Акушерлік патологиялар 9 страница

Үй жануарларының ішіндегі ең қиналып туатыны сиыр: оның жамбас сүйектерінің құрылысы, бұзаудың дене бітімі (мойны қысқа, аяқтары жуан, қысқа) туу актісінің өтуіне ыңғайсыз. Жатыр мойнының ашылуы 6-12 сағатқа, төлді шығару орта есеппен 3 сағатқа, шудің бөлініп түсуі 6-8 сағатқа созылады. Сонымен сиырлардың туу актісі 10-20 сағатқа созылады.

Мал қиналмай туу үшін оны жеке бокста төлдеткен дұрыс, оның қасында ешқандай айқай- шу, бөтен кісі болмауы керек. Бокстің ішінде мал байланбай бос жүреді, жатқысы келсе жатады. Сиыр аяқтарын бауырына бүгіп жатып туса жамбас, сауырын бұлшық еттері босап төлдің шығуына оңай болады.

Өсіп жетілген төлдің үстін түгелдей қалың жүн жауып тұрады. Бұзаудың салмағы 25-40 кг., 6 күрек тісі болады, қозы-лақтың салмағы 3-5 кг, торай 1-1,5 кг. тартады, күшіктердің тісі болмайды. Көзі жұмылуы, құлақтары жабысып қалған болады, көжектердің салмағы 100 гр. шамасында, денесінде жүн болмайды, қызыл шақалақ болып туады.

Мал төлдетуді ұйымдастыру. Мал төлдету жауапты науқан, оған мұқият дайындалу керек, атап айтқанда, қора-жай, жемшөп, отын-су, бағып-күтуші кісілер, жәрдемші  жұмысшылар, қажетті дәрі-дәрмектер, аспаптар бәрі де сақадай сай тұрғаны дұрыс. Сонда ғана жаңа туған төлді шығынсыз өсіріп анасының денсаулығы мен беретін өнімін сақтап қалуға болады.

Сиыр бұзаулайтын қора жалпы аналық бастың 10 пайызына жететіндей есеппен салынады.

Іші жылы, құрғақ, жарық, едені тақтайдан жасалынады. Қораның қасында өтпе жел тимейтіндей малды серуенге шығаратын кең ашық алаң болады және жас бұзауларға арналған жеке қора болады, оның іші секциялардан немесе жеке үйшіктер тұрады. Үйшіктерді далаға ашық алаңға орналыстарса да болады.

Қораның ішінде сиыр бұзаулайтын арнайы бокстер болады, оның көлемі 3x3, 5м, қабырға биіктігі 1,8 м, бокстың ішінде мал бос жүреді. Одан басқа бұл қораның ішінде туа алмаған малға көмек көрсететін бөлме, ішінде қажетті дәрі-дәрмектер, аспаптар сақталатын дәріхана, кезекші күтушілер, демалатын бөлме болады. Қораға бөтен кісілер кірмейді.

Сиырды бұл қораға тууға 10-15 күн қалғанда үсті-басын жуып тұяқтарын тазалап алып келеді, туғаннан кейін тағы 15 ұстайды. Сиырларды туғанға дейін де, туғаннан кейін 3 күннен бастап күнделікті серуенге шығарып отырады.

Сиырлардың дене температурасын өлшеп, желініне массаж жасап отырады.

Туайын деп жатқан малға жалпы жақындамаған дұрыс, қағанақ қабықтары жарылып,, шарана суы ағып шыққанша ешқандай көмек көрсетудің қажеті жоқ. Осыдан кейін де біраз уақыт өтіп, мал өздігінен туа алмаса, оған тиісті көмек көрсетеді.

Шарана суы ерте ағып кетіп, туу жолдары құрғап қалса, оның бетін қағанақ қабықтары түгелдей жаппаса туу жолдарының езіліп жыртылып кету қаупі туады, әсіресе, төл ірі болса, сарпайаралық жері көбінесе, жыртылып кетеді. Мұндай жағдайда туу жолдарын жақсылап майлап немесе қайнатылған сабынды су құйып, төлді мүмкіндігінше төмен басып ақырындап ырғап тартады.

Төлді шығарып алған соң, оның аузын-мұрнын сүртіп тазалап анасына жалатады. Сиыр бұзауына қарамаса, оның үстін таза шүберекпен сүртіп құрғату керек, кіндігін 7-8 см, қалдырып байлап кесіп, йод ерітіндісіне немесе карбол қышқылын салып күйдіреді.

Сиырдың сауырын, сарпайын, желінін, артқы аяқтарын жуып тазалап, оған жылы тұзды жылы су береді, шамамен 1 сағат өткен соң сауып, бұзауын емізеді. Әлсіз туған бұзаудың үстін  жылы орап, күніне 5-7 рет азғантайдан жылы уыз, сүт береді.

Кейде анасы ақсыз туады немесе оның сүтін ішкізуге болмайды. Бұл кезде бұзауға басқа сиырдың уызын береді, ондай табылмаса жасанды уыз ішкізеді, оның құрамы: 1 литр жаңа сауған сүтке 15 гр. балық майын, 10 гр. ас тұзын және 2-3 тауық жұмыртқасын жарып салып, жақсылап араластырады. Бір ішкізгенде уыздың көлемі 300-500 мл. аспағаны дұрыс.

Қой шаруашылығында қой қоздату науқаны қыстыгүні немесе ерте көктемде өтетін болғандықтан қой төлдететін жылы қораның болуы негізгі шарт.

Басқа мүмкіндік болмаса, қой қораның бір шетін бөліп алып, оны төл қабылдауға бейімдеп тесік-жыртықтарын бекітіп, жөндеп дайындап қояды, оны жылыжай деп атайды. Жылыжайдың ішін тақтаймен 30-40 торшаға бөліп тастайды, әрбір торшада 2-3 саулық қозыларымен 3 күнге дейін тұрады. Содан кейін 10-15 саулықты қозыларымен біріктіріп ұстайды.

Қозыны туғаннан кейін 0,5 сағаттан кешіктірмей енесіне жіберіп емізу керек, саулықтың желінінің төңірегіндегі жүнін емшегін сүртіп қозының аузына салады. Кейде бірінші тума тұсақтар қозысын қабылдамайды, мұндай жағдайда қозының үстіне енесінің сүтін жағып, екеуін қосып ұстап тұрады. Енесі өлген жетім қозыларды басқа сүті көп саулыққа телиді.

Шошқа өсірушілердің де жұмысында өзіндік ерекшеліктері мен қиыншылықтары бар. торайды аузын-мұрнын тазалаған соң үстін таза орамалмен құрғатып сүртеді, кіндігін 3-4 см. қалдырып байлап кескеннен кейін көп кешіктірмей енесінің қойнына салып еміздіру керек. Торайлардың аш қалмауын, енесінің астында басылып қалмауын қадағалайды.

Туып жатқан шошқаның, қоянның алдында таза су жеткілікті болмаса, шөлін қаңдыру үшін олар өздерінің төлдерін жеп қояды.

Туғаннан кейінгі кезең (puerperium). Шу бөлініп түскеннен кейін ана организмі ерекше бір кезеңді басынан өткізеді, бұл туғаннан кейінгі кезең. Бұл кезеннің мәні буаздықпен туу актісіне байланысты ана организмінде болған барлық өзгерістер біртіндеп жойылып, барлық органдардың қызметі, анатомогистологиялық құрылысы буаз болмай тұрған кездегі қалпына қайтып түседі, яғни инволюция үрдісі өтеді. Мұндай қайта қалпына келу құбылысы жыныс органдарында айқын байқалады. Қалыпты жағдайда бұл кезеңнің ұзақтығы 20-30 күнге созылады.

Сыртқы жыныстық органдардың ісігі алғашқы 2-3 күнде-ақ қайтіп кетеді, дене температурасы, тыныс алу, тамыр соғу жиілігі де осы кезде қалпына келеді.

Жатыр жиырылып, сыртқы көлемі кішірейіп, қабырғасы қалыңдай түседі, ішіндегі жиналған лохий алғашқы кезде қызыл-күрең түсті, кейіннен бозарып сыртқа ағып шыға береді де жатыр тазарады. Сиырдың жатыры 7-8 күннің ішінде жамбас қуысына қайта келіп орналасады, лохийдің ағуы, жатырдың тазаруы 3-4 күнде, көп болғанда 7-8 күнде аяқталуы керек. Бұл мерзімнен асқаннан кейін лохий тоқтамаса, ол жыныс органдарының ауруға шалдыққанын білдіреді.

Жатыр кілегей қабатыңдағы карункулдер, қан тамырлары, ет талшықтары біртіндеп ыдырап сіңіп кетеді, жатыр қабырғасы қайтадан жұқарып бұрынғы қалпына түседі.

Аналық ұрық безіңдегі сары дене ыдырап сіңіп кетеді де, орнына фолликулдер өсіп жетіле бастайды.

Жамбас сүйектерінің сіңірлері қатаяды, желіннің ісігі қайтып, уыздың орнына 2-3 күннен кейін кәдімгі сүт шыға бастайды.

Туғаннан кейінгі кезеңде малды суықтан сақтау керек, ірі малдың жатырын тік ішек арқылы ақырындап массаж жасаған, үстін сүртіп тазалап, күнделікті серуенге шығарған пайдалы.

IV  Т А Р А У

АКУШЕРЛІК ПАТОЛОГИЯЛАР

Буаздық ұрғашы малдың органимінде өте күрделі өзгерістер туғызады. Әрбір органның қызметі ауырлап оған күш түсе бастайды, бұрынғы ескі ауруларын қоздырады. Бағып-күтімі, азықтануы нашар болса, мал буаздықты көтере алмай ауруға шалдығады. Кейде, тіпті, барлық жағдайы дұрыс болып тұрып та буаз мал ауруға шалдығады, оның себебі организм буаздықты қаламайды. Оған қарсы реакция туғызады. Мұндай ауруларды буаздықтың токсикозы деп атайды.

Сөйтіп, ұрғашы малдың организмінде буаздық кезінде, туу кезінде және туғаннан кейінгі кезеңде пайда болған ауруларды акушерлік аурулар деп атаймыз.

Буаздық кезінде көбінесе: ісігі, буаз малдың жатып қалуы (буаз-көтерем), невропатия, гепатопатия, эклампсия, остеомоляция, қынаптың түсуі, жатырдан қан кету, мезгілсіз толғақ, жатыр жарығы, жатырдың бұралуы, іш тастау, жатырдан тыс буаздық т.с.с. аурулар кездеседі

Буаздық ісігі – деп буаз малдың туар алдында бір ай шамасы бұрын артқы аяқтарында, қарнының астыңғы жағында пайда болған ісіктерді айтады. Аурудың себептері көп-ақ, ең алдымен, жемшөптің құнарсыз болып жетіспеуі, буаз малдың күнделікті серуенге шықпауы, жүрек, бүйрек аурулары (миокардит, нефриттер). Соның салдарынан қан айналу қызметі әлсіреп, қан тамырларының ішкі қысымы артып, қанның сұйық бөлігі қан тамырларының сыртына сүзіліп шығып, көбінесе, тері асты клетчаткасына сіңіп жинала береді де, үлкен болып жайылған салқын ісіктерге айналады. Бұл ісіктер ауырмайды, бармақпен басып көргенде терең шұнқырлар қалады. Мұндай мал тез шаршайды, ентігеді. Ісінген жерлері бірдеңеге соғылып зақымданса, тез іріңдеп кетеді. Мұндай ісіктер көбінесе, мал туғаннан кейін 5-10 күннің ішінде өздігінен жазылып кетеді.

Туғанға дейін малдың ісіген жерлерін күнде ақырындап уқалап массаж жасайды, малды серуенге шығарып, сұйық азықты (көжені) азайтып, жоғары сапалы пішенмен азықтандырып отыру керек. Кейде венаға хлорлы қальцийдің 100-150 мл. 10 пайыз ерітіндісін құяды.

Нефропатия. Бұл ауру көбінесе, сиырларда кездеседі, негізінен бүйректің қызметі бұзылады, зәр құрамына белок тоқтаусыз өтіп кететін болады (нефроз). Аурудың негізгі себебі төлдің өсіп дамуына организмнің көрсеткен қарсы реакциясы, оған қосымша буаз малдың азықтандыруы, бағып-күтімі нашар, рационда құрама жемнің көп болуы зиян. Ауру малдың жалпы жағдайы нашарлай береді, зәрінде белок, бүйрек эпителийінің көшіп түскен торшалары болады. Малдың зәр шығаруы сиректейді. Ауру малды емдеумен қатар оның рационын реттеу керек, атап айтқанда, құрама жемді, тұзды, суды азайту керек. Венаға 100-200 мл 40 пайыздық глюкозаны хлорлы кальцийдің 100-150 мл 10 пайыз ерітіндісімен қосып жіберген тиімді.

Гепатопатия. Ауру көбінесе, сиыр мен саулықта кездеседі. Аурудың өршуіне негізгі себеп іштегі төлдің бөліп шығарып жатқан неше түрлі заттардың бауырға тигізетін зиянды әсері, яғни мұны да ана организмінің төлдің өсіп-дамуына қөрсеткен қарсы реакциясы деп түсіну керек. Оған қосымша рационда көмірсулар мен дәрумендердің жетіспеуі, құрама жемнің көп берілуі зат алмасу үрдісін бұзып организмнің резистенттігін төмендетеді.

Алғашқы кезде малдың әлсіздігі, тез шаршайтындығы байқалады, жемшөпке тәбеті нашарлап, ас қорыту органдарының қызметі баяулайды, бауырының тұсынан түрткілеп көргенде сиыр ауырсынады, көзі, аузының кілегейлі қабықтары сарғаяды. Ауруды емдемей өзбетінше жіберсе, әбден асқынып, мал аутоинтоксикациядан өлуі мүмкін, сондықтан шұғыл емдеу шараларына кірісу керек. Ең алдымен рационнан жемді алып тастап, орнына шырынды азықтарды қосады. Күніне бір рет венадан 200-400 мл. глюкозаның 40 пайыздық ерітіндісін, 100-150 мл. хлорлы кальцийдің 10 пайыздық ерітіндісін кофеинмен қосып салады, аузынан 0,5 кг қантты 2 л суға езіп ішкізеді.

Буаз-көтерем (paraplegia gravidarum). Буаз мал тууға 1,5-2 ай қалғанда аяғынан тұра алмай жатып қалады. Ауру көбінесе, сиырларда қыстыгүні, көктемде кездеседі. Аурудың нақтылы себептері әлі анықталған жоқ, дегенмен малдың жемшөптен қысылып, сыртқа шықпай бір орнында ұзақ ұсталуы, суыққа шалдығуы әсер етуі мүмкін.

Алғашқы кезде сиырдың жүргенде теңселгендігі байқалады, кейіннен жатып-тұруы қиындап, бір жерден екінші жерге сүйретіліп жылжитын болады. Жемшөпке тәбеті бұрынғыдай, дене қызуы да қалыпты жағдайда. Туғанға дейін шыдаса, туғаннан кейін 1-2 аптаның ішінде тұрып кетеді. Ал енді көп жатып қалса ас қорыту органдарында атония, тимпания болып, жатқан жағы тесіліп, ақыры интоксикациядан, не болмаса септицемиядан өледі.

Малды аман сақтап қалу үшін рационға оңай қорытылатын витамин, минералды заттары, белогі көп азықтарды кіргізеді, атап айтқанда, ұннан атала жасап береді, өндірілген сұлы (50-100 гр.), балық майын, сәбіз, құрғақ көк пішен береді. Жатқан жері жұмсақ, құрғақ болуы керек, үстін, аяқтарын, жамбасын уқалап сүртіп 2-3 рет аударып тұрады. Венаға 100-150 мл. хлорлы кальцийдің 10 пайыздық ерітіндісін, 200-300 мл. глюкозаның 20 пайыздық ерітіндісін кофеин қосып жібереді.

В.С.Кириллов малдың төрт емшегінің де үрпісінен 250 мл жаңа сауған сүт жіберген дұрыс дейді.

Остеомаляция (osteomalatia gravidarum). Остеомаляция немесе дистрофия, остеопатия деп аталады. Бұл ауру негізінен фосфор-кальций тұздарының алмасуы бұзылғандықтан, минералды заттардың жетіспеуінен болады. Көбінесе, сиыр мен ешкі қысты күндері ауырады. Жем-шөптің сапасы нашар, құрамында кальций фосфор аз, каротин-дәрумен Д мүлдем жоқ болып, мал күн көзіне шықпаса, жаппай ауруға шалдығуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілері: малдың іші өтеді, лас-сасық суды ішеді, тісі былқылдап түсе бастайды, жүргенде ақсайды, буындары іседі, соңғы құйрық омыртқалары әбден жұқарып жоғары көтергенде бүктеліп тұрады, әлсіз ғана соққыдан аяқтары сынып кетеді.

Ауруды емдеу үшін ең алдымен, рационның құрамын жақсарту керек: минералды тұздар, әк, балық майын, дәрумендер, шырша қылқындарының ұнын қосады. Венаға хлорлы кальций ерітіндісін салады.

Жатыр жарығы (herniа uteri, s hysterocale). Буаз малдың қарын көк еті соққыдан жыртылып жатыр тері астына шығып кетеді. Бұл ауру көбінесе, сиырда, биеде, ешкіде кездеседі. Бұл бүйірі немесе қарынның астыңғы жағы бұлтиып шығып тұрады, ұстап түртіп қарағанда, ішінде жиналған шарана суды, кейде төлдің дене мүшелерін сеземіз. Уақыт өткен сайын жатырдың тері астына ығысуы көбейе береді, сыртынан қарағанда, ісік үлкейе береді. Бірақ бұл патология төлдің өсіп дамуына аса көп кесірін тигізе қоймайды, малдың жалпы жағдайы да өзгермейді, тек туу кезінде мал өздігінен туа алмай көп қиналады да, төл тұншығып өліп кетуі мүмкін.

Ауруды емдеу әдісі табылған жоқ, тек туу актісі басталған кезде төлді тартып шығару керек, қажет болса, кесар операциясын жасайды.

Жатырдан қан кету (haematometra). Жатырдан қан кету көбінесе, сиыр мен биеде зақымдану салдарынан жиі кездеседі, яғни тепкенде, сүзіскенде, қарғығанда, құлағанда жатыр тамырлары жыртылуы мүмкін. Сырттай қарағанда, малдың сарпайынан қан ағып жүргенін көреміз, қынап ішінде кесек-кесек қан ұйындысын кездестіреміз. Егер қанның ағуы онша көп болмаса, мал ақырындап өздігінен жазылып кетеді, ал енді қанның ағуы тоқтамаса, жиналған қан хорионды плацентасымен жатырдың кілегей қабығынан ажыратып жіберуі мүмкін, онда аборт болады.

Ауру малды көп мазаламау керек, 3-4 күн қатарынан бұлшық етке аскорбин қышқылын (C дәрумені), венаға 150-200 мл хлорлы кальций немесе кальций глюканаты ерітінділерін салады.

Жатырдың бұралуы (torsio uteri). Көбінесе, сиырда кездеседі, бұл патологияның мәні жатыр өз осінен 180-360°-қа айналып кетеді. Буаздық мерзімі асқан сайын жатыр ұзара түседі де, оны бекітіп ұстап тұрған кең жазық байламның (шарбы) әлі жетпей, мал құлағанда, арықтан қарғып өткенде, жатыр оп-оңай өз осінен айналып кетеді. Сондықтан буаздық мерзімі екінші жартысына ауған малды қуалап айдауға, биік қырдан төмен қарай түсіруге, тар есіктен сығылыстырып шығаруға болмайды.

Жатыр онша көп бұралмаса, оның қан тамырлары қысылмайды да буаздық үзілмей аяғына дейін дұрыс жүре береді, ал жатыр толығымен бір айналып түссе, тамырлары қысылып, қан бармай ішіндегі төл тұншығып өледі.

Жатыры бұралған малдың алғашқы кезде жалпы жағдайы өзгермейді, кейіннен түйнек болған сияқты мал мазасыздана береді, күшенеді, қынаптың кілегей қабығының қатпарлары жатырдың бұралған жағына қарай тартылып тұрады. Тік ішекке қол салып жатырдың бұралып тұрғанын оңай анықтауға болады, оның бір жақ байламы (шарбы майы) тартылып, екінші жағы бос жатады. Жатыр 360°-қа бұралса көп кешікпей-ақ оның қабырғасында некроз басталады да жатыр қынаптан бөлініп түседі.

Бұралған жатырды қалпына келтіру үшін тік ішек арқылы жатырды кері бұрау керек, ол мүмкін болмаса малды тегіс жерге жығып, оны арқасынан жатырдың бұралған жағына өте жылдам аудару керек (Шефер әдісі), тіпті болмаса сиырдың екі артқы аяғын қосып байлап блокқа іліп алып 0,5-1 метр биіктікке көтеріп тұру керек. Сиыр әрі-бері бұлқынғанда бұралған жатыр жазылып кетуі мүмкін. Бұралған жатырды түзету мүмкін болмаса, кесар операциясына кіріседі.

Қынаптың түсуі (ihversio vaginae, pvolapsus vaginae). Буаздықтың соңына қарай көбінесе, сиыр мен ешкіде қыстың күндері немесе ерте көктемде кездеседі. Жем-шөптің жетіспеуінен, жайылымға шығармаудан мал арықтап әлсірейді, қынаптың сыртындағы дәнекер тканьді клечатка тозып жоқ болады, оған қосымша құрсақ қуысындағы қысым қынаптың босаңсыған қабырғасын сыртқа қарай ығыстырып шығара бастайды. Сөйтіп қынап қабырғасы бұлтиып жыныс саңылауынан шығып тұрады. Алғашқы кезде қынап жартылай ғана түседі, тек үстіңгі қабырғасы ғана жұдырықтай болып қызарып шығып тұрады.

Сиыр тұрып кеткенде түскен қынабы қайтып орнына барып көрінбей қалады. Бірақ уақыт өткен сайын ауру одан әрі асқына береді де, қынаптың толық түсуіне айналады, тіпті жатыр мойны да көрініп тұратын болады (20-сурет).

20-сурет. Қынаптың толық айналып түсуі.

 

Қынаптың түскен бөлігі күнге кеуіп, жарылып топырақ, боқ-сідікпен ластанып қабынады, ісінеді, мал күйзеліске түседі. Қынап кілегей қабығы қарайып, шіріп өлі тканьге айналады. Малдың нәжіс, зәр шығаруы қиындайды. Ауру ұзаққа созылса сепсистен немесе басқа асқынудан мал өліп кетуі мүмкін.

Емдеудің негізгі мақсаты түскен қынапты орнына салу және қайтіп түспейтіндей етіп бекіту. Алдымен қынаптың түскен бөлігін фурацилиннің (1:5000), маргенец қышқылды калийдің (1:1000-5000), этакринді лактаттың (1:1000), ашудастың 1-2 пайызды ерітінділерімен жақсылап жуып тазартып, жарақаттанған жерін йодпен күйдіріп, ихтиол, стрептоцид, ксероформ майларын жағып орнына саламыз. Бұл операция оңай болуы үшін сиырға 1 құйрық омыртқасы тұсынан сакральді анестезияны жасайды.

Қынапты орнына салған соң қайта түспеуі үшін сыртынан жіппен таңып байлайды немесе жыныс ернеулерін екі-үш жерден тігіп қояды. Тігісті тек туар алдында ғана алады.

Мезгілсіз толғақ - деп буаздықтың аяғына жетпей ерте басталған толғақты айтады. Көбінесе, биеде кездеседі. Мезгілсіз толғақ кезінде, кәдімгі толғақтан айырмашылығы, туу актісінің белгілері көрінбейді. Аурудың өрбуіне көбінесе малдың зорығуы бірдеңеден үркіп-қорқуы, шіріген улы жемшөп жеп қойып, аш қарынға салқын су ішуі себеп болады.

Мезгілсіз толғақ кезінде жатыр мойны көбінесе, жабық болады, биелерде бұл ауру 2-12 сағатқа дейін созылып барып тоқтайды, бірақ іштегі төл өліп қалуы мүмкін. Ал сиырда мезгілсіз толғақ 3 тәулікке дейін созылса да, аборт болмай буаздық аяғына дейін жетіп төл аман қалатын жағдай жиі кездеседі. Толғақты тоқтату үшін сакральді анестезия (10-30 мл новокаиннің 2 пайыздық ерітіндісі) жасап, аузынан сиырға 500 мл 40 пайыздық спирт, биелерге 25-40 гр. хлоралгидратты суға қосып береді. Малдың артқы жағы биіктеу болып тұрғаны дұрыс.

Іш тастау (Abortus). Буаздықтың ақырына дейін жетпей уақытынан бұрын үзілуін аборт деп атайды. Аборт шаруашылықта үлкен экономикалық зиян келтіреді: жоспардағы аламыз деп үміттеніп отырған төл алынбай қалады, малдың өнімділігі төмендейді, мініс жылқы жұмысқа жарамайды, ауырып азып-тозып өліп кетуі де мүмкін. Аборттың салдарынан мал ұзақ уақытқа қысыр қалуы мүмкін.

Іш тастау деген ұғым аборттың бір түрі ғана, аборттың нәтижесі әртүрлі, атап айтқанда төл ыдырап сіңіп жоқ болып кетуі мүмкін, іріп-шіріп, өлі тууы немесе тірі, бірақ жетілмей тууы мүмкін. Іш тастау деп жетілмеген, қызыл шақалақ өлі төлдің түсуін айтады. Аборт барлық мал түлігінде кездеседі.

Аборттың жіктелуі.

 

1.Мезгіліне қарай: ерте болған аборт,

кеш болған аборт.

2.Клиникалық көрінуіне қарай:

- толық аборт,

-жартылай аборт,

-үйреншікті аборт,

-жасырын аборт (эмбриональді аборт).

3.Себептеріне қарай:- жұқпайтын аборт,

-жұқпалы аборт,(індеттік, инвазиялы).

4.Ақырғы нәтижесіне қарап:- ыдырап сіңіп кету,

-іріп-шіру(путрификация),

-түсік(өлі туу),

-шала туу,

-мацерациялану,

-мумификациялану.

Буаздықтың алғашқы жартысында, бір айдың ішінде болған абортты ерте болған аборт, ал екінші жартысында, соңғы айларда болған абортты кеш болған аборт немесе шала туу деп те айта береді.

Көп төлді малдың ішіндегі барлық төлі өліп қалса, толық аборт (abortus completes), бір-екеуі өліп, қалғандары аман-есен ай-күніне жетіп туса, жартылай аборт (abortus incompletes) дейді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: