Емдеу-алдын алу іс-шаралары

299. Негізгі емдеу-алдын алу іс-шаралары әскери қызметшілерді амбулаториялық, стационарлық, санаторлық-курорттық емдеу және диспансерлеу болып табылады.

Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында медицина қызметі ұсынатын емдеу-алдын алу іс-шаралары барлық әскери қызметшілер үшін міндетті.

300. Диспансерлеу үрдісінде:

әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына медициналық бақылау;

ауруларды белсенді түрде ерте анықтау;

әскери қызметшілердің қызмет жағдайы мен тұрмысын зерделеу, олардың денсаулығына теріс әсер ететін факторларды анықтау;

алдын алу және емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу;

әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттауды жүргізу іс-шаралары жүргізіледі.

301. Әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын медициналық бақылау:

күн сайын жауынгерлік даярлық процесінде және тұрмыста жеке құрамға медициналық бақылау;

әскери қызметшілерді медициналық қарау;

әскери қызметшілерді тереңдетілген және бақылаулық медициналық тексерулер;

әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына диспансерлік динамикалық қадағалау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.

302. Медициналық тексеруге:

әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамы – алдын алу егулерді жүргізу алдында;

мерзімді әскери қызметтің барлық әскери қызметшілері – моншада жуынар алдында;

қарауылдың, кезекші күштердің (ауысымның) жеке құрамы – қарауылға және жауынгерлік кезекшілікке (жауынгерлік қызметке) түсер алдында;

жұмысы қолайсыз факторлардың мүмкін болатын әсерімен байланысты әскери қызметшілер, сондай-ақ диспансерлік динамикалық қадағалаудағы адамдар – олар үшін белгіленген мерзімдерде;

асханаларда, азық-түлік қоймаларында, сумен жабдықтау объектілерінде, наубайханаларда, моншаларда, кір жуу орындарында тұрақты жұмыс істейтін адамдар мен санитарлар – аптасына бір рет;

асхана бойынша нарядқа тағайындалған жеке құрам – тәуліктік нарядты таратқанға дейін;

әскери бөлімге жаңадан келген, сондай-ақ демалыстардан, іссапарлардан және сауығуы бойынша емдеу мекемелерінен келген, басқа әскери бөлімдерге кеткен барлық әскери қызметшілер – әскери бөлімге келген күні, бірақ оларды бөлімшеге жібергенге дейін;

жүргізушілер – рейске шығар алдында;

спорттық жарыстарға қатысушылар – жарыстар алдында алынады.

Одан басқа, аптасына бір рет әскери бөлім командирі белгілеген уақытта бөлімшенің мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің денесін қарау жүргізіледі.

303. Тереңдетілген медициналық тексерулер:

мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері үшін – жылына екі рет, оқу-жаттығу кезеңі басталар алдында;

офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үшін – төртінші тоқсанда жүргізіледі; екінші тоқсанда бақылау медициналық тексеру жүргізіледі.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді тереңдетілген медициналық қарауға медициналық мекемелерден дәрігер-мамандар тартылады.

304. Әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілерінің денсаулық жағдайын медициналық бақылау жөніндегі іс-шараларды жүргізу уақыты, тәртібі және орны бөлім бойынша бұйрықта жарияланады. Медициналық тексеруді демалыс күндері белгілеуге тыйым салынады.

305. Бөлімшенің жеке құрамын медициналық тексеруде барлық офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысуға міндетті.

Бөлімшені медициналық тексеруге бөлімше командирі, ал медициналық қарауға рота старшинасы апарады. Олар дәрігерге бағыныстылардың денсаулық жағдайын өздерінің қадағалаулары туралы хабарлауы тиіс.

Бөлімшенің жеке құрамын медициналық тексеру және қарау нәтижелерін дәрігер медициналық кітапшаларға енгізеді. Денсаулық жағдайы бойынша диспансерлік динамикалық қадағалауды қажет ететін әскери қызметшілер есепке алынады және бақылаулық медициналық тексерулерге жиі тартылады. Бөлімшенің (ротаның) командирі жеке құрамды толық медициналық тексеру үшін жауап береді.

306. Қандай да бір себеппен медициналық тексеруде болмаған әскери қызметшілерді бөлімше командирі мүмкіндік болған кезде осы үшін әскери бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) жібереді.

307. Әскери бөлімнің жеке құрамын медициналық тексерудің нәтижелері, сондай-ақ қажетті емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсыныстарды әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы әскери бөлімнің командиріне баяндайды.

308. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін амбулаториялық қабылдау әскери бөлімнің медициналық пунктінде және гарнизонның әскери-медициналық мекемелерінде әскери бөлім командирі мен гарнизон бастығы белгілеген сағатта жүргізіледі.

Кенеттен сырқаттанған немесе жарақат алған әскери қызметшілер әскери бөлімнің медициналық пунктіне немесе гарнизонның әскери-емдеу мекемесіне тәуліктің кез келген уақытында дереу жіберіледі.

309. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері әскери бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) рота бойынша кезекшімен ротаның санитарлық нұсқаушысымен немесе бөлімше командирі тағайындаған үлкеннің командасымен жіберіледі. Рота старшинасының қол қойған сырқаттарды жазу кітабы бөлімнің медициналық пункті (медициналық рота) бойынша кезекшіге амбулаториялық қабылдау басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірілмей ұсынылады.

Дәрігер ротаның сырқаттарды жазу кітабына енгізілген барлық әскери қызметшілердің медициналық пунктке (медициналық ротаға) келуін бақылайды.

Медициналық пункттен (медициналық ротадан) тыс дәрігерді шақыру және сырқатты қарау жағдайында сырқаттанғандар сырқат сипатына байланысты емделу үшін әскери бөлімнің медициналық пунктіне, бөлімнен тыс емдеу мекемелеріне (госпитальға, ауруханаға) жіберіледі немесе оларға амбулаториялық емдеу тағайындалады.

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үй жағдайында емделу үшін қалдырылуы мүмкін.

Дәрігер сырқаттарды қарау нәтижелері, көрсетілген медициналық көмектің сипаты және тағайындаулар туралы медициналық кітапшаларға тиісті белгілер жасайды, ал қорытындыны әскери қызметші медициналық қамтамасыз етілуде тұрған әскери бөлімнің медицина қызметі бастығының қорытындысын бекітумен сырқаттарды жазу кітабына тіркейді.

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері медициналық көмек алғаннан кейін ротаға санитарлық нұсқаушының немесе үлкеннің командасымен қайтып келеді. Команданың үлкені сырқаттарды жазу кітабын рота бойынша кезекшіге береді, ол оны рота командиріне береді. Рота старшинасы сырқаттарды жазу кітабында бар дәрігердің қорытындысы бойынша рота командирінің шешіміне сәйкес қажетті нұсқаулар береді.

310. Сырқаты бойынша әскери қызмет міндеттерін орындаудан уақытша босату, сабақтар мен жұмыстардан ішінара немесе толық босату туралы қорытындыны анықтама түрінде дәрігер, ал штатында дәрігер көзделмеген әскери бөлімдерде фельдшер кемінде үш күнге береді (Қазақстан Республикасы азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органының бұйрығымен белгіленген тұмаумен жаппай ауыру кезеңінде – алты күнге).

Берілген мерзім өткеннен кейін әскери қызметшілер, қажет болған кезде, егер олар осыған мұқтаж болса, қайта медициналық тексеруге жіберілуі тиіс және қайта босатылуы мүмкін.

Алты тәулік өткеннен кейін, емдеуді жалғастыру қажет болған жағдайда сырқат емдеу мекемесіне тексерілуге жіберіледі.

Дәрігердің (фельдшердің) әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындаудан ішінара немесе толық босату туралы ұсынымдары лауазымды адамдардың міндетті түрде орындауына жатады.

Босату туралы құжаттарды ресімдеу дәрігер (фельдшер) емдеу үшін айқындаған уақытты қысқартпауы тиіс.

Әскери қызметші қызметке келе алмаған жағдайда өзінің ауырғаны туралы командирге (бастыққа) кез келген мүмкін болатын тәсілмен хабарлауға міндетті.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарудан босату туралы және олардың сауыққаннан кейін қызметке шығуы әскери бөлім бойынша бұйрықта жарияланады.

Дәрілер қабылдау және басқа да емдеу процедураларын жүргізу үшін амбулаториялық емдеу тағайындаған сырқаттар, сондай-ақ медицина мамандарының кеңесін қажет ететіндер әскери бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) дәрігер сырқаттарды жазу кітабында (медициналық кітапшасында) көрсеткен күндері және сағатта жіберіледі.

311. Емдәмдік тамақтануды қажет ететін мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін және әскери оқу орындарының курсанттарын тіркеу әскери бөлім командирінің бұйрығымен бөлімнің медицина қызметі бастығының қорытындысы негізінде үш ай мерзімге жүзеге асырылады.

312. Әскери бөлімнің медициналық пункті (медициналық ротаның) лазаретінде сырқаттарды стационарлық емдеу он төрт күн емдеу мерзіміне дейін жүргізіледі.

Лазаретке түскен кезде сырқаттар санитарлық өңдеуден өтеді.

313. Әскери қызметшілерді әскери бөлімдерден тыс орналасқан стационарлық емделуге дәрігердің қорытындысы бойынша бөлім командирі, ал дәрігер болмағанда жедел көмек көрсету үшін медициналық пункт (медициналық рота) бойынша кезекші фельдшер (санитарлық нұсқаушы) бір уақытта әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығына және бөлім бойынша кезекшіге баяндаумен жібереді.

Сырқаттарды емдеу мекемесіне жеткізу фельдшердің (санитарлық нұсқаушының) ілесіп жүруімен әскери бөлімнің санитарлық немесе өзге көлігімен жүзеге асырылады.

Әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс емделуге жіберілген кезде жыл мезгіліне сәйкес нысанда киінуі және өзімен бірге емделуге жіберу туралы бөлім бойынша бұйрықтың көшірмесі, бөлім командирі қол қойған жол қағазы, медициналық кітапшасы, жеке басын куәландыратын құжаты, жеке гигиена заттары, қажетті жеке заттары мен азық-түлікке аттестат, қажет кезде жарақаты туралы анықтама мен медициналық сипаттамасы, ал гарнизоннан тыс емделуге кеткен кезде, одан басқа, медициналық мекеме орналасқан жерге дейін және кері жолда жүру құжаттары болуы тиіс.

Әскери қызметшіні шұғыл госпитальға жатқызу кезінде медициналық мекемеге құжаттарды ұсыну жөніндегі міндет оның тікелей бастығына жүктеледі.

Командир (бастық) стационарлық емделудегі әскери қызметшілерге баруды ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың емдеу мекемелерінде болуын бақылауға міндетті.

314. Әскери бөлім орналасқан жерден тыс стационарлық емделуге түскен барлық әскери қызметшілер туралы, сондай-ақ оларды сауығуы бойынша шығару туралы әскери-медициналық мекеме (бөлім) бастығы (командирі) сол күні осы әскери қызметшілер келген бөлімнің командиріне хабарлауға міндетті.

Келіп түскен сырқаттан жұқпалы ауру табылғаны туралы және уланумен, жарақаттармен келіп түскен сырқаттар туралы әскери-медициналық мекеме (бөлім) бастығы (командирі) сырқат келіп түскен әскери бөлім командирін, ал жұқпалы ауру туралы, одан басқа жақын маңдағы санитарлық-эпидемиологиялық мекемені дереу хабарландыруға міндетті.

Демалыс немесе іссапар кезеңінде ауырған әскери қызметшілер шұғыл медициналық көрсетулер болған кезде олар қызмет өткеріп жатқан әскери бөлім командирлерін әскери полиция органдары немесе жергілікті әскери басқару органдары (жергілікті атқарушы органдар) арқылы дереу хабарландырумен госпитальға жата алады.

Сауығып шыққаннан кейін әскери қызметшілер әскери госпитальдан немесе ауруханадан команда бойынша берілетін тиісті құжаттарымен әскери бөлімге жіберілді.

Монша-кір жуу қызметін көрсету

315. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттары кемінде аптасына бір рет моншада жуынуы, ал аспазшылар, наубайшылар және от жағушылар, одан басқа күн сайын душ қабылдауы тиіс. Механик-жүргізушілер (жүргізушілер), қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдаланумен және қызмет көрсетумен байланысты басқа да әскери қызметшілер қажеттілігіне қарай душ қабылдайды.

Моншада жуыну (душ қабылдау) кезінде мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттары сабынмен, орамалдармен, залалсыздандырылған жөкелермен (22-қосымша) қамтамасыз етіледі. Моншада жуыну уақыты күні бұрын айқындалады, ал бір әскери қызметшінің жуыну ұзақтығы кемінде отыз минут болуы тиіс.

Жазғы уақытта ауа температурасы жиырма бес градус және одан жоғары болған кезде әскери бөлім командирлері әскери қызметшілердің осы үшін арнайы жабдықталған орындарда душ қабылдауын ұйымдастырады.

316. Рота моншаға рота страшинасының (үлкеннің) командасымен жіберіледі. Жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, тәуліктік нарядтағы мерзімді қызметтің әскери қызметшілері немесе қандай да бір себептермен болмағандар, сондай-ақ іссапарлар мен демалыстардан келгендер моншаға рота старшинасымен, басқа уақытта үлкеннің командасымен жіберіледі.

Бөлімшенің моншаға келуі мен моншадағы тәртіпті қадағалау үшін сержанттардан монша бойынша кезекші және мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінен кемінде екі тәуліктік кезекші тағайындалады. Одан басқа, медициналық және денесін қарау, жеке құрамның жуынуы кезінде медициналық көмек көрсету үшін дәрігер (фельдшер) тағайындалады. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің моншада жуынуын есепке алуды бөлімше жеке құрамының моншада жуынуын, іш киімдері мен ұйықтарын (шұлғауларын) ауыстыруды есепке алу кітабына рота старшинасы монша бойынша кезекшімен бірлесіп жүргізеді (23-қосымша).

Жуынушылардың әрбір ауысымынан кейін моншаның үй-жайын жинау және оларды залалсыздандыру үшін монша бойынша кезекшінің қарамағына әскери қызметшілердің қажетті саны тағайындалады.

Жуынудан кейін монша бойынша кезекші киім-кешек бастығына (бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасарына) моншада жуыну кезінде болмаған әскери бөлім бөлімшелерінің әскери қызметшілерінің саны мен тектері туралы мәлімет береді.

317. Кір жуу кір жуатын орындарда жүргізіледі. Кір жуу тәртібін бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасары белгілейді.

Кір жуатын орындарда оны жуу мүмкіндігі жоқ жерде мерзімді қызметтің әскери қызметшілерінің өздеріне киім-кешектер мен ұйықтарды жууға осы үшін арнайы бөлінген жабдықталған үй-жайларда (орындарда) рұқсат етіледі. Киім-кешекті кептіру киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлмелерде немесе осы үшін бөлінген орындарда жүргізіледі.

Іш киім мен төсек-орын, орамалдар мен ұйықтар аптасына бір рет, жуынатын күні моншада ауыстырылуы тиіс, аспазшылар мен наубайлардың іш киімі аптасына екі реттен кем емес ауыстырылады. Кір киім тікелей моншада тапсырылады.

Қажет болған жағдайда іш киімді, орамалдарды, шұлғауларды, ұйықтарды ауыстыру жиі жүргізіледі.

318. Киім-кешекті, іш киімді, төсек-орын керек-жарақтарын арнайы өңдеу әскери бөлім командирінің ерекше бұйрығы бойынша жүргізіледі.

3-тарау. Жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет.

Парктердегі, әскерлер полигондарда (лагерьлерде) орналасқан кездегі және тасымалдау кезіндегі ішкі қызметтің ерекшеліктері

1. Жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет

319. Жауынгерлік кезекшілік – арнайы бөлінген күштер мен құралдарды жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге (қамтамасыз етуге) немесе кенеттен туындаған міндеттерді атқаруға белгіленген әзірлік дәрежелеріне келтіруді көздейтін кезекшіліктің ерекше түрі. Бейбіт және соғыс уақытында жүзеге асырылады.

Жауынгерлік кезекшілік жауынгерлік міндетті атқару болып табылады.

Кезекші күштер мен құралдардың құрамына:

командалық пункттердің,басқару пункттерінің, байланыс тораптарының кезекші жауынгерлік есептоптары (ауысымдары);

кезекші бөлімшелер (жауынгерлік есептоптар, кезекші ауысымдар), постылар, пункттер, кемелер мен ұшу аппараттарының экипаждары;

кезекші күштердің жеке құрамы мен күшейту бөлімшелері;

шекара нарядтары;

төтенше жағдайларда міндеттерді орындау үшін тағайындалатын ішкі әскерлер бөлімдерінің құрама жасақтары, кезекші бөлімшелері;

жауынгерлік кезекшілікті атқаруға (қамтамасыз етуге) тағайындалған қару-жарақ, әскери және басқа техника, сондай-ақ бөлінетін зымырандар мен оқ-дәрілер;

жауынгерлік қамтамасыз ету және қызмет көрсету күштері мен құралдары кіруі мүмкін.

320. Жауынгерлік кезекшілікті әскери бөлім командирі ұйымдастырады. Ол кезекші күштер мен құралдардың міндеттерін орындауына жауап береді.

Әскери бөлім (кезекші бөлімшелер) командирінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтер бастықтары кезекші күштер мен құралдардың жауынгерлік әзірлігіне, қамтамасыз етілуі мен даярлығына, оларға қатысты бөлігінде жауап береді.

321. Кезекші күштер мен құралдардың құрамы, олардың міндеттері мен жауынгерлік әзірлік дәрежесі, жауынгерлік кезекшілікті атқару ұзақтығы, тәртібі, жеке құрамды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы жауынгерлік кезекшілікке түсуге даярлау тәртібі және оларды ауыстыру осы Жарғының, Қорғаныс министрі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті төрағасы, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары және арнайы әскерлер бастықтары бұйрықтарының талаптарына сәйкес әскери бөлім командирінің бұйрығымен айқындалады.

Әскери бөлімнің кезекші күштері мен құралдары әскери бөлім командирі мен штаб бастығына бағынады.

322. Жауынгерлік кезекшілікке:

әскери ант қабылдамаған, тиісті даярлық бағдарламаларын белгіленген көлемде меңгермеген және жауынгерлік кезекшілікті атқаруға жіберілуге сынақ тапсырмаған, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен көзделген әрекет белгілерінен тұратын теріс қылықтар жасаған, олар бойынша тергеу жүргізіліп жатқан және сырқат әскери қызметшілерді;

қару-жарақтың негізгі түрлерінен жауынгерлік оқ атулар жүргізумен жауынгерлік үйлестіруден өтпеген негізгі бөлімшелерді тағайындауға тыйым салынады.

323. Жеке құрамды жауынгерлік кезекшілік атқаруға даярлау әскери бөлім командирі бекіткен жоспар негізінде жауынгерлік кезекшілікке әрбір түсер алдында бөлімшелер, жауынгерлік есептоптар (ауысымдар, экипаждар) құрамында жүргізіледі.

Ол міндеттердің сипаты мен көлемін, әскери бөлімнің, бөлімшенің ерекшелігін, жауынгерлік кезекшілікті атқару уақыты мен орнын ескере отырып, әскери бөлім (бөлімше) командирінің басшылығымен жүргізіледі.

Жауынгерлік кезекшілікке түсуге және атқаруға қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді дайындау алдын ала жүргізіледі, ал рұқсат ету техникалық қызмет көрсету (жоспарлы регламенттеу жұмыстары) жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылады.

Кезекші күштер мен құралдарды даярлау жөніндегі барлық іс-шаралар олардың жауынгерлік кезекшілікке түсуге және атқаруға әзірлігін тексерумен аяқталады. Әзірлікті тексерудің қорытындылары бойынша жеке құрам, қару-жарақ, әскери және басқа техника зымырандардың, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдардың белгіленген қорларымен жауынгерлік кезекшілікті атқаруға әскери бөлім командирінің бұйрығымен жіберіледі.

324. Жауынгерлік кезекшілікке түсу тәртібі Қорғаныс министрінің, Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшыларының, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының және арнайы әскерлер бастықтарының бұйрықтарымен айқындалады.

325. Жауынгерлік кезекшілікке түсу туралы жедел кезекші, басқару пункті бойынша кезекші, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтары (үлкендері), кезекші бөлімшелердің командирлері команда бойынша әскери бөлім командиріне және жоғары тұрған командалық пунктке (басқару пунктіне) баяндайды.

Жедел кезекші, басқару пункті бойынша кезекші, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтары (жетекшілері), кезекші бөлімшелердің командирлері жағдайды егжей-тегжейлі білуге, батыл және табанды әрекет жасауға, қабылданған шешімдер үшін жауаптылықты өзіне алуға және жауынгерлік міндеттерді орындауға міндетті.

326. Жаттығуларды өткізудің бекітілген жоспарына сәйкес жауынгерлік кезекшілікті атқару барысында жедел кезекші, басқару пункті бойынша кезекші, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтары (жетекшілері), кезекші бөлімшелердің командирлері кезекші жауынгерлік есептоппен (ауысыммен, экипажбен, бөлімшемен) бөлек және кешенді жаттығулар (олардың бір бөлігі – бақылау) өткізеді.

Кезекші бөлімшелердің (экипаждардың) жеке құрамымен жауынгерлік кезекшілік міндеттерін орындауға әзірліктің белгіленген дәрежесін төмендетпей, әскери бөлім командирі бекіткен кестеге сәйкес жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізіледі. Осы жағдайда сабақтар жауынгерлік кезекшілікті атқару орындарына тікелей жақын маңда өткізіледі.

327. Жедел кезекшіге, басқару пункті бойынша кезекшіге, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтарына (жетекшілеріне), кезекші бөлімшелердің командирлеріне жеке құрамға оны жауынгерлік кезекшілік атқару бойынша міндеттерді орындаудан алаңдататын және жауынгерлік міндеттерді орындаудың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін бұйрықтар беруге тыйым салынады.

Жауынгерлік кезекшілік атқару кезінде кезекші ауысымның (есептоптың) жеке құрамына:

жедел кезекшінің, басқару пункті бойынша кезекшінің, кезекші жауынгерлік есептоптар (ауысымдар, пункттер, постылар) бастықтарының (жетекшілерінің), кезекші бөлімшелер командирлерінің рұқсатынсыз жауынгерлік кезекшілік атқару бойынша міндеттерді орындауды кез келген адамға, уақытша болса да тапсыруға;

алаңдауға, жауынгерлік кезекшілік атқару жөніндегі міндеттерді орындаумен байланысты емес істермен айналысуға;

жауынгерлік постыны немесе жауынгерлік кезекшілік атқарудың басқа да орнын өз бетімен тастап кетуге;

қару-жарақта, әскери және басқа техникада олардың белгіленген әзірлігін төмендететін жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.

328. Лауазымды адамдардың жауынгерлік кезекшілікті тексеру өкілеттіктерін, кезеңділігі мен тәртібін Қорғаныс министрі, Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары айқындайды.

Жауынгерлік кезекшіліктің атқарылуын тексеруді Қорғаныс министрі, Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, арнайы әскерлердің бастықтары, әскери бөлімдердің командирлері немесе олардың тапсырмасы бойынша адамдар жүзеге асырады, ол үшін жауынгерлік кезекшіліктің атқарылуын тексеру жоспары әзірленеді.

Жеке құрам жауынгерлік кезекшіліктен ауысқаннан кейін қызмет атқаруды талдау жүргізіледі. Әскери бөлімде жауынгерлік кезекшілікті талдау және қорытынды жасау ай сайын жүргізіледі, оның жағдайы әскери бөлім командирінің бұйрығында көрсетіледі.

329. Жауынгерлік қызмет – бұл әскери қызметшілердің қарауыл, әскери наряд құрамында, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қарулы Күштерге жүктелген міндеттерді атқару үшін тартылған әскери бөлімдер мен бөлімшелердің құрамында әскери қызмет міндеттерін орындауы.

Жауынгерлік қызмет атқару жауынгерлік міндетті атқару болып табылады.

330. Күзет жүйесінің негізгі элементі қарауылдар, әскери нарядтар болып табылады.

Әскери наряд – бұл объектілерді күзету және қорғау жөніндегі, төтенше жағдайлар кезіндегі, қоғамдық тәртіпті күзету жөніндегі, сондай-ақ арнайы операциялар жүргізу кезіндегі міндеттерін атқару үшін тағайындалған әскери қызметшілердің немесе бөлімшелердің топтары.

Әскери нарядқа: іздеу топтары, іздестіру топтары, тосқауылдаушылар, торуылдаушылар, арнайы жүктерге ілесіп жүру жөніндегі әскери нарядтар, шолғыншылар, қадағалау постылары, жасырын топтар, бақылау-өткізу пункттері, маневрлік және ұтқыр топтар, лектерге ілесіп жүру топтары, айдауылдар, патрульдер, тәртіпті сақтау постылары, із кесу топтары, іздестіру постылары және басқалар тағайындала алады.

331. Командир (бастық) жауынгерлік қызмет міндеттерін орындау үшін бөлінген топтардың жауынгерлік әзірлігі, уақтылы даярлығы және күштер мен құралдарды дұрыс қолдану үшін жауап береді.

Жауынгерлік қызмет міндеттерін табысты орындау мақсатында оларды іс-әрекеттерге күні бұрын және тікелей даярлау жүргізіледі.

Күні бұрын даярлау күнделікті қызмет іс-қимылы процесінде ұдайы және үздіксіз жүзеге асырылады.

Тікелей даярлық нақты міндетті алумен басталады.

3. Парктердегі ішкі қызметтің ерекшелігі

332. Парк деп қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сақтау (қою), техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жауынгерлік қолдануға әзірлікке келтіру үшін жабдықталған аумақ.

Орналасу жағдайына байланысты парктер тұрақты және далалық болуы мүмкін.

Тұрақты парктер әскери бөлімдердің тұрақты орналасқан орындарында және оқу орталықтарында (полигондарда, лагерьлерде) жабдықталады. Бұл ретте қару-жарақ, әскери және басқа техника жабылатын сақтау орындарында немесе қалқалардың астында, сондай-ақ сенімді қоршалған алаңдарда орналастырылады. Паркте парк бойынша кезекшіге, бақылау-техникалық пункті бастығына, арналған үй-жайлары бар бақылау-техникалық пункті, қозғалыс қауіпсіздігі, жүргізушілерге, машина жетекшілеріне және парк бойынша нарядқа нұсқама беру сыныбы; май құю пункті, тазалау және жуу пункттері, күнделікті қызмет көрсету пункті (алаңы), техникалық қызмет көрсету және жөндеу пункті; қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сақтау орындары, олардың жауынгерлік қолдануға әзірлігін қамтамасыз ету объектілері, көлік құралдарының кезекшілері үшін жылытылатын үй-жайлар, техникаға қызмет көрсетуге арналған басқа да объектілер (орындар) мен қажетті тұрмыстық үй-жайлар жабдықталады.

Далалық парктер әскери бөлімнің (бөлімшенің) далалық жағдайларда уақытша орналасуы кезінде ұйымдастырылады.

Парктің орналасуы мен жабдықталуы машиналардың тез және ыңғайлы шығуын қамтамасыз етуі тиіс.

333. Парк аумағы бөлімшелерге бекітіліп берілген учаскелерге бөлінеді. Учаскелер шекаралары көрсеткіштермен белгіленеді. Тұрақты парк аумағы қоршалады, техникалық күзет құралдарымен, қоршаған ортаны қорғау нормалары мен ережелерін қамтамасыз ететін құрылғылармен жабдықталады, көгалдандырылады және жарықтандырылады.

Парктің барлық ғимараттары, ғимараттардың қақпалары мен парктің қақпалары нөмірленеді.

334. Паркке, сондай-ақ парктің ішіндегі үй-жайларға және арнайы құрылыстарға жолдар салынуы тиіс және қозғалыс үшін жарамды жай-күйде ұсталатын кіреберістер белгіленеді. Жаздыгүні құрғақ ауа райында жолдарға су себіледі, ал қыста қардан тазартылады.

Парк аумағы бойынша жолдан шығып жүруге тыйым салынады.

Парктегі барлық жолдарға бағыт және машина қозғалысының жылдамдығын көрсеткіштер, сондай-ақ басқа да жол белгілері орнатылады.

335. Парктегі ішкі қызметті ұйымдастыру және оның жай-күйі, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы дұрыс ұстау, арнайы құрылыстарды, қоймаларды ұстау, тазалықты ұстау және өртке қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларын орындау үшін әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары (бөлімнің техникалық қызметтерінің біреуінің бастығы) жауап береді.

Қару-жарақты, әскери және басқа техниканы дұрыс ұстау және сақтау, бөлімшеге бекітілген парк үй-жайлары мен аумағы учаскелерін таза ұстау және оларда өртке қарсы, табиғатты қорғау іс-шараларын орындау үшін бөлімшелер командирлері жауап береді.

336. Машиналарға техникалық қызмет көрсету олар әр рейстен қайтып келгеннен кейін, сондай-ақ белгіленген жүру (жұмыс істеу) және сақтау нормативтерінен кейін жүргізіледі. Одан басқа, машиналарға маусымдық техникалық қызмет көрсету жүргізіледі.

Қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қарап тексеру және қызмет көрсету, сондай-ақ паркті толық жабдықтау және көріктендіру парк, парктік-шаруашылық күндері және қару-жарақты, әскери және басқа техниканы күтіп-ұстау үшін бөлінген уақытта жүргізіледі.

Әскери бөлім командирлері қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қарап тексеруді жүргізу кезінде сонымен бірге парктердің жай-күйін тексеруді жүргізеді.

Қызмет көрсетілген қару-жарақ әскери және басқа техника қоймаларға (тұраққа) қойылады. Жылдың суық уақытында ауа температурасы +5°С градустан төмен кезде парктің жылытылмайтын сақтау орындарында және ашық алаңдарында қозғалтқыштарды суыту жүйелерінен суы ағызылады, ал ауа температурасы -20°С градустан төмен кезде қару-жарақтан, әскери және басқа техникадан аккумулятор батареялары алынады. Бұл ретте оларға «Суы ағызылған», «Аккумулятор батареялары алынған» деген жазу ілінеді.

Қызмет көрсетілмеген қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сақтау орындарына (тұраққа) қоюға тыйым салынады.

Оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдар тиелген және қоймалар аумағында қарауыл күзетіндегі машиналарды қоспағанда, машиналарды парктен тыс сақтауға тыйым салынады.

337. Машиналар парктен лауазымды адамдар жасаған өтінімдер бойынша әскери бөлім командирі алдын ала бекіткен машиналарды пайдалану наряды бойынша, техникалық жағынан ақаусыз және қызмет көрсетілген, жүргізушінің жеке басын және машинаны жүргізуге құқығын куәландыратын құжаттары бар, рейс алдындағы медициналық қараудан өткен және рейске бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары (қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалануға жауапты лауазымды адам) қол қойған және бақылау-техникалық пункті бастығының ақаусыз жай-күйі туралы белгісі, сондай-ақ парк бойынша кезекшінің спидометрдің көрсеткіштері мен парктен шығарылған уақыты туралы белгісі бар ресімделген жол қағаздарымен олар бекітіліп берілген жүргізушілермен шығарылады. Машиналарды пайдалану жүргізушілерге машиналарға тиісті қызмет көрсету, оларды рейске дайындау және демалу үшін қажетті уақыт беруді ескерумен жоспарланады.

Нарядпен көзделмеген машиналарды шығару ерекше жағдайларда және тек әскери бөлім командирінің бұйрығымен жүзеге асырылады.

Машиналарды қолайсыз ауа райларында (тұман, көк тайғақ, қалың қар және басқа да) шығару шектеледі.

Демалыс және мереке күндері машиналарды парктен шығару ең аз мөлшерге дейін қысқартылады.

338. Рейске екі машинадан және одан да артық жіберілетін кезде лек бастығы тағайындалады.

Лек құрамында да, жеке машиналармен де жеке құрамды және жарылу қаупі бар жүктерді тасымалдау кезінде әрбір машинаға машина жетекшісі тағайындалады. Басқа жағдайларда қажет болған кезде машиналар жетекшілері әскери бөлім командирінің шешімі бойынша тағайындалады.

Лек бастығы (машина жетекшісі) жол қауіпсіздігі ережелерін білуі бойынша сынақтар тапсырған офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден тағайындалады. Ол: қойылған міндеттерді белгіленген мерзімде атқару, машинаны (машиналарды) дұрыс пайдалану, жүргізушінің (жүргізушілердің) жол қозғалысы ережелерін, машиналардағы (машинадағы) жеке құрамның тәртіпті сақтауы және олардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін жауап береді.

Лек бастығы (машина жетекшісі):

машиналар (машина) қозғалар алдында адамдарды отырғызу және жүктерді тиеу нормаларын сақтауды тексеруге; жеке құрамды (жүкті) машиналарға (машинаға) отырғызу (тиеу), түсіру және орналастыру кезінде тәртіпті бақылауға;

машиналардың (машинаның) қозғалысы барысында бағытты, белгіленген қозғалыс жылдамдығын сақтауды, жүргізушінің (жүргізушілердің) жол қозғалысы ережелерін, ал машиналардағы (машинадағы) жеке құрамның әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын орындауын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

Лек бастығына (машина жетекшісіне) машинаны өзі жүргізуге немесе жүргізушіні машинаны басқа біреуге жүргізуге беруге мәжбүрлеуге; жүргізушінің (жүргізушілердің) жол қозғалысы ережелерін бұзуға және белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыруға мәжбүрлейтін команда беруге тыйым салынады.

Осы тасымалдауды ұйымдастырушы лауазымды адамдар немесе олардың тікелей бастықтары лек бастықтары (машиналардың жетекшілері) мен жүргізушілеріне тапсырмалардың мақсаты, орындалу тәртібі, мерзімдері туралы немесе қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын орындау жөнінде нұсқама береді. Машиналардың жүргізушілеріне, одан басқа бөлімше командирлері машиналарды пайдалану ережелерін, жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы және рейстегі тәртібі туралы нұсқама береді.

Жүргізушілерге машинаны жүргізуді кез келген адамға беруге үзілді-кесілді тыйым салынады.

339. Машиналарды шығаруға дайындау бөлімшелер командирлерінің немесе олардың қару-жарақ жөніндегі орынбасарларының (техникалық бөлім бастығының, автомобиль қызметтері бастықтарының, батальондар техниктерінің, аға техниктер немесе рота техниктерінің) басшылық жасауымен жүргізіледі.

Парктен шығарылатын және паркке қайтып келген машиналардың техникалық жай-күйіне бақылауды бақылау-техникалық пунктінің бастығы жүзеге асырады.

340. Парктегі ішкі тәртіп пен жұмыс тәртібі әскери бөлім бойынша оқыту кезеңіне арналған бұйрықта жарияланады.

Бұйрықпен белгіленбеген уақытта паркке жіберу және онда жұмыс істеу тек әскери бөлім бойынша командирдің рұқсатымен жүргізіледі.

341. Паркте жұмыс істеу және сабақ өткізу үшін белгіленген уақытта жеке құрам паркке саппен офицерлердің немесе сержанттардың (старшиналардың) командасымен жіберіледі.

Өз әскери бөлімінің әскери қызметшілері – офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер паркке жұмыс істеу үшін белгіленген уақытта жеке куәліктері бойынша жіберіледі. Жеке тәртіппен қызмет мәселелері бойынша паркке келген мерзімді әскери қызметтің сержанттары (старшиналары) мен сарбаздары (матростары) паркке әскери билеттері бойынша бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарының рұқсатымен жіберіледі, ол туралы соңғы парк бойынша кезекшіні хабардар етеді.

Машиналарды алып шығуға келген экипаждар (жүргізушілер) паркке жол қағаздарын көрсетуі бойынша жіберіледі.

Өз әскери бөлімінікі емес адамдар паркке тек бөлім командирінің рұқсатымен, бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары қол қойған бір жолғы рұқсаттамалар бойынша және арнайы тағайындалған әскери қызметшінің ілесіп жүруімен жіберіледі (24-қосымша).

Паркте тұрған машиналарға және басқа техникаға тек олар бекітіліп берілген әскери қызметшілер қоймалар мен парктер үй-жайларын ашуға рұқсат етілген адамдардың рұқсатымен жіберіледі.

Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайында машиналарға және басқа техникаға жіберу тәртібін бөлім командирі белгілейді және тиісті нұсқаулықтарда айқындалады.

342. Машиналар люктерінің, кабиналарының, парк үй-жайлары мен парк қақпаларының кілттерін сақтау және беру тәртібі машиналардың парктен уақтылы шығуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ жеке құрамның оларды өз еркімен пайдалану жағдайын болдырмауы тиіс.

Кілттер:

машина люктері мен кабиналарының кілттері: бір жиынтығы – парк бойынша кезекшіде; екіншісі – рота (батальон, бөлімшелер) бойынша кезекшіде мөрленген жәшікте әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына жол қағаздарымен бірге;

парк үй-жайлары мен парк қақпаларының кілттері: бір жиынтығы – парк бойынша кезекшіде; екіншісі – әскери бөлім бойынша кезекшіде мөрленген жәшікте сақталады.

343. Паркте ішкі қызметті атқару және ішкі тәртіпті ұстау үшін парк бойынша кезекші, тәуліктік кезекші және өрт шыққан жағдайда кезекші тартқыштың механик-жүргізушілері (жүргізушілер) тағайындалады. Тәуліктік кезекшілер паркке кіретін есіктердің алдына, ал жұмыс жүргізу уақытында парк аумағында да парк бойынша кезекші болып қойылады.

Тұрақты және далалық парктерді сақшыларды қоюмен қарауылдар тәулік бойы күзетеді. Паркті сенімді жұмыс істейтін техникалық күзет құралдарымен жабдықтаған кезде ол қарауылдар мен сақшыларды қоймай-ақ күзетіледі.

344. Әскери бөлімдер парктерінде, сондай-ақ оқ-дәрілер арсеналдарының, базаларының қоймалар аймағында (техникалық аумағында) кезекші тартқыштың, өрт сөндіру машиналарының, санитарлық көлік құралының тұрағы үшін бақылау-техникалық (бақылау-өткізу) пунктіне жақын жерде жеке жылытылатын үй-жай жабдықталады.

345. Қару-жарағы, әскери және басқа техникасы бар барлық сақтау орындарын, алаңдарды мөрлеу (пломбалау) тәртібін, сондай-ақ паркке келген қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оны қарауылға күзетке тапсырғаннан кейін күзету тәртібін әскери бөлім командирі белгілейді.

3. Әскерлер оқу-жаттығу орталықтарына және полигондарға (лагерьлерге) орналасқан кездегі ішкі қызметтің ерекшеліктері


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: