Ф. Ницше философиясы «Билікке жету» 4 страница

28.Н. Макиавеллидің «фортуна» ұғымы

Н.Макиавеллидің фортуна (сәттілік) ұғымының мән-мағнасы

Қайта өрлеу заманындағы көп ойшылдар сияқты Н.Макиа­велли де өмірге деген самарқаулыққа теріс қарап, оған белсенділікті қарсы қойды. Ал адамның өмірін ол фортунамен тығыз байланыстырды. Макиавелли заманындағы фортуна ұғымы, көне замандағы фатумнан анағүрлым бөлек (fatum - латын сөзі, тағдыр) Егер фатализм адамның өмірі, жүріс-тұрысы мен іс-әрекеті алдын ала болжанған, онда ешқандай таңдау, еріктік, кездейсоқтық жоқ, оған қарсы тұруға болмайды деп есептесе, фортуна ұғымы әлеуметтік қажеттілікпен теңелгенмен, ол ешқашанда адамның ерікті іс-әрекетін толығынан жоя алмайды. Н.Макиавелли: «Елу де елу» формуласына жақын фортуна біздің іс-әрекетіміздің жартысын өзіне көндірсе, екінші жартысы біздін өзіміздің еркіміз, өжеттілігіміз, қайрат-күшімізбен байланысты», - дейді. Сондықтан «абайлаудан гөрі батылдық жақсы», өйткені «фортуна -әйел, ал онымен тіл табысу үшін оны оқтын-оқтын сабап алу керек», неге десеңіз, ол «әйел ретінде жастардың досы, ал олар алды-артына қарамай, батыл түрде тарпа бас салып, оны өз еркіне көндіреді».

Алдына үлкен мұрат-мақсаттар қойып, оларды іске асыру жолында адамның батыл, тиімді іс-әрекеттер жасауын Н.Макиавелли «вирту» (virtu - лат. сөзі, айбындылық, қайраттық) деген сөзбен береді.

Алайда толыққанды виртуды іске асыру әрбір адамның қолынан келе бермейді. Қарапайым адамдар әлбетте өте жақсы да, жаман да емес, өздерінің жүріс-тұрыстарында «ортаңғы жолды» ұстайды, оның өзі үлкен нәтижелерге ешқашанда әкелмейді. Ал тарихтағы ұлы тұлғаларға келер болсақ, олардың жүріс-тұрысы, іс-әрекеті тіпті басқаша, олар алдына үлкен мақсаттар қойып, бүкіл сана-сезімін, еркін, күш-қуатын сол істі өмірге енгізуге тырысады.

Н.Макиавелли ұлы адамдардың іс-әрекетінің нәтижелілігі тек қана олардың айбындылығы, виртумен ғана байланысты деген пікірден аулақ. Ұлы адамдардың қайратты іс-әрекетінің жемістілігі –сол заманның қойған талаптарына сай келуінде.

Қорыта келе, «вирту» ұғымы жаңа гуманистік моральдың негізгі көрінісі ретінде Қайта өрлеу заманының негізгі құндылығына айнала бастады. Өзінің мүдделерін өмірге кіргізу жолында адам фортунаны ауыздықтай алады. Адам - ерікті, саналы, айбынды, күш-қуаты мол пенде, ол алдына қойған мұраттарды іске асыра алады. Бұл Н.Макиавеллидің идеялары Жаңа заманның ой-өрісіне зop әсерін тигізіп, жалпы алғанда, жүре келе Батыс менталитетінің өзегіне айналады.

 

29.Сократ философиясындағы қарастырған мәселесі

Ежелгі Грекия философиясының көрнекті өкілі Сократ біздің дәуірімізге дейінгі 470 жылы Афинада дүниеге келді. Сократ философиясының басты обьектісі адам, осы тұрғыдан алғанда оны адамтуралы қазіргі заманғы ғылым философиялық антропологияның негізін қалаушы деуге болады. Натурфилософияны мойындамаған Сократ философияның мақсаты адамды ізгілікке тәрбиелеу деп түсінді және адам оған өзін тану және өзін сынау арқылы жете алады деп сенді, мәселе адамға ізгілік туралы білім беруде, адам білмегендіктен ғана жаман болады. Білім -ізгілікке, ал надандық – зұлымдыққа жетелейді. Оның әйгілк «Менің білетінім – мен ештеңе білмеймін, басқалар оны да білмейді», «Өзіңді-өзің танып-біл!» қағидаларының негізгі мазмұны да осы. Сократтың ойынша, белгілі бір асыл қасиет (добродетель -Г.Н.) туралы білім жинаған адам сол қасиетке жете алады, бәрі адамның өзіне байланысты, адам тәнін емес, рухын, жанын шыңдауға үнемі ұмтылуы тиіс, себебі, жаны бақытқа бөленген адам ғана бақытты. Жеке адамның еркіндігін дәріптей отырып, Сократ мемлекеттің рөлін де жоғары қояды, адам мемлекет заңдарына бағынуы тиіс деп санайды. Философия тарихында Сократ метод мәселесінің негізін салушы ретінде де белгілі. Оның пікірінше, адам ақиқат білімге философтардың көмегімен. олармен әңгіме-сұхбат арқылы жете алады. Адамдармен сұхбат-пікірталас жүргізуде ол үш тәсіл ұсынды: ирония, майевтика және диалектика.

Дж. Локк философиясы

Джон Локк (1632-1704ж.ж.) — Оксфорд университетінің түлегі, осы оқу орынында грек тілі мен риторикасынан дәріс береді. Адам ауруларын тереңірек зерттеу мақсатымен медицинамен, кейінірек саясатпен айналысады, үкіметтің басқарушы қызметтерінеде араласады. Негізгі еңбектері: «Адамның ақыл — ойы туралы тәжірибе» және «Ақыл — ойды басқару туралы».

 

Локк эмпиризмді, яғни білім, таным тек тәжірибеден ғана туындайды деген көзқарасты ұстанады. Оның білім концепциясы сенсуализмге негізделген, ақыл — ойда әуелі сезімде болған нәрселерден басқа ештеңе болуы мүмкін емес деп көрсетеді.ойшылдың пайымдауынша, адамгершілік секілді ұғымдар адамға туа біткен қасиеттер емес, оны Локк моральдық түсініктердің әр халықта әр түрлі, тіпті бір халықтың өзінде тарихи дамудың әр түрлі кезеңдерінде моральдық ережелердің бір — біріне ұқсамайтындығы арқылы жақсы дәлелдейді. Адамда априорлы мораль болуы мүмкін емес. Адам баласы өмірге келгенде оның ішкі жан дүниесі таза тақта сияқты, тәрбие мен еңбектің арқасында адам өзіне білім жинақтайды, білім сол тақтаға жазылмақ дейді. Қоғамға діни шыдамдылық қажет, атеизмге жол жоқ, өйткені дінсіз қоғам болмақ емес, діни қағидалар болмаса қоғам азып кетеді деген ойды алға тартады.

31.И. Канттың таным саласындағы априорлық және апостериорлық білімі

Априори (латынша apriori – алдыңғыдан) – ортағасырлық схоластар енгізген қандай да бір амалға, әрекетке тәуелсіз, олардан бұрын танылатын ұғым, түсінік мәнін білдіретін философиялық термин. Априоридің қарсы мағынасы – апостериори. “Априориялық тұжырым”, “априорлы пайымдау” деген секілді ауызекі тілде айтылатын “Априори” ұғымы жорамал, негізсіз болжам мәнін білдіргенімен, философиялық тұрғыдан мұның жан-жақты талдауды қажет ететін өзіндік ғылыми сыр-сипаттары бар.

 

Априорлық білім, априорлық таным — өмір тәжірибесіне тәуелсіз, оған дейін танылатын ұғымды, түсінікті, мағлұматты білдіретін философиялық термин. Неміс философы И.Кант танымның қарама-қарсы екі жағы — таза (табиғи) таным және амал-әрекет арқылы келетін тәжірибелік таным болатынын атап көрсетеді. Кант тәжірибені апостериорлық және априорлық деп екіге бөледі. Априори – тәжірибеден бұрын оған тәуелсіз алынған білім дегенді білдіреді. Априори әуелден-ақ санаға тән білім деп саналады. Апостериори тәжірибеден алынған білім деп саналады. Тәжірибені екіұшты пайымдау құбылыс пен мәнді қарама-қарсы қояды. Құбылыс сыртқы көрініс, мән іште, тереңде, көрінбейді. Мән мен құбылыты қарама-қарсы қою одан әрі жалғасып, мұның өзі міндетті түрде агностицизмге апарып соғады. Агностицизм - бұл танымды ішінара теріске шығаратын ілім. Кант агностицизм бағытын (өкілі) ұстанды.

 

Кант дүниені “өзіндік зат” және”біздің зат” деп екіге бөледі. ”Өзііндік зат” - өздігінен, бііздің санамыздан тыс өмір сүретін мән. “Өзіндік заттың” мәнін танып білуге болмайды. ”Өзіндік заттардан” басқа құбылыстар дүниесі бар. Оны Кант табиғат дейді. Құбылыстар дүниесі адам санасынан тәуелсіз өздігінше өмір сүре алмайды. Құбылыстар дүнисінде заңдылық жоқ, - дейді Кант. Адам ғана таным барысында ретсіз дүниеде заңдылық жасап береді. Оған трансценденталды ақыл - парасат көмекке келеді. Трансценденталды деген сөз о дүниелік дегенді білдіреді, бұл - сана мен таным шегінен тыс нәрсені білдіретін термин. Осы тұста Канттың субъектіні активті феномен ретінде қарастырғанын байқаймыз. Кант “білім қалай түзіледі?” деген сұраққа жауап іздеді. Ол априоризм арқылы білімнің жекеліктен жалпылыққа өтуін шешпек болды. Біілімді негіздеу Канттың басты мақсаты еді. Кант білімнің калай түзілетінін ашып бере алмады.Себебі ол пайымдау және парасат арасын алшақтатып жіберді. Сондай-ақ априорлық формалардың өзі қайдан щығатынын да түсіндірмеді. Кант “өзіндік затты”, мәнді тануда творчестволық елестетуге орын береді. Мән жоғарғы ақыл арқылы танылады. Жоғарғы ақыл трансцендентті, ол эксперимент пен бақылаудан тәуелсіз жоғарғы білім мен сенімге негізделген. Өмірінің ақырына қарай Кант логика және педагогикамен айналысады.12 жалпы ұғымдар - категориялар түзді. Кант антиномиялар туралы пікір айтты. Антиномия - санадағы қарама-қарсылықтар. Өзінің таным қызметінде адам қайшылықтарға кезікпей қоймайды. Олардан шығудың бірден бір жолы - парыз этикасы болып табылады. Өйткені адам өзінің эмпирикалық тіршілігінде табиғат заңдарынан төмен тұр, өйткені ол сыртқы дүниенің ықпалына бағынышты. Алайда мораль заңдарын, императивті басшылыққа ала отырып адам ғибратқа ие болады. Кант “категориялық императив” ұғымының авторы: ”Адам мүддеге жетудің құралы емес, ол - мақсат болуы қажет”. Кант айтты “Адамның жолы болмауы моралдық сананың жетіспеушілігінен”.

32.Қожа Ахмет Яссауидің сопылық философиясы

Қожа Ахмет Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. “Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда”. Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. “Ашқсыз адам” – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашық (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.

 

Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды (қ. Сопылық). Қожа Ахмет Ясауи өзін де ғарип ретінде көрсетеді: “Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Сен (Алла) таң сәріде” – деп рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Ясауи “Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғыл” дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали “өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың” дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту “ашқ” мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. “Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен...” “Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фәни...” Бұлар – “өлмес бұрын өлу” философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи мұнда масиуаны (Хақтан басқа барлық дүниені) тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, “шынайы өмір” деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды “өлілер” және “тірілер” деп қарауға болады. Бұл жердегі “өлі” және “тірі” ұғымы рухқа байланысты. “Өлілер” – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. “Тірілер” – нәпсілерін жою арқылы рухтарына “өмір” сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан,Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның “ішкі еркіндігі” шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында “моральдық еркіндік” дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады. Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Ясауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Ясауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады. Бұлар сопылық дүниетанымдағы “халдер” мен “мақамат” категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа “ішкі құлдықтан” құтылу және “ішкі еркіндікке” жетудің жолын көрсететін Алла тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Ясауи ілімі бойынша, “өлілер” мен “тірілер” ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – “еркіндікті аңсаушылар”. Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – “еркіндіктен қорқатындар”. Бұлар – нәпсі, мансап, байлық, атақ, дүние, адамға, т.б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу.

 

Қожа Ахмет Ясауи адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Алланың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Алламен болған сұхбат-антты бұзбай “Зікір” арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі зікір, уажд (экстаз), сама сияқты әдістер Алламен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша “инсан”, яғни “ұмытшақ” екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір (еске алу) адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі. Осы тұста “қалу бәла” серті (“...мен сендердің Жаратушың емес пе едім” деген Тәңірінің сұрағына рухтардың “Иә, әлбетте” деген жауап-серті) мен рух әлеміндегі онтол. және туыстық бірліктің адамзат арасында осы кезге жалғасып, сақталуына деген ұмтылыстың, тілектің жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы сопылық дүниетанымға тән бұл теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Ясауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған “сопылық ағым” ресми діндегі (қалам мен фикһ) қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Ясауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Алла – ғашық (сүюші), мағшуқ (сүйілуші) әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, “адамша тіршілік ету өнерін” меңгере алады (қазіргі “Диуани хикмет”). Қожа Ахмет Ясауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана “шындыққа”, “жан тыныштығына” қауышады. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде “жан тыныштығы”, “шындыққа жету” адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін өзі меңгеруге қолы жетіп, “Кемел адам” тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Ясауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық (мистика) дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменол-сы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстындардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстындар мистикалық институттармен тұтасып, “халық діндарлығы” түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Ясауи дың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның “құрма” символизмі арқылы Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың “себеп” болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей “жерасты мешітіне”, яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады.

33.Экзистенциализм бағытының қарастырған мәселелері

Экзистенциализм — ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болған және болмысты субьект пен обьектінің тікелей бөлінбес тұтастығы ретінде түсіндіруге тырысқан қазіргі заманғы философиядағы иррационалистік бағыт. Экзистенциализм екі түрлі бағытқа бөлінеді, олар: діни экзистенциализм және атеистік экзистенциализм. Діни экзистенциализмнің өкілдеріне: К.Ясперс (1883-1969), Г.Марсель (1889-1973) жатады. Ал атеистік экзистенциалистерге: М.Хайдеггер (1889-1976), Ж.П. Сартр (1905-1980) және А.Камю (1913-1960) жатады.

Экзистенция латын тілінен аударғанда «өмір сүру», «тіршілік» дегенді білдіреді. Экзистенциализмде осы «өмір сүру», «тіршіліктің» өзі обьект пен субьетінің тікелей бірлігі ретінде түсіндіріледі, субьектінің сыртқа бағыттылығын, бөгде адында ашықтықты, осы бөгделікке деген қозғалысты білдіреді. Діни экзистенциализмде осы бөгде – құдай деп түсіндіріледі де тұлға өз еркіндігінде осы құдайға қозғалып бағыттанады екен. Атеистік экзистенциализмде осы бөгде – ештеңе еместік деп түсіндіріледі, бұл дегеніміз адам өз еркіндігін жүзеге асыра отырып, өз өзін тудырады. Адамның алдында таңдау тұрады, оны жүзеге асыра отырып адам еркіндікті жасайды. Ол өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы керек, ең алдымен өз өзінің алдында және әрдайым осы жауапкершіліктің ауырпашылғын алып жүру де қиын. Өйткені адам өз-өзін тудыра отырып, сонымен қатар басқа адамдар мен әлемді тұтас тудырады. Өзінің шынайы мәнінде адам осы әлемге «лақтырылып тасталған» ол әрдайым болашақ пен өлімнің алдына бетпе-бет келіп тұрады, өзінің әрекеттеріне жауапкершілік танытатын жағдайда жүреді. Экзистенция қорқыныш ретінде, экзистенциалды үрей шекаралық экзистенциялдық жағдай ретінде көрініс береді және мұнда Камюдың ойынша ең негізгі философиялық мәселе ол өз-өзін өлтіру жөнінде болады. Менің өлуім шындық екенін түсінуім, менің қасіретте болуым, менің күресуім, менің жағдайларға тәуелділігім, менің сөзсіз күнәлілігім – бұлардың барлығы да «шекаралық жағдайлар» (Ясперс). Экзистенциализм жеке адамдар «басқаларға», яғни қоғамдық қатынастарға тәуелді. Экзистенциалистер болмысқа қарама қарсы «иемдену» ұғымын да қарастырды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: