Кредит саны: 4 кредит 11 страница

2-ден, дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санды басқа бір санға көбейту жолымен жасалады. Мысалы: 3*100=300, 10*1000=10000.

Күрделі сан есім жасаудың бұл жолы көбейтілмелі жол деп аталады.

Қосылмалы және көбейтілмелі күрделі сан есімдердің жасалу амалдарының өзіндік ерекшеліктері бар. 1-ден, қосылмалы сандар тек он бірден басталады да тоқсан тоғызға жетіп, одан жүз санын аттап өтіп, тоғыз жүз тоқсан тоғыз – ға жетіп, одан мың санын аттап өтеді де әрі қарай созыла береді.2-ден, күрделі қосылмалы сандар үнемі жоғары дәрежелі сандардан басталып, төмен дәрежелі сандармен аяқталады. Мысалы: жиырма бір, отыз тоғыз, алпыс екі т.б.

Көбейтілмелі күрделі сан есімдер, керісінше, үнемі төмен дәрежелі сандардан басталып, жоғары дәрежелі сандармен аяқталып отырады. Мысалы: он мың, тоғыз жүз т.б. Көбейтілмелі күрделі сан есімдер, негізінен, екі жүзден басталып, тоғыз жүзге дейін барып, екі мыңнан қайта басталып, тоғыз мыңға дейін барады. Сондықтан оларды: 1) жүздік көбейтінділер; 2) мыңдық көбейтінділер деп екіге бөледі.

Күрделі сан есімдердің құрамында көбейтілмелі сандар мен қосылмалы сандар араласа қолданылатын кезі болады. Мысалы: тоғыз жүз тоқсан тоғыз. Күрделі сан есімдердің мұндай түрін аралас күрделі сан есімдер тіркесі деп атайды.

Қазіргі қазақ тілінің нормасында бірігіп айтылатын алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сан есімдері бір кездерде алты он, жеті он, сегіз он, тоғыз он сияқты тіркестерден құралған сандар.

Сан есімдердің қосарлануы арқылы болжалды сан есімдер жасалады: бес-алты, жиырма-отыз т.б. Есептік сан есімдерге басқа сөз таптарына тән кейбір сөздердің тіркесіп айтылуы арқылы да не болжалдық, не бөлшектік сан есімдер жасалады: жүз қаралы, он шақты, қырық шамалы, жұмыстың үштен екісі т.б.

Туынды түбір сан есімдер. 1. – ыншы,-інші қосымшасы кез келген есептік санға жалғанып, реттік сан есімін жасайды: бірінші, үшінші т.б.

2. – ау,-еу қосымшасы бірден жетіге дейінгі есептік сандарға жалғанып, жинақтау сан есімін жасайды: бесеу, жетеу т.б.

3. –дай,-дей,-тай,-тей; -ер, - даған,-деген қосымшалары арқылы есептік сандардан болжалдық сандар жасалады: отыздай, қырықтай, бірер, мыңдаған т.б.

4. –дан,-ден,-тан,-тен,-нан,-нен қосымшалары (шығыс септіктің мәні өзгерген формасы) арқылы есептік сандардан топтау сан есімдері жасалады: алтыдан, алпыстан т.б.

Есептік сан есімдерден басқа сөз таптарына ауысып отыратын жаңа формалардың синтетикалық тәсіл бойынша жасалуына мынадай жұрнақтар қатынасады:

1) –лық,-лік, –дық,-дік,-тық,-тік: бестік, екілік;

2) –ті: бесті (ат);

3) –кіл: үшкіл, төрткіл;

4) -ла,-ле, -да,-де: екеуле, үшеуле.

Бірігу арқылы: бесбармақ, алтыбақан;

Тіркесу арқылы: екі жүзді, екі ұдай, үшеу ара т.б.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4. Оралбаева Н. Қазiргi қазақ тiлiндегi сан есiмнiң сөзжасам жүйесi.

-Алматы, 1989.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. -Алматы, 1991.

 

Тақырып 11. «Есімдіктің сөзжасамы»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге туынды түбір есімдік және күрделі есімдіктің жасалу жолдарын меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Туынды түбір есімдік

                                   2. Күрделі есімдіктер

        Зерттеушілеріміздің айтуынша, қазақ тіліндегі жалпы есімдіктердің саны 60-70 –тен аспайды екен. Сондықтан есімдіктердің жасалу жолдары онша күрделі емес. Есімдіктердің жасалу жолдарында басқа сөз таптары сияқты синтетикалық және аналитикалық тәсілдер орын алады.

Синтетикалық тәсілмен жасалған есімдіктер. 1. Құранды –а+у жұрнағы. Бұл жұрнақ, негізінен алғанда, сілтеу есімдікті сөздерге жалғанып, сілтеу мағынасын одан сайын айқындайтын болады: ан-ау, мын-ау, сон-ау. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл есімдіктердің түбірі ол, бұл, сол есімдіктері. Есімдіктерді арнайы зерттеген Ибатов анау, мынау есімдіктерін бірігу жолымен жасалған деп түсіндіреді. Ал проф. А.Ысқақов осы тәріздес есімдіктердің – у элементі арқылы жасалғанын айтады. Біздің – ау құранды жұрнағынан деп қарастыруымыздың бір себебі бұл сөздер ана, мына түрінде де кездеседі (Есенов). Ал осынау есімдігін –нау құранды жұрнағы арқылы жасалған деп білеміз.

2. – ша,-ше жұрнағы не, қан (қай), бар сөздеріне жалғанып, сұрау және жалпылау есімдіктерін тудырады: неше,қанша,барша.

Тюркологияда не есімдігінің алғашқы түбірі нен болған деген пікір бар. Бұған дәлел ретінде нендей сөзін келтіреді. Ал қанша сұрау есімдігінің түбірі алғашында қай болғандығы, н дыбысының орнына ол кездерде й жүргендігі арнаулы еңбектерде айтылады (Томанов).

Тілімізде осы –ша жұрнағының үстіне кейде басқа да жұрнақтар (– ма,-лық,- ты) үстемеленіп жалғанып отырады: қанша-қаншалық-қаншама.

3. –у жұрнағы не сұрау есімдігіне –ша қосымшасынан кейін үстемелене жалғанады: не-ше-у.

4. – лық жұрнағы бар сөзіне жалғанып, жалпылау есімдігін жасауға себеп болады: барлық.

5. – сы,-сі жұрнағы сұраулық қай есімдігіне жалғанып, оның мән-мағынасын одан сайын нақтылай түседі: қайсы.

6. – дай,-дей жұрнағы сұрау есімдіктерінің түбіріне жалғанып, олардың туынды түрін жасайды: қан-дай.

  Аналитикалық жолмен жасалған есімдіктер. 1. Бірігу арқылы жасалған есімдіктер. Есімдіктердің осындай жасалу жолында олардың белгілі бір түрі әр уақытта да сөздердің біріге жұмсалуына негіз болып отырады. Мәселен, бір еш сөзінен болымсыздық мәндегі бірнеше есімдіктер туындайды: ешкім, ешқайда, ешқайсы, ешқандай, ешқашан, ештеме, ешнәрсе, ешбір. Осы тәріздес біріккен есімдіктердің жасалуына бір сөзі де тірек болып табылады: бірнеше, бірдеме.

Кейде бір сөзі қолданылу ретіне қарай белгісіздік есімдіктерінің 2-ші сыңарынан да орын алатын болады: кейбір, қайсыбір, әрбір, әлдебір.

Бірігу арқылы жасалған есімдіктердің құрылысына әлде есімдігі де себепші болады. Осы есімдіктің негізінде бірнеше белгісіздік есімдігі жасалады: әлдебір, әлдекім, әлдеқайда, әлдеқашан, әлдене, әлденеше.

Әр есімдігі де ұйтқы сөз ретінде айрықша қызмет атқарады: әрне,әркім, әрқайсы.

2. Қосарланған есімдіктер тілімізде өте аз: кімде-кім, ондай-мұндай, онысы-мұнысы, кіммен-кім т.б. Есімдіктердің қосарланған түрлерінің көпшілігі үстеуге айналған: өзді-өзі, өзімен-өзі, анда-санда, онда-мұнда.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4. Төлеуов А. Қазақ тiлiндегi есiм сөздердiң жасалуы. -Алматы, 1973.  

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. -Алматы, 1991.

 

Тақырып 12. «Үстеудің сөзжасамы»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге туынды түбір үстеу мен күрделі үстеудің жасалу жолдарын меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Туынды түбір үстеулер

                                   2. Күрделі үстеулер

  Үстеудің басқа сөз таптарындай күрделі сөзжасамдық жүйесі болмаса да, өзіндік ерекшелігі бар, белгілі заңдылықтар мен шағын сөзжасамдық бірліктері бар. Үстеудің сөзжасамдық жүйесінің басқа сөз таптарынан ерекшелігі – олардың жалғаулардың түбірге кірігіп, көнеруі арқылы туынды үстеудің жасалуы. Мысалы: алға, алда, ретімен, шалқасынан сияқты үстеулер түбір сөздерге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауының кірігіп көнеленуінен жасалған. Бұл тілдік құбылыс басқа сөз таптарында жоқтың қасы.

Сондықтан оны үстеу сөзжасамының өзіндік ерекшелігі деп қарауға болады.

Үстеудің жасалуына басқа сөз таптарының лексикалық бірліктері негіз сөз қызметін атқарады, өзі де ол қызметке қатысады. Үстеудің өзінен басқа мына сөз таптарын атауға болады: зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер.

Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары. Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары арқылы туынды түбір үстеу сөздер жасалады. Туынды үстеу жасайтын өнімді – ша,-ше жұрнағын ерекше атауға болады (құсша, балаша, бүгінше). Ал өнімсіз жұрнаққа – қары,-кері, -кірім,-құрым, -еу т.б. жұрнақтары жатады. Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары мағынасы жағынан алуан түрлі, соған орай үстеудің түрлі мағыналық топтарын жасайды.

1.мезгіл мағыналы жұрнақтар: -дай,-дей,-тай,-тей: жаздай, қыстай, күздей;

-ша,-ше: биылша, бүгінше, қазірші, ғұмырынша;

-сын,-сін: кешкісін, ертеңгісін, таңғысын;

-ын,-ін: қысын, жазын,күзін;

-ең: кешең;

Сонымен бірге септік жалғауларының көнеруі де мезгіл мәнді туынды үстеулер жасайды: а) барыс септігі: кешке, әзірге, күніге, қазірге;

            ә) жатыс септігі: баяғыда, қапыда, алғашқыда, қазірде,түнде;

            б) шығыс септігі: әуелден, ежелден, бастан, ертеден;

            в) көмектес септігі: күнімен, ертемен, түнімен.

2. Мекен мәнді жұрнақтар: -қары,-кері: сыртқары, тысқары, шеткері;

-рақ,-рек: төменірек, жоғарырақ, әрірек;

-ай: жолай;

-ын: жырын;

Сонымен бірге септік жалғауларының көнеруі де мекен мәнді туынды үстеулер жасайды: а) барыс септігі: алға,артқа, сыртқа;

            ә) жатыс септігі: төменде,ілгеріде,әріде,алда;

            б) шығыс септігі: алдынан, шетінен, сыртынан;

            в) көмектес септігі: бермен,әрмен.

3. Сын-бейне мәнді жұрнақтар: -ша,-ше: балаша, адамша, қазақша;

-дай,-дей: былай, осылай, анадай,тікелей;

-тіндеп: біптіндеп;

-лып: біреулеп, екілеп;

-латып,-летіп: түнделетіп, күндіздетіп, борандатып;

-лата,-лете: біржолата, түнделете, жаяулата;

-ыртын,-іртін: астыртын, үстіртін;

Сонымен бірге септік жалғауларының көнеруі де сын-бейне мәнді туынды үстеулер жасайды: а) барыс септігі: зорға, босқа,бекерге;

            ә) жатыс септігі: қапыда;

            б) шығыс септігі: шалқасынан, етпетінен, бірден;

            в) көмектес септігіжайымен, жөнімен, ретімен.

4. Күшейткіш мәнді жұрнақтар: -ша,-ше: онша, сонша, мұнша;

-ма: осыншама, соншама, мұншама

-лық: соншалық, мұншалық, оншалық,

-ты: соншалықты, мұншалықты;

 -лап, леп: ондап, мыңдап.

5. Мақсат мәнді жұрнақтар: -лап,-леп: әдейілеп; -ақана: қасақана.

Күрделі үстеулер: Біріктіру арқылы үстеудің жасалуы. Олар төмендегідей топ құрайды: 1) зат есім+зат есім: енжар, жайбарақат;

2) зат есім+сын есім: басыбүтін, әжептәуір;

3)  Зат есім+сан есім: ауызекі;

4) Зат есім+үстеу: таңертең.

Кіріккен үстеулер: 1) есімдік+зат есім: биыл, бүгін, былтыр;

2) зат есім+зат есім: жаздыгүні,қыстыгүні;

3) сын есім+зат есім: қоңылтаяқ, алагөбе;

4) сан есім+үстеу: екіншәрі;

5) үстеу+етістік: бүйтіп, сөйтіп, өйтіп.

Қосарланған үстеулер: бүгін-ертең, әрең-әрең, ілгері-кейінді, жол-жөнекей,, оп-оңай, әп-әзір.

Тіркестіру арқылы жасалған үстеулер. Тіркескен үстеулер құрамына қарай түрліше.1) Екі мүшелі тіркескен үстеулер: күні ертең, жаз бойы, күні кеше, әр кезде, бір заманда, көш ілгері, жазға салым.

2) Үш мүшелі тіркескен үстеулер: ертеден қара кешке, күндердің бір күні.

3) Идиомаланған үстеулер: қас пен көздің арасында, елден ала бөтен, қаннен қаперсіз, құлан таза т.б.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. -Алматы, 1991.

 

Тақырып 13. «Етістіктің сөзжасамы»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге етістік жасайтын жұрнақтар мен түбірлер құрамы туралы мәлімет бере отырып, туынды түбір етістік сөзжасамын меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Етістік жасауға қатысатын түбірлер мен жұрнақтардың құрамы

                             2. Есім негіздітуынды түбір етістік

                             3. Етістік негізді туынды түбір етістік

  Етістік - күрделі сөзжасам жүйесі бар сөз табы. Ол туынды сөздерге өте бай. Олар синтетикалық, аналитикалық, семантикалық тәсілдер арқылы жасалады. Етістік жасауға негізгі түбір және туынды сөздер негіз болады. Мысалы: ақ, оқы, біл, бақ, тос, жиын т.б.

Синтетикалық тәсілмен жасалған туынды түбір етістіктер.

Туынды түбір етістіктің көпшілігі түбір морфемаларға жұрнақтар қосылу арқылы жасалады. Тегіне қарай туынды түбір етістіктерді есім негізді және етістік негізді етістіктер деп бөлеміз. Етістікке негіз болатын есімдердің ішінде зат есімнің орны ерекше. Одан соң орынды сын есім, сан есім, үстеу, одағай, еліктеуіш сөздер алады. Барлық сөз табына қосылып етістік жасайтын ортақ аффикстер де бар. Олар: -ла,-ле,-да,-де,-та,-те және осыдан өрбіген – лан,-лен жұрнақтары.

Есім негізді туынды етістіктер. 1. - ла,-ле,-да,-де,-та,-те: а) дене мүшелері арқылы жасалатын қимылды білдіретін туынды түбір етістіктер: баста, аяқта, қолда, мойында т.б.

ә) туу, көбею қимылын жасайтын етістіктер: балала, қозда, төлде, гүлде;

б) құрал арқылы жасалатын қимылды білдіретін етістіктер: жүгенде, тырмала, арқанда, арала, үтікте;

в) мөлшер, шама мәнді етістіктер: шелекте, қапта, сүйемде, метрле,бөшкеле;

г) мекендік мәнді етістіктер: өрле, мекенде, ықта, тұрақта;

ғ) негіз сөздің мағынасынан дыбысқа қатысты етістіктер: тарсылда, гүрсілде, бозда, зула, қарқылда.

д) объектідегі заттық ұғымның қимыл-әрекетке көшуін білдіретін етістіктер: алтында, күмісте, жемде, сула, майла, тұзда.

2.-лан,-лен: қолдан, аяқтан, гүлден, өңден, қулан,сұрлан, екілен;

3. –лас,-лес: ақылдас, сырлас, тілдес,саудалас, өштес;

4. –лат,лет: жауын-шашындат, әндет, сырнайлат.

5.-а,-е: аса, ата, жиына, өрте, міне;

6. –ра,-ре: асыра, баура, қура, сылтаура;

7. –жы,-жі: жүнжі, күмілжі, абыржы;

8. –жыра,-жіре: былжыра, маужыра;

9.-сы,-сі: батырсы, сусы, кісімсі, пысықсы;

10. –сын,сін: кәрісін, азсын, көпсін, жатсын;

11. –сыра,-сіре: қансыра, әлсіре, ұйқысыра, жалғызсыра.

Етістік негізді туынды түбір етістіктер. –ла,-ле: үрле, бүкте, сипала, қажала;

-ғыла,-гіле: соққыла, тартқыла, қойғыла;

-ыңқыра,-іңкіре: сұраңқыра, тыңдаңқыра, қазыңқыра;

-лық,-лік,-ық,-ік: көндік, илік, көнік.

Етіс аффиксті туынды түбір етістік. Етістіктерден туынды түбір етістік жасауы жағынан жүйелі де, өнімді амалға етіс категориясының аффикстері жатады. Бұл жұрнақтар түбір етістіктерге жалғанып, оларға қимылдың иесі, қимылға түсетін объекті туралы мән қосып, түбір етістіктегі лексикалық мағынаның үстіне әр түрлі мағына қосады.

1) –ын,-ін,-н жұрнағы: киін, тілен, жуын, сұран, таран т.б. Бұл жұрнақ етістіктің лексикалық мағынасының үстіне қимылдың иесі адам деген мағынаны қосады. Сондықтан олар өздік етіс деп аталады.

Осы жұрнақтың екінші мағынасы бар. Онда бұл жұрнақ қимылдың иесін көрсетпей, қимыл өзінен-өзі жасалғандай мәнді білдіреді де, ырықсыз етіс жасайды. Мысалы: жұлынды,салынды.

2 )-ыл,-іл,-л жұрнағы түбір етістіктерге жалғанып, оған қимыл иесінің белгісіздігін білдіретін мән қосады. Мысалы: таралды, жуылды, берілді. Мұндай туынды етістіктер ырықсыз етіс аталады. Бұл жұрнақтың басқа мағынасы да бар. Мысалы: Ол биыл елге оралды. Аттылар бізге қарай бұрылды сияқты қолданыста орал, бұрыл етітістіктеріндегі қимылдың иесі адам екені білдірілген. Мұнда –ыл жұрнағы өздік етіс жасап тұр.

3)- дыр,-дір,-тыр,-тір жұрнағы түбір етістікке жалғанып, қимылдың тыңдаушы мен сөйлеушіден басқа 3-ші адамға қатысты екендігін білдіреді. Мысалы: жаздыр, алдыр, келтір, таптыр. Олар өзгелік етістер болып табылады. Осы мағынаны – қыз,-кіз,-т жұрнақтары да білдіреді. Мысалы: салғыз, айтқыз, барғыз, тыңдат.

4) –ыс,-іс,-с жұрнағы түбір етістікке жалғанып, оған қимылдың бірнеше субъектіге ортақтығын білдіретін мағына қосады да ортақ етіс жасалады. Мысалы: жуыс, қалас, жыртыс, салыс т.б.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4.Хасенова А. Қазақ тiлiндегi туынды түбiр етiстiктерi. Алматы, 1959.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. -Алматы, 1991.

 

Тақырып14. «Күрделі етістік»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге күрделі етістіктердің жасалуын меңгерту, ауыспалы және тірек компоненттер туралы мағұлмат беру.

Дәрістің жоспары: 1. Аналтикалық тәсілмен жасалған күрделі етістіктің түрлері туралы

                                  түсінік

                              2. Тірек және ауыспалы компоненттердің қызметі

                              3. Күрделі етістікті байланыстырушы элементтер

Аналитикалық тәсіл - етістік сөзжасамының негізгі тәсілдерінің бірі. Етістік сөзжасамының аналитикалық тәсілі деп сөздерді бір-біріне тіркестіру арқылы күрделі қимыл ұғымын беруді айтамыз. Мысалы: келіп кет, айтып шық т.б. Олардың әрқайсысы екі етістіктің тіркесуі арқылы жасалып, бір күрделі қимыл ұғымын білдіреді. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі етістіктердің компоненттері етістіктерден тұрады. Ал осы тәсіл арқылы басқа сөз табынан етістік жасау онша дамымаған. Дегенмен, азда болса, тілімізде мұндай сөзжасамдық элементтер бар. Мысалы: жәрдем ет, адам бол, қызмет қыл т. б. Келтірілген мысалдарадан жәрдем ет деген құранды етістіктің жасалу жолын алайық. Мұндағы жәрдем деген - есім сөз де, ет - көмекші етістік. Ол өздігінен лексикалық мағына бермейді. Осындай көмекші етістіктердің қатарында қыл, бол, сал т.б. көмекші етістіктері бар. Ет көмекші етістігі жәрдем деген есім сөзге қимыл мағынасын қосып тұр. Лексикалық мағына жағынан оны жәрдемдес деген туынды етістікпен салыстыруға болады. Бұл етістік лексикалық мағына жағынан бір-біріне сәйкес. Олардың айырмасы қимылдың жасалу тәсіліне байланысты.

Сонымен, 1-ден, күрделі етістіктің бірінші сыңары етістіктен, кейде есім сөзден болады; 2-ден, екінші компонентінің бәрі де етістік болғанмен олардың мағыналары тең емес, яғни екінші компонент болатын етістік толық мағыналы етістік болуы мүмкін не мағынасы жоқ көмекші етістік болуы мүмкін. Осы ерекшеліктеріне байланысты аналитикалық тәсіл арқылы жасалған етістіктерді екі үлкен топқа бөлуге болады. Олар: күрделі етістіктер және құранды етістіктер.

Тюркологияда күрделі етістік деген термин өте кең мағынада қолданылып, оған сырттай ұқсастығы бар тілдің түрлі фактілірі жатқызылып келді. Мысалы: қызмет ет, жүрек жұтқан, келіп кет, бара сал сияқты түрлі типті сөздердің бәрін күрделі етістік деп тану біраз уақыт орын алып келді. Қазіргі таңда, зерттеушілер олардың әрқайсысының ерекшелігін ашып, оларды: құранды етістіктер, күрделі етістіктер, аналитикалық формалы етістіктер және тұрақты тіркестер деп қарастырады. Қазақ тіл білімінде бұларды бір-бірінен ажырата қарау Н.Оралбаеваның еңбектерінен басталады.

Құранды етістік: адам бол, қызмет қыл, гүл атты т.б.

Күрделі етістік: келіп кет, шығып кел,

Тұрақты тіркестер: жүрек жалғау, көз ашылу т.б.

Аналитикалық формалы етістіктер: бере сал, келе жатыр, келіп қал т.б.

  Күрделі етістіктер – тілдің сөзжасам құбылысына жататын белгілі сөзжасамдық үлгі арқылы жасалып, күрделі қимылды білдіретін лексикалық бірліктер.

Күрделі етістіктер толық мағыналы тең компоненттерден жасалады. Мысалы: алып бар, келіп кет т.б. Күрделі етістіктердің компоненттері көбіне тілдегі байырғы сөздік қорға жататын негізгі түбір етістіктерден болады. Ондай етістіктердің саны 30 шақты. Күрделі етістіктер туынды түбір етістіктерден де, біріккен етістіктерден де жасалады. Мысалы: сөйлеп барады, көздеп тұр, әкеліп тұр, жинап әкел т.б. Күрделі етістіктердің компоненттері: бірінші компонент – ауыспалы компонент, екінші компонент – тірек компонент болып екіге бөлінеді. 

  Тірек компонент.   Күрделі етістік жасауда тірек компонент ерекше қызмет атқарады. Тірек компонент   күрделі етістік жасаушы негізгі тұлға деп қаралуы тиіс, өйткені тірек компонент тілдегі түрлі етістіктерге тіркесіп, олардан күрделі етістік жасайды. Тілімізде күрделі етістік жасаушы тірек компонент болатын 30-ға жуық етістік бар. Олар: ал, бер, бар, кел, кет, кір, шық, түс, қал, жөнел, таста, жібер, біл, жүр т.б. Бұлардың әрқайсысы ең кемі 100-ден астам күрделі етістіктер жасайды. Қолда бар мысалдар бойынша, тек бер етістігінің өзі тірек компонент болып, басқа етістіктерден 255 күрделі етістік жасалған. Бұл жерде әлі бізге кездеспеген мысалдар барын ескерсек, тірек компоненттің сөзжасам өнімділігі ең өнімді деген жұрнақтардан әлдеқайда асып түсетіні байқалады. Тірек компоненттердің ішінде бер етістігінен де өнімді кел, кет, отыр, жүр етістіктерін айтуға болады. Тірек компоненттің бір ерекшелігі - бірді-екілі күрделі етістікте қолданылуы жат құбылыс.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: