Таксономиясы. Тұқымдастығы: Vibrionaceae

Тұқымдастығы: Vibrionaceae.

Туыстастығы: Vibrio.

Түрі: Vibrio cholerae.

Биоварианттары: V. cholerae classic, V. cholerae eltor.

Морфологиясы және тинкториалдық қасиеттері. Тырысқақ вибрионы полиморфты – ұсақтау, грам теріс, иілген немесе тік таяқша, спора түзбейді, капсуласы жоқ, монотрих, өте қозғалғыш.

Дақылдандыру. V.cholerae – факультативті анаэроб, бірақ аэробты қасиеті басым болғандықтан сұйық қоректік орта бетінде үлбір түзеді. Оптимальды өсу температурасы 370С, басқа микроорганизмдерден ерекшелігі - олар ортаның рН – 8,5-9,0 жағдайда жақсы өседі. Тырысқақ вибрионы – талғамсыз микроорганизм: қарапайым қоректік орталарда өседі, мысалы 1% сілтілі пептонды суда, сілтілі агарда. Бұл қоректік орталар тырысқақ вибрионына элективті болып келеді. Vibrio cholerae-ның бір ерекшелігі сол олар өте жылдам өседі - сұйық қоректік орта бетінде 6-8 сағатта үлбір пайда болады. Тығыз қоректік орталарда ұсақ, аспан көк түсті колониялар түзеді. Тұрып қалған дақылдарының колониялары сарғаяды, құрғап қатпарланып қалады. ТCBS агарында сары түсті колониялар түзеді, желатин бағанасын шұңқыр тәрізді сұйылтады. Түссіз емес R-колониялары бактериофагтар, антибиотиктер әсеріне тұрақты болып келеді және О-сарысуымен агглютинацияланбайды.

Ферменттік белсенділігі. Тырысқақ вибрионының биохимиялық белсенділігі өте жоғары, оның көптеген ферменттері бар. Идентификациялау барысында ең маңыздысы, вибрионның манноза, арабиноза, сахарозаға қатынасы болып саналады. Осы көмірсуларды ферменттеу қасиетіне байланысты Хейберг барлық Vibrionaceae тұқымдастығына жататын вибриондарды 8 топқа бөлді: тырысқақ вибрионы 1-ші топқа жатады (манноза - оң, арабиноза- теріс, сахароза- оң). Қалған топтары тырысқақ емес вибриондарды біріктіреді.

Антигендік қасиеті. Тырысқақ вибрионында О- және Н- антигендері бар; О-антигені бойынша, 200-ден астам серологиялық топтары анықталған. Тырысқақ қоздырғышын О1 және О139 серологиялық топтарға жатқызады (оның белгіленуі - V.cholerae О1 және V.cholerae О139), қалған V.cholerae түріне жататындар тырысқақ қоздырғышына жатпайды, дегенмен олар мысалы, гастроэнтериттерді тудыруы мүмкін. О-антиген 3 компоненттен түрады: А, В және С. Олардың сәйкестігі бойынша тырысқақ қоздырғышының 3 серологиялық варианттарын ажыратады - Огава (АВ), Инаба (АС) және Гикошима (АВС). V.cholerae-ның Н-антигенінің бейспецификалық қасиеті бар, сондықтан ол барлық Vibrio туыстығына жалпы ортақ болып келеді.

Патогенділік факторлары. Тырысқақ вибрионы эндотоксин түзеді, сонымен қатар ол бірнеше фракциядан құралған экзотоксин бөледі. Олардың арасында ең маңыздысы термолабильді ақуызды экзотоксин - холероген. Холероген ішек қуысына судың және хлоридтердің гиперсекрециясын тудырады, натрийдің кері сіңіруін бұзады, нәтижесінде диарея ағзаның сусыздануына әкеледі. Сонымен қатар, экзотоксин цитотоксикалық әсерге ие және ащы ішек эпителиясы жасушаларының зақымдануын тудырады. Тырысқақ қоздырғышы эндотоксин тұзеді – жасуша қабырғасы құрамына кіретін термолабильді липосахарид. Эндотоксин вибрионды фагоцитоздан қорғайды, иммуногенді қасиетке ие, вибриоцидты антиденелер синтезін индуциялайды. Микроб жасушасы ыдырағанда интоксикация туындайды. Тырысқақ қоздырғышында агрессиялық ферменттер бар - фибринолизин, гиалуронидаза, лецитиназа, нейраминидаза. Вибрионның патогендігі адгезия қасиеттерімен де (сыртқы мембрана ақуыздары) және вибрионның қозғалғыштығымен байланысты.

Cholerae және eltor биоварлардың дифференциациясы жоғарыда аталған белгілері бойынша жүргізіледі; солардың ішінде ең маңыздысы – арнайы бактериофагтарға және полимиксинге сезімталдығы, тауық эритроциттерін агглютинациялауы.

Резистенттілігі. Тырысқақ вибриондарының резистенттілігі айтарлықтай жоғары емес, 60әС температурада 5 минуттан кейін өледі, бірақ Еltor биовары жоғары температураға, күн сәулесінің әсеріне, дезинфекциялық ертінділерге әлдеқайда төзімді. Тырысқақ вибрионы қышқылдарға өте сезімтал. Төменгі температурада жақсы сақталады. Мұзда бірнеше ай, теңіз және өзен суларынды бірнеше апта сақталады

Эпидемиологиясы. Тырысқақ қоздырғышына жануарлар сезімтал емес. Тырысқақ – көне заманнан белгілі ауру, дегенмен ХІХ ғасырдың басына дейін, ол тек Үндістанда кездескен, онда инфекцияның тұрақты ошағы болып қазіргі уақытқа дейін сақталады. 1817 жылы тырысқақ эпидемиясы алғашқы рет Үндістан шекарасынан шығып, басқа көптеген мемлекеттерге тарап кетті. 1817-1926 жылдар аралығында тырысқақтың 6 пандемиясы болды; 1961 жылдан бастап 7-ші пандемия басталды, оның себепшісі болып eltor биовары саналады. Қазіргі уақытта сегізінші пандемия тіркелген, оның себепшісі - V.cholerae 0139 biovar eltor. Тырысқақ ауруы Антарктидадан басқа, барлық континенттердің 90-нан астам мемлекеттерінде кездеседі. Бұл антропонозды инфекция, аурудың жұқтыру көзі ауру адамдар мен тасымалдаушылар (eltor биоварының тасымалдаушылары, cholerae биоварымен салыстырғанда көбірек кездеседі). Инфекцияның таралу механизмдері: фекалды-оралды, тұрмыстық қатынаста су және тамақ арқылы таралады.

Патогенезі. Ауыз арқылы асқазанға түскен вибриондар, тұз қышқылының әсерінен жойылып қалуы мүмкін. Бірақ қоздырғыш көп мөлшерде түскен жағдайда және асқазан сөлі құрамының қышқылдығы төмендегенде (тамақпен, сумен араласуы, төмен қышқылды гастрит) вибриондар аш ішекке өтіп кетеді, оның эпителиіне жабысып, көбейеді және экзотоксин бөледі. Ал экзотоксин су-тұз алмасуының бұзылуынан ағзаның күрт сусыздануына және ацидоз дамуына әкеледі. Сұйықтықтардан және шырышты қабаттың жойылған жасушаларынан тұратын нәжіс қайнатылған күріш суына ұқсас. Жойылған вибрион жасушаларынан бөлінген эндотоксин ағзаны интоксикациялайды (жалпы уландырады).

Клиникалық көріністері. Инкубациялық кезеңі 1-6 күнге дейін созылады. Ауру жедел дамиды - дене қызуы көтеріледі, құсу, нәжістің бұзылуы байқалады (нәжіс пен кұсықтың түсі қайнатылған күріштің суына ұқсас, иісі – тәтті балыққа ұқсас). Бұл кезең 1-3 тәулік созылып, ауру аяқталуы мүмкін (тырысқақтың жеңіл түрі) немесе келесі кезеңге өтеді - гастроэнтерит кезеңі (ағымы орташа ауырлау). Осы кезеңде құсу мен нәжістің бөлінуі ұлғаяды, ауру адам тәулігіне ағзаның 10-30 литрге дейін сұйықтығын жоғалтады. Күрт сусыздану жүрек-тамыр, тыныс алу жүйелерінің бұзылыстарына, сіңір тартылуына әкеледі. Содан кейін ауру келесі үшінші кезеңіне өтеді (тырысқақтың ауыр ағымы) - тырысқақтық алгид (латын сөзінен algidus – салқын). Оған тән белгі - дене температурасының 340С дейін төмендеуі, ауыр демікпе (55-60 дем минутына), жалпы терінің цианозы, қол-аяқ, бет, іш еттерінің тартылуы, афония дамиды. Тері жайылуы төмен, қатпарланып «кір жуушы қолы» белгісі көрінеді. Тырысқақтық алгид нәтижесінен емделмеген науқас адамдардың 60% қайтыс болады. Eltor биовары cholerae биоварымен салыстырғанда, көбінесе жеңіл түрде дамитын ауру тудырады.

Иммунитеті тұрақсыз және ұзаққа созылмайды, антимикробты және антитоксикалық сипатты болып келеді, агглютинин, вибриолизин, антитоксин және басқа антиденелермен байланысты.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттелінетін материал: құсық, нәжіс, тағамдар, су, өт, секциялық материал. Тасымалдау ортасы ретінде 1% пептонды су, рН 8,2-8,4 қолданады. Алғашқы болжам ретінде бактериоскопиялық әдісті қолдануға болады. Негізінде бактериологиялық әдіс қолданылады, ол қоздырғышты идентификациялауға (V.cholerae 01 немесе 0139 анықтайды), антибиотиктерге сезімталдығын анықтау, түрішілік идентификацияны жүргізу, биовар және серологиялық варианттарын анықтауға мүмкіншілік береді. Тырысқақ кезінде экспресс-диагноз қою иммундыфлюоресценция, иммундыферментті талдау, полимеразды тізбекті реакциялар, вибриондарды иммобилизациялау реакциясы көмегімен жүргізіледі.

1 кезең. Материалдың 0,5-1 мл мөлшерін 50 - 100 мл 1% пептонды суға, сілтілі агарға және бір элективті-дифференциальды орталарға (СЭДХ, TCBS) себеді. Себілген пептонды суды 370С температурада 6 - 8 сағат, сілтілі агарды 14 - 16 сағат, СЭДХ 18-20 сағат инкубациялайды.

Тырысқақ ауруына күмәнданған жағдайда науқастың нативті материалымен экспресс және жедел әдістерін қолданылады: антиденелерді флюоресценттеу әдісі, полимеразды тіркеу әдісі, вибриондарды иммобилизациялау реакциясы, жанама гемагглютинациялық реакциясы.

2 кезең – 6 - 8 сағаттан кейін. Жинаушы орта - сілтілі агарға себеді және 5-8 мл екінші жинаушы ортаға себеді.

3 кезең – 12 - 14 сағаттан кейін. Екінші жинаушы ортадан сілтілі агарға себеді. Сілтілі агардағы күмәнді колонияларды зерттейді.

4 кезең – 18 - 24 сағаттан кейін. Тығыз ортадағы тырысқаққа күмәнді колонияларды зерттеп, 1-ші және 2-ші жинаушы орталарға қайта себеді.

Күмәнді колонияларды слайд-агглютинация реакция көмегімен тексереді (1:100 сұйытылған тырысқаққа О1 сары суымен). Оң нәтижелі болса арнайы Инаба және Огава сары суымен (1:50) слайд-агглютинация реакциясын қояды, жағынды дайындап тырысқаққа қарсы флюоресцентті иммундыглобулиндермен өңдейді және Грам әдісімен бояйды. Теріс нәтижеде О139 және О1 тырысқақ сары суымен слайд-агглютинация реакциясын қояды.

Қалған күмәнді колонияларды (тырысқақтық О1 және О139 сары сумен аглютинацияланған және агглютинацияланбаған) таза дақыл алу, оларды идентификациялау және антибиотиктерге сезімталдығын анықтау үшін екі көмірсулы ортаға (лактоза-сахарозалы, глюкоза-сахарозалы, Клиглер) және сілтіл агарға платиналы ілмекпен секторлық әдіспен себеді.

5 кезең – 24 - 36 сағат. Идентификациялау үшін дақылдарды таңдау.

Поликөмірсулы орталарда вибриондарға тән өсуі мен өзгерістері бар дақылдарды алу: екі көмірсулы ортада (лактоза-сахарозалы, глюкоза-сахарозалы және Клиглер) қышқыл ортаға тән түсі өзгерген газ түзілмеген, күкіртті сутек бар, Клиглер ортасында анықталған. Маннозасахарозалы ортада екі көмірсудың ыдырауынан Рессель ортасының бағаналы жағы боялады, қиғаш бөлігі күкірт сутегі түзілгенін көрсетеді. Сілтілі агарда өскен дақылдарды индолфенилоксидазаға тексереді.

6 кезең – 36 - 48 сағаттан кейін. Идентификация нәтижелерін қорытындылайды және алынған тырысқақ вибрионының серотобы мен биоварианты туралы ақырғы нәтижесін береді.

Емдеуі. Емдеуі екі бағытта жүргізіледі: 1. Патогенетикалық - регидратация (жойылған сұйықтар мен электролитерді изотоникалық апирогенді тұз ертінділері және плазма сұйықтарымен қалпына келтіру). 2. Этиотропты - кең спектрлі антибиотиктер қолдану (тетрациклиндер, хлорамфеникол, фторхинолондар – ципрофлоксацин, офлоксаин, пефлоксацин, ломефлоксацин).

Алдын алуы. Алдын алудыңнегізі – санитарлық-гигиеналық және карантиндық бейспецификалық шаралар жүргізу. Эпидемия аралық алдын-алу шараларына кіреді: ашық су қоймаларын тырысқақ вибрионына эпидемиологиялық мониторинг жүргізу; қадағалайтын аймақта ішек инфекция ауруларына уақтылы талдау жасау; транспорттық қатынас пен миграциялық ағындарды талдау; аймақтың және тағамдық кәсіп орындарының санитарлық - гигиеналық жағдайын қадағалау; емдеу-алдын алу мекемелерінің тырысқаққа күмәнді ауруларды анықтай білуін және эпидемияға қарсы алғашқы шаралар жүргізуін қамтамасыз ету.

Қосымша маңызы бар арнайы сақтандыру үшін тырысқақтық өлі вакцина және холероген-анатоксин мен тырысқақ вибрионның О-антигенінен тұратын екі компонентті біріктірілген тырысқақтық вакцина қолданылады. Вакцина егу эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Бірақ оның тиімділігі 60-70% асапайды және де аурудан 3-6 ай мерзімінде ғана қорғайды.

14.2.2.2. Парагемолитикалық вибриондар (Vibrio туыстастығы)

Бұл туыстастыққа жататын басқа бактериялардың патогенді қасиеттері толығымен зерттелмеген. Дегенмен соның ішінде маңыздысы Vibrio parahaemolyticus және Vibrio vulnificus.

Vibrio parahaemolyticus – галофильды вибрион, Жапониядағы жедел диарея қоздырғыштары, сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс Азияда, Африкада мен Латындық Америкада (барлық диареяның 20%) және туристар арасында тараған. Негізгі инфекция көзі – сақталу ережесі мен дайындалу технологиясы бұзылған теңіз тағамдары. Аз жағдайда - шикі моллюскалар мен балықтар, немесе теңіз су тиген тағамдар. Қоздырғыш энтерит тудыратын эндотоксин түзеді. Инфицирленген адамдардың 50% ауру белгілері анықталады: инфицирленген кейін 24 сағатта іштің қатты ауыруы мен сұйық және көп мөлшерлі диарея дамиды. Ауру өздігінен дамиды және қайта ауыру байқалмайды. Балалар мен егде адамдар арасында өлім-жітім кездеседі.

Микробиологиялық диагноз қою бактериологиялық әдіске негізделген. Тырысқақ ауруы диагностикасына ұқсас болып келеді. TCBS агарына себіледі, лактоза ыдыратуы және сары колония түзуі бойынша ажыратылады. Vibrio vulnificus Тынық және Атлант мұхиттарына құятын жылы өзендірінің микробтық ценозына кіреді және екіжабынды моллюскаларда жинақталады. Қоздырғыш екі түрлі зақымданулар шақырады – септицемия мен жараның іріңді аурулары. Біріншісі - моллюскалармен тамақтанғанда иммунитетінде ақауы бар, бүйректері, бауырлары ауыратын және қант диабетіне шалдыққан адамдар ауырады. Ауырғандардың арасында өлім-жітім 50% жетеді. Жара инфекциялары теңіз суымен шайынғаннан кейін дамиды және де ауыр жағдайда целлюлит пен миозит (газды гангренаға ұқсас) түрінде өтеді. Ауру клиникасы - қоздырғыш патогенділігі мен организм жағдайына байланысты. Патогенділік факторлары – бактерияны фагоцитоздан қорғайтын капсула мен ферменттер кешені: цитотоксин-гемолизин, эластаза, коллагеназа, фосфолипаза. Қоздырғыш қан сарысуындағы темірдің жоғары концентрациясына сезімтал. Гемохроматоз және бауыр циррозымен ауыратын адамдарда зақымдану ауыр дамиды.

Емдеуі антимикробты препараттар (гентамицин, тетрациклин, левомицетин) қолданылады.

Алдын алуы. Ауруғабейімді адамдаржартылай піскентеңіз тағамдарын пайдаланбауы, теңіз суына жуынбауы керек.

14.2.2.3. Кампилобактериялар ( Сampylobacter туыстастығы )

Кампилобактериоз - Сampylobacter туыстастығына жататын бактериялар тудыратын зоонозды жұқпалы ауру, көбінесе ас қорыту жолдары зақымдалыумен ерекшелінеді.

Сampylobacter - грек сөзінен аударғанда campylos – қисық, иілген деген мағынаны білдіреді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: