Жалпы ережелер. 243. Әскери бөлімде уақытты бөлу оның ұдайы жауынгерлік әзірлігі қамтамасыз етілетіндей және жеке

243. Әскери бөлімде уақытты бөлу оның ұдайы жауынгерлік әзірлігі қамтамасыз етілетіндей және жеке құрамның ұйымдасқан жауынгерлік оқу-жаттығуын жүргізу, жарғылық тәртіпті, әскери қызметшілердің әскери тәртіп пен тәрбиесін ұстау, олардың мәдени деңгейін, жан-жақты тұрмыстық қызмет көрсетуді арттыру, уақтылы демалуы мен тамақ ішуі үшін жағдайлар жасалатындай етіп жүзеге асырылады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің апта сайынғы қызмет уақытының жалпы ұзақтығы заңнамамен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығынан аспауы тиіс, ал мерзімді қызмет әскери қызметшілері қызмет уақытының ұзақтығы әскери бөлімнің күн тәртібімен айқындалады.

Әскери қызметшілерге (мерзімді әскери қызметтің, әскери оқу орындарының курсанттарынан басқа) апта сайын кемінде бір тәулік, бірақ айына кемінде алты тәулік демалыс беріледі.

Жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет, тәуліктік нарядтағы қызмет, кемелердің оқу-жаттығулары, жорықтары, жауынгерлік әзірлік және жауынгерлік даярлық жөніндегі сабақтар апта сайынғы қызмет уақытының жалпы ұзақтығы шектеусіз жүргізіледі.

Әскери бөлімнің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігімен тікелей байланысты жедел іс-шаралар оның командирінің (үлкен бастықтың) жазбаша бұйрығы бойынша тәуліктің кез келген уақытында аға командирге (бастыққа) дереу баяндаумен орындалады.

Апта сайынғы қызмет уақытының белгіленген ұзақтығынан артық, демалыс және мереке күндері әскери қызмет міндеттерін орындауға тартылған офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге бөлім (бөлімше) командирінің шешімімен, әскери қызметшілердің қызметі мүдделері мен тілектерін ескере отырып, аптаның басқа күндері демалыс беріледі. Демалыс ұзақтығы демалыс және мереке күндері қызметте өткізілген уақыттан немесе қызмет уақытының белгіленген ұзақтығынан артық болмауы тиіс.

Әскери қызметшілерді белгіленген уақыттан артық, демалыс және мереке күндері әскери қызмет міндеттерін орындауға тарту, сондай-ақ оларға аптаның басқа күндері демалыс беру бөлім бойынша бұйрықпен ресімделеді.

Күн тәртібі, қызмет уақытының регламенті

244. Әскери бөлімде бір тәулік, ал кейбір жағдайлар бойынша апта ішінде уақыт бөлу күн тәртібімен және қызмет уақытының регламентімен жүзеге асырылады.

Әскери бөлімнің күн тәртібі әскери бөлім бөлімшелері мен штабы жеке құрамының күнделікті қызметінің, оқу-жаттығуы мен тұрмысының негізгі іс-шараларын орындау уақыты бойынша айқындалады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламенті күн тәртібіне қосымша осы әскери қызметшілердің әскери қызмет міндеттерінен туындайтын негізгі іс-шараларды орындау мерзімі мен ұзақтығын белгілейді.

Күн тәртібі мен қызмет уақытының регламенті әскери бөлім командирінің немесе жоғары тұрған штабтың бұйрығымен әскери бөлімнің алдында тұрған міндеттерді, жыл мезгілі мен жергілікті жердің климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленеді.

Олар оқу-жаттығу кезеңіне әзірленеді және әскери бөлім командирімен немесе жоғары тұрған штабпен жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет, тәуліктік нарядта, қарауылда қызмет атқару және оларды орындау ерекшелігін ескере отырып, басқа да іс-шаралар уақытына нақтыланады.

Жауынгерлік оқ атулар, далалық шығулар, кемелердің оқу-жаттығуларын, маневрлерін, жорықтарын өткізу кезеңіне күн тәртібі жауынгерлік жағдайға сәйкес жасалады.

Әскери бөлімнің күн тәртібі тәуліктік нарядтың құжаттамасында, ал офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламенті – әскери бөлімнің штабында және кеңселерде, бөлімше орналасқан жерлерде, жатақханаларда болады.

245. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің күн тәртібінде жеке құрамды ұйқыдан тұрғызуды жүзеге асыру, таңертеңгі дене жаттығуын өткізу, таңертеңгі және кешкі жуыну, таңертеңгі тексеру, алты сағаттық оқу сабақтары, оларға өз бетінше даярлану, арнайы (жұмыс) киімін ауыстыру, аяқ киімді тазалау және тамақ ішу алдында қол жуу, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы күту, тәрбие, бос уақытты мәдени өткізу және спорттық-көпшілік жұмыстары, жеке құрамды ақпараттандыру, жаттықтыру, радио тыңдау және телебағдарламаларды көру, медициналық пункттерде сырқаттарды қабылдау, әскери қызметшілердің жеке қажеттіліктері (екі сағаттан кем емес), кешкі серуендеулер, тексерулер және ұйықтау үшін сегіз сағат уақыт көзделуі тиіс.

Тамақтану арасындағы уақыт аралығы жеті сағаттан аспауы тиіс.

Түскі астан кейін кемінде отыз минут уақыт ішінде сабақтар немесе жұмыс жүргізілмеуі тиіс.

246. Офицерлердің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламенті олардың қызметке келу және одан кету уақытын, тамақтануға арналған үзіліс (түскі ас), дербес даярлану (аптасына төрт сағаттан артық емес), күн сайын сабақ өткізуге даярлануға және дене дайындығына (аптасына жалпы үш сағаттан кем емес ұзақтықпен) уақыт көзделуі тиіс.

Қызмет уақытының регламентін айқындау кезінде әскери қызметшілердің күн тәртібіне сәйкес лауазымдық міндеттерін, сондай-ақ әскери бөлімді (бөлімшені) ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстауға бағытталған іс-шараларды орындау қажеттілігі ескеріледі.

Жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқару және тәуліктік нарядта қызмет атқару кезінде қызмет уақытының регламенті жалпыәскери жарғылармен және тиісті нұсқаулықтармен айқындалады.

Тәуліктік наряд құрамына кірмейтін офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің әскери бөлімдегі және бөлімшедегі тәулік бойы кезекшілігіне, сондай-ақ қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауын қоспағанда, әр түрлі жауапты адамдардың оларды тағайындауына тыйым салынады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді казармалық жағдайға көшіру тек жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейлерін енгізу жағдайларында немесе әскери бөлімнің жауынгерлік оқу-жаттығу жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде жүзеге асырылады.

247. Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызмет уақыты регламентімен айқындалған кезеңде өзінің әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындайды.

248. Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстау мақсатында әскери бөлімде барлық жеке құрамды тартумен кемінде айына екі рет парктік күндері өткізіледі. Оны өткізу үшін толық жұмыс күні бөлінеді. Жеке құрамды парк күнінің іс-шараларын орындаумен байланысты емес жұмыстарды жүргізуге тартуға тыйым салынады.

Әскери бөлім штабы бөлім командирлерінің орынбасарларымен және әскер тектері және қызметтер бастықтарымен бірлесіп алдын ала парк күнінің жоспарын әзірлейді, онда: мақсаты, негізгі міндеттер, сондай-ақ лауазымды адамдардың қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, басқа да материалдық құралдардың барлық түрлерінің, техникалық аумақтың (күзетілетін объектілердің), парк элементтерінің, жауынгерлік даярлықтың оқу-жаттығу (техникалық) құралдарының, қоймалардың жай-күйін қарап тексеру және ұстау жөніндегі іс-шаралар, экипаждардың, есептоптардың, жүргізушілер мен мамандардың оларға қызмет көрсету және анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі жоспарлы жұмыстарын орындауы көрсетіледі. Бекітілген жоспарлардың көшірмелері бөлім, басқарма және бөлім бөлімшесі командирлерінің орынбасарларына жеткізіледі. Парктік күнді өткізу жоспары бөлім және парк бойынша кезекшіде болады.

Парк күнін өткізу күні бөлімнің жеке құрамының таралымы паркте немесе оның маңында жүргізіледі. Жұмыстарға басшылық жасауды бөлім командирінің жеке өзі жүргізеді.

Бөлім командирінің орынбасарлары, басқарма офицерлері бағынысты бөлімшелер мен қоймаларда іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді.

Одан басқа, әскери бөлімде апта сайын оқу-жаттығу, оқу-жаттығу-жауынгерлік, оқу-жаттығу саптық, көлік пайдалану топтарының қару-жарағына, әскери және басқа техникасына қызмет көрсету, парктерді, қоймаларды, оқу материалдық-техникалық базасының объектілерін жабдықтау және көріктендіру, әскери қалашықтарды тәртіпке келтіру, басқа да жұмыстарды жүргізу мақсатында парктік-шаруашылық күні өткізіледі. Осы күні барлық үй-жайларды жалпы жинау, сондай-ақ жеке құрамның моншада жуынуы жүргізіледі.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер парктік-шаруашылық күні іс-шараларына оларға айына кемінде алты демалыс күнін беруді ескерумен тартылады.

Парктік-шаруашылық күндері әскери бөлім штабының бөлім командирінің қару-жарақ және тыл жөніндегі орынбасарларымен бірлесіп әзірленген және бөлім командирі бекіткен жоспарлары бойынша да осылайша жүргізіледі. Жоспарлардың көшірмелері бөлімшелерге жеткізіледі.

Парктік-шаруашылық күндері бірінші кезекте қару-жараққа, әскери және басқа техникаға қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа басшылық жасау үшін кезектілік тәртібімен офицерлердің қажетті саны тағайындалады. Оларға апта ішінде демалу үшін уақыт беріледі.

249. Демалыс және мереке күндері тәуліктік наряд пен жауынгерлік кезекшілікте және жауынгерлік қызметте болатын адамдардан басқа, барлық жеке құрам үшін демалыс күндері болып табылады. Бұл күндері, сондай-ақ сабақтан бос уақытта жеке құраммен бос уақытты мәдени өткізу, спорттық және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Кинофильмдер мен демалыс күндері қарсаңында өткізілетін басқа да қоғамдық іс-шараларды әдеттегіден бір сағатқа кеш аяқтауға, демалыс күндері ұйқыдан тұрғызу әдеттегі бөлім командирі белгілеген сағаттан кеш тұрғызуға рұқсат етіледі.

Ұйқыдан тұрғызу, таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеру

250. Сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілері үшін рота (бөлімше) командирі бекіткен кестеге сәйкес ұйқыдан тұрғызғанға дейін он бес минут бұрын рота (бөлімше) сержанты немесе взводтар сержанттарының (взводтар командирлерінің орынбасарларының) біреуі рота (бөлімше) орналасқан жерге келеді және казармада орналасқан жеке құрамның таңертеңгі ұйқыдан тұруын бақылайды. Взводтарда бақылауды бөлімшелер командирлері кезекпен жүзеге асыра алады.

Бөлімшелерді мерзімді әскери қызметтің сержанттарымен (старшиналарымен) жасақтау, сондай-ақ бөлімшелерді оқу орталықтарында, полигондарда және лагерьлерде орналастырған кезде «Ұйқыдан тұр» белгісіне дейін он минут бұрын рота (бөлімшелер) бойынша кезекші взводтар сержанттары (взводтар командирлерінің орынбасарлары) мен рота, батальон сержантын (рота страшинасын) ұйқыдан тұрғызуды жүргізеді.

Белгіленген уақытта «Ұйқыдан тұр» белгісі бойынша ротаны (бөлімшені) жалпы ұйқыдан тұрғызу жүргізіледі.

251. Ұйқыдан тұрғаннан кейін жеке құрамға дәретханаға баруға уақыт беріледі, таңертеңгі дене жаттығуы, үй-жайлар мен аумақты жинау, төсек-орындарын реттеу жүргізіледі, әскери қызметшілердің жеке гигиенаны орындауы және таңертеңгі тексеру ұйымдастырылады.

252. Таңертеңгі тексеру үшін рота (бөлімшелер) бойынша кезекшінің: «Рота (батальон), таңертеңгі тексеру үшін – сапқа тұр» командасы бойынша әскери қызметшілер көрсетілген орынға сапқа тұрады, іссапарға келгендер сол қапталға тұрады. Рота (бөлімшелер) бойынша кезекші ротаны (бөлімшені) сапқа тұрғызып, рота старшинасына ротаның (бөлімшенің) қарауға әзірлігі туралы баяндайды және оның нұсқауы бойынша таңертеңгі тексеру жүргізіледі.

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер бөлім (бөлімше) командирінің шешімі бойынша таңертеңгі тексеруге кезең-кезеңмен қатысады.

253. Таңертеңгі тексерулерде әскери қызметшілердің болуы мен сыртқы пішіні, олардың жеке гигиенаны сақтауы тексеріледі.

Таңертеңгі тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою ұйымдастырылады. Взводтарда таңертеңгі тексерулерді жүргізген сержанттар рота старшинасына тексеру нәтижелері туралы баяндайды.

Рота (бөлімшелер) бойынша кезекші медициналық көмекті қажет ететіндерді сырқаттарды жазу кітабына жазады, оны рота старшинасына ұсынады (19-қосымша) және ол қол қойғаннан кейін оны бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) жібереді. Белгіленген уақытта рота (бөлімшелер) бойынша кезекші көрсетілген әскери қызметшілерді ротаның санитарлық нұсқаушысының (фельдшерінің) командасымен бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) жібереді. Санитарлық нұсқаушы (фельдшер) ол жерде медициналық қарау аяқталғанға (медициналық көмек көрсетілгенге) және сырқаттарды емдеу туралы шешім қабылданғанға дейін болады.

Мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің аяқтарының, ұйықтарының, шұлғауларының және іш киімдерінің жай-күйі кезең-кезеңімен, әдетте ұйықтар алдында тексеріледі.

254. Кешке, тексеру алдында, күн тәртібімен көзделген уақытта рота старшинасының басшылығымен кешкі серуендеу жүргізіледі. Кешкі серуендеу уақытында жеке құрам бөлімшелер құрамында саптық әндерді орындайды. Серуендеуден кейін рота (бөлімшелер) бойынша кезекшінің: «Рота (батальон) кешкі тексеруге – сапқа тұр» командасы бойынша әскери қызметшілер тексеру үшін сапқа тұрады. Рота (бөлімшелер) бойынша кезекші ротаны (бөлімшені) сапқа тұрғызып, рота старшинасына ротаның (бөлімшенің) кешкі тексеруге сапқа тұрғызылғандығы туралы баяндайды.

Рота старшинасы «Тік тұр» командасын беріп, тексеруге кіріседі. Ол тексеру басталар алдында олардың жасаған ерліктері үшін немесе құрметті сарбаз ретінде ротаның (бөлімшенің) тізіміне мәңгіге енгізілген әскери қызметшілердің әскери атағын, тегін атайды. Көрсетілген әскери қызметшілердің тегін атаған кезде бірінші взводтың оң қапталдағысы: «Мынадай (әскери атағы мен тегі) әскери міндетін орындау кезінде Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыста ерлікпен қаза тапты» немесе «Ротаның құрметті сарбазы (әскери атағы мен тегі) запаста (отставкада)» деп баяндайды.

Осыдан кейін рота старшинасы ротаның (бөлімшенің) жеке құрамын атаулы тізім бойынша тексереді. Өз тегін естіген әрбір әскери қызметші: «Мен» деп жауап береді. Жоқтар үшін бөлімше командирі жауап береді.

Мысалы: «Қаруылда», «Демалыста».

Тексеру аяқталғаннан кейін рота старшинасы «Еркін тұр» командасын береді, барлық әскери қызметшілерге белгілі болуы тиіс бұйрықтарды, келесі күнге наряд құрамын жариялайды және жауынгерлік әзірлік бойынша және өрт жағдайына жауынгерлік есеп жүргізеді (нақтылайды). Взводтарда кешкі тексерулерді жүргізген сержанттар келесі күнге кезекті жинаушыларды тағайындайды. Содан соң жеке құрамға жеке гигиена үшін уақыт беріледі. Белгіленген уақытта рота (бөлімше) бойынша кезекші «Ұйқыға жат» командасын береді және кезекші жарық жағылады. Әскери қызметшілер ұйықтауға жатады.

Ұйықтау үшін күн тәртібімен белгіленген уақытты, әскери қызметшілерді түнгі сабақтар мен жаттығуларға, оқу-жаттығуларға, марштарға, кемелер жорығымен жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің басқа да іс-шараларына тартқан жағдайлардан басқа, қысқартуға тыйым салынады.

255. Ротада (бөлімшеде) таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеру уақытында рота (бөлімше) командирі немесе ротаның (бөлімшенің) бір офицері болған кезде рота старшинасы оған қарау (тексеру) нәтижелері туралы баяндайды.

Таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеруден кейін роталар (бөлімшелер) бойынша кезекшілер бөлім бойынша кезекшіге баяндаумен келеді және жеке құрамның болуы туралы және жоқ болғандар туралы мәліметтерді, ал өз еркімен кетіп қалғандар болса, олардың тегін ұсынады.

256. Әскери бөлім штабының жоспары бойынша жалпы батальондық немесе бригадалық (полктік) кешкі тексерулер кезең-кезеңмен жүргізіледі. Кешкі тексеру өткізу үшін бөлім командирі белгілеген орын жарық болуы және батальонның (бригаданың, полктің) барлық бөлімшелеріне уақтылы жеткізілуі тиіс.

Жалпы батальондық (бригадалық, полктік) тексерулерде батальонның (бригаданың, полктің) барлық жеке құрамы қатысуы тиіс.

Барлық жеке құрамды атаулы тізім бойынша тексеруді роталар (бөлімшелер) командирлері жүргізеді және нәтижелері туралы батальон командиріне баяндайды.

Жалпы бригадалық (полктік) тексерулерде батальондар мен жеке бөлімшелер командирлері тексеру нәтижелері туралы бригада (полк) командиріне баяндайды. Бригаданың (полктің) штаб бастығы немесе оның нұсқауы бойынша штаб бастығының саптық бөлім және кадрлар жөніндегі аға көмекшісі әскери бөлім басқармасының (штабының) жеке құрамын тексереді және олардың нәтижелері туралы бригада (полк) командиріне баяндайды.

Жалпы батальондық (бригадалық, полктік) тексеру аяқталғаннан кейін батальон (бригада, полк) командирі «Тік тұр» командасын береді және оркестрге «Арайды» ойнауды бұйырады. Жалпы бригадалық (полктік) кешкі тексерулерді жүргізу кезінде «Арайды» ойнап біткеннен кейін оркестр ойнайды, ал әскери қызметшілер өз бетінше саптық қалыпты қабылдайды және Мемлекеттік Әнұранды орындайды. Одан кейін бөлімшелер оркестрдің салтанатты маршымен әскери бөлім командирінің жанынан әскери сәлемдесуді орындаумен өтеді және өздерінің орындарына тарайды. Батальонда (бригадада, полкте) оркестр болмаған кезде техникалық дыбыс жазбасын ойнату құралдары пайдаланылады. «Арайды» ойнау басталысымен взвод және одан жоғары бөлімшелер командирлері қолын бас киіміне апарады және оны оркестр ойнауды аяқтағаннан кейін батальон (бригада, полк) командирі беретін «Еркін тұр» командасы бойынша түсіреді.

Жалпы батальондық, бригадалық (полктік) кешкі тексерулер нәтижелері туралы командир (бастық) техникалық байланыс құралдары арқылы тікелей командирге (бастыққа) дереу баяндайды.

Оқу-жаттығу сабақтары

257. Жауынгерлік даярлық бейбіт уақытта әскери қызметшілердің күнделікті қызметінің негізгі мазмұны болып табылады. Қазіргі заманғы ұрыста әскери қызметшілердің іс-қимыл тәсілдерін меңгеру мақсатындағы сабақтар мен оқу-жаттығулар жеңіл және қарапайым өткізілмеуі тиіс.

Оқу сабақтары мен оқу-жаттығуларда бөлімнің барлық жеке құрамы қатысуы тиіс. Сабақтан жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, тәуліктік нарядтағы адамдар, сырқаттанғандар, сондай-ақ демалыс және мереке күндері белгіленген қызмет уақытынан артық әскери қызмет міндеттерін орындауға тартылғаны үшін демалыс берілген әскери қызметшілер босатылады.

Денсаулығы бойынша сабақтан босатылған, медициналық мекемелерде емдеуде емес әскери қызметшілер сыныптардағы сабақтарға тартылуы мүмкін.

Жеке құрамның сабақтан қол үзуіне кінәлі командирлер (бастықтар) тәртіптік жаза тартады.

258. Сабақтар күн тәртібімен белгіленген сағатта белгі (команда) бойынша басталады және аяқталады.

Сабақтарды дайындау мен өткізудің тікелей ұйымдастырушылары бөлім (бөлімше) командирлері, сондай-ақ сабақтар жетекшілері болып тағайындалған офицерлер мен сержанттар болып табылады.

Сабақтарға (оқу-жаттығуларға) шығар алдында бөлімшелер командирлері мен взводтар сержанттары (взводтар командирлерінің орынбасарлары) жеке құрамның болуы мен оның сыртқы пішінін, жабдықтарды шақтап тігудің дұрыстығын тексереді, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді қарауды жүргізеді.

Сабақтарды бастау үшін белгіленген уақытта бөлімшелер командирлері (сержанттар) жеке құрамды сабақ жетекшісіне тапсырады.

Сабақтар (оқу-жаттығулар) барысында бөлімшелер командирлері мен сержанттары жеке құрамның қауіпсіздік талаптарын сақтауына, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оқу материалдық-техникалық базасының сақталуына және дұрыс пайдаланылуына, құпия және басқа да қызметтік құжаттардың болуына, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды дұрыс жұмсауға бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

Сабақтар мен оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін бөлімшелер командирлері (сержанттары) барлық қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың болуын, жабдықталуын, сондай-ақ қарудың, оқ-дәрілердің, оқу-жаттығу аспаптарының, оқу-жаттығу және елестету құралдарының болуын жеке өзі тексеруі тиіс. Бұл ретте қарудың (қару-жарақтың) ұңғылары каналдарындағы патрондардың (оқ-дәрілердің) болуына (жоқтығына) ерекше назар аударылады және оларды алып тастауға (атуға) шаралар қолданылады.

Қару мен оқжатарларға арналған сөмкелерді, сондай-ақ жабдық пен басқа да мүлікті бөлімше командирлері тексереді. Жұмсалмаған оқ-дәрілер мен гильзалар белгіленген тәртіппен тапсырылады. Құпия құжаттың болуын бөлім командирі және әрбір офицер жеке өзі тексереді. Тексеру нәтижелері команда бойынша баяндалады.

Сабақтар, оқ атулар мен оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін қару мен шанецтік аспапты тазалау, қару-жарақты, әскери және басқа техникаға техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ сабақтарды өткізу орнын жинау жүргізіледі.

Таңғы ас, түскі ас және кешкі ас

259. Әскери бөлім командирі азық-түліктерді алу, қазанға салу және тамақ дайындау процесін бақылауды ұйымдастырады. Бұл үшін бөлім командирінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтер бастықтары қатарынан лауазымды адамдар тағайындалады. Тексеру үшін тағайындалған офицер бөлім бойынша кезекшімен, дәрігермен (фельдшермен) бірлесіп, асханаға азық-түліктерді қазандарға салу уақытына келеді және асхана бойынша кезекшінің, бас аспаздың қатысуымен азық-түліктердің тарату мәзіріне сәйкестігін және оларды тамақ дайындау кезінде толық пайдалануды тексереді. Тексерулер нәтижелері азық-түліктерді салудың толықтығын бақылау кітабына енгізіледі және бөлім командиріне (бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасарына) баяндалады.

Күн тәртібімен белгіленген уақытқа тамақ, сусындарды дайындау және үстел жасау аяқталуы тиіс.

Бөлім бойынша кезекші асханаға келгенге дейін дәрігер (фельдшер) асхана үй-жайының, асхана-ас үй ыдысының және мүлкінің санитарлық-гигиеналық жай-күйін тексереді.

Тамақ тарату басталғанға дейін дәрігер (фельдшер) бөлім бойынша кезекшімен бірлесіп, дайындалған тамақтың тарату мәзіріне сәйкестігін, оның сапасын тексеруі, жабдықталымдарды бақылаулық өлшеуді жүргізуі тиіс. Дәрігердің (фельдшердің) қорытындысынан кейін бөлім командирі немесе оның нұсқауы бойынша бөлім командирі орынбасарларының біреуі тамақтың дәмін көреді.

Тексеру нәтижелері дайындалған тамақтың сапасын бақылауды есепке алу кітабына жазылады.

Белгіленген уақытта бөлім бойынша кезекші тамақты беруге рұқсат береді. Жеке құрам тамақ ішер алдында дайындалған тағамдардың температурасы санитарлық нормалар мен ережелердің сапасына сәйкес болуы тиіс.

260. Әскери қызметшілер асханаға белгіленген уақытта, таза (тазартылған) киімде және аяқ киімде, саппен рота старшинасының командасымен келуі тиіс.

Асханада тамақ ішу уақытында белгіленген тәртіп сақталуы тиіс. Әскери қызметшілерге бас киімде, пальтода (шинельде), астары жылы күртешеде және арнайы (жұмыс) киім нысанында тамақ ішуге тыйым салынады.

261. Жауынгерлік қызметтегі, жауынгерлік кезекшіліктегі және тәуліктік нарядтағы адамдар қазандық жабдықталымға қойылады және бөлім командирі олар үшін белгілеген уақытта тамақ ішеді.

Бөлімнің медициналық пунктіндегі сырқаттарға тамақ госпитальдік жабдықталым нормалары бойынша әзірленеді және жеке жеткізіледі.

Әзір тамақты тасымалдау қажет кезде ол арнайы бөлінген қақпағы тығыз жабылатын таңбаланған ыдыста, дәрігер (фельдшер) мөрлеген термостарда жеткізілуі тиіс. Термостардағы ыстық тамақтарды сақтау мерзімі (оларды тасымалдау уақытын қоса) үш сағаттан аспауы тиіс.

Демалыстар және әскери бөлімнің орналасқан жерінен


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: