Акушерлік патологиялар 10 страница

Ұрғашы малдың жыл сайын буаздықтың, белгілі бір мерзіміне жеткенде іш тастап кетуін үйреншікті аборт (abortus habitualis) дейді.

Буаздықтың ерте мезгілінде аборт болып, төл ыдырап-сіңіп, ешқандай клиникалық белгілері байқалмаса, оны жасырын аборт(abortus latentus) дейді.

Әрбір аборт жасаған малды, оның төлін мұқият тексеру керек, себебі жұқпалы аборт болса, ауру тез арада басқа малға жұғып кең етек алып кетуі мүмкін.

Шаруашылықта көбінесе, жұқпайтын аборт кездеседі. Оның негізгі себебі буаз малды дұрыс азықтандырмау, бағып-күтімнің нашарлығы, қорқып-үркуі, соққы тию, зорығу, қансырау, улану, өкпе, жүрек, бауыр, жатыр аурулары мен төлдің даму процесінің бұзылуы, тағы сол сияқты факторлар.

Дұрыс азықтандырмауданболған аборт (abortus alimentarius) деп жем-шөптің жетіспеуінен буаз мал арықтап көтерем болып, шіріген, көгерген, мұз болып қатып қалған жем-шөпті жеп уланып, аш қарынға салқын су ішіп немесе рационда А, Е, Д дәрумендері мен белок, көмірсулар, макро- және микроэлементтердің жетіспеуінен, іш кептіретін шық түскен, қырау тұрған көк шөпті жегендіктен болған абортты айтады.

Зақымданудан болған аборт (abortus traumaticus) деп мал сүзіскенде, тебіскенде, сүрініп құлағанда, тар қақпадан қысылып, сығылып шыққанда, ұзақ жолға қуалап айдағанда, тік ішек арқылы тексергенде жатырды немесе ұрық безіндегі сары денені езіп жібергенде, мал бірнәрседен қатты үркіп-қорыққанда болған абортты айтады.

Жасырын аборт (Abortus latentus) көбінесе, рационның құнарсыздығынан, немесе жатырдың ауруынан, төл қабықтарына инфекцияның түсуінен, уланудан болады, кейде эндокринді бездердің (гипофиз, сары дене) гормондарының жетіспеуінен де болады. Аборт болған мал қайтадан күйлейді. Тік ішек арқылы тексергенде буаздықтың бұрынғы білінген белгілері байқалмайды.

Инфекциялық және инвазиялық аборт  деп көбінесе, бруцеллезден, паратиф, хламидиоз, кампилобактериоз, трихомоноз, токсоплазмоз ауруларынан болған абортты айтады. Диогнозды зертханада төл, қағанақ қабықтарын, қынап ішіндегі сұйықты тексеру арқылы қояды. Кампи-лобактериоз, трихомоноз болған сиырлардың қынабы қабынып, клитор төңірегінде ұсақ қызыл-қоңыр түсті түйіндер пайда болады.

Шала туу деп буаздықтың аяғына жетпей ерте туған төлді айтады. Сиыр 7-8 айлығында туа береді. Егер төлдің үстіне түгелдей жүн шыққан болса, емізік соратындай қабілеті болса, онда төлді аман алып қалуға болады, төлдің үстін құрғатып жылы орап жиі-жиі емізікпен жылы уыз беріп отыру керек.

Түсік - деп үстінде жүні жоқ өлі туған төлді айтады. Көп жағдайда буаздықтың қай мезгілінде аборт болғанын анықтау қажет болады. Оның негізгі қағидасы түсіктің ұзындығын (құйрық түбінен желкесіне дейін), салмағын өлшейді, денесінің жүн шыққан жерлерін қарайды. 

Сиырдың төлі: 1 айлығында 0,9-1,3 см; 2 айлығында 6-7 см, 20 гр; 3 айлығында 12-16 см, 130-150 гр; 4 айлығында 22-27 см, 2 кг. Жоғарғы ерні мен қасында қылшықтар болады. 5 айлығында ұзындығы 35-45 см; салмағы 3-4 кг, қасы, мұрты жақсы білінеді, құлағының ұшында қылшық болады. 6 айлығында ұзындығы 45-60 см, салмағы 4-6 кг, қасы мен ернінде қалың жүн болады, кірпік шыққан, мүйіз шығатын жерінде, аяғының төменгі жағында сирек жүн пайда болады. 7 айлығында ұзындығы 50-75 см, салмағы 10-14 кг, омыртқа бағанасының бойында қысқа, сирек жүн болады. 8 айлығында ұзындығы 60-86 см, салмағы 16-20 кг. Денесінде түгелдей қалың жүні бар. 9 айлығында төл жетілген, ұзындығы 80-100 см, салмағы 20-47 кг, 4 күрек тісі болады, азу тістері жаңадан шығып келеді. Бас сүйегі қатқан.

Биенің төлі: 1 айлығында 0,5-0,7 см; 2 айлығында 5-7 см, 60-70 гр, 3 айлығында 12-15 см, 200-300 гр, емшегі, тұяғы, құлағы біліне бастайды; 4 айлығында ұзындығы 20-30 см, салмағы 1,3-1,6 кг, сыртқы жыныстық органдары қалыптаса бастайды. 5 айлығында ұзындығы 30-37 см, салмағы 3-4,5 кг, астыңғы және үстіңгі еріндерінде, құйрығының ұшында, қасында сирек қылшықболады. 6 айлығында 40-75 см, салмағы 4-6 кг, кірпігі пайда болады, жалына жүн шыға бастайды. 7 айлығында ұзындығы 45-85 см, салмағы 4,5-7,5 кг, жалы жақсы білінеді, құлағының ұшына жүн шығады. 8 айлығында ұзындығы 50-90 см, салмағы 9-15 кг, басына түгелдей жүн шығады, омыртқа бағанасы бойымен сирек жүн шыға бастайды. 9 айлығында ұзындығы 60-115 см, салмағы 12-20 кг, денесін түгел жүн қаптаған, тұяғына жүн пайда болады. 10 айлығында 80-125 см, салмағы 18-30 кг. Бүкіл денесін қысқа жүн жауып тұрады. 11 айлығында жетілген төл, ұзындығы 1-1,5 м, салмағы 26-60 кг, күрек тістері, ұры тісі шыққан, әр жағынан асты-үстінде үш-үштен 12 азу тісі болады.

Қойдың төлі: 1 айлығында 1см, қарны жабылған; 2 айлығында 8 см, 50 гр; 3 айлығында 16 см, 200-300 гр; 4 айлығында 25 см, салмағы- 2 кг, ернінде, қасында қылшық пайда болады. 5 айлығында жетілген төл, ұзындығы 30-50 см, салмағы 2-2,5 кг. Бүкіл денесін жүн жауып тұрады, астынан күрек тістері шығып, азу тістері көріне бастайды.

Шошқаның төлі: 1 айлығында 1,6-1,8 см, қарны жабылған, 2 айлығында 8 см, сырт пішіні шошқаға ұқсайды, жынысын ажыратуға болады, салмағы 90-190 гр 3 айлығында ұзындығы 14-18 см, ернінде, қабағында, құйрық ұшында, құлағында қылшық пайда бола бастайды, астыңғы жағында ұры тісі біліне бастайды. Күрек тісі шығып, азу тісі көріне бастайды. 4 айлығында жетілген төл, үстінің бәрін қылшық басып жатады. Ұзындығы 20-25 см, салмағы 1 кг, тістері өткір, бас сүйегі қатайған.

Төлдің мумификациялануы (Mumificatio fetus) деп төлдің кеуіп қалуын айтады. Шошқаның дұрыс дамып жетілген төлдерінің арасында кеуіп қалған төл көп кездесе береді. Төл өлгеннен кейін шарана суы, төлдің денесіндегі сулар біртіндеп сіңіп жоқ болады да, төлдің денесі кішірейіп, бүкшиіп тас болып қатып қалады. Сырттай қарағанда, буаздықтың біз күткендей белгілері байқалмайды, ірі малдың тік ішегіне қол салып қарағанда, жатырдың ішінде қозғалмайтын жұмырланған қатты денені сеземіз. Мумификацияланған төл жатыр ішінде жылдар бойы жата беруі мүмкін, мал күйлемейді, күйлеген күннің өзінде еш уақытта тоқтамайды, буаз болмайды. Мұндай малды жарамсыздыққа шығарады.

Төлдің мацерациялануы (Maceratio fetus) деп төлдің қағанақ қабықтары мен өзінің жұмсақ тканьдерінің ферментативті процеспен еріп, қоймалжың сұйыққа айналуын айтады. Жатыр ішінде жиналған қойыртпақ уақыт өткен сайын сіңіп азая береді де, орнында бөлшек-бөлшек болып бір жерге жиналған сүйектері ғана қалады. Бұл процесс те мумификация сияқты жатыр мойны жабық асептикалық жағдайда өтеді.

Малдың бұрынғы байқалған буаздық белгілері ары қарай дамымайды, тік ішек арқылы қол салып қарағанда, жатыр ішінде шарана суы емес, ботқа тәрізді қою бірдеңе былқылдап білінеді. Мал күйлеп, жатыр мойны ашылған кезде бұл сұйық ұсақ сүйектерді ілестіре сыртқа ағып шығады. Кейде мацерация іріңді процеске ауысып кетеді де мал сепсистен өліп кетуі мүмкін.

Төлдің іріп-шіруі (Putrescentia fetus) деп жатыр ішіне іріңді микроорганизмнің түсіп өлген төлді шірітіп жіберуін айтады. Төл ісіп-кеуіп үлкейеді, тері астына газ жиналып төлді ұстағанда қытырлайды, одан жатыр керіліп, тіпті жарылып кетуі мүмкін. Малдың жалпы жағдайы нашар, күйзелісте. Ас қорыту органдарының қызметі баяулаған. Жатыр мойны ашылып, ішінен сасық сұйық бөлінеді, қынап іші ыстық, кілегей қабығы құрғап тұрады. Мал сепсисстен өліп кетуі мүмкін.

Қағанақ қабықтарының бөсірі (Hydramnion ethydrassantois) - деп шарана суларының шамадан тыс көбейіп кетуін айтады (гидроамнион, гидроаллантоис). Көбінесе сиыр мен биеде кездеседі. Жиналған судың көлемі 100-200 литрге жетеді, малдың қарны қампиып, ентігеді, тамыр соғуы жиілеп, жиі-жиі нәжіс, зәр шығарады.Тік ішекке қол салғанда үлкен қысымды сеземіз, жатыр үлкейіп, іші суға толған, қабырғасы жұқарып, былқылдап жамбас қуысына кіріп тұрады, төл қолға ілінбейді.

Төлдің бөсірі (Hydrops universalis) деп төлдің денесінің өзіне судың іркілдеп көп жиналуын айтады. Төлдің басы, кеудесі немесе қарны, тіпті бүкіл денесінің бәрі ісініп, салмағы 70-80 кг дейін жетеді. Көбінесе, буаздықтың аяғына жетпей төл өліп қалады.

Аборт болған малды емдеу. Аборт болған малды табыннан бөлектеп, жылы, құрғақ жерге оқшаулайды, жеңіл қорытылатын, құнарлы жемшөп беріп, ерекше күтімге алады. Мал дәрігерінің бірінші мақсаты жатыр ішін тазарту. Ол үшін 1 пайыздық синестролдің майлы ерітіндісін 2-5 мл. тері астына жібереді, 8-10 мл. питуитрин, 50-60 ЕД окситоцин, 2-3 мл 0,5 % -дық прозерин салса да болады.

Жатыр мойнын ашатындай Ноздрачев блокадасын, сакральді немесе Исаевтің пресакральді анестезиясын жасап, жатыр мойны ашылған соң ішін дезинфекциялық ерітінділермен жуып тазалайды. Жатырдың ішіне антимикробты препараттарды (фуразолиден таяқшаларын, септиметрин, экзутер, трицилин, Вишневский бальзамын) салып венадан глюкозаның 40 %-дық ерітіндісін 150-200 мл., хлорлы кальцийдің 10 %-дық ерітіндісін 100-150 мл және 10-15 мл кофеин қосып жіберсе дұрыс болады.

Аборттың алдын алу үшін бірнеше бағытта жүргізілетін үлкен жұмыс атқарылуы керек, атап айтқанда: буаз малдың күтімін аса ұқыпты, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын кісілерге сеніп тапсыру керек, буаз малдың суы таза, жем-шөбі құнарлы, жоғары сапалы болуы керек, тұратын жері құрғақ, таза, жарық болғаны дұрыс, күнделікті далаға шығарып, қорадан шығарда, айдап кірерде бірін-бірі сүзбей, сығылыспай, сүрініп құламайтындай жағдай жасау керек.

Буаздық кезіндегі аурулар, сол аурулардың себептері туу актісінің өтуіне де зиянды әсер етуі мүмкін, одан басқа жыныс органдары мен жамбас сүйектерінің анатомоморфологиялық ерекшеліктері, төлдің дамып жетілу ерекшеліктері, нерв және эндокринді системаның қызметінің нашарлауы да малдың қиналып тууына, өздігінен туа алмауына себеп болуы мүмкін.

Әлсіз толғақ (Hypodynamia uteri). Туу кезінде төлді қуып шығаруға малдың күші жетпейді. Жатыр мен қарны көк етінің жиырылуы нашар, арасындағы үзіліс ұзаққа созылады. Оның себебі көбінесе, малдың буаздық кезеңінде күтімі нашар болған (жемшөп жетіспейді, құнарсыз, серуенге шықпайды), жатыр жарығы және қағанақ қабықтарының бөсірі толғақтың осылай басталуына себепкер болады. Кейде төл теріс келіп немесе төл өтетін жол тарлық қылғанда жақсы басталған толғақ, мал шаршап діңкесі құрыған соң, әлсіз толғаққа ауысады. Дер кезінде көмек көрсетілмесе, төл өліп қалуы мүмкін.

Жатырдың тонусын күшейту үшін жатырға қол салып, жайлап оның қабырғасын сипайды, төл дұрыс келген болса, аяқтарынан, басына жіп салып тартып көреді. Тері астына сиырға 8-10 мл питуитрин, шошқаға, саулыққа 1 мл жіберсе толғақ күшейеді. Сондай-ақ эстрофан салса да болады. Эстрофан ірі қара малға 2 мл тері астына, окситоцин 50-60 ЕД, яғни 10-12 мл. Төл дұрыс келмеген жағдайда алдымен оны түзету керек, туу жолдарын майлап, төлді тартқылап малға көмектесу керек.

Қарқынды толғақ (Hyperdinamia uteri). Мал жанталасып күшенеді, жатыр мен қарын көк етінің жиырылуы өте күшті, арасындағы үзіліс мүлдем байқалмайды, жатыр сіресіп қатып қалған тәрізді. Мұндай жағдай көбінесе, биеде, содан кейін сиырда кездеседі. Қарқынды толғақ көп жағдайда төлдің теріс келуінен немесе жамбас қуысы тар болып, төл кептеліп шықпай қалуынан болады. Оған қосымша себеп жатыр тонусын күшейтетін дәрілерді көп беріп қойса немесе жатыр мойны әлі толғақ ашылмай жатып қағанақ қабықтарын жыртып жіберіп, шарана суларын ерте ағызып жіберу, улы жем-шөп жеп қоюы да соған себеп.

Сиыр қатты ыңқылдап, ыңыранып, тіпті, қиналғандықтан мөңіреп те жібереді. Ішкі құрсақ қуысының қысымы күшейгендіктен тік ішегі, қынабы айналып шығып кетеді, жиі-жиі зәр төгіп, нәжіс шығарып жатады. Көп жағдайда іштегі төл тұншығып өліп қалады, кейде жатыры жыртылып кетеді де толғақ бірден тоқтап қалады. Төл сыртқа шыққан бойда айналып түседі.

Қарқынды толғақты қалайда бәсеңдету керек, ол үшін жатқан малды тұрғызып, жүргізеді, шоқшытының терісінен бүріп, тартады артқы жағын биіктеп көтеріп қояды. Сиырларға аузынан 1-1,5 л арақ құяды, сакральді анестезия немесе Мосин, Ноздрачев блокадасын жасайды. Биеге венасынан 200-300 мл хлоралгидраттың 10 пайыздық ерітіндісін жібереді.

Сарпай мен қынаптың тарлығы (Vulva et vagina angusta). Кәдімгі қалыпты жағдайдағы төл өте алмайтындай қынап іші мен сарпайы тар болады. Мұндай жағдай көбінесе, бірінші тума жас малда, кейде бұрын туып жүрген ересек малда да кездеседі. Оның себебі мал бұрын қиналып туып қынабы немесе сарпай арасы жыртылып тыртық болып бітуі мүмкін.

Мал қанша күшенгенімен төлді сыртқа сығып шығара алмайды, сарпайынан төлдің бір немесе екі аяғы ғана көрініп тұрады. Қынапқа қол салып көру мүмкін емес, симайды.

Төлді тез шығарып алу үшін сарпай аралықты жоғары қарай тіліп жібереді, қынаптың ішін вазелин, ихтиол майымен жақсылап майлап төлді аяқтарына, басына жіп салып күшпен тартып шығарады.

Жатыр мойны тар немесе оның толық ашылмауы (Stenosis cervicis uteri). Жатыр мойны бұрын болған жарақаттың әсерінен тыртық болып тарылуы, ісік пайда болып, тарылуы, қабыну үрдісінің (цервицит) әсерінен дәнекер ұлпа өсіп қатайғандықтан жақсы ашылмауы немесе жаңадан көріне бастаған қағанақ қабықтарын жыртып, шарана суын ерте ағызып жібергендіктен жатыр мойны толық ашылмай қалуы мүмкін. Оның бәрі жатыр мойнының тар болып төлдің шығуына кедергі жасайды. Төл жатыр мойнына келіп, кептеліп қысады да, толғақ қарқындай түседі. Сыртқа шығып келе жатқан төл (не оның дене мүшелері) көрінбейді. Себебін білу үшін қынапқа қол салып жатыр мойнының тар екендігіне оңай көз жеткіземіз. Төлді құтқарудың бірден-бір дұрыс шешімі тезірек кесар операциясын жасау.

Жамбас қуысы тар немесе шамадан тыс ірі төл. Жас кезінде рахитпен ауырған малдың жамбас сүйектері қисық өсіп немесе сынған сүйектері қисық бітіп, жамбас қуысы төлдің өтуіне тарлық жасайды, кейде төлдің өзі шамадан тыс ірі болады да, жамбас қуысына симайды. Туу үрдісі кәдімгідей-ақ мезгілінде өзіне тән белгілерімен басталады да, қарқынды толғақ біртіндеп барып әлсіз толғаққа ауысады.

Жамбас қуысының тарлығы немесе төлдің ірілігін қынапқа және тік ішекке қол салып зерттеу арқылы анықтайды.

Туу жолдарын, төлдің үстін жақсылап майлап төлдің екі аяғынан кезек-кезек тартқылап көру керек, болмаса кесар операциясына кірісеміз.

Шудың түспей қалуы (Retentio placenta. S.Retentiasecundinarum). Туу үрдісі шудың бөлініп түсуімен аяқталады. Сиырлардың шуы 5-6 сағаттың ішінде бөлініп түседі, биенің шуы 0,5 сағатта, қой мен ешкінің, шошқа, қоян, ит, мысықтың шуы 2-3 сағаттың ішінде бөлініп түседі. Шудың түспей қалуы көбінесе көктемде сиырларда кездеседі.

Шудың түспей қалуының негізгі себебі бар, ол жатырдың атониясы, немесе хорион мен жатыр кілегей қабығының (плаценталары) жабысып қалуы. Жатыр атониясы малдың рационында минералды заттардың, витаминдердің жетіспеуінен, далаға шықпай бір орында байланып тұрып қалып, шамадан тыс семіріп кетіп, немесе арықтап кетуінен болады. Сиырдың тұрған жері тегіс болмай, артқы аяқтарына салмақ түсіп қисайып тұрса да осындай орын алады. Ал енді плаценталарының жабысып қалуы көбінесе, инфекциялық аурулардың нәтижесі деп білеміз, атап айтқанда, бруцеллез, вибриоз, трихомонозбен ауырған сиырлардың бәрінің де шуы уақытында өздігінен бөлініп түспейді. Малды қолдан ұрықтандырған кезде, әсіресе, мано-, ректоцервикальді әдіспен ұрықтандырғанда жатыр мойны ішіндегі шырыштың тосқауылдық қасиеті бұзылып шәуетпен бірге зиянды микрофлора өтіп кетіп, кейіннен плацентаның қабынуына әкеліп соқтырады.

Клиникалық белгілеріне қарай шудың түспеуін толық және жартылай түспеді деп бөлеміз. Қағанақ қабықтары түгелдей (амнион, аллантоис, хорион) жатыр ішінде қалып қойса, оны шудың толық түспеуі, ал аллантоис, амнион, тіпті хорионның да біраз плаценталары ажырап сыртқа шықса, ол шудың жартылай түспеуі болып саналады. Сырттай қарағанда, сиырдың артқы жағында жыныс саңылауынан тілерсегіне дейін салбырап тұрған қағанақ қабықтарын көреміз. Түспей қалған шу 2-3 күннен кейін-ақ іріп-шіріп, сиырдың қасына барғанда сасық иіс білінеді, жатырдың кілегей қабығы тітіркеніп қабына бастайды (эндометрит), малдың дене қызуы көтеріліп, ас қорыту органдарының қызметі бұзылады, іші өтеді. Бұл интоксикацияның белгісі еді, оған қосымша малдың сүті кеміп, желінсауға айналады. Малдың қарны жабысып, жүні үрпиіп, белін бүкшитіп тұрады, жатыр мойны ашық болғандықтан күшенгенде жыныс органдарынан сасық іріңді жалқыаяқ ағып шығады. Тиісті шара қолданбаса, патологиялық үрдіс сепсиске айналып, мал өліп кетуі мүмкін.

Биенің шуы түспей қалуы өте қауіпті, қара мал сияқты көпке шыдамайды, өліп кетеді. Шуы түспей қалған малға шұғыл жәрдем беру керек. Алдымен жатырдың тонусын көтеретін препараттар қолданылады. Ол үшін Д.Д.Логвинов әдісімен аортаға 40-50 өлшемдік окситоцин немесе питуитрин (8-10мл) жіберу керек, одан нәтиже шықпаса 6-12 сағаттан соң аортаға 100 мл новокаиннің 1 %-дық ерітіндісін салған дұрыс. Сондай-ақ сиырға 0,5 кг қант езіп ішкізсе де болады.

Н.А.Флегматов сиырға 2-3 шарана суларын ішкізгенде жарты сағаттың ішінде жатыр тонусын күшейтеді дейді.

Шуы түспей тұрған сиырдың күре тамырына (венаға) 150 мл хлорлы кальцийдің 10 %-дық ерітіндісін, 100-150 мл глюкозаның 40 пайыздық ерітіндісін, тері астына 2-3 мл синэстролдің 1 пайыздық майлы ерітіндісін, 2-3 мл прозериннің 0,5 пайыздық ерітіндісін, немесе 2-3 мл карбохолиннің 0,1 пайыздық ерітіндісін жібереді. Соңғы кездері өзінің уызын 20 мл шамасында сауып алып жылыдай тері астына салған жақсы нәтиже беріп жүр.

Шуды түсіруге физотерапиялық әдістер де қолданады. М.П. Рязанский салбарап тұрған шуды сиырдың құйрығына сәл төменіректен байлап қою керек дейді. Сиыр құйрығын босатып алу үшін әрі-бері бұлғақтатып шуды тартқылап жатырдың жиырылуына, оның тонусының күшейуіне мүмкіндік жасайды.

Олар жатыр тонусын электр тогын жіберіп те күшейтуге болады дейді. Ол үшін бір электродты жатыр тармағының ұшына апарып салады да, екінші электродты салбырап тұрған шуға бекітеді. Оған арнайы қондырғыдан кернеуі 3,5 вольт, күші 0,5 ампер электр тоғын 3-5 секундқа жібереді де, 5 минуттай демалған соң тағы қайталайды. Егер де шудың түспеу себебі жатыр атониясы болса, электр тоғын қолдану 73-87 % жағдайда жақсы нәтиже береді екен.

Жатыр ішіне (кілегейлі қабығы мен хорион арасына) ихтиолдың 30 пайыздық ерітіндісін 500 мл, ас тұзының 10 пайыздық ерітіндісін салғанда шудың түсуі жеңілдейді, әрі эндометрит өрбуіне жол бермейді.

Осы қолданған әдістерден ешқандай нәтиже шықпай, шу түспесе, оны қолмен алуға тура келеді. Дәрігер қолын жақсылап жуып, ихтиол майымен майлап хорион мен жатыр кілегей қабатының арасына қол салып әрбір карункуланы котилидондардан ажыратады, қол жатыр тармағының ұшына тереңдеген сайын шудың сыртқа шыққан бөлігін өз осінен айналдыра бұрап тартып жатырды жақындата береді.

Бұл операцияға кіріспес бұрын сакральді анестезияны немесе А.Д.Ноздрачев тосқауылын жасау тиімді.

Көптеген ғалымдардың ойы бойынша шуды қолмен ажыратып түсіру онша тиімді емес. Себебі жабысып қалған шуды ажыратқанда жатырдың кілегей қабаты қатты жарақаттанады, шу түгелдей түспейді, әр жерінде шудың жыртылған қалдықтары қалады, сырттан инфекция түседі. Осының бәрі жатырдың қабынуына әкеліп соқтырады, тіпті, акушердің денсаулығы үшін де қауіпсіз емес. Сондықтан шу түспей қалған жағдайда консервативті әдістерді қолданып, жатыр ішіне қабыну процесіне жол бермейтін антибактериальді препараттарды қолданған дұрыс (ихтиол ерітіндісін, фуразолидон таяқшаларын, немесе экзутер, септиметрин), сонда 3-4 күннен кейін карункулдер іріп ыдырай бастаған соң шу өздігінен бөлініп түседі. Ол үшін әрине, жатыр тонусын күшейтетін дәрілер жіберу керек.

Биенің шуын құлын шыққаннан соң 2 сағаттан кешіктірмей түсіру керек. Жатыр атониясы байқалған жағдайда тері астына 5-10 мл питуитрин немесе прегнантол жіберіп, содан кейін ақырындап қолмен ажыратып алуға кіріседі.

Қой мен ешкі, шошқаның шуы түспей қалғанда 1-2 мл питуитрин немесе 2-3 мл окситоцин салса болады.

Жатырдың жыртылуы (Ruptura uteri). Жатыр мойны толық ашылмай қалғанда, төл теріс келіп, дене мүшелері қайырылып қалып, мал өздігінен туа алмай қатты күшенгенде (қарқынды толғақ) жатыр қабырғасы, жатыр мойны жыртылуы мүмкін. Кейде тек кілегей қабығы мен ішкі етті қабығы ғана жыртылып сыртқы қабықтары аман қалады (жатырдың жартылай жыртылуы), ал енді жатыр қабырғасының барлық қабаттары жыртылып төл қағанақ қабықтарымен құрсақ қуысына түсіп кеткенде (жатырдың толық жыртылуы) малдың жағдайы өте ауыр, оған көмек көрсету де қиын болады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: