Кірпікшелілер (Ciliata)

Кірпікшелілер класына жататын қарапайымдылардың 6000 түрі белгілі. Олар анағұрлым күрделі құрылған қарапайымдылар, қозғалыс органоидтары –кірпікшелер- цитоплазманың түк тәрізді өсінділері. Кірпікшелер талшықтарға қарағанда қысқалау, олардың саны өте көп, олар ағзаның бүкіл денесін қаптайды. Кірпікшелілердің екінші ерекшеліктеріне, әр қайсысында екі ядроның –үлкен (макронуклеус) және кіші (микронуклеус) болуы жатады. Кейде бірнеше микронуклеустер болады. Инфузориялардың көбісі теңіз және тұщы суларда, кейбіреулері ылғалды топырақ пен ылғалды құмда тіршілік етеді. Түрдің бірқатары –жануар мен адам паразиттері.

19.4.1. Балантидиаз қоздырғышы

Балантидиаз – қоздырғышы ауыз-нәжіс механизмі арқылы берілетін, тоқ ішектің зақымдалуымен және дизентериға ұқсас белгілері, ұзақ және созылмалы түрде өтуімен сипатталатын зооноздық антропургиялық инвазия. Қазіргі спецификалық әдістермен емделмеген жедел түрлері көп жағдайда өлімге әкеледі.

Таксономиясы. Балантидиаз қоздырғышы – Balantidium coli.Ciliphora типіне, Ciliate класына, Balantidium тұқымдастығына жатады.

Қоздырғыштың сипаттамасы. Balantidium coli (гректің вalantidium-қап), адамдар қарапайымдыларының ішіндегі көлемі ең үлкен өкілі. Паразитті іші өтетін аурудан алғаш рет бөлген швед дәрігері P.Malmsten (1857). Оның патогендік рөлін орыс ғалымы Н.С Соловьев (1901) дәлелдеді. Вегетативтік түрі –созылыңқы, көбінесе жұмыртқа тәрізді. Ұзындығы 30-150 мкм, ені 30-100 мкм. Вегетативтік түрінің үсті қимылдауды қамтамасыз ететін кірпіктерімен жабылған. Әртүрлі тағам бөлшектерімен, ішек бактериялары және саңырауқұлақтармен, қанның элементтерімен қоректенеді, оларды 4-6 кірпіктермен қоршалған жасушалық аузымен (цистостомдар) жұтады. Артқы шетінде анальдық қуысы (цитопрок) болады. Көлденең бөліну әдісімен көбейеді. Вегетативтік түрлері қоршаған ортада біркелкі төзімді, нәжісте 5-6 сағат сақталады, қалың екі қабатты, 50-60 мкм циста құрайды. Цисталары қоршаған ортада өте төзімді: бөлме температурасында, ылғалдылық жеткілікті болса, тіршілік қабілеттілігін 2 айға дейін сақтайды. Карбол қышқылының 5% су ерітіндісінде 3 сағатқа дейін, формалиннің 10% ерітіндісінде-4 сағатқа дейін өмір сүреді. Екі түрі де (цистасы және вегетативтік) құрғаса өледі.

Эпидемиологиясы. Балантидиаз – ішек зоонозы. Табиғи ошағы – үй шошқалары және жабайы қабандар. Шошқалардың инвазия қоздырғышы ретіндегі рөлі олардың организмдерінде 60-80% жағдайларда балантидиялар табылғаннан кейін 1861-1862 жж. анықталды.

Сирек жағдайларда балантидиялар егеуқұйрықтар, иттер, маймылдар организмін мекендейді, олар қоздырғыштардың қосымша көздері бола алады. Мұндай мүмкіндік (өте сирек) ауырған адамда да, егер онымен тығыз жанасса, болуы мүмкін. Бұл жағдайда балантидиялардың аурудан сау адамға берілуі (механизмнің іске асуы) жеке бас гигиенасын сақтамағанда және кеселдің ауыр кезінде болуы мүмкін.

Жұқтыру кезеңі паразитті жұқтырған шошқалар мен жабайы қабандарда бүкіл өмір бойы жалғасуы мүмкін. Шошқалар мен қабандар үшін балантидиялар комменсал болады, ал жас торайлардың ішегін қатты зақымдайды.

Жабайы қабандар инвазияның табиғи ошағы болатындықтан, балантидиаз табиғи-ошақтық аурулардың элементтеріне сәйкес келеді. Эпизоотиялық процеске адамдар қосылса (мысалы, аңшылар), олардың қоздырғышты жұқтыруы әбден мүмкін. Жұқтырған адам аурудың барлық кезеңдерінде балантидияларды нәжіспен сыртқы ортаға шығарып тұрады.

Қоздырғыштың берілу механизмі ауыз-нәжістік; берілу жолдары тағам, су, тұрмыстық заттар арқылы іске асады; берілу факторлары –шошқа нәжістерімен ластанған су, нәжіспен ластанған басқа да объектілер (көкөніс, тағам және т.б), топырақ. Синантроптық шыбындар қосымша берілу факторлары болуы мүмкін. Балантидиаз көбінесе шошқа өсіруші ауыл тұрғындары арасында тіркеледі.

Адамдардың ауруы әдетте бірен –саран болады, дегенмен бұл инвазияның эпидемиялары да байқалады. Балантидиазбен сырқаттанушылықтың ең жоғарғы көрсеткіштері Азия, Еуропа және Америка елдерінде тіркелген. Қазақстанда, Орта Азия республикаларында балантидиаз шошқа өсіретін аймақтарда кездеседі. Ауру өте жиі жағдайда басқа диагноздармен өтуі мүмкін (дизентерия және ішектің басқа жедел инфекциялары). Осы себептен тіркелген сырқттанушылық ауырған дамдардың нақты деңгейін көрсете алмайды.

Патогенезі және клиникалық белгілері: Ас қорыту жолдарына түскен цисталар вегетативтік түрге айналады. Олар соқыр, сигма тәрізді, тоқ ішектерде өсіп-өнеді. Олардың өткен жерінде жара пайда болады. Тін ішіне кірген балантидиялар қан құйылу және некроз ошақтарын тудырады. Некрозға ұшыраған жерде ішек қуысымен байланысқан тесік (жара) қалады. Қосылған екіншілік микрофлоралар перитониттің, аппендицинттің себебі болуы мүмкін.

Аурудың жедел түрінде қызу, қалтырау, лоқсу, құсу, іштің қатты ауыруы, тәулігіне 15-20 рет іш өту байқалады. Нәжіс –сұйық шірік иісті, қан мен шырыш қосындылары бар. Жедел түрі 2 айға дейін созылуы мүмкін, емделмесе, ауру созылмалы түріне ауысып, 5-10 жыл, одан да көбірек уақытқа жалғасады. Бұл жағдай ауық- ауық 2-4 жұмада шиеленісуі мүмкін, ол ішек жұмысының бұзылумен және сауығумаен (3-6 ай) қабаттасуы мүмкін.

Диагноз қою. Эпидемиологиялық анамнездің деректеріне және клиникалық көріністеріне негізделеді. Ректомоноскопия және эндоскопия арқылы жаралар табылса оның маңызы зор. Лабораториялық әдістерден ректомоноскопиялық зерттеу кезінде алынған нәжістерден микроскоп арқылы вегетативтік түрлерін табу бағалы болады. Оларды табу паразиттің үлкен мөлшеріне, қозғалғыштығы мен белгілі түріне байланысты болады. Цисталарды табу өте сирек кездеседі. Кейде оларды Люголь ертіндісімен боялған перпараттарда табуға болады. Дақылды әдістер де (Павлов ортасына жаңа нәжісті себу) қолданылады.

Емдеуі. Амебиаз кезіндегідей тәсілмен жүргізіледі, көбінесе антибиотиктер қолданылады: тетрациклин, окситетрациклин (террамицин), мономицин, ампицилин, меронидазол (трихопол).

Алдын алуы. Инвазия қоздырғышының көзін, берілу жолдары мен факторларын (шошқалар, жабайы қабандар және олрадың нәжістерімен ластанған тағамдар және сулар) уақытында табуға бағытталған. Тұрғындарға жеке бас гигиенасын үйретуге және оны сақтауға ерекше көңіл бөлу керек.

Әр түрлі қоршаған орта объектілерінің балантидиялар цисталарымен ластануына тексеру өткізіледі. Инвазия көзіне (ауруханаға жатқызу, емдеу, диспансерлік бақылау), берілу жолдарын үзуге (күнделікті және қорытынды дезинфекция), жұғу факторларын тазалауға (су, тағамдар, көкөніс және т.б) бағытталған шаралар міндетті түрде өткізіледі.

Алдын алудың маңызды шараларына көңіл бөліп, тұрғындар арасында, әсіресе ауылдық жерлерде, шошқа өсірумен кәсіби айналысатын адамдар, аңшылар, қасапхана және те комбинаттары жұмысшыларының ішінде санитарлық-ағарту жұмысын кең түрде және түсінікті өткізу керек.

20-ТАРАУИнфекциялық және стоматологиялық аурулар кезіндегі ауыз қуысында пайда болатын зақымданулардың микробиологиясы

Кіріспе. Адам ағзасының бейспецификалық резистенттілігін қамту жолдарында, стоматологиялық аурулардың дамуында ауыз қуысы микробиоценозының маңызы зор. Қазіргі таңда тіс жабындының бактериялық микрофлорасы кариесті, гингивит және пародонтит кезіндегі пародонттың зақымдалуын, стоматит, актиномикоз, фузоспирохетоз кезіндегі ауыз қуысының шырышты қабықтарының зақымдалуын тудыратын біріншілік фактор болып қарастырылады. Иммундық тапшылық, дисбиоз болған жағдайларда ауыз қуысының шырышты қабықтарының микрофлорасы кандидоз қоздыруға себепкер болатыны белгілі.

Сонымен қатар, ауыз қуысы аэрогенді, алиментарлық, жанасу жолдарымен жұғатын көптеген инфекция қоздырғыштарының кіру қақпасы болып есептеледі (туберкулез, алапес, күл, кокжөтел, жедел респираторлық вирустық инфекция, ұшық, вирустық гепатит ж.т.б.).

Патологиялық үрдісті немесе ауруды уақтысында анықтау үшін, пациентті дұрыс тексеру, тиімді емдеуді тағайындау, ауру қайталуының алдын алу үшін тіс дәрігері ауыз қуысында кездесетін микробтармен қоздырылған зақымдалулардың этиологиясын, патогенезін, клиникалық көріністерін білуге міндетті. Сонымен қатар, микробтық зақымданулар туралы білімдер биологиялық қауіпсіздік ережелерін тиімді пайдалану үшін тіс дәрігерге өте қажет. Дезинфекциялық – стерилизациялық режим мен биологиялық қауіпсіздіктің ережелерін бұзатын біліктілігі төмен тіс дәрігер стоматологиялық жәрдем көрсеткен кезде өзіне және пациентке инфекциялық ауруды (мерез, туберкулез, вирустық гепатит, АИВ инфекциясы, герпес ж.т.б.) жұқтыруы мүмкін, нәтижесінде инфекциялардың адам арасында тарауы мүмкін.

Ұсынылып отырған оқулықта ауыз қуысының қалыпты микрофлорасы туралы, патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің стоматологиялық аурулар дамуында маңызы туралы, адамдар арасында кең таралған бактериялық, вирустық және саңырауқұлақтық инфекциялық аурулар кезінде ауыз қуысында пайда болатын көріністер және олардың патогенезі туралы ақпараттар енгізілген. Сонымен қатар осы ауруларды емдеу және алдын алу жолында пайдаланылатын микробтарға қарсы (антибиотиктер, антисептиктер) және биологиялық препараттар бойынша ұсыныстар берілген. Приондық аурулардың стоматологиялық емшаралар кезінде жұғу мүмкіншілігі туралы мәліметтер беріліп отыр.

20.1. Ауыз қуысының микрофлорасы

Ауыз қуысы – әртүрлі микроорганизмдердің тіршілік етуіне, көбеюіне ең қолайлы биотоп, өйткені ол жерде тағамдық заттектер үнемі түсіп отырады, температуралық /370С/, ылғалдылық және рН /әлсіз сілтілі 6,7-7,0/ жағдайы микроорганизмдердің көбеюіне өте қолайлы.

Ауыз қуысында 500-ден астам бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар және қарапайымдылар мекендейді. Микроорганизмдер үнемі көп мөлшерде ұрттың ішкі бетіндегі шырышты қабығында, қызыл иектерде, қызыл иек қалталарында, тілдің бетінде, сонымен қатар тістер үстінде де кездеседі. Сілекейдің құрамында микроорганизмдердің саны 108 – /1 – мл дейін анықталады, ол лабораториялық жағдайда 1 мл ЕПС /етті-пептонды сорпасы/ қоректік ортада дақылдандыру нәтижесінде көбейген бактериялар санымен сәйкес келеді

Ауыз қуысының микрофлорасын аутохтонды және аллохтонды түрлерге бөледі.

Аутохтонды / қалыпты, индигенді / микрофлора – бірінші жағынан, эволюция барысында әр – түрдегі микроорганизмдердің арасында пайда болған белгілі бір симбиоз және антагонизм қарым-қатынасы арқылы құрылады; екінші жағынан, адам организміне түскен микроорганизмдерге макроорганизмнің қорғаныштық факторлардың әсері нәтижесінде қалыптасады. Ауыз қуысының аутохтонды микрофлорасы негізінде комменсалдар /лат. com–бірге, mensa-ас, тағам/ құрайды, олар иесі арқылы қоректенеді, бірақ көзге көрінетін зиян келтірмейді. Ауыз қуысында үнемі тіршілік ететін микроорганизмдердің кейбір түрлері ағзада маңызды қызмет атқарады:

Аллохтонды /кездейсоқ/ микрофлора – аэрогенді немесе алиментарлы жолмен ауыз қуысы арқылы ағзаға түскен, ауыз қуысына көршілес орналасқан биотоптардың шырышты қабығында /мұрын-жұтқыншақ, асқазан-ішек жолдары/ және теріде тіршілік ететін комменсалдар, қоршаған ортадағы сапрофиттер, науқастардан немесе бактериятасымалдаушылардан жұққан әртүрлі патогенді микроорганизмдер.

20.1.1. Ауыз қуысының қалыпты микрофлорасы

Ауыз қуысының әрбір жеріндегі қалыпты микрофлорасын грам – оң және грам – теріс факультативті-анаэробты және анаэробты коктар, бактериялар, спирохеталар /лептоспиралар, трепонемалар, боррелиялар/, микоплазмалар және басқа да микроорганизмдер құрайды /20.1 – кесте/.

Стоматококтар / Stomatococcus туыстастығы, S. mucilaginosus түрі/. Тек ауыз қуысына тән микроорганизмдер. Грам – оң. Жасушалары сфера тәрізді, топтасып орналасады, топ ішінде қосақталып немесе үштік болып орналасқан жасушалары анықталады. Капсуласы бар. Факультативті анаэробтар. Колониялары домалақ, шығынқы, мукоидті, агарға жабысып орналасады. Бай қоректік ортада өсетін хемоорганотрофтар. Көмірсуларды қышқылға дейін ферменттейді, ЕПА-дың 5% NaCl қоспасында өсе алмайды. Өсудің қолайлы температурасы 37 0С. Инфекциялық үрдістердің дамуына қатысы болуы мүмкін.

Кесте 20.1.

Ауыз қуысының бактериялық микрофлорасы

ГРАМ – ОҢ ГРАМ – ТЕРІС
факультативтік анаэробтар анаэробтар факультативтік анаэробтар анаэробтар
Коктар
Стоматококтар стрептококктар Пептококтар пептострептококктар Нейссериялар Вейлонеллалар
Таяқшалар
Актиномицеталар Лактобактериялар Коринебактериялар Бифидобактериялар Приопионибактериялар   Бактероидтер Фузобактериялар Лептотрихиялар Порфиромоностар
Иректелген микроорганизмдер
    Лептоспиралар Трепонемалар боррелиялар

Стрептококтар / Streptococcaceae тұқымдастығы/. Ауыз-жұтқыншақ микрофлорасының 30-60 %-ың вируленттігі шамалы көгерткіш стрептококтар құрайды. Жасушалары шар тәрізді, тізбектеліп орналасады /Қосымша, 21- сурет/. Көмірсуларды қышқышға дейін ыдыратады. Сахарозадан жасушадан тыс декстран /глюкан/ және леван /фруктан/ деген полисахаридтерді түзеді. Декстран стрептококтардың адгезиялануына, тістің бетінде микробтық тандақтардың түзілуіне әкеледі, ал леван қышқылға дейін ыдырайды. Ұзақ мерзімде тандақтың астында қышқылдың көбеюі тістің қатты тіндерін зақымдап, кейін пародонтта аурулардың дамуына алып келеді. Әр түрдегі стрептококтар эволюция барысында белгілі бір «географиялық мамандануға» ие болуға икемделген. Мысалы, S.mitis, S.hominis ұрт эпителийінде, S.salivarius – тіл бүртіктерінде, S. sanguis, S. mutans – тістердің бетінде мекен етеді. Стрептококтардың аталған түрлері әртүрлі сандық қарым-қатынаста кездеседі, ол диетаға, ауыз қуысының гигиеналық жағдайына ж.т.б. факторлардың әсеріне байланысты болады.

Нейссериялар / Neisseriaceae тұқымдастығы/. Ауыз қуысының басқа аэробты флорасының арасында екінші орынды алады /5 %/. Грамтеріс. Кофе дәні тәріздес, жұп коктар. Мұрын – жұтқыншақ және тіл үстінде кездеседі. Көбінесе N.sicca /45 %/, N.perflava /40 %/, N. subflava /7 %/, N.cinerea /3 %/, N. flavescens, N. mucosa түрлері кездеседі. Олар осы тұқымдастықтың патогенді өкілдерінен қарапайым көректік орталарда 22 0С өсуімен, сары түсті пигмент түзуімен, нитраттарды қалыпына келтіруімен, H2S түзуімен ерекшеленеді. Ауыз қуысының гигиенасы толық сақталмаған жағдайда және қабыну үрдістері пайда болғанда олардың саны артады.

Вейлонеллалар / Veillonellaceae тұқымдастығы/. Ұсақ, грам – теріс, қозғалмайтын, анаэробты коктар, жұпталып немесе шынжырланып орналасады. Ауыз қуысында тұрақты мекендейді, көбінесе бадамша бездерде көптеп дақылданады. ДНҚ-ның Г+Ц мөлшері 40-44 мол % құрайды. Өсуіне қолайлы температурасы 30-37 0С, рН – 6,5-8,0. Күрделі қоректік ортаны қажет ететін хемоорганотрофтар.

Таза дақылын бөліп алу үшін құрамына лактат және ванкомицин /7,5 мкг/мл/ қосылған агар орталарын пайдаланады,. Вейлонеллалар ванкомициннің 500 мкг/мл канықпасына төзімді болады. Агарда ұсақ /1-3 мм/, беті тегіс, жасымық, ромб немесе жүрекше пішінді, ақшыл-сұр түсті, майлы колониялар түзеді.

Көмірсуларды ыдыратпайды, нитраттарды қалыптандырады, қорғасыны бар амин қышқылдарынан Н2S түзеді. Лактатты ацетат, пропионат, СО2 және Н2О дейін ыдыратады. Аталған заттар ортаның рН- ын жоғарылатып басқа микроорганизмдердің өсуіне қарсы әсер етеді. Сілекейдегі вейлонеллалардың саны көгерткіш стрептококтардың санымен тең болады. Көгерткіш стрептококтармен түзелетін сүт қышқылдың катаболизмі арқасында вейлонеллалар тіс жиегіне қарсы әсер етеді.

Коринебактериялар / Corynebacterium туыстастығы/. Грам – оң таяқшалардың едәуір көп бөлігін құрайды. Оларды көп мөлшерде сау адамдарда анықтайды. Коринебактерияларға тән қасиет – ортаның тотығу-тотықсыздану потенциалын төмендету, осының нәтижесінде анаэробты бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдай жасалынады. Пародонт аурулары тап болған кезінде фузобактериялармен, спирохеталармен біріккен түрде байқалады.

Лактобациллалар / Lactobacillus туыстастығы/ - қысқаша түрден /коккобактерия типті/ ұзыншаға дейін пішінді жіңішке грамоң таяқшалар. Көптеген жағдайда тізбектеліп орналасады. Қозғалмайды. Кейбір штамдарда түйіршіктелген, биполярлы орналасқан қосындылар немесе грамша / немесе метиленді көгімен/ бояған кезде жолақ пайда болуы мүмкін. Қоректік ортада өскенде сарыдан бастап тотық түске дейің пигмент түзуі мүмкін. Өсу температураның шекарасы 5-53 0С, ең қолайлысы – 30-40 0С. Қышқылға төзімді, қолайлы рН – 5,5-5,8. Метаболизмі ашыту түрде өтеді, бірақ та ауа бар жерде де өсе алады, кейбір түрлері – қатаң анаэробты. Лактобациллалардың саны ауыз қуысының жағдайына тікелей байланысты болады. Қазіргі кезде ауыз қуысына тән осы лактобациллалардың түрлеріне жатады: L. acidophilus, L. casei /үнемі сілекейде мекен етеді/, сонымен қатар L. fermentum, L. salivarius, L. plantarum, L. brevis. Лактобациллалардың ең маңызды қасиеттерінің бірі – сүт қышқылын көп мөлшерде түзе отырып, қанттарды ыдыратады соның нәтижесінде рН-тің төмендеуі лактобациллалардың әрі қарай тіршілік етуіне әсер етпейді. Бұл кариеске алып келетін факторлардың бірі болып саналады, сондықтан лактобациллаларды кариесогенді /тіс жиегін тудыратын/ микроорганизмдерге жатқызады.

Гемофилдер / Haemophilus туыстастығы/. Грам – теріс таяқшалар. Адамдардың 50 % – да H. іnfluenza-ның капсуласыз штамдары кездеседі. Суық мезгілде бактериялар жиірек анықталады, кейбір адамдарда ұзақ мерзімді гемофилдерді тасымалдаушылық байқалады. Сирек жағдайларда H. parainfluenzae, H. haemolyticus, H. parahaemolyticus кездеседі. Арнайы қоректік орталарда өсіп-көбейеді.

Актиномицеттер / Actinomycetaceae тұқымдастығы/. Грам – оң, бояған кезде бір текті боялмайтын, қозғалмайтын, V-, Y- немесе T-тәрізді тармақталған таяқшалар. Хемоорганотрофтылар. Факультативті анаэробтар, СО2 қатысуымен жақсы өседі. Актиномицеттер ақуыздарды ферменттейді, көмірсуларды қышқылға дейін ыдыратады, қышқыл – тіс эмалінің зақымдалуына әкеліп соғады. Актиномицеттердың адгезиялық қабілеті жоғары болғандықтан, олар тез арада тістердің және шырышты қабығының үстіне жабысады. Актиномицеттерді тіс жиегінен, сілекей бездердің ағымдарынан және пародонттан жие бөліп алады. Осы микробтардың тістік таңдақтардың пайда болуына, тіс жиегі, пародонтта аурулардың дамуына тікелей қатысы бар. Патологиялық үрдістер дамыған кезде Actinomyces viscosus, A.israelii көп кездеседі. Тістік тастардан, тіс жабындысынан бөлінетін негізгі бактериялар тобы - актиномицеттер.

Бактероидтар / Bacteroidaceae тұқымдастығы/. Спора түзбейтін грам-теріс анаэробты және микроаэрофилді таяқша тәріздес бактериялар, олар негізінде қызыл иек қалталарында тіршілік етеді. 3 туыстастыққа бөлінеді: меншікті бактероидтар, фузобактериялар, лептотрихиялар.

Бактероидтар / Bacteroides туыстастығы/. Қозғалғыш /перитрихтар/ немесе қозғалмайтын таяқшалар, қатаң анаэробтар. ДНҚ құрамындағы Г+Ц мөлшері 40-55 мол %. Хемоорганотрофтылар. Көмірсулардың ашыту метаболизмінің нәтижесінде майлы, сүтті, кәріптасты, пропионды, сірке, құмырсқа қышқылдары мен газ пайда болады. Пептондарды ферменттеу барысында жағымсыз иіспен сипатталатын амин қышқылдар пайда болады. Сондықтан бактероидтардың ауыз қуысында кобеюі әдетте халитозиске /қалыпсыз тыныс алу/ әкеліп соғады. Ең қолайлы өсу температурасы – 37 0С, рН – 7,0. Көбінесе патологиялық үрдістің дамуына Bacteroides melaninogenicus, B. oralis, B. gingivalis, B. fragilis, Porphyromonas (P. asaccharolytica, P. Endodontalis, P. gingivalis), Prevotella melaninogenica түрлері қатысады.

Гемин және менадион қажет еткендіктен B. melaninogenicus тек қаны бар агарларда жақсы өседі. Инкубация / 5-14 күн/ кезінде қара пигмент түзеді. Ферменттік белсенділігіне байланысты B. мelaninogenicus -тың үш түршесін ажыратады:

1. B. melaninogenicus subsp. melaninogenicus – көмірсуларды ыдырату қасиеті жоғары, ақуыздарды ыдыратпайды;

2. B. melaninogenicus subsp. intermedius – көмірсуларды және ақуыздарды ыдырату қасиеттері орташа;

3. B. melaninogenicus subsp. asaccharalyticus – көмірсуларды ыдыратпайды.

B. oralis қара пигмент түзбейді, көмірсуларды кәріптасты және т.б. қышқылдарға дейін белсенді түрде ыдыратады. Өсуіне гемин қажет етпейді. Тығыз қоректік ортада 2 күннен кейін домалақ, беті тегіс, шығынқы, жартылай мөлдір, көлемі 0,5-2,0 мм колониялар түзеді. Адам денесінің қалыпты микрофлора өқілі болып табылса да, бактероидтар үлкен патогендік потенциалға ие. Бактероидтардың протеолитикалық ферменттері /коллагеназа, хондроитинсульфатаза, гиалуронидаза, липаза, нуклеаза, протеиназа ж.т.б./ пародонтта аурулардың дамуында үлкен патогенетикалық рөлі атқарады. Бактероидтардың метаболизм нәтижесінде пайда болатын май лы қышқылдары және протеаза деген ферменті секреторлық антиденелерді бұзып ауыз қуысының шырышты қабығының жергілікті иммунитетің нашарлатады. Ауыз қуысының гигиенасын сақтамаған, тістері зақымдалған адамдардан көп мөлшерде бөлінеді.

Фузобактериялар / Fusobacterium туыстастығы/. Биотоптың анаэробтық флорасының 1 %-на дейін құрайды. Қозғалмалы /перитрихтар/ және қозғалмайтын ұршық тәрізді таяқшалар. Қатаң анаэробтар. Хемоорганотрофтылар. Пептондарды, көмірсуларды ферменттеген кезде сүт, май, сірке қышқылдары көп мөлшерде түзіледі. Ең қолайлы өсу температурасы - 37 С, рН - 7,0. ДНҚ құрамында Г+Ц мөлшері 26-34 мол %. Қызыл иек қалталарында фузобактериялар спирохеталармен бірге тіршілік етеді. Ультрамембранозды стоматит, тамырлық гранулемаларды, қызыл иектің қабынуын тудыруы мүмкін. Fusobacterium plauti, F. nucleatum түрлерінің патогенетикалық маңызы жоғары.

Лептотрихиялар / Leptotrichia туыстастығы/. Тіке иә сәл майысқан бір немесе екі шеті домалақтанған, ал көбінесе үшкірленген таяқшалар. Екі және одан көп жасушалары септаланған, үзындығы әр түрлі жіпшелер тәріздес. Ескі дақылдарда жіпшелер бір-бірімен қапсырмалана алады. Жасушалары лизиске ұшыраған кезде жіпшелерде домалақ шар тәрізді немесе пиязшық тәрізді қампаюлар пайда болады. Қозгалмайды. Қатаң анаэробтар. Ерекше белгілері: агардың бағанасында «Медузаның басына» ұқсайтын бөліктік бұрмаланған иректелген колониялар түзеді; кристалды көгілдір бар ортада колониялардың түрі құбылмалы. Колониялардың келбеті консистенциясы бойынша кейде майлы кейде нәзік болып көрінуі мүмкін. Сарысу, асцит сұйығы немесе крахмал қосылған ортада 5 % СО2 бар жағдайда жақсырақ өседі. Күрделі қорек тік ортаны қажет ететін гетеротрофтар. Көп мөлшерде сүт және сірке қышқылдарын түзеп глюкозаны ферменттейді, ол ортаның рН-ың 4,5 дейін түсіреді. Ең қолайлы өсу температурасы - 37 0С, рН - 7,2-7,4. ДНҚның құрамындағы Г+Ц мөлшері 32-34 мол %. Пульпит, пародонтит, абсцесс болған кезде спирохеталармен, фузобактериялармен біріккен түрде жие бөлініп тұрады. Пародонт аурулары дамыған кезде ауыз қуысындағы лептотрихиялардың саны артады. L. buccalis үшінтіс жабындысы мен тістің тасы пайда болатын орталығы. Көп мөлшерде қышқыл түзу қабілеті бар болғандықтан осы микроб тіс жегісіне алып келетіні дәлелденген, L. buccalis лактобациллалардың синергисі болып табылады және олардың екеунің де тіс тіндерінің деминерализациясына қатысы бар.

Пептококтар / Peptococcus туыстастығы/. Грам - оң анаэробты коктар, жүзім тәрізді шоғырланып орналасады. Сахаролитикалық белсендігі әлсіз байқалады, белсенді түрде пептондарды, амин қышқылдарын ыдыратады. Тіс жегісі, пульпит, пародонтит, бет-жақ аймағындағы абсцесс кезінде фузобактериялар және спирохеталармен біріккен түрде Peptococcus niger жиірек кездеседі.

Пептострептококтар / Peptostreptococcus туыстастығы/. Жұпталып немесе шынжырланып орналасатын грам-оң анаэробты коктар. Хемоорганотрофтылар. Көмірсуларды қышқылға және қышқыл мен газға дейін ыдырату мүмкіндігі бар. Кейбір түрлері көмірсусыз пептондық суда газды өндіреді. Сирек жағдайда гемолитикалық қасиетке ие болады. Ірінді инфекция кезінде Peptostreptococcus prevotii бөлінген жағдайлар белгілі.

Пропионибактериялар / Propionibacterium туыстастығы/ - анаэробты бактериялар. Глюкозаны ыдыратқан кезде пропион және сірке қышқылдарды түзеді. Қабыну үрдістер кезінде ауыз қуысында жиі байқалады.

Спирохеталар / Spirochetaceae тұқымдастығы/ Leptospira /L. dentium, L. buccalis/, Borrelia және Treponema (T.macrodentium, T. Microdentium, T. denticola, T. mucosum) туыстастықтарына жататын иректелген микроорганизмдер.

T. denticola жасушалары жіңішке иректелген. Жасушаның шеттері шамалы майысқан. Қозғалғыш. Жас жасушалары тез арада айналмалы қозғалады. Пептон, ашытқы экстракты және сарысу қосылған ортада анаэробты жағдайда жақсы өседі. Дақылдандырудың- 2 аптасынан кейін ақ түсті, диффузды, мөлшері 0,3-1,0 мм колониялары өсіп шығады. Өсу температураның шекарасы 25-45 0С, ең қолайлысы - 370С, рН - 7,0. Көмірсуларды ферменттемейді. Желатин, эскулин, декстрин, гликоген, крахмал сияқты заттарды гидролиздейді. Көптеген штамдары индол және Н2S түзеді. ДНҚның құрамында Г+Ц мөлшері 37-38 мол %. Әдетте тістердің қызыл иектерімен байланысты жерлерде анықталады.

T. orale – тізбектелген, жіңішке, иректелген жасушалар. Сұйық ортада өскен дақылдардың жасушаларында шет жақтары түйіршіктенумен сипатталады. Қозғалысы белсенді. Пептон, ашытқы экстракты бар ортада өседі. Көмірсуларды ферменттемейді, амин қышқылдарды индол және Н2S түзумен ферменттейді. Желатинді гидролиздейді. Ең қолайлы өсу температурасы - 370 С, рН - 7,0. ДНҚның құрамындағы Г+Ц мөлшері 37 мол %. Қызыл иектерде табылады.

T. macrodentium жіңішке, иректелген, екі шеті үшкірленген жасушалар. Жас жасушалары өте қозғалмалы, тез айналады. Пептон, ашытқы экстракты, 10 % сарысу және асцит сұйығы қосылған, кокарбоксилаза, глюкоза, цистеин бар ортада өседі. Көмірсуларды қышқылға дейін ферменттеп қуат көзі ретінде оларды пайдаланады. Желатинді гидролиздейді. Н2S өндіреді. Ең қолайлы өсу температурасы - 37 0С, рН - 7,0. ДНҚның құрамындағы Г+Ц мөлшері 39 мол %. Қызыл иектерде мекен етеді.

Borrelia buccalis –жасушалары иректелген микробтар. Ауызда мекен ететін ірілеу спирохеталардың бірі, қозғалысы әлсіз: иолген толқынды және айналмалы. Фузиформды бактериялармен біріккен түрде жиі кездеседі. Негізгі мекендеу орыны қызыл иек қалталары болып есептеледі.

Бактериялардан басқа ауыз қуысының микробиоценоз құрамына тағы да микоплазмалар, саңырауқұлақтар, қарапайымдылар, вирустар кіреді (31 - сызбанұсқа).

Микоплазмалар - (Mоllicutes сыныпы, Mycoplasmataceae тұқымдастастығы) ауыз қуысында жиі кездесетін, жасушалық қабыршағынан айырылған, ұсақ микроорганизмдер. Олардың жасушалары тек қана цитоплазматикалық мембранамен қоршалған. Сондықтан бұл микроорганизмдер плеоморфты /тұрақты пішіні жоқ/, пенициллинге және басқа жасушалық қабыршақтың синтезін тоқтататын антибиотиктерге тұрақты болып келеді. Микоплазмалардың көптеген түрлері өсуіне стерол және майлы қышқылдарды қажет етеді. Тығыз қоректік ортада қуырылған жұмыртқаға ұқсас колониялар түзеді. Факультативті анаэробтар. Ауыз қуысында Mycoplasma orale және M. salivarium түрлері тұрақты мекен етеді. Олардың жалпы қасиеттері - аргининді гидролиздейді, ал глюкозаны ферменттей алмайды, бірақ олардың кейбір биохимиялық ерекшеліктері де бар.

Саңырауқұлақтар ( Eucaryotae домені, Funqi әлемі). 60-70 % адамдарда ауыз қуысынан саңырауқұлақтар міндетті түрде табылады, әсіресе олар тіл бетінде көп кездеседі. Көптеген жағдайларда ашытқы тәрізді Candida albicans саңырауқұлақтар анықталады. 5 % адамдарда кандидалардың басқа түрлері C. krusei, C. tropicalis, C. pseudotropicalis, C. quillermondii кездесуі мүмкін. Сирек жағдайлардасаңырауқулақтардың басқа түрлеріде байқалады: Saccharomyces cerevisae, Torulopsis qlabrata, Criptococcus neoformans, Aspеrqillus, Penicullium және Geotrichum түрлерінің өкілдері. Жоғарғы тыныс жолдары зақымдалған кезде және антибиотиктерді ұзақ уақыт қабылдаған кездерде ауыз қуысында саңырауқұлақтардың саны жылдам артады.

31 – сызбанұсқа. Ауыз қуысының микрофлорасы

Қарапайымдылар (Eukaryote домені, Protozoae әлемі) - ауыз қуысында олардың басым бөлігін Entamoeba buccalis, E. dentalis, E. ginqivalis, Trichomonas buccalis, T. tenax түрлеріқұрайды. Қызыл иектер қабынуы кезінде қарапайымдылардың саны артады, алайда сол құбылыстың патогенетикалық маңызы жоқ.

Вирустар (Vira әлемі) – жасушалық құрылымы жоқ мөлшері өте ұсақ тіршілік иесі. Вирустардың ішінде ауыз қуысында тіршілік етуіне тез бейімделетін түрлері - ұшық (Herpesviridae тұқымдастағы) және эпидемиологиялық паротит (Paramyxoviridae тұқымдастығы) вирустары.

20.1.1.1. Ауыз қуысындағы қалыпты микрофлораның қызметі

Ауыз қуысындағы қалыпты микрофлорасы маңызды қызмет (қорғаныштық, бейімделгіш және қорек алмасу механизмдерді бір қалыпта ұстап тұру, организмнің ішкі ортасының қалыптылығын сақтау) атқарады. Ауыз қуысының қалыпты микрофлорасының өкілдері шырышты қабықтар жасушаларының рецепторларымен тығыз байланыста болғандықтан олар ауру туғызатын микробтардың ауыз қуысында қалуына және әрі қарай көбеюіне қарсы тұрады. Бифидо- және лактобактериялардың көп мөлшерде дақылдануы қабілеті олардың ауыздың шырышты қабықтарының микрофлорасының бір бөлігі болуға, экологиялық тосқауыл жасауға, ауру туғызатын бактериялардың адгезиндерінен эпителиоциттердің рецепторларын жауып тұруға мүмкіндік береді.

Қалыпты микрофлораның антагонисттік белсенділігі алуан түрлі грам - оң, грам - теріс микроорганизмдерге және ашытқы текті саңырауқұлақтарға қарсы байқалады. Мысалы үшін, бифидо- және лактобактериялардың антагонисттік қасиеті олардың сүтті ашыту кезінде L-сүт қышқылының және басқа көмірсутегілердің көп мөлшерле жиналуымен, сонымен қатар бактериоциндерді және H2S өндіруімен байланысты болады. L. casei ніңаса айқын антагонисттік белсенділігі оның дақылданған ортада антибиотикалық әсері бар метаболиттердің пайда болуымен органикалық қышқылдармен (сүтті, сірке, альфа-кетоглутарлы және кәріптасты), пептидтік қосылыстармен және липофильді субстанциямен байланысты.

Сүт қышқылды бактериялардың арнайы антагонизмі басқа антибиотик тәріздес заттардың өндіруімен байланысты. Мысалы: Streptococcus lactis низин, Streptococcus cremosus - диплококцин, Lactobacllus acidophilus -ацидофилин және лактоцидин, Lactobacillus plantarum - лактолин, Lactobacillus brevis - бревин бөледі.

Қалыпты аутофлораның арқасында В, РР, К, С топтағы витаминдердің эндогенді синтезі жүреді, сонымен қатар тағам арқылы түсетін Д, Е витаминдерінің, фолий және никотин қышқылдарының сіңірілуі жақсарады. Лакто- және бифидофлоралар алмастырылмайтың аминқышқылдарының синтезделуіне қатысып, кальций тұздарының жақсы сіңірілуін қамтамасыз етеді. Табиғи флораның өкілдері тағамдық гистидиннің декарбоксилденуін тежеп, нәтижесінде гистаминнің синтезделуін төмендетеді, сонымен бірге энтеральді тағамтанудың аллергиялық потенциалын түсіреді.

Қалыпты микрофлораның ең басты қызметінің бірі арнайы және арнайы емес, гуморальды және жасушалық иммунитет механизмдерінің жұмыс қалпын реттеу. Бифидобактериялар лимфоидты аппаратты ынталандырады, иммундыглобулиндердің синтезін күшейтеді, пропердиннің және комплементтің мөлшерін көтереді, лизоцимнің белсенділігін жоғарылатады және қан тамырлар-тіндерінің тосқауылдылығын, патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің токсикалық заттарының өткізгіштігін азайтуға әсер етеді, сепсис және бактериямия дамуына кедергі жасайды.

Ауыз қуысының қалыпты микроорганизмдердің тіршілік ету өнімдері сілекей және шырыш бездерінің жұмыс қалпын ұстап тұруға әсер етеді.

20.1.2. Ауыз қуысының микробтарын дақылдандыру ерекшеліктері және оның физиологиялық маңызы

Ауыз қуысы бірнеше микробиоценозды біріктіреді, оларды физико- химиялық көрсеткіштеріне (ортаның рН, температурасы, тағам қалдықтарының бар жоғы, газдардың парциалды қысымы ж.т.б.) және микрофлораның құрамына байланысты ажыратады. Ауыз қуысының негізгі микробтық биотоптары: - ауыз қуысының меншікті шырышты қабығы; сілекей бездерінің ағымдары; қызыл иектер сұйықтығы және қызыл иекке жақын бадамша безінің бөлігі; ауыз қуысының сұйықтығы және тістік таңдақтар.

Шырышты қабықтың бетінде грамтеріс анаэробты және факультативті анаэробты бактериялар, микроаэрофилді стрептококтар мекен етеді. Тіласты орнында, ұрттың ішкі беткі қабатында, ауыз қуысының шырышты қабығының қатпарлы бөлігінде қатан анаэробты коктар (вейлонеллалар, пептострептококтар), лактобактериялар (көбінесе L.salivarius) және көгерткіш стрептококтар (S.mitis,S.hominis), ал S.salivarius әдетте тіл бетінде тіршілік етеді. Жұмсақ және қатты таңдайдың шырышты қабығында, таңдай белдемдерінде, бадамша бездерде әр түрлі бактериялар (стрептококктар, коринебактериялар, нейссериялар, гемофилдер, псевдомонадалар, нокардиялар) және ашытқы тәрізді кандида саңырауқұлақтары мекендейді.

Әдетте сау адамның сілекейлі бездерінің сұйықтығы стерильді болады немесе аз мөлшерде қатан анаэробты бактериялар байқалуы мүмкін (көбінесе вейлонеллалар). Микробтардың аздылығы ферменттердің, лизоцимнің, секреторлы иммунды глобулиндердің бактерицидтік әсерімен байланысты болады.

Қызыл иектер сұйықтығы - қызыл иек бадамшасының аймағында түзілетің транссудат, микробтар ішіне қызыл иек шырышты қабығынан және сілекейден түседі. Микрофлораның басым бөлігің қатан анаэробтар құрайды: бактероидтар (Bacteroides, Porphyromonas, Prevotella туыстастықтарының өкілдері), фузобактериялар, лептотрихиялар, актиномицеттер, спириллдалар, спирохеталар ж.т.б. Қызыл иек сұйықтығында солармен бірге микоплазмалар, ашытқы тәрізді саңырауқұлақтар және қарапайымдылар мекендейді.

Ауыз сұйықтығы көп көлемде орналасқан құлақасты, тіласты және жақасты сілекей бездерінің бөліндісінен тұрады. Ауыз сұйықтығы - ауыз қуысының ең маңызды биотопы. Ауыз сұйықтығының микрофлорасын ауыз қуысының шырышты қабығыныңда мекендейтін, қызыл иек бадамшалары мен қалташаларында және тіс таңдақтарында мекендейтін вейлонеллалар,микроаэрофилді және факультативті анаэробты стрептококтар, вибриондар, псевдомонадалар, спирохеталар, спириллалар және микоплазмалар құрайды. Ауыз сұйықтығында бактериялар сақталып қана қоймай көбейе алады.

Ауыз қуысында микроорганизмдер дақылдану үшін біріншеден шырышты қабығына немесе тіс бетіне орнығуы/адгезиялануы
қажет. Адгезияның бірінші кезені гидрофобтылығы жоғары бактерияларда қарқымды жүреді. Мысалы, ауыз стрептококтары тістің бетіне де, шырышты қабығының эпителий жасушаларына да адсорбцияланады. Адгезия үрдісінде фимбриялар мен пилилердің маңызы зор, олар ауыз қуысында мекендейтін көптеген микроорганизмдерде бар және адгезиндер деп аталады. Адгезиндердің құрылыс ерекшеліктері микробтардың ауыз қуысында орналасуын анықтайды. Мысалға, Streptococcus sanqius тістің бетіне ал S. salivaium- шырышты қабығының эпителиялық жасушаларына жабыса алады.

Тістің бетіне бактериялардың жабысуы өте жылдам жүреді. Өз бетімен тістің меншікті эмаліне жабыса алмайтын микроб жасушалары жабысқан бактериялардың үстіне қонып, «жасуша жасушаға» байланысты түзеді. Жіпше тәрізді бактериялардын үстіне жасуша айналасы бойынша коктардын жабысуы «жүгері собығына» ұқсас қабықша пайда болуына әкеледі. Біріккен микробтар ассоциацияларының болуы ауыз қуысының әр-жеріндегі аймақтарында тіршілік ететін микробтардың түр арасында синергисттік және антагонисттік қатынасын тудыра алатын биологиялық ерекшеліктерімен байланысты. Мысалы ауыз стрептококтардың және лактобактериялардың метаболизмі нәтижесінде түзілген сүт қышқылы вейлонеллалармен қуат көзі ретінде пайдаланылады, ол ортаның рН жоғарылауына әкеліп, сонымен бірге тіс жиегіне қарсы әсер көрсетуі мүмкін. Коринебактериялар көптеген басқа бактериялардың өсуіне қажетті К витаминін түзеді, ал ашытқы тәріздес Candida саңырауқұлақтары лактобактериялардың өсуіне қажетті витаминдерді өндіреді. Лактобактериялар зат алмасу барысында сүт қышқылды түзеді, ол ортаны қышқылдайды, нәтижесінде ашытқылардың адгезиялануы және дақылдануы тежеледі, ол көптеген микроорганизмдерге қажетті витаминдердің мөлшерін азайтып олардың өсіп-көбеюін тоқтатуға әкеледі.

Ауыз стрептококтары фузобактериялардың, коринебактериялардың және басқа да бактериялардың антагонистері болып табылады. Бұл антагонизмнің негізінде сүт қышқылының, бактериоциндердің, сутегінің асқын тотығының түзілуі жатады. Ауыз стрептококтарымен түзілетін сүт қышқылы көптеген микроорганиздердің өсуін тоқтатады да лактобактериялардың көбеюіне алып келеді. Коринебактериялар тотығу-тотықсыздану потенциалын төмендетеді, ол факультативті және қатаң анаэробтардың өсуіне қолайлы орта туғызады. Қызыл иектің қалталарында, шырышты қабығының қатпарларында, крипталарында оттегі денгейі өте төмен болғандықтан ол қатаң анаэробтардың (фузобактериялар, бактериодтар, лептотрихиялар, спирохеталар) дамуына қолайлы орта туғызады. 1 мл сілекейде 100 млн дейің анаэробты микроорганизмдер байқалуы мүмкін.

Ауыз қуысының микрофлораның сандық және сапалық құрамына адам пайдаланатын тағамдардың түрлері тікелей әсер етеді: сахарозаның көптігі стрептококтар мен лактобактериялардың үлесінің шектен асуына алып келеді. Тағам өнімдерінің ыдырауы сілекейде және қызыл иектер сұйықтығында көмірсулардың, амин қышқылдарының, витаминдердің және басқа да заттектердің жиналуына алып келеді, бұл заттектерді микроорганизмдер қоректік субстрат ретінде пайдаланады. Бірақ та адам зонд арқылы тамақтанған жағдайда да микроорганизмдер ауыз қуысынан жойылмайды. Ауыз қуысының микрофлорасының құрамы, сонымен бірге басқа да биотоптардың микрофлорасының құрамы, адам организмнің иммундық, гормоналдық, жүйке және басқа да жүйелердің жағдайына байланысты болады. Сонымен қатар кейбір дәрі-дәрмектердің әсерінен, мысалы, антибиотиктердің, микрофлора құрамы өзгереді. Біріккен микробтар ассоциацияларының тұрақтылығы үшін ауыз қуысының гигиеналық жағдайының маңыздылығы жоғары.

Сонымен, ауыз қуысының микрофлорасы аэробтардан, факультативті және қатаң анаэробтардан тұратын, грам - оң және грам - теріс бактериялардың көптеген және бірнеше түрлерінен тұратын күрделі биоценоз. Организмнің даму байысында ауыз қуысындағы жағдайлармен байланысты олардың арасында сәйкестілігі белгілі тепе-теңдік қарым-қатынастар пайда болды. Ауыз қуысында дисбактериоз болудың негізгі себебі - осы қарым-қатынастын бұзылуы, мысалы, антибиотиктерді ретсіз қолданғаннан кейін. Мұндай жағдайда шырышты қабығының «дәрі-дәрмектік» зақымдалуы (стоматиттер, глоситтер, баспа т.с.с.) байқалады. Оларды көбінесе кандида саңырауқұлақтары, энтерококтар, әр-түрлі грам - теріс таяқшалар (протей, ішек таяқшасы ж.б.) қоздырады.

20.1.3. Ауыз қуысындағы микрофлораның адам жасына байланысты ерекшеліктері

Ауыз қуысының бактериялармен алғашқы ластануы перзент туылып жатқанда туу жолдарында болады. Біріншілік микрофлора: лактобациллалар, энтеробактериялар, коринебактериялар, стафилококтар және микрококктар. Туғаннан 2-7 тәуліктен кейін бұл микрофлораға анасының ауыз қуысындағы тіршілік ететін және перзентхана бөлімшесінің қызметкерлерінің бактериялары қосыла бастайды. Нәресте өмірінің алғашқы айларында ауыз қуысынан аэробты және факультативті анаэробты бактериялар табылады. Ал қатаң анаэробтардың болмауы нәрестелерде тіс қатарының жоқтығымен байланысты, онсыз анаэробтарға тіршілік ету жағдай тумайды. Нәрестенің осы тіршілік ету кезеңінде ауыз қуысынан стрептококктарды, әсіресе S. salivarius, лактобактерияларды, нейссерияларды, гемофилдерді, ашытқы тәріздес кандида саңырауқулақтарын табуға болады, олардың саны 4-ші айлық кезінде шегіне жетеді. Ауыз қуысының шырышты қабығының қатпарлы бөлігінде бірен - саран анаэробтар (вейлонеллалар, фузобактериялар) кездесуі мүмкін.

Тістің жарып шығуы микроорганиздердің сапалық құрамының күрт өзгеруіне алып келеді, ол қатаң анаэробтардың тез арада көбейіп кетуі мен сипатталады. Сол кезде белгілі биотоптардың анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты микроорганизмдердің ауыз қуысында тарауы және «еніп, орнығуы» жүреді. Осыған байланысты микробиоценоздың тұрақтылығына сәйкес көптеген микрожүйе құрылады.

Спирохеталар және бактериодтар ауыз қуысында 14 жаста ғана пайда болады, ол жас ерекшелігіне байланысты ағзадағы гормоналды өзгеріске байланысты.

Ересектерде ауыз қуысы микрофлорасының өзгеруі стомотологиялық аурулармен байланысты, немесе тістің түсуімен және алмалы протездердің қойылуымен, немесе дисбактериозбен жүретін оргонизмнің жүйелік ауруларымен байланысты. Алмалы протездер қойылған кезде микрофлора құрамы мүлдем өзгереді. Протездің астында шырышты қабығының созылмалы қабынуы пайда болады - протезді стоматит. Созылмалы қабыну барлық аймақтарда және протез тұрған жерде жүреді. Бұл сілекей бөлу қызметінің бұзылысынан, сілекейдің рН және ионды құрамының өзгеруінен, шырышты қабығының беткейінде температурасының 1-2 С жоғарылауынан ж.б. болады. Алмалы протезді көбінесе иммундыбиологиялық реактивілігі төмен және қосымша аурулары (гипертония, қант диабеті ж.т.б.) бар қарт адамдар жиі пайдаланатындықтан, ауыз қуысының микрофлорасы құрамының өзгеруі заңды жағдай десекте болады.

Протездін, астында әртүрлі факторлардың әсерінен (органикалық матриксте микроорганиздердің жиналуы, сонымен қатар қышқылдың жиналуы, ортаның рН межелік деңгейіне дейің /5,0/ төмендеуі) сублингвиальді және супралингвиальді таңдақтардың пайда болуына мүмкіндік туады. Бұл протезді стоматит этиологиясында маңызды рол атқаратын ашытқы тәріздес Candida саңырауқұлақтарының аса көбеюіне алып келеді. Олар 98% жағдайда протездің айналасында табылады. Протез қолданатын 68-94 % адамдарда кандидоз байқалады. Ауыздың шырышты қабығында ашытқы тәріздес саңырауқұлақтардың көбеюі ауыздың бұрыштарын зақымдалуына әкеліп соғуына мүмкін. Протез қолданатын адамдардан саңырауқұлақтардан басқа да бактериялар: (ішек таяқшалары, стафилококктар, энтерококктар ж.т.б. бактериялар) көп мөлшерде табылады.

Ауыз қуысында тіршілік ететін микроорганизмдер патогенді потенциалға ие болғандықтан олар тіндердің жергілікті қабынуын туғызуы мүмкіндігі бар. Жергілікті зақымдалу патогенезінде микроорганизмдер көмірсуларды ферменттеу кезінде пайда болатын органикалық қышқылдарының және олардың метаболиттерінің маңызы зор. Ауыз қуысының негізгі зақымдануларды (тіс жиегі, пульпит, перодонтит, периодонт аурулары, жұмсақ тіндердің қабынуы) стрептококктармен, пептострептококтар, актиномициттер, лактобациллалар, коринебактериялар ж.т.б. қоздыра алады. Олардан басқа сиректеу жағдайда кездесетін анаэробты инфекцияларды (мысалы, Березовский-Венсан-Плаут ауруы) бактериодтар, превотеллалар, актиномицеттер, вейлонеллалар, лактобацилалар, нокардиялар, спирохеталар ж.т.б. бірігіп туғызады.

20.1.4 Ауыз қуысы - жұқпалы аурулар қоздырғыштарының кіру қақпасы

Ауыз қуысының қалыпты микрофлорасының құрамында патогенсіз және шартты патогенді микроорганизмдер болады, сонымен қатар көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштарына ауыз қуысы кіру қақпасы болып табылады. Оларға ауа-шаңды, ауа-тамшылы, алиментарлы, тұрмыстық қатынасты жолдары арқылы таралатын ауру қоздырғыштары жатады. Мысалы, ауа-шаңды жолымен организмге ауыз арқылы туберкулез, алапес микобактериялары, күл коринебактериялары жұғады; ауа-тамшылы жолымен - грипп, парагрипп, қызылша, эпидемиологиялық паротит, полиомелит /сал/, қызамық вирустары, көкжөтел бактериялары жұғады; алиментарлы жолымен – ішек инфекцияларының қоздырғыштары (эшерихиоз, жерше, сальмонеллез, иерсениоз, кампилобактериоз), аса қауіпті жұқпалы аурулардын қоздырғыштары (оба, түйнеме, сарып, туляремия, тырысқақ), гепатит А, Е вирустары; тұрмыстық қатынастар арқылы – мерез трепонемасы, герпес /ұшық/ вирусы, папиллома вирусы; ауыз–гениталды қатынас кезінде ауыз қуысында гонококктар, мерез трепонемалары, АИВ жұғады.

Көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары адам организміне бірнеше жолдармен түсе алады. Бірінші кезекте ауыз қуысына түсіп, олар сол жерде арнайы қабыну үрдісті тудырады. Сондықтан, сенімді диагностикалық тексеру жүргізе алу үшін және алдын-ала биологиялық қауіпсіздік шараларын уақытысында қолдану үшін тіс дәрігері міндетті түрде жұқпалы аурулардың ауыз қуысында жүретін белгілерін білуі керек.

Ауыз қуысының антимикробты қорғаныстық факторлары

Ауыз қуысы адам ағзасының микробтармен ластануға ең икемделген биотоптардың бірі. Көптеген патогенді микроорганизмдерге ауыз қуысы кіру қақпасы болып табылады. Антимикробты қорғаныстық фактордың арнайы және арнайы емес әсерінің арқасында көптеген микроорганизмдер әрі қарай асқазан-ішек жолыдарына өте алмайды.

Ауыз қуысының бейспецификалық (арнайы емес) қорғаныс факторлары сілекейдің микробтарға қарсылық қасиеттеріне негізделген, олар кариесогенді /тіс жиегіні тудыратын/ және басқа да бактериялардан қорғайды. Күніне сілекей бездерінен 0,5-тен 2,0 литрге дейін сілекей бөлінеді. Оның айқын бактериостатикалық және бактериоцидтік қасиеттері ішіндегі гуморалды факторлармен (лизоцим, лактоферрин, лактопероксидаза, комплемент жүйесінің компоненттері, иммунды глобулиндер) қамтымасыз етілген.

Лизоцим - муколитикалық фермент типті термостабильді ақуыз. Ол көптеген сапрофитті бактерияларды ерітеді, патогенді микроорганизмдерге литикалық әсері шамалы. Лизоцимнің бактериолитикалық әсерінің механизмі – ол бактерияның жасушалық қабыршағың пептидогликандық қабатындағы полисахаридтік тізбекте М-ацетилмурамды қышқылы және N-ацетилглюкозамин арасындағы байланысты гидролиздеуі. Бұл жасуша қабыршағының өткізгіштігін жоғарылатады, жасуша ішіндегісі диффузия жолымен қоршаған ортаға шығады да микроб жасушасы жойылады. Шырышты қабығында орналасқан жараларының жазылуы әр түрлі микроорганизмдердің, оның ішінде патогенді түрлерінің көп мөлшерде болуына қарамастан, лизоцимнің әсерімен жүреді. Жергілікті иммунитет болдыруда лизоцимнің маңызды ролін сілекейде лизоцимнің белсенділігі төмендеген кезде ауыз қуысында жұқпалы аурулар мен қабыну үрдістерінің көбеюі көрсетеді.

Лактоферрин – темір құрамды тасымалдағыш ақуыз, оның бактериостатикалық әсері бактериялардың темірге бәсекелестік қабілетіне байланысты. Лактоферриннің антиденелермен синергизімі болады. Оның ауыз қуысының жергілікті иммунитеттегі рөлі ананың сүтімен нәресте қоректенген кезде ана сү


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: