Bordеtella bronchiseptica, Bordеtella avium

Bordеtella bronchiseptica және Bordеtella avium талшықтары бар, ұсақ, грам теріс таяқшалар. Сүтқоректі жануарлар мен құстардың паразиттері. Тыныс алу жолдарының эпителийінде орналасып көбейеді. Антигендік және басқа да қасиеттері, идентификациялау белгілері жоғарыда аталды.

Bordеtella bronchiseptica адамдарда паракөкжөтелге ұқсас өте сирек ауру тудырады. Кейбір жағдайда иммунитеті төмен адамдарда және үй жануарларын (ор қояндар, иттер) ұстайтын адамдар ауырады. Адамдарда симптомсыз тасымалдаушылық кездеседі. Bordеtella avium-нің адамға патогенділігі дәлелденген жоқ.

14.3.2. Бруцеллез (сарып) қоздырғыштары

Бруцеллез – Brucella туыстастығына жататын бактериялар тудыратын жұқпалы ауру, ұзаққа созылған дене қызбасы, қимыл-тірек аппараты, жүйке, жүрек-қан тамыр және зәр шығару-жыныс жүйелерінің зақымдануымен сипатталады. Қоздырғыш туыстастығының аталуы 1886 жылы бруцеллез қоздырғышын алғаш рет ашқан ғалым Д. Брюстың атымен байланысты.

Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Brucellaсеае.

Туыстастығы: Brucella.

Түрлері: Brucella melitensis, Brucella abortus, Brucella suis, Brucella canis, Brucella ovis, Brucella neotomae.

Морфологиясы және тинкториалдық қасиеттері. Бруцеллалар – ұсақ, грам теріс, сопақша пішінді таяқшалар. Спора түзбейді, талшықтары және капсуласы жоқ. Дегенмен, спецификалық бактериофаг немесе құрамында 10% иммундық сарысуы бар ортада өскенде нәзік капсула түзеді. Морфологиялық қасиеттері бойынша бруцеллалардың 6 түрін бір-бірінен ажырата алмайды, ал жағынды да ретсіз шашырап орналасады.

Дақылдандыру. Бруцеллалар – облигатты аэробтар. Brucella abortus және Brucella ovis өсіру үшін 5-10% көмір қышқыл газын қажет етеді. Оптималды өсу температурасы – 370С, қолайлы орта рН – 6,8-7,2. Бруцеллалар қоректік ортаға талғамды, арнайы қоректік орталарда (бауыр қосқан және т.б.) өседі. Олардың ерекшеліктері – баяу өсуі (2-3 апта ішінде). Сұйық қоректік ортада бруцелалар лайланып тұнба түзеді. Тығыз қоректік орталарда көгілдір сұр түсті, ұсақ, дөңес, мөлдір колониялар түзеді. Гемолиз бермейді, пигмент түзбейді. S-пішіндіден R-пішіндіге қарай диссоциация байқалады. Антибиотиктердің әсерінен L-пішінге ауысады. Тауық эмбрионның сарыуыздық қапшығында жақсы дақылданады.

Ферменттік белсенділігі. Бруцеллалардың биохимиялық белсендігі жоғары емес. Каталаза және оксидазасы бар, нитратты нитритке айналдырады, цитратты утилизацияламайды, күкіртті сутек түзеді.

Антигендік қасиеті. Бруцеллалардың О-антигендері бойынша бірнеше түрі бар, негізгі беткейлік антигендері – А және М. Бұл антигендердің түрге байланысты арнайылығы бар; Brucella melitensis -тің М антигені басым, ал Brucella abortus және Brucella suis -те – А-антигені артығырақ болады. Бруцеллаларда термостабильді Vi - антиген анықталған.

Бруцеллалардың биохимиялық, антигендік қасиеттері бойынша, тионин және фуксин бояулары қосылған қоректік орталарда өсу қабілеті бойынша түр ішінде биоварлары ажыратылады.

Патогенділік факторлары. Бруцеллалар жоғарғы инвазиялық қасиетке ие, эндотоксин және агрессия ферментеріне жататын гиалуронидазаны түзеді. Олардың адгезиялық қасиеттері – сыртқы мембрана ақуыздарымен байланысты. Осымен қатар бруцеллалар аллергендік қасиетке ие.

Резистенттілігі. Бруцеллалар қайнатқанда, дезинфекциялық ертінділер әсерінен тез жойылады, дегенмен төменгі температураға тұрақты (тоңазытылған етте 5 айға дейін, сүт тағамдарында 1,5 айға дейін сақталады). Ылғалды орталарда бруцеллалар 3-4 ай бойы сақталады, сүт тағамдарында – 40-45 күн, суда, топырақта 3-5 айға дейін тіршілік етеді.

Эпидемиологиясы. Бруцеллаларға теңіз шошқалары, ор - қояндар, ақ тышқандар өте сезімтал болып келеді. Бруцеллез (сарып) – зоонозды инфекция; жұқтыру көзі - ірі және ұсақ қара мал, доңыз, сирек жағдайда - еліктер, жылқылар, иттер, мысықтар және тағы басқа жануарлар. Қазақстанда бруцеллездің негізгі жұқтыру көзі – Brucella melitensis бөлетін қойлар, дегенмен сиырлар да жұқтырады (Brucella abortus). Науқас адамдар инфекцияның көзі болмайды. Барлық зооноздарға ұқсас сарыптың жұғу механизмдері және таралу жолдары әртүрлігімен сипатталады. Бруцеллезбен зақымдану сүт, ет тағамдарын қолданғанда болады. Ауру жануарлармен қатынаста болған малшылар, сауыншылар ауырады. Бруцеллез барлық мемлекеттерде таралған. Оқтын-оқтын немесе күрт көбею түрінде ауру негізінде мал-шаруышылық аймақтарында кездеседі.

Патогенезі. Бруцеллалар адам ағзасына тері және шырышты қабат арқылы өтеді, аймақты лимфа түйіндеріне түседі, қанға таралады. Қан айналымымен барлық ішкі ағзаларға тарайды және ретикулярлық эндотелиялды жүйеге енеді (бауыр, көк бауыр, сүйек кемігі). Осы ағзаларда ұзақ сақталып, қайтадан қанға түсуі мүмкін. Бруцеллалар бұзылған уақытта эндотоксин бөлінеді, ол ағзаның жалпы интоксикациясын тудырады. Аурудың патогенезінде организмнің бруцеллалармен сенсибилизациялануы маңызды рөл атқарады.

Клиникалық көріністері. Инкубациялық кезеңі 1-3 аптаға дейін созылады. Дамыған аурудың белгілері әр түрлі. Бруцеллез кезінде ұзақ дене қызбасы, қалтырау, тершеңділік, буындардың ауырсынуы, түсік тастау байқалады. Кейбір жағдайларда радикулиттер және миозиттер пайда болады. Патологиялық процестерге жүрек-қан тамыры, зәр шығару жыныс және басқа жүйелер бұзылыстары қосылады. Ауру созылмалы түрде өтеді.

Иммунитеті. Аурудан соң тұрақсыз, стерилді емес, ұзаққа созылмайтын (6 - 9 айға дейін сақталатын) гуморалды-жасушалық (фагоцитоз, агглютининдер, комплемент байланыстырушы антиденелер және т.б.) иммунитет қалыптасады. Бруцеллезбен ауырған адамдар осы инфекцияға қайтадан шалдығуы мүмкін.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеуге алынатын материалдар – қан, зәр, сүйек кемігі. Диагноз қою үшін барлық микробиологиялық әдістер қолданылады. Негізгі бактериологиялық әдіс қоздырғыштың туыстастығын ғана емес, инфекция көзін табу үшін түрін де анықтайды. Сонымен қатар, серологиялық әдіс (Райт, Хеддельсон агглютинациялық реакциялары, жанама геммаглютинациялық реакция, комплементті байланыстыру реакциясы және тағы басқалар), тері аллергиялық сынамалар (бруцеллинмен Бюрне сынамасы) қолданылады. Биологиялық әдіс үшін ақ тышқандар және теңіз шошқаларына жұқтырыды.

Бактериологиялық әдіс негізгі жәнебарлық уақыттажүргізіледі, теріс нәтиже инфекцияның толық жоқ екеніне негіз емес. Бруцеллаларды бөліп алу үшін ет-пептонды бауырлы агар, сарысулы - декстрозды және эритрит-агарлар, Мартен және Альбими агарлар, «Д» агарды қолданады. Басқа микрофлоралар өспеу үшін ингибиторлар қосады: генцианвиолет 1:200 000 концентрациясында немесе антибиотиктер (полимиксин В – 6 мкг\л, бацитрацин – 25 мг\л, амфотерицин В – 1 мг\л, циклогексамид – 100 мг\л, D-циклосерин 100 мг\л, налидиксин қышықылы – 5 мг\л, ванкомицин – 20 мг\л). Қызба кезінде аурудан алынған қанның 5 мл екі би фазалы орталарға себеді. Ортаны флаконға қиғаш етіп құяды (30-50 мл) және оның бетіне 25-30 мл сорпа қосады. Бір флаконды СО2-ның жоғары концентрациясында (5-10%), ал екіншісін қалыпты атмосферада 370С температурада инкубациялайды. 4-ші күні орталарды қарайды.Өсу анықталмағанда бетіне сорпа қосады. Оң нәтижелі болса орта бетінде бруцелла колониялары пайда болады – майда, түссіз, томпақ. Колонияларды жинап алып идентификациялау жүргізеді. Егер бір ай ішінде бруцелла колониясы анықталмаса тығыз қоректік орталарға бақылау үшін себеді.

Биологиялық әдіс бактериологиялық әдіспен бірге жүргізіледі. Салмағы 250-300 грамм болатын теңіз шошқаларына немесе 17-20 грамм салмақты ақ тышқандардың шап аймағына, іш қуысына зерттеу материалын 0,5-1 мл мөлшерде енгізеді. Жануарлардың (шошқаларды - 30-35 тәулік, тышқандарды – 20-25 тәулік өткенде) өлігін ашып зерттейді. Бактериологиялық әдіспен лимфа түйіндерін, бауырды, көк бауырды зерттейді. Себілген орталарды 370С температурада 25-30 тәулік инкубациялайды, 3-4 күн сайын орталарды бақылап қарайды.

Серологиялық әдісте бруцеллез қоздырғыштарының антигендерін анықтау реакциялары қолданады: иммунофлюоресценция реакциясы (ИФР), иммуноферментті талдау (ИФТ), антиденелерді бейтараптау реациясы (АдБР).

Зерттеу материалынан жағынды дайындап ауада кептіріп 30 минут этил спиртында фиксациялайды. Содан кейін препаратқа бруцеллездік люминисцентті сары су тамызады. Препаратты 15-20 минутқа ылғалды камераға қояды, содан кейін ағын сумен 10 минут шаяды және ауада кептіреді. Кепкен препарат бетіне глицерин ерітіндісін (9 бөлік глицерин мен 1 бөлік натрий хлоридімен буферленген изотоникалық ерітінді) тамызып, бетіне жабын шыны жауып люминесцентті микроскопта қарайды. Оң нәтижеде қараңғы немесе қызғылт-сары бетте ашық жасыл боялған жасушалар байқалады.

АдБР - материалды зерттеу алдында 1000С температурада 10 минут қыздырады. Реацияны полистиролыды пластинкаларда жүргізеді. Реакция – антиденелердің антигендерді бейтараптап, арнайы антигенмен байланысқан эритроциттердің агглютинациялауын тоқтатуға негізделген.

Бруцеллаларға қарсы арнайы антиденелерді анықтау үшін пластиналық агглютинация реакциясын, көлемді агглютинация реакциясын (Райт), ЖГАР, Роз-Бенгал антигенімен пластиналық агглютинация реакциясын, антиглобулярлы сынама (Кумбс реакциясы), иммундыферментті талдау (ИФТ), жанама иммундыфлюресценция реакциясын (ЖИФР) қолданады.

Пластиналық агглютинация реакциясы (Хеддльсон реакциясы). Бұл реакция өте қарапайым, сезімтал және нәтижесі жедел алынады. Антиген ретінде Хеддльсон және Райт реакцияларына ортақ бруцеллездік диагностикум қолданады. Реакция тазалап жуылған, майсыздандырылған, әрқайсысы 4х4 см көлемінде сызылған, терезелік шыны бетіндегі 5 квадратта жүргізіледі. Бірінші квадратында сол жағында зерттелінетін сарысу номерін жазады, келесі квадратта солдан оңға қарай зерттейтін сарысудың келесі дозаларын 0,04, 0,02, 0,01 және 0,03 мл (сары суды бақылау) тамызады. Сары судың бірінші үш дозасына 0,03 мл-ден антиген қосады. Соңғы дозасына 0,03 мл изотоникалық натрий хлориді ерітіндісін қосады. Таяқшамен сары - суды (минимальды дозасынан бастап) антигенмен абайлап араластырады. Антиген бақылау - 0,03 мл изотоникалық натрий хлориді ерітіндісіне 0,03 мл антиген қосып дайындайды. Сосын шыныны от жалынында қыздырады. Реакция оң нәтижелі болса бірнеше минуттан сарысумен антиген тамшысында агглютинат түйіршіктері пайда болады. Максимальды бақылау уақыты - 8 минут. Реакция нәтижесін қаруланбаған көзбен бақылайды. Оң нәтижеде сарысудың барлық дозасында агглютинация 2+тен төмен емес (ерітіндінің лайлануы басылып түйіршіктер пайда болады – 50% агглютинация).

Пробиркадағы (көлемді) агглютинация реакциясы (Райт) бруцеллезге диагноз қоюдың ең негізгі әдісі. Аурудың жедел және жедел асты түрінде бұл реакцияның маңызы өте зор.

Пробиркаларға изотоникалық натрий хлориді ерітіндісін құяды: біріншісіне – 2,4 мл, қалғанына 0,5 мл-ден. Бірінші пробиркаға 0,1 мл сары су құяды, араластырады, 0,5 мл екінші пробиркаға алып құяды және 0,5 мл-ден әрі қарай титрлейді. Соңғы пробиркадан 0,5 мл-ін дезерітіндісі бар ыдысқа төгеді, осының нәтижесінде 1:25, 1:50, 1:100; 1:200 және т.б. сұйылтулар 0,5 мл көлемде болады. Бірінші пробиркадан 0,5 мл ерітіндіні таза пробиркаға құяды, оған 0,5 мл изотоникалық натрий хлор ерітіндісін қосады (сарысуды 1:50 сұйылтуында бақылау). Диагностикумды 0,03 мл изотоникалық ерітіндімен сұйылтады және 0,5 мл- ден бақылаудан басқасынан барлық пробиркаларға құяды. Диагностикум қосқаннан кейін сұйылту екі еселінеді - 1:50, 1:100; 1:200; 1:400 және т.б. Пробирка ішіндегісін сілкілеп араластырады және термостатқа 370С температурада 18-20 сағат инкубациялайды 1-2 сағат бөлме температурасында ұстайды.

Осымен қатар лайлану стандартын жасайды, ол үшін антигенді екі есе сұйылтады. Ары қарай сұйылту кесте бойыншы жасалды (14.13-кесте).

Кесте 14.13.

Райт реакциясы үшін бруцеллездік антигенді сұйылту

Реакция компоненттері Агглютинация  
++++ 1,0 +++ 0,25 0,75 ++ 0,5 0,5 + 0,75 0,25 - 1,0  
Антиген, 1:2 сұйылту Изотоникалық натрий хлориді ерітіндісі  

Лайлану стандартын негізгі реакциямен термостатқа қояды. Реакция нәтижесін лайлану стандартымен салыстыра отырып агглютинаттың тұнбалануы мен ерітінді лайлануының басылуы бойынша тіркейді. Диагностикалық титры РА 1:100 сұйылтуында және одан жоғары болып саналады (2+ төмен емес).

Антиглобулярлы сынаманы (Кумбс реакциясы) толық емес антиденелерді анықтау созылмалы бруцеллез диагнозын қою үшін немесе РА теріс немесе төменгі сұйылтуларда оң болғанда қолданады.

ЖГАР - адам қан сарысуларында бруцеллездік антиденелерді анықтайтын арнайы және жоғары сезімтал диагностикалық әдіс. Реакция қойғанда бруцеллездік эритроцитарлы диагностикум қолданады.

ИФТ - аурудың барлық түрінде қолданады, сондай-ақ эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу үшін және бруцеллезге қарсы вакцинацияланған адамдарды анықтау үшін қолданылады.

ЖИФР қою үшін алдын ала 1-2 тәуліктік агарлық дақылдан жағынды дайындап этил спиртінде 30 минут фиксациялайды, ауада кептіріп ылғалды камераға қояды. Бір затық шыныда 8 жағынды дайындауға болады. Зерттеу сарысуын екі еселеп сұйылтады (1:2 сұйылтудан 1:320 сұйылтуға дейін) және жағындыға пастер түтікшесімен тамызады (көп сұйылтудан бастап). Ылғал камераға 370С температурада 30 минутқа қояды. Сосын жағындыны байланыспаған антиденелерден шаяды және кепкенен кейін антитүрлік люминесцентті сарысумен жұмыс сұйылтуында бояйды. Жағынды дайындау ары қарай тікелей иммундыфлюресцентті әдістегідей жүргізіледі. Бақылау ретінде бруцеллаға қарсы сарысу (оң нәтиже) және оған қарсы антиденелері жоқ (теріс нәтиже) сарысу қосылған жағындыларды қолданады. Реакция нәтижесін жағындыны люминесцентті микроскопта қарап анықтайды. Диагностикалық титрі 1:4-тен төмен болмауы керек.

Бруцеллездік антигенге организмнің сезімталдығын анықтау үшін теріішілік аллергиялық Бюрне сынамасы қойылады. Бұл сынама білектің алақан бетіне 0,1 мл бруцеллин (3 апталық бруцелла дақылының сықпасы) енгізгенде жергілікті қабынумен жауап беруге негізделген. Реакция нәтижесі 24-48 сағаттан кейін ісік көлемі бойынша сантиметрмен өлшенеді. Егер енгізген жерде ісік 2 см-ден үлкен болса әлсіз оң, 2-6 см – оң, 6 см жоғары – күрт оң болып есептелінеді. Теріде гиперемия мен ісік болмаса теріс нәтижеге саналады.

Емдеу і. Негізгі емі – кең спектрлі антибиотиктермен емдеу. Созылмалы түрінде антибиотиктер әсер етпейді, сондықтан арнайы иммунды емдеу - өлі вакцинаны және бруцеллездік иммунды глобулинді қолданады.

Алдын алуы. Бруцеллезден сақтануда – санитарлық-гигиеналық шаралар маңызды рөл алады (соның ішінде сүтті пастеризациялау). Қазақстан Республикасында 2002 жылға дейін эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша бруцеллездік құрғақ тірі вакцина (Brucella abortus 19 ВА cиыр типті вакциналық штамм) адамдарға қолданылды.

14.3.3.Туляремия қоздырғышы

Туляремия (Калифорниядағы Tulare жерінің атымен байланысты) – табиғи ошақты Francisella tularensis (McCoy et Chapin) туғызатын, қызбамен және лимфа түйіндерінің зақымдалуымен сипатталатын, зоонозды жұқпалы ауру. 1911 жылы Калифорнияда Г. Мак-Кой және Х. Чепин ашқан, Э. Френсис зерттеген. Тұқымдастығы анықталмаған.

Таксономиясы.

Туыстастығы: Francisella.

Түрі: Francisella tularensis.

Бұл түр 3 түрастына бөлінеді: арктикалық емес, орта азиялық, голарктикалық. Соңғысы 3 биологиялық варианттан тұрады: жапониялық, биовар I Еrу (S) (эритромицинге сезімтал) және биовар II Еrу (R) (эритромицинге төзімді).

Морфологиясы мен дақылдандыруы. Ұсақ, грам теріс бактериялар, талшықтары жоқ, спора түзбейді, бактерия айналасында капсула тәрізді шырыш жабынын ажыратады. F.tularensis - аэроб, қарапайым қоректік орталарда өспейді, дефибринденген қан, сарысу (10%), сарыуыз немесе цистин, тиамин, глюкоза қосылған орталарда өседі (Мак-Кой, Чепин және Френсис қоректік орталары). Тауық эмбрионның сарыуыз қапшығында жақсы өседі. Өсуі кезінде бактерияның аттенуациясы және олардың вирулентті S-түрінің авирулентті R-пішінге айналуы іске асады. Туляремияның көптеген штамдары глицериннегативті (глицеринді ыдыратпайды) және голарктикалық түрлік айырмашылығына жатады. Қазақстандық ғалым М.А.Айқымбаев 1960 ж. Francisella tularensis-тің жаңа түрастын (Francisella tularensis mediaasiatica Aikimbaevi) ашты, бұл глицеринді ыдыратады, глюкоза, мальтоза қанттарын ыдыратпайды, құрамында цитрулинуреидазасы бар.

Оптимальды өсу температуррасы – 37-380С; рН 6,8 – 7,4. Тығыз қоректік орталарда домалақ, майда, нүктелік, ақшыл, шеті тегіс колониялар түзеді. Колония түзілу жылдамдығы зерттеу матералындағы микробтар санына байланысты, аз инфицірленген материалдан бөлек колония түзілу мерзімі ұзақ болып келеді – 10 тәулікке дейін.

Ферменттік белсенділігі өте төмен, глюкозаны және мальтозаны, тұрақсыз түрде, манноза және левулезаны қышқылға дейін ыдыратады, күкіртті сутек (Н2S) бөледі. Кейбір штамдарының глицеринді ыдыратуын дифференцияциялауға қолданады.

Антигендік қасиеттері мен патогенділік факторлары. Francisella tularensis-тің қабықшалық Vi- және соматикалық 0-антигендері бар, бруцеллаларға антигендік туыстығы анықталған. Ауру туғызатын және иммуногенді қасиеттері Vi-антигенмен, эндотоксин типті токсикалық заттармен байланысты Жасушаішілік паразитизм - фагоциттердің лизосомалды қызметін басу, осының нәтижесінде бактериялар ретикулоэндотелиалды жүйенің макрофагтарында ұзақ уақыт болады. Капсуласы - фагоцитоздан қорғайды. Эндотоксин - басқа грам теріс таяқшалардың эндотоксинімен салыстырғанда белсенділігі төмен. S- пішінді колония түзетін миробтар патогенді болып келеді. R-колонияға өткенде Vi- антигенін жоғалтады, сонымен бірге – вируленттілігін және иммуногендігін жоғалтады. Адам үшін арктикалық емес түрасты аса патогенді, голарктикалық және орта азиялық түршелерінің патогенділігі төмен.

Резистенттілігі. F.tularensis қоршаған оратада ұзақ сақталады, әсіресе төмен температурада (8-10 ай), ылғалды топырақта 5 айға дейін, суда – 9 айға дейін, құрғақ шөпте 00С темпертурада – 4-5 айға дейін сақталады; жоғары температураға тұрақсыз: қайнатқанда сол мезетте өледі. 60әС - ге дейін қыздыру 20 мин кейін жояды; күн сәулелерінің тура әсерінен 20-30 мин кейін жойылады. Francisella tularensis бактериялары әдеттегі дезинфектанттарға және радиациялық сәулеленуге тұрақсыз.

Эпидемиологиясы. Туляремия қоздырғышы сүтқоректілердің көптеген түріне және кеміргіштер мен қояндар үшін патогенді. Табиғатта олардың 100-ден астам түрлері инфекция көзі болуы мүмкін. Үй жануарлары арасында франциселлаға қой, шошқа, ірі қара мал сезімтал.

Туляремия көптеген континенттерде тараған. Кеміргіштердің барлық түрі, соның ішінде су суыры, ондатр, үй тышқаны, қоян және т.б. жиі инфекция көзі болып табылады. Жануарлар арасындағы қоздырғыштың таралуы қансорушы буынаяқтылар (кене, масалар, бүргелер) арқылы жиі іске асады. Адамға таралу жолдары – трансмиссиялық (кене, маса, бөгелектің шағуы), қарым-қатынас – тұрмыстық (көздің шырышты қабаты немесе терінің зақымдалған беткейі арқылы), тағамдық (ластанған су немесе азық-түлік қабылдағанда), ауалы-тамшылы (кеміргіштер бөліндісімен ластанған ауадағы шаң немесе тамшылармен дем алу кезінде).

Патогенезі. Қоздырғыш енген орында алғашқы ошақ пайда болады. Қоздырғыштың лимфа тамырлары бойынша таралуы патогенезде маңызды орын алады. Қоздырғыш, оның токсиндері қанға еніп, лимфа түйіндерінің зақымдануларын тудырады (бубондар түзілу).Түзілген ошақтардан ауру қоздырғышы оқтын-оқтын лимфа және қанға еніп, ол эндотоксин бөлінумен сипатталады, ал бактериемия - бауырға, көк бауырға, өкпеге және басқа ағзаларға метастазданумен суреттеледі, ол екіншілік зақымданулармен сипатталады (екіншілік пневмония, менингит және т.б.). Туляремия микробы аэрозольды жолмен жұққанда біріншілік пневмония (өкпелік пневмония), ал буынаяқтылар шаққанда туляремияның жайылмалы түрі дамиды(септикалық). Осы екі түрде біріншілік ошақ болмайды және жоғары өлімге әкеледі. Алиментарлы жолмен жұққанда абдоминальды түрі (асқазан-ішектік) сирек кездеседі.

Клиникалық көріністері. Туляремия – токсико-аллергиялық, аз септикалық сипатты жедел қызбалы ауру. Халықаралық статистикалық жіктелінуі (оныншы қаралым, ВОЗ, 1995) бойынша келесі клиникалық түрлері: ультцерогландулярлы (ескі жіктелінуі – жаралы-бубонды, синонимы – тері-бубонды), окулогландулярлы (көзбубонды, офтальмиялық), торакальды (өкпелік туляремия), абдоминальды (асқазан – ішекті туляремия), жайылмалы және басқа түрлері (соның ішінде ангинозды-гландулярлы) анықталмаған. Инкубациялық кезеңі 3-7 күнге созылады. Ауру кенеттен басталады, дене қызуы 38-400С дейін көтеріледі, клиникалық белгілері аурудың түрі мен инфекцияның берілу жолына байланысты. Басында қызба тұрақты, ал кейінінен әртүрлі сипатта болады. Аура әлсіздікпен, бас ауыруымен, бас айналуымен, тәбетінің төмендемуімен, тілдің ақ-сұр түсті өңезделуімен, бұлшық еттердің ауыруымен, ұйқының бұзылуымен, терлегіштікпен, қан қысымының төмендеуімен сипатталады. Бубонды, көз-бубонды, ангинозды-бубонды және септикалық түрлерін бөледі. Өлім жағдайы 5%-ға дейін болуы мүмкін.

Иммунитеті. Ауырғаннан кейін иммунитет ұзақ сақталады, кейде өмірлік болады; аурудың бірінші күнінен бастап қоздырғыш антигендеріне аллергизациялану дамиды.

Микробиологиялық диагноз қою серологиялық, биологиялық және бактериологиялық жолмен материалдарды зерттеуге негізделген. Зерттеулер арнайы мамандырылған зертханаларда жүргізіледі. Зерттеу материалы - науқастардан алынған шайындылар, қан, бубондардың пунктаты. Туляремиялық диагностикум көмегімен АР қолданады, сонымен қатар КБР, ИФР, ИФТ, эритроцитарлы диагностикум көмегімен ГАТР жүргізіледі. Науқастан алынған материалдың бактериологиялық зерттеуі әдетте нәтижесіз болады. Сондықтан теңіз шошқаларына немесе ақ тышқандарға зерттейтін материалды жұқтырғаннан кейін, қоздырғышты бөліп алып идентификациялайды. Туляринмен тері сынамасы қойылады. Сынама оң нәтижелі болса еңгізген орнында 12-24 сағаттан кейін қызару және ісіну пайда болады. Терішілік тулярин – туляремиялық бактерияның вакциналық штамының қоспасы, 700С температурада 1 сағат қыздырылған 1 мл препаратта 500 млн өлі бактерия бар. Препарат бірінші кезекте туляремия диагнозын қоюға арналған. Туляринді 0,1 мл мөлшерде стерильді шприцпен тері ішіне сол білекке егеді. Нәтижесін 24-48 сағаттан кейін теріні көру және пальпациялау арқылы анықтайды. Тері гиперемиясы мен инфильтрациясы 0,5 см-ден кем болмаса - оң нәтижелі, тері қызарып инфильтрат болмаса - теріс нәтижелі деп есептеледі.

Серологиялық диагноз қою. ЖГАР өте сезімтал. Сарысуды 1:100 – ден 1:10000 дейін сұйылтады. Антиген ретінде туляремиялық эритроцитарлы диагностикум қолданылады. Диагностикалық титрі 1:100 және жоғары.

Агглютинациялық реакция (аурудың 10-15 күнінен). Аурудан алған сары суды 1:50 ден 1:1600 дейін сұйылтады. Диагностикалық титрі - оң нәтижелі ( 1:100 және одан жоғары сұйылтуындағы). Реакция аурудың қозу кезінде жүргізіледі. Титрі 1:400- 1:800-ге дейін жетеді, сосын 6-12 айдан және бірнеше жылдан кейін 1:10-1:50-ге дейін төмендейді. Антигені - туляремиялық диагностикум (формалинмен өлтірілген туляремия бактериялары - 1 мл 25 млрд микроб денелері).

Биологиялық сынама туляремия бактерияларын анықтаудың ең сезімтал тәсілі. Зерттеу материалдарын изотоникалық натрий хлориді ерітіндісімен (0,3-0,5 мл) араластырып ақ тышқанның тері астына (0,5 мл) немесе теңіз шошқасының (5-7 мл) іш қуысына енгізеді. Өлген жануарларды жарып ағзалардағы (лимфа түйіндері, бауыр, көк бауыр, өкпе, қан) патоморфологиялық өзгерістерді анықтайды. Олардан жағынды дайындап, Романовский-Гимзе әдісімен және люминесцентті туляремиялық сары сумен бояйды. Туляемиялық бактерияларды бөліп алу үшін ағзалардан арнайы қоректік орталарға себеді (Мак-Кой ортасы, ҒТ-агар). Серологиялық зерттеулер үшін ағзалардан алған бөлшектерді Петри табақшасында қайшымен майдалайды, изотоникалық натрий хлориді ерітіндісімен 4% формалинде суспензиялайды және 1 сағат экспозициядан кейін реакция (АдБР) қоюға қолданады.

Иммундыфлюресцентті әдіс туляремияға тиімді жедел-диагноз қою тәсілі болып табылады. Бұл әдіс бойынша тірі жіне өлі бактерияларды олардың арнайы антигендерінің жарқылдауымен анықтайды. Зерттеу материалы ретінде бубон ішінің, көз кілегейінің бөліндісін, тері жарасынан, жұтқыншақтан шайындыны және т.б. қолданады. Зерттеу материалын майсыздандырылған шыныға тамызып жұқа жағынды дайындайды. Препаратты бөлме температурасында кептіреді және 96ә этил спиртінде 10-15 минут фиксациялайды. Фиксацияланған препаратты ауада кептіреді. Құрғақ люминесцентті туляремиялық сарысу мен құрғақ бұқа альбуминін ампула этикеткасында жазылған көлемде дистилденген сумен сұйылтады. Препаратқа тамызар алдында люминесцентті туляремиялық сарысу мен родаминмен белгіленген бұқа альбуминін изотоникалық натрий хлор ерітіндісімен (рН 7,0-7,2) екі еселік жұмыстық титрге дейін сұйылтады. Бір тамшы люминесцентті туляремиялық сарысу және родаминмен таңбаланған бұқа альбуминінің қоспасын фиксацияланған және кептірілген препаратқа бірдей мөлшерде тамызып ылғал камераға салады. Препаратты бөлмелік ауа температурасында 30-40 минут бояйды немесе термостатта 37әС температурада 20 минут ұстайды. Препаратты ағын сумен 3-5 минут шаяды немесе изотоникалық натрий хлор ерітіндісімен (рН 7,0-7,2) бірнеше мәрте шайып, ауада кептіреді.

Препаратты көру үшін флюоресцентті емес иммерсиялық майды қолданады. Оң нәтижелі болса люминесцентті микрскопта туляремиялық бактерияның ашық жасыл жарқырауы байқалады.

Бактериологиялық әдістің туляремияға диагноз қоюда нәтижелігі аз және қосымшалық қана маңызы бар. Ол инфекцияның адамдарға даму ерекшелігімен байланысты – қоздырғыштың тіндер мен ағзаларда аз тарауы. Материалды арнайы қоректік орталарға себеді. Аса сезімтал және қол жетерлік орта - сарыуызды ұйытылған агар, сарыуызды-агарлы орта. Агарлы ортаның бірнеше түрі (цистеин, глюкоза, қан, басқа да өсу факторлары қосылған) бар, сондай-ақ туляремия бактериялары дақылданатын арнайы өнеркәсіптік орталар (ҒТ-агар) пайдалынылады. Селективті қоспа ретінде пенициллин (100 ЕД/мл), ампициллин (100 ЕД/мл), полимиксин (50-100ЕД/мл), кефзол (цефалексин), амфотерицин В (амфоглюкамин), ристомицин сульфаты қолданылады.

Дақылдың пайда болу жылдамдығы зерттеу материалындағы микроб санына байланысты: термостатта 37әС температурада 10 күнге дейін ұстайды.

Бөліп алынған туляремия дақылын келесі белгілер негізінде идентификациялайды: жасушалардың морфологиясы, жағындыда грамтеріс боялуы; сарыуызды және арнайы орталардағы өсу сипаты; ет - пептонды агарда өспеуі; туляремиялық сары сумен агглютинациялануы; иммундыфлюоресценттік реакциямен зерттегенде арнайы жарқырауы; ақ тышқан мен теңіз шошқаларына зерттелінетін дақылды жұқтырғанда өлуі, туляремияға ұқсас патологоанатомиялық өзгеруі және қоздырғыш дақылының бөлінуі.

Туляремия бактериясы сарыуызды агарда шектелген, сәл жылтырлау, түссіз және кілігейлі консистенциялы ілмекпен жақсы алынатын колония түзіп өседі. Грам әдісімен боялған жағындыда – майда грамтеріс коккобактериялар болып келеді.

Өскен дақылдың антигендерін туляремиялық агглютинациялық жылқы сарысуын қолданып агглютинация реакциясының көмегімен анықтайды. РА жалпы қолданатын әдіспен жүргізіледі.

Соңғы кезде туляремия қоздырғышының ДНҚ-ың қоршаған ортада детекциялау үшін ПТР қолданады

Емдеуі. Аминогликозидтер (амикацин, гентамицин, нетилмецин, стрептомицин, канамицин және т.б.), тетрациклин, левомицетин, эритромицин қолдалынылады. Аталған препараттарды улылығына байланысты ауыр және орта жағдайларда қолданады. Жеңіл жағдайларда доксициллин немесе рифампицин қолданады.

Алдын алуы. Алдын алу шаралары кеміргіштерді жоюға, су көздерін қорғауға, санитарлық–ағарту жұмыстарын жүргізуге негізделген.

Белсенді иммунитет туғызу үшін эпидемиялық көрсеткіштер бойынша туляремиялық тірі вакцина қолданылады. ТМД елдерінде Рессей ғалымдары Б. Я. Эльберт және Н. А. Гайский ұсынған F.tularensis № 15 штамынан дайындалған тірі вакцина қолданады.

14.3.4. Легионеллез қоздырғышы

Легионеллез (легионерлер ауруы, син. питтсбург пневмониясы, Понтиак қызбасы, Форт-Брагг қызбасы) – Legionella pneumophila туғызатын жұқпалы ауру, қызбамен, қарқынды жалпы интоксикациямен, өкпе, орталық жүйке жүйесі мен бұйректің, тағы басқа да ағзалардың зақымдалуымен сипатталады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: