Акушерлік патологиялар 8 страница

 

17- сурет. Ешкінің буаздығын анықтау әдісі

Мегежіннің буаздығын сыртынан ұстап анықтау өте қиын, оны бір жақ бүйіріне жатқызып қойып ең соңғы екі емшегінің тұсынан қарының сипалайды, төл бірнеше қатты дене болып қолға білінуі мүмкін. Қай малды болмасын сырттай ұстап қарағанда төлді таба алмаса, мал қысыр екен деп қорытынды жасауға болмайды.

Буаздықты қарынның сыртынан тындап анықтау тек қана ірі малға қолданылады. Онда да зерттеу нәтижесі барлық уақытта дұрыс бола бермейді. Төлдің жүрек соғуын жақсы есту үшін төл кеудесімен немесе арқасымен анасыңың құрсақ қабырғасына тікелей тиіп жатуы керек, басқа жағдайда жүректің соғылуы естілмейді. Төлдің жүрегінің соғуын малдың бүйіріне құлақты тосып немесе фонендоскоппен тыңдайды. Буаздықты аңықтау үшін бұл әдістің маңызы оншалықты үлкен емес.

Буаздықтың бірінші жартысындағы кезеңде малдың сыртқы белгілеріне қарап буаздықты анықтау мүмкін емес, сондықтан ерте буаз малды анықтау үшін қынап арқылы және тік ішек арқылы зерттеулер жүргізеді. Бұл әдіспен тек ірі малды (сиыр, бие, түйе, есек) зерттеуге болады. Тік ішек арқылы зерттеудің нәтижесінде буаздықтың ай сайынғы белгілерін, қысыр малдың қандай ауруы барын анықтауға болады.

Қынап арқылы зерттегенде малдың сарпайын жуып, тазалап сүртеді, сырты вазелинмен майлаған стерилді қынап айнасын ақырындап малдың қынабына салып, жарыққа ашып қарайды. Мал буаз болса жатыр мойыны жабық, қою кілегейлі тығынмен бітелген, өзінің қалыпты орнынан бір жақ бүйіріне қарай немесе тереңдеп алға қарай ығысқаны байқалады. Буаздықтың соңғы айларында жатыр мойынының айналасынан қынапты итеріп тұрған төлдің дене мүшелерін байқауға болады, қол салып қарағанда оны айқын білеміз. Дегенмен қынап арқылы зерттеу буаздықты анықтау үшін көп қолданыла бермейді.

Буаздықты тік ішек арқылы анықтау. Бұл әдісті малды ұрықтандырған күннен бастап 1,5-2 айдан кейін қолданады, одан бұрын зерттегенде мал іш тастап кетуі мүмкін.

Қолдың тырнағын алып, сыртын сабындап, саусақтарды біріктіріп ақырындап ырғай отырып тік ішекке кіргізе береді. Ішіндегі жиналған нәжісті алып тастап қолды ілгері жылжыта береміз. Тік ішектің қампима тәрізді жерінен өтіп, оның жіңішке тар жеріне жеткенде ғана малды біраз тыныштандырып тиісті органдарды зерттей бастады. Мұндағы көңіл аударатын жағдай: жатырдың, жатыр мойынының, тармақтарының, аналық ұрық безінің орналасқан жері, сыртқы пішіні, көлемі, жатыр артериясының дірілі, күші.

Тік ішек арқылы зерттеуді негізінен таңертенгілікте жүргізген дұрыс. Зерттеу жүргізетін кісінің үстінде арнайы киім болады, атап айтқанда резиналы алжапқыш, акушерлік- гинекологиялық қолғап, аяғына шылғау мен етік киеді.

Зерттеуді жатыр мойнын табудан бастайды. Ауру емес, қысыр сиырдың жатыры (мойны, тармақтары), екі ұрық безі де жамбас қуысында жатады. Жатыр мойыны 8-12 см цилиндр тәрізді өте тығыз орган, одан әрі қарай жұмсақ ұзындығы 2-3 см, жатыр денесі және екі жаққа бөлініп, астына қарай бүктеліп ұзындығы 20-25 см жатыр тармақтары жатады. Тек кәрі көп бұзауланған сиырлардың жатыр тармақтары құрсақ қуысына азырақ салбырап тұрады. Тармақаралық өзек жақсы білінеді. Екі тармағының ұзындығы, жуандығы, серпімділігі, тығыздығы да бірдей. Қолмен жайлап сипай бастаған-ақ жатыр тармақтары қошқар мүйізі тәрізденіп жиырылып, тығызданып дөнгелене қалады.

1-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойыны жамбас қуысының ортасында, бір тармағы үлкендеу, құрсақ қуысына қарай ығысқан, сипағанда жиырылмайды, ішіне шарана суы жиналғаны байқалады. Осы жағының ұрық безі үлкендеу, бұлтиып сары дене білінеді. Жатыр алақанға түгелдей симайды.

2-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойыны жамбас қуысының алдыңғы жағына қарай ығысқан. Жатырдың буаз тармағы екіншісімен салыстырғанда екі есе үлкен былқылдаған дорба тәрізді, жиырылмайды, құрсақ қуысына салбырап тұрады.Тармақаралық өзек анық білінбейді.

3-айлық буаздық белгілері. Жатырдың буаз тармағының көлемі ересек кісінің басындай ішіне су толған дорба тәрізді. Онда зәр толған қуықпен шатастырмау үшін жатыр мойынымен байланысын анықтау керек. Тармақаралық өзек мүлдем білінбейді. Жатыр қабырғасы жұқарған, сыртынан сипағанда үлкендігі бұршақтай карункулдер байқалады және үлкендігі сіріңке қорабындай болып саусақтың үшына төл бөлінеді.

4-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойыны құрсақ қуысына қарай еңкейе бастаған. Жатыр ішіне су толған үлкен қапшық тәрізді. Карункулдерінің үлкендігі орман жаңғағындай (1,5-2см). Төлдің дене мүшелерін ажыратуға болады. Жатырдың буаз тармағы жағынан ортаншы артерияның дірілдеп соққаны байқалады.

5-айлық буаздық белгілері. Ортаншы жатыр артериясының дірілдеп соғуы, шуылы өте күшті білінеді. Төлдің көлемі 30-40 см шамасында болса, карункулдері көгершін жұмыртқасындай.

6-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойны да тармақтары да құрсақ қуысына терең түсіп кеткендіктен төлді ұстап көруге қол жете бермейді, тек карункулдердің тауық жұмыртқасындай болып үлкейуіне байланысты жатыр қабырғасы бұжырланып білінеді. Ортаншы жатыр артериясы екі жағынан да дірілдеп соғып тұрады.

7-айлық буаздық белгілері. Төлдің көлемі, салмағы үлкейгендіктен жоғары көтеріледі де, қолға оңай табылады. Жатыр мойны қайтадан жамбас қуысына оралады. Екі ортаншы жатыр артериясына қосылып, буаз тармағы жағынан артқы артериясы да дірілдеп соға бастайды.

8-айлық буаздық белгілері. Төлдің кейбір дене мүшелері жамбас қуысына кіріп тұрады. Артқы жатыр артериясының буаз тармағы жағынан шуылы күшті білінеді, ал қарсы жағынан  артқы артериясы ғана дірілдеп соға бастайды.

9-айлық буаздық белгілері. Екі ортаншы және екі артқы артерияның шуылы қолға өте жақсы білінеді. Төл жамбас қуысына кіріп тұрады. Сиырдың сарпайы ісінген, жыныс саңылауынан кілегейлі шырыш ағып құйрығына, жыныстық ернеулерге қатып қалады. Екі бүйірі түсіп, емшегінен уыз тәрізді сұйық бөлінеді. Құйрық түбі мен жамбас сіңірлері босаған. Желінінде қарнының астыңғы жағында салқын ісіктер пайда болады.

Биенің буаздығын тік ішек арқылы анықтау. Зерттеуге кіріспес бұрын биенің екі артқы аяғына шідер салып алдыңғы аяқтарының арасынан өткізіп мойнына тартып байлап қояды. Құйрығының түбінен бастап, дәкемен орап байлайды. Көмекші кісі биенің басын жоғары қаратып, алдыңғы бір аяғын тізесінен бүгіп ұстап отырады.

Биенің мойнын, арқасын сипалап, атын атап шақырып, тыныштаңдырған соң ғана артынан келіп, ақырындап тік ішекке қол сала бастайды.

Зерттеуді аналық ұрық безінен бастаған дұрыс. Қысыр, күйлемеген биенің ұрық безі бүйрек тәрізді көлемі 3-4 см, тығыздау орган құрсақ қуысына бел омыртқаның астына орналасқан. Жатыр мойны жамбас қуысында шат сүйегінің үстінде жатады. Жатыр тармақтары жалпақ таспа тәрізді бос жатады, құрсақ қуысына салбырап түсіп үш жағы жоғары ұрық безіне қарай көтеріліп тұрады. Қолымен сипаған кезде тез жиырылып жұмарлана қалады да қайтадан босап кетеді.

1-айлық буаздық белгілері. Жатырдың буаз тармағы жағының ұрық безі сары дененің есебінен үлкейіп, сырт пішіні алмұрт тәрізді болып келеді. Жатыр тармақтары жалпақ емес, дөнгеленіп жұмырланған, буаз тармағының түп жағы жуандап, көлемі тауық жұмыртқасындай болып томпиып тұрады. Жатыр тармақтары сипағанда жиырылмайды.

2-айлық буаздық белгілері. Жатырдың буаз тармағы жақ ұрық безі 2-2,5 есе үлкейіп құрсақ қуысының ортасын қарай төмен түскен. Тек жатыр тармағы ғана емес жатыр денесі де үлкейіп көлемі жаңа туған баланың басындай бүлкілдеген дорбаға ұқсап тұрады. Жатыр үлкейгендіктен шат сүйектерін түгелдей жауып жатады да, сүйектің шетін сипап көруге мүмкіндік болмайды.

3-айлық буаздық белгілері. Жатырдың буаз тармағы жағының да, бос тармағы жағының да ұрық бездері төмен түсіп шат сүйектерінің жігінің тұсына келеді. Жатырдың көлемі үлкен қарбыздай, ішіне шарана суы жиналып көлкілдеп тұрады. Жатыр мойны жамбас қуысының ортасынан бір жағына ығысады, төл кішкентай қатты дене болып кейде қолға тиеді.

4-айлық буаздық белгілері. Жатырдың көлемі үлкен қарбыздай, іші су толған қапшық тәрізді. Сипап қарағанда, төл оңай табылады. Жатыр мойны жамбас қуысының алдыңғы шетіне барып тұрады. Жатырдың буаз тармағы жағындағы ортаншы жатыр артериясы жуандап оның әлсіз ғана дірілдеп соққаны

байқалады.

5-6-айлық буаздық белгілері. Ұрық бездерін табу қиын, жатыр тереңге түсіп кеткендіктен төлді ұстап көру де оңай емес. Жатырдың буаз тармағы жағының ортаншы жатыр артериясының дірілдеп соғуы өте жақсы білінеді де, қарама-қарсы жағының артериясы да әлсіз дірілдеп, соға бастайды. Жатыр мойны құрсақ қуысына қарай түсе береді.

7-8 - айлық буаздық белгілері. Жатыр мойны құрсақ қуысына түсіп тұрады, жатыр тармақтарын түгелдей сипап көруге қол жетпейді, төлде қолға іліне бермейді, тек алақанға тиген соққыны байқаймыз. Жамбас қуысының екі жағынан да ортаншы жатыр артерияларының шуылы жақсы білінеді, ал жатырдың буаз тармағы жағындағы артқы жатыр артериясы да дірілдеп соға бастайды.

9-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойны жамбас қуысының алдыңғы шетіне қайтып оралады. Төл үлкен, қолға оңай табылады, оның дене мүшелерін ажыратуға болады. Жамбас қуысының екі жағынан да ортаншы және артқы жатыр артерияларының дірілдеп соғуы жақсы білінеді.

10-11-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойны және төлдің кейбір дене мүшелері жамбас қуысына кіріп тұрады. Жатыр артерияларының "шуылы" өте күшті білінеді. Желіні үлкейіп, сарпайы ісиді, жыныс саңылауынан қою жабысқақ кілегейлі сұйық ағып жүргенін көреміз.

Қаншықтың және мысықтың буаздығын анықтау. Буаздықты 1-1,5 айлық мерзімінде ғана сыртынан екі бүйірін саусақтармен қысып анықтауға болады, төл көлемі тауық жұмыртқасындай тізбектеліп жатқан қатты дене болып қолға білінеді. Мысықтарды арқасына жатқызып, арт жағын көтеріңкіреп қойып тексерген дұрыс. Үлкен иттерді тұрғызып қойып қарай береді. Тексеруге кіріспей тұрып ит, мысықтардың аузын қарыстырып желкесіне тартып байлап тастау керек.

Буаздықты өте дәлдікпен анықтау қажет болса және ішіндегі төлдің санын білу керек болса ренгенге түсіріп қараған дұрыс.

Бұрынғы болған буаздықты анықтау. Малдәрігерінен кейбір жағдайда (екі жақ айтысқан жағдайда), малдың бұдан бұрын буаз болған немесе болмағанын анықтауды талап етеді. Бұрын болған буаздықтың белгілері мына төмендегідей:

Биеде – жатыр мойнының қынапқа шығып тұрған бөлігінде тыртықтар болуы мүмкін, жатыр тармақтарының біреуі үлкендеу болады, қарнының астыңғы жағы, емшектері салбырап тұрады; сиырда – жатыры үлкен, тығыздау, жатыр мойны мен қынапта тыртықтар болуы мүмкін, мүйізінде дөңгелек бунақтар болады, желіні бар.

Мұндай белгілер бұрын буаз болмаған мал да болуы мүмкін екендігін естен шығармау керек.

 

Туу және туғаннан кейінгі кезеңнің физиологиясы

Буаздық мерзімі аяқталып, жатыр ішіндегі өсіп-жетілген тірі төлді, қағанақ қабықтары мен шарана суын сыртқа сығып шығаратын физиологиялық-құбылысты туу үрдісі деп атайды.

Туу үрдісінде (partus) үш фактор: бірінші фактор- төл, қағанақ қабықтарымен шарана суы, екінші фактор- жамбас қуысы мен туу жолдары (жатыр мойны, қынап және қынап кіреберісі мен жыныс ернеулері), үшінші фактор- толғақ күштері (жатырдың жиырылуы, яғни кіші толғақ және диафрагма мен қарынның жиырылуы, яғни ащы толғақ) өзара өте күрделі қатынасқа түседі.

Ғалымдар туу актісінің басталу себебін түсіндіретін бірнеше теорияларды ұсынды: мысалға, кейбіреулердің айтуынша, төл әбден үлкейген соң анасының беретін қоректік затына тоймай аштықтан сыртқа шығады екен немесе төл үлкейген соң жатырдың кілегей қабығын, жатыр мойнын тепкілеп ондағы нерв талшықтарын тітркендіреді де жатырдың жиырылуына әкеліп соқтарды дейді. Буаздықтың соңына қарай төл мен ана организмін жалғастырып тұрған плацента өз қызметін атқара алмай ыдырап құри бастайды, сөйтіп ана организмі үшін төл бөгде денеге айналып, жатыр ішінен қуылып шығады деген де теория бар. Енді бір авторлар туу үрдісінің басталуын гормондардың әсерімен түсіндіреді де, яғни атап айтқанда, ұрық безіндегі сары дене өз қызметін тоқтатқан соң прогестерон гормонының органына эстрогенді гормондар адреналин, простагландин сияқты заттар пайда болып, олар жатырдың жиырылуына әкеліп соқтырады дейді.

Бұл айтылған құбылыстардың бәрі де шын мәнінде, жүріп жатады, бірақ олардың бірде біреуі, жеке дара туу үрдісінің түпкілікті себебі бола алмайды, керісінше, осы айтылған себептердің бәрі бірігіп, бір-бірімен қосылып барып туу актісін іске асырады.

Сондықтан бүгінгі танда медицинада, ветеринария да бірдей қолдап отырған А.П.Николаевтің (1940) нейрогуморалді теориясы ғана туу үрдісінің басталу себептерін, өту механизмін дұрыс түсіндіре алады. Бұл теория бойынша туу үрдісіне қатысты барлық себептерді үш топқа бөледі: бірінші топқа туу үрдісіне дайындайтын себептер жатады, олар: ми қыртысының сезімталдығы әлсіреп, жұлын миының, жатыр қабырғасындағы жүйке талшықтарының сезімталдығының күшейуі, эстрогенді гормондардың жиналуы; екінші топқа туу актісінің басталуын қамтамасыз ететін себептер жатады, олар жатыр қабырғасындағы, туу жолдарындағы жүйке талшықтарын тітіркендіріп қоздыру (төлдің қозғалуы), ацетилхолин, простагландин сияқты заттардың жатыр қабырғасына әсер етіп, оны жиырылуына мәжбүр етуі; үшінші топқа туу актісін әлсіретпей демеп тұратын себептер жатады, олар төлдің қозғалып, жатырды тітркендіруі, ацетилхолин, простагландин сияқты гормональді заттардың ұдайы жатырға әсер етіп, оның шаршамай жиырыла беруін қамтамасыз етуі.

Малдың бірдеңеден қатты қорқуы, ұзақ жол жүріп шаршауы, ашығуы, өте салқын су ішіп немесе шіріген жемшөптен улануы да туу үрдісінің ерте басталуына себеп бола алады.

Туу жолдары. Туу жолдарын жамбас сүйектері мен сегізкөз және жұмсақ ұлпадан тұратын түтік (жатыр мойны, қынап, қынапкіреберісі, сарпай) құрайды. Жамбас сүйектерінің құрылысына, оның ішкі диаметріне туу актісінің өтуі көп байланысты. Жамбас сүйектері (мықын сүйегі, шат сүйегі және қасаға сүйегі) мен сегізкөз жамбас қуысын құрайды. Жамбас қуысының кіреберісін астынан шат сүйектері, екі жағынан мықын сүйектері, төбесін сегізкөз құрайды, шығаберісін астынан қасаға сүйектері, екі жағын жамбас сіңірлері, төбесін құйрық омыртқасы түзеді. Жамбас қуысының биіктігі (шат сүйектерінің жігінен сегізкөзге дейін), көлденеңі (екі мықын сүйегінің ортасы) және осі болады.

Сиырдың жамбас қуысының осі ирек сызық, ал биенің және басқа ұсақ малдың жамбас қуысы сәл ғана иілген түзу сызық болып келеді. Сондықтан сиырдың тууы өте ұзаққа созылып көбінесе, өздігіннен туа алмай қалатын да жағдай кездеседі. Туу акті басталысымен-ақ жатыр мойны ашылып, оның ішкі диаметрі қынаптың диаметрімен бірдей болып кетеді. Төлдің жылжуына бұл түтікше ешқандай кедергі жасамайды, тек кейде сарпайының тарлығынан төлдің алға қарай жылжуы тоқтап қалуы мүмкін.

Туу актісінің кейіпкері – төл. Төлдің денесінде туу үрдісінің өтуіне кедергі жасайтын үш белдеу бар: басы, кеудесі, және жамбасы. Төлдің кеудесі мен жамбасы сығылғанда көлемін кішірейте алады, ал бас сүйектері кішіреймейді. Дегенмен, табиғаттың өзі туу үрдісін дұрыс өтуі үшін жағдай жасаған, яғни жамбас қуысының кең жерлеріне төлдің басының жалпақ жерлері сәйкес келіп мал онша қиналмай-ақ туа береді.

Туу үрдісі дұрыс өтуі үшін төл туу жолдарында дұрыс жатуы керек. Төлдің жолдарында жатқандағын мына төмендегі терминдермен сипаттайды: -төлдің келуі (praesetatio). Төл жамбас қуысына басымен, не болмаса артқы аяқтармен кіріп жатса, дұрыс келгені деп есептеледі. Желкесімен, бүйірімен, жамбасымен келгені дұрыс емес; -төлдің позициясы (posinitio). Төл жамбас қуысына арқасын анасының арқасына сәйкес жоғары қаратып жатса, жоғарғы позиция деп есептеледі. Төл аударылып шалқасынан немесе бір бүйірілеп жатса позициясы дұрыс келмеді дейміз; -төлдің бойлығы (sitis). Төл жамбас қуысына өзінінің ұзына бойы осімен кірсе (төлдің омыртқасы мен анасының омыртқасы бір бағытта) ұзына боймен дұрыс келгені. Ал арқасымен, қарнымен немесе бүйірімен келсе, онда төл тігінен не болмаса көлденең жағдаймен теріс келген деп атаймыз; -төлдің денемүшелерінің орналасуы (habitu s). Бұл төлдің басы мен аяқтарының өз денесі қатынасы. Төл басымен келгенде алдыңғы аяқтарының созылып жатуы, артымен келгенде артқы аяқтарының созылып жатқаны дене мүшелерінің созылып өзара дұрыс орналасуы болып саналады (18,19-суреттер).

а
ә
 

18-19-суреттер. Сиыр төлінің туу жолдарына дұрыс орналасуы. а-алдымен келуі, ә- артымен келуі

Мойны бұралып, басы қайырылып, аяқтары бүгіліп қалса, оны теріс орналасуы деп айтамыз.

Туу үрдісінің өтуі. Туу актінің өту барысын үш сатыға бөлуге болады: 1. Жатыр мойны ашылып, туу жолдарының түзелуі, 2. Жатырдағы төлді сығып шығару, 3. Шудың бөлініп түсуі. 

Алғашқы кезде тек қана жатырдың әлсін-әлсін жатырдың жиырылғанын байқаймыз. Жиырылу мерзімі секундқа да жетпейтін уақыт алады, содан соң жатыр қайтадан босап 15-20 минуттық үзілістен кейін тағы да жиырылады. Осылай әлсін-әлсін жатырдың жиырылуын кіші толғақ немесе туу актісінің басталуы дейміз.

Жатырдың әрбір жиырылуы оның ішкі қуысының таралуына әкеліп соғады, жатыр қабырғасы қалындап, оның жалпы аумағы кішірейе береді. Соның нәтижесінде жатыр қуысы ішіндегі қысымның күшеюіне байланысты жатыр мойны біртіндеп ашыла береді, қағанақ қабықтары шарана суымен қынап ішіне, одан әрі сарпайдан сыртқа жылжып бұлтиіп шыға бастайды.. Жатыр жиырылуы біртіндеп күшейе түседі. Бұл кезде мал мазасызданып аяғымен жер тарпиды, жатып-тұрып, бүйіріне қаралай береді. Жатыр мойны түгелдей ашылып, оның диаметрі қынап диаметрімен бірдей болған кезде қағанақ қабықтары жарылып, шарана сулары сыртқа ағып төгіледі де, туу жолдары төлдің жылжып өтіуіне дайын болады. Осымен туу актісінің бірінші сатысы аяқталады.

Туу үрдісі басталмай тұрғанда төл жатыр ішінде шалқалап аяқтары бүктеліп жататын. Жатырдың жиырылуы әсерімен төл біртіндеп жамбас қуысына дұрысталып басымен, не артқы аяқтарымен жоғары позицияда ұзына бойын түзеп, аяқтарын созып келеді.

Шарана сулар ағып төгілгенде соның екпінімен төл сырғып келіп жамбас қуысына кептеледі. Бұл туу үрдісінің екінші сатысының басталуы. Енді кіші толғаққа ащы толғақ қосылады, яғни тек қана жатыр жиырылып қоймай, оған қосылып диафрагма, қарын көк өттері жиырылып төлді жамбас қуысынан сығып шығаруға тырысады. Жатыр бұрынғыдай әлсіз ғана емес үлкен күшпен жиырылып төлді қысады, жиырылу уақыты 3-4 минутқа дейін созылып, арасындағы үзіліс өте қысқа 3-5 сек.ғана жетеді.

Жатыр жиырылған кезде бұзауды 600 кг күшпен қысады екен. Жиырылу арасындағы үзіліс қысқа мерзімді болса да, сол уақыттың өзі бұзаудың плацента арқылы тыныстап, тұншықпай тұруына мүмкіндік береді. Сондай күшпен сығылған төл алдымен басы, содан кейін кеудесі өткен соң жамбасымен кептеліп біраз тұрады.. Мал осы кезде біраз күш жинап, тынығып алады да соңғы рет күшеніп төлді жамбас қуысынан түгелдей сығып шығарады. Осымен туу актісінің екінші (төл шығару) сатысы аяқталады.

Мал тынышталып, бұзауын жалап жатады немесе тұрып кетеді. Бірнеше минуттық үзілістен кейін жатыр қайтадан жиырыла бастайды. Бұл туу актісінің соңғы үшінші сатысының басталуы. Толғақ өте әлсіз, солай болса да қағанақ қабықтарының (шудың) бөлініп түсуі үшін осының өзі де жеткілікті..

Қалыпты жағдайда сиырлардың шуы 6-8 сағатта, кейде 12 сағаттың ішінде бөлініп түседі. Биенің шуы 0,5 сағаттың ішінде, қой мен ешкі, шошқаның шуы 3 сағаттың ішінде бөлініп түсуі керек.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: