Б. Эпителиялды емес ісіктер

· фибро-, ангио-, лимфа саркомалар.

· қатерлі невринома мен хемадектома.

Қалқанша без рагын клиникалық түрлері

Папиллярлы рак – өте жиі кездесетін түрі, лимфа жолмен (43-60% дейін) мойын бездеріне бөгелме ісік береді. Сондықтан алғашқы белгісі лимфа бездерінің үлкейуінен анықталады. 

Фолликулярлы рак - өспе үлкен көлемді болмайды, жалпы қалқанша без рагының 11-14% құрайды, баяу өсіп, қан тамыр арқылы (10% дейін) өкпе мен сүйекке және мойын бездеріне бөгелме ісік береді. Бұл эндемиялық зоб кездесетін жерлерде жиі байқалады.

Грехем ісігі – қапшықсыз беріштенгіш без рагы, кішкентай өспе, шашақ тәрізді, беріштенген, мойын безінде бөгелме ісігі бар, жасырын өсетін рак.

Лангханс ісігі -  пролиферацияға бейім  қалқанша бездің Лангханс рагы, өте сирек кездесетін түрі.

Ашкиназа мен Гюртель клеткасының ісігі - қалқанша без рагының 5% құрайды, өте сирек кездеседі.

Тәнді, стромасында амилоидозы бар рак -қалқанша без рагының 12% құрайды, сиректігі басқаларға қарағанда аз емес, жағымды болжамымен ерекшеленетін, бір не бірнеше ағаштай қатты түйінді түрі, қалқанша бездің С клеткасынан пайда болады.

Жетілмеген рак – анапластикалы түрі, қалқанша без рагының 6% құрайды, көбінде майда клеткалы рак, саркомадан ажырату қиын, тез өсіп, зияндылығы басымдылығымен ерекшеленіп. қарт әйелдерде жиі кездеседі. Жайылма клеткалы рак - қалқанша без рагының 1-2% құрайды, сирек кездеседі, ағымы өте зиянды, гармон калциотонин мөлшері өсіп, ісік түйіні мен қанда кальций микроэлементі қалыптан асып кетеді. Бұл ісікте тұқым қуалаушылық байқалады. 

Қалқанша без рагын клиникалық белгілері

    Қалқанша без қатерлі ісігі - түйінді не жайылмалы түрінде кездесіп, көбінде белгі бермейді. Жергілікті белгісі қалқанша бездің ұлғайуы немесе оның бір бөлігімен қылтасында тығыз түйіндердің пайда болуымен білінеді. Егер жемсауы (зоб) бар адамда, рак пайда болса, онда бездің көлемі тез ұлғайып, оның бір бөлігінде тығыз түйін пайда болуы мүмкін.

    Сипап көргенде – қалқанша бездегі түйін, ағаш тәрізді қатты, аз қозғалатын, беті тегіс емес, ауырмайтын өспе.

     Рактың «жасырын» түрінде, науқас ешқашан шағымданбайды. Бірақта, қалқанша бездегі түйін ұлғайып, не бөгелме ісік пайда болғанда ғана соларға сәйкес белгілер пайда болады. Ол көрші мүшелерді (өңешті) қысып, ығыстырған кезде, асты жұту қиындалады, ал қайрылма (кері) көмей жүйкесін басып, зақымдаса, онда адамның  даусы өзгереді және де, кеңірдек пен көмекейді қысып, басса, онда дем алу қиындалады (ентігу, бет-әлпетінің көгеруі, ысқырық тәрізді сырылдауы). Ісік өсе келе асқынып, қан тамыр жолымен - өкпе, сүйекке және лимфа жүйесі арқылы - мойынның қантамыр-жүйке тарамы бойындағы бездерге, бұғана үстіндегі аймаққа, кеуде аралығына бөгелме ісік беріп, солардың белгісі білінеді. Асқыну кезінде науқастың қал жағдайы нашарлап, күш-қуаты төмендейді.

    Қалқанша бездің морфологиялық құрылысына сәйкес рактың бірнеше клиникалық түрлері бар.

1- Түйінді ісік түрі – қалқанша бездің кез келген жерінде орналасып, ұлғая бастайды. Қолмен сипап, ұстап көргенде, ол тығыз, қатты, беті тегіс емес, ауырмайды. Тез ұлғайып, айналасындағы көрші мүшелерді ығыстырып, қысады.

2- Бұғақты (жемсау) түрі – қалқанша без жалпы ұлғайып, бұғақ тәрізді не құстардың жемсауына ұқсап үлкейеді. Сипап қарағанда жұмсақтау болады. Ісік баяу өсіп, бездің қызметі жоғарлайды.

3- Қалқанша бездің қабыну (тиреоидті) түрі – бұл қабыну ауруға ұқсас боп келеді. Без жалпы ұлғайып, сипап көргенде қаттылау, беті тегіс емес және қозғалысы нашарланады.

4- «Жалған қабынған» түрі – бұғақ тәрізді өскен өспе тез арада қатайып, ұлғайады, терісі қызарып, дене қызуы көтеріледі, тамақтың жүруі нашарлап, дауысы қырылдап, ентігу сезіледі. Науқас тез жүдеп, әлсірей бастайды. Қанда ақ түйіршік бөлігінің саны өседі де, араларында жас клеткалар пайда болып, ЭТЖ жоғарлайды.

5- «Жасырын рак» түрі – бұл кезде, бастапқы рак ошағы безде білінбей, алғашқы негізгі белгі мойынның бір не бірнеше лимфа бездерінің ұлғайуы мен, яғни бөгелме түйіндер пайда болуымен сипатталады. Егер бөгелме ісік біреу болса, онда диагноз қою қиындалады, сондықтан ең алдымен оның қосымша (абберанты) қапталды қалқанша бездің ісігі ме, не бөгелме ісік пе, соны ажырату керек. Бұл туралы әртүрлі пікір бар, бірі олар жасырын рактың бөгелмесі десе, екіншілері – қосымша қапталды қалқанша бездің рагы деген. 

    Тағы да бір ерекше түрі – қалқанша-тіл түтігінен пайда болатын дистопиялық (орны ауысқан) рак, Ол қалқанша тіл түтігінің түбірінде, көпшілігінде мойын ортасындағы жылауықтың қабырғасында кездесетін папиллярлы рак,

    Қалқанша бездің рагы балалар мен жасөспірімдерде де кездеседі, олар көбінде жоғары дәрежелі жетілген, баяу өсетін ісіктер. Оларда аймақтық бөгелме ісіктер пайда болғанда ғана, оны қарапайым лимфаденит – деп, дәрігерге қайырылады.

6- Қалқанша бездің қабыну аурулары. Оларға түйінді зоб, Ридель, Хашимото тиреоидтері, жедел және созылмалы өзіне тән, не тән емес қабынулар.

· түйінді зоб, оның аумағы дөңгелек, беті тегіс, жұмсақтау болады. Егерде, оның ішіне қан кетсе, көлемі тез ара да ұлғайып, ауырсынып, айналасын қысып, тұншықтырады. Түйін тырсылдап тұрса да, бірақ ол жұмсақ болады.

· Ридель зобы – бұл кезде қалқанша бездің бір бөлігі зақымданады, тез өсіп, ағаш тәрізді қатайып, беті шар тәрізді тегіс, қозғалмайтын болып, аналасындағы мүшелерді қысып өседі. Науқастың тамақ жұтуы қиындап, ентігіп, даусы өзгереді.

· Хашимото зобы (лимфа түстес струмит) – тек әйелдерде кездеседі, Қалқанша бездің екі бөлігін жайылма түрде зақымдап, Ридель зобына қарағанда жұмсақтау боп, ол кейде кеңірдекті қысып өседі. Гипотиреоз белгісі жиі болып, лимфоциттері көбейеді. Бұл ауруды – аутоиммунды ісік деп қарайды, осының аясында қалқанша бездің ретикулосаркомасы дамиды.

· Қалқанша бездің қабыну аруларында, жалпы қабыну белгісі болады. Без ұлғайып, қызарып, дене қызуы көтеріліп, лейкоцитоз, ЭТЖ жоғарлайды.

Қалқанша без р агын анықтау жолдары

Қалқанша без рагын анықтау - жалпы клиникалық тексеруден басталады.

Олар:

· аурудың сыртартпасын жинау,

· көру және сипау,

· ісік түйінінен - шприцпен тесу арқылы шығынды алу,

· ультра дыбыспен зерттеу (УДЗ),

· радиоизопты қолдану,

· рентгенді, магнитті компьютерлі томография жасау.

· ашық биопсия алу.

Қалқанша без рагын емдеу жолдары

    Тиісті емді жүйелі түрде жүргізу үшін, қалқанша бездің клиникалық ағымына қарай жіктелу мен Халық аралық ракты ТNМ жүйесімен жіктеуді білу керек.

1- Қалқанша без рагының клиникалық жіктелуі:

    1- сатысы – бездің қабына өтпеген, оны бұзбаған, қозғалуы тежелмеген, аймақтық не алыс мүшелерде бөгемесі жоқ,  бір ғана ісік,

    П-а - сатысы -бездің қабына өтпеген, оны бұзбаған, қозғалуы тежелмеген, аймақтық не алыс мүшелерде бөгелм ісік жоқ,  бір немесе бірнеше  ісік,

    П-б- сатысы -бездің қабына өтпеген, оны бұзбаған, қозғалуы тежелмеген, бірақ ошақты жағында аймақтық қозғалатын бөгеме ісігі бар,  бір немесе бірнеше  ісік,

    Ш-а- сатысы -бездің қабынан өтіп, айналасындағы тіндер мен байланысып, көрші мұшелерді қысып (қайрылма көмей жүйкені, кеңірдекті, өңешті т.б.), қозғалуы шамалы тежеліп, бірақ аймақтық, немесе алыс мүшелерде бөгеме ісігі жоқ,  ісік.

    Ш-б- сатысы -көрші мүшелеріне өтпей, мойнының екі жағында, немесе  ошақты жағына қарсы, немесе бір және екі жағында қозғалуы шектелген, бөгелме ісігі бар,  бірақ алыс мүшелерде бөгелме ісігі жоқ, кез келген ісік.

    1У- сатысы -айналасындағы тіндер мен көрші мүшелерге өтіп, қозғалмайтын без бен мойындағы және кеуде аралығындағы, одан басқа алысқы мүшелерде бөгелме ісігі бар, ісік.

2- Қалқанша без рагының Халық аралық ТNМ жүйесімен жіктелуі:

    То – сипағанда анықталмайтын ісік.

    Т1 – сипағанда білінбейтін, сканирленгенде қозғалмалы, кемістігі жоқ, пішіні өзгермеген, без ішінде бір түйіні бар ісік,

    Т2 – бездің пішіні өзгерген, қозғалмалы, бір, немесе бірнеше  ісік,

    Т3 – бездің шеңберінен шыққан, қозғалуы тежелген, аналасындағы құрылымдарға жайылған, ісік.

    N0 – мойын лимфа бездері сипағанда сезілмейді.

    N1 – ісіктің ошақты жағындағы мойын лимфа бездері үлкейген, қозғалмалы.

    N2 – мойын лимфа бездері ошақты жағына қарсы, немесе екі жағында ұлғайған, қозғалмалы.

    N3 – қозғалмайтын мойын лимфа бездері бар.

    М0 –алысқы бөгелме ісігі жоқ.

    М1 –алысқы бөгелме ісігі бар.

Хирургиялық әдіс

    Қалқанша бездің алғашқы өсу сатысында (1-П) бір бөлігі зақымдалғанда - гемиструмоэктомия, ал екі бөлігі бірнеше түйінді ракпен зақымдалса – екі бөліміне резекция немесе субтотальді тироидэктомия жасалады.

    1-Па сатысында -  егер операцияға дейін, цитологиялық зерттеумен жоғарғы дәрежедегі жетілген рак болса  - субтотальді тиреоидэктомия, немесе қылтасымен қоса гемитиреоидоэктомия жасау керек,

    Пб –Ш- сатысында – қоспалы ем қолдану керек. 1-этапта – операция алдында сәулемен емдеп (30-40 Гр.), содан соң операция жасау керек.

    Пб, Ша және Шб – сатысында – бір не екі жағындағы лимфа бездерімен сылып, тиреоидэктомия жасау керек.

    Крайль операциясы  - мойын лимфа безін, ішкі күре көк тамыр мен төс-мойын-емізік етті, қалқанша без бөлігімен бірге, егер олар зақымдалған кезде, бір блокпен сылып алу. Егер үлкейген лимфа бездер күре көк тамыр мен төс-мойын-емізік етін зақымдамаса – онда фациальды-футлярлы- (сіңірлі-қапшық) тәсілмен мойын тіндерін қалқанша без бөлігімен бірге, сылып алады. 

    Сәулемен емдеу әдісі – көпшілігінде қалқанша без рагының жайылмалы сатысында, тек операция жасауға болмайтын кезде, қоспалы не жеке түрде қолданылады (40-60 Гр.).

    Химиялық дәрі-дәрмекпен емдеу – уақытша нәтиже береді. Көбінде адриамицин қолданылады, оның емдік әсері 20-35% құрайды, ал цисплатин мен блеомициннің әсері төмен.

    Науқастың емнен кейінгі өмір сүру мерзімі әртүрлі.  Жетілген қалқанша без рагында 5 жыл өмір сүру 85-90% құрайды, ал басқа жетілмеген түрлерінде 80% астамы 3 жылға дейін ғана өмір сүреді. Қазақстанда қалқанша бездің сатысына қарамай анықталған 5 жылдан аса өмір сүру көрсеткіші 60-65% арасында (2006-2008 ж).

    Реабилитациялық әрекеттер. Қалқанша безі сылынған науқас адамдар операциядан кейін тиреоидин гормонын тұрақты алып тұру керек, Операциядан кейінгі асқынуларды, соларға қарсы симптоматикалық ем жүргізіледі. Науқас адамдар клиникалық топқа байланысты диспансерлік бақылауда болуы тиіс.

Дәріс қорытындысы.

1. Қалқанша без, мойынның ортасында,  кеңірдектің (2-4- шеңберінің) алдында, көбелек тәрізді, қос бөлік пен оларды қосып тұрған қылтасынан тұрады.

2. Оның бөлетін гормонын тироксин дейді, ол фолликулалардағы - А, серотонин - В, кальцетонин – С клеткалары арқылы бөлінеді.

3.  Осы аталған гормондар қалқанша бездің фолликулаларындағы нәруыз бен байланысып, адам ағзаларындағы барлық зат алмасуды, оның ішінде иод алмасуын реттеп отырады.

4. Қазақстан бойынша қалқанша бездің аурушаңдық көрсеткіші 2,6%ооо тең.

5. Қалқанша без рагының ең жоғарғы аурушаңдық көрсеткіші орта есеппен– Шығыс (3,4%ооо), Орталық (3,3%ооо) және Солтүстік (3,2%ооо) аймақтарда анықталған.

6. Оның ең төменгі көрсеткіші – Батыс пен (1,7%ооо) Оңтүстік (1,6%ооо) өңірде тіркелген. 

7. Папиллярлы рак – өте жиі кездесетін түрі, лимфа жолмен (43-60% дейін) мойын бездеріне бөгелме ісік береді. Сондықтан алғашқы белгісі лимфа бездерінің үлкейуінен анықталады. 

8. Фолликулярлы рак - өспе үлкен көлемді болмайды, жалпы қалқанша без рагының 11-14% құрайды, баяу өсіп, қан тамыр арқылы (10% дейін) өкпе мен сүйекке және мойын бездеріне бөгелме ісік береді. Бұл эндемиялық зоб кездесетін жерлерде жиі байқалады.

9. Қалқанша без қатерлі ісігі - түйінді не жайылмалы түрінде кездесіп, көбінде белгі бермейді.

10. Жергілікті белгісі қалқанша бездің ұлғайуы немесе оның бір бөлігімен қылтасында тығыз түйіндердің пайда болуымен білінеді.

11. Қалқанша бездің ісік алды ауруларына - түйінді зоб, Ридель, Хашимото тиреоидтері, жедел және созылмалы өзіне тән, не тән емес қабынулар жатады.

12. Қалқанша без өте құбылмалы ішкі секрециялы ағза, ол көзге көрінетін ісіктердің тізбесінде болса да, оның диагнозын дер кезінде анықтау өте қиын,

13. Ол осы бездің гистологиялық құрылысына, даму дәрежесімен таралу сатысына байланысты.

14. Қалқанша бездегі рак ауруына эндемиялық зобтың, радиация мен ағзадағы гормондардың қатнас мөлшеріне және тұқым қуалаушылық факторға байланысты.

15. Ел арасында әйелдерде, әсіресе 40-60 жас арасындағылар жиі шалдығады.

16. Рак алдындағы аурулар мен ерекше қабынуларды дер кезінде анықтап, емдеп, диспансерлік бақылауға алу, қалғанша без рагының санын төмендетуге жеткізетінін білу қажет.

17. Рак ауруын анықтау кезінде, бар диагностикалық әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып, анықтап, оларға тиісті емді қолдану негізгі онкологиялық шарттың бірі.

18. Қалқанша бездің алғашқы өсу сатысында (1-П) бір бөлігі зақымдалғанда - гемиструмоэктомия жасау керек.

19. Ал екі бөлігі бірнеше түйінді ракпен зақымдалса – екі бөліміне резекция немесе субтотальді тиреоидэктомия жасалады.

20. Жетілген қалқанша без рагында 5 жыл өмір сүру 85-90% құрайды,

21. Басқа жетілмеген түрлерінде 80% астамы 3 жылға дейін ғана өмір сүреді.

22. Қазақстанда қалқанша бездің сатысына қарамай анықталған 5 жылдан аса өмір сүру көрсеткіші 60-65,0% арасында.

№ 11- дәріс.

Сүт безінің рагы

    Кіріспе. Жүктілікте және бала туғанда және әр айда болатын етеккірде әйелдердің ағзасындағы гормон мөлшерінің ауытқуы, емшектің  қызметі мен оның құрылысын өзгертіп отырады. Ағзадағы  гормон мөлшерінің өзгеруі және осы өзгерістің  ұзақ уақытқа созылуы сүт безінде ісіктің пайда болуына  қолайлы жағдай туғызады.Сондықтан сүт бездеріндегі рак ауруы ағзадағы гормондарға тәуелді және соған байланысты. Осы тұжырымға сай, әйелдерде сүт безінің рагы, олардың гормондық қарым-қатынастары бұзылғанда пайда болатындығы, қазіргі кезде мәлім болып отыр. Сүт безі рагының алғашқы белгісі  ауырмайтын түйіннің пайда болуында. Өкінішке орай, осы түйін көптеген жағдайда, ауру адамдарға кездейсоқта, әсіресе жуынғанда немесе белгісіз бір қол тигенде білінеді. Осының өзінде де науқастың дәрігер – мамандарға сол кезде барып көрінуі, өкінішке орай  кеш болып отырады. Оның себебі, әр әйел өз денсаулығына селқос немқұрайды қарауында. Онымен қоса әр бір әйел, онкологиялық күдік сауаттылығы төмен болғандықтан, өзін-өзі үнемі тексеру жолдарын білмейді. Осылардан басқа да жәй, ол емханаға әр түрлі себеппен қайырылған әйелдерді тексеру кезінде, олардың сүт бездерін қарамайды. Сонымен бірге халық арасында арнайы ұйымдастырылған сақтану, алдын-ала анықтау шаралары жоспарлы түрде жүргізілмейді. Ультрадыбыс және маммография тәсілдері кең қолданылмайды, оған қоса осы уақытқа дейін елімізде дәрігер маман маммологтардың  саны аз, олардағы білім сапасы әлі де болса едәуір төмен.

Сүт безінің рагын емдеу жолдары дамып, олардың  нәтижелері жыл сайын жақсарып келеді, Жалпы ем мақсатында қолданып жүрген операциялар, сәуле мен дәрі-дәрмектердің жетістіктері жыл санап өсіп келеді. Солардың ішіндегі кейінгі кездердегі құндылықтарға жататын тәсіл - мүшені сақтайтын хирургиялық әдістер және де  стандартты қосарланған мен  кешенді емдеу тәсілдері кең пайдаланып, одан әрі жетілдіруде.

Сонымен с үт бездеріндегі ісік ауруларын асқындырмау әр әйел мен дәрігерге тығыз байланысты. Ісіктің  ең ерте кезеңдеріндегі жүргізілген  ем науқас адамның өмірін ұзартуға, мүшенің сақталуына мүмкіндік тудырып, аурған әйел а ғзасының негізгі қызметтері - бала табу мен  оны емізу сақталынады.

Сүт безінің анатомиясы мен физиологиясы

Сүт безі (емшек) 15-20 бөлімнен тұрады, әр бөлімнен өзінше сүт жолы шығып, ол емшек ұшы – емізік үрпісінде  қосылады. Сүт жолдары оның альвеоларынан басталып, бір-бірімен қиылыспай, түтікті сүт жолдары емшек ұшынан шығады.

Жалпы емшек дәнекер тіндер  мен май қабатымен қоршалған. Дәнекер қабатынан олардың талшықтары шығып, әр бөлімді, бір-бірінен ажыратып, сонымен бірге оны кеудеге бекітіп, ұстап тұрады, мұны Купер байланыстары деп атайды.

Сүт жолдары (өзектері) емшекте радиалды бағытта орналасады. Көбінесе рак сүт өзектерінің ішкі қабығы – шырышты қабатынан, ал сирек жағдайда –оның альвеоларынан пайда болады.

Қан айналысы – сыртқы мен ішкі төс және қабырға аралық артериялары арқылы  жүріп отырады.

Лимфа жүйесі -ішкі және сыртқы лимфа тамырлары арқылы қалыптасады да,  терідегі лимфа жолдарымен тығыз байланыста болып, барлық лимфа сұйықтары емшек ареоласының  астына жиналып, қолтық асты мен төс маңайындағы лимфа бездері мен жалғасады.  Сүт безінің лимфа жүйесі аймақтық лимфа бездерінде жиналады.

Олар::

· қолтық астындағы,

· жауырын астындағы,

· бұғана астындағы,

· бұғана үстіндегі,

· төс сүйегінің ішкі жағындағы,

· кіндікке және шап маңайындағы.

Сүт безі -  ішкі секретті бездермен ми жүйелерінің қызметтеріне тәуелді келеді. Етеккір, жүктілік және бала емізу кездеріндегі аналық жыныс бездеріндегі өзгерістерді, сүт безі ұлпасының дәнекер және шырышты қабатындағы клеткалардың қызметтерін, олардың өніп-өсу үрдісін үнемі реттеп отырады. Атап айтқанда клеткалардың өніп-өсу үрдісі -  пролактин, эстроген, прогестерон, кортизол, тиреоидин гормондарына тікелей байланысты.

Эстрогендер - етеккірі келіп жүрген әйелдерде, жыныс және бүйрек үсті бездерде өндіріледі. Ал осы гормондарды реттеп отыратын гормон мишықтың алдыңғы бөлігінен шығады, оны фолликул қоздырғыш гормон (ФҚГ) деп атайды. Кейінгі гормонға ықпал жасайтын үлкен ми қыртысы (гипоталамус) болып саналады. Гипоталамусқа әсер ететін арнайы рилизинг деген  фактор бар, оның аты фоллиберин (либерин). Рилизинг гормон – фоллиберин, либерин биологиялық белсенді келетін күрделі белок; ол мишықтың гормондарын өндіруге, шығаруға ықпалын тигізеді.

«Гипоталамус» (таламус асты) – гипофиз (мишық) – аналық жыныс безі жабық цикл арқылы қарама-қарсылық әсерде жұмыс жасайды. Оны былай түсінуге болады: егер қанда эстрогендер көбейсе, онда қанда ФҚГ (фолликул қоздырғыш гормон) және фоллиберин (либерин) мөлшері кемиді. Керісінше, фоллиберин (либерин) саны ұлғайса, онда эстрогендер саны кемиді. Ал эстрогендердің кемуі, қайтадан либеринді ұлғайтады. Міне, осылай бұлар бір-бірін реттеп отырады, бұл жабық түрде үнемі жүріп отырады.

Эстрогендер қан арқылы бауырда сүзіліп, оның белсенді бір түрі – эстрадиол, қызметі төмен эстрон мен эстриолға айналады, Бұл процесс  бауыр қызметі жақсы болса, онда зиянды зат эстрадиол, зиянсыз заттарға (эстриол, эстрон) айналып отырады, ал  бауыр қызметі нашарласа, онда бұл аталмыш реакция бәсеңсіп, ағза көп уыттанады.

Эстрогеннің ең негізгі физиологиялық әсері гормонға тәуелді мүшелерде – емшекте, жыныс тіндерінде – сезіледі де, ол клеткалардың  өніп-өсу үрдісін жылдамдатады (пролиферация). Бұл реакция гормон рецепторы арқылы жүріп реттеліп отырады. Егер гормон рецепторы азайып кетсе, онда пролиферация үрдісі белсенді жүреді. Гормон рецепторы кез келген мүшеде бар, сондықтан емшекті жеке алатын болсақ, ондағы гормон рецепторы ДНК мен байланысты клетканың ядросында орналасады. Егер эстроген қанда көбейсе, онда ол гормон рецепторы арқылы сүт жолдары мен бөлімдегі клеткаларды қоздырып, пролиферация үрдісін жылдамдатады. Гормон-рецепторы көп болса бұл реакция жүрмейді, ал ол азайғанда ғана белсенді жүреді де,  неғұрлым белсенді болған сайын, пролиферация емшекте ауру туғызады.

Кәрі, егде жастағы, әйелде аналық жыныс безі өз жұмысын тоқтатып эстрогенді өндірмейді. Бұл кезде бүйрек үсті бездерінің гормоны --стероидтар, андрогендер көбейіп, олар бұлшық еттерде, май қабатында, емшекте және ішкі мүшелерде эстрогендерге (классикалық емес) айналып отырады, сөйтіп қайтадан пролиферация үрдісін туғызады. Бұл реакция цитохром Р-450 ферменті арқылы жүреді, мұны ароматаза деп атайды. Егер осы ароматаза реакциясын төмендетсе, онда классикалық емес эстрогендердің мөлшері азайып, пролиферация болмайды.

Сүт безі рагының патологиялық анатомиясы

Рак көбінесе емшектің сырт бөлігі мен үстіңгі бөліктерінде  орналасып, түйінді, жайылмалы және Педжет ауруы түрінде кездеседі.

Түйінді ісіктің сыртқы қабаты болмайды, ол ақшылдау, шекарасы көмескіл келеді. Егер теріге көшсе, онда жараланып; ісік ұлпасы шіріп, ыдырайды, сөйтіп оған жұқпа түсіп  іріңдейді, сасық қанды сұйық шығынды пайда болады. Түйінді ракты кесіп көргенде, оның кесілген беті ішіне қарай тартылады, ал фиброаденомада керісінше – сыртқа қарай бұлтыйып тұрады. Кесілген түйін шеттері, рак болса, онда қырлы болады (ірімшік белгісі), бұл белгі сүт безіне секторлы сылу кезінде, диагнозды ажыратуға себеп болады. Түйінді рак сүт безінің сүт жолдарында пайда болса, онда ол бұтақ тәрізді болып, оны қысқанда сүт жолдарынан оның сөлі шығады.

Емшектің жайылмалы рагында, оның бірнеше түрі кездеседі. Жайылмалы-ісіну түрінде – ісік сүт безінің тіндеріне, май қабаты мен қабына жайыла өсіп, лимфа жолдарын бөгеп, лимфостаз болып, ісінеді. Оны кесіп көргенде – ісік орналасқан жерінде, бозғыл қызыл түсті, қан құйылған ошақтары мен өлі еттері бар, ал ісінудің әсерінен, кеспе бетінен мол ашық түсті шығынды шығады.

Мастит тәрізді рак түрінде –сүт безінің кең көлемдегі тығыздануымен, оның қатты жиырылу және оған екіншілік жұқпа пайда болғандықтан, терісі қызарып, жергілікті температурасы көтеріледі.

Тілме тәрізді ракта – тері ішкілік лимфа тамырлары рак клеткаларымен бөгеліп, теріде жайылма пайда болып, без терісі мен кеуде бетінде белгіленген көрнекті қызаруды анықтауға болады.

Жергілікті кең тараған жайылмалы рак түрінде – сүт безі түгел зақымданып, жайылмалы рактың барлық элементтері пайда болып, айналасына және кеудеге, оның бұлшық еттеріне өтіп, зақымдайды. Ісік үстіндегі тері ойылып, ыдырап, қосымша екіншілік жұқпа еніп, емшек қабынады да,тез арада шексіз бөгелме ісіктердің өсуі жылдамдатылады.

Сүт безінің Педжет ауруы кезінде - ісік, емізік үрпісінің сүт жолдарының эпителийінен басталып, емізікті ісіндіріп, қатайтып, көлемін ұлғайтады. Одан соң, сүт безінің тіндеріне қарай өсіп, емізік астында ісікті түйін құрайды. Содан соң емізік жараланып, оның үсті қабыршықтанып, ойық жараға айналады.

Сонымен, рак 10,0% жағдайда емшек бөліктерінен, ал 90,0% да сүт жолдарынан  (өзектерінен) өсіп, зақымдайды, шығады.

Сүт безі рагының гистологиялық құрылысы әртүрлі болып келеді де, көпшілігінде  безді (аденокарцинома) рак кездеседі, бірақта басқаша  папиллярлы (шашақты), медуллярлы (милық), сірнелі, скиррозды және жайылма клеткалы  рак түрлері де болады.

Емшекте дәнекер ұлпасынан шыққан қатерлі ісіктер - фибросаркома, ангиосаркома, карциносаркома болуы мүмкін. Тіпті қандай ұлпадан (тіннің) пайда болғанын анықтау қиынға соғатын қатерлі ісіктер болуы да  мүмкін, бірақта олар  өте сирек кездеседі.

Рак клеткаларының пісіп-жетілуі бағытына қарай әртүрлі болып кездеседі: пісіп-жетілген, пісіп-жетілуі орташа, пісіп –жетілмеген және  шала түрі. Неғұрлым пісіп-жетілуі кем болған сайын, соғұрлым ісік қатерлі және  қауіпті келеді. Мұндай жағдайда аурудың  клиникалық ағымын болжау қиынға соғады.

Рак клеткаларының өніп-өсуі әртүрлі. Орташа есеппен иненің көзіндей кезінен бастап, көлемі 1,0 см-ге дейін жету үшін ең азында 8-9 жыл өтеді, ал 1,0 см. - ден бастап өсу үрдісі жылдамдайды. Жалпы жайылмалы және жайылмалы емес ісіктің өсу жылдамдығы әртүрлі, ал оның біріншісінде ісік  тез арада айналасындағы сау ұлпаларға және де  қан мен лимфа жүйесі арқылы басқа мүшелерге тарайды.

Педжет рагында өсу баяу болғанымен, ол жас ағзада, кәрі, егде жастағы адамның ағзасына қарағанда, үрдіс жылдамырақ жүреді, себебі оларда зат алмасу үрдісі тезірек орындалады. Ісіктің тез өсіп-өнуі  жүктілік кезде және бала емізу мерзімінде де байқалады.

Сүт безінің рагы кезінде бөгелме ісіктер,тек лимфа жүйесі мен қан тамырлар арқылы пайда болады. Бұл екі жол қабаттасып келуі де мүмкін (аралас түрі). Сонымен қатар ісік тікелей көрші сау ұлпаларға да бірден жанаса таралуы мүмкін. Бөгеме ісіктердің  бірден өрбуі көпшілігінде тек лимфа жүйесі арқылы жүреді, бұл жол сүт безі рагында бөгелме ісік пайда болудың  ең негізгі жолы болып саналады. Лимфа жүйесі арқылы бөгелме ісік әуелі қолтық асты лимфа бездерін, одан соң бұғана үстіндегі, көкірек және ісіктің жоғарғы, төменгі бөлігіндегі, тіпті, қарама-қарсы жақтағы аттас мүшенің өзін және оның қолтық асты лимфа бездерін зақымдайды.  Жалпы емшек бөліктері әртүрлі лимфа жолдарымен қамтамасыз етілген.

Бөгелме ісіктердің пайда болуы, олар сүт безіндегі ісіктің орналасуына байланысты.

Ісік сүт безінің сыртқы бөлігінде орналасса, онда бөгелме ісік қолтық пен жауырын астына қарай тарайды. Егер ісік сүт безінің ішкі бөлігінде болса, онда алғашқы бөгелме ісік төс сүйегінің ішкі жағында орналасады, ал оның ортаңғы бөлігінде болса – жоғарыда көрсетілген аймақтарға бөгелме ісік береді.

Жалпы сүт безінен шыққан лимфа сұйығының  (60-70,0%) ағымы қолтық асты лимфа бездеріне барса, ал емшектің ішкі және ортаңғы бөліктерінен жиналған лимфа тікелей төс асты лимфа бездеріне (30,0%) жиналады. Бұдан да басқа бағыттарда лимфа айналымы қарсы жақта орналасқан қолтық асты бездеріне және де  шап пен іш қуыстарының лимфа бездерімен жалғасады. Бұл жолдар әсіресе, қолтық асты без жолдары ісік клеткасымен  бітеліп, бөгеліп  қалған кезде  олар негізгі жолдарға айналып кетеді.

Қан ағымымен ісік жасушасы бауырға, өкпеге, миға, сүйектерге тарайды. Кейінгі мүшелер сүт безі рагының «сүйікті» бөгеме ісік орналасатын жері  болып саналады. 30% жағдайда лимфа бездері зақымданбаса да, алыстағы мүшелерде жеке-дара бөгеме ісіктер, көбінде  сүйектерде, ми да, бауырда кездеседі.

Өсу дәрежелері ө з еліміздегі жіктелу жүйесіне сәйкес құрылады; мұны Отандық жіктелу жүйесі деп атайды; сонымен қатар халықаралық арнайы жүйе бар, ол TNM жүйесі:

Т дегені белгі  - «tumor» - ісіктің көзі, оның көлемі, сантиметрмен өлшенеді,

N белгісі - «nodulus» - қолтық асты лимфа бездерінің зақымдануын анықтайды.

М белгісі - «metastasis», алыстағы мүшелер бөгелме ісікпен зақымданғанын анықтайды.

Сонымен осылай жіктелу негізінде, ісіктің көлемін (см.), аймақтық лимфа бездерінің зақымдануын, оның сандық мөлшерін анықтауға мүмкіндік тудырады

Сүт безі рагының өсу дәрежесі отандық жіктелу жүйесі бойынша төрт деңгейге бөлінеді:

І өсу дәрежесі (сатысы) – ісік, сүт безінің ішінде,  көлемі 3 см. - ден кем, айналасындағы көрші сау тіндер мен терісіне тарамаған, Ешқандай лимфа бездеріндегі ісік гистологиялық зерттеумен анықталмаған,

ІІ өсу дәрежесі;

- а) ісік, оның  көлемі 5см-ден асқан, без тіндеріне, айналасындағы май қабатына өтіп, терісімен байланыста (әжімдік белгі), бөгелме ісігі жоқ.

- б) ісік жоғарғыдай көлем мен түрінде, бірақ қолтық асты лимфа бездерінің алғашқы деңгейдегі біреуін ғана зақымдаған.

ІІІ өсу дәрежесі:

- а) ісік, оның  көлемі 5см-ден – 10смге барады, терісіне таралған, немесе терісі ойық жаралы, немесе бұлшық етпен сіңір қабатына өткен, бірақ аймағында бөгелме ісігі жоқ.

- б) ісік  кез келген көлемде, көптеген қолтық, немесе бұғана және, жауырын асты лимфа бездерінде бөглеме ісік бар.

- в)  ісік  кез келген көлемде, бұғана үстінде,  немесе төс асты аймағында көптеген бөгелме ісік белгісі бар.

    Бұл кез ісіктің асқынғанын, өршігенін білдіреді (науқас адамға ісіктің асқынған хаттамасы толтырылады),

    IV өсу сатысы – ісік, сүт безінде таралып, теріге жайылған, немесе кең көлемде ойық жарасы бар. Ісік әртүрлі көлемде, кеудеге толық жабысқан, аймақтағы лимфа бездерінде бөгелме ісігі бар, немесе олар жоқ. Ісіктің  алыстағы мүшелерде бөгелме ісігі бар.

TNM жүйесі – бұл халықаралық деңгейде қолданатын жіктелу. Отандық жіктелуден, бүл жүйенің  айырмашылықтары ісіктің негізгі белгісі түйін сантиметрлік өлшеммен, ал  аймақтық лимфа бездеріндегі бөгелме ісіктерді сандық есеппен анықтау болады.

Т - «tumor» ісік түйінінің көлемі,

Т 1 – ісік 2см-ге дейін,

Т1-а - ісік 0,5см болса,

Т1-б - ісік 0,6см-ден 1см-ге дейін,

Т1-с - ісік 1,1см-ден 2см-ге дейін,

Т2 – ісік 2-5см аралығында болса,

Т3 –ісік 5-тен 10см-ге дейін барып, кеуде бұлшық еттеріне өтсе,

Т4 –ісік 10см-ден асса, немесе ол теріге, кеудеге тараса,

Т4 - - былай жіктеледі:

Т4-а ісік кеудеге, қабырға аралық бұлшық етке, қабырғаға, алдыңғы тіс бұлшық етін зақымдағанда, бірақ кеуде бұлшық еттерін  қоспағанда,

Т4-б - емшектің терісі ісініп, жараланса, немесе теріде бірнеше ісік түйіндері болғанда,

Т4-с - Т4-а мен Т4-б белгілері қабаттасып келгенде,

Т4-d - ісіктің қабынған түрінде, терісі қалыңдап, бірақ нақты түйіні жоқ, тек мүше түгелімен жайылмалы ісікпен жарақаттанғанда,


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: