Тірек лекциялар 2 страница

Осы анықтамаларға сүйеніп, философиялық білім және оның негізгі белгілері туралы тұжырымдар жасасақ:

1) Философия даналықпен, ақыл-оймен байланысты. Философия тер-минінің өзі грек тілінен аударғанда рһіlео - сүйемін, s орһіа - даналық дегенді, басқаша айтсақ, даналыққа құштарлы дегенді білдіреді.

2) Философияның басы - таңдану. Сократ "Менің білетінім - мен ештеңе білмеймін" дегендей, танданған адам заттың, құбылыстың себебіне тереңдеп үңіледі, философиялық пайымдау жасауға ұмтылады.

3) Философиялық білімге еркіндік, тәуелсіздік тән.

Адам философиялық білім жинауға өз еркімен ұмтылады. Тәуелділік философияны көркейтпейді. Кеңестік кезеңдегі философияның мазмұны бұл пікіріміздің жақсы мысалы.

4) Философия ақылды ойлау мәдениетін қалыптастырады. Бұл - байыпты, ғылыми, толерантты, еркін, творчестволық ойлау.

5) Философия жауабын табу қиын, тез арада шешу мүмкін емес, күрделі мәселелерді зерттеумен айналысады. Мысалы, адам өмірінің мәні мәселесі, табиғат, қоғам, және адамның арақатынасы мәселесі мәңгілік мәселелер болып саналады.

Философияның анықтамасы: Фшософия - бар болып отырганды (сущее) тұтас, элементтері бірі-бірімен тыгыз байланысты түрде қарас-тыратын, оның даму заңдылықтарын зерттейтін гылым.

Осы бар болып отырғанның арасындағы басты элемент - Адам, сондық-тан ол философияның ең басты зерттеу объектісі. М.Әуезов: "Философия... -кең ақыл, терең қиял шығарған, адамның жанын тәрбиелейтін, жүрегін ағар-тып, адамшылығын арттырып, ақтылыққа сүйрейді. Философия:

1) адамның қайдан жаралғанын шешпек;

2) адамның жанын, ішкі халін тексермек;

3) адамның дүниеге келген мақсатын тексермек.

Философия адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстаған шамшырақ" дейді.

Бұл ойларды неміс философы И.Канттың сөздерімен толықтыруға болады:

1) Мен не біл е аламын?

2) Мен не істеуім керек?

3) Мен не нәрсеге үміттене аламын?

4) Адам дегеніміз не?

Бірінші сұраққа метафизика жауап береді, екіншісіне мораль, үшіншісіне - дін, төртіншісіне - антропология. Бірақ осының бәрін антропологияда жинақтауға болады, себебі алдыңғы үш сұрақ соңғыға кіреді....Адамға аса қажет білім болса, ол мен оқытып отырған, адамға дүниеден өз орнын табуға көмектесетін ғылым және одан адам болу үшін не істеуді үйренуге болады".

Философияның функциялары

1) көзқарастық - философиялық көзқарас көзқарастың жоғарғы деңгейі болып табылады. Көзқарас - адамның өзі, қоғам, дүние туралы өзіндік ой-пікірлерінің күрделі құрылымнан тұратын жиынтығы. Оның құрамдас бөліктері ретінде білімді, ақыл-ойды, сезімдерді, үміт-ұмтылыстарды, наным-сенімдерді, құндылықтарды, күдік-күмәндарды және тағы басқаларды атауға болады. Көзқарастың мифологиялық, діни түрлері белгілі, олардың да адам өміріндегі маңызы ерекше. Бірак философия ғана жан-жақты, ғылыми, терең, толыққанды көзқарасты қалыптастырады.

2) рациональды жүйелеу - философия адам тәжірибесін теория­лық

деңгейде тұжырымдайды, ғылыми емес, қарапайым бақылаулардың және ғылыми танымның нәтижелерін философиялық деңгейде қорытып-сараптайды, дұрыс-бұрысын айырып, белгілі бір жүйеге қелтіреді.

3) сыни - философиялық ұғымдар мен категорияларды, зандарды игеру, философия тарихымен, оны жасаушы философиялық тұлғалармен танысу, олардың ілімдерін зерттеу адамға өз өміріне, қызметіне, қоғамдағы орнына тереңірек үңілуге, сыни тұрғыдан талдауға үйретеді. Философия ғылымының көмегімен адам өз өмірін қайта құруға талпынады деуге болады. Ол жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігін сыни сараптан өткізеді, адам мен қоғамның ақиқатқа жету жолындағы қателіктерін жоюға ықпал етеді.

4) болжам жасау - философия жеке адамның да, бүкіл қоғамныңда болашағын болжауға септігін тигізеді, жаңа көзқарас-идеялардың негізін са-лады. Әрине, болашақты түгелдей жоспарлау мүмкін емес. Бірақ философи-яның көмегімен адам өзінің басты мақсаты - саналы тіршілік етуші адам атына сай өмір сүру сатыларын, өмірлік мақсаттарын, қысқа өмірде қажет болатын негізгі ұстанымдарын жалпы түрде болса да анықтап алады.

5) гуманистік - философия адамды дүниедегі ең басты құндылық деп таниды. Философия ғылымының көмегімен адам өзін ардақтауды, өзімен бірге өмір сүріп отырған басқа адамдарды бағалауды, өзінің бойында адамшылық қасиеттерді тәрбиелеп-дамытуды үйренеді.

6) практикалық - неміс философы Гегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы деп ойлаймыз. Жан-жағынан адам, өмір, қоғам, дүние, табиғат туралы түсініксіз сұрақтар қаумалап, өмірден, қоғамнан өз орнын таба алмай қиналған қазіргі заман адамына құрғақ теориялар мен шым-шытырық абстракциялардан пайда шамалы, оған өзінің кім екенін, дүниеге келгендегі мақсатын түсіндіріп беретін, алдынан күнбе-күн тосып отырған қиыншылықтарды жеңуге көмектесетін, бір сөзбен айтсақ, практикалық сипаты бар философия қажет. Бірақ, бұл пікірден философия күйбең тіршіліктің пендешілік қажеттіліктерін түсіндіруді қанағат тұтып қоюмен шектелуі қажет деген тұжырым туындамауы керек, керісінше, ол әрбір адамды терең толғаныс-ойларға жетелеп, өткінші нәрселерден мәңгілік, мызғымас құндылықтарға бойлауға шақыруы тиіс.

Философияның адам мен коғам өміріндегі орны аса зор:

1) философия жеке адамның, әсіресе, жоғары оқу орында білім алушы маманның Тұлға ретінде қалыптасуына маңызды ықпал етеді.

2) Философия адамға өмірлік бағыт-бағдар береді.

3) Философия дұрыс, ақылды ойлай білуге, өзі туралы тереңірек ой-лануға әсерін тигізеді.

Швейцария философы Ю.Бохенский философияның қоғамдағы, адам өміріндегі рөлі туралы айта келіп, ұғымдар әлемінде өзімен-өзі өмір сүруші, адамдардың көбі үшін түсініксіз жан ретінде қабылданатын қарапайым философтың1 оны қоршаған басқа адамдардың, жалпы қоғамның санасына күшті әсер ететіндігін ескертеді, философ өз ойымен әуелі бір адаммен, сонан соң екінші, үшінші адаммен, бірте-бірте бүкіл қоғаммен бөлісіп. философиялық ой көпшілікке түсінікті болған жағдайда бүкіл адамзаттың бейнесін өзгерте алады деген болатын.

Жоғары білім беру саласында дайындалған маманның кәсіптік дең-гейімен бірге адамгершіліктік-рухани және әлеуметтік келбетінің де биік болуы қазіргі кезеңде ерекше өзекті. Осы тұрғыдан алғанда университет қабырғасында білім алушы жастардың қарапайым индивидпенде емес, өзіне, қоғамға, өмірлік процеетерге деген терең көзқарасқа ие тұлға болып қалыптасуына айқындаушы әсер ететін философия ғылымы мен оны жастарға жоғары оқу орындарында оқытатын философ мамандарға қойылып отырған талаптардың маңызы арта түсіп отыр.

Философия пәні бойынша бакалавриат сатысына арналған бағдарламада негізгі назар философия тарихын зерттеуге аударыла бастады, бұл қадам дұрыс деп ойлаймыз. Белгілі философ К.Ясперстің пікірінше, "философия тарихы - философиялық пайымдаудың маңызды элементі. Өткенге, тұтастың ең биік дүние-туындылары мен мүмкіндіктеріне үңілу арқылы ғана өз бойыңдағы айқындық пен кеңдік мүмкіндігін анықтауға болады" (К.Ясперс. Всемирная история философии. СПб.. 2000, 258 с).

Философияның басқа ғылымдардан бір ерекшелігі - ол өзінің өткенін ешқашан жоққа шығармайды, керісінше, оны саралап, өзінің болашақ да-муына қажетті ой-пікір, көзқарас, идеяларды алып отырады. Философия тарихында адам ойының керемет жетістіктері, ең биік үлгілері жинақталған, бірақ олар танушы тұлғаның философиялық ойлау процесін шектемейді, оның шарықтауына, тұлғаның өзіндік "Менін" көрсетуіне шексіз мүмкіндік-кеңістік ашады.

Философия тарихын құрайтын философиялық тұлғалар. Философия-лық ой біз үшін оны пайымдаған тұлғалар арқылы ғана мәнді, себебі білімді жинақтайтын нақты адамдар және олардың өзіндік ерекшеліктері, басқаға ұқсамайтын жеке қасиеттері көбірек болған сайын ғылым мен мәдениетке қосатын үлестері де маңызды және мол бола түседі. Философиялық тұлғалардың, К.Ясперстің сөзімен айтсақ, "философия кеңістігіндегі субстанциялардың" қайталанбас дүниесіне үңілу, жеке өмірі

мен шығармашылығын талдау, тіпті кейбір биографиялық кезеңдеріне назар аудару танушы субъектінің тұлғалық қалыптасуына маңызды әсер етеді. Мысалы, Сократ, И.Кант, Л.Толстой, Абай, Шәкәрім және тағы басқа ойшылдардың ақиқатқа жету жолындағы адами және ғылыми тазалығы, философиялық ізденіске деген құштарлығы мен құрбандығы жастарға ой салып, олардың тұлғалық келбетінің қалыптасуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Философия тарихы біздің танымымызды тарихи тұлғалардың шығар-малары, тағдыры, мінез-құлқы, өмір салты арқылы ашылатын өмірлік құндылықтармен толықтырады. Танушы субъект философияның көмегімен өз өмірін саналы түрде қайтадан, бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейде түсінуге жол табады. Осы ойымыздың мысалы ретінде тұлғаның өмірмәндік түсініктерінің қалыптасуындағы философияның рөлін айтсақ та жеткілікті.

Философия тарихын зерттеу тұлғаның бойында адамшылық ереже-лерінің жетіліп-дамуының да ішкі қозғаушы күші бола алады. Жеке фи-лософиялық тұлғалардың моральдық ілімдерін, олар теориялық деңгейде зерттеп қана қоймай, іс жүзінде ұстанған парыз, әділеттілік, мейірімділік, адалдық, өзіне ғана емес, басқаларға да қызмет ете білу, жан-жақты жетілгендікке ұмтылу және тағы басқа моральдық принциптерді танып-білу, оны өзіндік өмірлік тәжірибеде жүзеге асыруға, мақсаттық жүйеге айналдыруға талпыну - индивидтен бірте-бірте тұлғаның қалыптасуына қажетті құрылымдар.

Философия тарихы адамның бойында еркін ойлау принциптерін қалыптастыруға ерекше ықпал етеді, себебі философия - рухтың жоғарғы еркіндігі саласы жоне философия тарихы еркін ойлау мен еркін өмір сүрудің тамаша үлгілеріне толы.

Еркіндік мәселесі - философия ғылымы ғасырлар бойы зерттеп келе жатқан, әлі шешімі табылмаған, маңызы қазіргі заманда арта түсіп отырған "мәңгілік" мәселелердің бірі. Философиялық ойлауға тән ашықтық, сыни верификация, реализм, скептицизм, өзін-өзі сынай білу философияны игеруші субъект-тұлғаның рухани дүниесінің қалыптасуына айқындаушы әсер етеді. Философия адамға өз өмірі мен тағдырын өзі айқындауға мүмкіндігі бар екендігін, таңдау еркіндігі адамның өз қолында екендігін түсіндіреді. Бұл мәселе, әсіресе, кішкентайынан тиым салу ережелерінің қатаң шеңберінде тәрбиеленетін қазақ балалары үшін аса маңызды екенін атап өту керек. Қорқыту, тиым салу арқылы емес, саналы еркіндіктің көмегімен ғана қоғамның еркін азаматтарын қалыптастыруға болады. Әрине, абсслюттік еркіндік мүмкін емес, бірақ саналы еркіндікке ие адам ғана өзінің индивидуалдылығын қоғамдық деңгейде жүзеге асыратын тұлғаға айналады.

Ойымызды қорыта келсек, философия гылымы адамга өзі өмір сүріп отырган орта - табигат пен қогамның даму заңдылықтары туралы, өзінің осы жүйеде алатын орны, өмірі, өмірлік мақсат-міндеттері туралы жан-жақты теориялық білім беретін, адамның көзқарасын қалыптастыратын, сонымен қатар практикалық сипатқа ие, қазіргі заман адамына аса қажетті гылым болып табылады.

2-ТАҚЫРЫП

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ НЕГІЗП ҰҒЫМДАРЫ

(Лекция слайдтармен қамтамасыз етілген)

1. Көшпелі өмір салты - қазақ дуниетанымының қалыптасуының алгы шарттары.

2. Қазақ халқының өмір сүру салтымен байланысты категориялар: Өмір, Өлім, Араласу, Намыс, Парыз, Кісілік.

Қазақ дүниетанымы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Ғылы-ми әдебиетте көшпелі өркениет туралы ортақ түйін-тұжырым жоқ. Евро-поцентризм көшпелі мәдениет туралы жағымсыз пікір қалыптастырғаны белгілі.

Шындығында, салмақты сараптау жүргізсек, көшпелі өмір салтының ерекшеліктері, мәдени-шығармашылық потенциалы өте мықты екендігін және оның қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының қалыптасуына негіз болғанын көреміз.

1) Көшпенді қазақ халқы табиғатпен біртұтас, "адам -дүние" пара-дигмасын ұстанып өмір кешті және осы ерекшелік айқындаушы болды.

2) Көшпелілік қозғалыспен тығыз байланысты, ал қозғалыс жетілген-дікке, жаңаруға үздіксіз ұмтылыс.

3) Көшпелілік өмір салтына практикалық сипат береді.

4) Көшіп-қону, ұзақ жол қазақтардың бойында шыдамдылық, өзара түсіністік, қамқорлық, ұйымшылдық, тәртіптілік және тағы басқа адам-гершіліктік қасиеттерді тәрбиеледі.

5) Отырықшылықта билік, еркіндікке ұмтылу мәселесі туындайды, ал көшпелі қоғамда адамдардың арасындағы қатынастар салт-дәстүрлер арқылы басқарылып, реттеліп отырды.

6) Көшпелі өмір кеңістігінің шексіздігі ерекше мәдениеттің, өнердің, шығармашылық шабыттың шарықтауына негіз болды.

Қазақ халқының философиялық дүииетаннмының басты категориясы өмір.Адам өмір кешіп жатқан дүние -құндылыктар дүниесі. Материалдық

және руханилық болып бөлінетін осы құндылықтардың ең бастысы - өмір. Ол өзінен басқа құндылықтардың өмір сүруіне қажетті бірден-бір шарт және өлшем, өмір болмаса, құндылықтар да жоқ. Осы тұрғыдан талдасақ, адам үшін ең басты құндылық, ең бағалы нәрсе -өмір. Қазақ халқы өмір мен өлімді салыстыра келіп. "Мың күнгі тамұқтан бір күнгі жарық", "Өлі арыстаннан тірі тышқан" немесе "Тірі адам тіршілігін жасайды" деп, өмірді жоғары бағалайды.' Қазақтың түсінігінше, адам тіршілікте өзінің өмірін барлық бағыттарда мүмкіндігінше өміршең етіп жаюы керек, өмір туралы көбірек ойланып, оның әр күнін бағалап, мандайға жазылған өмірді гүлдендіруге, жандандыруға, мәнді өткізуге ұмтылуы тиіс. Бұл іс адамның өз қолында. Өмірге мән беретін адамның өзі, оның іс-әрекеті. Дүниеге екі келмек жоқ, өмірден өз таба білуге адамның өзі жауапты.

Қазақ халқы өмірді бейнелеу үшін "дүние" ұғымын да қолданады. ("Дүние" ұғымы болмысты, материалдық байлықты, бүкіл әлемді бейнелеу үшін де қолданылатынын ескерте кеткен дұрыс). Дүние-өмірдің ерек-шеліктерінің бірі - оның өткіншілігі, "дүние-жалған", "сүм дүние", "өттің дүние", "дүние-арман" сөз тіркестері осыны жеткізеді, өмірдің шолақтығын, көзді ашып-жұмғанша өте шығатынын ескертіп, оны бағалап, қадірлеуге шақырады. Қазақтың қара өлеңдерінен мысалдар келтірсек:

Ойлап тұрсам дүние бір қызғалдақ,

Дүние үшін біз жүрміз жанды жалдап.

Оралыңның барында ойна да күл,

Өте шығар бұл дүние аз күн алдап.

Жанып тұрған жастық шақ алқызыл гүл,

Сипаттауға сымбатын жетпейді тіл.

Өміріңнің қадірін біле білсең,

Өкінішпен дүние өтпейді құр

немесе,

Бұл дүние жеткізбейтін арман дүние,

Бұрынғы бабалардан қалған дүние.

Бірақ қазақ өмірді "желдей есіп өте шығар", "қамшының сабындай қысқа","дүние арман" деп түсінумен шектелмейді. "Дүние-арманға" мән беретін нәрселер ретінде қазақ халқы еңбекті, сүйікті жарды, жақсы досты, басқалармен сыйласып өмір сүруді және тағы басқа асыл қасиеттерді атайды:

Дариға, дүниеге неге келдім,

Келдім де бір жемтіктің соңына ердім.

Сене алмай, сендім деуге дос таба алмай,

Екенін фәни-жалған енді білдім, - дейді.

Өмірдің құндылығын және оның мәнін анықтаушы - өмірмен диа-лектикалық бірлікті құрайтын өлім.Ол өмірден тыс нәрсе емес, үнемі қатар жүріп отырады, өмір бар жерде өлім міндетті түрде бар, ол өмірдің екінші жағы. Философия ғылымында өлім мәселесі өмірдің мәні секілді "мәңгілік", шешімі қиын мәселелер қатарында. Қазақ қашанда өлімді өткінші өмірдің заңды нүктесі деп философиялық сабырлылықпен қабылдады. Өлім бар екен деп өмірді жоққа шығару, өлімнен қорқу қазақи дүниеде көп кездеспейді. Өлім алдындағы субъективтік үрей мен күйзелісті қазақ халқы мәселенің жан-жағына терең үңіліп, байыпты көзқарас қалыптастыру арқылы жеңіп отырды. Қазақтың түсінігінде өлімді жеңетін мәнді, адамшылыққа, өзіңе ғана емес, айналаңа, халқыңа жасаған жақсылыққа толы өмір. "Қайда барсаң да Қорқыттың көрі" деп шектеулі өмірмен күрескен Қорқыттың, сүйікті ұлы Әбдірахманнан айрылып, қайғыға шөккен Абайдың:

Ұзақ өмір не берер,

Көрген, білген болмаса?

Жатқан надан не білер,

Көңілге сәуле толмаса?

деп, немесе:

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым өкінбен,

Толғамалы балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен,

Тобыршығы биік жай салып

Дүспан аттым, өкінбен,

Бүгін сонды өкінбен,

Өкінбестей болғанмын,

Ер Мамайдың алдында,

Шаһид кештім, өкінбен!

деп, өмірін ел тәуелсіздігі үшін құрбан еткен батырлардың өлімге көзқарасы осы ойымыздың дәлелі.

Араласу категориясы қазақ дүниетанымында адам мен қоғамның, адам мен адамның арасындағы қарым-қатынасты бейнелейді. Адам болмысының өзі үнемі дамып, өзгеріп және жаңарып отыратын араласу процесі, ол адамның мәндік ерекшелігі. Адам өз болмысының құпияларын өзін

қоршаған ортадан оқшау, тұйық жағдайда толық ашуы, көрсете алуы мүмкін емес, адам қоғамда ғана толық қалыптасады. Адам болмысы араласу арқылы, оның өзіндік "Менінің" "Басқамен" үздіксіз жүріп отыратын диалогында ғана айқындалады. Адам өзін қоршаған ортамен: табиғатпен, қоғаммен, басқа адамдармен араласуға мәжбүр деуге болады.

Ежелден араласуға құмар қазақ халқы оны жоғары бағалады. Араласу - қазақ халқы үшін өмірдің мәні, басты құндылықтардың бірі және қазірге дейін солай болып қалып отыр. Бұл категорияны белгілі қазақ философы Қ.Ш.Нұрланова өте жақсы талдап, оның бес деңгейін көрсетті: қ арым-қатынас, келіп-кету сіз-біздесу, араласу іштесу. Араласу қазақ үшін терең мазмұнға ие, ол емір кеңістігінде өзінің туысқандарымен, отандастарымен, адамзаттың басқа өкілдерімен бірге өмір сүру тәсілі. Қазақ араласуға неге құштар деп ойлансақ, оның негізінде малдың қамымен ұзақ уақыт бойы табиғат аясында оқшау өмір кешу жатыр. Сол себепті қазақ халқы басқалармен кездесудің, жүздесудің әрбір сәтін қастерледі. өз ұрпағын "кісікиік" болып, жалғыз өмір сүрмей, араласу арқылы адам қоғамында бақытты өмір сүруге шақырды деуге болады.

Намыс - қазақ халқының түсінігінде ең жоғарғы адами қасиеттердің бірі, тіпті ең бастысы десек, қателеспейміз. Қазаққа әлі күнге дейін күш беретін екі қасиет - намыс пен аруаққа сиыну. Намыс өз бойына сан қырлы биік мағыналар мен асыл құндылықтарды жинақтаған. Ол қазақ өмірімен біте қайнасқан, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұғым. Қазақ тілінде намыстай жиі қайталанатын сөздің өзін атау қиын, ол қазақ табиғатының ажырамас бөлшегі.

Соған қарамастан, намыс категориясы ғылыми тұрғыдан мүлдем зерт-телмеген. Намыстың ғылыми сипаттамасын беруге талпынсақ, оны әрбір адамның өзінің еркіндігі мен тәуелсіздігін, рухы мен жанын, ар-ұяты мен сенімін, саналы тіршілік етуші ретіндегі "Менін" аса жоғары, асқақ, өр дәрежеде қадір тұту, қастерлеу сезімін ақыл-оймен ұштастырып, сана деңгейінде игере білуі деген анықтама беруге болады.

Намыстың қарапайым түсінігі тек сезіммен байланысты қарастыры-лады. Жалған намыс осы сезім деңгейінен көтеріле алмайтын, ақылдың бақылауынан шығып кететін, соның нәтижесінде адамды адастыруы мүмкін намыс. Ақиқат намыс жалған намыстан жоғары, ол ақылмен үндеседі, оған бағынады. Мұның жақсы мысалдарын қазақ халқының қаһармандық және лиро-эпостарынан табуға болады. Эпостарда намыс батырдың қарапайым ішкі "Менінің" көрінісі ғана емес. Қазақ батыры әдетте ер мінезді, қызба, көзсіз ер, оның намысы рухани-психологиялық күш ретінде, бейсана деңгейде сыртқа шығады. Жеке басының намысына шаң тигенде ол ештеңені де мойындамайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: