Емдеу шараларын жоспарлау 9 страница

Дисплазияның анықталуына байланысты, канцерогенезді түсіндіруге жеңілдік туды. Сонымен клеткалардағы пролиферациялық өніп-өсу мен әртүрлі дисплазиялық кезеңді өзгерістер, бірталай асқазан ауруларында: гастрит, ойық жара, полип, Менетрие ауруында кездеседі. Ал енді созылмалы сембелі (тұз қыщқылы төмендеген) гастриттер, пернициозды қан азайуы және асқазанға операция жасаған адамдардағы өзгерістер, ісік алды аурулары болып саналады.

Ісік алды аурулар:

· созылмалы семулі гастрит,

· полипоз, полип,

· асқазан ойық жарасы,

· Менетрие ауруы,

· пернициозды анемия,

· асқазан резекциясынан кейін болатын созылмалы гастрит.

Созылмалы семулі гастрит ауруында асқазаннан көбінесе Helicobacter Pylori (Hp) бактериясы кездесіп, оның шырышты қабатының метаплазиясы пайда болады. Асқазан сөлінде тұз қышқылы кеміп, соның салдарынан пепсинде азаяды. Осылардың бәрі асқазанда неше түрлі микробтардың (ишерика, ішек таяқшасы) және нитрозаминдер қоспасының пайда болуына мүмкіншілік туғызады. Ұлтабардан кері келген өт, асқазанның сөлін ерітіп, оның шырышты қабыршықтарының қорғану  қасиеттерін төмендетіп, рактың пайда болуына қолайлы жағдай жасайды.

Созылмалы сембілі гастритте, сау адамдарға қарағанда, рактың пайда болуы 4-6 есе жиі болады. Осылардың ішіндегі ең қауіптісі асқазан шырышты қабатының ішектік метаплазиясы.

Міне, осыған байланысты созылмалы семулі гастрит ауруы бар адамдар тұрақты диспансерлік бақылауда болып, міндетті түрде жылына 2 рет эндоскопиялық зерттеулер жасалынуы тиіс.

Түймешік (полип) және түймешіктер (полипоз) - деп асқазан шырышты қабатындағы өсінділерді айтады. Олар шырышты қабатпен таяқша аяқтарымен байланыста болады. Микроскопиялық көрінісіне сәйкес түймешіктер жеке дара, немесе топтасып бірнеше түрлі болып, орналасуы мүмкін.  Осылардың ішіндегі безді түймешіктер ісік алды ауруларына жатады. Түймешіктің орналасқан жерінде, немесе оның айналасында дислпазияның неше түрлі өсу дәрежесі байқалады. Дисплазияның П- өсу сатысы түймешіктердің 40,0%-да, ал Ш- өсу дәрежесі олардың 5%-да кездеседі. Түймешіктердің жиі орналасатын жері асқазанның антральды бөлімі. Науқастардың  тең жартысында, олар топтасып әр түрлі болып, бірнеше түймешіктен  құралады. 40-60 жас аралығында бүл өзгеріс жиі анықталады да, еркектер, әйелдерге қарағанда, екі есе жиі зақымданады.

Науқас адам  ешқандай өтінішін айтпайды тек алғаш  ауырсыну сезімі, жүрек айну, кекіру сияқты мардымсыз белгілері болады. Бұл белгілер  көбінде гастритпен қабаттасып білінгенмен, олардың түймешікке еш бір  қатысы болмайды.  Түймешігі бар аурудың  шағымдары тек тамақтан кейін білінеді.

Түймешік рентгенде дөңгелек көлеңке болып  көрінеді, оның шекарасы ап-айқын және  көлемі 0,5-тен 2,0 см-ге шейін білініп тұрады..

Эндоскопия жасағанда түймешік анық, олар доп сияқты дөңгелек болып көрініп, өсінділер асқазан қуысында, оның шырышты қабатында  орналасады. Осылардың түсі сәл қызғылттау келеді, кейде беттерінде ақшыл тәріздес қабық болады, кейде ойық жара білінеді. Түймешіктің сыртқы пішініне қарап, олардың қауіпті, не  қауіпсіз екенін ажыратуға болады. Егер түймешік қырыққабат сияқты боп  көрінсе, онда оны «бүрлі түймешік» дейді. Безді түймешіктің 40,0% ракқа айналады.

Түймешіктің емі, оның көлеміне, санына, орналасқан жеріне байланысты болады. 1,5-2,0 см-ге дейін өскен түймешік эндоскопиялық жолмен сылынып тасталынады. Ал одан да үлкен болып, түбі жуандау келсе, немесе көп болса, онда асқазанға резекция жасалынады.

Олар емделмесе де, дәрігерлік бақылау қажет болады. Мұндай жағдай, әсіресе, операциядан бас тартқан адамдарға өте қажет. Әр алты айда бір рет көрініп, эндоскопиядан өту – диспансерлік бақылаудың негізгі шарты.

Асқазан ойық жарасы – нақты ісік алды ауру, себебі ойық жара жатқан жерде морфологиялық өзгерістер (дисплазия) міндетті түрде кездеседі. Осы күнге шейін асқазан ойық жарасының патогенезі айқындалған емес. Көптеген зерттеу қорытындылары оның Helicobacter Pyloriмен тығыз баланысты екендігі дәлелденген. 5-15% жағдайда асқазан ойық жарасы ракқа айналады. Ойық жараның ракқа көшуі оның шет жағынан басталады. Сондықтан э ндоскопия жасағанда,  биопсия тек бір жерден емес, керісінше, жараның шетінен 5-6 жерден алынуы қажет. Кейде, жара емделінсе, ол жазыла бастайды; дегенмен оның шетінен әр уақытта рак ауруына көшу үрдісі жүріп жатуы ықтимал, сондықтан эндоскопияны тіпті жара жазылып кеткеннің өзінде де бір айдан соң қайта жасау қажет. Ал ойық жара толық тыртықталып бітсе де, әр жылда 2 рет эндоскопиялық қадағалау керек.

Менетрие ауруы - өте сирек кездеседі, бұл кезде  асқазанның шырышты қабаты қалыңдап, өзектері білеуленіп, ұлғаяды да, кейде түймешік шығып, олардың үсті көптеген шырышты сөлмен қапталады және онда тұз қышқылы төмендеп кетеді, осының салдарынан белок жетіспеушілігі  туындайды.

Клиникалық көрінісі – іштің жоғары бөлігі ауырып, адам аза бастайды, жүрек лоқсу жиі көрінеді. Ауру созылмалы түрде жүреді – кейде өзінен өзі жазылып, кейде қайтадан ауыра бастайды да, соңынан жұқарған сембілі гастритке әкеледі.

Диагноз рентгенологиялық және эндоскопиялық көріністермен анықталады. Орташа есеппен 10% ауруларда рак  байқалады.

Емі – белогы көп емдәм, антихолинергиялық дәрі-дәрмекпен  кортикостероидтарды және Н2-рецепторына қарсы дәрілерді қолдану керек. Олар емдік нәтиже бермесе, онда операция қажет болады. Аурулар диспансерлік бақылауда тұрады.

Пернициозды анемия -ағзада В12 жеткіліксіз болғанда айқындалады. Ал бұл витамин ішкі фактордың тапшылығынан пайда болады, соның әсерінен асқазанның шырышты қабаты жұқарып, гастромукопротеин ағзада аз өндіріліп, сіңбей қалады. Бұл белок В12 реттейді, оны құрастырады, қалыптастырады. Созылмалы сембіген гастрит пайда болады да, асқазан шырышты қабатының қабыршығы ішекті метаплазияға ауысады. Рак бұл ауруда 3-5 есе жиі кездеседі Ісік көбінесе асқазанның түбінде және денесінде ұлғаяды. Диспансерлік бақылауды терапевттермен гематологтар жүргізеді. Оларды жылына бір рет рентгенологиялық және эндоскопиялық тексерулерді жүргізу  қажет.

Асқазан резекциясынан кейінгі семіген гастрит – бұл аурудаасқазанда  тұз қышқылы мен сөлі кеміп, өт ұлтабардан асқазанға жиі келіп тұрады. Бұл қалған асқазанның бөлігінде, созылмалы гастритті туғызады, содан соң, оның қалған шырышты қабатындағы қабыршығын  ішекті метаплазияға  айналдырады. Клиникалық ағым үдеп, ауру асқынады, сөйтіп 2-6% науқаста рак пайда болады. Еркектер әйелдерге қарағанда өте жиі зақымданады. Рак бірден пайда болмайды операциядан кейін 18-20 жыл өткен соң болуы мүмкін. Операциядан соң рак жас адамдарда жиі байқалады. Сондықтан диспансерлік бақылау негізгі жұмыс болып саналады. О ларға жыл сайын эндоскопиялық, рентгенологиялық тексеруді ұйымдастырған жөн.

Асқазан рагынан сақтандыру шаралары мен жолдары

Асқазанды рак ауруынан қорғайтындарға витаминдер (А, С, Е) және магний, селен тұздары жатады. Ісік көкөністі көп жегендерде өте сирек кездеседі.

Витамин А және каротиноидтар -   канцерогендерді азайтады, олардың клеткаларға деген зиянды әрекеттерін төмендетеді. Тәулігіне әр адамға 1000 мкг витамин А қажет. Рак ауруымен ауырғандарда бұл витаминнің мөлшері 2 есе төмен. Сонымен осы тапшылықты толықтыру үшін, олардың жиі кездесетін тағамдарды білген жөн.

Олар:

· Витамин А мал бауырларында, тауықтарда, балықтарда, жүгеріде, сәбізде, қызылшада көп,

· Ал каротин болса кез келген жеміс-жидектерде, бау-бақша өндірістерінде көп сақталады

Витамин С – тотықсыздандыру реакциясын реттеп отырады, иммундық жүйені көтереді.Тәулік мөлшері – 70 мг. Көкөніс, жеміс-жидектер – бұл витаминге өте бай.

Витаминдерден бөлек топырақтағы микроэлементтердің де маңызы зор. Магний тұзының топырақта көптігінен кейбір жерлерде (Армения, Молдова, Қазақстан) асқазан рагы сирек тіркеледі, ал енді осындай құбылыс Қытайдың да кейбір аудандарында анықталған. Бұл сол жердегі топырақта селен тұздарының артық мөлшерде болғанымен түсіндіріледі.

Тағамның рөлі. Эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары ас тұзды көп пайдаланған (тұздалған ет, жеміс-жидектер т.б.) жерлерде, асқазан рагының жиіленгенін көрсетіп, соның ішінде біркелкі тағамдану, әсіресе, құрғақ тамақ пен, күйдірілген, ыссы ас-тағамдар, ысталған заттар өте зиянды екені дәлелденген. Еуропалық және Американдық үлгіде - майлы, консервіленген, ысталған тағамдар аз қолданылады және тамақтың көбісі мұздатылған күйде ішуге беріледі. Міне, осылардың салдарынан оларда асқазан рагы сирек дамиды.

Асқазан рагынан сақтану шаралары

Тағамдану ережесін дұрыс сақтау, канцерогендерді тағаммен бірге түсуді кеміту, олардың зиянды іс-әрекеттерін тежейтін витаминдерді көбейту – ең негізгі сақтану шара деп саналады. Осындай негізгі шараларға жататындар:

· көкөністерді күніне 4-5 рет қолдану,

· күйдірілген, ысталған, тұзды астардан және майлы тағамдарды аз қолдану,

· арақты аз ішу,

· темекі тартпау,

· нитрит, нитраттарды ауыл шаруашылығында,бақшаларда аз пайдалану.

Асқазан рагының клиникалық белгілері

Асқазан рагындағы белгілер көптеген басқа ауруларда да кездеседі. Асқазан рагына жеке, тек өзіне тән белгілер болмайды. Бұлардың бәрі ісіктің ең алғашқы кезеңдерінде анықталмай, ауру асқынғанда ғана таза көрініс береді.

Ауырсыну сезімі – жиі кездесетін белгі. Бұл белгі ісік ауруына тән болса да, кейде қабаттасып келген ауруларға байланысты (көрші мүшелерді зақымдаса) келеді. Еш уақытта ісік алғашқы өсу сатыларында ауырсыну сезімін туғызбайды. Тек, кейде көп мөлшерде қабылдаған тамақтан кейін, іш толып, сыздап ауырады да, ол біраздан кейін өзінше басылып қалады. Бұған ауру адам көңілін де, ойын да бөлмейді, сөйтіп ісіктің асқынуына мүмкіншілік туғызады.

Ісік өсе келе өніп-өседі, көлемін ұлғайтады, бұл кезде тікелей белгілер шыға бастайды. Ауру адам дәрігерге келгенде іштің жоғарғы жағындағы ауырсыну сезімі тиянақты орын алғанын, біртіндеп сыздап ауыратынына шағымданады. Бұл ауырсыну сезімі тамақпен байланыстылығын жоғалтып, тамақ ішсе де, ішпесе де ауырсыну сезімі кетпейді.   Ал енді ісік көрші сау мүшелерге көшкенде, онда ауырсыну сезімі жанға қатты батып, науқастың мазасын алады. Кейде ісік түйінінің орналасқан жері жүрекке жақын бөлігінде болса (кардийде), онда ауырсыну сезімі жүрекке беріліп, стенокардия ауруына ұқсап кетеді. Асқазан рагында ауырсыну сезімі төс астында болады.

Ауырсыну сезімі біртіндеп ұлғаяды, егер көрші сау тіндер, ұлпалар, мүшелер қосымша зақымданса. Егер ісік асқазан шеңберінен шықса, онда ауырсыну сезімі жауырынға, арқаға, төске, сол жақ қолға берілуі мүмкін. Кейде ауырсыну сезімі өз бетінше кетеді де, қайтадан одан бетер үдей түседі.  Ал ісік ойық жараға айналса, онда ауырсыну сезімі тамақтан кейін ұлғаяды да, науқасты қатты мазалайды.

Дәрігерді күдіктендіретін нәрсе – ол асқазанның өзінен-өзі толып, «ісініп» тұруы, кекірік кернеп тек алғашқыда ауа шығып, кейіннен сасық иістің қосылуы. Құсық сирек кездеседі, ал оның тұрақты болуы – асқазанның антральды бөлігіндегі қуыстың тарылғанын көрсететін белгі.

Асқазан ауруларындағы тағы басқа белгілер, атап айтқанда «жүрек қыжылдау», «жүрек айнып, лоқсу», «кекіру» - бұлардың бәрі де орын алуы мүмкін. Сонымен бірге асқазан рагінде  жалпы белгілер пайда болады, атап айтқанда:  әлсіздік, тез шаршау, көңілсіздік, салмақ жоғалту, тамаққа тәбеттің шаппауы, іс-әрекеттің себепсіз төмендеуі, кейде, өз бетінше ашулану, немесе ешнәрсеге қызықпаушылық, қорқынышты үрейлену. Бұлар ісіктің  алғашқы кезеңінде де, өршіген сатысында да кездесуі ықтимал. Әсіресе, тамаққа тәбеттің шаппауы - өте жиі кездесетін белгі. Бірақ бұл барлық адамда біркелкі келмейді. Кейде аштықты сезгенмен, тамаққа тойым сезімі үдеп,   тамақ жеуден гөрі, көңілі асқа тойған секілді жағдайға  тап болады.  Күніге сүйсініп жейтін тағамы енді оған ұнамайтын боп шығады. Тамаққа деген тәбет кейде кішкентай бір нәрседен тез арада кетіп қалу білінеді. Міне, осындай түсініксіз нәрселер ісіктің алғашқы өсу кезеңінде кездеседі.  Себепсіз салмақ жоғалту – қауіпті белгі.

Асқазанның шыға берісінің қыспағы  тарылғанда - құсық жиіленеді, соңында ол ауру адамның өз қолымен қоздырады. Осылардың бәрі салмақ жоғалтуға әкеледі.Ең алғаш ол себепсіз орын алса, кейіннен арықтаудың соңы тек «сүйектер көрінуге» шейінгі жүдеуге дейін  барады (кахексия). Бұл, әрине, ісіктің өршігенін, асқынғанын білдіретін белгі. Жалпы салмақ жоғалту 20-30% ауруларда болады. Осыған байланысты, егер адам емдәмсіз 2-3 ай ішінде 10-15 кг шейін салмақ жоғалтса, онда ең бірінші асқазан рагына күдіктену керек.

Әлсіздік, тез шаршау сияқты белгілер сирек болса да, кейбір ауруларда кездеседі. Алдымен еңбекке қабілеттілік төмендей  бастайды да, жұмыс соңында ол шаршағаны сондай жатқысы келіп, дем алуды ойлап тұрады. Бұл белгілер үдей түседі, егер ісік асқазанның антрум бөлімінде орналасса. Себепсіз әлсіздік, тез шаршау асқазанның басқа ауруларында сирек кездесетіндіктен бұл белгілерге анамнез жинағанда ерекше көңіл бөлген жөн.

Осы көрсетілген белгілерден басқа,  асқазан рагының алғашқы белгісі, ол психологиялық өзгерістер: ауру адамның қоршаған ортаға көңіл бөлмеуі, жеке дара болуы, ешнәрсемен қызықпауы, тұйық мінезді қалыптастыруы сияқты белгілер. Осындай өзгерістер туралы ауру адам өз бетінше дәрігерге шағымданбайды, себебі біріншіден бұлар өте сирек кездеседі; екіншіден ауру адамдар бұл белгілерге еш мән бермейді, үшіншіден көп адамдар (соның ішінде дәрігерлер де) бұларды басқа аурулармен байланыстырады, сөйтіп невропатологқа, психиатрлерге көрініп, уақытты созып, өткізіп алады.

Асқазан рагының «шағын белгілер» синдромы

Асқазан рагында көп белгілердің болуы ісіктің ерте өсу кезеңдерін анықтауға едәуір кедергі жасайды. Ауруды асқынған кезде анықтау оңай болғанмен, оны алғашқы сатысында дер мезгілде байқап, анықтау өте қиын.Оның  себебі ісіктің бұл өсу сатысында білінуі, біріншіден бірнеше басқа ауруларға ұқсас келетіндігінен, екіншіден дәл осы белгі - асқазан рагының алғашқы өсу дәрежесіне ғана тән қасиет деп айту - қате пікір екендігінде.  Осы клиникалық көріністер бүкіл ағзаның жалпы күйзелістерінен туындайды.

Осылардың бәрін ескеріп, А.И Савицкий 1947 жылы асқазан рагының алғашқы белгілері ретінде, оларды асқазан рагының «шағын белгілер синдромы» -  деп атаған.

Олар:

· ауру адамның ойы мен көңіл күйі, психологиясы өзгеріп,себепсіз әлсіздік, тез шаршау мен еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі,

· психологиялық депрессия - ешнәрсемен қызықпаушылық, жалпы көңілсіздік және ортаға деген қызығушылық жоғалып, адам өзінше жеке дара өмір сүруге ұмтылып, барлығыда бірдей сенімсіздіктің (апатия) қалыптасуы,

· тамаққа деген тәбеттің себепсіз бұзылып, оның біртіндеп төмендеуі, тіпті, бұрын сүйсініп жейтін тағамға енді «жүрек айнуы» мен лоқсуы,

· асқазанда «қолайсыздық» белгісі туындап, іштің кебуі, толықсуы, Тамақ ішпесе де, ішкендей болып тұруы, асқазанға бір ауыр жүк түскендей сезініп, іштің жоғары бөлігінде ауырсынуы,

· себепсіз дене салмағын жоғалтуы - арықтау, қан азаю, тері-көз айналасының бозарып, сарғыштануы.

А.И. Савицскийдің бұл белгілердің дені сау адамдарда да болуымен қатар бұлардың көбісі тек асқазан ауруларында кездесетіндігін баса айтып көрсетті.

Асқазан рагының клиникалық белгілері

Алғашқы, ерте пайда болған  асқазан рагында - ж оғарыда көрсетілген белгілер бір-бірімен байланыста және неше түрлі өзгерісті кездесуіне сәйкес, асқазан рагының алғашқы өсу сатысындағы белгілерін, ісік асқынып, өршіген кездегі белгілерден ажыратып алу - өте маңызды жұмыс болып саналады.

Ерте пайда болған алғашқы рак ешқандай клиникалық белгі бермейді. Оны тек кездейсоқ жағдайда немесе күдіктенгенде рентген және әсіресе, эндоскопиялық тексеру кезінде анықтауға болады. Жалпы клиникалық белгісіз жүру 15-40% ауруларда болады, қалғандарында - қосарланған асқазан ауруларына байланысты әртүрлі шағым болуы мүмкін.

Алғашқы рактың ең бірінші белгісі іш қуысының жоғары бөлігінде оқта-текте пайда болатын ауырсыну сезімі жатады. Бұл ауырсыну сезімі тамақ қабылдағаннан соң болып, бірақ ол тамақ қабылдау үстінде еш уақытта кездеспейді. Ауырсыну сезімі кейде кетіп қалып, біраз уақыттан кейін қайталанады. Бұдан басқа кекіру, «жүрек қыжылдау» іштің кебуі, толықсуы сияқты белгілер қосарланып  жүреді.

Асқазан денесіндегі ракта мүше қысылады, сығылады (компрессия) және ағза уыттана бастайды, ал ісік  кіші иін аймағында орналасса. осыларға байланысты белгілер іштің жоғары бөлігінде, ауырсыну сезімін туғызады, ол тамаққа байланыссыз, бірақ тамақтан кейін біраз үдей түседі, тамаққа тәбет төмендеп, себепсіз әлсіздік, шаршаушылыққа сенімсіздік  енеді.

Ауруды тексергенде одан терінің бозарып, бозғылттанғанын көруге болады. Сипау арқылы іштің жоғары бөлігінен кейде, ісік түйінін сезуге болады. Сонымен бірге асқазан белгілері біртіндеп күшейеді. Егер бұрыннан созылмалы асқазан аурулары бар болса, онда олар туралы аурудың шағымы, өтініші өзгереді. Ең негізгісі - ауырсыну сезімнің тұрақтануы, оның тамақпен байланыста болмауы.

Кардий бөліміндегі ракта ең негізгі белгісі -  мүше қыспағы  осы жерде тарылып, дисфагияның – тамақ өту - үрдісінің нашарлауы байқалады. Тамақтың төс асты тұсында тұрып, жүрмей қалғанын ауру адам өзі дәрігерге дәл қолымен көрсетеді, ауру адам жүдейді, әлсіздік ұлғаяды, тағамданғаннан кейін құсу басталады.

Осы айтылған көрініс тек ісік таза кардийді зақымдаса болады. Егер кардийден төменгі жерінде болып, жоғары көтерілсе, дисфагияның алдында ауырсыну сезімі пайда болады да, содан кейін барып дисфагия қосылады. Міндетті түрде асқазан рагына  тән белгілер - тәбеттің жоғалуы, салмақтың төмендеуі және әлсіздіктің біртіндеп күшейуі тұрақтанады..

Асқазан күмбезіндегі  ракта, көпке дейін ісік белгісіз жүреді. Тек ісік өсіп, зақымданғанда қан кету байқалады, сол кезде бас айналу, әлсіздік, тері ағарып, бозғылттанады; қан қысымы төмендеп, тамыр соғу нашарлайды.

Қан азаюға ешқандай себеп болмаса, онда бұл көрінісасқазан күмбезінде рак болуын білдіреді. Кейде ісіктің бұл түрінде  ауырсыну жүрекке беріліп,  стенокардия белгісін туындатады, бұл ісіктің диафрагмаға көшкенін көрсететін белгі.

Пилорус бөліміндегі рак - қыспақтың бітелу, жабылу көріністерімен білінеді, бұл кезде  асқазан толып, оған жүк түскен сияқтанады, себебі ішкен тамақ ішекке өтпейді, сондықтан асқазан асқа толғандықтан құсық пайда болады. Құсықта жаңа ішілген тағам қалдықтары көрінеді. Көбінесе, аурулардың өздері аузына қолын салып, құсықты шақырады, себебі бұдан кейін олар, әжептәуір, жеңілденіп қалады. Сипау кезінде асқазанда судың шайқалған дыбысын, кейде ісік түйінін байқауға болады. Үдемелі құсық, ағзадағы  су мөлшерін кемітеді, адам шөлдейді, салмағы  жоғалады, денесі  құрғап, әлсірейді.

Асқазан рагын басқа аурулардан ажырату

Рактың алғашқы өсу кезеңдерінде науқастың шағымы ісік алды аурулардың белгілерімен қосарлануы мүмкін, ал енді ісік алды аурулары болмаған жағдайда ісіктің нақты белгілері жоқ болады. Сондықтан бұл кездерде диагнозды дәл қою - өте қиын. Тек кездейсоқ жағдайда, эндоскопия немесе рентгенмен тексеру кезінде анықталады. Асқазан рагы асқынғанда оны асқазанның ойық жарасынан, әртүрлі гастриттен, асқазан түймешіктерінен тағы да басқа аурулардан ажырату керек..

Асқазан рагын  басқа аурулардан ажырату үшін негізгі 5-клиникалық белгілерге көңіл бөлу керек:

1. ауырсыну сезіміне,

2. асқазанда пайда болатын  қолайсыздыққа,

3. қан азайу  белгісіне,

4. дисфагияның болуына,

5. асқазан қыспағының бітелуіне байланысты, тағамның онекіелі ішекке қарай қиналып өтуі, немесе өтпеуіне..

Ауырсыну сезімі мен асқазанда қолайсыздық белгілер болғанда, асқазан рагының  клиникалық белгілерін -  асқазанның ойық  жарасындағы, қабыну үрдістеріндегі (гастриттер), ұйқы безінің рагындағы белгілерден ажырату қажет. Ал ауырсыну  сезімі біртіндеп ұлғайып, тұрақтанса, олар науқастың хал-ахуалына әсер етіп, оның қалыптасқан шағымын өзгертсе, ондабұлар асқазанда ісік ауру бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге   қан аздық белгісі болса, онда оның негізгі себептерін табу үшін асқазан күмбезін  жан-жақты тексеру керек. Асқазанның антральды бөлігінің қыспағындағы ракты  ажырату кезінде, науқаста бұрын ойық жарасы болғандығын ескеру, және ісік егде жастағы адамда кез болса, тез дамып, салмағын жоғалтса, «тұрақты құсық» пайда болса, онда асқазанның осы бөліміндегі ісіктің барлығын көрсетеді.  

Асқазан рагының диагностикасы

Асқазан рагын анықтап, дәлелдеу үшін -  жан-жақты терең сыртартқысын жинап, физикалық тексеруді қолданып, жалпы қанды зерттеп, содан соң рентген мен эндоскопиялық әдістерді қолдану арқылы, ал алысқы мүшелерде бөгелме ісіктерді, ультрадыбыс тәсілімен анықтайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: