Кредит саны: 4 кредит 12 страница

Күрделі етістіктің түп негізі көсемшелі сөз тіркестері. Етістіктің көсемше түрі сөйлемдегі негізгі етістіктің алдынан келіп тіркесіп, оның жай күйін сипаттаған: қарқылдап күлу, айқайлап сөйлеу, күле қарау т.б. Осы тіркестердегі көсемшенің етістіктегі қимылдың қалай жасалғанын білдіріп, сөйлемнің пысықтауыш мүшесі болып тұр. Көсемшенің осы қызметтегі етістікпен тіркесі кейіннен мағына тұтастығына көшіп, күрделі етістіктерге ауысқан. Күрделі етістіктерде оның компоненттері тұрақталып, үнемі бір құрамда қолданылатын болған.

Кел: ағып кел, айдап кел, айнып кел, айтып кел, алып кел, барып кел, батып кел, бақырып кел, байқап кел, біліп кел, көшіп кел, кіріп кел, қаптап кел, қақсап кел, қалғып кел, мініп кел, озып кел, өрлеп кел, сызып кел, салып кел, тақап кел, талып кел, зытып кел, ұзатып кел, үлестіріп кел, ілбіп кел, шыдап кел т.б.                                     

Ауыспалы компонент. Күрделі компоненттің қашанда бірінші компоненті өзгергіш келеді. Бір күрделі етістіктегі 1-ші компоненттің басқа күрделі етістікте кездесуі міндетті емес, ал тірек компоненттер болса, бірнеше күрделі етістікте қолданылады. Мысалы: алып кет, айдалып кет, айтып кет т. б.

Күрделі етістіктің мағынасы. Күрделі етістік тілде біртұтас лексикалық мағына береді. Мысалы: Бірақ мен құлағам жоқ, жауырынымнан қадалған садақ оғын жұлып алып, атқан адамды сайысқа шақырдым. Мұндағы жұлып алып – күрделі қимыл. Жұлу мен алу қимылы бір мезгілде, бір орында, бірдей жасалатын қимыл.

  Байланыстырушы элементтер. Көсемшенің – ып,-іп,-п,-а,-е,-й,-қалы,-келі,-ғалы,-гелі жұрнақтары.Осылардың ішінде күрделі етістіктің компоненттерін байланыстыру қызметін өте актив атқаратын қосымша: -ып,-іп,-п. Мысалы: Жазғұтырым Әсірепке бір десте бидай егіп берді.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4. Қасымова Б. Қазiргi қазақ тiлiндегi күрделi етiстiктер.

-Алматы, 1997.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. -Алматы, 1991.

 

Тақырып15. «Құранды етістік»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге құранды етістіктердің жасалуын меңгерту, сыңарлары туралы мағұлмат беру.

Дәрістің жоспары: 1. Құранды етістік туралы түсінік

                              2. Құранды етістіктің құрамы

Құранды етістіктер – етістіктің аналитикалық тәсілі арқылы жасалуының нәтижесінде тілге қосылған етістіктердің бір тобы. Құранды етістіктер есім сөзге көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: жәрдем ет, қызмет қыл, адам бол, алданыш бол, жетекшілік ет, баж-бұж ет, азат ет, баян ет т.б.

Құранды етістік жасайтын көмекші етістіктердің қызметін есім сөзден етістік жасайтын жұрнақпен салыстырып, олардың екеуінің де есім сөзден етістік жасайтынын көруге болады. Мысалы: жәрдем ет – жәрдемдес, сыйлық ет – сыйла, арман ет – арманда, - сылтау ет – сылтаурат, зақым ет – зақымда т.б.

Мұнда құранды етістіктердің тілде синоним туынды түбір етістіктері бары анықталды. Ол әр есім сөзден тілде аналитикалық тәсіл арқылы да, синтетикалық тәсіл арқылы да туынды етістіктер жасалғанын білдіреді. Ал ол – құранды етістік жасайтын көмекші етістіктердің есім сөзге жұрнақ сиқты қимыл мәнін қосқанына толық дәлел.

Көмекші етістіктер арқылы жасалған құранды етістіктердің туынды етістік екенін олардың сөйлемде етістік сөздер үлгісімен түрленуі де дәлелдейді. Мысалы: Ант етеміз адым жер шегінбеуге. Жауқазында гүл атты. Ой, тақсыр, айып етпе, шақырғанға деп айтты сасқаннан соң, қолын құшып. Назды мұң мен толқынды ыстық ой да, барлық пердесіз, қытықсыз шынын осы әнге табыс еткен.

Осы мысалдардағы құранды етістіктер сөйлемде осы шақ, жіктік жалғау, өткен шақ, блолымсыз етістік, есімше қосымшаларымен түрленген.

Құранды етістіктердің бәрі де етістіктің түрлену жүйесі бойынша формасын өзгертеді. Мысалы: жәрдем еткен, жәрдем етіп, жәрдем етті, жәрдем еткелі, жәрдем етпейді т.б.

Құранды етістіктерде негіз сөз есім сөзден болады және олар байырғы сөздерден де, басқа тілден енген сөздерден де жасалады. Ал көмекші етістік қызметін қыл, бол, ет етістіктері атқарады.

Бұлардың ішіндегі ең өнімдісі – ет көмекші етістігі. Ол арқылы өте көп құранды етістіктер жасалған: еңбек ет, әуре ет, ұжым ет, жар етң бала ет, сүйеу ет, азат ет, құрбан ет, қыңқ етпе, зырқ етті, былш етті т.б.

    Қыл көмекші етістігі бұрын құранды етістік жасауда белсенді қызмет атқарған, қазір оның қызметі бәсеңдеді: дауыс қыл, жоқ қыл, үміт қыл, қас қыл, сабақ қыл, жыр қыл, үлгі қыл, тәубе қыл, жазым қыл, адам қыл, еңбек қыл, өсек қыл, міндет қыл т.б.

Бол көмекші етістігі арқылы да бір топ құранды етістіктер жасалған: адам бол, жақсы бол, құмар бол, жария бол, мәз бол, азық бол, құл бол, алаң бол, ғашық бол, кісі бол, үйір бол, қатал бол, әсем бол, азамат бол, қабыл бол т.б.

Кейбір көмекші етістіктер: тарт, ат, соқ, бер, ұр бірлі-жарым құранды етістік жасауға қатынасады. Мысалы: сарғылт тарт, әуреге түс, гүл атты, телефон соқ, тап берді, тарс ұру т.б.

  Құранды етістік жасауға негіз болатын есім сөз негізінен негізінен түбір тұлғада қолданылады: жәрдем ет, адам бол, сондай-ақ қос сөз тұлғасындағы сөз де құранды етістікке негіз бола береді: тарс-тұрс етті, әлем-жәлем қылды.

Идиомаланған тіркестердің де құранды етістіктерге жататындары бар: жек көру, жақсы көру, зар қағу, таяқ жеу, бас қою, көз салу т.б.

 

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4.Хасенова А. Қазақ тiлiндегi туынды түбiр етiстiктерi. Алматы, 1959.

5. Қасымова Б. Қазiргi қазақ тiлiндегi күрделi етiстiктер.

-Алматы, 1997.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. -Алматы, 1991.

3. Қасымова Б. Құранды етістік./Қазақ тілі грамматикасы және лингодидактика мәселелері. –Алматы,1997.

 

Тақырып 16. «Грамматика және оның салалары. Зерттелу жайы»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге грамматиканың морфология және синтаксис саласына бөлінетінін түсіндіре отырып, «Морфология» пәнінің зерттеу объектісін меңгерту. Морфологияға қатысты зерттеу еңбектерімен таныстыру.

Дәрістің жоспары: 1.Грамматика және оның салалары туралы түсінік

                             2. Морфологияның зерттеу объектісі

                 3. Тілдің грамматикалық құрылысы

                  4. Морфологияның зерттелу жайы

   Грамматика (гректің qrammatike – оқи алу,әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан) сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарын, сөйтіп сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Осындай тексеру объектілерінің ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді.

Морфологияның (гректің morphe - форма, тұлға және logos - сөз, ілім деген сөздерінен құралған) да зерттейтін басты объектісі - сөз. Әрине, морфология лексикология сияқты және сөздердің нақты мағыналарын, олардың қайдан шығып, қалай қалыптасқанын, функциянальдық- стильдік сипаттарын емес, сөздердің жалпы қасиеттерін ортақ қасиеттері арқылы - сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп сипаттайды. Ал синтаксис (гректің syntaxic- құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп деген сөзінен қалыптасқан) түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау, олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады.

Грамматиканың басты объектісі –тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.

Морфологияның зерттелу жайы.  Қазақ тілі грамматикалық құрылысының ана тілімізде зерттеліп жарық көруі ғасырымыздың алғашқы 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы-1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген А.Байтұрсынов жазған оқулық. Осы еңбегінде автор қазақ тіліндегі сөздердің құрылысын «Сөз тұлғасы» деп атап 5 түрге бөледі. Олар түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы, қосымшалар деп аталған да әрқайсысы жеке-жеке талдап түсіндірген. Сөздерді топқа бөлуде осы оқу құралынан басталады. Оқулық авторы сөздерді үш топқа бөледі де; 1-не зат есім, сын есім, есімдік, етістік; 2-не үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады да, 3-не одағайды өз ішінен еліктеуіш, септеуіш одағайлары деп 2-ге бөледі. Осы еңбегінде айтылған пікірлерін «Тіл құралының» 1924 жылы басылымында да кеңейте, дәлелдей түседі. А.Байтұрсынов оқулықтары қазақ тілінде жазылған тұңғыш еңбектер болғанмен, көптеген мәселелерді өте білгірлікпен, көрегендікпен айта алған. Мысалы: қосымшалар туралы былай дейді: «Қосымшаларда өз алдымен мағына жоқ, сөзге жалғанбай айтылмайды. Қосымша екі түрлі болады: бірі сөздің тұлғасы ғана өзгертеді, мағынасы өзгертпейді, бұл - жалғау, екіншісі - сөз тұлғасын да, ішкі мағынасын да өзгертеді, бұл – жұрнақ».

Сөйтіп, морфология ғылымның бастауы, негізгі А.Байтұрсынов еңбегінен басталады. Орыс түркологтары жазған қазақ тілі грамматиканың ең соңғы- 1927ж. Г.А. Архангельскийдің құрастыруымен Ташкентте басылған. Еңбекте өте ықшамды түрде фонетикалық, морфология мен синтаксистік мәлімет берілген.

1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерін де, әсіресе сол кездегі ғылыми-педагогикалық журналдар - «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі», оның орнына келген «Халық мұғалімі» журналдары беттерінде жиі-жиі көріне бастайды. Осы он жылдықтың аяғына дейін жеке сөз таптарына, қосымшаларға арналған 30-ға тарта мақала жарияланыпты. Олардың көпшілігін Қ.Жұбанов, Х. Басымов, Ш.Х. Сарыбаев, Е.Жиенбаев, О.Аманжоловтар жазған. Және де 1936 жылы Қ. Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығы шыққан. Автор қазақ тіліндегі сөздерді екі түрлі белгісіне қарай жіктейді:оның 1-і тұлғасына қарай, 2-сі лексика -грамматикалық белгісіне қарай жіктеу. Тұлғасына қарай сөздерді алты топқа бөледі. Олар: түбір сөз, қосымшалы сөз, біріккен сөз, қиюлы сөз, қосар сөз, қосалқы сөз. Бұл арада автордың А.Байтұрсынов қолданған терминдерді біраз өзгертіп қолдануға тырысқанымен, басқа жаңалығы онша емес және термендері де өмірлік бола алмады. Бұдан басқа жұрнақты үстеу немесе үстеуіш де, үстеуге жататындарды мезгіл-мекен есім де атауы да қазақ тіл білімінде қабылданбады.

Ал 1938 жылы Аманжоловтың авторлығымен «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулықта жарық көрген. Алдыңғы еңбектер сияқты мұнда да сөздерді тұлғасына, тобына қарай жіктейді, дегенмен алдындағы оқулықтармен салыстырғанда теориялық дәрежесі төмендеу болды. Бұл он жылдықтың атап айтуға тұрарлық бір жаңалығы –қазақ тіл білімінің салаларын даралап арнайы зерттеу, салаларының негізінде кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау болды. Мәселен етістіктің есімше, көсемше, етіс, шақ категориялары, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.

40-жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектің бір елеулісі –Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиев жазған «Қазақ тілінің грамматикасы» болды.. Осы еңбекте «морфема» дейтін грамматикалық термин қазақ тіл білімінде алғаш рет қолданылды. Қ.Жұбанов еңбегінде өзгертіліп қолданылған грамматикалық терминдерді соңғы авторлар Байтұрсынов қолдаған атаумен атап, құрастырған. Сөздерді есімшелер, етістіктер, есімдіктер, үстеулер, көсемшілер, одағайлар деп алты топқа бөледі. Сөйтіп, терминдік классификацияның алақұлалығына қарамастан қазақ тілі морфологиялық жүйесі ілгері дамыды.

1950 жылдан бері қарай уақыт ішінде морфологияның жеке мәселелеріне қатысты жүзеге тарта ғылыми мақала, 20-ға тарта монографиялық зерттеулер мен кітаптар жарық көрді.

Етістік категорияларын зерттеуге арналған: Мамановтың, Қалыбаева, Оралбаева, Ерғалиевтің еңбектерін. Сын есім категорияларына арналған: Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов еңбектерін. Сан есімге арналған: Ә.Хасенов, одағай, еліктеуіш сөздерді зерттеген Ш Сарыбаев, Катенбаева, үстеуді А.Ысқақов, есімдікті Ибатов, шылауды зерттеген Р.Әміров, Т.Қордабаев еңбектерін атауға болады.

1954ж. Академиялық «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы шығарылды. 1967жылы «Қазақ тілі грамматикасы» I, II бөлімі, ал 2002 ж. «Қазақ грамматикасы» жарыққа шықты.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ грамматикасы. – Астана. 2002ж.

  1. Қордабаев Т. Қазақ тілі білімінің қалыптасу, даму жолдары.- А. 1995ж.
  2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология, -А. 1991ж.

4. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, - 1992ж.

 

Тақырып 17. «Негізгі грамматикалық ұғымдар»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория туралы түсінік бере отырып, грамматикалық мағынының түрлерін, жасалу тәсілдерін меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Негізгі грамматикалық ұғымдар туралы түсінік

                  2. Грамматикалық мағына және оның түрлері

                              3. Грамматикалық мағынаның берілу жолдары мен

                       тәсілдері

                  4. Грамматикалық форма

                  5. Грамматикалық категория

    Грамматиканың басты объектісі –тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.

   Грамматика мағына және оның түрлері. Тілдегі әрбір сөздің нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы-нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден 2-ші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына-сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр түрлі қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.

Грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан да пайда болатын грамматикалық мағыналар бар. Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең деген өлең жолдарын талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнешеден грамматикалық мағынаны білдіріп тұр.

1. туғанда, лексикалық мағынасы- нақты туу қимылы; грамматикалық мағынасы: а)жалпы қимылды білдіру; ә) салтылық мән; б) өткен шақтық мән; 2. дүние -лексикалық мағынасы-әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағынасы: а) жалпы абстракт зат атауы; ә) қатыстық меншіктілік мән.

3. есігін - лексикалық мағынасы-үйдің бір бөлігі болып табылатын нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары:а) жалпы зат атауы болуы; ә) 2-ші бір затқа тәуелді бөлшегі болу, ол тәуелділік 3-жаққа қатысты.

4 .ашады -лексикалық мағынасы-ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары:а)жалпы қимылды білдіру; ә)ол қимылдың сабақты болуы; б) ауыспалы осы шақ мәнін білдіру.

5. өлең- лексикалық мағынасы-нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағынасы: а) жалпы зат атауы болуы; ә) ашу қимылының грамматикалық субъектісі болуы.

Осы шағын талдаудан көрінетіндей сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері де әр түрлі. Осы сөздерді кейбір ортақ грамматикалық мағынасына қарап топтауға да болады. Мысалы: жалпы затты зат атауын білдіруіне қарай дүние, есігін, өлең сөздерін бір топ етіп, жалпы қимылды білдіру жағынан ашады, туғанда сөздерін бір топ етуге болады. Сонымен бірге туғанда, ашады сөздерінің жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі мен сабақты я сабақтылық мағыналары нақты қимылдың жалпылануы арқылы пайда болады. Сөйтіп бұл грамматикалық мағына білдірудің семантикалық тәсілі болады.

Сонымен, грамматикалық мағына дегеніміз 1- ден, сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы пайда болады, 2-ден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, 3-ден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасынан да пайда болады.       Грамматикалық мағынаны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үштүрге бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына сөз таптарының семантикалық сипаты болып табылады. Мысалы: үй, бала, Алматы, жақсы, аң, әдемі, кел, ойла, т.б.

Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағына категориялық мағына деп аталады. Мысалы: 1) беймаза, бишара, наразы, 2) сөз таптарының түрлену жүйесі.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. арқылы беріледі. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атаймыз. Мысалы: Бала ойнап жүр. Бала бүркіт түлкіден аянбайды. Бұл – кітапты көп оқиды. Бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдердегі интонацияға назар аударуымыз керек.

  Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары. Грамматикалық мағынаны білдірудің ең 1-ші тәсілі - семантикалық тәсіл. Ол-сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып жалпылануы арқылы іске асады.

2-ші синтетикалық тәсіл. Ол арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, екпін арқылы, суплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке сөздер арқылы берілуі.

3-ші аналитикалық тәсіл. Олар негізгі сөздердің тіркесуі арқылы: алтын сағат, ағаш үй, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесі (көмекші етістік, шылау), сөздердің қосарлануы, сөздердің орын тәртібі арқылы, дауыс ырғағы, интонация арқылы (көрме-көрме, кеспе-кеспе) беріледі.

Грамматикалық форма. Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі- грамматикалық формалар. Сонымен, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жұрнақ) арқылы белгілі жүйе бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық мағына беріледі. Осы уақытқа дейінгі оқулықтарда (А. Ысқақов. «Қазіргі қазақ тілі», К.Аханов. Грамматикалық теорияның негіздері. А,.72) грамматикалық форманы грамматикалық мағынаны білдіруінің сыртқы жағы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп айтылып келеді. Алайда лексикалық мағынаның абстракцияланып жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы берілетін қатыстық грамматикалық мағына ешбір грамматикалық формасыз-ак берілетін байқауға болады (Исаев С. «Қазақ тіліндегі грамматикалық ұғымдар». 1992). Мысалы: тау, тас, үй, көл, бала, әке сияқты сөздерді жалпы заттық мағына алғашқы топтағы сөздерде жансыз (нелік) заттар, соңғы топтағы сөздерде адамға байланысты (кімдік) заттар мағынасы грамматикалық мағыналар екендігіне ешбір күмән жоқ. Бұлардың ешқайсысы да ешбір грамматикалық форма арқылы берілмеген. Сондай-ақ аналитикалық тәсілдің түрлері болып табылатын негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі, негізгі сөзбен көмекші сөздің тіркесі арқылы, сөздердің қосарлануы сөйлемдегі орын тәртібі, интонация т.б. арқылы грамматикалық мағынаны білдіруде ешбір форма жоқ.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: