Акушерлік патологиялар 7 страница

Буаздықтың ана организміне, әсіресе, жас малдың организміне пайдалы әсер ететіні де белгілі. Жемшөпке тәбеті жақсы болған соң, тез оңалып, дене құрылысы да өсіп, физиологиялық жетілу мерзімі жылдамдайды.

Бірінші туманың буаздығын алғашқы буаздық деп атайды, бұрын туып жүрген болса, қайталанған буаздық дейді. Одан басқа да мына түсініктерді айта кету керек: бір төлді буаздық (ит, қой, ешкі, мысық, қоян, шошқа), қосымша буаздық, жалған буаздық деген ұғымдар да бар.

Сиыр мен бие, түйеде негізінен бір төлді буаздық болады, сиырлардың егіз туатын жағдайы 1-2 пайызға дейін кездеседі, тіпті, 3-4 бұзаудан туған сиырды да кездестіруге болады. Бірақ олардың бұзаулары әлсіз, жарым жан болып туады да өліп қалады. Биелердің де ішінде егіз туатыны кездеседі.

Қой мен ешкілерде 40-50 пайызға дейін егіз туатындар болады, 10-13 пайызы үшеуден туады. Мегежін жақсы күтімде бір төлдегенде 10-12 торай береді. Саратов облысында "Сказка" деген мегежін бір буаздықтан 32 торай тапқан.

5-кесте. Буаздықтың ұзақтығы (күн есебімен).

Жануарлар   Буаздық күндері Жануарлар Буаздық күндері
Сиыр 285 (270-300) Қасқыр 62
Бие 336 (320-355) Түлкі 51 (49-55)
Түйе 369 (343-395) Жолбарыс 154
Қой, ешкі 150 (145-157) Арыстан 110
Шошқа 114 (110-113) Аю 200
Ит 63 (58-66) Піл 660
Мысық 58 (56-60) Бұғы 255 (195-243)
Қоян 31 (30-33) Қодас 258
Ақ тышқан 23 (22-24) Буйвол 307 (300-315)
Есек 380 (360-390) Елік 300

Буаздықтың ұзақтығына іштегі төлдің саны, жынысы, анасының күтімі, жасы, тұқымы тағы басқа факторлар әсер етеді. Төлдің саны көп болса, буаздық мерзімі қысқарады, ұрғашы төл туатын болса да буаздық қысқарады, бірінші тумалардың буаздығы ұзағырақ болады, күтімі нашар, арық-тұрақ малдың буаздығы ұзағырақ болады. Күзде тоқтаған малдың буаздығы жазғытұрым тоқтаған малдың буаздығына қарағанда ұзағырақ келеді.

Кейбір бағалы терілі аңдар мен жабайы аңдарда ұрықтану процесі біткен соң зигота өзінің ары қарай дамуын тоқтатады да, төлдеуге қолайлы жағдай туғанда ғана өте қарқынды түрде дамып жетіле бастады. Мұндай құбылысты ғылымда буаздықтың жасырын кезені, яғни диапауза деп атайды. Мысалға құндыздардың шағылысуы сәуір айында басталып буаздығы 9-10 айға созылғанымен, оның ішінде 7 ай диапаузаға кетеді. Тек соңғы 2 айда ғана зигота қайтадан өсіп дами бастайды. Диапауза еліктерде, аюда да кездеседі.

Көп төлді жануарларда суперфетация, яғни қосымша буаздық деген құбылыс байқалады. Оның мәні мынада: күйлеген жануарлардың күйі қайтқанша бірнеше рет шығылысқандықтан алғашқы пайда болған зиготаның үстіне тағы да ұрықтанып, қосымша зиготалар келіп түседі. Олардың өсіп даму мерзімінің арасында 10-20 күнге дейін айырмашылық болады.

Көп жағдайда ит пен мысықта, ешкіде, қоянда жалған буаздық байқалады, яғни шағылысқа түспеген, ұрықтандырылмаған жануардың желіні үлкейіп, уыз пайда болып, іші үлкейіп, төлдейтін орнын дайындап жатқанын көруге болады. Жатырдың ішіне кілегейлі шырыш жиналады. Бірақ бірнеше күн өткен соң бұл өзгерістердің бәрі де басылып буаздықтың белгілері біртіндеп жойылып кетеді.

Төлдің өсіп дамуы. Ұрықтану үрдісінің нәтижесінде пайда болған зигота 10-15 минут өткен соң-ақ алдымен екі бластомерге содан соң 4-8, 16, 32, т.с. с. бластомерге бөліне бастайды. Мұндай бөліну ұрық түтікшесінде басталып, жатырға түскенде аяқталады. Бұл кезде зародыш (тұқым) көп клеткалы шарға ұқсайды, оны морула деп атайды. Алғашқы кезде моруланың сыртындағы аналық ұрық клеткасының мөлдір қабығы сақталып тұрады да, жатыр ішіне түскен соң ферменттердің әсерінен мөлдір қабық еріп ыдырап кетеді де, морула сыртқы бластомерлерімен тікелей жатыр кілегей қабығына тиіп тұрады. Бұл кезде бластомерлер екі топқа бөлініп оқшаулана бастайды: сыртқы шеңбер бойымен орналасқан ұсақ бластомерлерді трофобласт деп атайды, ал ішкі бір жерге топтасқан ірі бластомерлерді эмбриобласт  деп атайды. Трофобластың әрбір клеткасы жатыр эпителийінің торшаларын ерітіп, оны қоймалжың коректік затқа айналдырып, оны бойына сіңіре бастайды, зигота кілегейлі қабықтың астына тереңдеп тамыр жая береді. Сөйтіп трофобластадан амион, хорион деген қағанақ қабықтары пайда болады да, эмбриобластадан төлдің денесі өсіп жетіледі және аллантоис- зәрліқағанақ қабығы пайда болады.

Эмбрионның жатырға бекуі (телінуі) ұрықтанғаннан кейін сиырларда 15 күн, қой мен ешкіде 10-20 күн, мегежінде 10-12 күн, биеде 40 күн өткенде болатын үрдіс.

Сулы қабық (amnion). Амнион төлді қоршап жататын ен ішкі қабық, төлдің кіндік тұсына келіп, ол төлдің терісіне айналып кетеді. Амнион қабығының ішінде мөлдір кілегей тәрізді сұйық жиналады, төл осы сұйықтың ішінде аударылып-төнкеріліп жүзіп жүреді. Бұл сұйық төлдің мүшелерінің пропорционалды өсіп дамуына мүмкіндік туғызады, сырттан тиетін соққыдан сақтайды, жатырдың тонусын күшейтеді, туу кезінде жатыр мойынын ашуға көмектеседі, туу жолдарын ылғалдандырады.

Биенің амнион қабығы аллантоистың ішкі қабатымен тығыз жабысып жатады, ал күйіс малдарында және мегежінде амнион негізінен хорионмен бірігіп жатады.

Амнион сұйығының көлемі сиырларда 3-5 л, биеде 3-7 л, қоймен мен ешкіде 0,4-1,0 л. Ол шошқа және ит, мысықтарда өте аз мөлшерде болады. Төл өскен сайын өзінің қажетінше осы сұйықты жұтып, денесіндегі су алмасу үрдісін қамтамасыз етеді.

Зәрлі қабығы (allantois). Төлдің ішкі қабатынан түзіліп, оның кіндік тесігі арқылы сыртқа созылып шыққан қапшық. Өте жұқа қабық, оның қабырғасы арқылы жатырдың хорионға, хорионнан төлге қан тамырлары өтеді. Зәр қабығын төлмен жалғастырып тұратын зәр түтікшесін урахус деп атайды, ол кіндік бауының құрамында болады.

Төлдің зат алмасу үрдісінің нәтижесінде бөлініп шығатын қажетсіз заттар (зәр, нәжіс) осы түтікше арқылы несеп қапшығына жинала береді. Буаздықтың соңына қарай биеде бұл сұйықтың көлемі 7-10 л, сиырда 5-6 л, қой мен ешкіде 0,5 л, мегежінде зәр сұйығы өте аз, тіпті мүлде болмауы да мүмкін.

Биенің, ит, мысық пен қоянның зәрлі қабығы төлдің амнион қабығын түгелдей қоршап жатады да, алланто-амнинон және алланто-хорион қабығын түзейді. Ал күйіс малдарында, мегежінде аллантойс амнионды түгел қоршай алмайды, тек астыңғы жағынан ғана жанасады.

    Зәр сұйығының шамадан тыс көбейіп кетуі (ірі малда 20 л, ұсақ малда 3-5 л.) бөсір ауруының белгісі болып табылады.

    Зәр сұйығы да амнион сұйығындай төлді сыртқы ортаның соққысынан сақтайды, туу актісі кезінде жатыр мойының ашылуына көмектесіп, туу жолдарын ылғалдап, оны езіліп-жыртылуынан сақтайды.

    Тамырлы қабығы (chorion). Бұл ең сыртқы қабық. Оның сыртында көптеген түктер болады. Түктердің әрқайсысы бір қатар эпителиалді торшадан, дәнекер ұлпадан және кіндік-тамырларының артерия, вена тармақтарынан тұрады. Мұндай түктер жатырдың кілегейлі қабығына, оның крипттарына: қосылып плацентаны құрайды.

    Тамырлы қабықтың негізгі қызметі төлді анасымен жалғастырып, қажетті коректік заттармен қамтамасыз етіп отырады, ол плацента арқылы іске асады.

    Жоғарыда айтылғандай қағанақ қабықтары өзара қатынасының малдың түлігіне қарай ерекшеліктері болады (11- сурет).

 

а
ә
  

11- сурет. Төл қабаттарының орналасуы. а-сиырда, ә-биеде

    Плацента (Placenta). Бұл тамырлы қабық пен жатырдың кілегейлі қабығының ұлпаларынан тұратын өте күрделі орган, оның атқаратын қызметі де күрделі. Плацента арқылы төл ана организмінен оттегін алып, көмір қышқыл газын шығарып отырады, көректік заттар плацентаға түскен мезгілде-ақ жеке молекулаларға ыдырап, төл сіңіре алатындай басқа құрамдағы заттарға айналып барып, төл организміне өтеді. Плацента төлді ауру қоздырғыш әртүрлі микробтардан, зиянды, улы заттардан сақтайды.

    Плацента екі бөліктен тұрады: аналық бөлігі (p.uterina) (криптер) және төл бөлігі -(p.fetalis) (хорион түктері).

Хорион түктерінің орналасуына байланысты планцентаны төрт түрге бөлеміз: шашыраңқы плацента (p.dizeminata)-бие, мегежін плацентасы; шоғырланған плацента (p.multiplex)-күйіс малдарында; зональді (белдік тәрізді) плацента (p.zonaria)-ит, мысықта; дөңгелек (диск тәрізді) плацента (p.dizcoidea) кеміргіштерде, маймылда.

Плацента аналық бөлігі мен төлдік бөлігінің байланысу сипатына қарай: эпителиохориалды плацента (бие, мегежін плацентасы); десмохориалды плацента (күйіс малдары); эндотелиохориалды плацента (ит, мысықта); гемохориалды плацента (кеміргіштерде, маймылда, адамда) деп төрт түрге бөлінеді (12 –сурет).

 

12- сурет. Сүт қоректілердің плацентарлық байланысының өзгешеліктері: І-эпителиохориалді; ІІ- десмохориалді; ІІІ-эндотелиохориалді; ІV-гемохориалді; 1- жатырдың кілегейлі қабатының эпителиі; 2- крипта эпителиі; 3- түктің эпителиі; 4- түк тамырлары; 5- жатырдың кілегейлі қабатының тамырлары; 6- лакундер.

Туу үрдісінің ақыры шудың бөлініп түсуімен аяқталады, сонда плацентаның хориондағы төл бөлігі жатырдағы аналық бөлігінен ажырағанда оның бүтіндігінің бүлінуіне немесе бүлінбеуіне байланысты плацента:

- көшіп түсетін плацента p.decidua -(ит, мысық, қоян);

- көшіп түспейтін плацента p.adecidua -(ауылшаруашылық малыңда) болып екі түрге бөлінеді (13-, 14-,15-суреттер).

13-сурет. Бие мен мегежін плацентасы. (шашыраңқы плацента).

 

Бие мен мегежіннің плацентасының сипаттамасы: хорион бетіндегі түк біркелкі шашырап орналасқан, ол өзінің эпителий қабатымен жатыр кілегейлі қабаты-ның эпителий торшаларына жанасып тұрады да, шу түскенде әрбір түк жатыр криптасынан оңай ажырап шығып кете береді. Жатыр кілегей қабаты бүлінбейді (көшіп түспейтін плацента).

 

14-сурет. Сиыр плацентасы (шоғырланған плацента).

Күйіс малының плацентасының сипаттамасы: Хорион бетінің түктері әржеріне шоғырланып орналасқан, соған сәйкес жатыр кілегейлі қабатының криптілері де шоғырланып орналасады, кілегейлі қабықтың бетінен томпайып шығып тұрады, оларды карункул деп, ал хориондағы түктердің шоғырлануын котелидон-дар деп атайды. Хорион түктері жатыр кілегейлі қабатының астына дәнекер ұлпаға өткендіктен десмохор-иалды плацентаға жатады, бірақ шу бөлініп түскенде жатыр кілегейлі қабаты жарақаттанбайды, сондықтан ол көшіп түспейтін плацента.

Ит, мысықтың плацентасының сипаттамасы: хорион түктері тек бір бөлігі зонада ғана белбеу тәрізді айнала орналасады, олар жатыр кілегей қабатының астына тереңге, қан тамырларының эндотелийіне дейін жетеді. Байланыс едәуір мықты болғандықтан шу бөлініп түскенде жатыр қан тамырлары жыртылады, аздап қан ағуы мүмкін. Сондықтан мұндай плацента эндотелиохориалді, көшіп түсетін плацентаға жатады.

15-сурет. Қаншықтың плацентасы мен кеміргіштердің плацентасы (белдік тәрізді, диск тәрізді).

Кеміргіштер мен приматтардың плацентасының сипаттамасы: хорион түктері тек бір жерге ғана шеңберленіп шоғырланған, өте тереңге тамыр жайып, қан тамырларының ішіне дейін өтіп қанға малынып тұрады. Түктер мен крипттердің байланысы өте мықты, шу бөлініп түскенде жатыр қан тамырлары-

ның зақымдануынан біраз қан кету байқалады. Мұндай плацентаны гемохориалді, көшіп түсетін плацентаға жатқызады (15-сурет).

    Кіндік бау (funiculus umbilicalic). Төлді ана организмімен байланыстырып тұратын осы кіндік бау, оның құрамында кіндік артериялары мен кіндік веналары және урахус болады. Артериялар аортадан бөлініп шығады да кіндік бауы арқылы хорионға жетіп, онда ұсақ тамырларға, әрбір плацентаның артериолдарына дейін тарамданып бөлінеді, ал плацента венулалары бір-бірімен қосылып кіндік венасын құрайды да кіндік бауы құрамында төл организміне өтеді.

Құлынның кіндік бауы 70-100 см. құрамында екі артерия, бір вена, және урахус, бұзаудың кіндік бауы 30-40 см. құрамында екі артерия, екі вена және урахус болады. Қозы мен лақтың кіндік бауы 7-12 см. Қан тамырлары бұзаудікіндей. Торайдың да кіндік бауында құлындікіндей бір ғана вена болады.

Урахус. Төлдің қуығын несеп қапшығымен (аллантойс) жалғастырып жататын түтік. Ит, мысық, шошқаларда буаздықтың соңына қарай бұл түтікше бітеліп жоқ болып кетеді.

    Төлдің қан айналу жүйесі. Төл организмінде негізінен араласқан қан айналып жүреді, оның себебі төлдің өкпесі өз қызметін атқармайтын болғандықтан оттегімен байытылған артериялық қан плацентадан кіндік венасы арқылы төл организміне жеткен бойда басқа қан тамырларымен қосылып кетеді, атап айтқанда күйіс малында артерияалды қан аранцев арнасы арқылы, содан кейін бауырға жетпей қақпа венасы артқы үлкен вена тамырымен қосылып кетеді, одан жүрекке жеткен соң алдыңғы үлкен венамен қосылады, араласқан қанның біраз бөлігі оң жақ құлақшадан сол жақ құлақшаға ауысып кетеді, ең сонында, бара жатқан қан баталлов арнасы арқылы аортаға барып құйылады да бүкіл денеге тарап кетеді (16- сурет).

16- сурет. Сиырдың төлінің қан айналу жүйесі: 1- сол жақ қарынша; 2- оң жақ қарынша; 3-сол жақ жүрекше; 4- оң жақ жүрекше; 5- өкпе; 6- кіндік венасы; 7- аранциев жолы; 8- қақпалық вена; 9- бүйрек венасы; 10- артқы қуысты вена; 11- алдыңғы қуысты вена; 12- өкпелік вена; 13- аорта; 14- өкпелік артерия; 15- баталов арнасы; 16- бүйрек артериясы; 17- кіндік артериясы

 

Төл организміне оттегі жетіспегендіктен, соның орнын толтыру үшін, төлдің жүрек соғуы ересек малға қарағанда, екі есе жылдам. Төл сыртқа шыққан соң кіндік бауы үзіледі, ана организмінен келіп тұрған оттегі тоқтайды, төл тұншыға бастайды да, рефлекторлы түрде ауа жұтып бірінші рет тыныс алады, өкпенің тыныс жолдары, альвеолдары ашылып, бұрын баталлов арнасымен кетіп жатқан қан тікелей өкпеге келіп түседі. Өкпедегі оттегі мен байытылған қан енді үлкен қысыммен жүректің сол жақ құлақшасына келіп құйылады да, құлақша арасындағы сопақша тесіктің жабылуына әсер етеді. Сөйтіп организмдегі үлкен қан айналу шеңбері мен кіші қан айналу шеңбері бір-бірімен араласпайтындай болып дербестенеді.

    Кіндік бауы құрамындағы артериялар мен веналар, аранцев, баталлов арналары жабылып қасындағы органдардың (қуықтың, бауырдың, өкпенің) сіңір бауына айналып кетеді.

Буаз мал организмінде болатын өзгерістер. Буаздық ұрғашы малдың организмінде үлкен өзгерістер туғызады. Ана организмі өзінің өмір-тіршілігіне қажетті коректік заттарды төлге беріп отыру керек, төлдің бөліп шығарған улы заттарын (газ, қышқылдар), бейтараптап отыруы қажет.

Мұның бәрі ана организміне өте үлкен күш түсіреді, атап айтқанда, зат алмасу үрдісі күшейеді, жыныстық органдардның анатомо-топографиялық құрылысы, оның қызметі өзгереді. Буаз мал жиі-жиі нәжіс, зәр шығарып отырады, іштегі қысым көбейгендіктен тыныс алуы, жүректің соғуы жиілейді. Қанның құрамында минералды заттар азайып, эритроциттердің тұну жылдамдығы артады, ацидоз байқалады. Мал арықтайды, жүні түсіп, мүйіздерінде бунақтар пайда болады, тістері тез мүжіледі. Буаз мал суды көп ішеді, терлейді, тез шаршайды, оларды алысқа қуалап айдауға болмайды.

Аналық ұрық безі үлкейіп, онда сары дене және фолликулдер болады, құрсақ қуысына түсіп кетеді, жатыр үлкейіп жамбас қуысынан құрсақ қуысына түседі, оның ішіне шарана суы жинала бастайды, күйіс малында карункулдар өсіп қолға біліне бастайды. Жатыр артериялары жуандап, дірілдеп соғады. Жатыр мойыны жабылып ол кілегейлі тығынмен бекиді. Буаз малдың сыртқы жыныс органдары ісініп, қарыны үлкейеді, желіні тола түседі.

Осы өзгерістердің бәрі мал мамандарынан буаз малға ерекше көңіл аударуды, күтімді талап етеді. Буаз малдың рационында буаздықтың мерзіміне байланысты қажетті белоктік, көмірсулар мен минералды, витаминді заттар болуы керек, қораның іші таза, жарық, құрғақ болу керек, температурасы +10°, +15°, таза су жеткілікті болуы керек. Шіріген, көгерген, мұз болып қатқан жемшөпті беруге болмайды. Буаз малды күнделікті серуенге шығарып, үсті-басының тазалағына, желінінің жағдайына көңіл аударып отырады. Әсіресе бірінші тума қашарларды, құнажынды емшегін ұстап массаж жасап үйрете беру керек.

БУАЗДЫҚТЫ АНЫҚТАУ

 

Малдың буаздығын дер кезінде анықтау тауарлы-сүт фермасының жұмысындұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді: атап айтқанда, төл алудың, өндірілітін сүттің жоспарын жасайды, мал төлдету мерзімдері алдын ала көрсетіліп, қоражай, жем-шөпті дайындап қояды, буаз малдың өзіне арналған рационын жасайды, су алатын уақытын белгілейді, қашпай қалған мал болса, оның себебін анықтап, қайта қашырып қысыр қалмауын қадағалайды.

Сөйтіп малдың буаздығын немесе бедеулігін анықтау әрбір шаруашылықта міндетті түрде, жоспарлы түрде жүргізілуі керек.

Бүгінгі таңда буаздықты анықтайтын көптеген әдістер белгілі, әсіресе, зертханалық жолмен анықтау кең етек алып отыр.

Иә, буаздық кезінде қанның, зәрдің, сүттің құрамында, жүннің, сүйектің құрамында талай өзгерістер болады. Ол өзгерістердің біліну, көріну дәрежесі көптеген ішкі-сыртқы факторларға байланысты болғандықтан буаздыққа жүргізетін зерттеу нәтижесі де әртүрлі бола береді. А.Н.Ахмадов (1969) 2480 сиырға әртүрлі әдістерді қолданып, салыстырмалы зерттеу жүргізіп, зертханалық әдістердің 30-40 пайыз жағдайда ғана дұрыс қорытынды беретінін дәлелдеді.

    Малдың буаздығын анықтау үшін оны: анамнез мәліметтерін жинау, малдың жеке карточкасындағы, кітапшадағы мәліметтерімен танысу, малды сырттай ұстап тексеру, қынап және тік ішек арқылы зерттеу, рентгенологиялық, зертханалық зерттеулер жүргізу сияқты тәртіппен зерттейді. Бұл аталған әдістердің бәрін жасап шығу шарт емес, көп жағдайда, малдың буаз немесе қысыр екендігін анықтауға бір-екі әдістің өзі-ақ жеткілікті болады.      

Анамнез мәліметтері: Ұрықтандырған күннен кейін 30 күн өткен соң мал қайтып күйлемесе немесе жем-шөпке тәбеті жақсарып оңала бастаса, сүті кеми бастаса, асықпай салмақты жүріп, тас-кесекті жалауға құмар болса, терлегіш, тез шаршайтын болып, зәр шығаруы жиілеп, артқы аяқтарында, қарнының төменгі жағында ісінгендік байқалса мал мүмкін буаз болар деп жорамалдаймыз. Ол үшін малдың соңғы рет қашан ұрықтандырғанын, неше рет күйлегенін, неше рет ұрықтандырғанын, қандай шәуепен ұрықтандырғанын білуге тырысамыз.

Анамнез мәліметтерін клиникалық зерттеу нәтижелерімен толықтыру керек, әтпесе, ондай белгілер қысыр, ауру малда да кездесе береді.

Клиникалық зерттеулер: Рефлексологиялық әдістер, сырттай қарап көру, ұстап көру және тыңдап көру әдістері мен қынап және тік ішек арқылы зерттеулер әдістерінен тұрады.

Рефлексологиялық зерттеу жүргізу үшін арнайы ауланың ішіне ұрықтандырған малды күйттеуші аталық малмен қосып 1-2 сағат бірге ұстайды. Мұндай зерттеуді малды ұрықтандырғаннан кейін 10-30 күндердің арасында жүргізеді. Осы уақыттың ішінде мал қайтып күйлемесе буаз, ал күйлегендері- қысыр болғаны. Зерттеу нәтижесі 95-100 пайыз жағдайда дұрыс болып шығады.

Буаздықты сыртқы белгілеріне қарап анықтау сирек қолданылады, себебі бұл әдіспен буаздықты тек екінші жартысынан ғана анықтай аламыз да, буаздық мерзімін дәл тауып айта алмаймыз.

Сырттай қарағанда, сиырды тегіс жерде, далада немесе жарық бөлмеде тексереміз, артқы жағынан 1-2 метр қашықтықтан қараймыз. Сондағы көңіл аударатынымыз сиырдың оң жақ бүйірі салбырап үлкейген, кейде дірілдеп қозғалғаны да байқалады. Жыныс ернеулері ісінген, құйымшағы босап түскен, желіні үлкейген, артқы аяқтары мен қарынының астыңғы жағында домбыққан жерлері болуы мүмкін. Биелердің сол жақ бүйірі шығынқы болады. Дегенмен, бұл белгілердің бәрі де буаздықты дәл басып көрсете алмайды. Буаздықты сыртынан қолмен ұстап-сипап анықтау қиын емес, ол үшін сиырдың оң жағынан келіп сол қолыңызды оның беліне қойып, оң қолыңыздың алақанымен сиырдың бүйірін аш өзектен төмен, шаптан жоғары тұстан бірнеше рет ішке қарай итеріп көресіз. Сол кезде қолыңызға қатты дене білінсе ол буаздықтың нақты белгісі. Биені сол жақ бүйірінен қарнының төменгі жағын түртіп көреді Ол үшін бетіңізді биенің артқы жағына бұрып, сол қолыңызды оның беліне салып тұрасыз. Қой мен ешкілердің сол жақ бүйірінің астынан тіземен итеріп оң жақ бүйірін қолмен сипалайды (17-сурет).


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: