Кредит саны: 4 кредит 14 страница

Көмекші есімнің негізгі сөздерге үстейтін қосымша мағыналары көбіне көлемдік қатынастарды, мезгілдік, мекендік қатынастарды білдіреді. Осындай ерекшеліктеріне орай, көмекші есімдер көлемдік, мезгілдік, мекендік мағыналарды білдіретін барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік формаларында қолданылады.

Көмекші есімдерді шылау сөздермен морфологиялық сипаттары жағынан бір қатарға қоюға болмайды. Өйткені шылау сөздер - морфологиялық жағынан белгілі бір формаларда қалыптасып орныққан көмекші сөздер болса, көмекші есімдер өздерінің көмекшілік қызметтерін қажетіне қарай көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғауларын және кейбір жұрнақтарды да қабылдай отырып атқара береді. Мысалы: Үйдің сыртына машинадан бір кісі түсіп жатыр. Олардың қастарына бірден жетіп бардым деген сөйлемдердегі сырт-ы-на, қас-та-ры-на деген формаларда көптік, тәуелдік, септік жалғаулары бар.

Көмекші есімдер, қай формада тұрсын мейлі, өздерінен бұрынғы ілік септіктегі есімдермен тіркеседі де, солармен бірнеше сөйлемнің күрделі мүшесінің құрамына енеді. Мысалы: үй алдынан, отан алдында деген тіркестер күрделі мүше қызметін атқарып мекен пысықтауыш болады.

Көмекші есімдер бір-бірімен синонимдес (мәндес), антонимдес (қарсы мәндес) болып келеді. Мысалы: үсті және басы, арты және сырты, басы және қолы, жаны-жағы, алды-беті, басы-төбесі деген көмекші есімдер өз ара мәндес ал арты-алды, асты-үсті, іші-сырты, беті-түбі, беті-асты, шеті-ортасы сияқты көмекші есімдер өзара антонимдес. Көмекші есімдер қосарланып та қолданылады. Жан-жағы, үсті-басы, басы-қолында.

Негізгі әдебиеттер:

1. Ысқақов А.. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002 ж.

   3. Исаев С. Қазіргі қазақ тілінің кейбір мәселелері. Алматы, -1997 ж.

4. Хасанов С., Әбдіғалиева.Т...., Кестелі грамматика. Алматы,- 1996 ж.

5. Жанұзақов.Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер. Алматы,- 1965 жыл.

6. Мергенбаев. Е. Қазіргі қазақ тіліндегі сөзөзгерім жүйесі. Алматы,- 1994 жыл.

Қосымша әдебиеттер:

1. Нұрғалиев М. Көптік жалғау туралы. Алматы,- 1973ж.

2. Мұсабекова Ф. Қазақ тіліндегі септік жалғауының берілетін мағыналары. Труды научной конференции, посвященном 40-летию КазПИ им. Абая. Алматы,-1968

 

Тақырып 20. «Зат есімнің түрленуі»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге зат есімнің көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары туралы түсінік беру, олардың өзіндік ерекшелігін меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Зат есімнің көптелуі

                             2. Зат есімнің тәуелденуі

                    3. Зат есімнің септелуі

                    4. Зат есімнің жіктелу ерекшелігі       

Зат есімнің көпше түрі. Қазақ тілінде зат есімдер нақтылы лексикалық мағынасына орай сөйлем ішінде не жекеше, не көпше түрде қолданылады. Зат есімдерді жекеше, көпше деп аталатын екі топқа, екі категорияға айыра көрсетуге негіз боларлық ең басты грамматикалық сыртқы белгі-оларға көптік жалғауының жалғануы. Қазақ тілінде көптік жалғауы - лар,-лер,-дар,-дер,-тар,-тер тәрізді алты түрде фонетикалық вариантта ұшырайды.

Көптік жалғауы жалғанғанған зат есімдер көптік мағынамен қоса өзінің бастапқы лексикалық мәніне орай сөйлем ішінде мынадай мағыналық реңктерге ие болады:

1. Атап отырған нәрсеміздің өз алдына дербес-дербес санап көрсетуге болатын бөлшектерден тұратындығын көрсетеді. Мысалы: өзендер, жануарлар. Келтірілген мысалдардан көптік жалғауының мұндағы өзен, жануар дегендердің ұзын санының молдығынан гөрі олардың түрлерінің көптігін білдіру мақсатында жұмсалатындығын көреміз.

2. Сонымен бірге, көптік жалғауы өзі жалғанған зат есімдерге молшылық, қисапсыз көптік секілді мағыналарды да үстей алады: гүлдер, үгінділер.

3. Көптік жалғауы зат есімге жалғанғанда пайда болатын бұдан кейінгі басты бір мағыналық реңк белгілі бір адамдардың тобын, жиынтығын білдіруі: жастар, оқушылар, қазақтар.

4. Көптік жалғауы туыстық жақындықты білдіретін зат есімдердің тәуелденген түріне жалғанған кезде, ондай сөздер біреудің есімін сый тұтуды, құрмет тұтуды білдіреді. Мысалы: әжемдер, апамдар, атамдар.

5. Мезгіл мөлшеріне байланысты айтылатын кейбір зат есімдерге жалғанған көптік жалғауы сөзге тұспалдау, шамалау мағыналарын үстейді. 

Мысалы: қыстың орталарында, шілденің бастарында.

Ал өзге сөз таптарына жалғанған көптік жалғауы мағынаның үстіне сөз мағынасын заттандырушы қызмет атқарады. Мысалы: миллиондар, ақылды.

Зат есімнің жіктелуі. Жіктік жалғауы - жіктеу есімдіктерімен тікелей байланысты белгілі бір іс-әрекет, қимылдың немесе заттың үш жақтың біріне қатысты екенін білдіру үшін қолданылатын грамматикалық тұлға.

Жіктік жалғауы - әрі етістік, әрі зат есімге тән сөзбайлам қосымша. Осы себепті олар зат есімнің жіктелуі және етістіктердің жіктелуі деген атпен екі жерде, екі сөз табының тұсында айтылады және әрқайсысының өздеріне тән ерекшеліктері бар.

        Ал енді өзен, тас, аю, өрмек, аяз, қар, қағаз секілді адамнан өзге барлық нәрселер мен құбылыстарға, жан-жануарларға қатысты айтылатын зат есімдерге келсек, олар өздерінің тура мағынасында жіктік жалғауын қабылдамайды да, жақсыз категорияға жатады.

Нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың аты болып келетін зат есімнің адамға біткен әр алуан қасиетті бейнелі түрде көрсету үшін кейде көркем әдебиетте, поэзияда жоғарыда аталған адам ұғымындағы зат есімнің орнына жүретін кездері де болады. Шамдансам, жығар асаумын,

                                                        Шымырқансам, сынар болатпын.

Зат есімнің тәуелденуі. Иеленуші үш жақтың біріне белгілі бір заттың меншікті екенін білдіретін грамматикалық категория тәуелдеу категориясы деп аталады.

Қазақ тілінде тәуелдеу категориясы үш түрлі тәсіл арқылы жасалады: 1-сі морфологиялық тәсіл, 2-сі синтаксистік тәсіл, 3-шісі аралас тәсіл.

Синтаксиситік тәсіл біз, сіз есімдіктерде ілік септік қосымшасын жалғап (мысалы біздің, сіздің), оған анықталатын заттың атын білдіретін сөзді ешбір қосымшасыз-ақ тіркестіру арқылы жасалады: біздің үй, сіздің үй.

Аралас тәсіл бұрынғы компоненті есімдіктермен қатар, басқа есімдерден болып және соңғы компонентінің үнемі тәуелді жалғаулы сөз болатындығы жағынан: біздің үйіміз, олардың балалары.

Морфологиялық тәсіл арқылы туатын тәуелдеу категориясы мынадай екі түрлі қосымша арқылы жасалады. 1)- нікі (-дікі,-тікі) жұрнағы арқылы.

                                                      2) тәуелдік жалғауы арқылы.

Тәуелдеу ұғымын тудыратын - нікі-дікі-тікі жұрнағы тарихи жағынан алғанда ілік септіктің –ның (-нің,-дың,-дің,-тың,-тік) жалғауына –қы,-кі,-ғы,-гі жұрнағының бірігуінен жасалған. Бұл форма арқылы туатын меншіктілік меншіктелуші заттан жеке де айтыла береді. Мысалы: менікі, сенікі, сіздікі.

Егер қандай да зат кімге меншікті екенін білдіру қажет болса, сол зат иеленуші субъектіден я объектіден бұрын қолданылады. Мысалы: мал шопандікі, кітап сенікі.

Тәуелдік жалғау, әдетте бір заттың басқа бір затқа тәуелді екенін білдіретіндіктен, негізінен зат есімге тән қосымша болса тұрса да, зат есім қызметін атқаратын, демек субстантивтенетін сөздердің барлығына да жалғана береді. Жақ-жақтың көрсеткіші ретінде қызмет ететін тәуелдік жалғау қосымшалары мыналар: Сөздің соңғы дыбысы:

1. дауысты болса,

I жақ (- м)                                           2. дауыссыз болса, I жақ (-ым,-ім)

II жақ (-ң,-ңыз,-ңіз)                                            II жақ (-ың,-ің)

III жақ (-сы, -сі)                                                  (-ыңыз,-іңіз)

                                                                              III жақ (-ы,-і).

                                                                                 

Бұл қосымшалар жалғанған сөздер, әдетте өздерінен бұрын ілік септік жалғауда тұрып тіркесетін жіктеу есімдіктерімен тікелей байланысты болады.

Сөз жекеше түрде де, көпше түрде де тәуелденеді. Егер сөз (зат) жекеше түрде тәуелденсе, бір зат бір ғана адамға (я затқа) тән екендігін білдіреді. Ал сөз (зат) көпше түрде тәуелденіп тұрса, бірнеше зат бір адамға (я затқа) ғана меншікті екендігі білінеді. Бұндай тәуелдеуді оңаша тәуелдеу деп атайды. Мысалы: менің бөбегім, менің балаларым. Жалғау жалғанған сөзбен байланысты ілік септіктегі жіктеу есімдіктері кейде түсіріліп те, түсірілмей де айтыла береді, өйткені стилистикалық талап пен талғамға, сөйлемдегі өзге сөздердің қолданылу ерекшелігіне т.б. жағдайға байланысты болады. Мысалы: Жас болғанға төбеме секірдің.

Тәуелдіктің I, II жақтан гөрі 3-ші жақтың өрісі кең, себебі тәуелдіктің I, II жақтарының қосымшалары өздері жалғанған сөзді тек я 1-ші, я 2-ші жаққа тәуелді етсе, III жақ қосымшасы өзі жалғанған сөзді (затты) тек III жақта емес, жалпы бөгде жақтарға тәуелді етеді. Сонда III жақ оның деген есімдіктің орнына тиісті заттың (я кісінің) аты қойылып, айтыла береді. Оның кітабы →Анардың кітабы. Кітапхананың кітабы.

Байланыстың бұл түрі матасу деп аталады. Тәуелдеулі сөзбен байланысқан ілік септіктегі сөздің қосымшасы кейде ашық айтылады, кейде түсіріліп айттылады, совхоз директоры. Тәуелдеулі есім (зат есім) сөйлемде бастауыш болса, баяндауыштың жалғауы онымен жан-жағынан қилыспайды. Өйткені тәуелдеулі сөз қай жақта тұрса да баяндауыштың жіктік жалғауы III жақта тұрады. Мысалы, апам келді.

Тәуелдік жалғау көптік жалғаудан кейін келеді (кітаптарым), ал туыстық қатысты білдіретін кейбір сөздерде тәуелдік жалғау көптік жалғаудан бұрын келеді. Мысалы, әкелерім-әкемдер.

Тәуелдік жалғау септік жалғауынан, жіктік жалғауынан да бұрын жалғанады, студенттіңмін.

Тәуелдік жалғаулар қосымша эмоциялық-экспрессивтік райда я мәнді білдірерліктей міндет атқарады. Мысалы, айым, әкем, шырағым, сәулешім. Осылайша айтылған сөздер тыңдаушы адамды жақын тұту, жақсы көру, құрметтеу, еркелету сияқты қатынастарды да аңғартады.

  Зат есімнің септелуі. Сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен жалғастырып, септестіріп тұратын қосымшалар септік жалғау деп аталады. Сөздер екі түрлі форма бойынша септеледі. 1.Жай септеу. 2.Тәуелді септеу.

Жай септеу деп септік қосымшасының тікелей зат есімдердің және басқа есім қызметін атқаратын сөздердің тура түрлеріне жалғануын айтамыз. Ал, тәуелді септеу деп септік жалғаулардың зат есім немесе зат есім қызметін атқаратын басқа сөздердің тәуелді түрлеріне жалғануын айтамыз. Екі септеуде де 7 түрлі форма, 6 түрлі жалғау бар.

Атау септігі. Жай септеуде де, тәуелді септеуде де атау септіктің өзіне тән арнаулы қосымшасы болмайды. Атау формадағы сөздер кім, кімдер, не, нелер, кімің, нем, несі деген сұрауларға жауап береді. Атау септігі сөз бастауыш жіктік жалғау жалғанып баяндауыш, кейде анықтауыш болады. Атау септігі сырттай формасы жағынан өзіне тән қосымшасы болмайтын, іштей мазмұн жағынан заттың белгісіздігін білдіретіндіктен, белгісіздіксептік деп те аталады. Мен кітапты оқыдым.

  Атау септігі сөздер септеулік шылаулармен жұмсала береді, үшін (сен үшін, ел үшін), туралы (әдебиет), сияқты (өлең, келген) жөнінде (оқу, мал), бойынша (облыс, аудан).

Ілік септік. Ілік септіктің қосымшасы я меншікті, я басқа бір қилы қатынасты білдіреді. Мысалы, оқушының дәптері дегеннен дәптер оқушының меншігі екені білінсе, кірпіш заводы дегеннен тек қатыстық қана мағына білінеді. Ілік септігінің жалғаулары: - ның, -нің, - дың, - дің, -тың, - тің.

Ілік септік жалғауы сөзге жалғанып та, жалғанбай да қолданылады. Мысалы: кітаптың беті, қыс ортасы. Ілік септігі сөз әрқашан анықтауыш болады. Ердің атын еңбек шығарады.

      Барыс септік. Бұл септігі сөз етістік мүшемен тікелей де, жанай да байланысып, негізінде, қимылдың бағытын, мақсатын білдіреді. Ол ертең Ақтауға жүреді.

Барыс септігінің жалғаулары: -ға,-ге; -қа,-ке,-на,-не,-а,- е. Қайда, кімге, неге, кіміме, кіміңе, неңе, кіміне, несіне деген сұрақтарға жауап береді..

Ол сөйлемде толықтауыш та, пысықтауыш та болады.

  Табыс септік. Бұл септіктегі сөз етістікпен байланысып сөйлемде тура толықтауыш болып қызмет атқарады. Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтам. Табыс септіктің жалғауы да бірде ашық, бірде жасырын түрде қолданыла береді. Мал жер емеді, адам мал емеді. Ол кітапты қолына алды.

 Табыс септігінің жалғаулары: ды,-ді; -ты, -ті,-ны, -ні,-н.

      Жатыс септік. Бұл септіктегі сөздер негізінде көлемдік, мекендік, мезгілдік мағына береді. Жат қораны күзеткен қартаң шалда сана жоқ. Жатыс септігінің жалғаулары: - да, -де; -та, -те. Сөйлемде толықтауыш, пысықтауыш, кейде баяндауыш қызметін атқарады.

  Шығыс септік. Бұл септік іс-амал, қимыл-әрекеттің шыққан орнын, себебін, мезгілін, мөлшерін және әрқилы мағына береді. Осы мағынасына орай сөйлемде толықтауыш та, пысықтауыш та, баяндауыш та болады.

 Әкемнен әліп биді үйде оқыдым. Шығыс септік жалғаулары: -нан, -нен,-дан, -ден; -тан, -тен.

       Көмектес септік. Бұл септік іс-амалдың құрамы мен тәсілін, мекені мен мезгілінің, ортақтау, бірлесу, аспасу, ұштасу сияқты жай-күй қатынастарын және т.б. мағыналарды білдіреді. Сөйлемде толықтауыш та, пысықтауыш та болады. Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық. Көмектес септік жалғаулары: - мен, -пен, -бен.

Негізгі әдебиеттер:

1. Ысқақов А.. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002 ж.

3. Хасанов С., Әбдіғалиева.Т...., Кестелі грамматика. Алматы,- 1996 ж.

4. Мергенбаев. Е. Қазақ тіліндегі сөзөзгерім жүйесі, Алматы 1994 жыл.

Қосымша әдебиеттер:

1. Нұрғалиев М. Көптік жалғау туралы. Алматы,- 1973ж.

2. Мұсабекова Ф. Қазақ тіліндегі септік жалғауының берілетін мағыналары. Труды научной конференции, посвященном 40-летию КазПИ им. Абая. Алматы,-1968

 

Тақырып 21. «Сын есім, оның лексика – грамматикалық сипаты»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге сын есім туралы түсінік бере отырып, оның өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары, шырай категориясы туралы мағұлмат беру.   

Дәрістің жоспары: 1. Сын есім, оның анықтамасы

2. Сын есімнің өзге сөз таптарынан лексика-грамматикалық ерекшелігі

3. Сын есімнің түрлері

4. Сын есімнің шырайлары

5. Сын есімнің синтаксистік қызметі

  Сын есім – семантика-грамматикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшеліктері мен сөз тудыру, сөз өзгерту амалының жүйесі жағынан да, синтаксистік қызметі мен қолданылуы жағынан да қазақ қазіргі тіліндегі өзіне тән ерекшелігі бар сөз табының бірі.

  Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіру болады.

Мысалы, Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын (Абай).

  Сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын өзіне тән белгілер:

1) Қазақ тіліндегі сын есімдер өз мағыналарында септелмейді, оларға көптік, тәуелдік жалғаулары да қосылмайды. Егер бұл қосымшаның бірі сын есімге қосылса, ол онда заттанып, субстантивтетіп кетеді. Септік, көптік, тәуелдік категориясы-сын есімге емес, зат есімге тән құбылыс. Сын есімнің бұл ерекшелігі оны - зат есімнен бөлек, дербес сөз табы екенін айқындайды.

Мысалы: Біреуі көк, біреу жер тағысы адам үшін батысып қызыл қанға. Қызылға қонған қорғадай.

2) Қазақ тіліндегі сын есімдер категориясының өзіне тән ерекшеліктерінің бірі - олардың морфологиялық формаларының, шырай жұрнақтарының болуы. Сын есімнің бұл ерекшелігін көптеген тюркологтар оны дербес сөз табы ретінде тануға басты критерий етіп ұсынады. Алайда азербайжан және түрік (Түркия) тілдерінен –рақ,-рек формасы қолданудан шығып қалды, оның орнына басқа тұлғадағы сын есімдер жұмсалады, ал қазақ тілінде-рақ, -рек формасы жиі ұшырайды.

Мысалы: Махамбет образы Исатайдың образынан өзгешерек. Бұл формалар сапалық сын есімге жалғанады да, басқа сөз таптарында қолданылмайды.

3) Сын есімнің 3-ші бір ерекшелігі-түркі тілдерінде олардың қап-қара, сап-сары тәрізді күшейтпелі формасының болуы. Мысалы: Мынау бір жап-жас бала екен десек те, тап – тас екен, ап – ағаш екен деп айтуға болмайды.

4) Сын есім өзінің семантикасы арқылы да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді. Заттың сынын білдіре отырып, сын есім кейде қимылдың сынын көрсететін үстеумен астасып келеді. Бұл жағдайда бұл сөз табының бір ерекшелігі - сын есім үстеу қызметінде жұмсала отырып, соның өзінде сын есім болып қалады. Мысалы: Жақсы бала жақсы оқиды.

5) Зат есімдерге септеулік шылаулардың қай-қайсысы болсада тіркесе береді (адам сияқты) ал олар сын есімнің негізгі мағынасында оған тіркеспейді. Ал күшейтпелі мағынаны білдіретін өте, тым, аса, тіпті, керемет тәрізді үстеу сөздер сын есімнің алдында келіп еркін тіркесе береді (ал олар керісінше зат есімге тіркеспейді). Мысалы: тым әдемі – тым шөп т.б.

Сонымен, заттың сапасын, сипатын, қасиетін, түр-түсін, көлемін және т.б. сыр сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табын сын есім дейміз

Сын есімнің түрлері. Семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай қазақ тіліндегі сын есім мынадай топқа бөлінеді:

1) сапалық сын есім, 2) қатыстық сын есімдер.    

     Сапалық сын есім. Сапалық сын есім есімдер қосымша формаларынсыз-ақ тұрып, өзінің семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді. Мысалы: қызыл, жасыл, ақ, қара, үлкен, ауыр т.б. Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет.  Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

  Сапалық сын есімдерінен арнаулы формалар арқылы шырай категориясы жасалады. Қазақ тілінде, негізінен сапалық сын есімдерге жалғанатын шырай жұрнақтары бар. Мысалы: - ғылт,-ғылтым,-шыл,-шылт,-ғыл тек түсті білдіретін сапалық сын есімдерге жалғанып, сол түстің бәсеңдеу реңкін білдіреді. Сапалық сын есімдерге бұлардан басқа да сындық белгінің әр түрлі реңкін білдіретін ұлғайту, кішірейту, солғындықты көрсететін жұрнақтар, яғни шырай формалары, талғамай жалғана береді. Мысалы: қалың-дау, жіңішке-леу, толық-ша, қалың-ырақ.

Одан басқа сапалық сын есім күшейтпелі мағынада жап-жасыл, боп-боз тәрізді үстеме форманы қабылдай алады. Мысалы: Кешегі құмды дала жап-жасыл алқапқа айналды.

Малдың түсін білдіретін кейбір сын есім сөздер белгілі бір шекте ғана қолданылады, мысалы: тарғыл түс тек ірі қара малға (сиыр) байланысты қолданылса (жылқының түсіне байланысты тарлан сын есім жұмсалады) қой, жылқы т.б. түсін білдіру үшін қолданылады.

  Сапалық сын есім жалғанатын шырай, күшейтпелі мағына үстейтін морфологиялық формалар, қатыстық сын есімдерге жалғанбайды. Сол себепті сын есімді сапалық-қатыстық деп бөледі.

Сапалық сындар жалпы сын есім атаулының негізгі ұйтқысы, қазығы есебінде қызмет етеді, өйткені сын есімге тән негізгі ерекшеліктердің қай-қайсысы болса да сапалық сынның бойынан табылады.

  Демек, сапалық сын есімдер морфологиялық құрылымы жағынан негізгі сындар, ешбір қосымша формаларынсыз тұрып заттың әр түрлі сапа, сыр-сипатын тікелей білдіретін түбір сөздер болып табылады. Дегенмен, қазіргі кезде түбір сөз деп аталып жүрген көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қараған да, белгілі қосымшалар жалғанған туынды сөздер.

Мысалы: қызыл сөзін өзімен түбірлес қызу, қызару, қызғылт дегендермен салыстырсақ бастапқы түбір қыз екенін байқаймыз. Сол сияқты ұзын (ұзару, ұзақ)→ ұз.

Қатыстық сын есім. Басқа да түркі тілдеріндегідей қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдер өздері жасалған түбір сөздің мағынасымен сыбайлас келіп, сол заттың жай-күйдің белгісін басқа бір заттың, істің қатысы арқылы білдіреді. Қатыстық сын есімдер көбіне әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады.

- лы,-лі,-ды,-ді, -ты,-ті арғы тегі -лағ,-лақ, -лық,-лығ, -тағ,-тақ,-тығ,-тік шыққан. Күні бүгін де екі жұрнақ болып, екі түрлі қолданылады: минералды су, минералдық қоспа.

- шаң,-шең,-шыл,-шіл қосымшасы арқылы бір затқа я құбылысты бейімділікті, икемділікті білдіретін қатыстық сын есім жасалады. ұйқышыл, бойшаң, сөзшең. Кісі киімі-кіршең, кісі аты- тершең.

- сыз-сі:з таусыз, сусыз. Боранды күннен борансыз күн көп.

- ғы,-қы,-гі,-кі мекендік, мезгілдік шақта мағынада қолданылады: қысқы, күзгі, ауызғы, төргі т.б.

Сын есімнің синтаксистік қызметі. Сын есімдер мағына жақтан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде анықтауыш мүше болып қызмет атқарады.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр мылқау танымас тірі жанды.

Сын есімдер сөйлемде баяндауыш болады. Ондайда сөйлемнің бастауыштары жіктік есімдіктерінен болса, сын есімнен болған баяндауыштарға жіктік жалғауы қосылады. Мен керемет жүйрікпін.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: