Стрептококтар

Стрептококтарды әртүрлі жүйелер мен ағзалардан бөліп, таза дақылын алған ғалымдар: Билрот (1874), Л.Пастер (1879), Огстон (1881), Филяйзен (1883), Розенбах (1884). Стрептококтар Streptococcaceae тұқымдастығына, Streptococcus туыстастығына жатады. 20-дан астам түрі бар. Олардың ішінде адам ағзасының қалыпты микрофлорасына кіретін өкілдері және де адамдарда ауыр түрде өтетін эпидемиялық ауру қоздырғыштары кездеседі.

Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Streptococcaceae.

Туыстастығы: Streptococcus.

Түрі – Str.pyogenes,Str.pnеumoniae, Str.faecalis, Str.agalactiae

Морфологиясы. Стрептококтар ұсақ, шар тәрізді жасушалар, тізбектеліп немесе жұптасып орналасады, грам оң, спора түзбейді, қозғалмайды (21,22- сурет). Стрептококтардың көптеген штамдары гиалурон қышқылынан тұратын капсула түзеді. Жасуша қабырғасы ақуыздан, (М-, Т- және R- антигені), көмірсудан (топтық спецификалық) және пептидогликаннан тұрады. Олар L–пішініне жеңіл түрде ауысады. Стрептококтардың беткейлі фимбрияларында орналасатын негізгі адгезині – липотейхой қышқылы бар.

Пневмококтар – сопақша немесе ланцет тәрізді коктар, клиникалық материалдан дайындаған жағындыда жұптасып орналасады, айналасында өте қалың капсула пайда болады. Қапсуланың түзілуін қан, сарысулар, асциттік сұйықтықтар белсендіреді. Қозғалмайды, спора түзбейді (23- сурет).

Дақылдандыру. Факультативті анаэробтар, капнофилдер, кейбір түрлері микроаэрофилдер. Көптеген түрлері анаэробты жағдайды талғайды. Көмірсу, қан, сарысу, асцит сұйықтығымен байытылған қоректік орталарда өседі. Тығыз қоректік ортада ұсақ, сұр түсті колониялар түзеді. Сұйық қоректік ортада стрептококтар түбінде тұнба беріп өседі. Стрептококтар – факультативті анаэробтар. Қанды агарда альфа-гемолиз (жасылдану) және бетта-гемолиз (толық), гамма-гемолиз (көзге көрінбейді) береді (21- сурет). Адамның негізгі аурулар қоздырғыштары А тобына жататын бетта-гемолиз беретін түрлері.

Пневмококтар 0,1% глюкозамен байытылған қанды немесе сарысулық ортада жақсы өседі. Сұйық қоректік ортаны біркелкі лайландырады және жапалақ қар секілді тұнбаға түседі; тұрып қалған дақылда тұнбасы қалыңдайды. Тығыз қоректік орталарда нәзік жартылай мөлдір, шеттері тегіс диаметрі 1 мм колониялар түзеді; кейбір жағдайларда ортасы шұнқыр жазық колониялар пайда болады; стрептококтардың колониялары бір-бірімен қосылмайды. Қанды агарда пневмококтардың колониялары альфа-гемолиз түзеді де, түссізденген жасылтым аймақпен қоршалады. Стафилококтармен салыстырғанда ферменттік белсенділігі төмен. Хемоорганотрофтар; метаболизмі ашу арқылы жүреді; клиникалық маңызы бар түрлері глюкозаны сүт қышқылына дейін ыдыратады. Каталазасы жоқ.

Басқа стрептококтардан пневмококтарды ажыратып–анықтау үшін оптохинмен сынама қояды (олардың өсуін тежейді); жасыл стрептококтардан айырмашылығы пневмококтар инулинді ыдыратады және өтке сезімтал (дезоксихолат сынамасы).

Антигендік қасиеті. Жасуша қабаты полисахарид тектес субстанция болуына байланысты (1933 жылы Лэнсфилдтің ұсынысы бойынша) стрептококтар 20 серологиялық топтарға бөлінеді (А –дан V-ға дейін). Альфа және гамма гемолитикалық стрептококтардың ешқайсысы ешқандай серотопқа кірген жоқ. Адам патологиясында А тобындағы стрептококтардың алатын орны жоғары. А-тобындағы стрептококтардың жасуша беткейінде ақуызды М-антиген орналасады, олар вируленттік қасиеттерімен (фагоцитозға кедергі жасайды) тығыз байланысты. Бұл ақуыз стрептококтың түрлік спецификалығын анықтайды. А тобына жататын стрептококтар 20-дан астам антигендік белсенділікке ие жасушаішілік заттар бөледі.

М ақуызы суперантиген қасиетіне ие, яғни лимфоциттердің поликлондық белсендігін күшейтеді, аффинитеті төмен антиденелерді түзуге жұмылдырады және ағзаның өзіндік тіндеріне толеранттылығын бұзады (иммунды патология дамытады).

Streptococcus pneumoniae - грам оң диплококтар, ланцет пішінді, көбінесе қосарланып немесе тізбектеліп орналасады, полисахаридтік капсулаға ие. Оларды арнайы сарысулар арқылы ажырату оңай. Пневмококтар қозғалмайды, спора түзбейді, факультативті анаэроб. Жасанды қоректік ортада капсуласын жоғалтады, колониялары S-пішіннен R-пішінге ауысады. Қанды және сарысу қосылған қоректік ортада жақсы өседі. Пневмококтың топтық антигендері жоқ, бірақ капсулалық антигендерінің 80-нен астам серологиялық топтары анықталды.Ақ тышқандарға жоғарғы вируленттік қасиетке ие (сепсис). Дегенмен, микст-инфекция кезінде клебсиеллалардан биологиялық сынама арқылы ажырату мүмкін емес.

Патогенділік факторлары. Стрептококтар – шартты-патогенді микроорганизмдер. Патогенділік факторлары – микрокапсула, жасуша қабырғасының компоненттері, агрессия ферменттері және токсиндер.Фимбрия ақуызы немесе М ақуыз – негізгі патогенділік фактор. Оның антифагоцитарлық әсері бар; фибриногенді, фибринді және олардың деградация өнімдерін байланыстырады; оларды өз беткейіне жабыстырып, комплемент компоненттері мен опсониндерге рецепторды бетперделеп өзгертіп отырады. Вирулентті, М антигені бар науқастан жаңа бөлінген штамдары адамның қанында өсіп-көбейе алады, ал М антигені жоқ стрептококтардың дақылдары авирулентті болып келеді және адам қанында фагоцитозға ұшырайды.

Маңыздылығы бойынша стрептококтардың екінші патогенділік факторы – капсула, ол фагоцитоздан қорғайды және эпителиге жабысуын жеңілдетеді; капсула гиалурон қышқылынан құралғандықтан оның иммуногенді белсенділігі төмен. Ескере кету керек, бактериялар тіндерге инвазиясын жүргізгенде гиалурон қышқылын түзу арқылы өздігінен капсуласын ыдыратады.

Фагоциттердің белсенділігін тежейтін үшінші патогенділік фактор – бұл С-пептидаза, күшті хемоаттрактант болып есептелетін фермент, комплементтің С-компонентін ыдыратады.

Стрептококтар агрессия ферменттері (О және S-стрептолизиндер, гиалуронидаза, ДНҚ-аза, НАД - аза және стрептокиназа) мен эритрогенді токсиндер түзеді. О стрептолизині оттегіге сезімтал; иммуногенді қасиеті басым және эритроциттерді гемолизге ұшыратады; S стрептолизині керісінше оттегіге тұрақты, антигендік қасиеті жоқ және қанды агарда беткейлік гемолиз береді. Екі фермент эритроциттерді ғана емес, ағзаның басқа жасушаларын да бұзады, мысалы S стрептолизин өнімдері оларды жұтқан фагоциттерді ыдыратады. Стрептокиназа (фибринолизин) - протеолитикалық фермент, басқа ақуыздармен бірге фибринді ыдыратады. ДНҚ-аза – ДНҚ деполимерлеуші фермент. ДНҚ-аза мен фибринолизин қоспасы экссудаттарды сұйылтады, көк-тамырлы тромбыларды ыдырату қабілетіне ие. Сондықтан, жарадағы некроздалған тіндерді және іріңді жою үшін қолдануға болады. Гиалуринидаза («өткізгіштік фактор») – агрессия ферменті, стрептококтардың дәнекер тіндерінде таралуына ықпал жасайды, гиалурон қышқылын бұзады. Эритрогенин – скарлатина тудыратын А тобына кіретін бетта-гемолитикалық стрептококтардың токсині. Тек лизогенді дақылдармен бөлінеді. Эритрогенді токсиннің пирогенді белсенділігі бар (гипоталамусқа бірден әсер ете алады) және иммунды механизмдермен байланысты терідегі бөртпелердің пайда болуын қамтамасыз етеді. Эритрогенді токсин – суперантиген, яғни Т-лимфоциттерге митогенді әсер етеді және макрофагтар бөлетін, ісіктердің некроздық факторы мен интерлейкин-1 медиаторлардың тұзілуін белсендіреді (сепсистік шок тудырады).

Токсинді бейтараптауға қабілеттілігін анықтау үшін (скарлатинаға сезімталдығы) тері ішілік сынама қоюға (Дик сынамасы) арналған стандартты ерітілген эритрогенин қолданылады.

Кардиогепатиттік токсин – А тобының стрептококтары түзеді, токсин миокард пен диафрагманы зақымдайды және бауырда гранулемалардың түзілуін қамтамасыз етеді.

Пневмококтардың негізгі вирулентті факторы – капсула, бактерияны фагоцитоздан және опсониндер әсерінен қорғайды. Капсуласыз штамдары көбінде вирулентті емес және сирек кездеседі.

Резистенттілігі. Қыздыруға тұрақсыз (56°- 30 минут), қайнатқанда тез өледі. Ақуызды ортада кептіруге тұрақты, дегенмен вируленттік қасиеті жойылады. Кеңінен қолданатын антисептиктер мен дезинфектанттарға сезімтал. Стрептококтардың көбісі B – лактамды антибиотиктерге және макролидтерге сезімтал; А серологиялық топтарының стрептококтары пенициллин қатарындағы антибиотиктерге жоғары сезімтал, оларға деген тұрақтылықты байқатпайды.

Эпидемиологиясы. Стрептококтар адамдар мен жануарлардың қалыпты микрофлорасының өкілі. А тобының стрептококтары адамдарда тері және шырышты қабықта; В тобы мұрын – жұтқыншақ, асқазан – ішек жолдары және қынапта мекендейді.

Инфекция көзі – науқас адамдар немесе тасымалдаушылар, өте сирек жағдайда ауру жануарлар, пневмококты инфекция кезінде - науқас адамдар мен тасымалдаушылар. Стрептококтар, басқа ШПМ тәрізді, иммунитеті төмен науқастарда, мысалы жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялынан кейін, жиі стрептококтық инфекция тудырады.

Патогенезі және клиникасы. Стрептококтар басқа ШПМ сияқты оппортунистік инфекциялар тудырады. Патогенезі бактерияның көптеген патогенді факторлар әсерімен байланысты.

Стрептококтық инфекциялар келесі топтарға бөлінеді: жедел стрептококтық аурулар (скралатина, тілме, баспа, импетиго, жедел гломерулонефрит, жедел және жеделдеу бактериялық эндокардит, туғаннан кейінгі сепсис), бұл кезде негізгі қоздырғыш стрептококк; созылмалы стрептококтық аурулар (ревматизм және созылмалы тонзилит), бұл кезде негізгі қоздырғыш стрептококк; жедел және созылмалы іріңді-қабыну аурулары, бұл кезде стрептококк көптеген қоздырғыштардың біреуі болуы мүмкін.

Пневмококк – ауруханадан тыс кездесетін бактериялық пневмонияның негізгі қоздырғышы болып табылады.

Иммунитеті. Басқа оппортунистік инфекциялар кезіндегідей иммунитет қалыптасады, тұрақсыз, қарқынды емес.

Микробиологиялық диагноз қою. Зертханалық диагноз қою үшін экспресс әдіс, бактериологиялық және серологиялық әдістер қолданады, ал пневмококтық инфекцияға күмәнданғанда қосымша бактериоскопиялық пен биологиялық әдістер жүргізу қажет.

Жеделдетілген әдіс: ИФТ, КоАР, ПТР.

Бактериологиялық әдіс: Науқастың клиникалық белгілеріне байланысты алынатын зерттеу материалдары: 1) эндокардитке және сепсиске күмәнданған кезде – қан; 2) баспа мен скарлатина кезінде – бадамша бездері мен мұрын – жұтқыншақ кілегей қабығынан сүрінді және сілекей; 3) жарақаттар мен тері зақымданған кезде – жарақат бөліндісі; 4) зақымданған жерлерден ірің; 5) жүкті әйелдердің қынабынан бөлінді; 6) төменгі тыныс алу жолдары зақымданғанда – қақырық, бронхылардың шайындысы, өкпе абсцессінің іріңін және плевра сұйықтығын пункция жасап алады.

Стрептококтың таза дақылын бөліп алу үшін тампонмен алынған зерттеу материалын қойдың қан тамшысы қосылған жартылай сұйық агары бар пробирканың тереңдігіне батырады, 3 – 4 сағат 37° температурада инкубациялағаннан кейін қанды агарға себеді. бетта гемолитикалық стрептококтар гемолиздік аймақ береді. Серотоптарын анықтау үшін стрептококтардан алынған тұз қышқылды экстракттарды және диагностикалық топтық сарысуларды пайдалана отырып сұйық ортада преципитациялық реакция қояды, сонымен бірге А ақуызы бар стафилококпен Ғс – фрагментінің көмегімен байланысатын спецификалық антиденелердің көмегімен стрептококтарды коагглютинациялайды. Эпидемиологиялық талдау жасағанда А тобының стрептококтарының Т- және М антигендері бойынша типтеу жүргізеді. Т - антигенін типтеу Т - антисарысумен әйнекше бетіне қойылатын агглютинациялық реакция арқылы анықталады (Гриффитс әдісі), М - антигені сұйық қоректік ортада типтік спецификалық адсорбцияланған М – антисарысуларымен преципитациялық реакция көмегімен анықталады (Лэнсфилд әдісі).

Стрептококтарды энтерококтардан ажырату үшін келесі ерекше белгілерге назар аудару қажет: 10-45 0С температурада өсу қабілеттілігі, NaCl–дың жоғары мөлшеріне тұрақтылығы, пенициллинге тұрақтылығы, сілтілі ортаға тұрақтылығы (рН 9,6).

Серологиялық әдіс созылмалы инфекциялық процесс кезінде немесе науқас антибиотиктермен ұзақ емделгенде қоздырғыш бөлінуі қиындаған жағдайда қолданылады. КБР қанда стрептококтық антигенді және токсиндерге спецификалық стрептококтық антиденелерді (көбінде стрептолизин О немесе стрептокиназа) табу мақсатында қояды. Сонымен бірге серологиялық реакциялардың көмегімен тасымалдаушыларды да анықтайды.

Пневмококтық инфекция кезінде таза дақыл бөліп алу үшін биосынама қояды, яғни науқастан алынған материалды ақ тышқандардың көк етінің астына жұқтырады. Бірақ аралас инфекция кезінде пневмококтарға басқа да ШПМ қосылғанда, мысалы клебсиеллаға ақ тышқандардың сезімталдылығы жоғары, сондықтан таза дақылды биологиялық әдіспен бөліп алу қиындайды.

Емдеуі. А тобының стрептококтары бөлінгенде емдеу препараты – пенициллин. Пенициллинге резистентті штамдарын басқа сезімтал антибиотиктермен емдейді (левомицетин, цефтриаксон, ванкомицин, рифампицин және басқалары). Стрептококтарға қарсы емдік иммундыбиологиялық препараттар жоқ.

Алдын алуы. Арнайы сақтандыру шаралары жоқ, себебі иммунитет типтік спецификалық. Пневмоктық инфекцияның алдын алуы үшін әртүрлі 23 полисахаридті антигендердің серологиялық варианттары кіретін поливалентті вакцина ұсынылған.

Егу сезімталдылықтары жоғары топтарға, 5 – 10 жыл аралығынды жасалып отырады.

14.1.1.2.2. Энтерококтар (туыстастығы Enterococcus)

Морфологиясы. Энтерококтар ұсақ, шар тәрізді жасушалар, қысқа тізбек түзіп немесе жұптасып орналасады, грам оң, спора және капсула түзбейді, қозғалмайды. (24- сурет). Жасуша қабырғасы ақуыздан (М-, Т- және R- антигені), көмірсудан (топ спецификалық) және пептидогликаннан тұрады. Олар L–пішінге жеңіл түрде ауысады. 1984 жылға дейін стрептококтардың D тобына кірген. Осы уақыттан кейін жеке туыстастыққа бөлінді (Enterococcus туыстастығы). Беткейлі фимбрияларында орналасатын топтық антигені – глицеринтейхой қышқылы, Д-аланин және глюкозадан құралған. Типтік түрі E.faecalis.

Дақылдандыру. Дақылдық, биохимиялық қасиеттері 14.3. - кестеде берілген.

Энтерококтарды бөліп алу және өсіру үшін селективті орталар таңдалады (негізі қанды агар оған азид қосылған, азидодекстрозды сорпа т.б.).

Антигендік қасиеті стрептококтарға ұқсас, D серологиялық топтарға жатады.

Патогенділік факторлары. Шартты-патогенді микроорганизмдерге жатады. Патогенділік факторлары – жасуша қабырғасының бөлшектері, агрессия ферменттері мен токсиндері.

Резистенттілігі. Қоршаған ортада энтерококтардың резистентілігі стафилококтар сияқты. Осы себептен, санитарлық микробиологияда санитарлық-көрсеткіш микроорганизм ретінде қарастырылады (қоршаған орта объектілерінің нәжіспен жаңадан ластануын көрсетеді). Кеңінен қолданылып жүрген антисептиктер мен дезинфектанттарға сезімтал. Энтерококтардың көптеген антибиотиктерге (аминогликозид, цефалоспорин) табиғи тұрақтылығы бар.

Эпидемиологиясы және патогенезі стрептококтық инфекцияға ұқсас.Табиғатта кеңінен таралған. Адам және жануарлар ішегінде мекендейді (ауыз қуысы, ішек және зәр шығару, жыныс жүйесі). E.faecalis – ті дені сау адамдардың 25%- ның нәжісінен бөлуге болады.

Кесте 14.3.

Энтерококтардың негізгі медициналық маңызы бар түрлерінің дифференциациялық белгілері

Белгі E.durans E.faecalis E.faecium
Қозғалғыштығы - ± ±
Өсуі 45 0С + + +
50 0С - ± +
Қоректік орталарда өсу: құрамында 6,5% NaCl   +   +   +
құрамында 0,04% теллурит - + -
құрамында 0,1% метилен көгі бар сүт + + ?
Қышқылға дейін ыдырауы - арабиноза - - +
- маннит ± + +
- рамноза - + -
- сахароза - + +
- глицерин - + +
- сорбит - + -
Сары пигмент түзуі - - -
Гемолиз альфа, бетта кейде бетта кейде альфа
Гиппуратты гидролиздеуі + + +
Лэнсфилд бойынша серологиялық тобы D D D
           

Патогенезі мен клиникасы. Клиникалық маңызы бар энтерококтар: E.durans, E.faecalis, E.faecium. Несеп жолының қабынуына әкеледі, әсіресе катетерді қолданған жағдайда жиі кездеседі, яғни ауруханаішілік инфекциялар дамиды. Бактериемия, сепсис, жеделдеу сепсисті эндокардит, өт жолдарының инфекциялары немесе кеуде қуысының абсцестеріне әкеледі. Гемолитикалық энтерококтар астан улануға және ішек жолдарының дисбактериозын тудыруға себепкер болады.

Микробиологиялық диагноз қою. Зертеу материалы ірің, қан, несеп және басқалары. Лабораториялық диагноз қою үшін бактериологиялық және серологиялық әдістер қолданылады. Бактериоскопиялық зерттеу әдісі қолданылмайды себебі энтерококтар жалғыздан, жұбымен, тізбектеліп орналасуы мүмкін, сондықтан оларды басқа грам оң коктардан ажырату қиындық туғызады. Қоздырғышты бөліп алу әдетте қиын емес, энтерококтарды стрептококтармен дифференциациялайды.

Емдеуі. Антибиотиктермен емдеу.Энтерококтардыңантибиотиктерге тұрақтылық қасиеті болғандықтан антибиотикограмма жасап барып емдеу жүргізеді, себебі антибиотиктерге тұрақты штамдары пайда болып, әр түрлі асқынуларға әкеледі.

Алдын алуы. Жалпы шаралар. Жеке бас гигиенасын сақтау, антибиотиктерді ретсіз және дәрігердің тағайындауысыз қабылдамау және т.б.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: