double arrow

Анаэробты коктар

14.1.3.1. Анаэробты грам оң коктар

Пептококтар мен пептострептококтар Peptococcus және Peptostreptococcus туыстастықтарына жатады. Peptococcus туыстастығы бір ғана Peptococcus niger түрінен тұрады, ал Peptostreptococcus туыстастығы бірнеше түрден тұрады: Peptostreptococcus аnaerobius, P.magnus, P.micros, P.indolicus, P.asacchorolyticus, P.prevotii, P.tetradus, P.productus. Пептококтардың грамша боялған жағындыларын қарағанда стафилококтарға ұқсас, қысқаша тізбек құрады да коккобацилла сияқты көрінеді, полиморфты. Пептострептококтар нағыз анаэробтар. Спора түзбейтін анаэробтар (клостридия емес): грам теріс (бактероидтар, фузобактериялар, вейлонеллалар) және грам оң (пептококтар, пептострептококтар), биологиялық қасиеттері әртүрлі, әртүрлі таксономиялық категориялардан тұратын облигатты анаэробтардың көлемді тобын құрайтын бактериялар.

Дақылдандыру. Облигатты анаэробты жағдайда өсіріледі (әдетте ауаны N2, CO2, Н2 қоспаларымен алмастырады), өсу барысында сүт қышқылын көп мөлшерде түзеді. Хемоорганотрофтар; өсу үшін байытылған қоректік ортаны талап етеді. Қанды агарда пептококтардың және пептострептококтардың колониялары ұсақ, томпақ, жылтыр, мөлдір кейде сәл лайланған, анаэробты жағдайда инкубациялаған кезде 48 сағатта өседі. Кейбір штамдары қанды агарда қара түсті колония түзіп өсуі мүмкін. Өсу температурасы 37°C.

Биохимиялық белсенділігі. Көмір суларға инертті келеді, энергияны пептонды ыдырату арқылы алады. Әдетте каталазасы жоқ, нитраттарды қалпына келтірмейді. Кейбір түрлері индол бөліп, нитраттарды нитриттерге ауыстырады.

Антигендік қаситеі. Жекелеген түрлердің антигендік қасиеті толығымен зерттелмеген; жасуша қабығының пептидогликаны мен тейхой қышқылы антигендік қасиетке ие.

Патогенділік факторлары толық зерттелмеген; капсуласының, гиалуронидаза мен коллагеназа ферменттерінің болуымен байланысты болуы мүмкін.

Резистенттілігі. Ауаға түсісімен бірден жойылады. Антибиотиктерге сезімталдығы әр түрлі болады. Грам оң бактерияларға әсер ететін аминогликозидтерге (гентамицин, канамицин) сезімталдығы жоқ, метранидазолға (трихапол), клиндомицинге және басқа да кең спектрлі антибиотиктерге сезімтал. Қазіргі қолданылып жүрген дезинфектанттарға, антисептиктерге сезімтал.

Эпидемиологиясы. Спора түзбейтін анаэробтар инфекциясының эпидемиологиясы зерттелмеген. Ауруды көбінесе өзіндік эндогенді бактериялар тудырады, әсіресе иесінің ағзасының тұрақтылығы төмендегенде.

Спора түзбейтін анаэробтар адамның қалыпты микрофлорасының құрамды бөлігі болып табылады. Олар ауыз қуысы мен жоғары тыныс алу жолдарының және несеп - жыныс және ішек жолдарының шырышты қабықтарында өсіп - өніп, көбейеді.

Спора түзбейтін анаэробтар әртүрлі іріңді-қабыну үрдістерін тудырады: жақ-бет аймағында, өкпеде, бауырда, зәр-жыныстық жүйені, тірек-қимыл аппаратын зақымдайды, аппендицит, перитонит, сепсис тудырады. Әдетте олар анаэробтар мен аэробтар ассоциациясы тудыратын аралас инфекциялар.

Иммунитеті. Зерттелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеу заттары - ірің немесе зақымдалған тін, қан тағы басқаларға; бактериоскопиялық және бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі; анаэробтарды анықтау үшін газды сұйықты хроматография, ИФТ және т.б. қолданылады. Антибиотикограмманы анықтау міндетті түрде жүргізіледі.

Емдеуі. Көбінесе антибактериалды препараттармен (метранидазол, клиндомицин, цефалоспорин, левомицетин, эритромицин) бірге хирургиялық емдеу жүргізіледі.

Алдын алуы. Арнайы сақтандыруы жоқ.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: