Таксономиясы. Тұқымдастығы: Enterobacteriaceae

Тұқымдастығы: Enterobacteriaceae.

Туыстастығы: Escherichia.

Түрі: E.coli, E.adecarboxylata, E. blattae, E. hermanii, E.vulneris, E.fergusonii.

Т. Эшерих деген профессор, педиатр, ғалым іші өтіп науқастанған баланың нәжісінен қоздырғышты тапқан, соның құрметіне аталған. Қазіргі кездегі жіктеу бойынша Escherichia туыстастығын 6 түрге біріктіреді. Солардың ішіндегі адам патологиясында маңызды орын алатыны E.coli.

Морфологиялық және тинкториалдық қасиеттері. E.сoli екі шеттері жұмырланған, ұсақ, грам теріс таяқшалар, жағындыда ретсіз орналасқан, спора түзбейді, кейбір штамдары микрокапсулаға ие, перитрихтар; талшықтардан басқа, кейде пили (кірпікшелер) анықталады.

Дақылдандыру. Ішек таяқшасы - факультативті анаэроб, қоректік ортаға талғамсыз, рН 7,2-7,4 болатын қарапайым қоректік орталарда 37әС-та жақсы өседі, сұйық ортада диффузды лайланып, түбінде тұнба беріп өссе, тығыз қоректік орталарда жылтыр жартылай мөлдір S және R колониялар түзеді. Эшерихиоз диагнозын қою үшін дифференциалды-диагностикалық орталар (Эндо, Левин және т.б.) кең қолданылады.

Ферменттік белсенділігі. E.сoli жоғары ферменттік белсенділікке ие. Ішек таяқшасы 24 сағат бойы лактозаны ыдырататын Enterobacteriaceae тұқымдастығының өкілі (14.7.-кесте).

Антигендік қасиеті. Ішек таяқшасының антигендік құрылымы күрделі: Соматикалық (О) антигені серотобын анықтайды, оның 171- ден астам түрлері бар, О антиген ЛПС, термостабильді. Талшықты (Н) антиген типтік спецификалық, сероварларын анықтайды, термолабильді, 50 астам түрі бар. Беткейлі (К) антигеннен температураға және химиялық заттарға сезімталдылығына байланысты 3 антигенмен тұрады: А термостабильді антиген, В, L термолабильді антигендер. Эшерихиялардың К антигеннің В типіне байланысты 97 түрін ажыратады. Антигендік құрылымды серотоптарды формулалармен белгілейді. Мысалы, О55: К5: Н21 штамы О55 серологиялық тобына жатады.

Патогендіклік факторлары E.coli-ді клиникалық микробиологиялық лабораторияларда өте жиі бөліп алады.

Бұл бактериялар ішектік және ішектен тыс аурулардың басты себепкері болып саналады. Сонымен қатар E.coli ішектің қалыпты микрофлорасының өкілі.

E.coli энтеротропты, нейротропты, пирогенді әсер ететін эндотоксин түзеді (ЭПІТ тобы). ЭПІТ тобы ащы ішектің эпителиіне жабысып немесе адсорбцияланып экзотоксинді түзеді, ол ащы ішек қуысында су мен хлоридтің мөлшерден көп бөлінуіне алып келеді және натридің кері сіңірілуін бұзады, нәтижесінде ішектің жиырылуын, іш өту мен сусыздануды күшейтеді. Кейбір диареягенді эшерихияларда дизентерия қоздырғыштары сияқты бактериялардың жасушаларға енуіне себепкер болатын инвазиялық факторлар анықталған. ЭПІТ ауру тудыруы нефротоксикалық әсерімен және қан кетумен де (геморрагия) анықталады. Патогенді факторларға адгезияға себепші болатын кірпікшелер (пили) мен ақуыздар және фагоцитозға кедергі жасайтын микрокапсула жатады. Шартты-патогенді және диареягенді ішек таяқшалары антигенді құрылымымен және патогенді факторлар жиынтығымен ерекшеленеді.

Кесте 14.7.

Enterobacteriaceae тұқымдастығының Escherichia, Shigella, Salmonella туыстастықтарының биохимиялық қасиеттері

Қасиеттері Escherichia Shigella Salmonella
Фогес-Проскауэр реакциясы - - -
Түзеді:      
Индол + +/- -
Н2S - - +
Утилизациялайды:      
Малонатты - - -
Цитратты - - +
Мочевинаны гидролиздейді - - -
Орнитиндекарбоксилаза - - +
Лизиндекарбоксилаза + - +
Глюкоза ыдырағанда газдың п.б. + - +
Қышқылға дейін ферменттейді      
Лактозаны + - -
Сахарозаны +/- - -
Маннитты + +/- +

Резистенттілігі. Басқа энтеробактериялардың ішінде E.coli қоршаған ортаның әртүрлі факторларының әсеріне аса жоғары төзімділігімен ерекшеленеді. Дезинфекциялық заттардың әсерінен тез жойылады. 60° C температурамен қыздырғанда 15 минутта өледі.

Эпидемиологиясы. Дамыған мемлекеттерде гигиеналық стандарттарды сақтаған жағдайда энтеропатогенді эшерихиялар қоздыратын энтериттердің бұрқетпесі сирек кездеседі. Энтеротоксикалық эшерихиялар жолаушылардың іш өтуінің негізгі себебі. Энтералды эшерихиоздардың инфекция көзі ауру адамдар мен жануарлар болып табылады. Инфекцияның таралу механизмі фекалды-оралды (ауыз қуысы арқылы), негізгі таралу жолдары – тағамдық (гамбургер, картоп, майонез, сүт, ауыз суы), қарым-қатынастық және тұрмыстық. Ауру көбінесе күрт көбею түрінде сипатталады.

Патогенезі. E.coli түрі шартты - патогенді эшерихиялар жәнедиареягенді деп топшаларға бөлінеді.

Шартты-патогенді эшерихиялар адамдардың, жануарлардың, құстардың, рептилиялардың, балықтардың қалыпты микрофлораларының өкілдері. Микроб нәжіс арқылы сыртқы ортаға түседі. Ішек таяқшасының суда, топырақта, ауада, ас тағамдарында, тұрмыстық заттарда кездесуі нәжіспен ластану көрсеткіші болып табылады.

Шартты - патогенді эшерихиялар көбінесе эндогенді іріңді – қабыну процестерін (парентералды эшерихиоздар) қоздырады, яғни сепсис, жарақаттардың іріңдеуі, екіншілік пневмония, несеп жолдарының инфекциялары. Көбінде иммундық тапшылық жағдайда пайда болады.

Шартты - патогенді эшерихиялардың R плазмидаларының болуына байланысты антибиотиктерге тұрақтылық алып полирезистенттілікке ие болады және ауруханаішілік инфекциялардың туындауына әкеледі.

Патогенді E.coli ішектік эшерихиоздың, АІИ қоздырғыштары болғандықтан диареягенді деген атауға ие болды.

Диареягенді E.coli тобы бірыңғай емес, олар патогенділік факторларына, олардың генетикалық детерминациясына, эпидемиологиясының ерекшелігіне, патогенезіне және қоздыратын ауруларының клиникалық көріністеріне байланысты 4 категорияға бөлінеді. ЭТІТ – энтеротоксигенді ішек таяқшасы; ЭПІТ – энтеропатогенді ішек таяқшасы; ЭГІТ – энтерогеморрагиялық ішек таяқшасы; ЭИІТ- энтероинвазиялық ішек таяқшасы. Бұлардан басқа толық зерттелмеген энтероагрегативті және диффузды жабысқыш ішек таяқшалары бар. ЭТІТ балалар мен ересектерде тырысқақ тәрізді аурудың қоздырғышы болып саналады. Патогенділігі термолабилді тырысқақ токсинін және термостабилді энтеротоксиндерді бөлуімен байланысты. Ащы ішектің эпителиіне жабысып, көптеп энтеротоксин бөліп, соның әсерінен тұз – су алмасуы бұзылып, сулы іш өтуге әкеледі. ЭТІТ 17 серотоппен байланысты, олардың ішінде О6: Н16, О8:Н9, О78:Н11, О148:Н28. ЭТІТ су арқылы және алиментарлы жолмен жұғады. ЭИІТ тоқ ішектің шырышты қабығының эпителий жасушаларына енеді және көбейеді де, олардың құрылымын бұзады. ЭИІТ шигеллаларға ұқсайтын плазмидасы бар, ол тоқ ішектің шырышты қабығының жасушаларына инвазиялық процесті болдыратын беткейлік ақуыздардың синтезін кодтайды. Соның салдарынан дизентерия тәрізді ауру дамиды. ЭИІТ су арқылы және алиментарлы жолмен жұғады, АІИ дамуы мүмкін. ЭИІТ келесі серотоптар байланысты О124, О144, О152 (9 - дан астам серотоп). ЭПІТ бір жасқа дейінге балаларда іш өту туғызады. Ауру көбінде тұрмыстық - қатынас арқылы АІИ түрінде жаңа туған балалардың жасанды тамақтандыру бөлімдерінде жиі өтеді. ЭПІТ ащы ішектің эпителий қабатының бетінде көбейіп, микро бүрлерін бұзуға және эпителидің апикальді беткейін зақымдауға қабілетті. ЭПІТ серологиялық варианттары О55:Н10, О111:Н2, О26, О18 (барлығы 13), кейбір сероварлары шига тәрізді токсин бөледі, мысалы О55:Н10, О111:Н2, О26:HNM. ЭГІТ адамдарда қан аралас іш өту (геморагиялық колит) тудырады, соңында гемолитикалық уремикалық синдром, тромбты тромбоцитопениялық пурпура түріндегі асқынуларға ұласады. Эпидемиологиялық маңызы бар ЭГІТ сероварлары - О157:Н7 және О157:HNM. Инфекция көзі ірі қара мал мен қойлар. Негізгі жұғу жолы алиментарлы, яғни термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген ет өнімдері. Соқыр ішек және тоқ ішектер зақымданады. ЭГІТ ішек эпителиімен жанасуы ЭПІТ механизміне ұқсас болады. Ақуыз (интимин), фимбриялар ішектің жұмысын бұзады, гемолизин ішектің тосқауылдық қызметінің бұзылуына әкеледі. Геморрагиялық колиттің дамуы энтеротоксин және шига тәрізді токсиннің түзілуіне байланысты. ЭГІТ шига тәрізді токсинінің 2 типі кездеседі. О157 серовары шига тәрізді токсиннің біреуін немесе екеуін де түзуі мүмкін.

Клиникалық көріністері. Жасырын кезеңі 2-ден 6 күнге дейін созылады. Ауру қызудың жедел жоғарылауымен, іш өту мен құсудан басталады. Сусыздану дамиды, нәжісте қан пайда болып, бүйректің зақымдану белгілері байқалуы мүмкін. Энтералды эшерихиоздар әртүрлі болуы мүмкін - симптомсыздықтан токсикалық-септикалыққа дейін. Колиэнтериттер балалардың ерте өлімінің себептерінің бірі болып табылады.

Иммунитеті. Парентералды эшерихиоздар көбінде иммунды тапшылық жағдайда дамиды. Оған тұрақты иммунитет қалыптаспайды.

Ішектік эшерихиоздар кезінде жергілікті иммунитет қалыптасады, секреторлы IgA түзіледі. ЭТІТ қоздыратын ішектік эшерихиоздан кейін тырысқақтық токсинінің суббірлігіне антиденелер түзіледі. Бір жасқа дейінгі балаларда ЭИІТ - на пассивті трансплацентарлы иммунитет, плацентадан өтіп кететін IgG түзіледі. Бір жастағы балалардың табиғи иммунитеті туғаннан кейін 5- ші күні баланың ішегінде анасының сүті арқылы бифидобактериялар мен антиденелердің шоғырлануын қамтамасыз етеді. Аурудан соң иммунитет тұрақсыз және ұзақ емес.

Микробиологиялық диагноз қою. Жеделдетілген әдіс: РИФ, ИФТ, патогенділік плазмидаларын анықтау.

Зерттеуге арналған негізгі материал - нәжіс, қосымша қан, өт, несеп, дуоденалды бөліндісі, құсық массалары, асқазан шайындысы т.б.

Негізгі әдіс – бактериологиялық әдіс. Эшерихиялардың патогенді түрін патогенсіз түрінен ферментативтік белсенділігіне байланысты ажырату мүмкін емес және біріншілік себіндіде олар біркелкі колониялар түзеді. Сондықтан келесі кезеңдермен зерттеу жүргізеді.

Бірінші күн. Зерттеу материалы (нәжіс, құсық массалары, несеп, ас тағамдары) Эндо және Плоскирев орталарына себіледі, 37° С температурада 18 – 24 сағат инкубацияланады.

Екінші күн. Қоректік орталарда өскен колонияларды іріктеп алады, мысалы Эндо ортасында лактоза оң E.coli қою – қызыл металша жылтыр немесе жылтыры жоқ ортасы ашық қызғылттау, кейде түссіз шеңбері бар, кейбіреулері жартылай мөлдір колониялар түзеді. Біркелкі колониялардан шамамен 10, әр түрлі болған жағдайда әр түрінен 2 – 3 колониядан таңдап алып поливалентті ОКА сарысуларымен әйнекше бетіне серологиялық агглютинациялық реакция қояды. Серологиялық реакцияда оң нәтиже берген колониялардың жартысынан біріншілік идентификация жасайтын қиғаш агарға ілмекпен себінді жасалады.

Үшінші күн. Қиғаш агардағы өсіндіні сипаттайды, яғни глюкозаны ыдыратуын, газдың болуын, лактозаны ферменттеуін, күкірттісутек түзуін. Глюкозаны қышқыл мен газға дейін ферменттемейтін, лактозаны ферменттейтін немесе ферменттемейтін, күкірттісутек түзбейтін дақылдар Escherichia туыстастығына күмәнді болып келеді. Бүндай дақылдарды әйнекше бетіне ОКА поливалентті сарысуымен қойылатын агглютинациялық реакциямен қайталап тексереді, оң нәтиже берген жағдайда ОКВ, ОКС, ОКД, ОКЕ немесе ОК - иммундыглобулиндерімен тексереді. Оң нәтиже берген дақылдан индолға сынама қойып, жартылай сұйық қоректік ортаға, Симмонс ортасына, мочевиналы ортаға, Гисс ортасына (адонит, инозит, сорбит, рамноза) ілмекпен себеді.

Қозғалғыштығын бақылау үшін жартылай сұйық ортаға инелі әдіспен себінді жасайды.

Төртінші күні. Себінділерге қортынды жасалады. E.coli бөлінген жағдайда серотипін анықтау мақсатында серологиялық идентификация жасалады. О және К антигендерді анықтау үшін қиғаш агардағы тәуліктік дақылды пайдаланады, ОК поливалентті сарысуымен немесе ОК - иммундыглобулинімен оң нәтиже берген дақылдарды топтық ОК жеке сарысуларымен агглютинациялайды. Алғашқы нәтижені жеке ОК - сарысумен әйнекше бетіне ОК – иммундыглобулинімен (тірі дақыл) немесе топтық адсорбцияланған О - сарысуларымен (100° C 30 минут қыздырылған дақыл) агглютинациялап дәлелдейді. ОК – иммуноглобулинімен адсорбцияланған - О сарысуы болмаған жағдайда ОК – топты анықтауды тірі (К - антигенді анықтау үшін) және 100° C температурада 1 сағат қыздырылған (О- антигенді анықтау үшін) дақылмен сызықтық (линейный) агглютинация реакциясымен жүргізеді. ОК- топты анықтаған соң қозғалғыш штамдардың арасынан Н – антигенді агарда иммобилизациялау немесе әйнекше бетіне агглютинациялау әдістерімен анықтайды.

И.И.Мечников атындағы НИИВС адсорбцияланған О – сарысуларды (И.Н. Улиско) және бір уақытта Н- антигенді әйнекше бетіне агглютинациялап анықтауға арналған сарысулардың рапид - жүйесін (Ю.А.Ратинер) дайындау технологиясы жасалған.

Бесінші күні. Тізбектік агглютинация реакциясының және Н- антигенді агарда иммобилизациялау әдістерінің нәтижесі ескеріледі. Тірі дақылмен қойылған К – антиденелік ірі мамықты агглютинат немесе қыздырылған дақылдағы О –антиденелік ұсақ дәнді агглютинат бөлінген штамның ОК – топқа жататындығын дәлелдейді. Н- антиген агарда иммобилизация болғызған штамның Н – сарысуға сәйкестігін білдіреді.

Айқындалған О-, К-, Н- антигендерге байланысты бөлінген штамның серотипі анықталады.

Түрішілік идентификация серологиялық топты анықтауға, яғни шартты-патогенді ішек таяқшаларды диареягенді таяқшалардан ажыратуға мүмкіндік береді; антибиотикограмма жасалады.

Өкінішке орай қазіргі кезде біздің елімізде E.coli - дің патогенділік факторларын анықтайтын қарапайым, жеңіл әдістер жоқ.

Балалар мен ересектердің ішектік эшерихиозына диагноз қою үшін зерттеу кешені ұйымдастырылуы керек. Соңғы кездері энтерогеморагиялық эшерихияларға көп көңіл бөлініп жүр. Бұл қоздырғышты анықтау үшін сорбит қосылған және Н7 – сарысуы қосылған қоректік орталар қолданылады, сонымен бірге ПТР - мен анықтайды.

Парентералды эшерихиоздардың қоздырғыштарын анықтау үшін бактериологиялық әдіс қолданылады.

Емдеуі. Кешенді, науқастардың, әсіресе балалардың тұз - су алмасуын қалпына келтіру.Ауыр жағдайларда антибактериялық препараттар қолданылады және симптомды ем жүргізіледі.

Алдын алуы. Спецификалық профилактикасы жоқ. Бейспецификалық пофилактикалық шараларына санитарлық – гигиеналық талаптар, су қоймаларының, тағамдық өндірістердің, ас тағамдарының санитарлық қадағалануы жатады.

14.2.1.2 Клебсиеллалар (Klebsіella туыстастығы)

Бактерияның аталуы 1875 жылы алғаш рет ашқан неміс бактериологы Э.Клебс атымен байланысты.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: