Ерiк жайлы негiзгi теориялар

 

Жалпы ерiк проблемасы XVIII−XIX ғасырларда психологиялық зерттеулерде негiзгi мәселелердiң бiрi болып табылатын. Алайда XX ғ. психологиядағы жалпы дағдарысқа байланысты ерiктi зерттеу екiншi орынға ығыстырылып қалды. Зерттеулер жүргiзiлгенiмен, тар көлемде болды. Қазiргi психологияның ұғымдық жүйесiн талдай келе, психология тарихшысы М.Г. Ярошевский ерiк ұғымы ХХ ғ.-дағы психологияның негiзгi ұғымдары қатарына кiрмейтiнiн атап өттi. Ал АҚШ психологиясында “ерiк” терминi iс жүзiнде қолданылмайды екен. Тiптi психология жайлы көптеген оқулықтарда ерiк туралы тараулар жоқ. Тек кейiнгi кездерi ғана оған қызығу қайта ояна бастады. Ерiк мәселесiне қатынастың бiрде олай, бiрде бұлай болып өзгерiп тұруының сыры неде?

В.А. Иванниковтың көзқарасы бойынша, ерiк психологиясы саласындағы зерттеулерге деген қызығудың төмендеуiне үш себеп бар көрiнедi: 1) әдiснамалық қиындықтар; 2) ерiктi теориялық түсiнудегi қиындықтар; 3) зерттеудiң әдiстемелiк қиындықтары. Сонымен, ерiк туралы түсiнiктiң дамуында қандай тұрғылар мен бетбағыттар бар, соған келейiк.

Бiз жоғарыда айтып кеткендей, ерiк ұғымына антикалық ғылымда неғұрлым айқын әрi дәл мағына берген Аристотель. Оның айтуынша, ерiк ұғымы адамның тiлек, қалауына негiзделмеген, керiсiнше адамның қаламаған, бiрақ қажеттi және ақыл-парасатқа, саналы түрде қабылдаған шешiмдерiне сүйенiп iстелiнетiн әрекеттерiн түсiндiруге арналады. Аристотель тұңғыш рет психологиялық ұғымдар жүйесiне енген әрi өзiн түсiндiру үшiн ерiк ұғымын қажет ететiн ақиқат болмысты сипаттаған. Ондай болмыстар қатарына жататындар: әрекеттi таңдау, оны тудыратын күш және өзiн меңгеру. Сонымен, ерiк ұғымы психологияға әуел бастан-ақ түсiндiрушi ұғым ретiнде, теориялық конструкт (құрылым) ретiнде енгiзiлген екен.

Сөйтiп, шеңберiнде ерiк проблемасы арнайы қойылған бiрiншi парадигма немесе реалдық адамның өзiнен туындайтын әрекеттiң пайда болуы. Оны шартты түрде ерiкке мотивациялық тұрғыдан келу деп те атайды. Ол кейiн ерiктi өзiн-өзi детерминдеу проблемасы ретiнде зерттеудiң мықты бiр бағытына айналады. Мұның басында Аристотель тұрғанын айта кеткен жөн. Қазiргi уақытта мотивациялық тұрғы аясында ерiк табиғаты жайлы үш дербес нұсқаны бөлiп көрсетуге болады. Бiрiншi нұсқада ерiк әрекет мотивациясының бастапқы сәтiне келiп саяды (тiлек, талпыныс, аффект). Екiншi нұсқада ерiк дербес психикалық не психикалық емес табиғаты бар және өзге ештеңеге саймайтын әрi басқа психикалық процестердi анықтайтын жеке дербес күш ретiнде бөлiнiп көрсетiледi. Ал үшiншi нұсқада ерiк мотивациямен тығыз байланысты, бiрақ онымен тура дәл келмейтiн, кедергiлердi жеңуден тұратын әрекетке қозғаушы қабiлеттiлiк ретiнде қарастырылады.

Ерiктiң мотивациялық бағытына В.Вундттың эмоциялық ерiк теориясын жатқызуға болады. В.Вундт бойынша, қарапайым ерiк процесi қатарына эмоциялық процестiң бiрi елiгудi (құмартып зауықтануды) жатқызуға болады. Оның айтуынша, нақ эмоция мотивтiң мәнiн құрайды. Вундт қарапайым ерiктiк процесте екi жайды бөлiп көрсетедi: аффект және одан шығатын әрекет.

Ерiктiң қозғаушы функциясын әдейi iстелген әрекетке түрткi болатын механизм ретiндегi квазиқажеттiлiктiң қалыптасуымен теңестiрген К.Левин зерттеулерi батыс психологиясын ерiк мен мотивацияны ажыратпай теңдестiруге әкеп сайды.

Кеңес психологиясында мотивациялық тұрғы шеңберiнде ерiктi саналы түрде кедергiнi жеңу қабiлетi ретiнде түсiну басым болды. Д.Н.Узнадзе, Ш.Н.×хартишвили, С.Л.Рубинштейн, Л.И. Божович еңбектерiнде ерiктi әрекетке қозғаушы қабiлеттiлiк ретiнде түсiнетiн мотивациялық тұрғы көрнiс табады.

Ерiктi зерттеудегi екiншi тұрғы “ерiктi таңдау” тұрғысынан келу. Бұл бағыт шеңберiнде ерiк мотивтердi, мақсаттар мен әрекеттердi таңдау функциясына ие. “Ерiктi таңдау” тұрғысы шеңберiнде ерiк туралы көзқарастың екi нұсқасын бөлiп көрсетуге болады. Бiрiншi нұсқада ерiк жеке дербес күш ретiнде қарастырылады (теорияның волюнтаристiк типi), ал екiншi нұсқада ерiк танымдық процестердiң қызмет етуiне келiп тiреледi (интеллектуалистiк теориялар). 

Ерiктi зерттеудегi үшiншi тұрғыны шартты түрде реттеушi деуге болады. Ол психологияда өзiн-өзi реттеу,басқару проблемасы ретiнде көрнiс бередi.

Ерекше дербес процесс ретiнде мiнез-құлықты реттеу идеясын айқын тұжырымдағандар ×.Шеррингтон мен И.М.Сеченов. Олар К. Бернардың өзiн-өзi реттеу туралы қағидасына сүйендi. Ерiктi жеке дербес күш ретiнде мойындамады. Мәселен, И.М.Сеченов адам әрекетiнiң себебiн оған белгiлi бiр мағына беретiн сезiмдiк қозудан, ойдан және моральдық сезiмдерден iздейдi.

Ерiктiң реттеушi функциясын өзiнiң талдау пәнiне айналдырған психолог М.Я.Басов. Оның айтуынша, ерiк тұлғаның өз психикалық функцияларын реттейтiн, шешiлетiн мiндеттерге сай оларды бiр-бiрiмен үйлестiретiн және қайта құратын психикалық механизм боп табылады.

Л.С.Выготский ерiктi жоғары психикалық функция ретiнде, тарихи дамудың өнiмi ретiнде қарастырады. Оның айтуынша, кез-келген ерiк процесi әуелден әлеуметтiк, ұжымдық, интерпсихологиялық процесс.

Л.М.Веккер ерiктi мiнез-құлықты реттеудiң ерекше түрпiшiнi ретiнде түсiнедi. Ол реттеудiң үш түрпiшiнiн бөлiп көрсетедi: ырықсыз, ырықты және ерiктi. Ерiктiк реттеу мiнез-құлықты тұлға жағынан ырықты түрде реттеудiң ең жоғары түрпiшiнi. Бұл тұлғалық деңгей.

Реттеушi тұрғыдан ерiк туралы көзқарасты дамытқан В.К.Калин. Ерiктiк реттеудi ол саналы, затты iс-әрекеттiң мотивтерi мен мақсаттары арқылы жанамаланған, оптималды жұмылдырылған күй ретiнде сипаттайды. В.К.Калин “ерiктiң әрекеттiң мақсатты функциясын” объектiден субъектiнiң өзiне ауыстыруды және “психикалық функциялардың ұйымдасуын қайта құруды” ұсынады.

Ерiктiк реттеу механизмi бойынша ғылым тарихында ерiк теориясының екi типiн бөлiп көрсетуге болады: автономдық (волюнтаристiк) және гетереномдық (интеллектуалдық, эмоциялық).

Бүгiнгi таңда ерiктi реттеудiң психологиялық механизмi ретiнде әрекеттiң мағынасының өзгеруi немесе қосымша мағына жасауды негiздеген В.А.Иванниковтың зерттеулерi қызығушылық тудыруда. Тарихи тұрғыда тұлғаның мағыналық құрылымының iс-әрекеттi реттеуге қатысы болу мүмкiндiгiн алғаш рет көрсеткен Л.С.Выготский едi. Ол балалардың мiнез-құлқының олар үшiн өз әрекетiнiң мағынасының өзгеруi нәтижесiнде қалай өзгерiске ұшырағанын сипаттаған едi. В.А.Иванников ерiктiк реттеудiң жоғары түрпiшiнi ретiнде мәнсiз немесе мәнi шамалы, бiрақ орындауға мiндеттi әрекеттi тұлғаның мағыналық сферасына қосу деп есептейдi. Ол мотивацияның ырықты түрi әрекеттiң туындауында ерiктiк реттеудiң негiзi ретiнде қарастырады.

Сонымен, қазiргi психологияда ерiк проблемасы екi нұсқада көрiнедi: өзiн-өзi детерминдеу проблемасы ретiнде (мотивациялық тұрғы мен “ерiктi таңдау” тұрғысы) және өзiн-өзi реттеу проблемасы ретiнде (реттеушi тұрғы).

Жалпы ерiк тақырыбы психологиялық тұрғыда күрделi боп саналады. Өйткенi, ерiк мәселесi қалыптасқан дәстүр бойынша философиялық тұрғыда ерiк бостандығы, еркiндiк проблемасы ретiнде қарастырылды. Сондай-ақ, физиологиялық тұрғыда ырықты қозғалыстар мәселесi боп зерттелiндi. Ерiктiң психологиялық проблемасын оның философиялық, физиологиялық проблемаларынан ажыратып бөлек қарастыру керек.

Психология тарихына қарап отырсақ, XVIII−XIXғ.-да ерiктiң эмпирикалық теориясы басым болды. Мұнда, ерiк жеке адамның басында өтiп жатқан iшкi психологиялық процесс ретiнде қарастырылды. Адамды қоршаған дүниемен шынайы қатынасында емес, әлдеқандай бiр iшкi тұрғыдан алып қарады. Сыртқы мiнез-құлық “iштей” баста шешiлген жайдың салдары боп табылады. Бүкiл процесс негiзiнен сананың iшiнде жүзеге асады. Ерiктi зерттеудiң негiзгi әдiсi өзiн-өзi бақылау әдiсi болып табылды.

Бүгiнгi таңда ерiктi психологиялық зерттеу әр түрлi ғылыми бағыттар арасында өзара бөлiнiп алынды: бихевиористiк бағыттағы ғылымдарда тиiстi, сәйкес мiнез-құлық формасы зерттелiнсе, мотивация психологиясында iшкi тұлғалық қайшылық-кикiлжiңдерге және оларды жеңу тәсiлдерiне баса назар аударылады, ал тұлға психологиясында негiзгi назар тұлғаның тиiстi ерiктiк қасиеттерiн бөлiп зерттеуге бағытталады. Ерiктi зерттеумен сондай-ақ адам мiнез-құлқын өзiн-өзi реттеу психологиясы да айналысады. Басқаша айтсақ, қазiргi уақытта ерiктi зерттеу бұрынғы бiртұтастығынан, терминологиялық анықтығынан, бiр мәндiлiгiнен айырылып қалды. Жаңа ұғымдарды, жаңа теория мен әдiстердi қолдану нәтижесiнде тақырып аясы тереңдедi әрi кеңею үстiнде. Көптеген ғалымдар қазiр ерiк туралы iлiмге тұтас және бiрiккен сипат беруге бағытталған әрекеттер жасауда.

Ерiктi психологиялық зерттеуде адам мiнез-құлқы табиғаты жөнiндегi екi қарама-қайшы концепциялардың - реактивтiк және активтiк (белсендi) арасындағы күрес елеулi рөл атқарды. Алғашқысы адамның күллi мiнез-құлқын iшкi және сырқы стимулдарға реакциялар (жауаптар) ретiнде ғана түсiндiрдi. Зерттеудiң мiндетi сол стимулдарды табу және олардың реакциялармен байланысын анықтау. Мұндай түсiнiкте ерiкке орын қалмай қалады, ол табиғаты жағынан рефлекторлық боп табылатын реакция ғана. И.П.Павлов ерiктi тiрi ағзаның кедергiге кездескендегi белсендiлiгiнiң көрнiсi, “еркiндiк инстинктi” ретiнде қарастырды. Мiнез-құлықты реакция ретiнде түсiну ХХ ғ. алғашқы ширегiнде психологияны реактология (К.Н.Корнилов) және рефлексологиямен (Б.М.Бехтерев) ауыстыруға әкелiп соқты. Ал екiншi концепция бойынша, адамның мiнез-құлқы әуел бастан белсендi болып табылады, оның формаларын адам саналы түрде таңдауға қабiлеттi. Мiнез-құлықты бұлай түсiнуде ерiк және ерiктiк реттеу ұғымдары мiндеттi түрде қажет. Физиология саласында Н.А.Бернштейн мен П.К.Анохин жүргiзген зерттеулер осы көзқарасты растайды. Бұл зерттеулер негiзiнде қалыптасқан концепциялар бойынша, ерiк адамның өзiнiң мiнез-құлқын саналы реттей алуы, меңгеруi боп табылады. Бүгiнгi таңда осы тұрғыдан қарастырып зерттеуде қазiргi сана психологиясы мен когнитивтiк психология бағыттары маңызды рөл алуда.

Сонымен, ерiк ұғымын ерекше бiр психикалық құрылым ретiнде түсiну әрекетi психологияда әр түрлi теориялық көзқарастың тууына әкелген екен. Мұның өзi ерiк ұғымының күрделi құбылыс екендiгiн бiлдiредi.

 

§ 2. Ерiктiң физиологиялық негiздерi.

Ерiктiк әрекеттердiң физиологиялық механизмдерiн былай түсiндiруге болады. Үлкен ми сыңарларының төбелiк бөлiгiнде қимыл қозғалысты басқаратын аумақ орналасқан. Ол ми қыртысының барлық аумақтарымен, соның iшiнде барлық талдағыштардың ми қыртысы ұштарымен байланысып жатады. Бұл байланыс ми қыртысының белгiлi бiр аумағында пайда болған қозудың қимыл-қозғалыс аумағына жетiп, онда да осындай процесс туғызу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi.

Сонымен, ми қыртысының қозғалыс бөлiгiнiң мидың басқа бөлiктерiмен байланысы адамның саналы қимылдары мен әрекеттерiнiң алға шарты болады. Бiрақ мұндай байланыс мiнез-құлықты ерiктiк реттеу механизмiн толық қамти алмайды. Сондықтан екiншi сигалдық байланыстардың рөлiнде ескеру керек. Өйткенi, екiншi сигналдық байланыстар ми қыртысының жалпы байланыстар жүйесiне қосылады да, оның қызметiн әлдеқайда күрделендiрiп жiбередi.

Екiншi сигналдық байланыстар негiзiнде адам мiнез-құлқының барлық саналы және мақсатты реттелуi жүзеге асады, алынған ақпараттың орнын, мезгiлiн, сипатын, тәсiлiн, қарқынын т.б. анықтау атқарылады. екiншi сигнал жүйесiнiң тiтiркендiргiштерi адам мiнез-құлқының қимыл-қозғалыстық бөлiгiнiң ғана белсендiлiгiн арттырып қоймай, ой, қиял, ес тәрiздi көптеген психикалық процестердiң басталуының сигналы болады, зейiндi реттейдi, сезiмдi туғызады. Екiншi сигналдар (сөздер) көмегiмен адамның бүкiл саналы әрекетi жүзеге асып реттелiнедi. Екiншi сигналдық байланыстар қимыл әрекеттердi бөгеу, ерiктi тежеу қызметiнде шешушi рөл атқарады.

Сонымен, екiншi сигналдық байланыстар ақпараттың талдағыштан қозғалыс бөлiгiне жылжудың бағытын өзгертедi. Бұл ақпарат өте күрделi жолдан өтедi. И.П.Павлов қимыл-қозғалыстың ырықты болуы бүкiл ми қыртысының жалпы жұмысының нәтижесi деп түсiндiредi. Ал сананың реттегiш жағы ретiнде ерiк шартты рефлекстiк табиғатқа ие. Уақытша жүйкелiк байланыстар негiзiнде сан алуан ассоциациялар мен олардың жүйелерi қалыптасып нығаяды да бұлардың өздерi мақсатты мiнез-құлыққа жағдайлар жасайды.

Тәжiрибе ерiктi реттеуде ми қыртысының маңдай бөлiгiнiң айырықша маңызы бар екенiн көрсетiп отыр. Әр сәт сайын жүзеге асып жатқан нәтиже мен алдын ала жасалынған мақсат бағдарламасының салыстырылуы тап осы жерде өтедi. Маңдай бөлiмiне зақым келу қимыл-қозғалысты, әрекеттi ырықты реттеудiң бұзылуынан көрiнетiн апраксияға әкеп соғады. Мұндай адам қандай-бiр әрекеттi орындауды бастап, кез-келген кездейсоқ әсердiң нәтижесiнде оны бiрден тоқтатады не өзгертедi, яғни ерiктiк актыны жүзеге асыру мүмкiн емес. Ми патологиясы негiзiнде iс-әрекетке түрткiнiң болмауынан, шешiм қабылдауға, қажеттi әрекеттi жүзеге асыруға қабiлетсiздiктен көрiнетiн абулия (ерiктiң әлсiреуi) пайда болуы мүмкiн. Абулия ми қыртысының патологиялық тежелуiнен туындайды.

Мiнез-құлықтың ерiктiк реттелуiнiң рефлекстiк табиғаты ми қыртысында қозудың оптималдық орны жасалуының алға шарты. Оптималдық қозу орны- бұл ми қыртысындағы жұмыс орны. Ол адамның осы сәттегi негiзгi iс-әрекетiн жүзеге асырады.

Мiнез-құлықтың ерiктiк реттелуiнiң жалпы механизмiндегi ретикулярлық формацияның маңызды мәнiн атамай кетуге болмайды. Ретикулярлық формацияның ми қыртысына баратын белгiлi бiр импульстердi iрiктеп алып, өмiрлiк мәнi жоқтарын бөгеп отыратын ерекше сүзгi тәрiздi екенi белгiлi боп отыр. Ретикулярлық формация бұл импульстердi електен өткiзедi. Сол сияқты ретикулярлық формацияның ми қыртысын энергиямен қамтамасыз ететiн өзiндiк аккумулятор және басқару пультi екендiгi жалпыға белгiлi.

П.К.Анохин ұсынған мiнез-құлықтың ерiктiк реттелуi механизмi ретiнде әрекет акцепторы ұғымы бiздiң түсiнiктерiмiздi одан әрi тереңде түседi. Оның мәнiсi – жүйке процестерiнiң сыртқы оқиғалар барысынан о за  жүретiндей көрiнетiндiгiнде. Бұрынғы тәжiрибе негiзiнде адам жүйке жүйесiнде болашақта берiлетiн әсердi алын ала бiледi. Сигнал негiзiнде мида көп рет қайталау арқылы қалыптасқан жүйкелiк байланыстардың бүкiл кешенi, ассоциациялардың барлық жүйесi қалпына келтiрiледi.

Сонымен, саналы басқарылатын мiнез-құлық үлкен ми сыңарларында өтiп жататын көптеген күрделi процестердiң өзара әсерiнiң нәтижесi болып саналады.

 

§ 3. Ерiктiк әрекеттiң құрылымы

Адамның еркi алдын ала қойылған мақсатқа сай орындалатын әрекет, қылықтардан көрiнiп отырады. Ерiктiк әрекеттер құрылымы жағынан өте күрделi процесс болып табылады. Ерiктiк әрекеттер мақсаттың және сол сияқты оларды орындау барысында кездесетiн кедергiлердiң, қиындықтардың болуымен, оларды орындау кезiнде бастан кешетiн тебiренiс,толғаныстардың болуымен сиптталады.

Ерiктiк әрекеттердi қарапайым және күрделi деп бөледi. Қарапайымы, әдетте, мақсат қою және орындау сияқты екi буыннан тұрады. Күрделi ерiктiк әрекетте мақсатты ұғыну, жоспарлау және орындау деген үш буын айқын бөлiнедi.

Адам еркiнiң психологиялық мәнiн түсiну үшiн күрделi ерiктiк әрекеттi қарастырып көрейiк.

Мақсатты ұғыну. Адам мiнез-құлқының стимулдары сан алуан. Мұндайлар: ашығу, шөлiркеу сияқты физиологиялық қажеттiлiктер, ауа жұту, дем алу, ұйықтау қажеттiлiктерi, басқа адамдармен араласу, бiлiмге, көңiл көтеруге құмарлық тәрiздi әлеуметтiк қажеттiлiктер бола алады. Қажеттiлiктердi саналы ұғыну дәрежесiне байланысты елiгу және тiлек деп бөледi.

Туа бiткен қажеттiлiк адам санасында күңгiрт, бұлыңғыр зауықтану,елiгу түрiнде бейнеленедi. Оның күңгiрт болатыны оған қажеттiлiк аз, оның сигналдары мида айқын бейнеленбейдi. Адам өзiне әйтеуiр бiрдеңе қажет сияқты сезiнедi, бiрақ оның нақты не екенiн анық бiлмейдi. Елiгудi әдетте өтпелi күй ретiнде қарастырады. Саналы түрде ұғынылмаса ол баяу басылып жоғалады. Не болмаса қажеттiлiктiң арта түсуiне қарай оны айқын ұғыну белең алып, елiгу нақты тiлекке айналады. Бiр нәрсенi тiлеу дегенiмiз- не мазалайтынын, қандай мұқтаждық бар және оны қалай қанағаттандыруға болатынын бiлдiру. Ал тiлек дегенiмiз – мұрат түрiнде өмiр сүретiн (адам миында) қажеттiлiк мазмұны.

Тiлек әрекетте мотив болуы мүмкiн. Iс-әрекеттiң мотивi ретiнде тiлек қажеттiлiктi айқын ұғыну, жете түсiнумен сипатталады. Ал тiлеу дегенiмiз - тiлектi қанағаттандыру үшiн әрекет жасау болып табылмайды. Тiлекте қажеттiлiк мазмұны бейнеленгенiмен, онда әрекет белсендi элемент жоқ. Адам көп нәрсенi тiлей алады, бiрақ бұдан ол барлық бағытта әрекет жасай бередi деген ой тумайды. Сонымен, бiрдеменi тiлеу дегенiмiз- ол, ең алдымен, қозғаушы стимулдың мазмұнын бiлу деген сөз.

Бiрақ тiлек пен жалпы бiлiм арасында теңдiк белгiсiн қоюға болмайды. Кез келген бiлiм тiлекке айнала бермейдi, бiрақ тiлектiң бәрi – бiлiм. Тiлек мiнез-құлықтың тiкелей мотивiне, одан соң мақсатына айналмас бұрын талқыға салынады. Талқылау барысында бiз оны қолдауға болатынына не болмайтынына дәлеледер келтiремiз. Бiз артқа көз салып, осы мақсатқа бiздi не итермелегенiн, тiлегiмiздiң қандай екенiн ұғынамыз. Бiз мақсатымыздың жүзеге асуына көмектесетiн немесе бөгет жасайтын жағдайларды салыстырамыз, алдымызды қиялдай шолып, қабылданған шешiмдерiмiздi жүзеге асу нәтижесiн ойша болжаймыз.

Басқаша айтқанда тiлектi iрiктеу, мұшелеу және негiздеу бағытында ой жұмысы атқарылады. Тiлек өмiрде бiрден жүзеге аспайды. Кейде адамда бiрнеше келiсiлмеген, тiптi сәйкес келмейтiн қайшы тiлектер пайда болуы мүмкiн. Онда ол оның қайсысын жүзеге асыру керектiгiн бiлмей қиын жағдайда қалады. Бiрнеше тiлектердiң қақтығысынан туындайтын психикалық күйдi немесе арасынан бiреуiн таңдауға тура келетiн қарама-қарсы, үйлесiмсiз мотивтер қақтығысын мотивтер тартысы деп атайды. Мотивтер тартысы оған қатысты толғаныстарды тудырады. Мотивтер тартысының ақыры шешiмге келумен бiтедi. Яғни, әрекет мақсаты пен тәсiлi таңдалады. Шешiмге келу дегенiмiз – бiр тiлектi екiншi тiлектен ажырату, сөйтiп мақсаттың идеалды бейнесiн жасау. Қабылданған шешiмдер әдетте “осы шешiмге тоқтаймыз”, “осылай жасаймыз” деген сияқты тоқтам түрiнде қысқа тұжырымдалады. Шешiмге келiп болған соң, мотивтер тартысы кезiндегi шиеленiс әлсiрейдi. Қабылданған шешiм тiлек, ниетiне сай болған жағдайда адамның бойы мүлде жеңiлденедi. Бұл жағдайда ол тiптi қанағаттану, шаттану сезiмдерiн бастан кешiредi. Тiптi қабылданған шешiм адамның тiлек арманымен толық сай келмеген жағдайдың өзiнде де жеңiлдену болады. Өйткенi, шешiмге келу фактысының өзi шиеленiстi бәсеңдетедi.

Жоспарлау. Күрделi ерiк әрекетiнде шешiм қабылдаудан соң қойылған мiндетке жету жолдарын жоспарлау басталады. Рас, кейде шешiмдердi жүзеге асыру тәсiлдерi мақсаттың қалыптасуы барысында содан туындап, жалпы түрде белгiленедi. Бiрақ, бұлай болған жағдайдың өзiнде ол тiкелей практикалық әрекет алдында мұқия талқылаудан өтедi.

Тәсiл таңдау кезiнде де мақсат таңдау кезiндегiдей толғаныс, тебiренiс түрiндегi қиындықтарың болуы мүмкiн. Қиындықтар бiр жағынан, мақсатқа жетудiң жолы мен тәсiлдерi оңай көрiнгенiмен, моральдық ережерлерге сай келмейтiндiктен және басқа адамдарға зиян келтiретiн болғандықтан да туады. Екiншi жағынан келгенде, кейбiр жолдар қиын, орасан зор күш жұмсауды керек ететiн,бiрақ әдеп ережелерiне қайшы келмейтiн болуы мүмкiн. Басқаша айтқанда, iштей толғаныс кикiлжiң жағдаят қалыптасқандықтан туады: мақсатқа жеткiзер жолдың бәрi жақсы ма әлде мақсатқа жетудiң моральға лайық жолдарын iздеген дұрыс па? Адам мақсатқа жеңiл жолмен жету мүмкiн не мүмкiн еместiгiн шешуге мәжбүр.

Орындау. Амал-тәсiлдер белгiленген соң адам қбылдаған шешiмдердi жүзеге асыруға кiрiседi. Көптеген психологтар ерiктiң мәнiн нақ осы қабылданған шешiмдi орындауд ан көредi. Ерiктiк әрекеттiң орындау сатысының күрделi құрылымы бар. Қабылданған шешiмдi орындау ең алдымен белгiлi бiр уақыт мерзiммен байланысты. Егер шешiмдi орындау ұзақ уақытқа кейiн ысырылса, онда оны орындау ниетi деп айту қабылданған. Ниет өзiнiң мәнi бойынша кейiнге қалдырылған әрекетке iштей әзiрлiк және шешiммен бекiтiлген мақсатты жүзеге асыру бағыттылығы боп табылады. Алайда тек бiр ғана ниет жеткiлiсiз. Алдын ала жоспарланған әрекеттi жүзеге асыру үшiн саналы түрде ерiктiк күш салу керек. Ерiктiк күш салу ретiнде iшкi ширығыс,шиеленiстiң ерекше күйi немесе адамның ойлаған нәрсесiн жүзеге асыру үшiн қажет әрi оның iшкi мүмкiндiктерiн жұмылдыратын белсендiлiктi түсiнемiз. Сол себептi, ерiктiк күш жұмсау әрқашан едәуiр энергия шығындаумен, жұмсалған қуат көлемiне байланысты. Қазақ психологы Ж.Аймауытұлы “Жан жүйесi мен өнер таңдау” (1926) атты кiтабында немiс психологы әрi педагогы Э.Мейманның “Оқығандар және қайрат” деген кiтабын талдай отыра, “қайраттың бiр белгiсi – екпiндi, я жiгерлi болмағы” деп жазады. Ол ерiктiң энергия жұмсау жағын сипаттау үшiн “жiгерлi қайрат” деген сөз тiркесiн қолданған екен.

Адамның мiнез-құлқы қойылған мiндет пен алдын ала жоспарланған әрекет тәсiлiне бағынышты болады. Бiрақ адам әрекет жасап қана қоймай, сол өз әрекетiн бақылап және түзеп отырады. Ол әр сәт сайынғы нәтиженi мақсаттың (немесе оның бiр бөлiгiнiң) күн iлгерi ойда жасалған бейнесiмен салыстырып қарайды. Осылайша қол жеткен жеке нәтиже бұрын қол жеткен нәтижелермен қатар қойлады және идеалды бейнеге “жалғастырылады”. Бұған мысал келтiрейiк.

Оқушы өз алдына суда жүзудi үйрену мақсатын қойды делiк. Бұл үшiн оған қол-аяғын үйлесiмдi қимылдату кешенiн игеру керек. Мұғалiм оқушыға табысқа жету үшiн қандай қимылдарды игеруi, орындауы керек екендiгiн айтады, тiптi көрсетiп беру мүмкiн.

Әуелi оқушы қимылдарды ой елегiнен өткiзедi, оларды көз алдына елестетедi. Содан соң ол қимылдарды игере бастайды. Қайталау арқылы практикалық орындауды белгiлi үлгi қалыпқа келтiредi. Жаттығу дегенiмiздiң өзi – практикалық iстi үлгiге мейлiнше жақындату.

Үйрену сәттiлiгi бiрсыпыра жағдайларға: қимылдың ойдағы бейнесiнiң қаншалықты анық және айқын болуына, орындалатын әрекеттi оқушының қалай бақылап,, үлгiмен қалай салыстыра бiлуiне, өзiн қалай жұмылдырып, объективтiк және субъективтiк кедергiлердi қайтiп игеруiне байланысты.

Сонымен, ерiктiк әрекеттер құрылымы жағынан өте күрделi процесс боп шықты.

§ 4. Жеке адамның ерiктiк қасиеттерi

Адамның еркi белгiлi бiр қасиеттермен, сапалармен сипатталады. Ендi жеке адамның ерiктiк қасиеттерiнiң негiзгiлерiн қарастырып көрейiк.

Ерiк күшi. Алға қойылған мақсатқа жету жолында туындайтын елеулi қиындықтарды жеңу қабiлетiнен көрiнетiн ерiк сапасын ерiк күшi деймiз. Мақсатқа жету жолында сiздiң жеңген кедергi, бөгеттерiңiз неғұрлым күштi болса, соғұрлым сiздiң ерiк күшiңiз мықты. Ерiктiк күш салу арқылы жеңген кедергiлер ерiк күшiнiң объективтi көрсеткiшi боп табылады.

Мақсатқа ұмтылушылық. Iс-әрекеттiң белгiлi бiр нәтижесiне жете бiлуден көрiнетiн, тұлғаның мақсатқа саналы және белсендi бағыттылығы мақсатқа ұмтылушылық деп аталады. Мақсатқа талпынған адам ұсақ-түйекке көңiл бөлмей, алған бетiнен қайтпай қайткен күнде де оған жетудi көздейдi.

Батылдық. Мақсатты таңдау мен оған жету жолын анықтаудың шапшаңдығы мен ақылға сайлығынан көрiнетiн жеке адамның ерiктiк қасиетi батылдық деп аталады. Батыл адам әрекет мақсаттары мен оларға жету тәсiлдерiн жан-жақты және терең ойлап, қабылданатын шешiмнiң маңызын түсiнiп, олардың мүмкiн болар нәтижесi жөнiнде өзiне-өзi есеп берiп отырады.

Батылдық - жекее адамның еркiнiң жоғары дәрежеде екендiгiн көрсететiн қасиет. Батылдық әсiресе мақсатқа бет алыс сәтiнде, сол сияқты, қабылданған шешiмдi жүзеге асыру барысында айқын көрiнедi.

Табандылық. Мiнез-құлықты ұзақ уақыт бойы белгiлi бiр мақстқа сай бағыттап, бақылап отыру қабiлетiнен көрiнетiн жее адамның ерiктiк қасиетiн табандылық деп атайды. Мұндай қасиеттке ие адам, қойылған мiндеттi үнемi санасында ұстап, өз мiнез-құлқын соның шешiмiн тездететiндей етiп құрады. Табанды адам жағдайды дұрыс бағалайды., одан мақсатқа жетуге көмектесетiн нәрселердi таба бiледi.

өстамдылық. өстамдылық немесе сабырлылық деп мақсатқа жетуге бөгет жасайтын психикалық көңiл-күйдi және шаршап-шалдығуды жеңе бiлу қабiлетiнен көрiнетiн жеке адамның ерiк сапасын айтады. Адамға кейде күрделi жағдайларда, мысалы денсаулығы мен өмiрiне зиян келтiретiн жеке басының және қоғамның намысын, абыройын қорғауға тура келетiн т.б. осындай жағдайда әрекет жасауға тура келедi. өстамды адам мұндай кезде жағдайға сай келетiн және өз қылығын ақтайтын белсендiлiк дәрежесiн таңдап алады. өстамдылық дегеiмiз- адамның өз ерiк-жiгерiн билей бiлу қасиетi.

Дербестiк. Өзi талаптанып алдына мақсат қоя, оған жету жолдарын таба бiлетiн және қабылданған шешiмдердi практикалық орындай алатын адамның ерiктiк қасиетi дербестiк деп аталады. Дербес адам мәселелердi бөтеннiң жетегiнде кетпей, өз бiлiмiмен, сенiм-қабiлетiмен шешуге тырысады.

Дербес адам басқаның көмегiнсiз-ақ проблемалық жайттың бетiн ашады, оны ескере отырып, алдына мақсат қояды. Ол өзiне басқа адамдардың айтуын, нұсқауын күтiп отырмайды. Мұның үстiне ол өз көзқарасын, мiндет, мақсат және оны жүзеге асыру жөнiндегi өз түсiнiгiн жалтақсыз дәлелдеп қорғай алады.

Адамның еркi батылдық, ер жүректiлiк, ерлiк, төзiмдiлiк, тәртiптiлiк сияқты басқа да қасиеттермен сипатталады. Бiрақ олар, едәуiр дәрежеде жоғарыда қаралып өткен ерiк сапаларының даралана ұштасуы болып есептеледi.

Ерiктiң дамуы мен оны тәрбиелеу адамның бүкiл өмiр iс-әрекетi процесiнде жүрiп отырады. Ерiк өзге де жоғары психикалық процестер сияқты адамның жас кезеңiне байланысты қалыптасады. Мәселен, жаңа туған балада шартсыз рефлектер түрiндегi ырықсыз қозғалыстар ғана болады. Сондықтан шын мәнiсiндегi ерiктi әрекеттер бұл кезеңде болмайды. Ерiктiк, саналы әрекеттер кейiн қалыптасады. Алғашқы кездерде баланың тiлектерi тұрақты болмайды, тез бiр-бiрiне алмасып отырады. Тек төрт жасқа қараған шағында баланың тiлегi азды-көптi тұрақты сипат ала бастайды. Баланың еркiн тәрбиелеудi неғұрлым жас кезiнен бастау қажет. “Баланы жастан” деп халық бекер айпаған. Ерiк тәрбиесiнде баланы жастайынан еңбек сүюге баулу, еңбең адамдарын қастерлеп, сыйлауға үйретудiң маңызы зор.

Ерiктi қалыптастырудың негiзгi жолдары қандай? Ең алдымен бұл процестiң табысы болуы ата-анаға байланысты. Зерттеулер көрсеткендей, баласының жан-жақты боп дамуына көңiл бөлген ата-аналар оларға жеткiлiктi жоғары талап қоя бiлетiнiн көрсеттi, нәтижеде балада iс-әрекеттi ерiктiк реттеуде еш қиын проблемалар болмайды. Отбасындағы терiс тәрбиеге байланысты бала да қыңырлық пен кiрпияздық, шолжаңдаған еркелiк қалыптасады. Бала тiлегiн қайтармай, құр мәпелей беру, iс-әрекетiн ұйымдастырып отырмаушылық ерiктiң жеткiлiксiз дамуына әкеп соғады.

Баланы отбасында тәрбиелеудiң қажеттi шарты ода саналы тәртiптi қалыптастыру. Ата-ананың балада ерiктiк қасиеттердi дамытуы оның iшкi тәртiптiлiгi қалыптасуының алғы шарты боп табылды. Өзiнiң тiлегiн нақты жағдайлармен салыстыру, өзгелердiң ырқына бағындыра алу қабiлетi дамиды.

Ерiктiк қасиеттiң дамуында маңызды рөлдi мектеп алады. Мектеп балаға оқыту процесi жүзеге асуға қажет бiрқатар талаптар қояды. Мәселен, мектеп оқушысы партада белгiлi бiр уақыт отыруға тиiстi, мұғалiмнiң рұқсатынсыз ол сыныптас жолдастарымен сөйлесе алмайды, орынан өз қалауынша тұрып далаға шығып кете алмайды. Осы талаптардың бәрi баладан ерiктiк қасиеттердiң жоғары деңгейде дамуына әсер етедi.

Баланың еркi дамуында дене тәрбиесiнiң де маңызы зор. Спортқа әуестендiру, дене шынықтыру жұмыстары ретiне қарай жүрiп отыруы тиiс. Сонымен бiрге, өзiн-өзi тәрбиелеу қажеттiлiгiн ұғындыру, ұлы адамдардың өнегелерi мен iстерiне елiктеу ерiктi шыңдауға көмектеседi. Ерiктiк қасиеттердiң қалыптасуы адам есейген соң тоқтап қалмайды. Еңбек жолына дербес кiрiскен жас маманның ерiктiк қасиетi осы еңбек iс-әрекетiнде жоғары даму дәрежесiне жетедi. Сөйтiп, ерiктi қалыптастыру адам өмiрiнде маңызды рөл алды екен.

 

ТҰЛҒАНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: