде әлеуметтік қатынастар, байланыстар, құрылымдар болып көрінеді.

Осыған орай Т.И. Заславская және Р.В. Рывкина экономикалық социологияға “қоғамдық өмірдің екі - экономикалық және әлеуметтік салаларының өзара байланысын тиісінше екі жақты - экономикалық және әлеуметтік процестердің өзара байланыстары негізінде зерттейтін ғылым” деген анықтама береді [3]. Әлеуметтік саланы олар қоғамдағы топтардың жағдайының әр текті болуымен байланысты әлеуметтік теңсіздік қатынастарының саласы деп түсіндіреді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: