Мен логикасы

Методология (гректің metodoV = methodos - таным тәсілі немесе әрекет тәсілі; және гректің logoV = logos - ұғым; ой, зерде) - 1) танымның ғылыми әдісі туралы ілім; 2) нақты ғылым саласында қолданылатын әдістер жиынтығы. Осы анықтамалардан жалпы ғылым методологиясының, жеке алғанда социология ғылымының басты екі аспектісін қарастыруға болады.

Бірінші аспект - методологияны ілім ретінде түсіну - ғылыми, ғылыми социологиялық зерттеуді қалай жүргізу керек екендігі жөніндегі түсініктің қалыптасу тарихын зерттеумен байланысты. Ғылым методологиясы зерттеу объектісі - ғылыми танудың “механизмін”, “алгоритмін” білдіреді. Осы жерде мына сұраққа жауап берген жөн: ғ ылым - абстрактылы теориялық білімдерді, шындық туралы түсініктерді қолда бар білімдер арқылы өндіру процесі. Ал алынған білімдердегі нақтылы шындық екі нұсқасында: сипаттамалық және түсіндірмелік түрінде көрсетілуі мүмкін. Сипаттамалық таным, ең алдымен бір нәрсе шындығында қалай болады деген сұраққа жауап беру мақсатында құрылады. Ал, түсіндірмелік таным неге бір нәрсе солай болады деген сұраққа жауап береді.

Кезінде социология ғылымының негізін қалаушы О.Конт социологтар “неге емес, қалай?” деген сұраққа ғана жауап беруі тиіс деген өсиет қалдырған болатын. Сонда ғана социологиялық зерттеулер Конт кезінде шынайылықты ғылыми танудың үлгілері деп санаған жаратылыстану ғылымдарында істелініп жатқанға ұқсас болады деп есептеді ол. Конттың бұл талабы кейін тек социология ғана емес, сондай-ақ көптеген қоғамдық ғылымдар үшін ең басты талапқа айналды және осындай ұстаныммен шынайылықты қабылдау позитивизм принципі (талабы) деп аталды.

Бұл принцип, сірә, осы уақытқа дейін қазіргі социологтардың негізгі бөлігінің арасында басым болып қалуда. Өйткені, “неге?” деген сұраққа жауап беруге әрекет жасау, Конттың пайымдауынша, бірден өз атынан түсініктемелеуді енгізеді, сөйтіп шатасу, жорамалаудың қайнар көзі болып, шындықтың өзінен алыстатады.

Шын мәнінде дәлме-дәл және объективті түрде “қалай” деген сұраққа жауап беру үшін, социологтарға едәуір еңбек етуге тура келеді. Конттың ізбасарларына әлеуметтік шындықты түсіну үшін оның шындығында қалай, тап солай етіп көрсетуге орасан зор еңбек ету қажет болды. Атап айтқанда, Л.Кетле сұрау әдісін, сондай-ақ “орташа адам”, “моральдік статистика”, “әлеуметтік гигиена” және т.б. секілді ұғым-терминдерді ойлап шығарды. Олар арқылы әлеуметтік процестерді өзгелер бұрын назар аудармаған аспектілерде қарастыру мүмкін болды. Кетленің бұл ұғым-терминдерінің мазмұнын қалыптастырудың өзіндік амалдарын көрсетпегенде, олардың арнайы социологиялық мағынасы болмас еді. Мысалы, “орташа адам” термині - аталмыш ел тұрғындарын орташа статистикалық санға бөлу жарты жыл немесе бір жыл ішінде шығарылған халық шаруашылығының (ауыр, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылық тауарлары, ұлттық табыс және т.с.с. нақтылы түрі) кез келген көрсеткішінің сандық мөлшеріне бөлуді білдіреді. “Орташа адам” терминін барлығы ұмытқанымен, енді мұндай есептеу әдісі мемлекеттік есеп беруде, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарында, қоғамдық, тіпті гуманитарлық ғылымдардың зерттеулерінде кеңінен қолданылады.

Сондай-ақ, “моральдік статистика” термині Кетленің пікірі бойынша, белгілі бір уақыт аралығында елде тіркелген қылмыс пен құқық бұзушылықтың мөлшерін немесе жиілігін білдірді. Жеке алынған осы терминдердің мазмұны, бір қарағанда, соншалықты маңызды емес болып көрінеді. Егер біз осы елде бірнеше жыл бойы болып жатқан әлеуметтік процестердің сипаттамасын алар болсақ, онда белгілі бір өзгеріс айқындалады. Егер бірнеше елдер бойынша және бірнеше жылдар аралығында құрылған мұндай көрсеткіштерді өзара салыстыратын болсақ, алдымызда өте қызықты социологиялық көрініс пайда болады. Алайда, бұл сипаттамалар негізінен “не және қалай” болып жатқанын ғана көрсетеді. Бұл арада “неге бұлай болады?” деп түсіндіру мүмкін емес. О.Конттың өсиеті орындалған сияқты. Қазіргі ғылымда да ол орындалып жатыр.

Дәл осы кезде социологияның көптеген теоретиктері сипаттау ғылымның басты мақсаты деп санаған жоқ. Оған қоса, жаратылыстану, техникалық-технологиялық ғылымдар сипаттауды ғана емес, ең бастысы түсіндіруді берген уақытта орасан жетістіктерге жетті. Осы жерде біз таным процесінде сипаттау және түсіндіру дегеніміз не? деген сұрақты анықтауға жақындадық.

Сипаттау - бұл жалпы не нәрсе және қалай жүреді, сондай-ақ, неден кейін немесе немен қатар болды немесе болатынын ең қарапайым тіркеу. Мұндай жағдайда не нәрсені, қандай көлемде, қандай жиілікпен және қандай шамамен (өлшеммен), қалай тіркеу қажет деген сұрақтар туындайды. Сонымен, құбылыстардың өзімен-өзі және қарапайым тіркелуі тіркеудің сипаттау мақсатында біршама күрделі және жауапты іс болып табылады.

Егер сипаттаудың өзінің принципіне бірізді болсақ, мұнда тіркеушіні не үшін немесе неліктен тіркеу қажет деген сұрақ қызықтырмау керек. Бұл жерде тіркеуші қарапайым есептеу механизміне ұқсас болып келеді. Мұндай түбегейлі позитивизм, Конт заманында оның өзіне дейінгі нәрсеге жағымсыз жауап ретінде көрінді. Сол кезде қоғамтанушылар негізінен өздерінің еңбектерін кабинеттерінде отырып, өздерінің субъективті ұстанымдары тұрғысынан жазған. Оларды Конт балгерлер, кофенің қоюында бал ашушылар деп атаған.

Күрделі құбылыстарды дәлме-дәл позитивті тіркеу біздің заманымызда да қажет. Алайда, ғылыми зерттеудің басты және түпкілікті шарты ретінде емес, күрделі социологиялық зертеудің белгілі бір кезеңінде орындалатын эмпирикалық өлшемдердің рәсімі ретінде ғана. Бұл мәселені толығымен осы бөлімде қарастыратын боламыз. Сонда ғана солардың негізінде сенімді сипаттамалық, түсіндірмелік, болжамдық және өзге зерттеулерді, қорытындыларды жасауға болады.

Түсіндірме немесе түсіндіру дегеніміз неге деген сұраққа жауап беру. Негізінен, әрбір ойлы адамды әрқашан мынадай сұрақ қызықтырады: неліктен құбылыстар өзгеріп тұрады, неліктен осыдан кейін өзге емес, нақ осы болады? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін фактілерді жәй ғана тіркеу жеткілікті емес. Бұл жерде мұндай өзгерістерге әкелетін осы бақыланып отырған құбылыстар негізіндегі нәрселерді түсіну қажет. Мұндай себептерді ғылымда тұрақты тенденцияның немесе заңдылықтың детерминанты (тудырушы себеп) деп атайды. О.Конттан кейінгі социологияның әрбір жаңа теоретигі дерлік қоғамда, адамдардың күнделікті өмірінде болып жатқан нәрселердің тудырушы себептерін өзінше келтіріп негіздеген болатын (Бұл орайда оқулықтың 2-ші бөлімінің мазмұнын еске түсірген жеткілікті).

Мысалы, Г.Спенсер әлеуметтік ортадағы процестер кездейсоқ емес, органикалық тәуелділік ретінде пайда болатынын дәлелдеді. Өйткені, оның ойынша, қоғам - органикалық тұтастық және ондағы барлық құбылыстар салдар ретінде немесе ішкі органикалық тәуелділіктің көрінісінің сыртқы формасы ретінде пайда болады. Бұл тірі организмге ұқсастырып түсіндіру болғанымен, қарапайым сипаттама болған жоқ. Спенсермен келіскен социолог қоғамдық өмірдің қандай да бір жағын зерттей отырып, аталмыш әлеуметтік құбылыс қоғамдық өмірдің басқа жақтарымен органикалық тәуелділікте болуының себебінен туындайтынын есепке алады. Мұндай түсіндірме әуел бастан социологтың зерттеулері мен ойларын болып жатқан нәрсенің себептерін іздеуге бағыттайды. Кім мұндай себепті білсе, сол бір мағыналы салдарды күту мүмкіндігіне ие. Осындай зертеулер ғана қандай да бір проблемалық жағдайларды шешуге мүмкіндік туғызады; яғни социолог өзінің зерттеуінің соңында егер мына нәрселерді істейтін болсаңдар, онда сол секілді салдар пайда болады, сөйтіп ол проблеманың шешуліне әкеледі деп айта алады.

К.Маркс қоғам тарихын табиғи-тарихи процесс ретінде қарастырды. Сонымен бірге, ол өндірістік-экономикалық, саяси және өзге де қатынастардың қалыптасуының сапалы қайтарымсыз процесі ретінде жүреді. Сондықтан, тарихи тұрғыда да еш нәрсе кездейсоқ болмайды, оның барлығы белгілі бір ішкі тәуелді өзара қатынастар болып табылады. Оған қоса, К.Маркс қоғамның рухани өмірінің жекелеген сәттерін зерттей отырып, олардың қандай өндірістік-экономикалық қатынастарға тәуелді екенін анықтау қажет деп дәлелдеді. Қоғамдық ой-пікірлер тарихында анықталғандай, мұндай түсіндіру рухани процестердің табиғатын түсіндірудің арнайы, материалистік тәсілі болды.

К.Маркс заманында, қазіргі кездегідей қоғамдық өмірдің іргелі проблемасы адамдардың бай және кедей топтарға бөліну мәселесі болып, оның нәтижесінде қоғамдық және жеке өмірде көптеген қайшылықтар туындады. Халықтың кедей және бай топтарының қалыптасуының себептеріне қатысты Маркс түсіндірмесі, жекелеген сәттерді қоспағанда, жалпы алғанда, дұрыс болды деп санаймыз. Оған қоса осындай түсіндірме негізінде, Маркс коммунизм (бірінші кезеңі - социализм) деген атпен келесі қоғамдық-экономикалық формацияның келуі қажет деп болжам жасады. КСРО ыдыраған соң ТМД және өзге елдердің көптеген зерттеушілері Маркс теориясын қате деп тапты. Бірақ социологияның ірі әлемдік теоретиктері Маркс теориясында аса маңызды ғылыми негіздер бар екенін көріп отыр (1).

Енді М.Вебер идеяларын қарастырайық. Ол адамдардың тіршілік әрекетінің құрылымында нормалар мен құндылықтар сияқты құрамдас жәйттер бар екенін негіздеді. Бұлар бірыңғай әлеуметтік процестердің әр түрлі аспектілерінде маңызды рөл атқарады. Олар адамдар неліктен сол әлеуметтік ортада тап солай әрекет жасайтынын түсінуге көмектеседі. Өйткені, бірыңғай норманы ұстанатын, бір әлеуметтік ортадан шыққан адамдар нысана функциясын қатар орындайды. Ол арқылы адамдар өздерінің өзара күтулерін ұқсас жағдайларда реттеп отырады. Осындай рөлі үшін нормалар құндылықтық маңызға ие болады. Мұндай түсіндірмелерден кейін түрлі халықтың әр түрлі топтарында орын алған нормалар мен құндылықтардың эмпирикалық формаларын бақылау және тіркеу айтарлықтай жеңілге түседі.

Сонымен қатар Вебердің осы теориялық жаңалығынан кейін, социологтар әлемнің әр түрлі елдерінде болып жатқан әлеуметтік процестерді зерттей отырып, жергілікті халықта өзара қарым-қатынастың қандай нормалары бар және оларды не үшін бағалайды деген сұрақтарға арнайы қызығушылық білдірді. Адамдардың белгілі бір іс-қимылдары мен жүріс-тұрыстары белгілі бір шегіне дейін дұрыс деп саналады, ал одан соң олар норманың бұзылуы деп бағаланып, сондай-ақ тыйым мен жаза не үшін қолданылатыны анықталды. Тап осылай социологтар жергілікті халық үшін құндылық не болып саналатынын анықтай алады.

Сөйтіп социология ғылымының әрбір классигі оған социологиялық зерттеуді дәлме-дәл әрі үлкен нәтижемен жүргізуге көмектесетін ұғымдарды, нақтылы тәсілдерді енгізді. Нақ осындай проблемалық жағдайдың құрылымын нақтылы және тиянақты түсіну социологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан, әдебиетте кейде “жақсы теория - ғылымның жақсы методологиясы” деп айтып жатады. Ол шындықты ғылыми теориялық танудың құрылымын ғана емес, сондай-ақ оның негізінде адамдардың тәжірибелік тіршілік әрекеттерін ұйымдастырудың принциптері мен әдістері жүйесін білдіреді.

Сонымен, басқа ғылымдардың секілді, социологияның арнайы ұғымдарының мазмұнын ашудың артында оларды сипаттау мен түсіндірудің өзіндік әдістері бар. Жаңа зерттеулер барысында осы ұғымдардың нақтылы мәні жергілікті халық пен елдің әр түрлі әлеуметтік топтардың әлеуметтік тіршілік әрекетінің ерекшеліктеріне негізделіп қайтадан өлшенеді. Жеке эмпирикалық зерттеулер барысында осындай арнайы-ғылыми ұғымдардың, терминдердің көмегімен әлеуметтік процестердің мазмұнын ашудың нақ осындай жүйелілігі, амалдары мен рәсімдері олардың методологиялық рөлі деп аталады.

Екінші аспект - методология нақтылы ғылымда қолданылатын әдістер жиынтығы ретінде белгілі бір түсініктемені қажет етеді. Әлемдік социология тарихында жүргізілген көптеген эмпирикалық социологиялық зерттеулер негізінде қазіргі таңда әрқайсысы әлеуметтік процестер ішінде орын алатын, бірақ социология ғылымына қатысы жоқ адамдар оларды түсіне алмайтын әлеуметтік шындық аспектілерін белгілеу, тіркеу және түсіну тәсілдері қалыптасты. Сол секілді кез келген шеттен келген адам механизмнің қозғалып тұрғанын көргенімен, физик емес адам күрделі механизмнің динамикалық және статикалық сәттерін, күрделі қозғалатын механизмнің аспектілерін түсіне алмайды.

Сондықтан, ғылыми танымның бастауы - тәжірибелі социологтың басқаларға айқын көрінбейтін шындықты көру әдістерін таба білу болып табылады. Жаңа зерттеу басталғанда, айқындылықты жаңадан анықтау керек. Өйткені, қоғамдық өмірдегі әр бір жаңа проблемалық жағдайдың өз ерекшеліктері, көрініс берудің өз реті, адамдардың әлеуметтік тіршілік әрекетінің өзге аспектілермен өзара байланысы болады. Қайта зерттеу жағдайында адамдардың әлеуметтік болмысының құрылымына әрдайым ену қажет. Мұндай жағдайда социологқа эмпирикалық социологиялық зерттеулер тәжірибесінде бірнеше рет тексерілген зерттеушілердің белгілі бір іс-әрекеттер алгоритмі көмектеседі. Бұл зерттеу логикасын анықтау деп аталады. Ендеше осы мәселені қарастыруды бастайық.

Логика (гректің ((((((= logіke) - 1) ойлау, тұжырым жасау барысы; 2) ақылдылық, ішкі заңдылық; 3) ойлау заңдары мен түрлері туралы ғылым (жоғарыда сияқты, социологиялық зерттеу аспектісінің мазмұнын “логика” ұғымы мазмұнының аспектісіне сәйкес анықтаймыз).

Бірінші аспект - логиканы ойлау, тұжырым жасау барысы ретінде түсіну - неғұрлым қарапайым, сонымен бірге, социология үшін неғұрлым мақсатқа лайық болып келетін сияқты. Ойлау мен тұжырым жасау барлық ғылыми зерттеулердің, әсіресе социологияның басы мен соңы болып табылады. Бұл, біріншіден, әлеуметтік процестердің нақтылы шындықта ең күрделі процесс болуымен байланысты; екіншіден, социологтар ғана емес, сонымен қатар, зерттеу объектілері де - проблемалық жағдайлардың иеленушісі, социологтармен зерттелетін және олардың сұрақтарына жауап беруші адамдар да ой жүгіртеді. Үшіншіден, социология классиктерімен жасалынған әрбір социологиялық теория жүйелі ойлаудың өзгеше жүйесі болып табылады. Ойлау арқылы теоретиктер олардың мәнін өздерінің теориялық-тұжырымдық көзқарасы тұрғысынан негіздеген әлеуметтік процестің аспектілері жөніндегі түсініктердің, сипаттамалар мен түсіндірмелердің дәйектілігін білдіреді. Олармен салыстырғанда жаратылыстану немесе техникалық ғылымдардың ойлау барысы көбінесе эксперимент, тәжірибе, есептеу “тілінде” жүргізіледі - оларда табиғаттың объективті заңдылықтар, тәуелділік тілі “сөйлейді”.

Социология ғылымында адамдардың өзара қарым-қатынас “тілі”, адамдардың бірлескен тіршілік әрекетінің тәртібі мен жүйелілігі социологиялық зерттеу “тілінің” бастапқы негіздері болып табылады. Бірақ, адамдардың кәдімгі қарым-қатынас тіліне қарағанда социологиялық тілде социологиялық теория тарихында қалыптасқан арнайы социологиялық түсініктер, терминдер қолданылады. Әрбір кәсіби социолог осы “тілді”, яғни қоғамдық өмір заңдылықтары туралы ұғымдардың, түсініктердің теориялық жүйесін меңгереді. Осындай тілдің көмегімен социологиялық түсініктің, сипаттаудың, түсіндірудің “қаңқасы” жасалады.

Жалпы социология ғылымының теория мен әлеуметтік топтар “тіліне” тілдік тәуелділігі осы ғылымның кемшілігі болмайды. Бұл табиғатқа, шынайылықтың бөлігіне - оның зерттеу объектісі болып табылатын қоғамдық болмысқа тәуелді жәй ғана өзіне тән ерекшелігі. Сондықтан әрбір кәсіби социолог осы болмыстың терең табиғатын адамдардың әлеуметтік өзара қарым-қатынасының әр түрлі теориялық деңгейінде білуі тиіс. Осы мақсатта, социологқа қоғамдық өмірдің әлеуметтік және тарихи табиғатының философиялық түсінігін, сол сияқты ол туралы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарда орын алған ғылыми түсініктерді білген маңызды. Мұндай біліммен қатар әрбір социологиялық зерттеуде социолог-зерттеушінің эмпирикалық зерттеулердегі өзінің жеке іс-тәжірибесі барысында жинақтаған тәжірибесі көмекке келеді. Бұл жерде өзгеше түрінде социологиялық зерттеу логикасының келесі аспектісі көрінеді.

Екінші аспект - шынайы әлеуметтік шындықтағы адамдардың тіршілік әрекетінің орындылығы, ішкі заңдылығы түсініктері. Ол жалпы адамдардың бірлескен тіршілік әрекетінің тарихи тәжірибесімен, қоғамдық болмысының заңдылықтарымен анықталады. Мұндай орындылықты адамдар көбінесе “іштей сезеді”, жалпы олар ғылымның ұғымдарын пайдаланбаса да, әлеуметтік процестердің мәні мен мазмұнын дұрыс түсінеді. П.Бурдье оны габитус деп жазады. Бұл - “ментальді және когнитивті (танымдық) құрылымдар”. Олар арқылы адамдар әлеуметтік ортада әрекеттеседі, әлемді қабылдайды әрі түсініп, бағалайды. Габитустар субъектінің әлеуметтік құрылымдағы ұстанымының сипатына қарай ажыратылады. Олар адамдарда қоғам тарихында және жеке адамда оның өмірлік тәжірибесінің нәтижесінде туындайды (2).

Бұл жерде социолог-зерттеушінің өзі габитуске ие екенін аңғарамыз. Сонымен қатар, ақылдылықтың бұл реті жалпы социологиялық теориялар мен тұжырымдамалар негізінде де жатыр. Сондықтан, социологиялық теориялар әлеуметтік шындықтың орындылығының мәнін және мазмұнын ғылымның арнайы ұғымдары мен терминдері арқылы қаншалықты түсінсе, соншалықты “орынды” болады деп айта аламыз. Бұл жерде марксшілдік философияның дамуының жағымды тәжірибесіне де назар аударғанымыз жөн, онда әлемдік философияның ең жақсы нәтижелерін қорытындылау негізінде сыртқы қоршаған ортаны дұрыс таныған кезде объективті және субъективті логиканың үйлесімділігі мен сәйкестілігі пайда болатыны дәлелденген. Осы деңгейде социологиялық зерттеудің логикасы жөніндегі мәселе өзінің үшінші аспектісіне жақындайды.

Логиканың үшінші аспектісі - ойлау заңдары мен формалары туралы ғылым ретінде адамдардың әлеуметтік болмысының шынайылығын социологиялық түсіну мен зерттеудің нақтылы негізделген тәртіптері мен формалары ретінде қарастырылады.

Логика ғылым ретінде жеке, арнайы ғылыми пән ретінде өмір сүретіні белгілі. Алайда, логика ойлаудың жалпы заңдары мен формаларын ғана білдіргенімен, қолданбалы тұрғыда кез келген ғылымның мазмұнды саласына тікелей “баса-көктеп кіреді”. Өйткені, кез келген ғылым - шынайы шындықты танудың барынша рационалды және логикалық формасы әрі тәсілі. Қазіргі таңда, белгілі бір шамада, қандай да бір жеке ғылымның немесе адамдардың ұйымдасқан әрекетінің басқару тәжірибесі негізделген ғылымның дамығанының сенімді көрсеткіші ондағы өзіндік логикалық негіздемелердің болуынан тұрады. Мысалы, логистика сияқты жеке ғылым қазіргі заманғы өндірістің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін, тауарлық-материалдық қорларын басқару тәсілін білдіреді. Ендігі кезде өзіндік логистикасы бар әр түрлі қоғамдық процестердің өндіріс немесе басқару саласы өзінің қызметіндегі сөзсіз жетілген салаларының бірі болып табылады.

Сонымен, кез келген қазіргі ғылым немесе ғылыми теория өзінің тарихында қалыптасқан және оның әрбір жаңа зерттеуінде қолданылатын логикалық және методологиялық мүмкіндіктеріне сүйенеді. Осы жерде арнайы ғылыми зерттеулерді үйымдастыру мен өткізу логикасы зерттеу объектісінің қызмет етуі логикасымен әрқашан сәйкес келе бермейтінін еске түсіргеніміз жөн. Себебі, тіршілік ету логикасы (болмыстың объективті логикасы ретінде) және таным логикасы (танымның субъективті логикасы ретінде) өздерінің көрініс беру формасымен әр түрлі болып келеді. Бірақ көп жағдайда өзінің мәні мен мағынасы жағынан олардың арасында әрқашан изоморфты сәйкестілік болады. Өйткені, қайталап айтамыз, адамдардың тіршілік әрекетінің логикасы әуел бастан және объективті түрде социология ғылымының теориялық ережелерінің логикасы негізінде жатыр.

Объективті және субъективті логиканың көрініс беруінің нақтылы формасы арасындағы көрсетілген айырмашылыққа байланысты бізге нақтылы эмпирикалық социологиялық зерттеулердің жүзеге асырылу логикасының ерекшеліктерін арнайы қарастыру қажет. Бұл логика социологиялық зерттеулердің, сондай-ақ осы зерттеуді өткізудің негізіне алынған тұжырымдық және теориялық ережелердің қайсы бір нақтылы әдістерінің жүзеге асырылу қажеттілігімен айқындалады. Мұнда тарихи қалыптасу барысында құрылған қазіргі социологияның методологиясы мен рәсімі маңызды рөл атқарады. Олар шамалы айырмашылықпен қазіргі барлық социология жөніндегі оқулықтарда баяндалған.

Қорытынды ретінде социологиялық зерттеудің методологиясы мен логикасы бойынша екі басты және бастапқы принциптік талапты тұжырымдайық:

1. Әрбір социолог социология классиктерінің еңбектерінде көрініс тапқан және қазіргі социология жөніндегі оқулықтарда біршама жүйелі түрде баяндалған социологиялық зертеудің тарихи қалыптасқан теориясын, методологиясын, логикасын, әдістері мен рәсімін терең және толық меңгеруі тиіс.

2. Әрбір социологиялық зерттеу, бір жағынан, зерттелетін әлеуметтік проблеманың мәнін көрсететін социологиялық теориялар, ұғымдар негізінде құрылуы тиіс, екінші жағынан ол проблемалық жағдайда тұрған адамдардың әлеуметтік болмысының орындылығы мен социологтың тәжірибесіне бағытталады.

Социологиялық зерттеудің кезеңдері

Жалпы, социологиялық зерттеудің логикасы оның өткізілу кезеңдерімен анықталады. Социологиялық зерттеу кезеңдерінің көпшілік мақұлдаған жіктелімін келтірейік:

1 кезең. Социологиялық сұрауға дайындалу:

Бағдарлама жасау (мақсаттар мен міндеттер қою, негізгі және жұмыс болжамдарын ұсыну, ұғымдардың операциялануы, репрезентативтілікті есептеу);

Эмпирикалық ақпарат жинау үшін құралдар жиынтығын (сауалнама) жасау.

2 кезең. Эмпирикалық ақпарат жинау:

сұрауды ұйымдастыру (сұхбат алушыларды іріктеп алу, сұрау учаскелерін бөлу, қаржы-техникалық мәселелерін шешу және т.б.);

сұрау жүргізу (респонденттерді іздеу, байланысқа шығу,, сұхбат алу және т.б.).

3 кезең. Социологиялық мәліметтерді өңдеу және түсініктеме беру:

алынған ақпаратты компьютерлік мәліметтер базасына енгізу (макет дайындау, сауалнамаларды енгізу);

сызықтық есептер мен әлеуметтік-демографиялық салалар бойынша есептерді өңдеу және шығару;

4 кезең. Алынған мәліметтерді талдау:

Алғашқы талдау жүргізу (сұрау нәтижесінде анықталған тәуелділіктерді тіркеу, кестелер, диаграммалар жасау және т.б.);

Мәліметтерді қайта талдау (салыстырмалы талдау, қосымша ақпарат тарту, жаңа болжамдар ұсыну);

Зерттеудің соңғы есебін дайындау;

Талдамалық қысқа хаттар, әр түрлі материалдар, мақалалар және т.б. жазу;

Оқулықтың осы бөлімінде социологиялық зерттеу кезеңдерінің әрқайсысында жасалынатын социологтар қызметінің сипаттамасы берілген. Бұл тарауда кез келген социологиялық зерттеуді дайындаудың екі принциптік кезеңдері - оның бағдарламасын және зерттеудің іріктеу есебін жасау жөнінде айтылады.

Социологиялық зерттеудің бағдарламасы

Бағдарлама - эмпирикалық социологиялық зерттеудің негізгі құжаты. Социологияның теориясы мен методологиясы жөніндегі әдебиетте оның мынадай құрылымы көпшілік мақұлданған болып табылады:

1. Зерттеу тақырыбын, проблемасын, пәні мен объектісін тұжырымдау;

2. Зерттеудің мақсаты мен міндеттерін қою.

3. Негізгі ұғымдарды операциялық анықтау және эмпирикалық түсініктемелеу. Өлшем шамасын құру.

4. Зерттеу болжамдарын ұсыну.

5. Зерттеу жоспарлары.

6. Бақылау бірлігін таңдау әдісін анықтау.

7. Алғашқы эмпирикалық мәліметтерді жинау және талдау әдістерін сипаттау (3).

Бағдарламаның бұл тарауларын жеке қарастырайық.

1. Кез келген ғылыми зерттеу секілді социологиялық зерттеу проблемасы да қазіргі таңда аталмыш ғылымда не белгілі және не белгілі емес деген шектес “жерден” басталады. Өйткені, қандай да бір шамада белгілі нәрсе жөнінде қайтадан зерттеу жүргізудің мәні жоқ болса, тура сол сияқты, зерттеушіге белгісіз нәрсе оның қызығушылық нысаны бола алмайды. Демек, проблемалық жағдай белгілі бір бағытта - белгілі кезеңнен белгісіз кезеңге бара жатқан танымның кезекті кезеңінде қалыптасады. Сондықтан социологиялық проблеманы ғылыми тұрғыдан социология жөнінде базалық ғылыми атағы бар мамандар ғана анықтай алады (яғни алдыңғы тараудың соңында баяндалған алғашқы екі талапқа сәйкес келетіндер). Социология жөніндегі қазіргі методологиялық әдебиеттерде социология проблемаларын екі типке: ғылыми проблемаларға (олар жауаптары социолог-ғалымдарды ғана қызықтырмайтын социология ғылымының ішінде пайда болады) және тәжірибелік проблемаларға (мәселені шешу үшін социолог-зерттеушілер шақырылатын өмір тәжірибесінің әр түрлі салаларында пайда болады) бөлу жиі кездеседі.

Ғылым пәні көптеген оқулықтарда немесе осы ғылым жөніндегі барлық әдебиетте баяндалатыны мәлім. Социолог-зерттеушінің нақ базалық социологиялық (пәндік) білімі басқаларға, мысалы, тиісті базалық білімі бар инженер қажет болатын құрылыс жұмыстарында кездесетін инженерлік проблемаларға қарағанда социологиялық проблеманың өзіне тән ерекшелігін түсінуге көмектеседі. (Соңғы жағдайда инженердің социологиялық проблеманың мәні жөнінде нақтылы ештене айта алмайтындай, социолог та еш нәрсе түсінбейді). Социологтың мұндай базалық білімі зерттелетін социологиялық проблеманың пәндік саласының мазмұнын анықтайды. Социологтың социология пәнін білуі проблемалық жағдайдың мазмұнын айқын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл социологқа зерттегісі келетін және зерттеу соңында қол жеткізуге тура келетін аталмыш проблемалық жағдайдағы белгілі нәрсені түсінуге мүмкіндік береді.

Социологиялық зерттеудің объектісі проблемалық жағдай орын алған әлеуметтік шындықтың бөлігі болып саналады.

2. Социологиялық зерттеудің мақсаттары проблемалық жағдайды шешу болып табылады. Егер социологиялық зерттеу теориялық проблеманы шешуге бағытталған болса, онда зерттеудің нәтижесі әлеуметтік шындықтың бұрын мән бермеген аспектілерін тану болады. Ал егер зерттеу тәжірибелік сипаттағы проблемаларды шешуге бағытталса, онда оның мақсаты проблемалық жағдайдан арылуға әкелетін тәжірибелік қадамдар қабылдау жөніндегі ұсыныстар болады.

Социологиялық зерттеулердің міндеттері нәтижесінде социолог әлеуметтік қайшылықтардан арылу (тәжірибелік проблема кезінде) бойынша қорытынды білімді (теориялық проблема кезінде) немесе ұсынысты жасай алатын зерттеу әрекеттерінің орындалуы болып табылады.

3. Социологиялық зерттеудің мақсаттары мен міндеттерін анықтау барысында проблемалық жағдайдың мазмұнды құрылымының анықталуына әкелетін негізгі ұғымдарды айқындау және түсініктемелеу сияқты социологиялық зерттеу бағдарламасының мазмұнды аспектісі қалыптасады.

Мынадай мысал келтірейік: қайсы бір жоғары оқу орнында студенттердің үлгерімін көтеру мүлдем қолдан келмейді дейік. Жоғары оқу орнының басшылығы бұл проблеманы шешу үшін социологтарды көмекке шақырады. Мұндай жағдай проблеманың іс-тәжірибе саласынан туындауына жатады. Бұл жерде социологтардың әрекеттері келесідей. Олар басшылықпен бірге “Студенттердің үлгерім деңгейін көтеру” деген тақырыпты анықтай алады. Зерттеу тақырыбында проблемалық жағдайдың өзі жасырылған - аталмыш оқу орнында үлгерім төмен және оны көтеру үшін оның басшылығы не істеу керек екенін білмейді, социологтар да бұл мәселе бойынша нақтылы ұсыныстар беруге әзірге дайын емес. Мұндай жағдайда социологиялық зерттеудің мақсаты осы оқу орнындағы студенттердің үлгерім деңгейін көтеруге әкелетін ұсыныстар жасау болады. Зерттеудің міндеті социологиялық зерттеудің нақтылы әдістерін пайдаланумен белгілі бір кезең аралығында осы зерттеуді жүргізу болып табылады.

Социологтар оқу орнындағы оқу процесінің құрылымын, соның ішінде - студенттер үлгерімін көтеру жолдары мен төмендеуінің себептерін анықтауға көмектесетін көптеген социологиялық, педагогикалық және өзге де әдебиеттерді зерттеуге кіріседі. Оқу орнындағы студенттердің үлгерім табиғатын анықтауға көмектесетін бүкіл ғылыми білім осы зерттеуде пәндік саланы білдіреді. Негізгі бөлігінің үлгерімі төмен осы оқу орны студенттері аталмыш зерттеудің объектісі болып табылады.

Жақыннан қарағанда “ үлгерім ” ұғымының өзі себептік-салдарлық байланыстардың аса көп бөлігінен тұратын күрделі процесс екені белгілі болады. Оларға мыналар жатқызылуы мүмкін: студенттердің болашақ кәсібіне деген қызығушылығы, әр түрлі пәндердің оқытылу стилі мен әдісі, кітапханада кітап қорының және оқу залдарында жеткілікті орындардың болуы, сабақ кестесі, тіпті қысқы және жазғы уақыттарында оқу орны ғимаратындағы бір қалыпты төмен немесе жоғары температуралық режимі де студенттер ықыластылығының, ауыршандылығының себебі болуы мүмкін. Олардың барлығы да студенттердің үлгерім деңгейінің жоғарлауына немесе төмендеуіне әсер етуі мүмкін.

Өз кезегінде, осы себептер тобының әрқайсысы қосымша айқындауды қажет етеді. Мысалы, студенттердің болашақ мамандығына деген қызығушылығы ол мамандықтың беделінің (көпшіліктің пікірінше ол мамандықтың қажеттілігінің) төмендеуіне, аталмыш мамандық бойынша мамандардың тым көп болуына, болашақ мамандар жұмыс істейтін кәсіпорындардың жабылуына және т.б. байланысты болады. Оқу орнында пәндерді оқыту әдісі мен стилі жөніндегі мәселе, өз кезегінде көптеген теориялық және эмпирикалық сәттерге бөлінеді. Социологтарға осының барлығын анықтап, аталмыш зерттеуде қолданылатын анықтамалардың нұсқаларын өз үшін айқындауға тура келеді. Осындай теориялық-методологиялық дайындықтың аяқталысымен социологтар осы зерттеуде қолданылатын негізгі ұғымдардың операциялық анықтамасын жүзеге асырады.

Іс жүзінде, осындай алдын ала анықтаудан кейін де аталмыш оқу орнында зерттеуді бастау әлі мүмкін емес. Өйткені, теориялық жағынан түсінікті ережелерді студенттерден бірден сұрауға болмайды. Мысалы, “оқыту әдісі қандай” деген сұраққа бір мағыналы жауапты қалай алуға болады? Сондықтан “оқыту әдісі” ұғымының мазмұнын оны “лекциялық-монологтық”, “лекциялық-диалогтық”, “проблемалық лекция” және т.б. сияқты құрамдас сәттеріне “бөлуге” тура келеді. Жалпы алғанда, ұғымдардың мазмұны әрбір респонденттің бір мағыналы түсінетін деңгейіне жеткен кезде, ұғымды операцииялық анықтау эмпирикалық түсініктемелеу деңгейіне жеткізілді деп айта аламыз. Сонда зерттелетін өмір сәттерінің мәні мен мазмұны социологтар түсінетіндей мағынада әркімге түсінікті болады.

Алайда оқыту әдісінің әрбір көрсетілген аспектісі тәжірибе жүзінде әр түрлі дәрежеде көрініс беруі мүмкін. Мысалы, студент мына лектор өзінің лекциясын “лекциялық-диалогтық” әдісте оқиды деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл белгі аталмыш оқытушыға “өте күшті емес”, жәй ғана “күшті” дәрежеде тән. Респондент пікіріндегі тіпті осындай кішкене өзгешілікті дәл тіркеу үшін өлшемнің дәл шамасын жасау қажет. Өлшем шамалары шамамен былайша құрылады: “өте күшті - күшті - орташа - әлсіз - өте әлсіз” - “бағалай алмаймын” немесе “өте жиі - жиі - орташа - сирек - өте сирек - бағалай алмаймын” немесе “өте жоғары - жоғары - орташа - төмен - өте төмен - бағалай алмаймын” және т.с.с.

Бұл деңгейде студенттердің оқытушы мен студент арасындағы өзара қарым-қатынасының лекция сияқты ерекше формасы арқылы орын алатын оқыту әдісінің жүзеге асырылуының сапасы туралы түсінігіндегі оқу орнындағы білім беру жөніндегі габитус мазмұнының құлдырауы жүреді.

Алдын ала операциялық анықталған ұғымның мазмұны, сөйтіп өзінің барынша айқындалған өлшем шамасымен бірге эмпирикалық түсініктемелеуге ие болады. Социологиялық зертеудің болашақ құралдары (әдістері) өлшемдерінің жасалуының осы кезеңі бағдарламада өзгермеліліктің немесе өлшем шамасының (бірлігінің) орнауы деп аталады. Олар өлшенетін әлеуметтік құбылыстардың индикаторларына айналады.

Бағдарламада ұқсас негізде тиісті ұғымдар мен логикалық тұжырымдардың эмпирикалық түсініктемелеулері арқылы зерттеудің пәндік-объектілік саласының барлық жақтары ретімен орналасады. Мұндай алдын ала логикалық-методологиялық жете ұғыну аяқталған соң социологтар алдында зерттеу объектісінің жүйесі мен құрылымының логикалық үлгісі көрініс береді. Сол кезде далалық жағдайда, яғни социологиялық эмпирикалық зерттеу, өлшем жүргізілетін нақтылы әлеуметтік ортаға шығу алдында болатын құбылыстың өзгеше “картасы” көріне бастайды. Социологиялық зерттеу бағдарламасының жасалуының мұндай кезеңі проблемалық жағдайдың “логикалық үлгісін” құру деп аталады. Зерттеу бағдарламасын құрудың осы кезеңін орындай отырып, социологтар барынша өзінің білімі мен тәжірибесін пайдаланады. Осындай жұмыс барысында аталмыш социологиялық зерттеудің тұжырымдамасы қалыптасады.

4. Жоғарыда атап кеткеніміздей, әрбір проблемалық жағдайдың екі белгілі және белгісіз жақтары бар. Егер зерттелетін жағдайдың барлық белгілі жақтары операциялық анықталған ұғымдар жүйесіне және көрсеткіштердің эмпирикалық түсініктемелеуіне, сондай-ақ олардың өлшем шамаларына орналастырылса, оның белгісіз жақтары зерттеу болжамдары түрінде белгіленеді. Яғни, болжамдар социологтың білімі мен тәжірибесі негізінде құрылатын және проблеманы шешуге бағытталатын болжамдар болып табылады. Бірақ зерттеу басында ешкім осы болжамдардың ақиқат екенін айта алмайды.

Социологиялық зерттеулердегі болжамдар ақиқат “жатқан жақты” көрсететіндей бағдар беруші рөлін атқарады. Мұндай бағдарсыз қайсы бір жаққа жылжу мүмкін емес. Сонымен, жалпы зерттеу белгіліден белгісізге қарай жүреді, ал болжамдар олардың арасындағы өзінше бір “көпірлер-бағдарлар” болып табылады. Алдын ала айқындалған, бір мағыналы анықталған, эмпирикалық түсініктемеленген ұғымдар, көрсеткіштер, шамалар бұл аспектіде осы “көпірдің” “құрылыс материалдары” ретінде қызмет етеді.

Болжамдардың маңыздылығы мынада, олар көрсеткіштер мен индикаторлардың бүкіл жүйесін белгілі бір түрде құруға көмектеседі, сондай-ақ, эмпирикалық мәліметтерді өңдеуді белгілі бір тәртіппен бағыттайды, оларды социологиялық зерттеудің қойылған мақсаттарына қызмет етуге бағындырады. Сонымен, бүкіл зерттеудің мақсатына жетуді қамтамасыз ететін бастапқыда қойылған міндеттер аяқталады.

Болжамдар негізгі және екінші дәрежедегі, сапалы немесе сандық, сипаттамалық немесе түсіндірмелік және т.б. болуы мүмкін. Болжамдарға мынадай талаптар қойылады: 1) олар теория мен ғылымның белгілі, тексерілген заңдарына қайшы келмеуі тиіс; 2) оларды зерттеудің соңында ақиқаттылығын тексеруге болатындай құрастыру қажет (5).

5. Социологиялық зерттеу жоспары оның ұйымдастыру негізін білдіреді. Оларға мынадай уақыт және жұмыс кезеңдері жатады:

зерттеу тақырыбының, проблемасының, болжамының анықталуы;

тақырыптың мәніне, зерттеу объектісінің проблемасы мен табиғатына қатысты әдебиеттерді, әр түрлі ақпарат көздерін зерделеу;

алғашқы бақылау, тәжірибелі сарапшылармен сұхбат жүргізу, алғашқы құжаттарды зерттеу негізіндегі зерттеу объектісінің алғашқы сипаттамасы;

негізгі зерттеуді жүргізу;

алғашқы зерттеу қорытындыларын өңдеу және есеп құру;

Әдебиеттерде социологиялық зерттеу жоспарларын жіктеудің өзге де түрлері бар. Оларда, атап айтқанда, жоспар-барлау немесе формулятивті жоспар, сипаттамалық немесе дескриптивті жоспар, эксперименттік-тәжірибелік жоспар, талдамалық-эксперименттік жоспар, қайталау-салыстыру зерттеу жоспары сияқты түрлері келтіріледі [6]. Социологиялық зерттеу жоспарларының осы түрлері, біздің ойымызша, олар бір тақырып бойынша және бір проблеманы шешумен байланысты жүргізілуіне қарамастан, зерттеудің мүлдем әр түрлі типінің жоспарлары болып табылады. Социологиялық зерттеудің мұндай көп кезеңдік типін, біздің білуімізше, академиялық мүмкіндіктер негізінде көп жылдар аралығында және үлкен зерттеу топтарымен жүргізуге болады. Ал көпшілік жағдайда, зерттеудің мұндай кезеңдерін немесе жоспарларын бір ғана социологиялық зерттеу шеңберінде жүзеге асыру мүмкін емес. Зерттеудің осы тым бөлшектенген кезеңдерін, мүмкін болғанша, бір зерттеу барысында ескеруге тырысу, ол басқа жағдай.

Социологиялық зерттеу жоспарының ерекше бөлімдеріне мыналар жатады:

а) белгілі бір уақыт аралығында оның әр түрлі кезеңдерінің орындалуының жұмыс жоспар-кестесі: әдебиеттерді зерттеуге және бағдарламаның өзін құруға қажетті уақыт; зерттеу құралының алғашқы нұсқаларын жасау және сапасын тексеру (пилотаждық зерттеу); далалық зерттеудің негізгі кезеңі; алғашқы эмпирикалық мәліметтерді өңдеуге және есеп жасауға қажет уақыт;

ә) штаттың еңбек ақысын төлеуді қаржылық-сметалық жоспарлау; қызмет бабындағы тапсырмаға бөлінген ақша мен транспорт шығындары; материалдарды көбейтуге, қажетті құрал-жабдықтарды алуға, өңдеу бағдарламасын және эмпирикалық мәліметтердің алғашқы бөлігін өңдеуге, есеп жасауға, жергілікті мамандармен зерттеу қорытындыларын ұжымдық түрде талқылауға, материалдарды сақтауға және т.с.с. жұмсалатын шығындар.

Социологиялық зерттеудің жетілген бағдарламасына (В.А.Ядов) қойылатын талаптар жалпы алғанда, айтарлықтай бұрыннан жасалынған және оны барлығы бірыңғай деп мақұлдаған. Оларға оның сапаларына қажеттілік, эксплициттілік, логикалық жүйелілік, икемділік сияқты талаптарының сақталынуы жатады. Бағдарламаның қажеттілігі сенімді түрде оның орындылығы, ғылым, сол сияқты тәжірибе үшін жүзеге асырылуының объективті қажеттілігі көрінетін тақырыпты негіздеудің, бағдарламаны анықтаудың және т.б. бүкіл мәтінінен көрінуі тиіс. Бағдарламаның эксплициттілігі барлық құрамдас сәттерінің өзара дәйектілігінен көрініс береді. Егер бағдарлама құрылымында эксплициттілік бар болса, онда зерттеудің қатысушылары зерттеудегі рөлдері мен орнын анық әрі айқын біледі. Бағдарлама құрылымының дәйектілігі бағдарламаның құрамдас бөліктерінің айқын өзара түсініктемелеуінен, байланыстылығынан тұрады. Бағдарламаның икемділігі оның жүйелілігі арқылы көрінеді. Яғни, бағдарламаның бір бөлігіне өзгеріс енгізілсе, онда ол оның басқа бөліктерінде көрініс береді және соңғылары аса қиындықсыз бейімделе бастайды.

Осы тараудың басында берілген бағдарлама құрылымының 6 және 7 тармақтары бүкіл социологиялық зерттеудің дербес және тыңғылықты бөліктері болғандықтан, олар осы бөлімнің келесі жеке тараулары ретінде көрсетілген.

Жалпы алғанда, егер бүкіл бағдарламаның мағыналық құрылысын бейнелі түрде қысқаша қайталасақ, онда бүкіл бағдарламаны симфониялық шығарманың партитурасымен салыстыруға болады, бұл жерде проблема - баршаның, тәжірибешілердің де, орындаушылардың да назарын өзіне аудартатын аккордтық кіріспе; зерттеудің мақсаты мен болжамдары - қайталанып, бейімделіп, зерттеудің тұтастығы мен аяқталуына әкелетін арқаулар; операциялық ұғымдар - әрқайсысы керек уақытта және қажетті рөлдерде әрекетке кірісетін оркестрдің жекелеген құралдарының бір бөлігі; эмпирикалық түсініктемелеулер - нақтылау, зерттеуші мен респондент арасындағы өзара түсінуінде қажет ететін байланысты қамтамасыз етіп, барша үшін түсінікті болатын орындаудың жеке эпизодтарына ырғақ пен бейімділік беру.

Социологиялық зерттеудің іріктеуін құрау.

Іріктеу жиынтығы

Іріктеу жиынтығын есептеу. Біздің ойымызша, ең алдымен қарастырылатын мәселе бойынша негізгі ұғымдық аппаратын анықтап алу қажет.

Жиынтық - оларға қатысты қорытындылар жасағымыз келетін адамдардың, ұйымдардың, бізді қызықтыратын оқиғалардың кез келген тобы (7).

Іріктеу - талдау үшін белгіленген жағдайлар (объектілер) жиынтығының кез келген тобы.

Жалпы жиынтық - талдаудың соңғы нәтижелері жобаланатын зерттеудің бүкіл объектісі. Іріктеудің негізделгендігі жалпы жиынтық туралы толық ақпаратқа ие болуды білдіреді. Олар статистикалық жинақтар, әр түрлі облыстық бөлімшелердің (жұмыспен қамту орталығы) мәліметтері болуы мүмкін. Қоғамдық пікір мониторингінің жалпы жиынтығын республиканың барлық кәмелетке толған халқы құрайды.

Мысал:

“N” қаласында 100 мың адам тұрады. Зерттеудің жалпы жиынтығын анықтау үшін қалалықтардың жалпы санынан 18 жастан кіші адам санын алып тастау қажет. Алынған сан аталмыш зерттеудің жалпы жиынтығы болып табылады. Есеп мына формула бойынша жүргізіледі:, N = B - C, мұнда N - жалпы жиынтық, B - халықтың жалпы саны, ал C - 18 жасқа дейінгі халық. Сонда, мынаны аламыз: 100 000 - 35 000 = 65000. Сонымен, жалпы жиынтық 65 000 адам құрайды.

Іріктеу жиынтығы - дәлме-дәл ереже бойынша таңдап алынған жалпы жиынтық элементтерінің белгілі бір саны. Зерттеу кезінде ол жалпы жиынтықтың ықшам үлгісін білдіреді, яғни іріктеу жиынтығының құрылымы зерттелетін негізгі сапалы сипаттамалар мен бақылау белгілері бойынша жалпы жиынтық құрылымына сәйкес келуі тиіс.

Іріктеу көлемі зерттеудің талдамалық міндеттерімен, ал оның репрезентативтілігі - бағдарламаның мақсатымен анықталады (8).

Іріктеу көлемі - бұл респонденттердің белгіленген жалпы саны. Зерттеу іріктеуі репрезентативтілік принципіне сәйкес болуы тиіс.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: