Кіріспе 1 страница. әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің Ғылыми кеңесі баспаға

АЛМАТЫ - 2009

әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған (2009 жыл 24ақпан хаттама № 3)

Пікір жазғандар;

Б.Е. Көмеков - тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі

Т.Ә. Төлебаев - тарих ғылымдарының докторы, профессор

Х.А. Сутеева тарих ғылымдарының докторы

Мұхатова О. Тарихнама ғылымы:теориялық-методологиялық негіздері және зерттеу үлгілері. Оқу құралы. - Алматы, 2009. -138 бет.

Кітапта тарихнама ғылымы, оның методологиялық негіздері, тарихнамалық зерттеулер жүргізудің бағыттары, жолдары, тәсілдері туралы айтылады. Тарихнамалық принциптер, әдістер, пәнаралылық жөнінде нақты теориялық түсініктер беріледі. Автор тарихнамалық фактлерді талдаудың критерийлерін айқындап, тарихнамалық заңдылықтардың, деректердің ұғымын ашады. Сондай-ақ еңбекте тарихнамалық зерттеу дайындаудың үлгілері көрсетілген.

Оқу құралы студенттерге, магистранттарға, тарихнама пәнінен дәріс беретін оқытушыларға, зерттеушілерге арналған.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

ТАРИХНАМА ҒЫЛЫМЫ: МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

ТАРИХНАМА ҒЫЛЫМЫНЫҢ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

Тарихнамалық зерттеу әдістері

Пәнаралық

Тарихнамалық зерттеудегі жалпыметодологиялық принциптер

ТАРИХНАМАЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚТАР

ТАРИХНАМАЛЫҚ ФАКТ

ТАРИХНАМАЛЫҚ ДЕРЕК

ТАРИХНАМАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ДАЙЫНДАУДЫҢ ҮЛГІЛЕРІ

ҚОРЫТЫНДЫ

ҚОСЫМША

Осы еңбегімді өмір бойы мемлекетке

еңбек еткен, 60 жыл қол ұстасып,

бірге ғұмыр кешкен анам Бәтиманың

және әкем Хасеннің рухына арнаймын.

Автор

КІРІСПЕ

Кеңес Одағының ыдырап, социалистік жүйенің жойылуына байланысты қазақстандық тарих ғылымының теориялық-методологиялық проблемаларын қайта қарап, жаңа тарихи таным қалыптастыру қажеттілігі туындады. Мұндай заңды құбылыс бірқатар саяси, әлеуметтік, идеологиялық, дүниетанымдық факторларға негізделді. Бұл бір жағынан алпауыт мемлекеттің тарих сахнасынан кетуіне, екіншіден, коммунистік идеологияның құлдырауына, үшіншіден, осыларға сәйкес ғылымда үстемдік еткен маркстік-лениндік идеологияның дағдарысқа ұшырауынан көрінді. Сондықтан да уақыт өткен сайын жаңа ғылыми методология қалыптастыру қажеттілігі айқын сезіле түсті. Тарихты жазуда, зерттеуде өзекті мәселелерге жаңа көзқарастар тұрғысынан қарап, дербес, тың ой-пікірлер мен тұжырымдар түйіндеу міндеті тұрды. Алайда тәуелсіз, соны тұжырымдар жасау көптеген қиындықтарға тірелді. Ғылымда эталондық ой-тұжырымдар, салмақты қорытындылар жасап келген тәжірибелі, білікті аға буын маман-зерттеушілер, ғалымдар бірден ескі ұстанымдардан бас тартып, жаңаша ойлауға бет бұра алмады. Осыған орай басым көпшілігі ғылыми зерттеулер жүргізуге ықылас таныта алмай, ғылымнан қол үзді. Жаңа бағытта төл тарихымызды жазуға тарихшылардың теориялық және методологиялық дайындықтарының төмендігі кедергі келтірді. Соның нәтижесінде жаңа тәуелсіз методологияны қалыптастыру ұзақ уақытқа созылды. Бұл процесс күні бүгінге дейін жалғасуда.

Тарих ғылымының проблемаларын нақты методологиялық талдауларсыз шешу мүмкін емес. Бұл проблемаларға дәлірек айтсақ, дүниежүзілік тарихи процестің заңдылықтары, қазақ тарихының әлем тарихының құрамдас бір бөлігі екендігі, Қазақстан аумағында өмір сүрген тайпалардың және олардың ұрпақтарының әртүрлі тарихи дәуірлерде өмір сүруі, жалпы мен жалқының айырмашылығы, тарихтағы субъективті фактордың рөлі және сол сияқты көптеген мәселелер жатады.

Отан тарихын терең зерттеген сайын әрі жаңа методологиялық ұстанымдарды қалыптастыру барысында оның зерттелмеген мәселелерінің шаш етектен екендігіне көз жеткізілуде. Оның үстіне соңғы уақыттарда тарихи зерттеулер жүргізуде ғылым мен техниканың жаңа технологиялық жетістіктері пайдаланылуда. Осының барлығы тарих ғылымының қазіргі кезеңдегі жағдайы, зерттеулерге талдау жасаудың деңгейі оның теориялық-методологиялық негіздерін жетілдіруді талап етеді.

Тарихнамалық проблемаларды методологиялық ой-елегінен өткізу тарихи оқиғаларды түсінуді жаңа деңгейге көтереді. Тарихи процестерді жай түсіндіріп қана қоймайды, сонымен қатар ғылымның жай-күйін, оның қозғаушы күштерін, даму тенденцияларын айқындайды.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда тарихнамалық зерттеулерді жүргізуге ықылас артып, тарих ғылымының тарихын терең түсінуге алғашқы қадамдар жасалды. Мұның өзі жаңа, ғылымның түрлі салаларында қол жеткізілген жетістіктер тұрғысынан тарихнамалық методологиялық талдаудың заңдылықтары мен өзіне тән белгілерін тануды талап етті. Осы бағытта біраз жұмыстар жасалды. Тарихнамалық зерттеулердің методологиялық тұғыры болып танымның жалпы ғылыми мәртебесін иемденуші дербес диалектикалық-материалистік, философиялық ілімдер жүйесі, теориялық-әдіснамалық ұстанымдар қалыптастырылды.

Тарихнаманың методологиясы “тарих адамның іс-әрекеті” принципіне негізделіп тарих методологиясымен, сондай-ақ жаңадан қалыптасып, дамып келе жатқан ғылымтану, информатика, болжау, әлеуметтік психология тәрізді пәндермен тығыз өзара байланыста ғылымнан көрініс беруде. Бұл пәндердің сапалы даму деңгейі, теориялық-методологиялық негіздері және зерттеу әдістері тарихнаманың әдіснамалық проблемаларын оқып-үйренуде маңызды болып табылады.

Білімнің интенсивті түрдегі интеграциялану және дифференциациялану процесі кезінде теориялық-методологиялық талдаудың көмегімен ғылыми синтездеу мен әртүрлі ғылым салаларының түйісуінде бірқатар маңызды мәселелерді шешу мүмкін болады. Шешімін табуға тиіс мәселелерге диалектикалық таным мен методологияның өзара қатынасы, олардың әдіснамасы мен әдістері, тарихнамада қолдану жолдары, “жаңа” білімге қол жеткізу процесі және оған баға беру, пәнаралық байланыстарды пайдалану тәсілдері, т.б. жатады.

Еліміздегі тарихнамалық зерттеулердің кең түрде жүргізілуі, тарихнама ғылымының қажеттілігін терең түсіну қазіргі кезеңдегі ғылымның түрлі салаларындағы жетістіктер тұрғысынан, жаңаша тарихнамалық, методологиялық талдаулардың заңдылықтарын, ерекшеліктерін оқып-үйренуді талап етеді. Ғылыми талаптарды жан-жақты меңгерген сайын тарих ғылымындағы зерттелмеген мәселелер айқындалып, ол алдыға жылжиды. Керісінше, методологиялық проблемалар өз шешімін таппаса, зерттеушілер әдіснамалық жағынан пісіп-жетілмесе ғылым жаңа, сапалы жетістіктерге жете алмайды.

Тарихнамадағы методологиялық проблемаларды оқып-үйренуді ғылымдағы “тарих және қазіргі заман” парадигмасымен байланыстыра жүргізу өзекті болып табылады. “Тарих және қазіргі заман” проблемасын мына төмендегі бірқатар мәселелермен етене жақын шешу қажет. Олар: зерттеу тақырыбын таңдау, оны қарастырудың теориялық және методологиялық деңгейі, қорытындылар жасау, тұжырымдардың қазіргі заман үшін маңызы.

Тарихнамалық еңбектердегі методологиялық “түзетулердің” қажеттілігі ғылымның өзіне тән болжам жасау бағытына байланысты артады. Тарихнамалық зерттеудің құндылығы көп жағдайда ондағы ғылыми дәйектелген болжаудың орын алуына байланысты анықталады. Тарихнамашының гипотеза шығаруға белгілі бір уақыттарда ғана құқығы болады. Тарихнамалық ойдың тереңдігі жаңа проблемалар мен тақырыптардың дүниеге келуіне жол ашады. Білікті, білімді, методологиялық жағынан табанды, дүниетанымы кең, логикалық ой-өрісті маман тарихнамашы ғана болашақтағы ғылыми ізденістерге негіз болатын болжам жасай алады. Методологиялық ұстанымдары берік, оның негіздерін жетік меңгерген тарихнамашы ғана бұрынғы болжамдардан бас тартып немесе жоққа шығарып, тарихнамалық білімнің дамуына септесе алады.

Орыстың белгілі ғалымы И.Д.Ковальченко: “Тарих ғылымында тарихи теориялық және методологиялық түйіткілдерді шешу қазір ерекше маңызды міндеттердің бірі. Тарихнамалық зерттеулер қазіргі кезде кең көлемге ие болды, бұл пән өзіндік даму жолынан өтті, ол тарих ғылымының сұраныстарын қанағаттандырады. Алайда басты мәселе бұл емес, бізге аса қажет міндет тарихнаманың методологиялық тұстарын жетілдіру”[1],- деп жазған.

Тарихнаманың методологиясы тарих ғылымының ғана емес өзінің де нақты терминдер аппаратын жетілдіруге, мұндағы әртектілікті жоюға жағдай жасайды. Бұл тарихнамалық зерттеулердің мазмұнын, мақсаты мен міндеттерін қарастыруда тиімді рөл атқарады.

Тарихнамалық заңдылықтарды және заңдарды орнату ғылымның функцияларына жатады. Сонымен қатар оған болжамдық бағыт та тән. Себебі тарихнама ғылымның өзіндік санасы ретінде ғылыми ойды үнемі объективті шындыққа жетелейтін саралаушы бағдар болып табылады. Тек тарихнама арқылы қарастырылатын белгілі бір ғылыми бағыттың аз немесе зерттелмеген тұстарын айқындауға мүмкіндік туады. Тарихнама ғылымтанушылық рөл атқара отырып, нақты тарихи зерттеулердің негізгі жетістіктерін талдай келе шындықтың аса маңызды жақтарын тұтастай көрсетіп береді. Тарихнаманың тағы бір ерекшелігі осы ғылым саласы арқылы белгілі бір мәселенің зерттелу деңгейін анықтап қана қоймай, сол мәселе ауқымында жаңа, тың тақырыптар айқындалып, зерттеушілерге ұсынылады. Тарихнамалық талдау неғұрлым терең, жан-жақты жасалса, соғұрлым мәселенің мән-мазмұны, зерттелу бағыттары мен үрдістері барынша анықталады, зерттелуге тиісті тың тақырыптар молаяды. Осы жағынан алғанда тарихнамалық зерттеу жүргізудің маңызы артып, көкейкесті бола түседі.

Ғылымның осындай “миссиясына” қол жеткізу үшін оның методологиялық негіздерін терең меңгеру қажет. Айта кетерлік жайт, тарих методологиясына қызығушылық әдіснамалық проблемалардың дамуы мен кең қанат жаюына байланысты артып келеді. Тәуелсіз Қазақстанда соңғы уақыттарда бірқатар ғылыми маңызы зор еңбектер жарық көрді. Олардың қарастырған мәселелері де сан қырлы. Дегенмен көптеген мәселелер әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді, өйткені Отан тарихына қатысты проблемалардың басым көпшілігі терең әрі толыққанды зерделенбеген, кейбіреулері мүлде ғалым-зерттеушілер назарынан тыс қалған. Бұл әсіресе тарихнаманың методологиялық проблемаларына қатысты. Отандық ғылымда методологиялық мәселелерге арналған еңбектер жоқ десе де болғандай, алайда соңғы жылдары тарихнама ғылымы бойынша біраз зерттеулер жүргізіліп, ірілі - ұсақты еңбектер дүниеге келді. Осыған байланысты ғылым кенже қалған деңгейінен елеулі түрде даму жолына түсті. Дегенмен осындай тенденциямен қатар методологиялық ізденістер жүргізуді талап ететін жаңа проблемалар, зерттеулердің жаңа бағыттары пайда болуда.

Қазіргі кезеңдегі тарихнаманың бірінші кезектегі методологиялық проблемалары және жарық көрген, жазылған тарихнамалық еңбектерді талдау олардың әдіснамалық тұстарының ұшталмағандығын байқатты. Сондықтан да тәжірибеде тарихнамалық шығармашылықтың деңгейін жаңа, сапалы деңгейге көтеру, ғылымның пайда болу, болашақтағы функциялары мен бағыттарының даму заңдылықтарын терең ашып көрсету қажет деген тұжырым жасауға болады. Осыған орай тарихнамалық зерттеулер жүргізудің методологиясын көрсету мақсатында тарихнамашыларға осы еңбегімізді ұсынып отырмыз. Зерттеуіміз кез-келген тарихшының жеке кітапханасынан орын алуға тиіс кітаптардың қатарына жатады деп санаймыз.

Оқу құралының мақсаты -тарих ғылымының саласы тарихнаманың өзіне тән зерттеу методологиясын, ерекшеліктері мен заңдылықтарын, тарихнамалық еңбек жазудың бағыт-бағдарын, үлгісін көрсету.

Автор өзінің алдына мынадай міндеттерді қояды:

- тарихнама ғылымының методологиялық негіздерін ашып көрсету;

ғылымның әдістеріне, олардың атқаратын функцияларын, пайдалану тәсілдерін анықтау;

- -тарихнамалық фактінің, тарихнамалық деректердің мәнін ашу және олардың “әрекетін” зерттеу;

- тарихнамалық заңдылықтарды және олардың орын алуын ашып көрсету;

- пәнаралықты, тарихнаманың өзге де ғылымдармен, ғылым салаларымен байланысын айқындау;

-тарихнамадағы жалпыметодологиялық принциптерге тоқталу және ғылыми зерттеудің әдістерін айқындау;

- тарихнамалық зерттеудің үлгісін көрсету.

Автор тарихнамалық зерттеудің методологиясын көрсетуде, өзінің пікірін танытып, тұжырымдарын түйіндеуде кеңестік және қазіргі кезеңдегі Ресей Федерациясы, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан тарихшылары мен тарихнамашыларының көзқарастарына сүйенеді.

Тарихнама ғылымы: мақсаты мен міндеттері

Тарихнама ежелгі грек тілінен аударғанда “история” - тарих және “графия” - тарихты сипаттап жазу дегенді білдіреді. Тарихнаманы ең алдымен адамзат қоғамын танудың аса маңызды түрлерінің бірі болып табылатын тарих ғылымының тарихы деп түсінген жөн. Сондай-ақ тарихнама деп белгілі бір тақырыпқа немесе тарихи дәуірге арналған зерттеулердің жиынтығын атайды.[2]

Адамзат жазуды пайдаланғанға дейінгі кезеңде тарихи білімнің кейбір белгілері ауыз әдебиеті үлгілерінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз, әңгімелерде, шежірелерде сақталып келді. Онан кейін тарихи таным белгілері көне жазба ескерткіштерінде (Авеста, Бехистун сына жазулары, Күлтегін жазуы, Тоныкөк ескерткіші[3]), т.б. көрініс таба бастады.

Адамзат өзінің өткеніне үлкен мән беріп, одан тағлым, сабақ алу мақсаттарында бастан кешірген оқиғалар мен түрлі жайттарды әр алуан жазу құралдарының беттеріне, ал қағаз пайда болғаннан кейін хатқа түсіруге мүдделі болған. Ал жазуы жүйелі түрде дамымаған халықтар тарихты ауызша айтуды қалыптастырды.

Тарихи оқиғалар түрлі сипатта, мемлекеттердегі өзіндік саяси ұстанымдарға, белгілі бір көзқарастарға, идеологияларға байланысты баяндалып отырылды. Мәселен, ежелгі дәуірде тарихи оқиғалар мен процестерді сипаттауда діннің рөлі айтарлықтай еді. Осыған орай көне замандардағы жазбаларда тарихи баяндар “құдайдың еркімен” жүрген құбылыстар ретінде жазылған. Бірте-бірте тарихты танудың анағұрлым жетілдірілген жолдары қалыптаса бастады. Тарихты біршама жүйелі түрде әңгімелеп жеткізудің алғашқы қадамдары жасалды. Мұндай бастамалар дүние жүзінде тұңғыш рет ежелгі Грекияда орын алды. “Тарихтың атасы” атанған Геродот өзінің “Тарих” атты еңбегінде тарихи оқиғаларды деректердің негізінде сол замандағы “құдайдың еркімен” байланыстырып жазды, алайда пайдаланылған мәліметтер сыни талдаудан өткізілмей, олар бірінен кейін бірі тізбектеліп айтыла берді. Осындай кемшіліктеріне қарамастан шығарма грек тарихнамасының қалыптасуына игі әсер етті.

Ежелгі Ром мен Грекияда тарихи оқиғаларды “құдай еркімен” байланыстыру тәсілінен тыс баяндау әдістері де көрініс берді. Тарихи деректерге сыни көзқарас танытып, оқиғаларды жинақтап көрсетуден гөрі оларды біршама жүйелі түрде, алғышарттарын, себеп-салдарын ашуға бағытталған еңбектер жазылды. Осындай бағытта жарық көрген шығармалардың бірі - Фукидидтің туындысы. Тарихты жазуда Фукидид ұстанған тәсіл ары қарай өз жалғасын тауып, анағұрлым мәнді тарихи еңбектердің дүниеге келуіне мұрындық болды. Ежелгі дәуірдегі Орта Азиядағы тайпаларға қатысты мәліметтер келтірілген Полибий, Тацит, Тит Ливий, Плутарх, Апиан, т.с.с. еңбектері әлемдік тарихнамада жоғары бағаланады. Дегенмен олардың еңбектерінде тарихи фактілерді жалаң баяндау дәстүрі кеңінен орын алды.

Ежелгі Қытай тарихшысы Сыма Цян оқиғаларды хронологиялық тұрғыда сипаттаудан бас тартып, Қытайдың саяси және мәдени өмірі қамтылған анағұрлым жетілдірілген тарихи шығарма дайындады. Сыма Цяннан кейінгі қытай тарихшылары оның ұстанған тәсілін үлгі етіп, тек өз елдерінің тарихына ғана емес көршілес орналасқан мемлекеттердің өткенін жазып, жан-жақты қамтылған шығармалар жазуға ұмтылды. Қытайдағы түрлі империяларды басқарған әулеттердің ішкі және сыртқы саясатына байланысты елдердің тарихын жазу бірте-бірте дәстүрге айнала бастады. Сондықтан да Қытай тарихшыларының еңбектерінен ежелгі Қазақстан аумағында өмір сүрген ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары туралы мол мәліметтер көрініс тапқан. Сондай деректердің бірқатары “Мәдени мұра” бағдарламасы ауқымында топтамалар түрінде жарық көріп, зерттеушілерге бұрын-соңды мәлім болмаған жәдігерлер ретінде қазақ жеріндегі тарихи оқиғаларды шынайы зерделеуге мүмкіндік берді[4]. Деректік топтамаларды жарыққа шығаруда Қазақстан Республикасы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты елеулі еңбек сіңірді.

Қазақстанда тарихи білімді қалыптастыру ұзақ уақыттарға созылған процес болды. Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихи оқиғалар мен процестердің зерттелуі негізінде Отан тарихының тарихнамасы жүйелі түрде ғылымнан орын алды. Уақыт өткен сайын ол жаңа ғылыми зерттеулермен толығып, аясы кеңеюде. Енді отандық тарихнаманың қоржынындағы іргелі зерттеулерге тоқталып, тарихи дәуірлердегі өзекті мәселелерді қарастырған шығармаларға қысқаша шолу жасайық.

Ежелгі дәуірдегі Қазақстан тарихына қатысты зерттеулер көбінесе археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жарияланды. Қазақ даласындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу қазан төңкерісіне дейінгі уақыттарда басталғанымен мардымды ғылыми жұмыстар атқарылмады. Кеңестік кезеңде археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, біршама қазба жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Ғылым Академиясының құрылуы, тарих және этнография институтының ашылуы ежелгі дәуірдегі Отан тарихын зерттеуге зор серпіліс берді. Ғалымдар Ә.Х. Марғұлан, М.Қ. Қадырбаев, С.М. Ақынжанов, Х.А. Алпысбаев, Г.Б.Зданович, К.А.Ақышев, А.Г.Медоев, Г.А.Кушаев, т.б. басшылығымен Қазақстанның әртүрлі аймақтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижелерінде іргелі зерттеулер жарық көрді. Тас және қола дәуірлеріне жататын көптеген тұрақтардың орындары ашылып, бірқатар мәдениеттердің сипаты мен мазмұнын ашуға мүмкіндіктер тудырылды. Осындай зерттеулердің барысында ертедегі көшпелілердің ескерткіштері айқындалып, сақтардың, үйсіндердің, кангюйлердің, ғұндардың мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірлерінің мәселелерін тереңдетудің сәтті қадамдары жасалды. Көп жылдар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде аса құнды археологиялық материалдар жинақталып, соның негізінде темір дәуірін кезеңдеу, скиф-сақ, үйсін үлгісіндегі мәдениеттердің шығу проблемаларын, көшпелі мал шаруашылығының қалыптасу факторларын, механизмдерін, ертедегі қоғамның және көшпелілер мемлекетінің ерекшеліктерін, өзіне тән белгілерін анықтап, нақтылай түсу мүмкін болды.

Ежелгі жазба деректерді және археологиялық жәдігерлерді талдау тарих ғылымында ертедегі тайпалардың, тайпа одақтарының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыс тіршілігін жан-жақты әрі терең қарастыруға жол ашты. Осы тұрғыда тың тұжырымдарымен ерекшеленетін біраз еңбектер ғылымнан орын алды.

Ертедегі түркілер мен ғұндардың тарихи баяны Л.Н.Гумилевтің монографиялық зерттеулерінен көрініс тапқан. Дербес, іргелі шығармаларда ежелгі түркілердің, ғұндардың мемлекеттері, әлеуметтік-саяси көшпелі қауымдастықтардың пайда болуы, дамуы мен ыдырауы мәселелері зерттелген. Автордың назарынан ғұндардың, түркілердің тұрмыс-салты, діні мен мәдениеті тыс қалмаған.[5]

Соңғы уақыттарда сақ, үйсін, ғұн тайпаларының тарихына қатысты соны зерттеулер жүргізіліп, Отан тарихы ғылымы жаңа бағыттағы ой- тұжырымдармен толықты. Осы орайда “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының атқарып отырған ғылыми ізденістерін айта кеткен жөн. Орталық ғалымдары қазақ ру-тайпаларының тарихи баянын зерттеу барысында олардың ежелгі дәуірдегі өткенін тың деректер негізінде ашып көрсетуге ұмтылуда. Мұндай талпыныстар бұрын-соңды ғылымда кешенді түрде жасалмаған. Ежелгі дәуірдегі түркі тайпаларының тарихы орталық жариялаған бірқатар еңбектерден көрініс тапқан.[6]

Ертеректен бері орта ғасырлардағы түркі және монғол тайпалары мен ұлыстарының тарихынан хабар беретін бірқатар деректік тұрғыдағы еңбектер жарық көрді. Тарихнамадан елеулі орын алатын туындылардың бірі – Фазлуллах Хамадани Рашид ад-Диннің “Жами ат-тауарих” деген еңбегі. Шығарманың бірінші томынан аталмыш тайпалардың әдет-ғұрыптары, діни наным-сенімдері, көшпелі тұрмыс-салты, орналасулары көрініс тапқан. Екінші томында тайпалардың этникалық құрамы, монғол ұлыстарының құрамына енген түркі жерлерінің топонимикасы, тарихи географиясы, саяси тарихы, т.б. жөнінде мәліметтер келтірілген.[7]

Орта ғасырлардағы еуропалық тарихнамаға таурат пен христиан теологы Августин Блаженныйдың философиялық тарихи тұжырымдамалары әсер етсе, мұсылман тарихнамасына қасиетті Құранның тигізген ықпалы зор болды. Орта ғасырларда араб тілінде жазған авторлардың шығармалары деректік материалдарының молдығымен ерекшеленеді. Мәселен, тарихшы географтар Әл-Якуби, Ибн-Хордадбек, Ибн әл-Факих, Ибн-Русте, Ибн-Хаукаль, Әбу- Дулаф, Әл-Масуди, Әл-Макдиси, Әл-Марвази, Әл-Идриси, Гардизи өз көздерімен көргендеріне негізделген тарихи-географиялық деректер түріндегі еңбектер жазған. Авторлар орта ғасырлардағы Қазақстан аумағында мекендеген түркештер, оғыздар, қарлұқтар, қыпшақтар, кимектер, т.б. туралы ауқымды мәліметтер беріп, олардың орналасуы, шаруашылығы, қалалары, сауда жолдары, қолөнері жайында мол деректер келтірген. Араб тіліндегі деректердің авторлары құрастырушыларға айналып, уақыт өткен сайын олардың шығармалары өздерінің мәнін жойған. Дегенмен олардың бойында бізге келіп жетпеген бірқатар құнды мәліметтер сақталған. Құрастыру әдісі бойынша еңбек жазған орта ғасырлық авторлар тарихи оқиғаларды баяндауда елеулі кемшіліктерге жол беріп, қателіктерге бой алдырған. Әйтсе де мұндай шығармалардың тарихи білім қалыптастырудағы, әрі орта ғасырлық тарихнамадан өз заманынан мәлімет беретін деректік тұрғыдағы еңбектер ретіндегі маңызы айтарлықтай.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: