Бактериялар пішіндері

Бактериялардың негізгі бірнеше пішіндерін ажыратады – шар (кокк) тәрізділер, таяқша тәрізділер, иректелген және бұтақтанған, жіпше тәріздес бактериялар.

Сфера пішінді, немесе коктар – мөлшері 0,5 - 1,0 мкм шар тәріздес бактериялар, олар бірін-біріне қатысты орналасуларына қарай микрококтар, диплококтар, стрептококтар, тетракоктар, сарциналар мен стафилококтар деп бөлінеді.

Микрококтар (грек тілінен аударғанда micros – кіші) – дара орналасқан жасушалар.

Диплококтар (грек тілінен аударғанда – diploos - қосарланған), немесе жұп коктар, қосарланып орналасады (пневмококтар, гонококтар, менингококтар), өйткені жасушалар бөлінгеннен кейін жұптары жазылмайды.

Пневмококк (пневмония қоздырғышы) екі ұшы ланцет пішіндес, ал гонококтар (гонорея қоздырғышы) мен менингококтар (эпидемиялық менингит қоздырғышы) бір-біріне ойыс беттерімен қарап орналасқан, кофе дәні пішіндесболып келеді.

Стрептококтар (грек тілінен аударғанда – streptos – тізбек) – дөңгелек немесе сәл сопақтау келген, бір жазықтықта бөлінген кезде, арасындағы бөліну орындарының ажырамай қалу салдарынан бір тізбек құрайды.

Сарциналар(латыншадан аударғанда – sarcina – бума, тең) қапшық (пакет) тәрізденіп 8 немесе одан да көп коктар болып орналасады, өйткені олар бір-біріне қатысты перпендикулярлы үш жазықтықта жасуша бөлінген кезде құралады.

Стафилококтар (грек тілінен аударғанда – staphyle – жүзім шоғыры) - әртүрлі жазықтықтарда бөліну салдарынан жүзім шоғыры тәріздес орналасатын коктар.

Таяқша тәріздес бактериялар мөлшеріне, жасуша ұштарының пішініне және жасушалардың орналасуына байланысты бөледі. Жасуша ұзындығы 1,0 ден 10 мкм, жуандығы - 0,5 тен 2,0 мкм аралығында. Таяқшалар дұрыс (ішек таяқшалары) және дұрыс емес (коринебактериялар) пішінді, сонымен қатар бұтақталған (мысалы, актиномицеттер) түрінде болуы мүмкін. Ең майда таяқша тәріздес бактерияларға риккетсиялар жатады.

Таяқша ұштары кесіп тастағандай (күйдіргі бацилласы), жұмырланған (ішек таяқшасы), үшкірленген (фузобактериялар) немесе жуанданған болып келеді. Соңғы жағдайда таяқша шоқпарға ұқсас болады (күл коринебактериясы).

Сәл майысып келген бактерияларды вибриондар (тырысқақ вибрионы) деп атайды. Таяқша тәріздес бактериялардың көпшілігі ретсіз орналасады, өйткені бөлінгеннен кейін жасушалар шашырап кетеді. Егер жасушалар бөлінгеннен кейін жасуша қабырғасының ортақ фрагменттерімен байланысып, шашырамай қалса, онда олар бір-біріне бұрыштап (күл коринебактериясы), немесе тізіліп (күйдіргі бацилласы) орналасады.

Ирекше пішінділері – спираль тәріздес бактериялар, мысалы спириллалар, штопор тәрізді иректелген жасушалар. Патогенді спириллаларға содоку ауруының (егеуқұйрық тістегенде қозатын ауру) қоздырғышы жатады. Иректелген бактерияларға сонымен қатар, жасушасының пішіні иілген шағала қанаты сияқты имегі бар кампилобактериялар мен хеликобактериялар жатады; бұларға спирохеталар да жақын. (1 - сурет).

Спирохеталар– жіңішке, ұзын, иректелген (спираль пішіндес) бактериялар, спириллалардан жасушасының иілгіштігімен, қозғалғыштығымен ерекшеленеді. Спирохеталар цитоплазматикалық мембрана мен аксиальдық жіпшесі (аксистиль) бар протоплазматикалық цилиндрді қоршап жатқан сыртқы мембранадан (жасуша қабырғасы) тұрады. Аксистиль жібі жасуша қабырғасының сыртқы мембранасының астында (периплазмада) орналасып, спирохетаның протоплазматикалық цилиндрінің айналасында ширатылып жатады, сөйтіп оған бұранда пішінін береді (спирохетаның біріншілік бұрамасы). Аксистиль жібі бактериялардың талшықтары тәріздес периплазматикалық фибриллалар, жиырылғыш ақуыз флагеллиннен тұрады. Фибриллалар жасушаның қарама-қарсы ұштарына бекітіліп бір-біріне бағытталып орналасады. Фибрилланың екінші ұшы бос болады. Олардың саны мен орналасуы микробтың әр түрлеріне қарай ерекшеленеді. Фибриллалар спирохетаның жылжуына қатысып, жасушаға айналмалы, иілмелі, үдемелі қозғалыс береді. Сонымен қатар спирохеталар екіншілік бұрама деп аталатын ілмектер, бұйралар мен иілімдер құрайды. Спирохеталар бояғыштарды нашар қабылдайды. Әдетте оларды Романовкий-Гимза әдісімен немесе күмістендіріп бояйды. Тірі күйінде спирохеталарды фазалы-контрастты немесе түнек айдынды микроскоппен зерттейді.

Адамға патогенді спирохеталар 3 туыстастыққа жатады: Treponema, Borrelia, Leptospira.

Treponema (Treponema туыстастығы) жіңішке бұранда тәріздес иректелген жіпше, 8-12 біркелкі иірімдерден тұрады. Трепонема протопластарының айналасында 3-4 фибриллалар (талшықтар) орналасқан. Цитоплазмасында цитоплазмалық филаменттер бар. Патогенді өкілдеріне T. рallidum – мерез қодырғышыжәне T. pertenue – тропикалық дерт – фрамбезия қоздырғышы жатады. Адамның ауыз қуысында және су қоймаларында кездесетін сапрофитті түрлері де болады.

Borrelia (Borrelia туыстастығы), трепонемаларға қарағанда ұзындау, 3-8 ірі иірімдері бар, 7-20 фибриллалардан тұрады. Оларға қайталама сүзек (B. reccurentis) пен Лайм ауруының (B.burdorferi және т.б.) қоздырғыштары жатады.

Leptospira (Leptospira туыстастығы) иректері жиі, таяз ширатылған жіп тәріздес. Бұл спирохеталардың ұштары жуанданып, ілгек тәрізді иіліп орналасады. Екіншілік бұрама түзіп, S немесе С әріпіне ұқсас болып келеді; 2 өстік жіптері (талшықтары) болады. Патогенді өкілі L.interrogans сумен немесе тамақпен организмге түскен кезде лептоспироз ауруын қоздырып, қан кетулер мен сарғаюларға әкеліп соқтырады.

Риккетсияларұсақ, грам-теріс таяқша тәріздес бактериялар (0,3-2,0 мкм), облигаттық (міндетті түрде) жасушаішілік паразиттер. Цитоплазмада бинарлық бөліну арқылы, ал кей жағдайларда жұқтырылған жасуша ядросында көбейеді. Егесі болып табылатын буынаяқтыларда (бит, бүрге, кенелерде) тіршілік етеді. Қоздырғыштарының біреуін ашқан американдық ғалым Х.Т Риккетстің атымен аталған (жартасты таулардың таңбалы қызбасы). Риккетсиялардың пішіні мен көлемі өсу жағдайларына байланысты өзгеріп отыруы да мүмкін (бұрыс пішінді жасушалар, жіпше тәріздес). Олардың құрлымы грам-теріс бактериялардың құрлымынан ерекшеленбейді.

Риккетсиялар егесінің метаболизміне тәуелсіз болады, бірақ көбею кезінде егесінен макроэргетикалық қосылыстарды алуы мүмкін. Жағындылар мен тіндерде оларды Романовский-Гимза, Маккиавелло-Здродовский әдістерімен бояйды (риккетсиялар қызыл түсті, жасушалар көк түске боялады).

Адамдарда риккетсиялар эпидемиялық бөрітпе сүзек (Rickettcia provazekii), кене риккетсиозын (R. sibirica), жартасты таулардың таңбалы қызбасын ( R. rickettsii) және де басқа риккетсиоздарды қоздырады.

Хламидиялар – облигаттық жасушаішілік кокктәріздес грам-теріс (кейде грам-вариабельді) бактерияларға жатады. Хламидиялар тек қана тірі жасушаларда көбейеді: оларды энергетикалық паразиттер ретінде қарастырады; олар аденозинтрифосфат (АТФ) және гуанозинтрифосфат (ГТФ) түзбейді. Жасушадан тыс хламидиялар сфера пішінді (0,3 мкм), зат алмасуы белсендірілмеген, элементарлы денешіктер деп аталады. Элементарлы денешіктердің жасуша қабырғасында сыртқы мембрананың негізгі ақуызы және цистейн қаныққан ақуыз болады. Хламидиялардың геномында ішек таяқшасының геномына қарағанда 4 есе кем генетикалық ақпарат болады.

Эпителиалдық жасушаға элементарлы денешіктер жасушаішілік вакуоль түзетін эндоцитоз арқылы енеді. Жасуша ішінде олар үлкейіп, бөлінетін ретикулярлы денешіктерге айналып, вакуольдарда (қосындылар) жинақталады. Ретикулярлы денешіктер элементарлы денешіктерге айналып , экзоцитоз немесе жасушаны ерітіп сыртқа шығады. Жасушадан шыққан элементарлы денешіктер жаңа айналымға түсіп, келесі жасушаларды зақымдайды. Адамдарда хламидиялар көзді (басыр-трахома, конъюктивит), несеп-жыныс жолдарын, өкпені зақымдайды.

Актиномицеттер – бұтақталған, жіп тәріздес немесе таяқша тәріздес грам-оң бактериялар. Өз атауын (грек тілінен аударғанда actis – сәуле, myces – саңырауқұлақ) олар зақымдаған тіндерде – сәуле тәріздес, тығыз шатысып қалған, орталықтан шетке қарай тартылған, ұштары колба тәріздес жуанданып аяқталатын друза түзуі арқылы иеленген. Актиномицеттер, саңырауқұлақтар сияқты жіп тәріздес өзара айқасқан жасушалар (гифалар) – мицелиилер түзеді. Олар, қоректік ортаға жасушалары кіріңкіреп өскен кезде субстратты мицелий, ал ортаның беткейінде өскенде үлпілдек түзеді. Актиномицеттер мицелилері фрагментациялану арқылы таяқшаға немесе коктарға ұқсас болып көбейеді. Олардың үлпілдек гифаларында көбеюде қызмет атқаратын споралар түзіледі. Актиномицеттердің споралары жоғары температураға шыдамайды.

Актиномицеттермен филогенетикалық жағынан ортақ нокардиотәрізді (нокардиопішінді) актиномицеттер – бұрыс пішінді, таяқша тәріздес жинақтаушы топ тұрады. Олардың кейбір өкілдері бұтақша пішінді болып келеді. Оларға Corynebacterium, Mycobacterium, Nocardia туыстастықтары жатады. Нокардиотәріздес актиномицеттер жасуша қабырғасында арабиноза, галактоза қанттарының, сонымен қатар микол қышқылы мен көп мөлшерде май қышқылдарының болуымен ерекшеленеді. Жасуша қабырғасындағы микол қышқылы мен майлар бактерияға қышқылға тұрақтылық қасиет береді, мысалы, туберкулез және алапес микобактериялары (Циль-Нильсен бойынша бояған кезде олар қызыл түске, ал қалған қышқылға төзбейтін бактериялар мен қақырық, тін элементтері – көк түске боялады).

Патогенді актиномицеттер – актиномикоз, нокардиялар – нокардиоз, микобактериялар – туберкулез бен алапес, коринобактериялар – күл ауруын қоздырады. Актиномицеттер мен нокардиотәріздестердің сапрофитті түрлері топырақта кеңінен таралған, олардың көпшілігі антибиотик түзушілер болып табылады.

Микоплазмалар – тек қана цитоплазматикалық мембранамен қоршалған, ұсақ бактериялар (0,15-1,0 мкм). Олар Mollicutes класына жатады, құрамында стеролдар болады. Жасуша қабырғасы болмағандықтан микоплазмалар осмосқа жоғары сезімтал. Пішіні әртүрлі: кокк, жіпше, колба тәріздес бола береді. Бұл пішіндерді микоплазмалардың таза дақылдарын фазалы-контрастты микроскоппен қарағанда ажыратуға болады. Тығыз қоректік ортада микоплазмалар қуырған жұмыртқаға ұқсас колониялар түзеді: орталық бөлімі мөлдір емес қоретік ортаға батып, ал шеттері мөлдір шеңбер тәрізденіп жатады.

Адамдарда микоплазмалар атипті пневмония қоздырады (Mycoplasma pneumoniae), несеп-жыныс жолдарын зақымдайды (M.hominis). Сонымен қатар микоплазмалар жануарлар мен өсімдіктердің де ауруларын қоздырады. Патогенді емес түрлері де кеңінен таралған.

2.2.2. Бактерия жасушасының құрылымы.

Бактерия құрлымы электронды микроскоппен бүтін жасушаларды және олардың ультра жұқа кесінділерін көру арқылы жақсы зерттелген (2,3,4,5 – сурет). Бактерия жасушасын қабырғадан және цитоплазматикалық мембранадан тұратын қабықша қоршап жатады. Қабықша астында нуклеоид деп аталатын ядродан және қосындылардан тұратын протоплазма жатады. Бұдан басқа қосымша құрылымдар болады: капсула, микрокапсула, шырыш, талшықтар, жіпшелер. Кейбір бактериялар қолайсыз жағдайларда спора түзуге қабілетті.

Жасуша қабырғасы-берік, серпілмелі жасушаға белгілі бір пішін беріп, жанындағы цитоплазматикалық мембранамен бірлесе отырып бактерия жасушасының ішіндегі жоғары осмостық қысымды «ұстап» тұратын құрылым. Ол жасушаның бөліну процесі мен метаболиттерді тасымалдауға қатысады, бактериофагтарға, бактериоциндерге, басқа да түрлі заттарға арналған рецепторлары болады. Жасуша қабырғасы грам-оң бактерияларда қалың болып келеді. Егер де грам-теріс бактериялардың жасуша қабырғасының қалыңдығы 15-20 нм болса, грам-оң бактерияларда 50 нм-ден де қалыңырақтары кездеседі.

Грам–оң бактериялардың жасуша қабырғасында аз мөлшерде полисахаридтер, липидтер, ақуыздар болады. Бұл бактериялардың жасуша қабырғасының негізгі компоненті көп қабатты пептидогликан (муреин, мукопептид), ол жасуша қабырғасы салмағының 40-90% құрайды. Грам–оң бактериялардың жасуша қабырғасының пептидогликаны мен тейхой қышқылдары ковалентті байланысқан (грекшеден teichos – қабырға), олардың молекулалары фосфаттық көпіршелермен қосылған, 8-50 глицерол және рибитол қалдықтарынан құралған тізбектер болып келеді. Бактерияларға мықтылық пен пішінді-көпқабатты, көлденең пептидті бекітілген, қатты талшықты құрлымы бар пептидогликан береді.

Грам–оң бактериялардың (Грамша бояған кезде) йодпен кешенделген генцианды күлгінді ұстап қалу қабілеті (бактерия көкшіл-күлгін түске боялады) көп қабатты пептидогликанның бояғыштармен қарым-қатынсына байланысты. Сонымен қатар, жағындыны спиртпен өңдеген кезде пептидогликандағы саңылаулар тарылып, жасуша қабырғасында бояғыштар ұсталынып қалады. Грам-теріс бактериялар спиртпен өңдеген кезде бояғыштан айрылып қалады, ол жасуша қабырғасында пептидогликан мөлшерінің аздығымен (жасуша қабырғасының салмағының 10-15%) байланысты; олар спиртпен түссізденіп, фуксин немесе сафранинмен өңдеген кезде қызыл түске боялады.

Грам–теріс бактериялардың жасуша қабырғасының құрамына пептидогликанның тиісті қабатымен липопротеинмен байланысқан сыртқы мембрана кіреді (6 – сурет). Бактерияның ультражұқа кесіндісін электронды микроскопта қараған кезде сыртқы мембрана толқын тәріздес үш қабатты, цитоплазматикалық деп аталатын ішкі мембранаға ұқсас болып келеді. Бұл мембрананың негізгі компоненттері липидтердің биомолекулярлы (қосарланған) қабаты болып табылады.

Сыртқы мембрана, липополисахаридтерден, фосфолипидтерден және ақуыздардан құралған, мозаикалы құрылым. Оның ішкі қабаты фосфолипидтерден, ал сыртқы қабаты липополисахаридтен (ЛПС) тұрады. Міне сондықтан, сыртқы мембрана ассиметриялы болады. Сыртқы қабаттың ЛПС-ді үш фрагменттен құралады:

· А липиді – консервативті құрылым, грам-теріс бактерияларда бірдей;

· Ядролар, немесе өзектік, коралық бөлім (лат. сore - ядро), консервативті олигосахаридті құрылымға қатысты;

· Полисахаридтің жоғары вариабельді О-спецификалық тізбегі, қайталанып отыратын ұқсас олигосахаридтік реттіліктерден құралған.

Цитоплазмалық мембрана -ультражұқа кесінділерді электронды микроскоппен қараған кезде үш қабатты мембрана екіндігін көреміз (аралары ашық түсті қабатпен бөлінген, 2,5 нм қалыңдықтан тұратын 2 күңгірт қабаты болады). Құрамы бойынша жануарлар плазмалеммасына ұқсас, екі липидті қабаттан және мембрана құрылымын тесіп өтіп жататын интегральды ақуыздар мен беткейіне енгізілген фосфолипидтерден тұрады.Бұлардың кейбіреулері заттарды тасымалдауға қатысатын пермеазалар болып табылады.

Цитоплазмалық мембрана - компоненттері қозғалмалы динамикалық құрлым, сондықтан оны сұйық, жылжымалы зат ретінде қарастырады. Ол бактерия цитоплазмасын сыртынан қоршап, осмостық қысымды реттеуге, заттарды тасымалдауға және жасушаның энергия алмасыуна қатысады (электрондарды тасымалдайтын ферменттер тізбектері, аденозинтрифосфатаза және т.б. арқылы).

Цитоплазма бактерия жасушасының негізгі көлемін алып жатады, ол ерігіш ақуыздардан, рибонуклеин қышқылдарынан, қосындылар мен ақуыздар түзілуіне (трансляциясына) жауап беретін - рибосома болып табылатын көптеген ұсақ гранулалардан тұрады.

Цитоплазмада басқа да көптеген қосындылар болады, олар гликоген гранулалары, полисахаридтер, бета-оксимай қышқылдары мен полифосфаттар (волютин). Волютиннің негізгі бояғыш заттарға ұқсастығы болады да арнайы бояу әдістерімен (мысалы, Нейссер бойынша) бояған кезде метахроматикалық гранулалар тәрізденіп көрінеді.Толоуидин көгімен немесе метилен көгілдірімен бояған кезде волютин қызыл-күлгін түске ал бактерия цитоплазмасы көк түске боялады. Волютин дәндерінің жасуша шеттерінде қанық түске боялып орналасуы дифтерия таяқшаларына тән қасиет.

Нуклеоид – бактериялардағы ядро эквиваленті. Ол бактерияның орталық аймағында орналасқан, шумақ сияқтанып тығыздалған, екі жіпшелі ДНҚ болып табылады. Бактерия ядросында эукариоттардыкімен салыстырғанда, ядро қабықшасы, ядрошықтар мен негізгі ақуыздар (гистондар) болмайды. Қалыпты жағдайда, бактерия жасушасы тұйықталған сақина күйіндегі ДНҚ молекуласы болып келеді. Бөліну бұзылыстары кезінде 4 немесе одан да көп хромосомалар боуы мүмкін. Нуклеоидты арнайы бояу әдістерімен бояп, жарықтық микроскоппен қараған кезде көруге болады. Ол: Фельген немесе Романовский-Гимзе әдістері. Бактерияның ультражұқа кесінділерінде нуклеоид фибриллярлы, жіпше тәрізді құрылымды ДНҚ-лы бар ақшыл түсті, белгілі бір жерлерімен цитоплазматикалық мембранамен немесе мезосомамен бірлесіп жатқан, хромосоманың репликациясына қатысатын аумақтар болып көрінеді.

Бір хромосомамен берілген нуклеоидтан басқа бактерия жасушасында хромосомадан тыс, ковалентті тұйықталған ДНҚ сақиналары болып табылатын, тұқымқуалаушылық факторлары – плазмидалар болады.

Капсула, микрокапсула, шырыш. Капсула – қалыңдығы 2,0 мкм-ден асатын, бактерия жасушасының қабырғасымен тығыз байланысқан, сыртқы шекаралры анық байқалатын шырышты құрылым. Патологиялық заттардан таңбалық-жағынды даярлаған кезде капсуланы ажыратуға болады. Бактериялардың таза дақылдарында капсула сирек түзіледі. Ол жағындыда капсула заттарын негативті контрасттайтын арнайы, Бурри-Гинс әдісімен бояған кезде анықталады: тушь капсула айналасында күңгірт фон тудырады.

Капсула полисахаридтерден (экзополисахаридтерден), кейде полипептидтерден тұрады; мысалы, күйдіргі бацилласында ол D-глутамин қышқылының полимерлерінен тұрады. Капсула гидрофильді, онда су көп мөлшерде болады. Ол бактериялардың фагоцитоздалуына кедергі жасайды. Капсула антигенді болады: оған қарсы антиденелер оның ұлғаюын тудырады (капсуланың ісіну реакциясы).

Көптеген бактериялар микрокапсула түзеді, ол – қалыңдығы 0,2 мкм-ден жұқа, тек қана электронды микроскоппен байқауға болатын шырышты түзілім. Капсуладан анық сыртқы шекаралары байқалмайтын, мукоидты экзополисахаридтер – шырыш ретінде ажыратуға болады. Шырыш суда ерігіш болады.

Мукоидты экзополисахаридтер, кистозды фиброзбен ауыратын науқастар қақырығында жиі кездесетін көкірің таяқшасының мукоидты штамдарына тән болып келеді. Бактериялар экзополисахаридтері адгезияға қатысады (субстраттарға жабысу); оларды тағы да гликокаликс деп те атайды.

Капсула мен шырыш бактерияларды зақымданудан, гидрофильді болғандықтан суды жақсы байланыстыра отырып, кебуден сақтандырады, макроорганизмдер мен бактериофагтардың қорғаныштық факторларының әсеріне кедергі жасайды.

Талшықтар - бактерия жасушасына қозғалғыштық қабілетін береді. Талшықтар өз бастауын цитоплазмалық мембранадан алатын, жасушадан ұзындау болып келетін, жіңішке жіпшелер боып келеді. Талшық қалыңдығы 12-20нм, ұзындығы 3-15 мкм болады. Олар үш бөлшектен тұрады: спираль тәріздес жіпше, ілмек және арнайы дискілерден құралған (грам-оң бактерияларда 1 жұп, грам-теріс бактерияларда 2 жұп дискілер) өзегі бар базальдық денешік. Талшықтар дискілерімен цитоплазмалық мембрана мен жасуша қабырғасына бекітіледі.

Талшықтар антиген болып табылатын, Н антиген ақуыз – флагеллиннен (flagellum - талшық) тұрады. Флагеллин суббірліктері спираль тәріздес ширатылған.

Бактериялардың талшықтар саны тырысқақ вибрионындағыдай біреуден (монотрих), ішек таяқшасы мен протейдікіндей бактерияның жан-жағында орналасқан ондаған, жүздеген (перитрихтар) болуы мүмкін. Лофотрихтар - жасушаның бір шетінде орналасқан талшықтар будасы. Амфитрихтар - жасушаның екі шетінде бір ғана талшықтан болады.

Талшықтарды ауыр металдармен шаңдандырылған жағындыларда электронды микроскоппен қараған кезде, немесе талшықтарды арнайы жуандандырып көрсететін, әртүрлі заттарды адсорбциялау мен сіңдіру әдістермен өңдеп, жарық арқылы микроскоппен қарауға болады.

Қылшықтар, немесе пилилер (фимбриялар) - талшықтарға қарағанда жіңішке (3ч10 нмЧ0,3ч10 мкм) әрі қысқа, жіпше тәріздес құрылымдар (2 – сурет). Пилилер жасуша беткейінен басталып, пилин ақуызынан тұрады. Оларда антигендік белсенділік болады. Пилидің адгезияға, яғни бактерияның зақымданушы жасушаға жабысуына, қоректенуіне, су-тұз алмасуына жауап беретін және жыныстық (F - пили), немесе конъюгациялық түрлерін ажыратады.

Қалыпты жағдайда бір жасушаға жүздеген пилиден келеді. Бірақ-та, жыныстық пилилер бір жасушада 1-3 – ден болады: олар трансмиссивті плазмидалары (F-, R-, Col – плазмидалар) бар, «аталық» донор – жасушалардан құралады. Жыныстық пилилердің ерекшелігі, олардың қарқынды түрде адсорбцияланатын, «аталық» деп аталатын сфералық бактериофагтармен өзара әрекеттесуінде болып табылады.

Споралар – жасуша қабырғасының құрылымы грам-оң бактериялар сияқты, тыныштық жағдайдағы бактериялардың өзгеше формасы.

Споралар бактерияның тіршілік етуіне қолайсыз жағдайлар (құрғату, қоректік заттар жетіспеушілігі және т.б.) туған кезде түзіледі. Бактерия жасушасының ішінде бір спора (эндоспора) түзіледі. Спораның түзілуі саңырауқұлақтардағыдай көбею тәсілі емес, бұл - түрдің сақталуына ғана көмектеседі.

Спора түзуші Bacillus туыстастығының бактерияларында спора диаметрі жасуша мөлшерінен аспайды, оларды бациллалар деп атайды. Спора көлемі жасуша мөлшерінен үлкен болып келетін бактериялардың пішіні ұршыққа ұқсас болып келеді, оларды клостридиялар деп атайды, мысалы, Clostridium туыстастығына жататын бактериялар. Споралар қышқылға төзімді, сондықтан Ауеско (Ожешко) немесе Циль-Нильсен әдісімен қызыл түске, ал вегетативті жасуша көк түске боялады.

Бактериялардың спора түзуі, пішіні мен жасушада (вегетативті) орналасуы түрлік қасиеті бола отырып, оларды бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік береді. Спора пішіні овальды, шар тәрізді болуы мүмкін; жасушада орналасуы – териминальды, яғни таяқшаның бір шетінде (сіреспе қоздырғышында), субтерминальды – таяқша шетіне жақын (ботулизм, газды гангрена қоздырғыштарында) және ортасында болады (күйдіргі бацилласында).

Спора түзу процесі (споруляция) бірқатар кезеңдерде өтеді. Бірінші кезеңде проспора, содан кейін нағыз спора болады. Кейбір бактерияларда қосымша қабат – экзоспориум болады. Соның арқасында өткізгіштік мүмкіндігі төмен, көп қабатты қабық түзіледі. Спораның термотөзімділігі кальций дипиколинатының болуымен байланыстырылады.

Спора көпқабаттылығына, кальций дипиколинатына, судың аз мөлшерде болуына, зат алмасу процесінің баяу өтуіне байланысты ұзақ сақталына алады. Мысалы, күйдіргі мен сіреспе қоздырғыштары топырақта ондаған жылдарға дейін сақталына алады.

Қолайлы жағдай туған кезде споралар ретімен үш кезеңнен өтіп, өсе бастайды: белсенділену, инициациялану, өсіп шығу. Бұл кезде бір спорадан бір бактерия өсіп шығады. Белсенділену кезінде өсіп шығуға дайындық өтеді. 60-80°С температурада спора өсіп шығуға белсенденеді. Өсіп шығудың инициациясы бірнеше минутқа созылады. Өсіп шығу кезеңі қабықшасын бұзып, өсіндінің тез өсіп шығуымен сипатталады.

2.3. Саңырауқұлақтардың жалпы сипаттамасы.

Микоздар-кең таралған жұқпалы аурулар, олардың қоздырғыштары микроскопиялық организмдер-саңырауқұлақтар (Fungi, Mycota, Mycetes). Саңырауқұлақтар хлорофилы жоқ, цитоплазмасында оқшауланған ядросы (немесе бірнеше ядросы), серпінді (ригидты) жасуша қабаты, көптеген вакоульдері, рибосомалары және басқа органеллалары бар біржасушалық немесе көпжасушалық эукариоттық микроорганизмдерге жатады (7 – сурет). Олардың өсімдіктерге үлкен ұқсастығы бар, дегенмен кейбір метоболизмдік үрдістері жануарлар жасушасына жақындатады.

Саңырауқұлақ денесі (таллом-қабықшалар) мицелий (грибница) болып табылады. Олар перделері бар немесе жоқ, бұтақша жайылған түтікшелер тәрізді, және де бүршіктенген оваль, дөңгелекше пішінді жасушалардан тұратын гифалар. Құрылымына байланысты (мицелийлерді құрайтын жасушалар пішіні және саңырауқұлақтар жасушасының бөліну механизмі бойынша) саңырауқұлақтар 2 топқа бөлінген:

1. Гифалылар немесе мицелийлілер (зең саңырауқұлақтар).

2. Бүршіктенушілер (ашытқылар, ашытқытәріздестер).

Ең қысқа мицелийлер-ашытқыларда; ең ұзыны-көгерткіш саңырауқұлақтарда (мукорларда). Мицелийлер тұрақты түрде бұтақталып отырады; ескірген мицелийлер-дәнді, ірілеу, көптеген қосындылары және вакоульдері болады, жаңа мицелийлер-мөлдір, нәзік, гомогенді.

Саңырауқұлақтар арасында диформизм құбылысы тараған, бұл кезде саңырауқұлақтың бір түрі гифаларды да, және де бүршіктенген жасушаларды да түзе алады. Бүршіктенуден гифа түзуге ауысуы саңырауқұлақтың патогенділік белгілерінің күшейгені деп қарастыруға болады. Диформизм кокцидияларға (Coccidioides), гистоплазмаларға (Histoplasma), кандидаларға (Candida) тән.

Мицелиялар біржасушалық, септаланған, яғни көлденең перделермен- септалармен (ол ценоцитті-бірегей, ортақ деп аталады) белінбеген болуы мүмкін; немесе септаланған көпжасушалы; немесе жалған мицелиялар (бүршіктеніп бөліне бастаған жасушалардан тұратын) түзеді. Ценоциттік саңырауқұлақтарға зигомицеттер (Zygomycetes), септаланғандарға-аскомицеттер (Ascomycetes), дейтеромицеттер (Deuteromycetes) және базидиоммицеттер (Basidiomyctes) жатады.

Саңырауқұлақтарды субстраттарда (тері, шаш, тырнақ немесе зертханалардағы қоректік орталар) өсу сипаты бойынша вегетативтік (субстраттық) және репродуктивтік (ауалы) деп бөледі.Сырттай қарағанда зертханалық жағдайда субстарттық түрі қоректік ортаның бетінде (сирек жағдайда ішінде) орналасады; ал репродуктивті түрі-субстраттың беткейінен жоғары көтеріліп өседі.

Саңырауқұлақтар жыныстық және жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныстық жолмен көбейетіндер-жетілген саңырауқұлақтар, ал жыныссыз жолмен көбейетіндер-жетілмеген саңырауқұлақтар деп аталады. Бірқатар саңырауқұлақтартарда жыныстық және жыныссыз жолмен де көбейетіндігі анықталған.

Жыныстық жолмен көбею аскомицеттерге, базидиомицеттерге және зигомицеттерге тән. Осындай жолмен көбею бірнеше сатыдан тұрады. Бұл кезде бір-біріне жақын орналасқан екі шеткі гифалардың бірігуі, гаметалар, жыныстық споралар және басқа жыныстық құрылымдар (телеморф) пайда болуы іске асады. Мұндай үрдіс нәтижесінде жыныстық споралар пайда болады: қалталарда (аскаларда) – жетілетін аскоспоралар, өнім беретін денешіктерде – жетілетін базидоспоралар, зигоспоралар. Саңырауқұлақтардың 70 %- да дамудың жыныстық фазасы тіркеледі, ал жыныстық даму кезеңінің аралығында саңырауқұлақтар жыныссыз жолмен-вегетативті тәсілмен көбейеді. Жыныссыз жолмен дейтеромицеттер көбейеді. Бұл жолдың негізінде митоз жатыр, яғни мицелия гифаларының қарапайым бөлінуі және саңырауқұлақтың жыныссыз өнімдік құрылымы (анаморф) пайда болуы жүреді. Анаморфтарға артроспоралар, хламидоспоралар, конидиялар, және де оларды қалыптастыратын және ұстап тұратын құрылымдар (спронгиялар, конидияұстаушылар, өнімдік денешіктер, фиалалар т.б.) жатады. Аталған анаморфтар саңырауқұлақтардың жайылып өсуіне және қолайсыз жағдайда олардың сақталуына себепкер болады.

Этиологиялық маңызы бар саңырауқұлақтарды идентификациялап зертханалық диагноз қою телеморфтар және анаморфтардың сипатын, соның ішінде құрылысының, мөлшерінің ерекшелігін, конидилар санын анықтау негізінде жүргізілетінін ескеру қажет. Анаморфтар мөлшері шамалы біржасушалы (микроконидиялар) және көпжасушалы (макроконидиялар) болуы мүмкін. Артроспоралар немесе таллоконидиялар кәдімгі гифалардың шетінде немесе екі жанында орналасатын септаланған гифалардың фрагменттері. Бластоконидиялар (бластоспоралар) аналық жасушадан ұрпақтық жасушаның бүршіктеніп көбею жолымен пайда болады, хламидиоконидиялар (хламидиоспоралар) мицелия ішінде гифаның шеңберленіп қалыңдауы және оның қалың қабатпен қоршалуы нәтижесінде пайда болады.

Спорангияспоралар (эндоспоралар) саңырауқұлақтардың ерекше қапшығының-спорангиялардың ішінде жетіліп және сол жерде орналасады. Конидиялар (эктоспоралар) өнім беретін гифаның ең шетінде жетіледі және сол жерде орналасады.

2.3.1. Саңырауқұлақтарды жүйелеу (систематика).

Микология саласында саңырауқұлақтардың (соның ішінде медициналық маңызы барлардың) жүйелік жіктемесі толық және бірегейлі ретте жасалмаған. Жаңадан жарияланған оқулықтардың, оқу құралдарының ешқайсысында медициналық маңызы бар саңырауқұлақтардың бірегейлі жіктемесі (классификациясы) жоқ. Саңырауқұлақтардың құрылысының өте күрделілігіне, олардың in`vivo және in vitro жағдайында атқарылатын функциялық-морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі зерттеушілер ұсынған көптеген жіктемелік (классификациялық) нұсқалар тәжірибелік дәрігерлердің жұмысын қиындатады. Сонымен қатар, саңырауқұлақтарды зерттеп, идентификациялауда стандарттауда үлкен қиындықтар бар. Өте ауыр түрде өтетін аурулар кезінде (әсіресе иммундық жүйесі әлсірегендерде) бұрын клиникалық маңызы белгісіз саңырауқұлақтар табылатын жағдайлар жиі кездесе бастады; осындай жағдайларда микстинфекциялардың болуы да ықтимал.

Саңырауқұлақтарда көбінесе жыныссыз жолмен қатар жыныстық жолмен көбею жүретіндіктен олардың жіктелуін және таксономиясын анықтауда едәуір қиындықтар туындайды. Бұл өз кезегінде таксономиясын және номенклатурасын қайта қарап өзгертуді қажет етеді. Сонымен бірге Д. Саттон, А.Фотергилл, М.Ринальди ұсынған «Патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтар анықтауышында» (2001 ж.), G.S. De Hoog, J. Guarro, J. Gene. MI. Fugnerras-тың «Клиникалық саңырауқұлақтардың атласында» (2-басылым, Испания, 2000 ж., 1126 бет) қазіргі кезгі классификациялық нұсқа бойынша саңырауқұлақтардың екі атауы-біреуі жыныстық дамуының телеморфты сатысы, екіншісі-жынысыз анаморфты сатысы бойынша қатар келтірілген. Осыған орай саңырауқұлақтардың көптеген түрлерінің бірнеше синонимдары бар. Медициналық әдебиеттерде олардың әртүрлі атаулары кездеседі. Осыған байланысты, және де саңырауқұлақтардың жалпы қабылданған қолжетерлік классификациясы жоқ болғандықтан, оқулықта саңырауқұлақтардың классификациясын «Патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтардың анықтауышы», 2001 ж. бойынша ұсынылып отыр.

Fungi патшалығы.

1) Типі-Askomycota

1. Класы- Endomycetes (ашытқылар)

Қатары-Saccharomycetales

Тұқымдастығы (3)

2. Класы-Euascomycetes (зең саңырауқұлақтар)

Қатары-Dothideales

Тұқымдастығы (6)

Қатары-Eurotiales

Тұқымдастығы (2)

Қатары-Hypocreales

Тұқымдастығы (2)

Қатары-Microascales

Тұқымдастығы (2)

Қатары-Onygenales

Тұқымдастығы (4)

Қатары-Ophiostomatales

Тұқымдастығы (1)

Қатары-Phyllochorales

Тұқымдастығы (1)

Қатары-Sordoriales

Тұқымдастығы (4)

Қатары-Trichospheriales

Тұқымдастығы (1)

Қатары-Xylariales

Тұқымдастығы (2)

2) Типі-Basidiomycota

1. Класы-Heterobasidiomycetes (ашытқылар)

Қатары-Filobasidiales

Қатары-Ustinagenales

2. Класы-Holobasidiomycetes

Қатары- Aphyllophorales

Тұқымдастығы (1)

3) Типі-Zygomycota

1. Класы- Zygomycetes (зең саңырауқұлақтар)

Қатары- Mucorales

Тұқымдастығы (5)

Қатары-Enteromphtarales

Тұқымдастығы (2)

Әрбір тұқымдастыққа туыстастықтардың және саңырауқұлақтардың екі түрдегі (телеморфты, анаморфты) аттары кіреді.

Анаморфты (митоспоралы) саңырауқұлақтар аттарының тізімі (147 туыстастықтар, түрлері) жеке берілген. Жыныстық көбею сатысы анықталмаған саңырауқұлақтарды митоспоралылар деп атайды. Оларды Deuteromicotina немесе Fungi immperfecti-дің 4-типіне жатқызады.

Мицелиялы саңырауқұлақтардың 3 класын ажыратады:

1. Hyphomycetes (гифомицеттер)-конидиялары бос орналасады.

2. Agonomycetes (агономицеттер)-стерильді гифалар, хламидиоспоралар, склероциялар түзеді.

3. Coelomycetes (целомицеттер)-конидиялары ішінде немесе жыныссыз спораұстаушы ерекше құрылымдардың беткейінде орналасады.

2.4. Қарапайымдылардың жіктелуі және құрылымы

ҚарапайымдыларAnimalia жануарлар әлемінде Protozoa патшалық тармағын (грек тілінен рrotoz-бірінші, zoon-жануар) құрайтын эукариотты бір жасушалы микроорганизмдер (8 – сурет). «Eucarya» доменіне жататын эукариоттар болып табылады. Қарапайымдылардың жасушасы ядро қабықшасы мен ядрошықтан, эндоплазмалық ретикулумнан құралған цитоплазмадан, митохондрия, лизосома, көптеген рибосомалардан және т.б. компоненттерден тұрады.

Қарапайымдылардың өлшемі орташа 2 ден 100 мкм –ге дейін ауытқып отырады. Сыртынан жануарлардың жасушаларының цитоплазмалық мембранасының аналогы - мембранамен (пелликуламен ) қапталған.

Қарапайымдылардың қозғалу (талшықтар, кірпікшелер, псевдоподийлер), қоректену (қоректену вакуольдері) және бөліп шығару (жиырылғыш вакуольдері) мүшелері бар. Талшықтар блефаропласттан шығады. Олар 9 жұп перифериялық, 2 жұп орталық микротүтікшелер және қабықтан тұрады. Кейбір қарапайымдылардың тіректік фибриллалары бар. Қарапайымдылар фагоцитоз нәтижесінде немесе ерекше құрылымдар түзіп қоректенеді. Жыныссыз жолмен – екіге бөліну немесе көптеп бөліну (шизогония), кейбіреуі жынысты жолмен (спорогония) көбейеді. Қолайсыз жағдайда олардың көпшілігі температура, ылғалдылық өзгерістеріне төзімді тыныштық сатысындацисталартүзеді. Романовский-Гимза әдісімен бояғанда, қарапайымдылардың ядросы - қызыл, цитоплазмасы-көк түске боялады.

Қарапайымдылар 7 типке бөлінеді, соның ішінде төртеуі (Sarcomastigophora, Apicomplexa, Ciliophora, Microspora) адамдарда ауру қоздырады. Олардың бір қатарының нақты таксономиялық жіктелуі жоқ. Мысалы, пневмоцисталар мен бластоцисталар саңырауқұлақтар мен қарапайымдылардың қасиеттеріне ие.

Sarcomastigophora типіSarcodina және Мastigophora типшесінен тұрады. Sarcodina типшесіне (саркодалылар)- Entamoeba histolytica жерше амебасы - адам амебиазының қоздырғышы, еркін тіршілік ететін амебалар (неглерия, акантамеба және т.б. туыстастықтар) және патогенсіз амебалар (ішек амебасы т.б.) жатады. Бұл қарапайымдылар жалған аяқтар (псевдоподий) түзіп қозғалады, олардың көмегімен қоректік заттар ұсталып жасуша цитоплазмасына енеді. Амебалар жынысты жолмен көбеймейді. Қолайсыз жағдайда олар циста түзеді. Мastigophora типшесінің (талшық тасымалдаушы) патогенді өкілдері бар, мысалы: трипаносомалар-африкалық трипаносомоз (ұйқы ауруы) және Шагас ауруларының қоздырғыштары; лейшманиялар – тері және висцеральды лейшманиоз; қынаптық трихомонада-трихомоноз қоздырғышы; лямблия-лямблиоз қоздырғыштары. Бұл қарапайымдылар талшықтарының болуымен сипатталады, мысалы, лейшманияларда бір талшық, трихомонадаларда – 4 еркін талшық және қысқа мембранамен қосылған 1 талшығы бар.

Apicomplexa типі. Sporozoa (споровиктер) класының патогенді өкілдеріне безгек плазмодийлері, токсоплазмалар, саркоцисталар, изоспоралар, криптоспоралар, циклоспоралар, бабезийлер жатады. Паразиттердің апикальды кешені иесінің жасуша ішіне еніп әрі қарай жасушаішілік паразиттік тіршілік етуге мүмкіндік береді. Әрбір өкілдерінің күрделі құрылымды және өзіндік тіршілік ету ерекшеліктері бар. Мысалы, безгек қоздырғышының тіршілік циклы жыныстық көбею сатысы (Anopheles масасының ағзасында) мен жыныссыз (адамның эритроциттері мен тін жасушаларында көптеп бөліну жолымен) сатысының кезектесуімен сипатталады. Токсоплазмалар жарты ай пішінді болады. Адамға жануарлардан жұғады, қоздырғыш плацента арқылы беріліп, ОЖЖ (ЦНС) және ұрықтың көзін зақымдайды.

Ciliophora типі.Кірпікшелердің патогенді өкіліне адамдардың тоқ ішегін зақымдайтын балантидиаз қоздырғышы – Balantidium coli жатады. Балантидиилер қозғалғыш, көптеген кірпікшелері бар талшықтарға қарағанда, олар жіңішкелеу және қысқа болады.

Microspora типі микроспоридийлер – ұсақ (0,5-10 мкм) облигатты жасушаішілік паразиттер, жануарлар арасында кең таралған және денсаулығы әлсіреген адамдарда диареялар мен іріңді-қабыну ауруларын қоздырады. Бұл паразиттердің инфекциялық ерекше споралары – спороплазмалары бар.

2.5. Вирустардың жалпы сипаттамасы

2.5.1. Вирустардың табиғаты

Вирусологияның ғылым ретінде дамуы вирустардың табиғатын тануға да әсер етті. ХХ ғасырдың 30-жылдардың соңы мен 40-жылдардың басында вирустарды зерттеудің алға жылжығаны соншалықты - вирустар табиғаты бойынша тірі организмге жататыны күмән туғызбады. Оған мынадай себептер негіз болды: вирустар басқа организмдер сияқты өсіп-өніп көбейе алады; тұқымқуалаушылық және өзгергіштік қасиеті бар, ортаның өзгеруіне бейімделу қабілеті бар; табиғи және жасанды сұрыптау нәтижесінде биологиялық эволюцияға ұшырай алады. Дегенмен, вирусологияның молекулалық-биологиялық кезеңі кезінде вирустарды организм ретінде қарастыру концепциясына көзқарас өзгере бастады. «Вирион» деген түсінік енгізілуіне байланысты вирустар құрылымының жасушалар құрылысынан ерекшелігі бар екені, сонымен қатар жасушаға қарағанда вирустар айрықша - дисъюнктивті жолмен көбейетіні анықталды, бұл кезде генетикалық материал (РНҚ немесе ДНҚ) және ақуыздардың синтезделуі уақытша бір-бірімен байланыссыз атқарылатыны дәлелденді. Бұл кезеңде А.Львовтың ұсынысы бойынша вирустардың басқа организмдерден айырмашылығы туралы негізгі критерийлер жасалды: генетикалық материалы бар нуклеин қышқылынан –РНҚ немесе ДНҚ-дан тұрады, ал басқа организмдерде нуклеин қышқылының екі типі де болады. Бірақ бұл критерий абсолютті бола алмады. Өйткені ДНҚ-құрамды вирустар репродукциялану үрдісінің барысында информациялық РНҚ-н, ал РНҚ-құрамды вирустар ДНҚ-н синтездейді. Вирустарды басқа тірі организмдерден ажыратуға мүмкіндік беретін ең негізгі және абсолютті критериі - олардың ақуызды синтездейтін өзіндік жүйесі жоқ болды. Егер де вирустар организмге жатпаса, олар кім болғаны? Бұл сұраққа жауап беру үшін вирустар деп атауға болатын биологиялық құрылымдардың шеңберін анықтау қажет. Кәдімгі вирустар (шешек вирусы, фагтар т.б.) туралы болса бұны жасау өте жеңіл. Вирустардың қатарына кеміс (дефектные) вирустарды жатқызу керек, олар нағыз вирустар бар кезде өсіп-өніп көбейе алады (полимераза генінде кемістік болмаса), немесе көмекші-вирус ақуызын пайдаланады. Репликациялануы бойынша әрқашанда кемістігі болатын вирустардың бірнеше топтары бар, олар туыстастығы жақын емес нағыз вирустардың сателлиттері болып табылады. Мысалы, аденосателлиттер тек қана көмекші-вирустардың қатысуымен репликацияланады, көмекші-вирус тек қана аденовирус емес, ұшық вирустары да бола алады. Бұл - вирустар мен вирустар арасындағы ерекше паразитизм. Сателлит-вирустар өте майда вирустарға жатады, мысалы дельта-вирус геномының молекулалық салмағы 0,5х106-дай және бір ғана генінде бір капсидтық ақуыз кодталған.

Сателлиттерге жақынырағы – плазмидалар. Олар – молекулалық массасы 10х106-дан кем емес шеңбер пішіндес (сирек жағдайда сызықша), мөлшері шамалы ДНҚ-ң молекулалары. Плазмидалар әдетте хромосомадан тыс орналасады, кейде тасмалдаушы жасушаның геномына тіркелуі де мүмкін. Вирустар мен плазмидалар арасында қатал айырмашылығы жоқ. Мысалы, кейбір плазмидалар өздерінің гендерінің көпшілік бөлігін жоғалтқан фагтардың өнімдері болып табылады. Бірқатар вирустар, мысалы, сиыр папилломасының вирусы, жалаңаш ДНҚ –плазмида түрінде ұзақ уақыт персистенциялана алады.

Вирустар тобына вироидтар кіреді. Олар - мөлшері шамалы (200-400 нуклеотидтерден тұратын) РНҚ-ның сақиналы молекуласы және капсиді де, қабаты да болмайды. Вироидтар - өсімдіктердің кейбір ауруларының қоздырғыштары. Вирустарға приондарды да жатқызуға болады. Олар - нуклеин қышқылы жоқ, ақуыздардан тұратын жұқпалы бөлшектер. Приондар куру, скрепи, сиыр және қойларда құтыру ауруларын қоздыруға себепкер болады.

Классикалық (кәдімгі) және кемісті-вирустарды, сателлит-вирустарды, плазмидаларды, вироидтарды және приондарды бірге қарастыруға қандай негіз бар? 2000 - жылы вирустар таксономиясы бойынша 7-Халықаралық комитетінің мәжілісінде вирустың келесі анықтамасы берілді - геномы бар және қоршаған ортаның өзгерулеріне бейімделу қабілеттілігіне ие, тірі жүйенің кейбір қасиеттері бар элементарлы биологиялық жүйе. Вирустар биология нысандары (объекті) болып табылады, өйткені олардың гендері бар, репликацияланады, эволюциялық өзгеріске ұшырай алады, белгілі иесінің организміне, тіршілік ортасына, тиісті экологиялық қуысқа (экониша) бейімделеді. Бірақ олар бос энергияны тасып ала алмайды және сақтай алмайды, иесінің жасушасынан тыс жағдайда функциялық белсенділігі жоқ. Сондықтан оларды патогенді микроорганизмдер деп қарастырмай, патогендер деп қолданған жөн.

Вирустардың шығу тегі бойынша бірнеше болжамдар (гипотезалар) бар:

1. Вирустар - жер бетіндегі тіршілік белгісінің ең алғашқы, жасуша пайда болғанға дейінгі, тіршілік формасы.

2. Паразитизмдік қасиет күшейген сайын регрессивтік эволюция нәтижесінде бір жасушалық организмдерден пайда болған.

3. Вирустар, белгілі жасушалық гендерден пайда болған, олар жасушадан шығып кету және қайтадан оралу қабілеттілігін сақтайды.

Вирустар – тіршілік етудің ерекше түрі (формасы), оларға мынадай қасиеттер тән:

• өсіп-өну қабілеттілігі бар;

• тұқым қуалаушылық қасиеті бар;

• генетикалық өзгергіштік қабілеттілігі бар;

• тиісті экологиялық қуысқа (ниша), иесі организміне бейімделуі бар;

• ие организмнің жасушасына еніп, көбейіп, инфекция қоздыру қабілеттілігі бар;

• жалпы генетикалық код заңдылықтарына сәйкес вирус геномының қызмет етуі бар.

Вирустардың тіршілік ету қабілеттілігі болуына қарамастан, оларды бүтін организм деп атауға болмайды. Вирустардың басқа тірі жүйелерден бірқатар ерекшеліктері бар:

• мөлшері өте ұсақ (микрометрмен өлшенеді);

• құрылысы өте қарапайым, яғни вирион –құрамында ДНҚ немесе РНҚ-дан тұратын геном, капсид (ақуыздық қабат), капсомерлер (ақуыз молекулалары) болады;

• жасушалық құрылымы жоқ (цитоплазма, жасушалық мембраналар, рибосомалар т.б. болмайды);

• вирионның құрамында нуклеин қышқылының біреуінің ғана болуы (ДНҚ немесе РНҚ, осы принцип бойынша вирустарды екі үлкен топқа бөледі);

• екі бөлініп (бинарное) өсу қабілеттілігі жоқ, өзінше репродукцияланып дисъюнктивті тәсілмен көбейеді;

• паразитизмнің ерекше сатысына ие: гельминттер мен қарапайымдылар паразитизм негізінде организмдік деңгейде, бактерияларда - жасушалық, ал вирустарда молекулалық (генетикалық) деңгейде болады;

• өз геномының жасуша геномымен интеграциялану қабілеттілігі болады; басқа жасушаішілік паразиттер геномының интеграциялану қабілеті жоқ, мысалы, хламидиялар - жасуша энергиясын, риккетсиялар - жасушалардың кейбір ферменттік жүйесін пайдаланады;

• вирустар ие организмнің жасушасынан тыс жағдайда өмір сүре алмайды, өйткені вирустың репродукциялануы тек қана ие жасушасында атқарылады;

• вирустарда фрагменттелген геном болуы мүмкін.

2.5.2. Вирустардың жіктелуі (классификациясы)

Вирустарды жіктеудің алғашқы ұмтылысы ХХ ғасырдың 40-жылдарында болды. Вирусология микробиологияның бір бөлігі деп есептелетіндіктен вирустарды классификациялау да бактериялар үшін критериялар бойынша атқарылды. Бірақ, көп кешікпей бактериялар таксономиясына қарағанда вирустар таксономиясының айырмашылығы болатыны айқын болды. 1966 жылы Мәскеуде вирустар номенклатурасы бойынша Халықаралық комитет құрылды. Әрбір 5 жыл сайын жаңа вирустардың ашылуына немесе белгілі вирустардың жаңа қасиеттерінің анықталуына байланысты вирустар номенклатурасы жаңартылып отырады. 2.2–кестеде вирустардың қазіргі кездегі классификациясы берілген. Бұл классификация бойынша 4 иерархиялық деңгей қарастырылған: түр, туыстастық, тұқымдастық (кейде тұқымдасша) және қатары. Қатар, тұқымдастық, тұқымдастықша (подсемейство) және туыстастықты -virales, -viridae, -virinae, -virus сөздерін қосып белгілейді. Бүгінгі күнде 3 қатар, 64 тұқымдастық, 9 тұқымдасша, 233 туыстастық және 1550-ден астам түрлер анықталған. Вирустардың қазіргі заманғы классификациясы негізіне мынадай критерийлер жатады:

• нуклеин қышқылының типі (РНҚ немесе ДНҚ), оның құрылымы (тізбекше немесе жіпше саны);

• липопротеидті қабатының болуы;

• вирус геномының стратегиясы;

• вирионның морфологиясы және мөлшері, симметрия типі, капсомерлер саны;

• генетикалық өзара әсерлесу феномендері;

• қабылдағыш иелер шеңбері;

• патогенділігі, соның ішінде жасушаларда патологиялық өзгерістер және жасушаішілік қосындылар пайда болуы;

• географиялық таралуы;

• антигендік қасиеттері.

Вирустарды классификациялаудың негізгі критерийлері жасалғанына қарамастан, қандай тұқымдастыққа жатқызуға болатыны анық емес вирустардың түрлері бар. Әсіресе ол өсімдіктердің вирустарына қатысты.

 

Кесте 2.2.

Вирустардың жіктелуі (классификациясы) – 2005 ж.

Қатары Тұқымдастығы [тұқымдастықша] Туыстастығы Типі (тип өкілі)
- Inoviridae Inovirus Энтеробактериялар фагы М 13
Plectovirus Фаг MV – L 51 - Acholeplasma
  - Microviridae Microvirus Энтеробактериялар фагы φ174
Spiromicrovirus Фаг 4 Spiroplasma
Bdellomicrovirus Фаг MAC 1 Bdellovibrio
Chlamydiamicrovirus Хламидия фагы 1
    - Geminiviridae Mastrevirus Жүгерінің шұбарландыру вирусы
Curtovirus Қызылша жапырағының бұйралану вирусы
Begomovirus Бұршақтар сарғаюы теңбілінің вирусы (Пуэрто-Рико)
  Circoviridae Circovirus Шошқалардың цирковирусы
  - Gyrovirus Балапандар анемиясының вирусы
- Nanoviridae Nanovirus Жоңышқа түбірінің өсуін тежейтін вирус
Babuvirus Babana bunchy top virus
  Parvoviridae [Parvovirinae] Parvovirus Тышқандардың ұсақ вирусы
Erythrovirus B19 вирус
Dependovirus Адено-ассоциацияланғаң вирус 2
  [Densovirinae] Densovirus Жәндіктердің денсонуклеоз вирусы Janonia coenia
    Iteravirus Жібек құртының денсонуклеоз вирусы
    Brevidensovirus Аралардың денсонуклеоз вирусы
дн ДНҚ – құрамды вирустар
Caudovirales Myoviridae «T 4 – like viruses» Энтеробактериялар фагы T 4
    «P 1 – like viruses» Энтеробактериялар фагы P 1
«P 2 – like viruses» Энтеробактериялар фагы P 2
«Mu – like viruses» Энтеробактериялар фагы Mu
«SPO1–like iruses» Бациллалар фагы SPO 1
«φ H– like viruses» Вирус φH Halobacterium
  Siphoviridae «λ- like viruses» Энтеробактериялар фагы – фагы λ
  « T 1 - like viruses» Энтеробактериялар фагы Т 1
« T 5 - like viruses» Энтеробактериялар фагы Т 5
« c 2 - like viruses» Лактококтар фагы с 2
« L 5 - like viruses» Микобактериялар фагы L 5
«ψM1-like viruses» Метанобактериялар фагы ψM 1
Podoviridae «T 7 - like viruses» Энтеробактериялар фагы T 7
«φ29- like viruses» Бациллалар фагы φ29
«P22– like viruses» Энтеробактериялар фагы P 22  
  Rudiviridae Rudivirus Вирус SIRV1 Salfolobus
  Tectiviridae Tectivirus Э

Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: