Trichophyton mentagrophytes

Трихофитондардың бұл түрінің екі вариантын ажыратады.

Антропофильділер – Т. m entagrophytes var. interdigitale (аяқтың және тырнақтың созылмалы микозы – эпидермофитияның ең жиі қоздырғышы болып табылады).

Зоофильділер – Т. mentagrophytes var. mentagrophytes (аяқ басының, терінің, бастың шашты жерінің, сақалдың, тырнақтың ауыр микозға ұшыраған кезінде табылады).

Микроморфологиясы. Гифалары септаланған, түссіз. Гифаларда байлам немесе жүзім тәрізді шоғырланып орналасқан шар тәрізді көптеген микроконидиялары бар; кейде спиральды гифалар пайда болады. Сирек жағдайда жасушасының жоғарғы жағы жұмырланған, көптеген көлденең перделері бар түйреуіш тәрізді макроконидияларды байқауға болады.

Дақылдық қасиеті. Сабуро ортасында және картофельді агарда колониялары ұнтақшадан дәнді түрге дейін болады: антропофильділерде-ақ ұнтақ, жұмсақ; зоофильділерде – сарғыш-қызыл түсті. Колонияның астыңғы жағы сары түстен қоңыр, қызыл түске дейін пигменттелген, пигментация болмауы да мүмкін.

Trichophyton rubrum – аяқ басы мен тырнақтардың трихофитиясын (руброфитиясын) қоздырады. Жиі жағдайда терінің созылмалы инфекциясын қоздырады. АҚШ-та

T. rubrum– ды адамдардың дерматомикоздарының негізгі қоздырғышы деп санайды.

Микроморфологиясы. Гифалары түссіз,септаланған, гифаларда жағалай («масақ») тәрізді орналасқан түйреуіш пішінді микроконидиялары болады.Макроконидиялары өте ірі, сигар пішінді, септаланған.Хламидоспоралар, артроспоралар сирек кездеседі, бірақ пайда болған жағдайда олар өте ауқымды жинақталады(45- сурет).

Дақылдық қасиеті. Колониялары әртүрлі болады,көбінесе ақ түсті үлпілдеген, колонияның астыңғы жағы қызыл шарап түсті пигменттелген.Штамдарына байланысты пигмент әртүрлі болады (сары, қызғылт, қызғылт- қоңыр, көкшіл), кейде пигменті жоқ. Жетілген колонияның беткейі қабырғалы болып келеді.

Trichophyton schoenleinii- негізінде балаларда терінің, шаштың (таз -фавус), тырнақтың созылмалы микозын қоздырады.

Микроморфологиясы. Мицелиялары септаланған, қалыңданып бұтақталанған («бұғының мүйізі», «шырағдан» сияқты). Ескірген дақылдарда гифалардың шетінде көптеген хламидоспоралар болады.Макро- және микроконидиялары жоқ.

Дақылдық қасиеті. Өзіне тән колониялар қалыптасады; балауыз тәріздес, бұдырланған, агарға терең еніп өседі, қатпарлары бар, «бал карезі» (медовые соты) сияқты ойшықтары болады. Түсі-қоңыр, сары, қою сары; агарда пигмент жоқ.

Негізгі клиникалық көріністері. Трихофитияның 3 клиникалық түрін ажыратады-іріңді- инфильтативті, беткейлік және созылмалы.

Іріңді - инфильтративті (терең) трихофитияны трихофитонның зоофильді түрі қоздырады. Аурудың бұл түрі өте жұқпалы табиғи-ошақты инфекция. Инфекция көзі-ірі қара мал, жылқылар, кеміргіштер. Ересектер және балаларда да ауруға шалдығуы мүмкін.Ересектерде зақымдау ошағы көбінесе сақал және мұрт аймағында орналасады; балаларда- бас терісінде. Ауру алдымен дақтар, іріңдіктер пайда болумен сипатталады, олар кейіннен ірі массивті инфильтраттарға айналады. Зақымданған ошақтарда шаш түсіп қалады. Бет зақымданғанда (паразитарлық сикоз) клиникалық көрінісі айқындау болады. 2-3 айдан кейін өзінше айығуы мүмкін, орындарында шаш түсіп қалады, тыртық пайда болады.

Беткейлік трихофития негізінде 1 жасқа дейінгі балаларды және де ересектерді (80% -әйелдерді) зақымдайды. Зақымдау ошақтары бөкседе, санында, қол саусақтарында (саусақтың үстіңгі жақтары) орналасады.

Бастағы шаштар зақымданады, эритрематозды шашсыз ошақтар пайда болады.Беткейлік трихофития созылмалы түрге айналуы ықтимал.

T.rubrum тегіс теріні, саусақаралық жерлерді, табан терісін зақымдайды (онихомикоз). Трихофитондардың бұл түрі онихомикоздардың кең таралған қоздырғышы болып табылады.

T. schoenleinii – әдетте теріні және шашты зақымдайды. Шаштар жіңішкереді,сирек бола бастайды, сынғыш және жиі түсе бастайды. Тырнақтарды да зақымдауы мүмкін.

18.1.2.3. Эпидермофития қоздырғышы

Шаш эпидермофитиясының қоздырғышы- Epydermophyton flocossum – антропофил. Жабық ұжымдық жерлерде (отбасында, ауруханаларда, мектептерде, интернаттарда, казармаларда) спорадикалық аурулар немесе бұрқетпелер қозддырады.

Микроморфологиясы. Гифалары түссіз, септаланған, шамалы бұтақталған. Микроконидиялары өте аз, алмұрт тәріздес; немесе болмайды. Макроконидиялары шоқпар тәрізді, қосарланып орналасады (оларға тән белгі). 2-5 жасушалар септалармен бөлінген. Ескірген дақылдарды хламидоспоралар дамиды, артроспоралары – тік бұрышты тізбекшелер.

Дақылдық қасиеті. Колониялары айналасы тегіс емес жайпақша, ұнтақша, көкшіл қоңыр, қою жасыл көк түсті.Колонияның астыңғы жағы ашық сары, сарғыш қоңыр түске пигменттелген.

Негізгі клиникалық көріністері. Бұл саңырауқұлақ санның ішкі беткейін, шапты, ұманы(ен қалтаны) зақымдайды;кейде қолтықты, емшек астын, саусақ аралықтарын, тырнақтарды зақымдайды. Айнала шеті айқын көтеріңкі майда көбіршіктер, шашылған сызаттары, іріңді қабықшамен жабылған бөртпелері бар ақшыл қызғылт дақтар пайда болады.Үдемелі қышыма байқалады.

18.2. Теріастылық (субкутанды) микоздардың қоздырғыштары.

Теріастылық микоздарға споротрихоз, хромобластомикоз, мицетома және феогифомикоз жатады. Мұндай инфекциялардың қоздырғыштары – топырақта (негізінде тропикалық аймақтарда), іріп- шіріген өсімдіктерде мекендейтін сапрофитті саңырауқұлақтар.Олар ауада, шаң тозаңда, суда кездесуі мүмкін.Сондықтан субкутанды микоздар көбінесе жарақат алып зақымданған жер саңырауқұлақпен ластанған жағдайда дамиды.Мұндай микоздар терінің терең қабатында, тері асты шелінде, бұлшық еттерде, буындарда, сүйекте инфекцияның лимфогенді тәсілмен дамуымен сипатталады. Осындай саңырауқұлақтар демациялық топқа жатады, яғни олар меланин түзеді, сондықтан олардың жасушалық қабырғасы және колониялары қара қоңыр түсті болады.

18.2.1. Споротрихиоз қоздырғышы-Sporothrix schenckii

Споротрихоз Шенк ауруы деп аталады. Оның қоздырғышы диморфты саңырауқұлақ Sporothrix schenckii кең таралған. Көбінесе жұмысы топырақпен, гүл өсірумен (раушан тікенекшелерімен зақымдану кезінде) айналысатын ауыл шаруашылық жұмыскерлер ауырады. АҚШ -тың 15 штатында (1988 ж) сфангалық мүкпен байланысты бұрқетпе тіркелген. Sporothichum schenckii- дің бұрын бірнеше атаулары болды- Sporotrichum tropicale, Sporotrichum indicum т.б.

Микроморфологиясы. Споротрихтың таза дақылының микроскопиялық сипаты өсу жағдайы мен сатысына байланысты болады. Мицелиялық сатыда гифалары түссіз жалпақтау, септаланған және бұтақталған. Конидия ұстаушылары жіңішке, гифадан тура бұрышты бағытта пайда болады. Конидиялары екі типті:түссіз,конидия ұстаушыда топтасып орналасады (гүл топшасы сияқты) және қалың қабырғалы қоңыр түсті, тікелей гифаларда орналасады. Ашытқылық сатысы-дөңгелек немесе жұмыртқа пішінді, бүршіктері бар ашытқы жасушалары массасының пайда болуымен сипатталады.

Дақылдық қасиеті. S. schenckii диморфты саңырауқұлақ.Тығыз орталарда (Сабуро, картофельді орталар) өсіп өнудің екі сатысы өтеді; мицелиялық және ашытқылық.

Мицелиялық сатысы кезінде колониялары алғашқыда қоңырлау түсті, 1-2 аптадан кейін қоңыр қара түсті;беткейі жұқа қатпарланған, ылғалды.Біріншілік себіндіде ауалы мицелиялар болмайды. Ашытқылы сатысында жүрек ми тіндерінен дайындалған 5% -ды қанды агарда колонияларының беткейі ақ немесе ақшыл қоңырлау түсті болады.

Негізгі клиникалық көріністері. Аурудың кең таралған түріне созылмалы терілік немесе жарқаттанған жерде біріншілік зақымдану ошағы пайда болатын тері астылық микоз жатады.Осындай ошақтардан саңырауқұлақ лимфогенді жолмен таралып организмге кең жайылып (15-20 % жағдайда) висцеральды споротрихоз қоздырады. Біріншілік өкпе споротрихозы дамуы мүмкін. Зақымданған жерлер қатайған, ауырмайды,қатайған жерлер ашық жараға айналуы ықтимал.

18.2.2. Хромобластомикоз қоздырғышы.

Хромобластомикоз (хромомикоз, веррукозды дерматит, Педрозо ауруы) терінің және тері асты шелмайының (әдетте аяқтың) созылмалы грануломатозды микозы.

Қоздырғыштары-Fonsecaea pedrosoi және Foncecaea compakta диморфты саңырауқұлақтар деп есептеледі. Қоздырғыштарының қатарына Cladophialophora, Rhinocladediella туыстарына жататын саңырауқұлақтар да енген болатын. Дегенмен,олардың Foncecaea туыстастығынан едәуір морфологиялық айырмашылығы бар,сондықтен оларды қоздырғыш ретінде тарихи тұрғыдан қарайды. Phialophora verrucosa- демациялық саңырауқұлақ, Жапония және Оңтүстік Америкада хромобластомикоздың негізгі қоздырғышы болып табылады.

Микроморфологиясы. F.pedrosoi саңырауқұлағы ең жиі бөлініп алынатын қоздырғыш. Гифалары қоңыр түсті, септаланған. Ашытқылық сатысы болмайды. Конидия ұстаушыларының вегетативті гифалардан айырмашылығы шамалы ғана болады.Конидияұстаушының ұшында алдымен 2 «тісшелер» біріншілік споралар, ал олардан қосымша екіншілік споралар пайда болады (конидиялар), нәтижесінде күрделі конидиялық басы түзіледі. Колонияның тізбекшелері пайда болуы мүмкін.

Дақылдық қасиеті. Картофельдік агада, Сабуро ортасында колониялары баяу өседі.5-10- тәулікте майда сұрлау колониялар пайда болады; 10-15-тәулікте олар көкшіл - сұр түсті үлпілденген колонияға айналады.Жетілген колониялары (21-30-тәуліктен кейін) – қара-қоңыр немесе қара түсті. Колониялар асты – қара пигменттелген.

Негізгі клиникалық көріністері. Хромобластимикоз ауруы жер шарының кез келген өңірінде кездеседі,дегенмен,бұл ауру тропикалық, субтропикалық аймақтарда жиірек тіркеледі. Әдетте аяқ- қол терілері зақымданады, бірақ зақымдану ошақтары бетте,кеудеде, қарында, ішкі ағзаларда да болуы мүмкін. Біріншілік ошақ (қоздырғыштың енген жері)- ол терідегі қызарған түсті қайызғақтанған төмпешік (түйін). Айлар, жылдар өткеннен кейін онымен қатар осындай ауырмайтын түйіндер пайда болуы ықтимал,сондықтан зақымданған ошақ түсті қырық қабат (капуста) сияқты көрініс береді. Хромобластомикоздың 5 клиникалық түрлерін ажыратады: түйіндік, ісіктік, веррукозды дерматит, таңдақтық және тыртықтық. Зақымданған ошақтың мөлшері ұлғайып 10-20 см-ге жетеді (бүткіл тізені немесе өкшені қамтиды). Өте ауыр жағдайларда күпсектік (слоновость) дамиды. Кейде зақымдану ошағы организмнің басқа жерлеріне ауысуы ықтимал.

18.2.3. Мицетома қоздырғыштары

Мицетома (мадуралық аяқ,мадуромикоз) – барық елдерде,әсіресе тропикалық, субтропикалық аймақта кездесетін созылмалы инфекция. Клиникалық көрінісі бойынша хромомикозға ұқсас.

Әртүрлі зерттеушілер және әр кезде мицетома қоздырғышына саңырауқұлақтардың бірнеше туыстастығын жәнетүрлерін жатқызған.Сондықтан, осы кезге дейін қазіргі заманғы оқулықтар мен оқу құралдарында осы мәселе бойынша бірегейлі көзқарас қалыптасқан жоқ.Және де саңырауқұлақтармен қатар мицетоманы актиномиоциттер, нокардиялар, стафилококтар, ішек таяқшасы ж.т.б. бактериялар қоздырады деп есептейді.Сондықтан мицетома қоздырғышын анықтауда арнайы микологиялық зертхананың (Д.Саттон, А.Фотергилл, М.Ринальди,2001, «Патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтар анықтауышында», G.S.Hoog, J.Guarro, M.J.Fugnerras.2001, «клиникалық саңырауқұлақтар атласында» баяндалған) мәліметтері негізге алынды.Мицетоманың негізгі қоздырғышы – көгерткіш саңырауқұлақ Pseudoallascheria boydii (Excophiala jeanselmei, Phialophora cryanescens т.б. деп те атайды).

Микроморфологиясы. Гифалары түссіз,септаланған.Қарапайым немесе бұтақталған конидияұстаушылардың ұшында төменгі жағы жіңішкерленген микроконидиялар пайда болады, және де олар гифадан тікелей шығып тұрады. P.boydii – дың көбеюінің жыныстық сатысы клейстотециялары (споралар үшін ірі «қапшықтар») болуымен сипатталады. Жетілген кезде (картофельді- декстрозды, жүгерілі агарда 2-3 аптадан кейін) клейстотециялар жарылады да көптеген қоңыр түсті эллипс пішінді аскоспоралар босанып шығады. Осындай жағдайда P.boydii- ді Aspergillus- тан ажыратып анықтау өте қиын.

Дақылдық қасиеті. Колониялары алғашқыда ақ түсті, кейінірек мақта тәріздес қою сұр түсті болады.

Негізгі клиникалық көріністері. Қоздырғыш шіріген өсімдіктерден, топырақтан, сарқын сулардан жұғып зақымданған тері арқылы организмге енеді. Көбінесе аяқ басы зардаптанады. Шектелген ісіну немесе жылан көз (свищ) дамыған көптеген ірің қалталар пайда болумен сипатталады. Ерекше ауыр жағдайларда бұлшықеттер, шандырлар, сүйектер зақымдану процесіне шалдығады. Микоздың бұл түріне бактериялық инфекция қосылып әртүрлі асқынулар беруі мүмкін.

Кейде P.boydii тыныс алу жолдары арқылы өкпеге түседі, мұндай жағдай көбінесе суға батып кетіп, аман қалғандардың өкпесінде байқалады. Сирек жағдайда бас мидың абсцессасы, менингит дамуы мүмкін.

18.2.4. Феогифомикоз қоздырғышы

Феогифомикоз- қоздырғышы демациялық саңырауқұлақтардың әртүрлі туыстастықтары (түрлері) болып табылатын инфекция. Мұндай уққабілеттілігі болып табылады. Бұл пигмент саңырауқұлақтың гифаларын,колонияларын қара-қоңыр түске бояйды. Демациялық микоздар тобына феогифомикоздан басқа хромобластомикоз, мицетома кіреді. Сонымен қатар бірнеше саңырауқұлақтар (Рhialophora, Exsophiala, Cladophialophora, Curvilaria, Phoma т.б.) осы 3 микоздың бәріне қатысы бар деп санайды(46- сурет).


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: