Морфология 12 страница

Көптік ұғым аналитикалық тәсілмен де беріледі. Сан есімдер, сандық мәні бар сөздер, қайталама қос сөздер т.б. зат атауының алдынан келіп, оны анықтап тұрса, ол зат біреу емес, бірнешеу (көп) екенін түсінеміз. Әдетте ондайда зат атауын білдіретін сөз көптік жалғауынсыз қолданылады: талай жыл өтті, көп адам жиналды, жүздеген тонна жүк жіберілді, мыңдаған машина жүк тасып жүр, мая-мая шөп үйген, тау-тау астық үйіліп жатыр т.б.

Көптік жалғаудың бірден-бір грамматикалық көрсеткіші -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер. Бұлар -бөлек-бөлек жалғаулар емес, өзі жалғанатын сөздің соңғы дыбысы мен буынына байланысты түрленетін бір жалғаудың нұсқалары. Дауысты дыбысқа немесе р, й, у үнді (сонар) дауыссыздардың біріне біткен сөздерге жуан буыннан кейін -лар, жіңішке буыннан кейін -лер, қалған үнді дауыссыздардың (л, м, н, ң) және з, ж, ұяң дыбыстың біріне біткен сөздерге жуан буыннан кейін - дар, жіңішке буыннан кейін -дер, қатаң дыбыстар мен б, в, г, д ұ яң дауыссыздарының (қазақ тілінде бұндай дыбыстарға сөздер аяқталмайды, ал кірме сөздердің осындай соңғы дыбыстары айтылуда қатаңданып, олар п, ф, к, т болып өзгеріліп айтылады) біріне біткен сөздерге жуан буыннан кейін -тар, жіңішке буыннан кейін -тер жалғанады. Осының өзінен дауыссыздарды үн қатысына қарай үнді деп бөліп берілетін дыбыстардың сипаты біркелкі емес екенін көруге болады. Бұндай ерекшелік септік жалғауларының жалғануынан да байқалады.

Көптік жалғау таза көптік мағынадан басқа мәнде, әр түрлі стильдік сипатта да жұмсала алады. Көптік жалғаудың негізгі грамматикалық мағынасы — заттың көптігін білдіру: ауыл-дар, үй-лер, кітап-тар, адам-дар, бала-лар т.б. Осы негізгі мағыналарымен бірге көптік жалғау басқа да мағыналық реңктерді, мәндерді білдіруі мүмкін: 1) сан есімге, үстеуге жалғанып, сол сөз білдіретін ұғымның жалпы мөлшерін, болжамын білдіреді: жасы қырық-тарда, ертең-дер барып қалар (бұл жерде қырық та, ертең де көп емес); 2) абстракты зат есімдерге жалғанып, оның көптігін емес, әр түрлілігін немесе салмақ, мөлшер, көлем өлшемін білдіреді: ой-лар, сәуле-лер, су-лар, ойын-дар, күлкі-лер т.б.; 3)даралық мәндегі зат атауларына, жалқы есімдерге жалғанғанда, олардың өзінің көптігін емес, көпке ортақ екенін және онымен бірге топтау ұғымын (және басқалар деген сияқты) білдіреді: әке-лер, шеше-лер, Абай-лар келе жа-тыр (әке, шеше біреу-ақ қой, Абай және оның қасындағылар) т.б. 4) заттың өзінің көптігін емес, көпке ортақтықты да білдіреді: ас-тарыңды ішіңдер дегенде астың көптігі емес, оны ішетін адамның көптігін білдіреді. Сол сияқты күлкілері жарасқан, ауылдарыңа қайтыңдар, жұмыстарыңды тезірек бітіріңдер т.б. Осындай әр жақты мағынада, мағыналық реңкте жұмса-латындықтан, көптік жалғау әр түрлі стильдік қызмет те атқарады. Көптік жалғау кейде зат есімнен басқа сөз таптарына (мысалы, сын есім, сан есім, етістіктің есімше түрі т.б.) жалғанса, оларға заттық мағына үстеп, субстан-тивтендіріп тұрады. Көптік жалғаудың бұл қасиеті әрқашан дұрыс түсініле бермейді. „Көптік жалғауының бұл жердегі қызметі (яғни басқа сөз таптарына жалғанып,) оны заттандыру (—И.С.) жұрнақ қызметімен пара-пар дерлік" — деу (ҚТГ, 52-53) жалпы жалғаудың табиғатына терең үңілмегендіктен туып отыр. Біріншіден, басқа сөз таптарын заттандыру қасиеті тек көптік жалғауда емес, септік, тәуелдік жалғауда да жиі кездесіп отырады: еріншектің ертеңі таусылмас, Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез (Абай) т.б. Екіншіден, көптік, тәуелдік және септік жалғауларының бұндай қасиеті, басқа сөз таптарына жалғанғанда, оларды заттандырып жіберу қасиеті, бұл тұлғалардың зат есімге тән түрлену жүйесі екендігін, зат есімнің таза грамматикалық категориясы екендігін дәлелдейді.

Қазақ тілінде, көптік мағына болса да, көптік жалғаудың жалғанбайтын да орындары бар. Көптік жалғау бірыңғай мүшелердің кейде соңғы сөзіне ғана жалғанады: қалам, қағаздарыңды алыңдар. Жекеше, көпше мағынаға талғаусыз қарайтын абстракт, дерексіз зат атауларына көптік жалғау жалғанбайды. Егер ондай сөздерге көптік жалғау жалғанса, онда көптік жалғау сол сөз білдіретін заттың көптігін емес, басқа стильдік мән үстейді: айталық, заттың әр түрлілігін немесе соған қатысты екінші бір басқа заттардың көптігін білдіреді: достық-тары, күлкі-лері, адимгершілік-тері т.б. Бұл жерде көптік жалғау достықтың, күлкінің, адам-гершіліктің көптігін емес, әр түрлілігін немесе достыққа, күлкіге, адамгершілікке қатысты адамдардың көптігін білдіреді.

Көптік мағына аналитикалық жолмен берілгенде сан есімдер, көп, көптеген, талай, біраз сияқты көптік ұғымды білдіретін сөздер, қайталама қос сөздер зат атау-ына анықтауыш болып, ол заттың көптігін білдіргенде, зат атауына көбінесе көптік жалғау жалғанбайды: көп адам (адамдар емес), жүз елу кітап (кітаптар емес), та-лай заман (замандар емес), мая-мая шөп (шөптер емес), тау-тау астық (астық-тар емес) т.б. Кейде ондай анықтауышы бар зат есімдер көптік жалғауын үстеп қолданылса, ондай жағдайда көптік жалғау көптік мағынадан гөрі, басқа мәнде, стильдік сипатта қолданылады: түрлі-түрлі бастар бар, көп күндер өтті т.б.

Көптік мән бір кездегі екілік ұғымның көрсеткіші болған -ыз, -із, -з және 1-жақ жіктік жалғау тұлғасы -қ, -к, қосымшасы арқылы да беріледі. Бұның ерекшелігі сол — көптік мәнді осы қосымша жалғанған сөз білдірмейді, бұл сөз көп субъект арқылы орындалғанын, яғни қимыл иесінің көптігін білдіреді. Мұндағы септік мағына басқа жақтағы жіктік жалғау құрамындағы мысалы, сын-дар, сіз-дер т.б. көптік жалғауларының мәнінде қолданылады. Көне түркі тілінде көптік ұғымның -т, -д қосымшасы арқылы берілуі қазақ тілінде жоқ, тек ондай тұлға көптік мәннен айырылып қалған күйде кейбір сөздің құрамында кездесуі мүмкін: алпауыт т.б.

Көптік жалғаудың тағы бір үлкен ерекшелігі бар. Оның сөз байланыстырушылық сипаты, жалғау қасиеті басқа жалғаулардан ерекше. Көптік жалғау қазақ тілінде жалғау деп аталғанмен, тікелей көптік мағынаны білдіргенде, басқа жалғаулар сияқты қосымшаның жалғау деп аталатын түріне тән сөз байланыстырушылық қызмет атқара алмайды. Көптік жалғау бұл жағынан, сөз байланыстырушылық сипатының болмауы жағынан, қосымшаның жалғау түрінен гөрі форма тудыратын жұрнақтар қатарына өте жақын. Мысалы, Гүл билеп жайқальт, бұлбұлдар сайраған (Шәкәрім) дегендегі бұлбұлдар сөзіндегі -дар көптік жалғауы ешбір сөздерді байланыстырып тұрған жоқ, тек бұлбұлдың көп екенін білдіріп түр. Осы сөйлемді Гүл билеп жайқалып, бұлбұл сайраған деп қайта құрсақ, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен байланысына, сөйлем білдіретін ойға ешбір нұқсан келмейді, сөйлемдегі сөздердің байланысы бұзылмайды, өйткені -дар қосымшасының бұл жерде сөздер байланысына ешбір қатысы жоқ. Сен заттарыңды тастап кет дегендегі заттарыңды (затыңды десек, бір ғана атауды білдіреді) сөзі де дәл осындай -тар көптік жалғауы: осы сөйлемдегі не сен, не тастап кет, не түсіп қалған өзіңнің сөздерінің ешқайсысымен зат сөзін байланыстырып тұрған жоқ, тек заттың көп екенін ғана білдіреді. Олай болса, қазақ тілінде көптік жалғау ешқашан сөз бен сөзді байланыс-тырмай ма? деген заңды сұрақ туады.

Қазақ тілінде көптік жалғау 2-жақта жіктік жалғаумен қабаттасып келгенде ғана сөз байланысты-руға қатысады: сен-дер бала-сың-дар, келді-ңдер, барған-сыңдар, сіз-дер ағасыздар (барып-сыздар), сен-дердің барғы-ларың келмейді, сіздердің көрғі-леріңіз келеді т.б. Бұл сияқты жіктеу сен баласың-дар (келді-ңдер, барғансыңдар) немесе сендер бала-сың (келді-ң, барған-сың), сіз аға-сыздар (барып-сыздар) немесе сіз-дер аға-сыз (ба-рып-сыз) т.б. болып қолданылмайды. Бұнда алдыңғы сөз (жіктеу есімдігі) көптік тұлғада тұрса, екінші жіктелген сөз (есім я етістік) де көптік формада ғана қолданылады. Сондай-ақ бірінші жақта көптік тұлғадағы жіктік жалғаулар -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз 1-жақтағы көптік мағына білдіретін жіктеу есімдігімен, яғни біз сөзімен әрі жақтық, әрі көптік мәнде қиысып жұмсалады. Осы мысалдардан көрінетіндей, көптік жалғау қазақ тілінде заттың көптігін білдіргенде (зат есімге жалғанғанда), сол затқа көптік мән үстейді де, сөз байланыстыру қызметін атқармайды. Көптік жалғаудың сөз байланыстырғыштық қызметі бірінші және екінші жақта предикаттық қатынасқа түскен сөздерде ғана байқалады. Бұл жағынан келгенде көптік жалғау тәуелдік, септік, жіктік жалғаулармен бір қатарда тұра алмайды, жалғау болып аталуы шартты деп ұғу керек, шындығында, бұл жағынан форма тудыратын жұрнақ қатарына қосуға болады.

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Жалғаудың басқа қосымшалардан еркшелігі неде?

2. Қазақ тілінде қандай жалғаулар бар?

3. Көптік жалғау сөз бен сөзді байланыстыра ала ма?

4.Көптік жалғау көптік ұғымнан басқа қандай ұғымдарды береді?

5. Көптік немесе сан-мөлшер категориясы болу үшін қандай алғышарттар қажет?

6. Көптік ұғым қандай тәсілдермен беріледі?

Әдебиеттер:

1. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1974. 40-48-б.

2. Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967. 51-54-б.

3. Данияров А. Қазіргі қазақ тілінде көптік категориясының берілу жолдары//Тіл мен әдебиет мәселелері. А.,1963.

4. Ы. Маманов. Қазақ тіліндегі көптік форма. Жинақ: Қазақ тілі мен әдебиеті. ІІ шығуы. А.,1973.

5. Н. Оралбаева. Зат есімнің көптік категориясы. //Қазақ тілі мен әдебиеті.1959. №3.

6. М. Нұрғалиева. Көптік жалғау туралы. (көмекші құрал). А.,1971.

7. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 64-70-б.

ІХ. Тәуелдік жалғау

1. Тәуелдік- иелік ұғымның берілуі.

1. Тәуелдік жалғау және тәуелдік категориясы.

2. Тәуелдік және жақтық мағына.

3. Ортақ және оңаша тәуелдеудің мәні.

Сабақтың мақсаты

Тәуелдік жалғаудың мағыналық, қызметтік ерекшеліктерін түсініп, білу арқылы оның грамматикалық сипатын, категориялық мәнін меңгеру.

Бір заттың екінші бір затқа меншікті, тәуелді, қатысты болуы – тілдегі ақиқат құбылыс. Бұндай заттар арасындағы меншіктілік - тәуелділік қатынас қандай тілде болса да бар. Бірақ ондай ұғымдардың грамматикалық мәні мен сипаты, берілу амал-тәсілдері барлық тілдерде бірдей, біркелкі бола бермейді. Қазақ тілінде бұл мән (грамматикалық тәуелділік ұғым) тәуелдік жалғау арқылы (ілік септік пен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесінен немесе кейде ілік септікті сөз болмай, жалғыз тәуелдік жалғаулы сөзден, өйткені тәуелдік жалғаулы сөз сол жалғау арқылы әрі тәуелдік және жақтық мағынаны білдіріп, әрі өзіне қатысты ілік септікті сөзді меңзеп тұрады) және меншіктелуші зат атауы мен буын үндестігіне бағынбайтын -нікі, -дікі, -тікі қосымшалары сөздің тіркесі арқылы беріледі. Осы арқылы яғни жақ түрлеріне байланысты (қайшы грамматикалық мағыналар) тәуелділік (тектес бір мәнді) грамматикалық мағыналар жиынтығы парадигмалық жүйе болып табылатын белгілі грамматикалық формалар (әр жаққа байланысты бөлек-бөлек қосымшаның - грамматикалық тұлғаның болуы) негізінде берілуі

арқылы қазақ тілінде тәуелдік категориясы грамматикалық категория болып қалыптасқан.

Тәуелдік мағына белгілі жаққа және иеленуші ілік септіктегі сөздің жекеше я көпше тұлғасына қарай оңашалық немесе ортақтық мәнге байланысты тәуелденуші сөздің жекеше я көпше тұлғаларында сөздің соңғы дауысты-дауыссыз, ал буынының жуан-жіңішкелігіне қарай мынадай тұлғалар арқылы беріледі:

1 - жақ: -ым, -ім, -м және -ымыз, -іміз, -мыз, -міз

2- жақ: анайы -ың, -ің, -ң және (-лар, -дар, -тар) -ың

(-лер, дер, -тер) -ің сыпайы -ыңыз, -іңіз,- ңыз, -ңіз және (-лар, - дар, -тар) -ыңыз (-лер, -дер, -тар) -ы,

3- жақ: -ы, -і, -сы, -сі және (-лар, -дар, -тар) -ы

(-лер, -дер, -тер) -і

Тәуелдеудің оңаша және ортақ тәуелдеу түрі тәуелденетін заттың (заттардың) бір я бірнеше затқа, адамға тән екенін білдірумен байланысты. Оңаша тәуелдеуде бір я бірнеше зат бір ғана затқа (адамға) тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) біреу болады, сондықтан ол (ілік септіктегі сөз) тек жекеше тұлғада тұрады да, иеленетін (тәуелдепетін) зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін, сондықтан ол (тәуелдік жалғауындағы сөз) жекеше де, көпше де тұлғада тұра береді.

Оңаша тәуелдеу үлгісі

Жекеше Көпше
менің бала-м, үй-ім сенің бала-ң, үй-ің сіздің бала-ңыз, үй-іңіз оның бала-сы, үй-і бала-лар-ым, үй-лер-ім бала-лар-ың, үй-лер-ің бала-лар-ыңыз, үй-лер-іңіз бала-лар-ы, үй-лер-і

Ортақ тәуелдеуде керісінше бір я бірнеше зат біреу емес, бірнеше (көп) затқа (адамға) тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) көп болады, сондықтан ол (ілік септіктегі сөз) тек көптік тұлғада мәнде тұрады да, иеленетін (тәуелденетін) зат біреу немссе бірнешеу болуы мүмкін, сондықтан ол (тәуелдік жалғауындағы сөз) жекеше де, көпше де тұлғада тұра береді. Сөйтіп, көп (бірнеше затқа (адамға) ортақ болып отырады.

Ортақ тәуелдеу үлгісі

Жекеше Көпше
біздің бала-мыз, үй-іміз сендердің бала-лар-ың, үй-лер-іқ сіздердің бала-лар-ыңыз, үй-лер-іңіз олардың бала (лар)-ы, үй-(лер)-і бала-лар-ымыз, үй-лер-іміз бала-лар-ың, үй-лер-ің бала-лар-ыңыз, үй-лер-іңіз бала-лар-ы, үй-лер-і

Бұнда жақтық қатынас тәуелдік жалғау формасы арқылы беріліп, ол алғашқы, ілік септігіндегі сөздің семантикасымен байланысады. Соның нәтижесінде тәуелділік, иелік, меншіктілік мағына, қатынас ілік септігіндегі сөз айтылмай-ақ, тәуелдік жалғаулы сөздің өзі-ақ қолданылуынан да көрініп тұр: кітабымды алдым дегенде, кітаптың сөйлеуші 1-жаққа қатысты яғни менің кітабым екені, кітабы стол үстінде жатыр дегенде 3-жаққа қатысты оның кітабы екені белгілі.

Қазіргі қазақ тілінде ілік септігіндегі сөз біздің, сіздің, өзіміздің деген есімдіктер болғанда, кейде екінші сөздегі тәуелдік жалғауы түсіп те қолданылады: біздің үй, сіздің ауыл, өзіміздің жігіттер. Әрине, бұлардың біздің үйіміз, сіздің ауылыңыз, өзіміздің жігіттеріміз деген нұсқалары да қолданылып отырады. Тәуелдік жалғаудың 3-жағында түсіп қалуы тек ауыз әдебиеті нұсқаларында, жырларда, жыраулар шығармаларында кездесіп қалады: Базарбайдың Төлеген (Төлеген-і емес, Қобыландының Тайбурыл) (Тайбурыл-ы) емес, 3-жақ тәуелдік жалғау тұлғасының түсіп қалып қолданылуы орта ғасырлық жазба нұсқалар тілінде де (мысалы, М. Қашғаридың сөздігінде, Ю. Баласағұнның „Құтадғу білік" дастанында) кішнің иш, кимниң тавар түрінде кездесіп отырады.

Тәуелдік жалғаулы сөз әдетте ілік септігіндегі сөзбен матаса байланысып қолданылады, өйткені тәуелдік жалғауы, бір жағынан, өзінен бұрынғы сөздің ілік септік тұлғасында (кейде жасырын түрде) тұруын талап етсе, екінші жағынан, тәуелдік жалғауы және жақтық ерекшелігі негізінде ілік септікті сөздің семантикасымен бір жақты байланысып тұрады, ал ілік септігі өзі жалғанған сөзді анықталушыға бағындыра байланыстырып, оның (анықталушы сөздің) тәуелдік жалғауында тұруын талап етеді.

Тәуелдік жалғаулы сөз бен ілік септік жалғаулы сөздің грамматикалық байланыс ерекшеліктері мен мәні, үш жақта байланыс сипаты схемалық түрде және байланысу типтерінің басқа түрлерімен салыстырмалы түрде септік жалғауларының грамматикалық және көлемдік түрлеріне байланысты талданып, толық беріледі.

Кейбір сөздердің құрамында тәуелдік жалғау өз мәнінен айрылып қалғандығын көреміз. Сыйлау, еркелету, кішірейту мәнінде қолданылатын, не сондай қосымшалардың құрамында кездесетін кейбір тұлғалар тарихи жағынан тәуелдік жалғау болған деген пікір бар: көке-м, жарығ-ым, Қож-еке-й, апа-сы-ау, әке-сі-ау, т.б. Бірақ бұлар қазір тәуелдік жалғау деп түсінілмейді. Сондай-ақ, „өзінің әуелгі қызметі мен мағынасынан бірте-бірте алыстай-алыстай келіп, бастапқы жақтық мағынасынан да, оның көрсеткіші (формасы) болу қабілетінен де біржолата айрылып, тек солардың қалдық-сілімтігі ретінде ғана сақталып, көнеленген формалар есебінде жұмсалып жүрген кейбір сөздер мен тіркестер де осы қағидаға айғақ бола алады. Мысалы, осы күні, сол күні, осы жолы, сол жолы, бұл жолы, бір күні, ертеңгі күні, кешегі күні, күні кеше, күні бүгін, күні ертең, күндердің бір күні, күндіз-түні деген сияқты қалыптасқан күрделі сөздерді оның бер жағында, бұлардың бәрі де үстеу сөз табына ауысқан, сондай-ақ дара қалпында да және күрделі қалыптарында да тәуелдіктің үшініші жағында көнеленіп қалған қай-сы, қайсы-сы, бәрі, бәрі-сі, бәр-бәрісі, ең азы, ең көбі сияқты сөздерді алсақ, олардың қай-қайсысында болса да тәуелдік жалғаудың бастапқы мағынасынан да, қызметінен де жұрдай болып айрылған, сөздердің бөлінбейтін бөлшегі сияқтанып кеткен үшінші жағының қосымшасын көреміз" (Ы.А. -ҚҚТ 55-56) - деген пікірге қайшы пікір де жоқ емес. Бұл қосымша әдеттегі тәуелдік жалғауы беретін тәуелділік-меншіктілік мағынаны білдірмеуі және оның үстіне ілік септік жалғаулы сөзбен де байланысып тұрмайтыны, мағынасы жағынан жатыс септік тұлғасымен синонимдес болып, мезгілдік мәнді білдіруі негізінде тәуелдік жалғау көрсеткіші емес, үстеу тудыратын қосымша деп көрсетіледі де, әрі, әдейі, арнайы, үнемі, ұдайы, кері, тағы деген тәрізді сөздердің соңындағы және көне түркі тіліндегі көсемше үстеулерін тудыратын йіті, алы, тегі т.б. сөз құрамындағы -ы, -і тұлғаларымен төркіндес деп анықталады. (И. -ҚӘТД, 123-130).

Меншіктілік мағынаны білдіретін -нікі, -дікі, -тікі, қосымшасы қазақ тілінде сингармонизм заңына бағынбайды, жуан дауысты нұсқалары жоқ. Тарихи тұрғыдан бұл қосымша (-ның), -нің, (-дың), -дің, (-тың), -тің деген ілік септігімен -кі жұрнағынан қатыстық мағынаға байланысты болса керек.Түркологияда осы қосымшалы сөздерді сын есімнің қатарына жатқызу тәжірибесі де бар (Қ. - ГУЯ6 173). Бұл тұлғалы сөз өзі меншіктелетін сөзден кейін тұрып, өзі соның грамматикалық предикаты қызметін атқарып, демек, меншіктелетін сөз оның грамматикалық субъектісі болып, атрибуттық қатынаста емес, субъектілік-предикаттық қатынаста қиысады, сөйтіп, осы шақтық мәнде жұмсалады. Әңгіме өткен шақ я келер шақ жайында болса, оған сол шақты білдіретін тұлғада көмекші етістік тіркеседі: кітап менікі (еді, болған, болар). Көбінесе бұлай байланысып қолданылған сөздер арасына сөз салмай жұмсалады, яғни басқа сөздермен көп байланысқа түсе бермейді, тек кейде олармен мезгілдік, мекендік мағынаны білдіретін сөздер байланысқа түсуі мүмкін: кітап үйде сенікі болғанмен, сыныпта біздікі; үстемдік кеше сенікі болса, бүгін үстемдік жарлынікі т.б.

Егер бұл қосымшалы сөз сөйлемде басқа да тұлғада қолданылып, предикат қызметінен ауысса, меншіктілікпен бірге тәуелділікті де білдіріп, екі сөздің де орнына жүреді: Әсеттікіне келдік - Әсеттің үйіне келдік.

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Тәуелдік жалғаудың анықтамасы қандай?

2.Тәуелдік жалғау қандай мағыналар береді?

3. Тәуелдік жалғау мен тәуелдік категориясы ұғымы бір ме, бір емес пе?

4.Тәуелдік катеогриясына қандай белгілер тән?

5. Ортақ және оңаша тәуелдеу меншік иесіне байланысты ма, меншіктелуші затқа байланысты ма?

6.Тәуелдік жалғау қандай жағдайда нольдік формада қолданылады?

7.-нікі,-дікі, -тікі формалары қандай мағына береді?

Әдебиеттер:

1. С. Исаев. Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы. А.,1973.

2. С. Исаев. Некоторые особенности употребления конструкции с родительным падежом в языке периодической печати.Известия АН КазССР, серия общ. наук. 1973. №4. 41-47-б.

3. Ә. Нұрмағанбетов. Дағдыдан тыс тәуелдік жалғау. //Қазақстан мектебі. 1971. №7. 95-96-б.

4. С. Нұрханов. Қазақ синтаксисіндегі көне құбылыс. //Қазақстан мектебі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: