Лекция №4 тақырыбы: шығыс мәдениетіндегі философия феномені

Жоспары:

  1. Ежелгі Үнді философиясының қайнар көздері: ведалар, упанишадалар және т.б.
  2. Ежелгі Үндістандағы философиялық мектептер, ортодоксальдық және ортодоксальдық емес бағыттар. Чарвактар философиясы.

3. Көне Қытай философиясының мәтіндік негіздері және пайда болуы.

4. Даосизм. Конфуцийшілдік философиясы.

Лекцияның мақсаты: Шығыс философиясының қайнар көздерімен танысу. Шығыс мәдениетін және өркениетін оқып білу

  1. Көне үнді қоғамынының өзіне тән ерекшелігі – оның төрт варнаға бөлінуі (Бұл

атау ұзақ уақыт бойы европада “ Каста ” деп қате айтылып келді). Бұлар брахмандар, кшатрийлер, вайшьилер және шудралар. Санскрит тілінен аударғанда варна сөзі – “қабық”,”жабу”, “түс”, “бояу” деген мағынаны білдіреді. Барлық варналардың өздеріне тән бояу белгілері болды. Брахмандардікі – ақ, кшатрийлердікі – қызыл, вайшилердікі – сары, шудралардікі – қара.

Ой еңбегі ең жоғары варна – абыздар – брахмандардың варнасының үлесінде

болды. Әскери іс – кшатрийлер варнасының үлесінде болды. Жер өңдеу, егін егу, қолөнер, сауда – вайшьялар варнасының үлесінде болды. Ал ең ауыр еңбек тек қана шудралар варнасының үлесінде болды.

Брахмандардың қолында моральдық билік болды. Тек брахмандардың ғана қасиетті жазбаларды үйретуге, жасанды түрде күрделендірілген діни рәсімдерді жасауға құқы болды. Ал өзге билік кшатрийлер варнасының қолында болды. Вайшьялар сословиесі өздерінің садақасымен Брахмандарды бағумен болды.

Мұндай әлеуметтік теңсіздік мифологиялық негіздемеге ие болды. Мәселен, Өлім құдайы Яманың патшалығындағы Вайтарани өзенінен вайшья, брахманға сыйға берген сиырдың құйрығынан ұстап өте алады.

Ашрама - Тура жолдағы индустың (үнді мен индусты ажырата білген жөн.Себебі үндіс Үндістанның тұрғыны, ал индус – брахманизм – индуизм дініндегі адам) өмірі – діни өмірдің баспалдақтары ашрамдарға бөлінді.

1) Брахмачарья – үйрену; 2) грихастхата – үй иесі баспалдағы; 3) ванапрастха – орман тақуасының баспалдағы; 4) санньяса – дүниеден безу баспалдағы. Бұл кезде кезбе тақуа – санньясин оң қолында бір-біріне біріктірілген үшеулік аса таяқ ұстаған тақыр кедейге айналады (бхикшу). Біріне-бірі біріктірілген үш бірдей таяқты білдіретін аса таяқ триаданда деп аталады. Бұл ойды, сөзді, істі бақылауды білдіреді.

Ведалар. Ведалар ең ежелгі әдеби ескерткіш (б.з.д. үшінші мыңжылдықта қалыптаса бастады). Кейінірек арийлердің тілі – ведалдық санскритте жазылды. Веда – “білу”, “көру” дегенді білдіреді. Ведалар самхиттерде жинақталған. Самхиттер (құдайларға арналған гимндер). Оның екінші қабаты – “брахмандар” деп аталады. Брахмандар - самхиттерге мифологиялық рәсімдік түсініктемелерден тұрады. Үшінші қабаты – “Араньктар”; төртіншісі – Упанишадалар деп аталады. Араньяктар қандай да бір ”Брахмандарға” қосылып жатты. Ал “Упанишадалар” – “Араньктарға қосылып отырды. Осы аталған қасиетті жазбалар шрути – (яғни тыңдау) деп аталды. Олардың қосымшасы – смрити - ”еске түсіру”. Бұлар рәсімдік, заңнамалық, ғылыми трактаттар болды.

Самхиттер төртеу. Олар:”Ригведа”, - “Самаведа”, “Яджурведа”, “Атхарваведа”.

Ведаларда арийлердің алғашқы социоантрапоморфты дүниетанымы, көркемдік – мифологиялық – діни дүниетанымдық кешен және көне үнді магиясы келтірілген.

Көне арийлік дүниетаным мифологиялық және көпқұдайлық сипатта болды. Мәселен, “Ригведада” үш мыңнан астам құдайлардың аты аталады.

Ведалық құдайлар құбылыстарды және табиғат процестерін, адамдық қасиеттерді және қоғамдық процестерді білдірді.

Ведалық құдайлар арийлер үшін жаратушы емес, дүниені ұйымдастырушы ретінде көрінеді. Ведалық дүниетанымда дүниенің жаратылуында Пурушаның – адам кеңістіктің – алғашқы бастама екендігі айтылады. Құдайлар Пурушиды құрбандыққа шалғанда одан тірі жануарлар мен адамдар, қасиетті сөздер, табиғат заттары мен табиғат құбылыстары пайда болған деп түсіндіріледі.

Упанишадтар – ұстаздың алдында отырып дәріс тыңдау дегенді білдіреді. Шындығында “Упанишадтарда” өсиеттер мен дәрістер өте көп. Көптеген ғалымдар “Упанишадты” философиялық шығарма ретінде қарастырады. “Упанишадтағы” негізгі ұғымдар рационалистік сипатқа ие болғанмен, олар жүйесіз және оларға нақты дәлелділік жетіспейді. “Упанишаданың” құрамы өте күрделі. Әйтсе де “Упанишадта” рәсімділік “Брахманға” қарағанда едәуір аз. Дәстүрлі рәсімділікті келемеждейтін элементтер мұнда өте көп кездеседі.

Атман. “Упанишадта” барлық жаратылыстың бастамасы ретінде көрсетіледі. Ол тек бастама ғана емес, ол субстанция. Упанишадтың дүниетанымы алғашқы идеализмді білдіреді. Алайда мұнда алғашқы бастама – тамақ; су; уақыт; кеңістік, жел, жарық, жер бәрі бірге, материя, яғни өмір сүретін зат. Бірақ бұл дүниетаным асурлар (Диу-жындардың) дүниетанымы болып есептелді. Құдайлар (дева) оларды қабылдамайды. Бұл мәселе келесі сұрақта қарастырылады.

  1. Ежелгі Үндістанда пайда болған жаңадан қалыптасқан мүлік теңсіздігі, үнді

қоғамындағы варналық құрылыстағы әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі, брахман абыздардың озбырлығы кшатрийлердің наразылығын туғызды. Бұл күресте оларды вайшьялар қолдады. Кшатрийлердің дүниетанымы брахмандар дүниетанымынан едәуір айырмашылықта болды. Ол зайырлы болды. Бұл күрес Үндістанның батысында өте жемісті болды.

Көне Үнді философиясының ең кең тараған көне грек термині – “философияның” баламасы. Ол “ даршан ”. Оның кең мағынасы бар. Олар: “көру”, “тану”,”байқау”, “шолу”, “қандай да бір құбылысты алдын ала көру, байқау” және т.б.

Үнді философиясын зерттеуші С.Радхакришнан даршандар туралы “Даршандарға қарап тұрып біз жүйелі ойлаудың үздіксіз және қуатты күшін көреміз” деген ой айтты.

Алайда көне үнді философиясы әлі пісіп жетілмеген еді. Көне үндінің алғашқы философиясында діни – мифологиялық дүниетаным үстем болды. Ол ежелгі үнділерге өз құндылықтарын мойындатып отырды. Оның ең бастысы – азаптан құтылу. Себебі даршандардың көбінің түсінігіндегі өмір ол –азап.

Көне Үнді философиясына көп жылдар бойы әртүрлі мектептердің тоқырау жағдайында бірге өмір сүруі олардың ғылыммен байланысының төмендігі, дәстүрлілік, идеалистік дүниетанымның үстем болуы тән. Сонымен бірге көне үнді философиясының таң қаларлық ерекшелігі бейпіл материализм мен күшті идеализмнің бір-бірімен үйлесуінде еді. Ойлау, зерделеу, қабылдау мен ұғыну және т.б. тәннің туындысы ретінде қарастырылды.

Даршандардың едәуір бөлігіне антирационализм тән болды. Жан бостандығы ақыл-ойдан азат болу арқылы жүзеге асады. Ақыл-ой жанды шектейді дейді даршандар.

Көне үнді дүниетанымында индивидуализм мен жеке адамға орын жоқ.

Даршандар – сөздің тар мағынасында, олар Ведалардың мәртебесін мойындайтын ілімдер. Олар астика деп аталды. Олар үнді философиясының алты классикалық жүйелері: Веданта, миманса, ньяя, байшешика, иоға, санкхья.

Ал сөздің кең мағынасындағы даршандар Үндістанның Ведаларды мойындамайтын ортодоксальдық емес және ортодоксальдық көне философиялық ілімдерінің бәрі ортодоксальдық емес бағыт настика деп аталды. Бұған - бхагаватизм, буддизм және джайнизм жатады. Буддизм мен джайнизм Ведалардың беделін мойындамады. Олар әлеуметтік теңдікті аңсап, қоғамның варналарға бөлінуіне қарсы болды.

Сонымен бірге настикаға чарвактар – локаятиктердің ілімі де жатады. Олар Ведалардың беделін мойындамақ түгілі оны келемеждеді. Олар о дүниеге сенбеді.

Өзге даршандарға қарағанда чарвактар Ведалар мен о дүниенің бар екенін

мойындамай қоймай, сонымен қатар, құдайды да мойындамады. Өздерінің дүниетанымын материя алғашқы, сана екінші тезисі бойынша құрды.

Чарвактар Ведалардың бүкіл дүниетанымын мойындамады. Олардың пікірінше ведалар, жалғандық пен өтірікке көміліп жатыр.

Чарвактар алғашқы бастаманы тек заттық материялдық мәнге телиді. Олар жаратылыстың бәрі төрт бастамадан, жерден, судан және оттан пайда болды деп есептеген. Чарвактар бұларды төрт ұлы мән – махабхут деп атады.

Сана мәселесінде чарвактар оны жоғары дәрежеде ұйымдасқан материяның қасиеті деп есептеді. Сана махабхутадан, яғни төрт элемент қосылғанда пайда болады дейді.

Чарвактар гедонистер болды. Олар өмір мәні бақытты болуда деп есептеді. Мұндай көзқараста олар буддизимге қарама-қарсы болды.

Танымда чарвактар сенсуалистер болды. Олар кез-келген адам санасынан тыс ілімді беделді жоққа шығарды. Керек болса сана да чарвактар бойынша білімнің көзі бола алмайды. Чарвактар барша білімді сезімнен туындайды деп есептеді.

3. Көне Қытайдың алғашқы философиясы ежелгі кітаптармен тығыз байланысты. Олар мыналар: “Әндер кітабы” (Ши цзин), “Тарих кітабы” (Шу цзин), “Өзгерістер кітабы” (И цзин), “Рәсімдер кітабы” (Ли ңзи). Сондай–ақ Чунь ңю “Көктем мен күз” ежелгі Қытайдың атақты “Бес кітапыбын” құрайды. Ол білімді қытайлықтың дүниетанымының негізі болып табылады. “Бес кітапқа”, “И цзинге” қосымша түсіндірме болып табылатын “Сиңы чжуань” және Көне Қытайдың тарихи ескерткіші “Ңзо чжуань” және т.б. қосылады.

Көне Қытай кітаптарында Құдай зұлымдық көзі емес. Сондықтан, Құдайдың құдіреті шектеулі емес деп түсіндіріліп, діни дүниетанымдағы мәңгі проблема – Құдайда мейірімділік пен құдіреттіліктің бірдей болуы, ал дүниеде зұлымдықтың болмай қоймайтыны айтылады.

Көне Қытай дүниетанымында Ян және Инь деп аталатын екі антогонистік және сонымен бірге бір-бірімен байланыстағы күштер жайлы ұғым өмір сүріп жатты. Егер бастапқыда бұл екеуі қараңғылық пен жарықты, таудың күнгей беті мен түскей бетін, жігерлілік пен сылбырлықты, еркек пен әйелдік бастаманы білдірсе, кейінірек бұл “Ци” жағдайын, яғни алғашқы материяны білдірді.

Бірте-бірте, Көне Қытай дүниетанымы үшін маңызы зор “дао” (жол) туралы ұғым дүниеге келеді. Бұл ұғым адамдар мен табиғат бағынатын жақсыз әлемдік заңды білдіреді. Көне Қытай құлықтылығы және мынадай ұғымдармен байланысты. Олар: “Ли”-құрмет, салтанат, рәсім. “Сяо”- ата-ананы құрметтеу, “ди”- ағаны құрметтеу.

Қытайда философия “күресуші патшалықтар” кезеңінде (б.з.д.5-4.ғ.ғ.) пайда болды. Бұл “күресуші патшалықтар” кезеңін, “Қытай философиясының алтын ғасыры” деп атайды. Шынында да сол кезеңде алты философиялық мектеп өмір сүрді. Олар: 1) Жу цзя (Конфуцийшілдік), 2) Мо Цзя (Моизм), 3) Фа Цзя (заң мектебі-легизм), 4) Даодэ (даосизм), 5) “Иньян Цзя” мектебі (натурфилософтар), 6) Мин Цзя (атаулар мектебі).

Бұл философиялық мектептердің көпшілігінде тұрмыстық данышпандықпен, құлықтылықпен, басқарумен байланысты практикалық философия басым болды. Бұл әсіресе Конфуцийшілдікке, моизмге және легизмге тән болды. Бұлардың саяси-этикалық ілімдері әлсіз болды немесе даосизм секілді өзге мектептерден алынды. Даосизм философиялық мектептер ішіндегі ең философиялы болып табылады. Сондықтан алдымен біз осы мектеп жайлы сөз етейік.

4. Даосизм дүниетанымдық мәселеде - дүниенің объективті бейнесіне, оның абстрактылы, философиялық-категориалды аспектісінде - болмысқа, бейболмысқа, қалыптасуға, тұтастыққа, көпшілікке және т.б. ең басты көңілді бөліп, бұдан адамзат қоғамына және оның жүйесіндегі адамға қатысты қорытындылар шығарады.

Даосизмнің негізін қалаушы Лао-Цзы болып есептеледі. Алайда, бірқатар ғалымдардың пікірінше даосизмнің басты еңбегі “Дао дэ цзин” трактаты. (Дао және дэ жайындағы кітап) Лао Цзыға жатпайды. Ол өзге даос Чжуан Цзыға жатады деп есептесе, қытай философиясының тарихын зерттеуші Ян Юн-го бұл трактат барлық даостардың әртүрлі топтарының көзқарастарының жиынтығы деп есептейді. Себебі, бұл трактаттарда Конфуцийшілдік пен Легизмді сынға алу кездеседі. Ал, Даосизм бұлардан бұрын пайда болған болса мұндай сын бұл трктаттарда ұшырамас еді деп есептейді. Біздің пікірімізше жоғарыда келтірген сындар даосизм мектебінің соңғы өкілдерінің бұрынғы трактатқа өзгеріс енгізуінің нәтижесі болуы мүмкін. Қайткенмен де Көне Қытайдың философиялық мектептерінің ішіндегі ерекшесі әрі еекісі осы даосизм болуы мүмкін. Оны мынадан көруге болады. Конфуцийшілдер де, легистер де, моизм өкілдері де “дао” жайында көп айтты. Бірақ “дао” олар үшін Қытайдың даму жолы болған болса, Даостар үшін “дао” – бәріне бірдей ортақ дүниетаным ұғымы. Бұл тек қана аспан астындағы Қытайда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан және бар жаратылыс пен заттардың бастамасы, алғашқы негізі және соңы болып табылады.

Даосизм ілімінде екі дао жайлы ілім бар. Оның бірі көрінбейтін, естілмейтін формасы жоқ шексіздік. Сондықтан ол мәңгі болғандықтан ешбір атауды қажет етпейді. Ол шексіз қозғалыста болады. Даосизмде қарама-қарсылықтар толып жатқандықтан мұнда диалектикалық әдіс те жоқ емес. Екінші дао – ол атауға ие дао, ол барлық заттардың түп негізі. Ол шексіз таусылмайтын, жеңілмейтін, құдіретті. Ол денесіз, тұманды, бос, белгісіз, кішкентай, жасырын, қозғалмайтын, жалғыз болып келетін бірінші даодан осылайша ерекшеленеді.

Екі даоның болуы даосизмде болмыс пен бейболмыс мәселесін туындатады. Бейболмысқа аты жоқ атаусыз дао жатса, ал болмысқа барлық заттардың түп негізі болатын екінші дао жатады.

Даосизмде диалектика бар деп жоғарыда айттық. Алайда, дао “қозғалыстың ең бастысы ол тыныштық” деуіне қарағанда ондағы метофизикалық әдістің басымдау екенін байқатады.

Үйлесімділік, ізгілік (дэ) мәселесінде даосизм қозғалмай-ақ, күреспей-ақ жеңуді насихаттайды. Оның мәні жоғары ізгілікке, үйлесімділікке қолы жеткен адам мейірімділік істеуге тырыспайды. Себебі, оның өзі, табиғатында мейірімді. Дао күреспейді, бірақ жеңіске жете алады.

Даосизмнің әлеуметтік-саяси идеалында да данышпан билеуші білімсіз, өз жолымен тіршілік ететін халық туралы айтылады. Ең жақсы билеуші - бәріне өз табиғи жолымен жүруге мүмкіндік береді. Нағыз билеуші бәрінің алдында жүреді. Себебі даоға еліктеу арқылы ол өзін бәрінен төмен ұстайды.

Білім мен еңбек құралдарының дамуына даосизм қарсы болады. Білім теңсіздікке ал ол өз кезегінде халықты теңсіздікке алып келеді дейді. Бақытты өмір сүрудің кепілі - ол табиғат аясында өмір сүру.

Дегенмен бұл ілімде қарама-қайшылықтар өте көп кездеседі. Бірақ оның негізгі ойы мәлім. Ол даоның алғашқы екендігі ол аспаннан да алғашқы болып табылады.

Қытай философиясының атасы болып есептелетін Кун фу-цзы б.з.д. 551-479 ж.ж. өмір сүрген. Аңыздардың айтуынша Лао-цзыды құрмет тұтып, оның әңгімелерінен көп өнеге алған. Аспан мен рухқа байланысты Кун фу-цзы дәстүрді сақтады. Аспан ол үшін жоғары күш. Ата-баба әруағын қастерлей отырып, Кун фу-цзы олардан алысырақ жүруді ұсынады да, тірі адамдарды бірінші орынға қояды. “Адамдарға қызмет етуді үйренбей жатып, әруақтарға қызмет етуге бола ма?” дейді Кун фу цзы.

Конфуцийшілдіктердің қоғамдық көзқарасының ортасында, адамдар арасындағы қарым-қатынас, тәрбие және басқару мәселесі тұрды. Осы мәселелердің оң шешімін табу үшін Кун фу цзы өзінің іліміне сүйенеді. Оның негізгі принциптері “бірін-бірі түсінісу”, “алтын орта” және “адам сүйгіштік”.

Кун фу цзы адамның жетілген образын қалыптастырады. Ол “Ңзюнь-цзы – бекзаттық ер мінезді адам”, мұны Кун фу цзы – жай немесе “төмен” адамға қарсы қояды. Бұл сяо-жәнь “Бекзаттық ер мінезді адам “ бұл тек этикалық емес ол саяси ұғым да болып қалыптасқан. Ол билеуші топтың мүшесі. Ол халықты әділетті басқару арқылы өзінен төменгілердің ашу-ызасын, наразылығын туғызбайды. Егер билеуші ағайындарына тиісті түрде қараса халық арасында адамсүйгіштік қалыптасады. Егер де билеуші достары жайлы ұмытпаса халықта арам ниет болмайды. Егер де билеушілер “дао” бойынша жүрсе халық қор болмайды” дейді Кун фу цзы.

Білім мәселесіне келгенде Кун фу цзыды табиғат жайлы таным онша қызықтырмайды. Ол білімнің үш түрі бар екенін айтады: біріншісі тумысынан білімді болу. Ондай білім дарыған адамдар бәрінен жоғары тұрады. Одан кейін оқып үйрену арқылы келетін білім. Үшіншісі - шаруалар мен қолөнершілерге тән өмір тәжірибесінде қалыптасатын білім.

Кун фу цзы бойынша мемлекетті басқарудың ең басты әдісі үлгі көрсету мен көз жеткізе білу деп саналады. Ол мәжбүрлеу мен күштеуге қарсы болды. Ол “принципі жоқ адамдарды өлтіруге қалай қарайсыз” деген сұраққа: “Мемлекетті басқара отырып адамдарды өлтіруге болмайды. Егер сіз мейірімділікке ұмтылсаңыз халық та мейіірмді болады” деп жауап берді.

Кун фу цзыдың ілімін жалғастырушы Мэн Цзы және Сюнь Цзы деген ізбасарлары болды.

Бақылау сұрақтары:

1. Үнді қоғамының варналарға бөлінуі және қоғамдағы олардың орны

2. Үнді қоғамындағы ортодоксальді және бейортодоксальді мектептер

3. Буддизм философиясы

4. Конфуцийшылдықтың әлеуметтік-этикалық сипаты.

5. Даосизм, моизм және легизм мектептері және олардың айырмашылықтары


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: