Акушерлік патологиялар 5 страница

 

Б
А
Ә
                

 

6- сурет. Шәуеттің қоюлығын анықтау.  А-қою шәует, Ә-орташа қою, Б- сұйық немесе сирек

 

Спермийлердің қанықтылығын яғни 1 мл шәуеттегі спермийлердің санын анықтау шәуеттің қоюлығын көзбен бағалауды толықтыру үшін және шәуетті қанша дәрежеде сұйылтуға болатынын білу үшін керек.

    Спермйлердің қанықтылығын арнайы стандарт арқылы, Горяевтың санау камерасы арқылы және фотоэлектроколориметр (ФЭК) арқылы анықтайды. Стандарттардың сыртында оның қоюлығына байланысты қанықтылығы жазулы тұрады. Тексерілетін шәуетті сондай диаметрлі пробиркаға құйып стандартпен қатар қойып салыстырады. Фотоэлектроколориметрдің принципі де шәуеттің оптикалық тығыздығын алдын ала дайындалған стандартты ерітіндінің тығыздығымен салыстырып анықтауға негізделген. Бұл әдіс қазір кеңінен қолданылып жүр, тез арада (2-3 минуттың ішінде) есептеп шығаруға болады. Ал енді Горяев камерасымен жұмыс істеу: камераны жұмысқа дайындау, шәуетті арнайы меланжерде сұйылту, дайын камераға сұйылтылған шәуеттті жіберу, камерадағы спермийлерді санау және саналған спермийлерді арнайы формуламен есептеп шығару сияқтытәртіппен жүреді. Спермийлерді 80 кіші квадраттардан (немесе 5 үлкен квадраттардан) қосындысын алады да,

 

К = Н х Д х 400 х 1000

п.р.     

формуласымен шығарады.

 

Мұндағы: Қ – қанықтылық;

Н- санап шыққан спермийлердің саны;

Д- меланжердегі шәуеттің сұйылту дәрежесі (100, 200, 20);

400- 1 мм 2 ауданға есептеу үшін керекті көбейткіш

п – кіші квадраттың саны (80)

р – камераның тереңдігі (биіктігі)- 0,1 мм

 

Бұл тәсілдің де қателіктері болуы мүмкін: камераның жабынды шынысы көтеріліп кетіп немесе шәуеттің сұйылту дәрежесі дұрыс болмай, санаған кезде 3-4 спермийлер қалып қойып немесе артық саналып кетсе, санау қортындысы ойдағыдай дәл шықпауы мүмкін. Сондықтан екі рет санап соның орташа санын алған дұрыс.

    М.П. Рязанский спермийлерді санаудың төте жолын тапты, ол үшін автоматты есептеу приборы Целлоскопты немесе венгер приборы «Пикоскельді» қолдануға болады.

Өлі спермийлердің пайызын анықтау. В.А. Морозов әдісі бойынша спермийлердің боялуы немесе боялмау қасиетіне негізделген. Тірі спермийлер эозин бояуын қабылдамайды, ал өлі спермийлердің сыртқы қабығынан бояу оп-оңай өтіп кете береді. Таза, құрғақ, жылытылған төсеніш шынының бір шетіне бір тамшы шәует тамызып, үстіне эозиннің 5% жылы изотоникалық ерітіндісінің 2-3 тамшысын қосып тез араластырып, одан жұқа жұғынды жасайды да, микроскоппен бірнеше қөру алаңдарынан барлығы 500 спермия санап, оның боялғандары нешеу, боялмағаны қанша екенін жеке ажыратып есептейді де пайыздық қатынасын шығарады.

    Патологиялық спермийлерді санау да боялған жұғындымен жасалатын жұмыс. Шәуетте кәдімгі қалыптағы сперийлерден басқа өте үлкен (алып), өте кішкене (мөлтек), құйрығы ширатылған, екі, үш тармаққа бөлінген, басы екеу т.с.с. патологиялық пішіндегі спермийлер кездеседі. Ондай спермийлер физиологиялық жетілмеген, қартайған ауру малда көп болады. Сапасы жақсы шәуетте патологиялық спермийлердің пайызы қошқарда - 14%, бұқада - 18%, айғыр мен қабанда 18-20%-дан аспауы керек. Патологиялық спермийлер көрсетілген мөлшерден көп болатын болса, қолдануға жарамайды, ондай шәуетті т е р а т о с п е р м и я деп атайды.

    Таза, құрғақ, жылытылған төсеніш шыныға 1% хлорлы натрий ерітіндісінде сұйылтылған шәуеттің 1 тамшысын, одан жұқа етіп жағынды жасайды. Жұғынды кепкен соң оны 96ºспиртпен бекітеді, 1-2 минуттан соң Романовский-Гимза бояуымен бояды. Дайын боялған жұғындыны микроскоппен қарап, барлығы 500 спермий санап, оның ішінде қалыпты спермийлер мен патологиялық спермийлерді жеке ажыратып пайыздық қатынасын шығарады.

Спермийлердің тыныс алу коэффициентін анықтау (Н.П. Шергин әдісі). Шәуеттің ішіндегі оттегі азайған кезде, оның орнына бөлініп шыққан көмірқышқыл газ (СО2) метилен көк бояуымен қосылғанда оның түсін ағартып жібереді. Спермийлер неғұрлым қарқынды тыныстанса, белсенділігі күшті болса, шәуеттің қанықтылығы жоғары болса, соғұрлым индикатор ретінде қосылған метилен көк бояуы тез ағарып кетеді.

    Таза, құрғақ, жылытылған төсеніш шынының үстіне бір тамшы шәует тамызып, оның үстіне сондай көлемде метилен көк бояуының жылы 0,01 % изотоникалық ерітіндісін қосып, тез араластырып, микропипеткаға сорып алып ақ қағаздың үстіне қойып, уақытқа қарап отырады.

    Сапасы жақсы шәует қошқарда 3-7 минуттың ішінде, бұқанікі 7-12 минуттың ішінде көк бояуды ағартып жібереді. Айғыр мен шошқаның шәуетін бұл көрсеткішпен тексермейді, шәует өте сұйық болғандықтан реакция ұзақ уақытқа созылады.

Спермийлердің төзімділігін анықтау. Спермийлердің сыртқы липопротейдті қабығы оның сыртқы ортаның әсеріне төзімділігін сипаттайды. Оны анықтау үшін 1 мл шәуетке хлорлы натрийдің 1%-дық ерітіндісін спермийлердің қозғалысы тоқтағанға дейін біртіндеп құя береді.

Төзімділікті мына Т = V / А   формуласымен шығарады:

Мұнда: Т – спермийлердің төзімділігі.

V – құйылған хлорлы натрийдің ерітіндісінің жалпы көлемі.

А – шәуеттің көлемі (0,02 мл).

    Спермийлердің төзімділігі неғұрлым жоғары болса, оның ұрықтандыру қабілеті соғұрлым жоғары деген сөз. Бұқа мен қошқардың шәуетінің төзімділігі 10000-нан кем болмауы керек, қабанның шәуетінің төзімділігі 200-3000, ал айғырдікі–500-1500 дейін болады. Одан төмен төзімділіктегі шәует қолдануға жарамайды.

 

ШӘУЕТТІ СҰЙЫЛТУ ЖӘНЕ САҚТАУ

Қазіргі кезде қолдан ұрықтандыру жұмысында тек қана сұйытылған шәуетті пайдаланады. Шәуетті не үшін сұйылтады деген сұраққа беретін екі жауап бар: біріншіден, шәуеттің көлемін көбейтіп, эякулятпен көп малды ұрықтандыру үшін, екіншіден, шәуетті белгілі бір мерзімге дейін сақтау үшін. Кейбір авторлар шәуетті сұйылту арқылы оның ұрықтандыру қабілетін арттыруға болады дегенді де айтады. Бұл қағида әлі арнайы тексеруді талап етеді.

    Қолдан ұрықтандыру жұмысындағы көпжылдық тәжірибе дұрыс дайындалып, өзіне лайықталған сұйылтықшатарда спермийлердің өмір тіршілігінің ұзаратынын көрсетеді, яғни біраз уақытқа сақтауға болады деген сөз. Демек сұйылтқыштардың құрамында болатын заттар шәуеттің плазмасының спермияларға тигізетін зиянды әсерлерін тоқтататын болуы керек.

    Ол қандай зиянды әсерлер, организмнен тыс жерде спермийлер неге өледі? Оның себептері көп: 1) шәуеттің рН реакциясы сілтілі болғандықтан (7,0-7,2) спермийлер үздіксіз қозғалыста болып, энергиялық қуат қорын тауысады; 2) осы қарқынды қозғалыстың нәтижесінде спермиялар жүрген ортада сүт қышқылы көбейіп кетіп, олар улана бастайды; 3) көмірсулардың таусылуы және кальций, калий, натрий иондарының әсерінен спермийлер электрлі зарядтарын жоғалтып, агллютинация басталады; 4) салқын температура спермийлердің зат алмасу құбылысын, тыныстануын тоқтатады; 5) сырттан түскен микроорганизмдер көбейіп, өсіп-дамып өзінің метаболиттерімен спермийлерді улайды.

Шәуетті сұйылтудағы ең жоғарғы мақсат осы факторларды болдырмау. Сұйылтқыштарды табиғи және синтетикалық (жасанды) деп екі үлкен топқа бөлеміз: табиғи сұйылтқыштарға қан, сүт, бал, өсімдік шырыны жатады. Синтетикалық сұйылқыштар қолдан жасалған ерітінділер: олар бір компонентті және көп компонентті болады.

Алғашқы кезде шәуетті сұйылтуға қарапайым сұйықтар, атап айтқанда физиологиялық ерітінді, Рингер -Локтың сұйығы (И.И. Иванов) қолданылды.

Сұйылтқыштар ең алдымен, спермийлер үшін изотоникалық орта болуы керек. Сол үшін сұйылқыштарды тек қана бидистилленген суға дайындайды.

Сұйылтқыштардың негізгі құрамы: 1) дистилленген су;

2) тұздар;

3) көмірсулар (глюкоза, лактоза);

4) тауық жұмыртқасының сары уызы;

5) антибиотиктер.

Бұдан басқа сұйылтқыш құрамында, егер шәуетті мұздатып қатыратын болсақ, глицерин қосады.

Барлық компоненттер химиялық құрамы жағынан қоспасы жоқ таза болуы керек. Оларды сұйылтқышқа қоспас бұрын спермияларға зияны жоқтығын тексереміз.

Малдың түлігіне қарай әртүрлі тұздар қолданылады: қошқардың шәуетіне фосфор тұздары, айғырдың шәуетіне сульфат тұздары, шошқаның шәуетіне тартат тұздары дұрыс болады. Лимонқышқылды натрий тұздары (цитрат) универсал, барлық малдың шәуетін сұйылтуға жарай береді. Тұздар, әсіресе, цитрат, буферлік жүйе болғандықтан артық қышқылды молекулаларды рН ортаны реттейді, осмостық қысымды изотоникалық мөлшерде ұстап тұрады, спермийлердің ісінуіне жол бермейді, спермийлердің зарядтарын сақтап қалады. Көмірсулар спермийлердің энергиялық қуат көзі ретінде қосылады және агглютинацияны болдырмайды.

Спермийлерді салқын температураның әсерінен қорғау үшін сұйылтқышқа тауық жұмыртқасының сары уызын қосады, ол өзінің құрамындағы лицитиндер арқылы спермийлердің липопротейдті қабығы тығызданып, оның төзімділігін арттырады.

Сұйылқыштарға микроорганизмдердің өсіп-өнуін тоқтату үшін пенициллинді, стрептомицин және ақ стрептоцид немесе олардың қосындысы спермасан-3 препаратын қосады. Д.Д. Логвинов және басқалар сұйылтқыштарға антибиотиктерді қосудың қажеті жоқ дейді.

Сұйылтқыштарды қолданардың алдында ғана дайындайды, шәуетке қоспас бұрын оның сапасын тексереді. Ол үшін таза, құрғақ жылытылған төсеніш шыныға бір тамшы бұрын тексерілген шәуетті тамызады да оған 2-3 тамшы сұйылтқыш қосып араластырып, микроскоппен қарайды. Егер спермийлердің қозғалу белсенділігі төмендей бастаса сұйылтқыш жарамсыз болғаны.

Қабанның шәуетіне соңғы жылдары хелатон қосылған сұйылтқыш қолданылып жүр. Мұндай сұйылқышпен шәуетті жай бөлме температурасында (16-20 °) сақтауға болады. Хелатон спермийлердің зат алмасу үрдісін баяулатып анабиоздық жағдайға түсіреді. А.В. Квасницкий мегежінді фракциялық әдіспен ұрықтандыру үшін жай қарапайым глюкоза мен тұздың ерітіндісі болса да жарайды дейді. Ол тек шәуетті тереңірек жатыр тармағының ұшына дейін итеріп тастап, жатыр қуысын толтырса болады деп айтады.

Шәуетті қандай дәрежеде сұйылту мал түлігіне байланысты. Қошқардың шәуетін 2-4 есе, бұқаның шәуетін 10-12 есе, қабанның, айғырдың шәуетін 2-4 есе сұйылтады. Бұдан көп дәрежеде сұйылтатын болса, спермийлердің ұрықтандыру қабілеті төмендейді.

Сұйылтылған шәуетті белсенділігін тағы бір тексеріп көрген флакон, капсула, ампула пайетт сияқты құтыларға бөліп құяды да сақтау орындарына жібереді.

Сақтау. Шәуетті сақтаудың негізгі мақсаты аса құнды қолтума айғыр, бұқа, қабандардан неғұрлым көбірек ұрық жинап алып қалу, сөйтіп оны алыс елді мекендерге, басқа мемлекетке апарып қолдану. Көп жылдар өткеннен кейін де (өзі өліп кетсе де) оның шәуетімен мал ұрықтандырып одан төл алуға, тіпті күнделікті қолданып отырғанның өзінде де артылып қалған ұрықты күйлеген мал табылғанша 1-2 күнге сақтап қоюға болады, сонда бір бұқаның шәуетімен ұрықтандырылған ұрғашы малдың саны әлдеқайда артады, әрі бұқаны шаршатпай белгілі бір тәртіппен пайдаланып ұзақ уақыт тиімді қолдануға болады. Қазіргі кезде барлық қолдан ұрықтандыру пункттері мен станциялардың жұмысының өзі негізінен сақталған шәуетпен жұмыс істеуге бағытталған.

Шәуетті қысқа және ұзақ мерзімге сақтау әдістері. Шәуетті мұз еритін температурада сақтау ең көп қолданатын әдіс. Ол үшін тоңазытқыштарды, ішіне мұз салынған термостарды пайдаланады. Шәуетті қоршап тұратын ортаның температурасы +2+5°С болады. Мұндай температурада қошқардың, бұқаның, айғырдың, қабанның шәуетін сақтауға болады. Бұл төменгі температурада спермийлердің белсенділігі төмендеп өз бойындағы қуат қорын үнемдеп жұмсағандықтан тіршілік ету уақыты ұзара береді.

Сары уыз қосылған сұйылқышпен сұйылтылған шәуетті пенициллин флакондарына құйып, сыртын 0,5 см қалыңдықпен мақтаға орап, оның сыртын пергаментті қағазбен жауып, мұз кесектері салынған термосқа орнықтырады. Бірақ тремосқа салмай тұрып сұйылтылған шәуетті бөлме температурасында 1 сағаттай ұстап тұрса ол жақсы сақталады. Соңғы жылдары шәует құйылған пробирканы, ампулаларды орнықтырып ұстап тұратын пенопластан немесе паралоннан жасалған арнайы құтылар қолданылып жүр.

Мұндай әдіспен шәуетті 1-3 тәулікке дейін сақтайды, бұл кезде спермийлердің қозғалу белсенділігі қолданар алдында бұқанікі-7 балл, қошқардікі-8 балл, айғыр мен шошқанікі–5 баллдан кем болмауы керек.

Сыртта қатты аяз болса, термостың сыртынан киіз қапшық кигізіп алады. Термостың мұзы еріген сайын оның жиналған суын төгіп тастап, орнын жаңа мұз кесектерімен толтырып отырады.

Шәуетті +16+20 ° бөлме температурасында сақтау. Бұл әдіс негізінен мұз ұстап отыра алмайтын ыстық аудандарда қолданылады, ол лимон қышқылы, хелатон сияқты препараттардың әсерінен спермийлердің зат алмасу құбылысының баяулауына есептелген әдіс. Мұндай құрамындағы сұйылқышпен араласқан шәуеттің спермийлері қышқылды анабиозға түседі, сақтау мерзімі 2-3 тәулік.

Шәуетті сұйық азотта сақтау. Шәуетті қысқа мерзімге сақтау қолдан ұрықтандыру пункттерінің жұмысын біршама қиындатады. 2-3 күн сайын облыс орталығына арнайы транспортпен кісі жіберуге болады, қысты күнгі боранда тіпті қиын. Кейде әкелген шәует жетпей қалады, не болмаса артылып қалады да босқа ысырап болады. Бұл қиындықтан шығатын жол шәуеттің запасын жоғалтпай ұзақ мерзімге сақтау. Ұзақ мерзімге шәуетті мұз етіп қатырған жағдайда ғана, спермийлер терең анабиозға түскенде ғана сақтауға болады.

Шәуетті мұздатып-қатыру теориясы ертеден-ақ белгілі, бірақ ондай шәуетті қайтып еріткен кезде спермийлердің көпшілігі өліп қалады, ұрықтандыру нәтижесі төмен болады. Оның себебі тоңазып қатқан кезде спермийлердің протоплазмасының су молекулалары қиыршық мұзға айналып, торшаның құрылысы бұзылады.

Спермийлерді мұндай өлімнен сақтау үшін шәуетті мұздатып қатырудың, қайтып ерітудің режимдерін өзгертуге, сұйылтқыштардың құрамын өзгертуге тура келеді.

Бұл бағытта жемісті еңбек еткен алғашқы ғалым И.В. Смирнов болды. 1950- 1951 жылдары мұз болып қатырылған шәуетпен ұрықтандырған малдан алғашқы рет төл алынды. Мұндағы қол жеткен үлкен табыс сұйылтқыш құрамына глицерин енгізу еді. Глицериннің әсерінен спермийлердің протоплазмасы қиыршықтанбай біртұтас шыны тәріздес болып қатады да, қайтіп еріткенде бұзылмай өз қалпына түседі. Ондай құбылысты в и т р и ф и к а ц и я деп атайды.

Шәуетті мұздатып қатыру үшін алғашқы кезде көміртегінің қос тотығын пайдаланды (-76°), кейіннен бұл әдісті тереңірек зерттеген ағылшын ғалымдары Полдж, Раусон (1952) қос тотықты көміртегінің орнына сұйық азотты қолданды (-196°). Бұлай қатырылған шәуетті қайта еріткенде спермийлердің торшалық құрылысы бұзылмай өз қалпында сақталып, тіпті, қозғалу, ұрықтандыру қабілеті де жоғалмайды екен. Қазіргі кезде шаруашылықтарда сиырды тек қана осылай мұздатып қатырылған шәуетпен ұрықтандырады. Сұйық азотта шәуетті 40-50 жылға дейін сақтауға болатыны белгілі болып отыр. Қолданар алдында ерітілген шәуеттің қозғалу белсенділігі 3-4 баллдан кем болмауы керек.

Мұз болып қатырылған шәуетті шаруашылықтарға бір жылдың ішінде 1-2 рет апарып берсе жетіп жатыр, тек ай сайын, үстіне сұйық азотты толтырып құйып тұру керек, себебі азот үнемі буланып отыратындықтан тез азайып кетеді.

Шәуетті сұйық азотта сақтау үшін СД-50, АТ-6, СД-20, АТ-7, Харьков-30, Харьков-34 сияқты шәуетті сақтаға және тасымалдауға арналған арнайы ыдыстар негізінен шаруашылықта қолданылады, ал қолдан ұрықтандыру станцияларында бір орнында тұрақты тұратын ХСЖА сиымдылығы 680 литр және КВ-6202 сиымдылығы 500 литр ыдыстар бар.

Сұйылтылған шәуетті әртүрлі пішінде мұздатып қатыра береді, атап айтқанда, ашық түйірлер (бұршақ тәрізді), француз әдісі бойынша жіңішке түтікшелерге құйып (пайетталар) немесе полиэтиленді ампулаларға құйып қатырады. Ф.И.Осташко (Харьков технологиясы) ашық түйірлердің сыртын полиэтиленді қабықпен жапқан дұрыс дейді.

Шәуетті кептіріп сақтау. Сұйылтылған шәуетті вакуумды ортада кептіріп сақтайды, сақтау мерзімі бірнеше ай болуы мүмкін, бұл әдіс әзірше өзінің толық шешімін тапқан жоқ, әлі де тереңірек жан-жақты зерттеуді талап етеді.

МАЛДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ

Жалпы қағида. Малды қолдан ұрықтандыруға арнайы дайындалу керек, ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Атап айтқанда, мал қашыратын пункттерді алдын ала дайындайды, малды қолдан ұрықтандыратын техниктерді, қажетті жұмысшылар мен көмекшілерді, ұрық алатын малды, ұрықтандыратын аналық малды 1,5-2 ай бұрын дайындай бастайды, малдың қоңдылығы, күйі жақсы болса, ұрықтандыру нәтижесі жоғары болады. Қолдан ұрықтандыру кезінде қолданылатын аспаптар стерильденген таза, малдың сыртқы жыныс органдары жуылып, сүртіледі, пункттің іші де таза, жұмысты бастамай тұрып, 0,5-1 сағат бактерицидті шамдардың сәулесімен зарасыздандырылған болуы керек.

Малдың түлігіне қарай қолдан ұрықтандырғанда шәуетті қынапқа, жатыр мойнына, жатыр денесіне, жатыр түтікшесіне, жас тұсақтарды, қашарларды ұрықтандырғанда шәуетті көбінесе, қынапқа жібереді, ал ересектерін тек жатыр мойнына жіберу арқылы ұрықтандырады. Бие мен шошқаны ұрықтандырғанда шәует тікелей жатыр денесіне барып түседі. Құстарды қолдан ұрықтандырғанда шәуетті ұрық түтікшесіне жіберу әдісі қолданылады.

Малды күйлеу феноменінің өте айқын көрінген кезінде ұрықтандырған дұрыс, бұл кезде жатырдың тонусы өте жоғары, кілегей қабығында шырыш мол, таза, спермийлердің алға қарай қозғалуына ең қолайлы жағдай туады. Есте ұстайтын бір жай овуляцияға дейін ұрықтандырып болу керек. Малды ұрықтандырған кезде мүмкіндігі болғанша тыныштық сақталуы тиіс, малды ұрып-соғуға болмайды. Бөгде кісілердің жүруі, айғай-шу ұрықтандыратын малдың көңілін бөліп, алаңдатады, жатырдың тонусы төмендеп овуляция болмай қалады. Осының бәрі ақырында келіп қолдан ұрықтандыру жұмысының нәтижесіз қалуына әкеліп соғады. Малды қолдан ұрықтандыратын техниктің де күнде ауысып отырғаны дұрыс емес.

Сиырды қолдан ұрықтандыру. Жұмыстың нәтижесі күйлеген малды дұрыс тауып, дәл уақытында ұрықтандыруға байланысты. Таңертеңгі мезгілде, күндіз, аулада немесе жайылымда жүргенде, кешкі тұрым малшы, сауыншылар, ұрықтандырғыш техник бәрі сиырлардың көңіл-күйі, малдың мінезіне, сыртқы жыныс ағзаларына назар аударып бақылап жүреді. Күйлеген сиырдың жыныс органдарынан мөлдір кілегейлі сұйық сыртқа ағып тұрады, сарпайы ісініп, қызарады, өздері басқа сиырларға асылады, өзіне басқа сиырдың асылуына қарсылық жамасай тыныш тұрады. Ондай сиырларға белгі салып, инвентарлы нөмірін, атын жазып алады. Күйлеген малды дәл табу үшін күйіттеуші бұқаларды пайдаланған дұрыс. Себебі сырттай қарап жүріп тапқан күйлеген сиырлардың 30-40%-ы әсіресе қысты күндері тоқтамайды, себебі қателесіп ерте немесе кеш ұрықтандырады.

Күйлеген сиырды екі рет ұрықатндырады: бірінші рет күйлеген малды іздеп тапқан бойда, екінші рет 10-12 сағат өткен соң, яғни таңертең бір рет, екінші кешке қарай немесе керісінше бірінші рет кешке ұрықтандырса, ертеңіне таңертең қайталап ұрықтандырады.

Сиырды сауу мезгілінің алдында ұрықтандырған дұрыс, себебі сауу кезінде емшектің тітіркенуінен гипофизден окситоцин гормоны бөлініп шығып қан арқылы жатырдың қызметін күшейтеді де, ұрықтандыру жұмысының нәтижесі біршама жоғары болады.

Ұрықтандырғанда шәуетті жатыр мойнына жібереді. Ол үш түрлі жолмен орындалады: а) шприц-катетер мен қынап айнасын қолдану арқылы (визоцервикальді әдіс); ә) жатыр мойнын тік ішек арқылы ұстап тұрып қынап айнасын қолданбай катетрмен ұрықтандыру (ректоцервикальді әдіс); б) жатыр мойнын қынап арқылы ұстап тұрып бір реттік аспаптармен ұрықтандыру (маноцервикальді әдіс).


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: