Таксономиясы. Тұқымдастығы: Legionellaceae

Тұқымдастығы: Legionellaceae.

Туыстастығы: Legionella.

Түрі: Legionella pneumophila.

Легионеллез қоздырғышын 1977 жылы Д. Мак-Дейд пен С. Шепард ашқан. Филадельфияда (АҚШ) 1976 жылы «Америкалық легион» ұйымның съезіне қатысқан адамдар арасында осы ауру таралғандығынан легионеллез деп аталады.

Морфологиясы және тинкториалды қасиеттері. Легионеллалар – грам теріс таяқшалар, кейде жіпше тәрізді пішіндері кездеседі. Спора, капсула түзбейді, бір немесе екі талшығы бар.

Дақылдандыру. Легионеллалар – аэробтар, 5% көмірқышқыл газы бар ортада жақсы өседі, өсіру жағдайларына талғамды: тек арнайы күрделі қоректік орталарда (L-цистеин және ерігіш пирофосфат темір (Ғе3+) қосылған буферлі көмір-ашытқы агары) ғана өседі. 3-5 тәулікте тығыз қоректік ортада агарға ене отырып, қоңыр пигментті ерекше колониялар түзеді. Легионеллалар факультативті жасушаішілік паразиттер, сондықтан оларды тауық эмбрионының сарыуызды қабығында және жасуша дақылында өсіруге болады.

Ферменттік белсенділігі. Легионеллалардың биохимиялық белсенділігі күрделі: протеолиттік ферменттер кешені, эстеразалар, гликолитикалық ферменттері бар, көмірсуларды ферменттемейді, желатинді сұйылтпайды, уреаза түзбейді, нитратты қалыпқа келтіреді. Ферменттік белсенділігі бактерияның қоректік ортада дақылдандыру және өсіру жағдайына байланысты. Каталазаға қойылған сынама оң, оксидазаға - әлсіз оң немесе теріс нәтижелі болады.

Антигендік қасиеті. L.рneumophila-ның 16 серологиялық тобын бөледі. Legionella pneumophila Chlamydia psittaci-мен бірге туыстастық антигенге ие.

Патогенділік факторлары: 1. Факультативті жасушаішілік паразит - альвеолярлы макрофагтар мен моноциттерді зақымдайды; фагоцитоз кезіндегі фаголизосомды бірігуін басады. 2. Сыртқы мембрананың басты ақуызы (порин) - түрлі спецификалық ақуыз макрофагтардың С3 рецепторын байланыстыру үшін, иммуногендік қасиетке ие. 3. Цитолизин немесе басты секреторлы ақуыз - цитотоксикалық және гемолитикалық белсенділігі бар Zn-металлопротеаза. 4. Липополисахарид - эндотоксин. 5. Цитоплазматикалық мембрананың басты ақуызы - ыстық шокты тудыратын ақуыз. 6. Протеолитикалық ферменттер: фосфатаза, липаза, нуклеаза - иесінің жасушаларының бұзылуы. 7. Амебаларда болу және көбею мүмкіндігі - қоршаған ортада ұзақ сақталуына әсер етеді.

Резистенттілігі. Легионеллалар бір жылға дейін құбыр суларында сақталуы мүмкін, бірақ этилді спиртке, формалинге, жоғары температураға өте сезімтал, осылардың әсерінен бірнеше минуттан кейін жойылады. Бактериялар мезофил болып келеді және 45әС температура мен рН 6,5-8,5 аралығында жақсы өседі. Табиғи жағдайда биоқабыршық түзгенде дезинфекциялық заттар мен қоршаған орта факторларына төзімділігі күшейеді.

Эпидемиологиясы. Легионеллаларға теңіз шошқалары, маймылдар сезімтал болып келеді. Алғашқы рет легионеллез эпидемиясы 1976 жылы Филадельфиядағы “Америкалық легион” ұйымының съезі кезінде тіркелді (осыдан бастап «легионерлер» ауруы деп аталды). Кейінгі жылдары легионеллездің спорадиялық жағдайлары мен көптеген күрт көбеюі әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде байқалды.

Легионеллез сапронозды инфекциялар қатарына жатады. Легионеллалар табиғатта, әсіресе, қарапайымдылар мен су жәндіктеріне толы жылы су қоймаларында кең тараған: нәтижесінде легионеллалар осы организмдермен симбиотикалық қарым-қатынасқа түседі, олардың зат алмасу өнімдері арқылы өмір сүреді.

Жұқтыру ауалы - тамшы жолымен жүреді. Эндемиялық аймақтардағы топырақ, кондицинерленген ауа жүйесіндегі су, душтық құрылымдағы су шашратқышы таралу факторлары болып табылады. Легионеллезбен әр түрлі жастағы адамдар, орта және үлкен жастағы ер адамдар, әсіресе су құбырларында, моншада жұмыс істейтіндер жиі ауырады. Ауру жаз мезгілінде жиі кездеседі.

Патогенезі. Инфекцияның ену қақпасы – тыныс жолдары. Оның төменгі бөлімдерінде қабыну процесі дамиды. Легтонеллалар – факультативті жасушаішілік паразиттер. Адам ағзасында альвеолярлы макрофагтарда, полиморфты-ядролы нейтрофильдерде және моноциттерде көбейеді. Бактериемия туындауы мүмкін. Бактерия бұзылған кезде эндотоксин бөлініп, ол интоксикацияға және жүрек-тамыр, орталық жүйке жүйесінің, бүйректің әр түрлі зақымдалуына әкеледі.

Клиникалық көріністері. Легионеллездың негізгі 2 түрі болады: пневмониялық (легионерлер ауруы, филадельфиялық қызба) және пневмониясыз өтетін жедел респираторлы ауру (Понтиак қызбасы). Жасырын кезеңі 5-7 күн. 5% жағдайда ауыр пневмония дамып, ОЖЖ, асқорыту жүйесі, бүйрек зақымдалады. Эпидемия кезінде филадельфиялық қызбаның өлім-жітімдік көрсеткіші 18-20 %.

Иммунитеті. Инфекциядан кейінгі иммунитеті зерттелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттелетін материал ретінде плевралдық сұйықтықты, сирек жағдайда қақырықты, қанды, өкпе тінінің бөлігін алады. Материалдан легионеллаға қарсы моноклонды немесе поликлонды антиденелермен төте ИФР қойып, микроскопта қарау жүргізіледі. Бактериологиялық әдіс: қоздырғышты L-цистеин қосқан және пирофосфат темірі ерітілген ортада бөліп алады. Серологиялық диагноз қою ИФР, ИФТ және т.б. көмегімен іске асырылады.

Бактериологиялық зерттеу үшін материалды буферлі көмірлі-ащытқы ортасына себеді де, термостатта инкубациялайды. Колонияның өсуі орта бетінде 4-5 тәуліктен кейін ғана байқалады. Дақылды цистеині мен темір пирофосфаты жоқ көмірлі-ащытқы ортаға себеді. Қайта егілген ортада өспегені мен бақылау ортасында өскені дақылдың легтонелла туыстығына жататынын дәлелдейді. Қоректік ортада басқа флораның өсуін тежеу үшін 1 мл ортаға 4 мкг цефамандол, 80 бірлік полимиксин В және 8 мкг анизомицин қосады. Бөліп алған дақылды идентификациялау үшін фенотиптік маркерлер, иммундыфлюоресценция немесе латекс-агглютинация реакцияларын қолданады.

Осы ауруға диагноз қоюда серологиялық әдістердің ішінде ең көп қолданылатыны және кең таралғаны – ауру қан сарысуында арнайы антиденелер жанама иммундыфлюоресценция реакциясымен анықтау болып табылады. Реакция қою үшін бір тамшы антигенді заттық шыныға тамызады, ауада 30 минут кептіріп ацетонға 15 минутқа батырады, сосын қайта ауада кептіреді. Ауру сарысуын 1:16 қатынаста 0,15М фосфатты буфермен (рН 7,2) сұйылтады. Ары қарай екі еселеп сұйылтып отырады (1:32 ден 1:512 дейін). Антиген бар заттық шыныларға сарысудың әр сұйылтуынан қосады, оларды 30 минут 37 әС температурада инкубациялайды, фосфатты буфермен 5 минут шаяды, дистилденген сумен шайып кептіреді. Препаратты буферленген глицеринді ортамен жауып, люминесцентті микроскопта қарайды. Антиденелер титрін арнайы жарқырауы арқылы анықтайды (4 баллдық жүйемен). Науқастан алғашқы алынған қан сары суына қарағанда кейінірек алынған ауру сарысуында антиденлер титрі 4 есе өссе диагноз дәлеледенеді.

ПТР әдісі клиникалық материалдарда легтонеллаларды анықтау үшін қолданады. Диагноз қою үшін кәдімгі mip-генпраймер фрагменттері немесе 16 S гРНҚ қолданады. Реакция L. рneumophila үшін арнайы болып келеді, сонымен қатар Pseudomonas туыстастығымен қиылыспалы реакция беруі мүмкін, осыған байланысты бұл әдіс қосымша болып саналады.

Емдеуі. Антибиотиктер қолданылады: ауыр емес жағдайларда –эритромицинді ауыз немесе көк тамыр арқылы 500 мг 6 сағат аралықта, ауыр жағдайда эритромицин мен рифампицины (600 мг 12 сағат сайын) бірге қолданады. Антибиотиктермен емдеу ұзақтығы – 2-3 апта.

Алдын алуы. Санитарлық-гигиеналық іс-шаралар жүргізіледі (су құбырларын ыстық сумен шаю, кондиционерлердің жұмысын бақылау, қоздырғыштың судағы көзін тапқаннан кейін оны залалсыздандыру). Арнайы алдын-алу шаралары жоқ.

14.3.5. Псевдомонадалар (Pseudomonas туыстастығы)


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: