Морфология 15 страница

Септік жалғауларын грамматикалық және көлемдік септіктерге бөлудің мәні

Түркологияда септік жүйесін грамматикалық және көлемдік септіктер деп бөлу тәжірибесі бар. Оның неге сүйенетініне және ғылыми негізінің қандай екеніне назар аудармасқа болмайды.

Қазіргі қазақ тіліндегі септік жалғау жүйесі, жоғарыда көрсетілгендей, негізінен алғанда, бір жағынан, басқа да қазіргі түркі тілдеріндегі, екінші көне түркі тіліндегі септік жалғау жүйесімен бірсыдырғы сәйкес келетіндігі заңды құбылыс. Өйткені олардың төркіні, қалыптасу кезеңдері, сипаты көбіне ортақ болып келеді. Атап айтқанда, қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс септік жалғауларының сыртқы тұлғалары да, білдіретін мағыналары мен қызметтері де негізінен ұқсас болып келеді. (ИСГТЯ, 45-50). Бұның өзі тіліміздегі септік жалғау жүйесі өте ерте кезде қалыптасып, оның сөз түрлендіру, парадигмалық сипаты, тұлғалық түрлері, әрқайсысының мағыналық шеңбері, сөйлемде атқаратын қызметі мен сөздер арасындағы грамматикалық қарым-қатынастары тұрақталып, кейін жекелеген түркі тілдерінде үлкен өзгеріске түспей енгендігін байқатады. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілінің өзіндік үлкен бір ерекшелігі көмектес септігі болып табылады, өйткені басқа түркі тілдерінде көмектес септік жалғаудың мағынасы көбіне септеулік шылау арқылы беріледі. Қазақ тіліндегі көмектес септік тұлғасы (-мен, -бен, -пен) да септеулік шылаудан қалыптасқан: бірлән, білән-бінән, мінән, бынан, мынан-менен, бенен, пенен-мен, бен, пен.

Сыртқы тұлғасы жағынан бұл мен, бен, пен деген жалғаулық шылауға ұқсас болғанмен, одан жасалмаған. Бәлкім, жалғаулық шылау мен септеулік төркіндес болып, бір сөзден тарап, бөлек-бөлек қалыптасып, дамуы мүмкін. Сөйтіп, көмектес септік жалғауы кейін ғана қалыптасып, септік жалғау жүйесіне өте кеш енді. Оның бұл ерекшелігін көмектес септік жалғауының сырт тұлғасы да аңғартады: біріншіден, сингармонизм заңына бағынбайды, жалғаулардың жуан буынды нұсқасы жоқ, екіншіден, дыбыс үндестігіне қарай нұсқалануы да ерекше, басқа септік жалғаулар тұлғасы н, д, т (барыста р,к, шығыста тек д, т) дыбыстарынан басталатын қосымшалар болса, көмектес септік жалғауы ол жүйеден мүлде бөлек, м, б, п -мен, -бен, -пен дыбыстарынан басталатын нұсқалы қосымшалар. Көмектес септіктің осындай ерекшеліктері жіктеу, сілтеу есімдіктерінің септелуінен де көрінеді; көмектес септік жалғауы тікелей түбірге жалғанбайды: мен - мені-мен (менмен емес), сен - се-ні-мен (сенмен емес), ол - о-ны-мен (ол мен емес) т.б. Бұл жердегі түбір мен көмектес септік жалғауының арасындағы -ны, -ні тұлғасы ілік септік жалғауының қалдығы екені белгілі: Менімен -менің, мен-менің бәлән т.б. Бұның өзі септеулік шылау, кейін одан қалыптасқан көмектес септік жалғауы сөздің түбіріне ғана емес, ілік септік тұлғасына жалғанған болу керек деген тұжырым тудырады.

Септік жалғаулардың басқа да ерекшеліктерін аңғару үшін, олардың мына схемасына назар аударайық.

  Септік түрле рі   Сұрақ Тары Жал ғаула ры дауысты ды быстан кейін м, н, н дыбыстарынан кейін сонар, ұяң ды быстан кейін қатаң дыбыстан кейін тәуелдік жалғ ау 1, екінші жағынан кейін тәуелд ік жал ғаудың 3-жағы нан кейін
Атау 1лік Барыс Табыс Жатыс кім? не? кімнің? ненің? кімге? неге? қайда? кімді? нені? кімде? неде? қайда? қашан?   -ның -нің -ға -ге -ны -ні -да -де   -ның -нің -ға -ге -ды -ді -да -де   -дың -дің -ға -ге -ды -ді -да, -де   -тың -тің -қа -ке -ты -ті -та -те   -ның -нің -а, -е -ды -ді -да -де   -ның -нің -на -не -н -нда -нде
Шығыс Көмек тес кімнен? неден? қайдан? кімнен? немен? қалай? -дан -ден -мен -нан -нен -мен -дан -ден -мен -бен -тан -тен -пен -нан -нен -мен -нан -нан -мен

Бұның үстіне есімдіктердің септелуін қоссақ, мына ерекшеліктерді байқауға болады: І) ілік, табыс, жатыс септік тұлғаларының сөзге жалғануында бірсыдырғы ұқсастық бар; 2) ол ұқсастық ілік пен табыс септік, жатыс пен шығыс септік тұлғаларының өз ішінде дыбыстық сәйкестігі жағынан тіпті жақындай түседі; -ның және - ны, -нің және -ні, -дың және -ды, -дің және -ді, -тың және -ты, -тің және -ті, сондай-ақ -дан, және -да, -ден және -де, -тан және -та, -тен, және -те, бірақ -нан, -нен тұлғаларының сыңары жоқ. Бұл ұқсастық олардың шығу төркіні жақын, қалыптасуы сәйкес екенін көрсетеді, 3) сонымен бірге барыс және көмектес септік тұлғалары бүтіндей ерекше екені, тұлғасы жағынан оларға ұқсайтын, сәйкес келетін басқа септік түрі жоқ екені көрінеді. Рас, ұқсас септік тұлғаларының өз ішінде айырмашылық та байқалады. Ілік септік пен табыс септік тұлғалары сәйкес келіп, жалғаулары 6 нұсқа болғанмен, кейбір сөзге жалғанғанда дыбыс үндестігіне байланысты нұсқалары сай келе бермейді. Мысалы, н, ң, м, дыбыстарына біткен сөздерге ілік септіктің -ның, -нің жалғауы жалғанса, табыс септіктің -ды, -ді (-ны, -ні емес) нұсқалары жалғанады да, бұл жерде н және д дыбыстарынан басталатын жалғау нұсқалары сәйкес келмейді. Немесе тәуелдік жалғауының 1-және 2-жағынан кейін ілік септіктің -ның, -нің, ал табыс септіктің -ды, -ді жалғаулары, тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін ілік септіктің -ның, -нің табыс септіктің тұлғалары жалғанады. Жатыс пен шығыс септіктерде де бұндай ерекшелік айқын аңғарылады. Бұның өзі септік жалғау жүйесі көне түркі тілінің өзінде тұрақталып қалыптасқан грамматикалық категория болса да, шығу тегі жағынан ұқсас, төркіні бір септік тұлғаларының қалыптасу кезі мен орнығып, қолданылу шеңбері, қызметі мен мағыналық аясы, даму жолдары біркелкі емес екенін көрсетеді.

Келесі бір үлкен ерекшелік сөздің барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктерде негізгі заттық мәндегі кім? не? деген сұрақтардың сол септік тұлғаларда тұруынан, яғни кімге? неге? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен?) басқа қайда? (барыс, жатыс), қайдан? (шығыс, қалай (көмектес) деген сұрақтардың қатар жұмсалуымен байланысты. Соған сәйкес бұл септік түрлері екі жақты мәнге ие болып екі түрлі мағынада жұмсалады. Соның нәтижесінде олар екі түрлі синтаксистік қатынаста қолданылып, екі түрлі қызмет атқарады. Атап айтқанда, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік түрлері, бір жағынан, заттық мағынаға байланысты жанама объектіні білдіреді де, соның негізінде септік жүйесінің бір түрі ретінде зат есімнің бір грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып саналады. Міне, осы мәнінде бұл септіктер заттық мәнге ие болып, кейде басқа сөз таптарына жалғанса да, оны субстантивтендіріп, зат есімге айналдырып тұрады. Мысалы, талаптыға нұр жауар, жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат, жақсыда жаттық болмас, жақсымен жанассаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жанассаң, қаларсың ұятқа деген сөйлемдерде (-ға), шығыс (-дан, -нан). жатыс (-да), көмектес (-мен) септік жалғаулары өзі жалғанған сөзге жанама объектілік мағына үстеп, бұл сөйлемдерде сын есімдерді заттандырып, адам мағынасын білдіріп тұр. Сөйтіп, көптік, тәуелдік жалғаулары сияқты зат есімнің грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып жұмсалған. Бірақ бұл септік тұлғалары әр уақыт осындай мәнде қолданыла бермейді. Жанама объектілік мағынасы мен өзі жалғанып тұрған сөзге тек заттық мән үстеп тұруы олардың басты, негізгі қолдану аясы бола да бермейді.

Керісінше жанама объектілік, заттық мағынадан гөрі бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық, жалпы көлемдік мағынаны білдіріп, керісінше заттық мағынаны адвербиалдандырып, үстеуге айналдырып жіберу - барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік тұлғаларының негізгі қолданылу аясы болып табылады. Тіпті бұл септік тұлғалары кейде консервациялану нәтижесінде үстеу де тудырып кетеді. Қайткен күнде де бұл септіктердің соңғы мәнде жұмсалуы тілімізде жиі кездеседі. Соған сәйкес сөйлемде бүл септік тұлғасында жұмсалған сөз екі түрлі қызмет атқарады: жанама объект мағынасын білдіріп, заттық мәнде қолданылғанда, толықтауыш қызметін атқарса, бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық мағынаны білдіріп, адвербиалдық мәнде жұмсалғанда, пысықтауыш қызметін атқарады. Бұл сияқты екі мәнді білдіріп, қос қызмет атқару қасиеті атау, ілік, табыс, септіктердің қолданылуында жоқ. Атау, ілік, табыс септіктердің жалғаулары әрдайым субстанттық, меншіктілік және тура объектілік мағынаны білдіріп, тек заттық мәнде жұмсалып, атау септікте тұрған сөз бастауыш, ілік септікте тұрған сөз анықтауыш, табыс септікте тұрған сөз толықтауыш қызметін атқарады да, олардың бұл қызметтері айқындалып, сараланып тұрады. Сөйтіп, бұл үш септік әрдайым заттық мәнмен тікелей байланысты қолданылып, тек зат есімнің грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып табылады. Міне, септік түрлерінің осындай екі жақты мағыналық және қызметтік ерекшеліктеріне қарап түркологияда септік жалғауларды екі топқа бөліп, атау, ілік, табысты грамматикалық септік, барыс, жатыс, шығысты және көмектесті көлемдік септіктер деп жіктеу дәстүрі бар (Д. — СТЯ, 153).

Э.В.Севортян түркі тілдеріндегі септік жалғауларын грамматикалық септік (негізгі, ілік, барыс-бағыттық, табыс) және көлемдік септік (барыс-бағыттық, жатыс, шығыс) тобына бөлу, бір жағынан, шартты екенін, олай бөлуден бас тартуға да болатынын айта келіп, ол екі топтағы септік жалғау түрлері кейде сәйкес келе берсе де, мысалы, барыс-бағыттық (дательно-направительный)

септік әрі грамматикалық, әрі көлемдік септік қатарында бірдей жүрсе де, сондай-ақ басқа септік түрлерінде де мұндай қасиет байқалып отырса да, әсіресе негізгі (основной) септік сөйлеу тілде барлық септік тұлғаларының орнына жүре берсе де, септік категориясын бұндай екі топқа грамматикалық және көлемдік септік деп бөлудің ғылыми негізі бар екенін көрсетеді (ИСГТЯ, 45). Айта кету керек, ғылыми негізгі септік деген ұғымға атау септіктен басқа, жоғарыда көрсетілгендей, зат есімнің түбір тұлғасын да, басқа септік тұлғаларының түсіп қалып, жасырын тұрған қолданыстарының бәрін де енгізеді. Бірақ олардың бәрін бір септік тұлғасының ауқымына зорлап сыйғызуға болмайды. Атау септігі арнайы грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болмаса да, өзіндік мәні мен мағынасына, сөйлемде атқаратын қызметіне байланысты зат есімнің түбір тұлғасынан да, басқа септік жалғаулардың тасаланып, түсіп қалған тұлғасынан да өзгеше, басқа септік түрлерімен тепе-тең грамматикалық тұлға, септіктің бір түрі екені жоғарыда айтылып талданды.

Септіктерді бұлайша бөлу кейбір түркологтардың зерттеулерінде кездескенімен, жалғасын таба қойған жоқ. Осымен байланысты қазақ тіл білімінде септік түрлерін грамматикалық және көлемдік деп бөлу мәселесі қалай десек, қазақ тілінің грамматикаларында септік категориясын бұлайша екі топқа бөліп қарастыру тәжірибесі жоқ, тек түркологияда грамматикалық және көлемдік септік түрлеріне бөлінетіндігі көрсетіледі (ҚТЗ, 57), кейде олай жіктеудің өзі шартты, сондықтан олай бөлуден тиімді қорытынды шығаруға болмайды деп атап айтылады (Ы. - ҚТ, 79).

Э.В.Севортян септік жүйесіндегі бұл түрлердің көрсетілген ерекшеліктерімен бірге көне түркі, көне ұйғыр, көне және жаңа өзбек, жаңа ұйғыр тілдерінде көлемдік септік тұлғалары есімдікте грамматикалық септік тұлғаларының үстіне жалғанып отыратындығын көрсете келіп, былай деді: „Грамматические падежи для енисейско-орхонских, древнеуйгурского, старо и ново-узбекского и весьма последовательно для ново уйгурского являются первичными, а пространственные - вторичными" (ИСГТЯ, 50).

Сөйтіп, білдіретін мән-мағынасына, атқаратын қызметіне қарай атау, ілік, табыс септік жалғаулары әрдайым заттық мәнде, бір ғана қызметте жұмсалып зат есімнің таза грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып,

грамматикалық септік деген атқа ие болса, барыс, жатыс, шығыс және қазақ тіліндегі көмектес септіктер екі түрлі мәнде: әрі заттық, әрі адвербиалдық мәнде, екі түрлі қызмет атқарып, бірде зат есімнің грамматикалық көрсеткіші (зат есімге жалғанып, сөз бен сөзді байланыстыру қызметі мен басқа сөз таптарына жалғанып, оларды субстантивтендіріп, зат есімге айналдыруы) болумен жанама обьект мәнін білдіріп, ол тұлғада сөз сөйлемде толықтауыш қызметін атқарумен бірге өзі жалғанған сөзге бағыттық, мекендік, мезгілдік мән үстеп, пысықтауыш қызметін атқарып, сол контексте адвербиалданып, үстеуге айналдыруы арқасында көлемдік септік саналады. Бұлай бөліну септік жалғаулардың шығу, даму тарихымен де байланысты екен. Бұл – септік түрлерінің семантикалық сипаты. Ал септік түрлерін грамматикалық және көлемдік деп бөлуге негіз болатын, кейбір түркологтар атап көрсеткендей, семантикалық (мағыналық) және қызметтік ерекшеліктерден басқа да грамматикалық өзгеше сипаттар бар ма? Өйткені көрсетілген семантикалық ерекшеліктері, біріншіден, бұрын қалыптаса қоймауы мүмкін, септіктің жеке түрлерінде әуел бастан болып, кейін бір категорияға енгенде, бірге енуі де мүмкін, екіншіден, септіктің бұл түрлерінің басқа да грамматикалық қасиеттеріне, мысалы, сөз бен сөзді байланыстыру қасиетіне, әсер етуі де мүмкін.

Септік категориясын грамматикалық және көлемдік деп екі топқа бөлуге негіз болатын сипаты олардың білдіретін мағынасы, атқаратын қызметі, шығу, даму тарихымен бірге септік тұлғаларының сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөз тіркесінің типін құрау мәнінің ерекшелігінен де көрінеді. Атап айтқанда, грамматикалық септіктің (атау, ілік, табыс) тұлғалары өзі жалғанған сөзді екінші бір сөзге бағындырып, бағыныңқы сөзді басыңқымен байланыстырып қана қоймайды, ол екінші сөздің де белгілі грамматикалық тұлғада я категориялық тұлғада болуын талап етіп, екінші жағынан, басыңқы сөзді бағыныңқымен байланысқа түсіріп тұрады. Ал бұндай қасиет көлемдік септік тұлғаларында байқалмайды. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің тұлғалары (жалғаулары) өзі жалғанған сөзді екінші сөзбен (көбіне етістікпен, кейде есіммен де, мысалы малға бай, үйден үлкен, үйде бала, түзде дана, құрбымен әзіл т.б.) оның семантикасына сәйкес сабақтаса байланыстырады, бірақөзі сөз тіркесінің басыңқы компонентінің грамматикалық тұлғасына не семантикасына әсер етпейді, оның формалық сипатына бейтарап болады, яғни бұл септік формасында тұрған сөз тіркесінің екінші сөзіне (яғни басыңқы сыңарына) оның қандай тұлғада тұруына қарамай-ақ меңгеріле береді де, ол сөздердің арасындағы бір жақты ғана байланыстың көрсеткіші болады, Мысалы, Арманға толы кеудемен кепті талай ыстық жүректі жар. Сан кеудеде ашылмай, айтылмай кетті ащы зар. Бірақ бәрінен ауыр, бәрінен ащы, бәрінен улы қайғы не? Қамшысына таянып, тымағын басынан алмай бір тізерлеп отыр (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан арманға толы, кеудемен кепті, кеудеде ашылмай (айтылмай кетті), бәрінен ауыр, бәрінен ащы, бәрінен улы, қамшысына таянып, басынан алмай тәрізді сөз тіркестерінің табиғатына зер салайықшы. Бұлардың басыңқы компоненттері бірде есім (толы, ауыр, ащы, улы) сөз болса, бірде етістік (кепті, ашылмай, айтылмай кетті, таянып, алмай) болып, олардың грамматикалық семантикасы да грамматикалық түр-тұлғасы да, басқа сөзбен байланысқа түсу сапасы жағынан да меңгерілген сөз бен оның грамматикалық тұлғасынан тәуелсіз екенін байқаймыз. Сондықтан бұл сөз тіркестерін арманға толы боп, кеудеден кетірді (кетсе), бәрінен ауырлау (ауырырақ), ащырақ, ауыр болған, қамшысына таянтқызып, басынан алынбай (алдырмай) т.б. етіп басыңқы сыңарын түрлендіріп қолдана беруге болар еді. Мұндай еркінділік грамматикалық септіктер арқылы байланысқан сөз тіркесінде болмайды, керісінше, онда басыңқы сөздің грамматикалық тұлғасы я семантикасы бағыныңқы сөздің формасына сәйкес, тіркес байланысына қатысты болып тұрады. Мысалы, Оразбайға осыны ғана жеткізу, білгізу шарт... Шешесінің соңғы сөзі Абайдың құлағына әлі естіліп тұрған секілді (М. Әуезов). Бірінші сөйлемдегі осыны жеткізу, осыны білгізу тіркесін байланыстырып тұрған – табыс септік жалғауы -ны. Бұл форма өзі жалғанған осы сөзін жеткізу (білгізу) етістігімен байланыстырып қана тұрған жоқ, сонымен бірге өзі сабақтаса байланысқан бұл етістіктің салт емес, сабақты етістік болуын талап етіп тұр. Сондықтан да жет салт етістігі бұл жерде -кіз өзгелік етіс жұрнағы арқылы сабақты етістікке айналған. Егер бұл етістік салт етістік мәнінде жұмсалса, табыс септік тұлғасы да қажет болмай, ол басқа тұлғада (атау я ілік) тұрар еді. Оразбайға осы (осының) ғана жетті не жету (жетуі), білу (білуі) шарт. Осы сияқты алдыңғы сөйлемдегі тымағын басынан алмай деген тіркесті, басыңқы сөзін өзгертсек, тымағы басынан алынбай деп қана құруға болады, ал табыс септік тұлғасын сақтап, тіркесті тымағын басынан алынбай деп құруға болмайды. Мұнда да басыңқы сөздің тұлғасын ырықсыз етіс қосымшасы -ын арқылы сабақты етістікті салт етістікке айналдырғанда, табыс септік тұлғасы соған сәйкес басқа тұлғаға өзгеріп кетсе, сол тіркестегі шығыс септік тұлғасындағы сөз (басынан) ондай өзгеріске түспей, басыңқы сынардың грамматикалық тұлғасына бейтарап екенін байқаймыз: тымағы -н басы-нан алмай, бірақ тымағы басы-нан ал-ын-бай. Бұның өзі табыс септік жалғауы арқылы байланысқан сөз тіркесінің типі меңгеру деп аталса да, ол меңгерудің ерекше түрі екенін көрсетеді. Сондықтан меңгерудің бұл түрі (табыс септік жалғауы арқылы байланысқан түрі) тек етістікті және аралас (басыңқы компонент есім мен көмекші етістік) сөз тіркесінде (меңгеруде) болып, есімді сөз тіркесінде жасалмайды, өйткені есім сөзде сабақтылық сипат болмайды. Ал, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан сөз тіркестері (меңгеру) есімді де, етістікті де сөз тіркестерінің түрлерінде бірдей кездесіп отырады.

Екінші сөйлемдегі шешесінің сөзі, Абайдың құлағына деген тіркестерде алдыңғы бағыныңқы компонент ілік септігінде тұрып, екінші компонентке бағынып тұрса да, бағыныңқы компонент те сол бағындырып тұрған сөздің өзін белгілі формада, атап айтқанда, тәуелдік жалғауында тұруын талап етеді, онсыз қолданылмайды. Кейде тәуелдік жалғауы түсіп қалса да (мысалы, біздің үй, сіздің ауыл, өзіміздің жігіттер, Қобыландының Тайбурыл, Базарбайдың Төлеген т.б.) оның грамматикалық мән-мағынасы сақталып, қызметі өзгермейді, ол тұлғаның бар (нөлдік форма) екені сезіліп тұрады. Осы ерекшелікті байқаған Ф.Г. Исхаков былай дейді: ілік септікте қолданылған зат есім сөйлемде екінші зат есімді анықтап тұрады да, онымен екі турлі грамматикалық сабақтастық (бағыныңқы) байланысқа түседі (меңгеру әрі қиысу): сол тіркестің компоненттері болып табылатын екі зат есімді де морфологиялық тұлғаларымен түрлендіру арқылы екі жақты байланыс пайда болады. Анықтауыш қызметіндегі зат есім өзі анықтап тұрған зат есімге меңгеріліп тұрғандықтан да ілік септігінде жұмсалады да, анықтаушы сөз онымен бір жақта қиысып, грамматикалық бағыныңқы байланыстың бір түрі болып табылатын тәуелдік жалғаудың 3-жақ қосымша сын қабылдайды (институттың кітапханасы, кітапхананың кітабы). Сөйтіп, бұл жерде анықтауыш пен анықталушы сөздің арасында өзара екі жақты бағыныңқы байланысты байқаймыз: бірінші компонент септік тұлғасы арқылы екінші компонентке меңгеріліп тұрса, екінші компонент алғашқы компонентпен бір жақта қиысып тұрады. Осындай екі есімнің бір-біріне өзара бағына байланысып тіркескен түрі „түрік изафеті" делінеді (ИСГТЯ, 102) Сөйтіп, ілік септік пен тәуелдік жалғау арқылы тіркескен сөздер арасындағы байланыс түрі өте күрделі. Бұл байланыс жалғыз меңгеру не қиысу шеңберіне сыймайды, ол үш жақты байланыс арқылы іске асады. Әрине, оны әрі меңгеру, әрі қиысу деп беру қисынсыз. Бірақ түркологияда бұл синтаксистік байланыс бірде меңгеру (Р. - ОУП, 179) деп те, бірде қиысу (Д. - ГБЯ, 205; К - ГТЯ, 379) деп те аталып келді. Бұл тіпті де дұрыс емес екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, өйткені, жоғарыда көрсетілгендей, бірінші сөздегі ілік септік тұлғасымен қатар екінші сөздегі тәуелдік жалғаудың болуы да тек осы құрылымдағы байланысқа қатысты. Бұл – қазақ тіл білімінде матасу деп анықталған (Б.Қ. ҚҚТ). Меңгеру, қиысу және матасу бір-бірінен байланыстың мәні мен мағынасы, саны мен сапасы жағынан ерекшеленеді: меңгеру – грамматикалық тұлғаның қатысы жағынан бір жақты байланыс, қиысу – екі жақты, ал матасу – үш жақты байланыс.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: