Акушерлік патологиялар 6 страница

Мұз етіп қатырылған шәуетті ерітіп жылы шприц-катетерге сорып алады да, 1%-дық хлорлы натрий ерітіндісімен ылғалданған таза қынап айнасымен сиырдың қынабын ашып катетрді жатыр мойнына 4-5 см енгізеді де, ішіндегі шәуетті (көлемі 1-1,5 мл) поршеньмен итеріп шығарады.

Визоцервикальді әдіспен ұрықтандырғанда сиыр қынап айнасын кіргізгеннен ауырсынады, жыныс жолдары зақымдануы, сырттан ауамен микроорганизмдер түсуі мүмкін. Сөйтіп қалай болғанда да ұрықтану пайызы төмендейді.

    Соңғы 10-15 жылда барлық шаруашылықта сиырды ректоцервикальді әдіспен ұрықтандырып жүр.

    Бұл әдіс бойынша шәуетті бір рет қана қолданылатын полистерилді түтікшеге сорып алады. Түтікшелер арнайы пакеттің ішінде алдын ала стерилденген дайын тұрады. Сиырдың сарпайын жуып-сүрткен соң, жыныстық ернеулерін ашып, оның үстіңгі қабырғасымен қынаптың түбіне жеткенше ішінде шәуеті бар түтікшені тереңдетіп енгізе береді. Содан кейін полиэтиленді қолғап киілген қолды сыртын сабындап тік ішекке ақырындап салады да, жатыр мойнын тауып алып, оны бекітіп ұстаған соң, оның арнасына қарай бармақпен, шынашақпен немесе алақанмен жанында тіреліп тұрған түтікшенің ұшын бағыттап, 4-5 см тереңдікке кіргізеді. Екінші қолмен сырттан қампиманы немесе поршенді басып шәуетті жатыр мойнына жібереді (7 -сурет).

 

 

б
а
ә
3

7-сурет. Сиырды қолдан ұрықтандыру әдістері. а-ректоцервикалдік, ә-визоцервикалдік,

 б- маноцервикалдік

    Башкирия ауылшаруашылық институты шәуетті полипропиленді капиллярларда мұздатып қатыруды ойлап тапты. Мұндай жағдайда капиллярды (пайетті) ыстық суға салып еріткен соң, оның жабық жағын қайшымен кесіп приборға (кассу катетері) орналастырады, содан кейін ғана катетерді жатыр мойнына қарай бағыттап, оның арнасына 4-5 см кірген соң, ішіндегі шәуетті итеріп шығарады.

    Бұл әдісті орындау техникасының қиындығы болмаса, ұрықтану пайызы жоғары болады. Визоцервикалді әдістегі зиянды факторлардың біреуі де бұл жерде кездеспейді. Керісінше, тік ішек арқылы қол салып жатырдың жағдайын тексереміз (буаз, ауру малды ұрықтандырмайды), уқалап-сипап оның тонусын көтереміз.

    Көптеген шаруашылықтарда сиырды моноцервикалді әдіспен ұрықтандырады. Мұнда да бір рет қана қолданылатын стерильденген аспаптар қолданылады. Қатырылған шәует бір доза (1-1,5 мл) полиэтиленді қампимада болады.

    Оны ыстық суда еріткен соң мойнын кеседі де оған қысқартылған полистерильді катетерді қосып дайындап қояды. Содан кейін полиэтиленді қолғап киген қолды сыртын сабындап, ақырындап қынапқа кіргізеді де жатыр мойнына жеткенше алға жылжыта береді. Жатыр мойнын ұстап, сипалап болған соң қолды кері тартып қынап кіреберісіне дейін әкеледі де, оған сыртта тұрған дайын приборды шәуетімен қоса ұстата қояды. Енді шәуеті бар катетерді ұстаған қолды қайтадан алға қарай жылжытып, жатыр мойнын тауып, оның арнасына қысқартылған катетерді 4-5 см тереңдікке кіргізеді де қампиманы немесе поршенді басып ішіндегі шәуетті қысып шығарады.

    Қампиманы босатпай қысылған күйінде кері тартып шығару керек. Ұрықтандырғыш-техниктің жұмысының негізгі көрсеткіштері ұрықтандырылған сиырлардың тоқтап кеткендерінің (буаз малдың) саны. Оны көрсету үшін тауарлы-сүт фермасында техник-ұрықтандырғыштың күнтізбегі және әрбір сиырға арналған кітапша болады. Күнтізбектің 32 қалтасы бар, оның 31 қалтасы айдың 31 күніне арналған, 32-қалта малдәрігеріне арналған. Карточкаларын алып сиырларды аралап қарап шығады, күйлегендерін ұрықтандырып, олардың карточкасын 18 күннен кейінгі қалтаға салып қояды. Қайтадан күйлегені болса, екінші рет қайталап ұрықтандырады да, тағы да келесі 18-күннен кейінгі тексеруге қалдырады. Буаз сиырлардың карточкасын бұзаулайтын мерзімге сәйкес қалтаға апарып салады. Ал мерзімі өтіп күйлеген немесе бірнеше рет күйлеп ұрықтанбай жүрген сиырлардың карточкасын малдәрігеріне деген 32-қалтаға салады.

Сөйтіп әр күн сайын шаруашылықтағы аналық бастың қаншасы буаз, қашан туады, қаншасы туғаннан кейінгі кезеңде, қаншасы ұрықтандырғаннан кейін әлі буаздыққа тексерілмеген, қаншасын малдәрігеріне көрсетіп емдету керек деген сұрақтарға нақтылы жауап беретін болуымыз керек.

Қойды қолдан ұрықтандыру. Бұл маусымды, күзді күндері жүргізілетін жұмыс. Оған мұқият дайындалу керек, яғни қой қашыру науқаны басталғанға дейін 1,5-2 ай бұрын қойды қозыларынан бөліп, жақсы жайылымдарға шығарады, нашарларын бөлектеп үстемелеп жемдейді.

Күйлеген қойды таңертеңгілікте және кешке жайылымнан келген соң күйіттеуші қошқарлардың көмегімен іздеп табады. Күйлеген қойларды табуды оңайлату үшін күйіттеуші қошқарларды бүкіл отарға емес, 150-200 басты бөліп алып соның ішіне жібереді, сөйтіп бүкіл отарды 1,5-2 сағаттың ішінде тексеріп шығады.

Күйлеген қойды арнайы станокқа бекітіп ұстап тұрады да, оның құйрығын жоғары көтеріп сарпайын жуып-сүртеді. Ұрықтандырушы-техник станоктың арт жағында қазылған шұңқырға түсіп отырып жұмыс істейді.   

 

8-сурет. Қойды визоцервикалді әдіспен ұрықтандыру

 

Ұрықтандыру үшін жаңа алынған сұйылтылған шәует (мөлшері 0,05 мл) немесе сұйылтылған аудан аралық станциядан әкелінген шәует (мөлшері 0,1-0,2 мл) қолданылуы мүмкін. Қандай шәует болғанда да олардың қозғалу белсенділігі 8 балдан кем болмауы керек. Ұрықты визоцервикальді әдіспен жібереді, ол үшін жартылай автоматты шприц немесе микрошприц қолданылады (8- сурет).

Күйлеген саулықты арасына 10-12 сағат өткізіп екі рет, таңертең және кешке қарай ұрықтандырады. Кейбір шопандар бір-ақ рет ұрықтандырады да, ертеңіне күйітттеуші қошқармен тексеріп қарайды, егер оның күйлеуі тоқтамаған болса, оны екінші рет ұрықтандырады.

Жалпы қой ұрықтандыру науқаны 40 күнге созылады, содан кейін отарға қошқар қосып жібереді, ұрықтанбай қалған қой болса, соларды табиғи жолмен ұрықтандырып қойдың қысыр қалмауын қамтамассыз етеді.

Мегежінді қолдан ұрықтандыру. Мегежіндердің күйлеу феномені 48-60 сағатқа созылады, овуляция үрдісі де 24-30 сағатқа созылады. Ұрықтандыру кезінде осы жағдайды ескеру керек. Әдетте, күйлеу феномені басталған соң 20-30 сағат өткен соң ұрықтандырады, сонда овуляцияның басталуына мейлінше жақындап барамыз.

Мегежіннің күйлегенін күйіттеуші қабандардың көмегімен анықтайды. Қабан үстіне секіргенде күйлеген мегежін қарсыласпай тыныш тұрады. Осылайша мегежіндерді күніне 2-3 рет тексереді, соңғы екі тексерудің ортасын күйлеу феноменінің басталған уақыты деп есептейді. Жасы 10-12 айлық, салмағы 90-100 кг жеткен жас мегшежіндерді ұрықтандыра береді. Ересек мегежіндерді торайларынан бөліп әкеткен соң ұрықтандырады (туғанннан кейін 1,5 ай шамасында).

Күйлеген мегежінді екі рет ұрықтандырады: бірінші рет күйлегені анықталған кезде, 18-20 сағат өткен соң қайталап ұрықтандырады. Шаруашылықта негізінен таңертеңгі табылған мегежінді бірінші рет кешке ұрықтандырады да, ертеңіне қайталайды, ал күйлегені кешке қарай анықталған мегежіндерді келесі күні таңертең, кешке қарай екінші рет ұрықтандырады.

    Мегежіндерді негізінен екі әдіспен ұрықтандырады: 1. Сұйылтылған шәуетпен ВИЖ-дің әдісі бойынша, оны академик В.К. Милованов және басқалар ұсынған. Шәуеттің мөлшері мегежіннің 1 кг тірілей салмағына 1 мл сұйылтылған шәует жалпы көлемі 100-150 мл. Қазіргі кезде бұл әдіс бойынша шәуетті ПОС-5 аспабымен тікелей жатырға жібереді.

    2. Фракциялық әдіс бойынша, оны Полтава шошқа шаруашылығы институтында қызмет атқарған академик А.В. Квасницкий және басқалары ұсынған. Бұл әдістің мәні мынада: жатырға шәуетті бірнеше фракциямен жібереді. Бірінші фракция аздап сұйылтылған 50 мл шәует, оның артынан екінші фракция таза 100 мл сұйылтқыш жібереді. Оның қызметі бірінші фракцияны тереңірек жатыр тармақтарының ұшына дейін итеріп апару. Бұл әдіспен шәуетті үнемдеуге болады.

    Ұрық жіберетін аспап ӘЗК-5 деп аталады, яғни әмбебап зонд-катетр деген сөз. Ол екі флаконнан және зонд-катетерден, ауа үрлейтін Ричардсон шарынан тұрады. Оларды бір- бірімен байланыстырып тұратын резина түтікшелері мен жауып-ашып отыратын тетік болады (9-сурет).

9-сурет. Мегежінді қолдан ұрықтандыруға арналған әмбебап зонд катетер

 

Қай әдісті қолданса да, бір мегежінді ұрықтандыруға 4-6 минут уақыт кетеді. Қолданатын шәуетті қыздырып, температурасын дене температурасына дейін жеткізу керек. Спермиялардың қозғалу белсенділігі 5-6 баллдан кем болмауы тиіс. Кейбір шаруашылықтарда ұрықтану пайызы жоғары болуы үшін мегежінді бірнеше қабанның шәуетін араластырып ұрықтандырады.

Биені қолдан ұрықтандыру. Қазіргі кезде биені тек жылқы зауыттарында, ғылыми-зерттеу жылқы шаруашылығы институттарында қолдан ұрықтандырады. Басқа малды ұрықтандырғандай мұнда да биенің күйлеу феноменінің айқын көрінген кезін анықтау керек.

    Құлындағаннан кейін биелер 7-8 күннен кейін-ақ күйлей береді. Күйлеу мерзімі 7-12 күнге дейін созылады. Қай кезде ұрықтандыру керектігін білу үшін күйіттеуші айғырларды пайдаланумен бірге жиі-жиі тік ішекке қол салып аналық ұрық безіндегі фолликулдің дамып жетілуін бақылап отыру керек. Ұрықтандыруға ең қолайлы кезең деп фолликуланың 3- және 4-дәрежедегі пісіп жетілу кезін айтады. Бұл кезде ұрық безінің сыртқы пішіні ұшбұрыштанып немесе шар тәрізді дөңгеленіп былқылдап тұрады.

    Биені сұйылтылған шәуетпен де, сұйылтылмаған шәуетпен де ұрықтандыра береді. Ұрықтандыруға спермийлердің қозғалу белсенділігі 5 балл, ал егер мұздатып қатырған шәует болса, еріткеннен кейінгі белсенділігі 3 балл шәует қолданылады. Мөлшері ересек биеге 40 мл, байталдарға 25-30 мл шәуетті тереңірек жатыр денесіне жібереді. Биені ұрықтандырғанда көбінесе, И.И. Ивановтың қалың резина түтігі мен Растяпиннің ампуласы қолданылады (10- сурет).

 

10-сурет. Биені маноцервикалді әдіспен ұрықтандыру.

 

Биенің артқы екі аяғына шідер салып мойнына тартып өрелеп, байлап қояды. Көмекші кісі биенің жүгенінен ұстап, алдыңғы бір аяғын көтеріп ұстап тұрады. Ұрықтандырушы-техник полиэтиленді қолғап киіп, сыртын сабындап резина түтікшенің үшкір ұшынан ұстап, қынап арқылы ақырындап жатыр мойнына жеткен соң, оның арнасына резина катетерді 12-15 см тереңдікке кіргізеді. Содан кейін шприцтің поршенін басып немесе Растяпин ампуласын жоғары көтеріп шәуетті жатырға жібереді.

    Күйлеген биені күніне бір рет немесе күн ара овуляция болғанға дейін 2-3 рет, кейде 4 рет ұрықтандырады. Ұрықтандырылған биелерді 1,5 ай өткен соң тік ішек арқылы буаздыққа тексереді.

Қолдан ұрықтандыру жұмысын ұйымдастыру. Қолдан ұрықтандыру, мал тұқымын асылдандыру жұмысын негізінен аудандық, облыстық және республикалық мемлекеттік асылдандыру станциялары басқарып отырады. Олар қолдан ұрықтандыру жұмысына қажетті мамандар дайындап, құрал-жабдықтармен, асыл тұқымды малдың шәуетімен қамтамасыз етеді, шәуетті қалай пайдаланып жатқандығын тексеріп, алынған төлдің есебін жүргізіп отырады.

    Мемлекеттік асылдандыру станцияларының ғимараты елді мекеннен 3-5 км қашықтықта, құрғақ дөңестеу жерге салынады. Оның территориясын 3 аймаққа бөледі: 1) А-аймағы, онда асыл тұқымды аталық мал (бұқа, қошқар,) тұратын қоралар мен зертханалық корпус орналасады. Бұл аймаққа бөтен ешкім кірмейді, оқшауланған аймақ. 2) Ә-аймағы, бұл да оқшауланған аймақ, мұнда шәует сақтайтын қойма, ауру мал тұратын изолятор, малдәрігерлік пункт болады. 3) Б-аймағы, мұнда негізінен әкімшілік ғимарат болады, одан басқа автогараж, жылу орталығы, жем-шөп сақтайтын қойма, жаңа әкелінген малды карантинде ұстайтын аула болады.

    Мемлекеттік асылдандыру станцияның ішкі территориясы және сыртқы дуалы жағалай ағаш отырғызылып, көгалдандырылған болуы керек. Сырттан кіретін негізгі қақпасында үлкен дезтосқауыл, ал әрбір қора-жайдан, басқа ғимараттардың кіреберісінде дезтөсеніштер болады.

    Мемлекеттік асылдандыру станциясында ұстайтын бұқаның, қошқардың, айғыр мен қабанның ұзын саны сол аймақтың ұрықтандыратын ұрғашы малдың санына байланысты. Бір бұқаны 2-3 мың сиырға деп есептейді, бір қошқарға 2-3 мың, кейде 5 мыңға дейін саулық бекітеді, айғыр мен қабанға жылына 200-300 ұрғашы мал бекітіледі. Оларды өзінің тиісті азық рационына сәйкес азықтандырып, күнде малдың үстін тазалап, серуенге шығарып отырады.

    Жергілікті жерлерде малды қолдан ұрықтандыру жұмысын негізінен арнайы құрылған пункттер атқарады. Ол пункттердің қошқарлар тұратын ауласы, қора-жайы, саулықтарды тексеретін аула, мал ұрықтандыратын манеж, ұрық сапасын тексеретін, сақтайтын зертхана және ыдыс-аяқ, аспаптарды жуып-тазалайтын, залалсыздандыратын бөлме болады. Пункттің іші әркезде таза, жылы, жарық болуы, ішінде су құбыры жұмыс істеп тұруы керек. Аптасына бір рет тазалық күнін өткізіп, пунктті әктеп-залалсыздандырады.

    Әрбір бұқаның, қошқардың жеке кітапшасы болады, оған малдың денсаулығы жөніндегі мәліметтер, малдәрігерлік-профилактикалық жұмыстар, ұрығының сапасы, эякуляттың саны, онымен ұрықтандырылған аналық малдың саны жазылып отырады. Одан басқа да тағы бір кітапша-журнал болады, онда әрбір ұрықтандырылған сиырдың аты, инвентарлық нөмірі, қашырылған күні, буаздыққа тексеру нәтижесі, бұзаулаған күні, төлдің жынысы, сиырдың ауруы, емдеу нәтижесі жазылып отырады.

    Қолдан ұрықтандыру пунктінде меңгеруші (техник), санитар және малшы болады. Ұрықтандырушы-техниктер жыл сайын аттестациядан өтіп, қолы жеткен табыстарына байланысты «П-1 класты техник» немесе «Қолдан ұрықтандырудың шебері» деген атақ беріледі, олардың еңбек ақысы 10-20 пайыз жоғары болады. Еңбек ақының жалпы мөлшері әрбір еңбек ұжымында жеке шешіледі.

 

III ТАРАУ

 

ҰРЫҚТАНУ ЖӘНЕ БУАЗДЫҚ

 

Ұрықтану - аналық және аталық торшалардың бір-бірімен қосылып, оның нәтижесінде диплойдты хромосомдары бар жаңа торшаның, яғни зигота пайда болатын өте күрделі биологиялық үрдіс.

Зиготаның бойында аталық және аналық организмнің қасиеттері жиналған, ол тұқым қуалайды. Сондықтан бұл жыныстық торшалардың биологиялық қасиеттері қайшылықтары неғұрлым күшті болса, зиготаның да өміршеңдігі сыртқы ортаның әсеріне бейімделуі, төзімділігі мықты болады. Бұл тұқым аралық будандастыру кезеңінде айқын байқалады.

Ұрықтануға ішкі және сыртқы ортаның әсері көп. Соның бірі-ұрықтандыру әдісі. Малды қолдан ұрықтандырғанда, табиғи қашырғандағыдай емес, жыныстық қатынастың көптеген компоненттері қалып қояды немесе өз дәрежесінде өтпейді. Мұны біз ескеруіміз керек.

Ұрықтандыру үрдісі өтуі үшін спермийлер мен аналық ұрық торшасы кездесу керек.

Аналық торша ұрық безінен шыққан соң ұрық жолымен төмен қарай жылжи бастайды. Оны жылжытатын күш кілегейлі қабықтың түкті эпителийі мен құрсақ қуысынан түсетін шырыштың ағысы болуы керек. Қарама-қарсы жақтан, яғни жатыр мойынынан жоғары қарай жатыр тармағының бойымен, одан әрі ұрық түтікшесімен аталық ұрық торшасы спермийлер көтеріліп келеді. Оларды жылжытатын күш спермийлердің шырыштың ағысына қарсы қозғалатын қабілеті (реотаксис) және жатырдың перистальтикалық серпімелі-жиырылу қозғалысы. Бұл спермийлердің жылдамдығын арттыра түседі. Табиғи жыныстық қатынас кезінде спермийлердің қозғалу жылдамдығы, қолдан ұрықтандыру кезіндегіден әлдеқайда тез.

А.П.Студенцов (1970) мұндай жағдайда спермийлер ұрық түтікшесіне 2,5 минутта жетіп барады дейді. Спермийлер ұрық түтікшесінің бахромкасына овуляцияға дейін барып жиналып, аналық торшаны күтіп тұрады.

    Спермийлер қынапқа түскеннен бастап 24-30 сағатқа дейін өзінің ұрықтандыру қабілетін сақтайды. Керісінше, аналық ұрық торшаның қозғалуы баяу, ол 6-12 сағаттың ішінде ұрық жолының тек 1\3 бөлігін ғана өтеді екен, овуляциядан кейін көп кешікпей ұрықтандыру қабілетін жоғалтады.

    Спермийлер мен аналық ұрық торшасының өміршеңдігі мен төзімділігіне ұрғашы малдың күйттеуші еркек малмен жанасып, жыныстық қатынаста болуы тиімді әсер етеді.

Осы жағдайды малды қолдан ұрықтандырғанда ұрықтандыру үрдісінің жоғары дәрежеде өтуі үшін пайдаланамыз.

    Спермийлер аналық ұрық торшасына жақындағанда фермент, гормондарға ұқсас заттар бөліп шығарады, оларды андрогормондар деп атайды. Андрогормондар ұрық торшасының төңірегіндегі фолликулярлық торшаларды ыдыратып спермийлердің өтуіне жол ашады. Бұл үрдіс денудация деп аталады, бұл ұрықтанудың алғашқы сатысы. Денудация үрдісінің өтуіне ұрық түтікшесінің түптері және аналық ұрық торшасының өз осінен айналуы да күшті әсер етеді. Ұрықтану үшін аналық ұрық торшасын сәулелі тәж қабығынан (фолликулярлық торшалы қабығынан) бүтіндей тазалау шарт емес, спермийлер ұрық торшасының мөлдір-қабатына жететіндей саңылау ашылса жетіп жатыр. Денудация үрдісін кез келген мал түлігінің спермийлері тудыра алады. Бұл кезеңде спермийлер көп болса ұрықтандыру үрдісі соғұрлым нәтижелі болады, спермийлер аз болса аналық ұрық торшасы өз деңгейіне дейін пісіп жетілмейді.

В.К.Милованов денудация үрдісін "спермийлердің шабуылы" деп атады. Спермийлер мен аналық торшаның кездесуі аналық ұрық жолының жоғарғы бөлігінде өтеді, ал ұрықтану үрдісі толығымен ұрық жолының төменгі бөлігінде аяқталады.

Ұрықтану үрдісінің екінші сатысында аналық ұрық торшасының мөлдір қабатынан бірнеше спермийлер перивителинді кеңістікке өтіп кетеді. Бұл үрдіс тек өзі тектес малдың спермийлерімен жүреді, яғни бұқаның спермийлері биенің ұрық торшаларының цитоплазмасына өте алмайды.

Ұрықтану үрдісінің үшінші сатысы перивителинді кеңістікте жүрген спермийлердің біреуінің аналық ұрық торшасының сары уыз қабатынан цитоплазмаға өтуімен сипатталады. Спермийдің ядросы орналасқан басы құйрығынан ажырап, аналық ұрық торшасының цитоплазмасын сіңіре бастайды, біртіндеп көлемі үлкейіп, аталық пронуклеуске айналады, ал аналық ұрық торшасының ядросы спермийдің цитоплазмасын (құйрығын) сіңіріп, аналық пронуклеуске айналады. Әрбір пронуклеустің хромосомдар саны жартылай жинақта болады. Ұрықтану үрдісінің соңғы сатысы " Сингамия" деп аталады, мұнда екі пронуклеустің бір-біріне жақындап барып толығымен қосылып сіңісіп кетуін байқаймыз. Соның нәтижесінде сапасы жағынан да, табиғаты да алғашқы жыныстық торшалардан бөлек жаңа торша-зигота пайда болды. Зиготаның ядросында хромосомдардың толық (диплоидты) жинағы болады, яғни оның бойында аналық малдың да, аталық малдың да қасиеттері жиналған.

Негізінде аналық ұрық торшасының цитоплазмасына бір спермий өткеннен кейін, қалғандары өте алмайды. Кейбір жағдайда аналық ұрық торшасының мұндай тойтару реакциясы бұзылып, көбінесе, қартайған ұрық торшасында кездеседі, бір емес, бірнеше аталық пронуклеустер пайда болады, хромосомдар жиынтығы бұзылады. Мұндай үрдісті полиспермия дейді. Полиспермиядан пайда болған зигота әрі қарай дами алмай өліп қалады, не болмаса, одан кемтар төл тууы мүмкін.

Кейде күйлеген малды бірнеше аталықтың қашырғанын көреміз, қолдан ұрықтандырғанда да олардың шәуетін араластырып салады. Сонда бірнеше ұрық торшаларының әр аталықтың спермийлерімен ұрықтануын " суперфекундация " деп атайды. Бұл құбылысты соңғы кездері шаруашылықта кеңінен қолданып, төзімді мықты төл алып жүр. Табиғи жағдайда бұл көбінесе, итте кездеседі.

Буаздық - (Graviditas). Аналық малдың организміндегі төлдің өсіп дамуымен байланысты өте күрделі физиологиялық құбылыс. Буаздық кезеңі малдың ұрықтанған уақытынан төлдегенге дейінгі мерзімді қамтиды.

    Буаздық кезеңінде ана организмі іштегі өсіп-дамып жатқан төл органиміндегі физиологиялық құбылыстармен тығыз байланыста болады. Ана организміне әсер ететін сыртқы факторлар: дұрыс азықтандырмау, бағып-күтімнің нашарлығы, зорығу, ұрылып-соғылып зақымдануы, әртүрлі ауруға шалдығу бәрі де іштегі төлдің өсіп-дамуына әсер етеді. Төл өсіп-даму барысында өзіне қажетті минеральді, көмірсулар мен белоктік заттарды, витаминді, микроэлементтерді анасының организмінен алады. Ана организмі осы кезде төл организміне берген сол коректік заттардың орнын жемшөппен толтыра алмаса, біртіндеп азып-тозып ауруға ұшырайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: