Таксономиясы. Тұқымдастығы: Enterobacteriaceae

Тұқымдастығы: Enterobacteriaceae.

Туыстастығы: Yersinia.

Түрі: Yersinia enterocolitica.

Морфологиялық және тинкториалдық қасиеттері. Иерсиниоз қоздырғышы полиморфты:ұшы жұмырланған, сопақтаяқша, биполярлы боялады. Спора түзбейді, кейде капсуласы болады. Перитрих, тек 18-200С-та ғана қозғалады, 370С-та қозғалысын жоғалтады. Кейбір штамдарда пили болуы мүмкін. Грам теріс. Микрокапсула түзеді.

Дақылдандыру. Yersinia enterocolitica - факультативті анаэроб. Қолайлы рН=7,2 - 7,4. 22 - 250С - ең қолайлы температура, бұл осы микроорганизмнің ерекшелігі болып табылады. Қоректік ортаға талғамды емес, қарапайым орталарда өседі.

Ферменттік белсенділігі. Қоздырғыштың биохимиялық белсенділігі анағұрлым жоғары. Кейбір көмірсуларға қатысты бес биохимиялық варианты бар. Идентификациялау үшін қажетті негізгі биохимиялық белгілері:

· мочевинаны ыдыратуы;

· сахарозаны ыдыратуы;

· рамнозаны ыдыратпауы;

· орнитиндекарбоксилазаны түзуі.

Антигендік қасиеті. Бактериялардың О және Н антигендері бар, кейбірінде К антигені анықталған. О антиген бойынша 60-тан астам серологиялық варианттарға бөледі; науқастарда О3, О5, О8, О9 серологиялық варианттары жиі кездеседі. Сонымен қатар 2 вируленттік антигендерге ие – Y және W.

Патогенділік факторлары. Yersinia enterocolitica - энтеротоксигенді әсер ететін эндотоксинге ие, кейбір штамдары энтеротоксигенді және цитотоксикалық әсер көрсететін экзотоксинге ұқсас заттар түзеді. Ішектік иерсинияларда инвазивті ақуыз анықталған. Адгезивті қасиеті пили және сыртқы мембранасындағы ақуызға байланысты. Капсуласы фагоцитозды тежейді.

Резистенттілігі. Ішекиерсиниозының қоздырғышы жоғары температураға, күн сәулесіне, дезинфекциялық ертінділерге сезімтал, дегенмен, төменгі температураға өте төзімді - 15-200С-та жақсы сақталады, 40С-та көбейеді, 10-15% ас тұзы ерітіндісінде өмір сүре алады

Эпидемиологиясы. Иерсиниоз қоздырғышы көптеген жануарларға патогенді, бірақ оның экспериментальді үлгісі осы уақытқа дейін жоқ.

Иерсиниоздардың алғашқы аурулары өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында Франция, Бельгия, Швецияда анықталған. Қазіргі уақытта бұл ауру әлемнің көптеген мемлекеттерінде кездеседі. Yersinia enterocolitica табиғатта кең таралған, ол көптеген жануарлар мен құстардың түрлерінен бөлінген. Иерсинияларды ашық су қоймаларынан табады, олар инфузориямен, балықтармен симбиоз құрайды, осыған байланысты ішек иерсиниозын сапронозды инфекцияға жатқызуға мүмкіндік береді. Адам үшін инфекция көзі көбінесе үй жануарлары (доңыз, сиыр, мысық) болып келеді. Ауру берілу механизмі – фекалды-оралды, негізгі таралу жолдары – тағамдық: ауру тіпті тоңазытқышта сақталған сүт, ет, жеміс-жидек, көкөністі пайдаланғанда туындауы мүмкін. Тұрмыстық қарым-қатынас (ауру малмен адам жанасқан кезінде) және су арқылы таралуы мүмкін. Иерсиниозбен барлық жастағы адамдар ауырады, дегенмен 1-3 жас аралығындағы балалар анағұрлым сезімтал. Ауру жылдың суық кездерінде жиі кездеседі.

Патогенезі. Қоздырғыш ауыз арқылы ағзаға түседі де ащы ішектің төменгі бөлігінің шырышты қабығына бекіп, қабыну процесін тудырады. Кейде бұл процеске аппендикс шалдығуы мүмкін. Әлсіз адамдарда сепсис, мида, бауырда, көкбауырда екіншілік іріңді ошақтың пайда болуымен жүретін септикопиемия дамиды.

Клиникалық көріністері. Кеселауырлығы мен клиникалық белгілері бойынша әртүрлі. Гастроэнтероколитикалық, аппендикулярлық, септикалық түрін ажыратады. Жасырын кезеңі 1-4 күн. Ауру жедел басталады, дене температурасы 38-390С-қа жоғарылайды, жалпы интоксикация белгілері пайда болады, аурудың түріне тән белгілері дамиды.

Иммунитеті. Иерсиниоз кезінде аз зерттелген.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеу материалдары нәжіс, несеп, қан, жұлын сұйықтығы. Диагноз қоюдың негізгі әдісі бактериологиялық, ол қоздырғышты идентификациялауға, антибиотикограмманы анықтауға, түр ішілік идентификацияны (серологиялық, биохимиялық вариантын, фаговарын анықтау) жүргізуге мүмкіндік береді. Қосымша түрде серологиялық зерттеу әдісі қолданылады (ЖГАР және ИФР).

Емдеуі. Антибиотиктер тағайындайды - тетрациклин қатары мен хлорамфеникол.

Алдын алуы. С анитарлық-гигиеналық ережелерін сақтау, әсіресе ас-тағамдарын сақтау мен дайындау технологиясын бұлжытпай орындау.

14.2.2. Вибриондар (Vibrionaceae тұқымдастығы)

Vibrionaceae тұқымдастығына Vibrio, Aeromonas, Plesiomonas туыстастықтары кіреді. Олардың барлығы иілген, қозғалғыш таяқшалар. Хемоорганотрофтар. Температуралық оптимумы - 37 0С, теңіздегі түрлері үшін – 25 0С. Оксидазасы оң. Құрамында 2-3% NaCl ертіндісі бар ортада өсуі мүмкін. Барлық жерлерде: теңізде, тұшы суда және гидробионттарда кең таралған.

14.2.2.1.Тырысқақ қоздырғышы

Тырысқақ - өте қауіпті карантинді жұқпалы ауру, ащы ішектің зақымдалуымен, су-тұз алмасуының бұзылуымен және жалпы интоксикациямен сипатталады. Тырысқақ вибрионын 1883 жылы неміс ғалымы Р.Кох осы ауруға шалдыққан науқастан бөлді. Індетті Vibrio cholerae түрінің О1 және О139 «Бенгал» серологиялық топтарының өкілдері тудырады. 1906 жылы Мысырдағы Эль-Тор карантинді станциясында қажылыққа барғандардың нәжісін зерттеу кезінде Ф. және У. Готшлихтер Эль-Тор вибрионын бөліп алды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: