Морфология 2 страница

Осы сияқты өзіндік ерекшелік етістік түбірден де байқалады: етістік түбір лексикалық мағынаны білдіргенмен, тікелей сол қалпында жіктелмейді, түбір қалпында сөйлемде қолданылмайды. Бірақ соған қарамастан зат есім болсын, етістік болсын, басқа сөз табы болсын олардың ортақ грамматикалық қасиеттері арқылы жоғарыдағы талапқа, критерийге сай ортақ түбір деген ұғымды бөліп көрсетуге болады. Оның үстіне тілдің бірқалыпта тұрмай, өзгеріске түсіп, дамып отыратынын ескерсек, түбір ұғымының кейбір шарттылығын да байқаймыз. Қазіргі тілімізде жеке тұрып ешбір мән білдіре алмаса да, осы қалпында сөйлемде қолданыла алмаса да, ол сөздердің оя, бадана, алпамсаалып), мом, шалқа я болмаса кейбір дыбыстық өзгерістері бар түбірлер болғанын аңдай аламыз. Сондықтан да оларды өлі түбір дейміз. Ал басқа тілдерде, мысалы, орыс тілінде, түбір әр уақытта мағыналы бола бермейді, жеке тұрғанда ешбір мәнді, ұғымды білдіре алмайды. Мысалы, прочитать (оқып шығу) деген сөздің түбірі - чит, про - приставка, ать - жұрнақ, бұндағы чит бөлшегі жеке тұрып ешбір мәнге ие емес. Сондай-ақ тілімізде өте сирек болса да, сөз бен дыбыстың да сәйкестігі кездеседі. Мысалы, у (Мен ішпеген у бар ма? (- Абай), и (басыңды и) тәрізді сөздер бір-бір дифтонг дыбыстан тұр. Осыған қарап кейде жеке дыбыстар да мәнді болады, мағына білдіре алады деп тұжырым жасауға бола ма? Әрине, жоқ. Сондықтан әр уақытта белгілі бір ұғымды білдіре алатын, тілдің ең кіші мағыналы бөлшегі сөз болып табылады. Бұл - сөздің басты және тұрақты лексика-семантикалық және грамматикалық қасиеті.

Сөздің белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіруі оның ішкі мазмұны болса, сөз белгілі бір дыбыстар жиынтығынан тұратындықтан, оның сыртқы дыбыстық жағы да бар. Кез келген сөз белгілі бір дыбыстар жиынтығынан, демек, дыбыстық кешеннен тұрады.

Т Мысалы, бала деген сөз төрт дыбыстан тұрады, оның бірі (а) екі рет қайталанған, келмеген 8 дыбыстан тұрады, оның бірі (е) үш рет қайталанған. Ол түсінікті. Сонымен бірге сөздің ішкі мағыналық жағы мен сыртқы дыбыстық жағы арасында байланыс бар ма, болса, оның сипаты қандай деген заңды сұрақ туады.

Сөздің ішкі мағыналық жағы мен сыртқы дыбыстық жағы арасында, әрине, байланыс бар. Егер олардың арасында ешбір байланыс болмаса, кез келген дыбыстар жиынтығы сөз бола берер еді ғой, жаңағы бала, келмеген деген сөздер белгілі дыбыстар жиынтығынан және ол дыбыстардың белгілі бір тәртіппен орналасуынан жасалып тұр. Ондағы дыбыстарды абла немесе лаба немесе лбаа, т.б. етіп қосқаннан сөз жасалмайды. Бұның өзі лексикалық единица ретіндегі сөз, оның білдіретін мағынасы мен сыртқы дыбыстық қабыршағы арасында белгілі бір байланыс бар екенін көрсетеді. Бірақ ол байланыс – табиғи байланыс емес. Өйткені дыбыстар жеке тұрғанда, ешбір мәнге ие бола алмайды: б, а, л, а дегеннің әрқайсысынан ешбір мән туып тұрған жоқ. Тілімізде біркелкі дыбыстар жиынтығынан түратын, тіпті бірдей дыбысталатын сөздердің мағыналары әр уақытта бірдей бола бермеуі, лексикалық омонимдер – осының дәлелі. Мысалы, қара дегенге қарама-қайшы түсті білдіретін 1) ақ (ақ шәйі орамал) және адал, кінәсіз, жазықсыз деген мағыналардағы, 2) ақ (Ынсапсызға не керек істің ақ пен қарасы (- Абай) сөздері мен малдың сүті және сол сүттен жасалған айран, қатық, қымыз сияқты тағамдар мәніндегі, 3) ақ (ақ ішіп оңалып) сөзі мен жоқ болу, суалу деген мәндегі, 4) ақ болып кету сөзі, шындық ақиқат, хақ мәніндегі, 5) ақ (ақ өлім немесе ақ сөйле), судың арнасымен жылжуы мәніндегі, 6) ақ (судай ақ) сөздерінің (ҚТТС, І, 126-137) дыбыстық құрамында, айтылуында бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ. Соған қарамастан яғни қаншалықты бірдей дыбыстардан тұрып, бірдей айтылғанмен әрқайсысы бір-біріне байланыссыз, кейде байланысты (көп мағыналық негіздегі омоним болса) әр түрлі мағынаны білдіреді. Сондай-ақ қорек, тағам, тамақ мәніндегі І. ас (ас адамның арқауы), тамақ пісіру, әзірлеу мәніндегі, 2. ас (ет ас), бір жерден екінші жерге қарай өту, өрлеу мәніндегі, 3. ас (таудан ас), т.б. сөздер де (ҚТТС, І, 365-367) дәл осындай. Бұл сияқты омоним сөздерді көптеп келтіруге болады. Бұның өзі сөз білдіретін мағына оны сөзді құрайтын сыртқы дыбыстар мәнінен туындамайтынын көрсетеді. Жекелеген дыбыстар ешбір мәнді білдіре алмайды.

Демек, сөздің ішкі мағыналық жағы мен оның сыртқы дыбыстық жағы арасындағы байланыс табиғи емес, тарихи қалыптасқан дәстүрлі байланыс болып табылады. Басқаша айтқанда, жекелеген дыбыстардан тұратын, қалыптасқан дыбыстық кешен жеке-жеке бір тілдік единица ретінде белгілі бір ұғымды білдіретін болған. Міне, ол ұғым – сол сөздің мағынасы.

Сөздің мағынасы әр түрлі болады. Сөздің жеке тұрғанда да белгілі бір ұғымның аты ретінде танылатын нақты мағынасы да, одан туындайтын әр түрлі ауыс, келтіріңді мағынасы да, сөйлеу процесінде неше түрлі тұлғалар қосылуының нәтижесінде пайда болатын немесе басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы туатын сан салалы жалпы мағыналары да болады.

Әрине, ол мағына түрлерінің бір-бірімен байланысы, жалғастылығы болумен қатар бір-бірінен айырмашылықтары, өзгешеліктері де болады. Ең алдымен, сөз білдіре алатын мағынаны екі түрге бөліп жүрміз: лексикалық мағына және грамматикалық мағына.

Сөздің лексикалық мағынасы

Сөйтіп, айналадағы заттар мен құбылыстардың біздің санамызда бейнеленуінің нәтижесінде пайда болатын ұғым сөздің ішкі мазмұны яғни мағынасы болып табылады. Сөздің осындай әуелдегі (о бастағы) негізгі тура мағынасы лексикалық мағына деп аталады. Сөздің лексикалық мағынасы ол сөздің жеке тұрғандағы қалпынан да (яғни сөйлем ішінде емес) көрініп отырады. Өйткені сөздің бұл (лексикалық) мағынасы талай рет қолданылудың нәтижесінде санамызда әбден қалыптасқан, сол тілдің сөздік құрамына еніп, семантикалық ауқымы анықталған. Сондықтан да ешбір контекссіз-ақ ол (сөз) сөздіктерде (мысалы, түсіндірме сөздік, екі тілді сөздік т.б.) реестр сөз ретінде жеке беріліп, мағынасы көрсетіледі. Тілдегі кейбір сөздердің мағыналары кейде бір-бірімен жақын болуы мүмкін, бірақ толық бірдей бола алмайды, тілдегі әрбір сөздің өзінше бөлек-бөлек лексикалық мағынасы болады.

Сөздің лексикалық мағынасына, ең алдымен, оның нақты тура мағынасы жатады. Айталық, көл, құс, тау, үй, көк, биік, үш, бес, келу, жүру сияқты сөздердің лексикалық яғни нақты мағынасы: табиғи су қоймасы, үстін қауырсын жапқан ұшып жүретін жануар (мақұлық), жердің әр түрлі тас жыныстарынан қалыптасқан биік бөлігі, адамның тұратын баспанасы,, бір заттың нақты түсі (көк), бір заттың өлшемдік сипаты, заттардың нақты сандары (үш, бес), қимыл, қозғалыс. Сонымен бірге бір сөз осындай нақты тура мағынамен бірге басқа да мағыналарды білдіріп, ауыс, келтірінді мағыналарда да жұмсала береді. Мысалы, айыру етістігі, ең алдымен, дыр еткізіп жырту және қақ жару, екіге бөлу мағыналарын білдіреді. Бұл – етістіктің тура мағыналары. Сонымен бірге айыру етістігі бөліп шығу (қаймақтан майды айыру,) ажырату (ешкімді айырып болмайды), жер жырту, тілу (жерді тайыз айырады), арашалау, құтқару (бишара шалды ұрылардан айырып алды), бөлектеу, алалау, бірдей көрмеу (оларды бізден неге айырасыз?) танып, білу, анықтау (түнде айыра алмадым), т.б. Бір сөздің өзінде, міне, қаншама мағына бар? Енді айыру етістігінің тағы бір ауыс мағынасы – үнем қылу, күн көру. Осы заттардың майы мен, ұн, шайын айырсын, - деді Абай (М.Әуезов). „Абай жолы" романынан алынған мына бір үзіндіге назар аударайық. „Ол Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алды."

– Осы, ана Ысқақ бір жошын. Бір түрлі пысық та сергек неме, - деді.

– Ол әлгі Күңкенің қолындағы ма? – деп сұрап алып, Бөжей:

– Рас, құлдырап тұр! – деді.

– Я, рас-ау, соның оты бар! – деп, Байсал да қостады. Мұның бәрі – қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметі. Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:

– Одан да не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтсеңдерші,- деді. (М.Әуезов).

Осындағы жаман сөзі тіпті де жаман ұғымын беріп тұрған жоқ. Жаман қара деп отырғаны – Абай. Оған іштей риза болып, Абайдың келешегінен зор үміт күтіп, солай деп отыр. Бұл - сөздің контекстік келтірінді мағынасы, өйткені бұл мағына тек осы контексте, осы қолданыста ғана осылай түсініледі.

Сөйтіп, сөз бір я бірнеше лексикалық мағынаны білдіреді екен. Және сол негізгі лексикалық мағынамен бірге белгілі стильдік мәндегі әр түрлі экспрессивтік, келтірінді мағыналарды да білдіре алады. Бірақ сөз сөйлемде қолданылғанда, ол қаншама полисемиялы (көп мағыналы) болғанмен, оның бір ғана мәнінде жұмсалып, бір ғана мағынасын білдіріп тұрады. Сондықтан да сөзде бір ғана лексикалық мағына болады дейміз. Бұған керісінше сөздің бір ғана қолданысының өзінде бірнеше грамматикалық мағына болуы мүмкін. Сөздің лексикалық мағынасы оның ұғымдық мәні болсын (белгілі бір заттың, құбылыстың, іс-әрекеттің, әр түрлі амалдың т.б. аты, үғымы), келтірінді, ауыспалы, метафоралы т.б. мәндері болсын сөйлемде бір қырынан ғана көрініп, бір мәнінде тұрады. Ол сөйлеу процесіне түскендіктен (сөйлемде қолданылғандықтан), таза лексикалық мағынаны білдіріп қана тұрмайды, сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқасында және сөйлемдегі басқа сөздермен әрқалай қатынасқа, грамматикалық байланысқа түсу нәтижесінде және кейде сол сөзге әр түрлі грамматикалық тұлғалар үстелу арқылы неше түрлі грамматикалық мағыналар береді. Сөздердің осындай қасиеттерін жинап, ұйымдастырып тұратын - сөйлем. Сол сөйлем арқылы сөздің нақты я келтірінді лексикалық мағынасы да, лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын грамматикалық мағына түрлері де, үстеме грамматикалық мағыналары да диалектикалық байланысты сөйлемдегі бір сөздің астарынан көрініп жатады. Бір қарағанда сөздегі осындай мағына үйме-жүймелілігі, қат-қабат келіп араласып жатқандай көрінгенмен, олардың тәртібі, өзіндік жүйесі бар екендігін байқаймыз, сол арқылы оларды бір-бірімен шатастырмай айырып ала білеміз. Әңгіме соның мәнін дұрыс түсінуде.

Тілдің грамматикалық құрылысы жайында ұғым

Тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда (сол арқылы ғана сөздің грамматикалық сипаты ашылмақ) оған (тілдің грамматикалық құрылысына) тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала-сала жүйелерден құралады да, олардың тұтастығы сол жүйелерне тән белгілі заңдылықтарға негізделеді.

Сөз тілде сөйлеу процесі арқылы өмір сүріп отыратындықтан, ол басқа сөздермен әр түрлі қарым-қатынасқа түсіп, түрлі тұлғаларда жұмсалып, соған лайық әр түрлі мән-мағына үстеліп, қызметке ие болып, ойды білдіруге қатысады. Бұлардың әрқайсысы әр деңгейден көрініп, кіші бөлшектер бірігіп келіп, үлкен бөлшек жасап, одан үлкен бір единица – ойды білдірудің тілдік бөлшегі – сөйлемге ұласады. Міне, сөйтіп, сөздің әр түрлі қарым-қатынасқа түсуіне байланысты және соның ішікі және сыртқы көріністері болып табылатын осындай тілдік элементтері тілдің грамматикалық құрылысын көрсетеді.

Тілдің грамматикалық құрылысы деген ұғымға грамматикалық мағыан, грамматикалық форма, яғни сөз, оның формалары мен жүйесі, сөздердің бір-бірімен қатынасы, тіркесі, сөйлем құрауы жатады.

Грамматиканың салалары: морфология және синтаксис.

Грамматиканың екі саласы - морфология мен синтаксистің әрқайсысына тән өз объектілері бар. Әрине, олардың арасында байланыс жоқ емес.

Морфология – морфема ретіндегі сөз және оның формалары, сөз тұлғалары білдіретін грамматикалық мағыналары туралы ілім. Морфология сөздің сөйлеу процесінде белгілі заңдылықтардың негізінде бір-бірімен әр түрлі қарым-қатынасқа түсіп, соның негізінде әр түрлі тұлғалар арқылы түрленіп, грамматикалық мағыналар үстеліп, түрлі қызмет атқаруын жеке-жеке қарамай, әр түрлі белгілеріне байланысты топтарға бөліп, сол топтардың әрқайсысының өзіне тән жалпы грамматикалық сыр-сипатын анықтайды. Соның арқасында грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория деген ұғымдар туады, сөздің түрленуі, өзгеру жүйелері, бөлшектенуі, қызметі айқындалып, сөз таптарына топтасады.

Пысықтау үшін сұрақтар

1. Грамматиканың зерттеу нысаны не?

  1. Сөздің анықтамасы қандай?
  2. Сөздің дыбыстық жағы мен мағынасы арасындағы байланыс қандай байланыс деп аталады?
  3. Сөздің лексикалық мағынасына қандай белгілер тән?
  4. Тілдің грамматикалық құрылысы қандай ұғымдармен байланысты?
  5. Грамамтиканың салалары қандай, олар нені зерттейді?

Әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің грамматикасы.,1967. 1-7-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология.А.,1974. 5-12-беттер

3. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993. 85-91-беттер.

4. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 4-12-беттер.

5. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А,1998. 4-11-беттер

ІІ.Грамматикалық ұғымдар

1.Сөздің грамматикалық сипаты.

2.басты грамматикалық ұғымдар.

а) грамматикалық мағына;

ә) грамматикалық форма;

б)грамматикалық категория.

3. Сөз формалары.

Сабақтың мақсаты

Сөздің грамматикалық сипатын анықтай отырып, одан туындайтын басты грамматикалық ұғымдарды ұғынып, олардың әрқайсысының ерекшеліктерін түсініп, шегін айқындай білу.

Сөз тілде сөйлеу процесі арқылы өмір сүреді. Сөздің сөйлеу процесінде басқа сөздермен әр түрлі қатынастарының негізінде пайда болатын ішкі мәндері, оның көрінісі болатын сыртқы түр-тұлғасы, солардың барлығы негізінде сөйлемдегі қызметі, т.б. тілдің грамматикалық құрылысымен байланысты болса, оның өзіндік ерекшеліктері тағы сол сөздің грамматикалық сипатымен анықталады.

Ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, грамматикалық форма және грамматикалық категория жатады. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер сол ұғымнан туындайды.

Грамматикалық мағына – сөздің жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына арқылы олардың әрі жалпылық, әрі ортақтақ қасиеті негізінде сөздер грамамтикалық топтарға топтасады. Осыдан грамматикалық мағынаның мынадай ерекшеліктері байқалады. Біріншіден, лексикалық мағынаға қарағанда, грамматикалық мағына одан кейін пайда болады, атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, содан кейін сөйлеу процесінде сөздердің бір-бірімен әр түрлі қарым-қатынасқа түсуі арқылы және сөздің сөйлемде жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы үстеледі. Екіншіден, лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөзге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болғандықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан топтауға негіз болады. Мысалы, үй, кітап сөздері лексикалық мағыналары жағынан ешбір жақындығы жоқ сөздер болса, грамматикалық мағыналары жағынан бір топтағы сөздер, екеуі де заттық мағынаны (зат есім) білдіреді. Үшіншіден, сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөзде біреу де, бірнешеу де болуы мүмкін. Кел, балалар, оқылық! деген сөйлемнің бір өзінде мынадай грамматикалық мағыналар бар. Кел – лексикалық мағынасы – ауыс мәндегі келу қимылы, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіру, 2) салттық мән, 3) бұйрық мағына және 2-жақ арнайы. Балалар: лексикалық мағынасы – белгілі жасқа (оқу жасына) байланысты адам, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы заттық мағына, 2) адамға байланысты және бір адамға ғана емес, белгілі жастағы адамдарға түгел қатысты. 3) бір емес, көп екендігі. 4) соларға қаратылу. Оқылық: лексикалық мағынасы – оқу іс-әрекеті, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимыл, іс-әрекет, 2) сабақтылық мән, 3) ниеттік мән және І жақ көптік ұғыммен байланысты, т.б.

Осыдан көрінетіндей, грамматикалық мағына белгілі жолдар арқылы беріледі. Соның бірі – грамматикалық форма. Грамматикалық форма, бір жағынан сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі болып табылады. Яғни белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі, оның бір түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта –ым,-ім,-м, 2-жақта -ың,-ің,-ң, сыпайы - ыңыз,-іңіз, -ныз,-ңіз, 3-жақта –сы,-сы,-ы,-ы, тұлғалары арқылы беріледі. Міне, осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады. Әрине, грамматикалық мағынаны білдірудің басқа да грамматикалық формасыз тәсілдері, мысалы, лексикалық мағынаның жалпылануы, сөздердің сөйлеу процесінде бір-бірімен таза аналитикалық қарым-қатынасқа түсуі, т.б. тәсілдер де бар.

Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жүрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.

Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде, зерттеулерде грамматикалық форманы анықтағанда грамматикалық мағынаны білдірудің сыртқы жағы, грамматикалық тәсілі деп, грамматикалық мағынаны түр-түрге бөлмей қарастырып келді.

Рас, осыған дейін грамматикалық мағына мен грамматикалық форма деген ұғымдарды әрдайым бір нәрсенің ішкі жағы, мазмұны мен сыртқы жағы, тұлғасы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп анықтап келдік. «Қандай грамматикалық мағына болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды, грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайдың (Ы.А. - ҚҚТ, 18), «Тілдегі мағына мен форма, соның ішінде грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана грамматикалық мағына жайында сөз ете аламыз. Керісінше белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажетң- (А - ГТН, 16) деген пікірлер осыған дәлел. Бұл екі ұғымды осындай балама мәнде, бір нәрсенің екі жағы ғана (біреуі ішкі мазмұны, екіншісі сыртқы түрі) деп түсіну тіпті де дұрыс емес, өйткені олар (грамматикалық мағына мен грамматикалық форма) әр уақытта бір-бірімен балама, сай бола бермейді. Лексикалық мағынаның абстракцияланып жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы берілетін қатыстық грамматикалық мағына ешбір грамматикалық формасыз-ақ берілетінін жоғарыдан байқадық. Мысалы, тау, тас, үй, көл және бала, қыз, әке, сияқты сөздердегі жалпы заттық мағына, алғашқы топтағы сөздерде жансыз (нелік) заттар, соңғы топтағы сөздерде адамға байланысты (кімдік) заттар мағынасы грамматикалық мағыналар екендігінде ешбір күмән жоқ. Бірақ бұлардың ешқайсысы да ешбір грамматикалық форма арқылы берілмеген. Сондай-ақ аналитикалық тәсілдің түрлері болып табылатын негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесі арқылы, сөздердің қосарлануы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен дауыс ырғағы (интонация) т.б. арқылы грамматикалық (дұрысында қатыстық грамматикалық) мағынаны білдіруде ешбір форма жоқ. Сондықтан да грамматикалық форма арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде әңгіме жалпы грамматикалық мағына атаулы емес, грамматикалық мағынаның бір түрі болып табылатын категориялық грамматикалық мағына жайында ғана болу керек.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: