Ж.Х. Хожина

Қазақстанның үлкен аумағы әскери полигондардан және ғарыштық техниканы ұшырудан тұрады. Арал және Семей өңірлері экологиялық апат аймақтары деп жарияланды, табиғи экологиялық жүйелер бұзылды, флора мен фауна нашарлады, қолайсыз экологиялық жағдай салдарынан тұрғындардың денсаулығына маңызды зардап келді.

Қазіргі кезде бұрынғы Семей өңіріне іргелес жатқан аудандарда (тұрғындардың саны 71,9 мың болатын халқы бар 85 елді мекен) онкологиялық аурулардың және тұрғындар өлімі, қан айналымы жүйесінің аурулары, жаңа туған сәбилер арасында жүрек кемістігі, уақытынан бұрын ерте қартаю ауруларының жоғары деңгейі байқалады.

Арал маңындағы экологиялық апат аймағында (186,3 мың адамы бар 178 елді мекен) асқазан-ішек және қан аздығы ауруларының жоғары деңгейі байқалады, әсіресе әйелдер мен балалар арасында жиі кездеседі, балалар өлімі мен туа біткен кемістік аурулары өте көп.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы аумағында төрт әскери сынақ полигоны мен «Байқоңыр» кешені жұмыс істеп тұр. Жерге құлаған ракета фрагменттері, улылығы жоғары отын өнімдерінің құйылуы және қоршаған ортаға және сол жерлерге жақын тұратын халыққа тікелей келеңсіз әсерін тигізетін басқа факторлар нақты экологиялық қатер төндіріп тұр. «Байқоңыр» космодромынан тасушы ракеталарды іске қосу жалпы ауданы 12,24 млн. гектар болатын жеке құлау алаңы болуымен қамтамасыз етілген.

Бұл жағдайда қоршаған орта жағдайын бағалау өндіріс пен сынақ орындарында, ғарыштық құралдарды, әскери техника мен әскери объектілерді сақтау мен пайдалану, сондай-ақ өнеркәсіптік ұйымдарды орналастыру орындары, ракета-ғарыштық қызметті жүзеге асыратын әскери бөлімдер мен құрамалардың жер-жерге орналасқан кезде техногендік әсерлердің алдын алу және жою проблемалары маңызды орын алады.

Қазіргі кездегі Жем қаласы – бұрынғы әскери Ембі-5 қалашығы – КСРО Қорғаныс Министрлігінің 11-Мемлекеттік ғылыми-зерттеу полигонының әкімшілік және тұрғын орталығы. Полигонда зенитті-ракеталық кешендер (С-300, Тунгуск) сынағы, ПВО құралдары, шағын радиусты іс-әрекеттің жедел – тактикалық ракеталар сынағы пайдаланылды. Сондай-ақ осы типтес қару-жарақтың жаңа үлгілерін қолдана отырып, әскери оқу-жаттығу түрлері өткізілді (ең соңғы оқу-жаттығу түрлері «Қорғаныс –92», «Күз - 93», «Феникс-96»). Полигонның ұзындығы: солтүстіктен оңтүстікке қарай – 240 километр, шығыстан батысқа қарай –60 километр; жалпы ауданы – 791 мың гектарды құрайды. 1959 жылғы 3 қазандағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен КСРО Қорғаныс Министрлігіне Қазақ КСР Ақтөбе облысы аумағынан жалпы ауданы 2 960 144,6 га жер телімі бөлінді.

Қаланың ірге тасы 1960 жылы 7 мамырда қаланған. Қазақ КСР Ақтөбе облысы Ембі станциясынан 10 күн километр қашықтықта алғашқы қазық қағылды және палаткалы лагерь орналасты. 1960 жылы маусымда алғашқы геодезиялық және құрылыс жұмыстары басталды, оны полигон бастығы болып тағайындалған Н.А. Рощицкой басқарды. 1963 жылы полигонда алғашқы бірлескен сынақтар басталды. Осы уақытқа дейін полигонда барынша қажетті сынақ және өлшеу алаңдары, штабтық және ғылыми-зерттеу жайлары дайын болды, тұрғылық ғимараттар, қонақ үйлер, асханалар және басқа нысандар шағын көлемде салынды. Содан біраз уақыттан кейін неғұрлым жетілдірілген зениттік ракеталар мен радиоэлектрондық құралдарды сынауға арналған қажетті инфрақұрылымның толық көлемі құрылды. 1999 жылы полигон таратылды, ал Ресей әскері «Капустин ЯР» полигонына көшірілді (Ресей, Астрахань облысы), ал Ембі қаласы қазақстандық билік органдарының ұйғарымымен Жем қаласы деп аталды (бұл Ембі өзенінің бұрынғы тарихи атауы, сол жағалауда осы қала тұр).

2006 жылы желтоқсанда ұзындығы 80 километр болатын Жем-Жаңа жол жаңа темір жол магистралінің құрылысы аяқталды (Жаңа жол кен орнынан газ бен мұнайды тасымалдауға арналған). Аталған темір жолды пайдалануды іске қосу жаңа жұмыс орындарын (100-ден кем емес) ашуға бағытталған инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік туғызды. Өңірдің көлік және әлеуметтік проблемалары шешілді. Жолдың жобалық жүк қуаты – жылына 2 млн тоннадан астам жүк, жолаушылар тасымалы – айына 6 мың адамға дейін. Қаладан 40-50 километр жерде «Әлібек Мола» мұнай-газ кен орындары бар.

Кеңес Одағында алғашқы ядролық қаруды сынау 1949 жылы 29 тамызда болды. Бомбаның қуаты 22 килотоннаны құрады. Полигонның құруы атомдық жобаның бірі бөлігі болып табылды. Кейін зерттегенде, бұл өңірді қолайлы таңдаған – жергілікті жер бедері жер асты ядролық жарылыстарын штольняда және ұңғымаларда жүргізуге мүмкіндік берді. Семейде Қытай елшілігінің болуы ең үлкен кемшілік болып табылды, бірақ кейін оны алып тастады. КСР Министрлер Кеңесінің 1947 жылы 21 тамыздағы № 2939 –955 Қаулысымен басталған ГУЛАГ құрылысы әскери ведомствоға берілді, полигон – «№ 2 оқу полигоны» деген атауға ие болды. № 2 оқу полигонының ең бірінші бастығы Ұлы Отан соғысының ардагері, майдан артиллеристі, артиллерия генерал-лейтенанты П.М. Рожанович, ғылыми жетекшісі – КСРО Ғылым Академиясының химия-физика директорының орынбасары М.А. Садовский болды, ол кейін академик болған.

1949 мен 1989 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында шамамен 470 ядролық сынақ жүргізілді, онда 616 ядролық және термоядролық құрылғы жарылды, соның ішінде 30-ы жер үсті және 86-ы ауада жарылды. Сонымен қатар ондаған гидроядролық және гидродинамикалық сынақтар жүргізілді. 1949-1963 жылдар аралығында Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросимаға лақтырылған атом бомбасының қуатынан 2500 есе асып түсті. Өңірге маңызды экологиялық зардап әкелді. Бұрынғы Семей ядролық полигонында 2 млн. га ауыл шаруашылығына жарамды жер радиоактивті залалданды.

Жергілікті халық арасында радиациялық сәулелену ауруларына ұшыраған адамдар көп, мезгілсіз қайтыс болу, жергілікті халықтың генетикалық бұзылулары асқынды. Осы әскери сынақтар барысында кеңес ғалымдары жинақтаған бұл туралы деректер әлі күнге дейін құпия күйінде қалып отыр. Қайтыс болғандардың санын дәл анықтау мүмкін емес. Сәулеленуге ұшыраған адамдар саны жарты миллион адамнан асып кетті.

1989 жылы белгілі қазақстандық қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің қолдауымен дүние жүзі бойынша ядролық сынақтар құрбандарын біріктіретін Невада-Семей қозғалысы құрылды. Семей ядролық полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Үкіметінің шешімімен, Қазақстан Президентінің № 409 Жарлығымен жабылды. Бұл жерде халықтық ядролық соғысқа қарсы Невада – Семей қозғалысы және оның жетекшісі Олжас Сүлейменов маңызды орын алды. 1993 жылы желтоқсанда Ресей Федерациясының Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес Семей ядролық полигоны немесе 2-Мемлекеттік орталық полигоны жабылды.

Полигон аумағы сақталған жоқ және 2006 жылға дейін жергілікті жерде ешқандай арнайы белгімен белгіленген жоқ. Тек 2005 жылы ғана қоғамның талап етуімен және Парламент ұсыныстары бойынша полигон шекарасын бетон бағандармен таңбалау жұмысы басталды.

Бұрынғы полигонның қауіпті аймақтарындағы радиоактивтілік фон сағатына 10 000-20 000 дейінгі микрорентгенге жетеді. Осыған қарамастан, Семей полигонында — әлемдегі ең үлкен ядролық полигондардың бірінде әлі күнге дейін адамдар тұрады. Жергілікті халық мал жайылымы үшін полигон жерінің үлкен бөлігін пайдаланады. Қоғамның талап етуімен және Ұлттық Ядролық Орталық ғалымдарының табанды талап етулерімен 2008 жылы полигон аймағына жергілікті тұрғындардың және малдардың қатынауын болдырмау үшін полигонның барынша ластанған жекелеген учаскелерін инженерлік қорғаныс құралдарымен қоршау бойынша жұмыстар басталды. 2009 жылы Дегелең сынақ алаңқайына әскери күзет қою ұйымдастырылды.

Сынақ аймағының аумағындағы барынша ластанған тәжірибелі алаңдар болып табылады, ол жерлер жер үсті және атмосфералық ядролық жарылыстардың эпицентріне айналған. Полигон аумағының ластануына 1949 жылғы 29 тамыздағы, 1951 жылғы 24 қыркүйектегі, 1953 жылғы 12 тамыздағы жүргізілген жер үсті және ядролық жарылыстар «үлес» қосты. Полигонның радиоактивті ластануына алғашқы термоядролық құрылғы сыналған кез және 1956 жылғы 10 қыркүйек күнгі сынақтар негізгі «үлес» қосқан.

Полигон аясынан 55 ауа және жер үсті жарылыстарының радиоактивті бұлты, 69 жер асты жарылыстарының газды фракциясы ауаға тарады. Радиоактивті шөгінділер 304 мың шаршы км-ге дейінгі аумаққа таралды. Ол жерлерде 1,624 млн адам тұрған. 711 елді мекендерде тиімді доза 0,1 бэр өлшемдегі санитарлық жылдық нормадан асып кетті. Максимум мәндер сынақ мерзімі ішінде 448 бэрден асып кетті.

Сарапшылардың бағалаулары бойынша, қоршаған ортаға жүргізілген ядролық жарылыстардың нәтижесінде 137-цезий шамамен 9х1016 беккерель (Бк) тарап кеткен. Бұрынғы ядролық полигонның қауіпті аймақтарындағы радиоактивтілік фон сағатына 10 000 — 20 000 дейінгі микрорентгенге жетеді.

Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының әр түрлі аудандарында өңірлік фоннан 1,5-2 есеге асатын және 8 есеге дейін жететін цезий үстіңгі беттік белсенділігінің артуы жоғары екені анықталды. Анықталған цезий ауытқуларының тізбегі аймақта біріктірілген, жел әсерімен полигоннан әрі қарай тарайды.

Бұдан басқа, Дегелең тау массивінен және «Балапан» ұңғыма ауданынан жер асты жарылыстарын жүргізген учаскелерден жер асты суларында радионуклидтердің көшіп жүруі анықталған.

Ауаның, су мен топырақтың, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің қарқынды ластануы, табиғи ресурстардың жұтаңдауы, сарқылуы экожүйенің бұзылуына, шөлге айналуына, биологиялық және ландшафты әр түрліліктің маңызды жоғалуына, ауру түрлерінің және халық арасында өлімнің көбеюіне әкеліп соқты. Осындай өзгерістердің салдарынан жергілікті халықтың өмір сүру сапасының төмендеуі және республиканың тұрақсыз дамуы болып табылады.

XX ғасырдың 80-90-жылдары Қазақстан мен Ресей ғалымдары Семей ядролық полигонына іргелес жатқан аумақтарда тұратын халықтың денсаулық жағдайын зерттеді.

Осы бағдарлама шеңберінде сәулелену басталған 27-37 жыл аралығында төтенше және максимум радиациялық қатер аймағында орналасқан жергілікті халық арасындағы жалпы және онкологиялық аурулар зерттелді. Қайтыс болудың негізгі көрсеткіштерін талдау радиациялық генез салдарынан негізгі топтардағы маңызды әр түрліліктерді табуға және анықтауға мүмкіндік берді. Негізгі топтардағы қайтыс болу коэффи­циенті (10—15 және 27—37 жаста) — 1,5%, бақылау — 0,87% екенін көрсетті. Бақылаудың бүкіл мерзімі бойында қайтыс болудың интегралды көрсеткіштері негізгі топтар арасында миокард инфаркті, гипертониялық аурулар, пневмония, сепси­с, тұмау ауруларының сенімді артуын белгілеп көрсетті.

Қайтыс болудың артуының орташа жылдық қарқыны негізгі топтағы жасы 27 жасқа дейінгілердің қатерлі жаңа ісіктерден қайтыс болуы (0,033%) бақылаудағы (0,023%) адамдарға қарағанда 1,4 есе артық және келесі он жастағыларға қарағанда 1,3 есе артық (0,028%-0,021 %) екенін көрсетті.

Қатерлі жаңа ісіктер қосындысы бойынша, сенімді нәтижелер берген барлық нозологиялық пішіндерді қоса алғанда артық қайтыс болу жылына 1000 адамға шаққанда 0,96 жағдайды құрады. Лейкоздар үшін артық қайтыс болу жылына 1000 адамға шаққанда 0,06 жағдайды, өкпе рагі — 0,15 жағдайды, асқазан рагі, өңеш және бауыр рагі — осыған сәйкес 0,21; 0,45; 0,09 жағдайды құрады (Б. Гусев, Казахский НИИ радиационной медицины и экологии. Семипалатинск. Казахстан).

Зерттеушілер Т. Боқажанова, Е. Т. Дадамбаев және т.б. (Алматы Медицина институты, Қазақстан) 1988 мен 1991 жылдар аралығында республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда ауру класы бойынша Семей полигоны өңіріндегі балалар ауруларының динамикасын (0-ден 14 жасқа дейін) зерттеді. Алынған нәтиже ауру түрлерінің көрсеткіштерінің барлық негізгі топтары бойынша республика көрсеткіштерімен салыстырғанда осы өңірде маңызды түрде тым жоғары екенін көрсетті. Әсіресе бұл эндокриндік және иммундық жүйеге, қан ауруларына, қан айналым органдарына, тыныс алу органдарына, жүйке ауруларына, қатерлі жаңа ісіктердің пайда болуына байланысты.

Ауру түрлерінің ұлғаюын бақылау мерзімі ішінде қан жүйесінің аурулары тобы жылына 2 есеге артуы және эндокриндік пен иммундық жүйе аурулары 1,5 есеге артуының анық үрдісінің байқалуы қауіпті факт болып табылады. Осы бақылап қадағалаулар негізінде ядролық полигонға жақын экологиялық ахуал аясында балалар аурушаңдығының ұлғаюы мынадай қорытындыға әкелді, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақ алдыңғы ұрпаққа қарағанда физикалық және психикалық жағынан өте әлсіз, сонымен қатар салауатты ген қорына нақты қатер төніп тұр.

Балалар арасындағы анықталған психикалық патология арасында бас миының органикалық зақымдалуы 43 %, энурез - 12 %, ақыл-ойы кем — 19 %, Дау­на ауруы – 12 %, психикалық дамуының тежелуі – 20 % құрады. Соматикалық патология барлық тексеруден өткен балалардың 63 %-да анықталған, туа біткен стигма дисэмбриогенез, туа біткен дисплазия, туа біткен жүрек кемістігі, темір тапшылығы қан аздығы, ас қорыту органдарының ауруларын қоса алғанда анықталған. Бақылау жарылыс аяқталғаннан кейін де жаңа туған балалардың да физикалық ауытқулары бар екенін көрсетіп отыр. Жергілікті халық өзіне-өзі қол жұмсау факторларының көп екенін айтады, ал бұл қатерлі аурулар күш-қуаты бойындағы адамдарды өмірден алып кетіп жатыр.

Бұрынғы Семей облысы Семей қаласында жеті жасар «нәзік ұл бала» Уәлихан Серікқалиев тұрады. Оның сүйектері соншалық нәзік әрі морт, сүйектері жиі сынады. Бұл медицинада «остеогенез» деп аталады. Уәлиханды емдеу мүлдем мүмкін емес, тек азап шегуін ғана жеңілдетуге болады және кенеттен болатын ғажайыпқа сенуге тура келеді. Ол үйде отыруға мәжбүр, екінші топтағы мүгедек. Оның қан қысымы жоғары және жүрек талмасы жиі ұстап қалады. Бұл да Семей ядролық полигонында өткізілген ядролық сынақтардың зардабы болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы аумағында ракета-ғарыштық әрекеттерге ұшыраған учаскелердің экологиялық жағдайының мониторингі» атты бюджеттік бағдарлама бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі 2002 жылы 29 желтоқсандағы № 1449 Қаулысымен белгіленген 2003-2010 жылдарға арналған еліміздің минералдық-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамыту бағдарламасы шеңберінде әскери-сынақ полигондары аумағын кешенді гидрогеологиялық және геоэкологиялық зерттеулер басталды. Себебі ғарыштық құралдардың бірқатар міндеттерін шешуге баламалар жоқ, онда қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына ракета-ғарыштық әрекеттің әсерін азайту, ракета-ғарыштық кешеннің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі күні де өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

Әдебиеттер тізімі

1. Акимова Т.А. и др. Экология. Человек-экономика-биотасреда. М., 2007.

2. Отчет по человеческому развитию 1995. Алматы, 1995.

3. Кисилев А.С., Иванова А.Е. Проблемы оценки здоровья населения //Здоровье

населения Российской Федерации и пути его улучшения. Материалы I

науч.-практ. конф. 30-31 мая 1994 года. М., 1994.

4. Кулманов М.Е. Региональные особенности количественной оценки

показателей здоровья населения в зависимости от качества окружающей

среды и обоснование оздоровительных мероприятий. Автор. дисс.

докт. мед. наук. М.,1988.

5. Казначеев В.П. Очерки теории и практики экологии человека. М.,1983.

6. Новиков Ю.В. Экология, окружающая среда и человек. М., 2003.

Трансшекаралық өзендер проблемасы

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

ӨЭ және Х кафедрасының

аға оқытушысы


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: