Пародонтит

Пародонт аурулары кезінде физиологиялық тіс-қызыл иек қалтасының түбі бұзылғанда патологиялық қалта пайда болады.

Пародонтит (грек. para-жанында, odont-тіс, itis-қабыну) – пародонттың бүкіл тіндерінің қабынуы. Әдетте пародонтит гингивит асқындаған кезде дамиды. Патологиялық процесс дамыған кезде қызыл иектің тіске жабысқан жерінде болбыр тіндер бұзыла бастайды, тіс тамыры мен альвеола қабырғасының арасы ашылып патологиялық тіс-қызыл иектік қалта пайда болады, тіс сүйектерінің резорбциясы дұрыс жүрмейді. Пародонтит жедел және созылмалы түрде өтуі мүмкін. Жақын жерде орналасқан инфекциялық ошақтардан лимфа немесе қан арқылы әкелінген қоздырғыштар жедел пародонтитті қоздырады. Жиі жағдайда ол жақ – бет аймағында және ішкі органдарда ауыр асқынулардың қосылуына әкеледі.

Инфекциялық пародонтит көбіне микроорганизмдердің пародонтқа тікелей тіс өзегі арқылы түсуі нәтижесінде туады. Сиректеу жағдайда - қан немесе лимфа арқылы түседі. Одан басқа жағдайларда қабынуы, патологиялық үрдістері бар жерден, мысалыға, жақтың альвеолярлы өсіндісінен, остеомиелит, гайморит ж.б. жақын орналасқан жерден микробтар жетуі мүмкін. Пародонтит болған жайдайда микроорганизмдердің бірнеше түрлері байқалады: стрептококтар, пептострептококтар, стафилококтар, коринебактериялар, бактероидтар (әсіресе B.melaninogenicus), фузобактериялар, лептотрихиялар, нокардиялар, актиномицеттер, лактобациллалар, вейлонеллалар, спирохеталар ж.б.

Қызылиек қалтасынан пародонтальдық альвеолярлық іріңағушылық синдром. Осы аурудың негізгі көрінісі - іріңдеген қалтаның пайда болуы. Бұл ауру кезеңдермен өтеді:

қызыл иек қабынған жерде қызыл иек қалтасының эпителийі төмен түседі, тістің мойыны ашылады;

қызыл иек қалтасының ішкі жағында десквамациялық үрдістер белсенеді де эпителийде микрошірік ошақтардың пайда болуына әкеледі;

қызыл иек қалтасындағы деструкция қалтаның жаралануына әкеліп соғады;

сонымен қатар тіс тамырларды жауып тұрған эпителий әрі қарай түсіп жатады, тіс сүйегі бұзыла бастайды да сүйек қалтасы пайда болады. Нәтижесінде, қызыл иектен альвеолаға таралған пародонттың тұрақты және терең зақымдалуы пайда болады.

Пародонттық іріңағушылықтың жиі себебі - ұзаққа созылған гингивит. Кейбір жағдайларда қалтаның пайда болуы тістердің физиологиялық қозғалудың бұзылуымен байланысты. Қызыл иек қалтасының ішіндегісін бактериологиялық әдіспен зерттеген кезде іріңдік қабынуды қоздыра алатын қабілеті бар әр түрлі микроорганизмдер байқалады: грам - оң және грам - теріс коктар, лактобациллалар, спирохеталар, амебалар. Олардың көбісі қалтаның үстінгі қабатында байқалады, ал терең қабаттарында және сүйек қалталарында олардың саны едәуір аз.

Емдеу негіздері. Пародонтит емдеуінде емдік әсер етуді кешенді тағайындайды: жергілікті консервативтік, физиотерапиялық, хирургиялық, ортопедиялық шараларды, антибиотиктерді және антисептикалық заттарды, организмнің қорғанушылығын жоғарылататын дәрі-дәрмектерді.

20.2.4 Микробтармен қоздырылатын ауыз қуысы шырышты қабығының аурулары

Стоматит (грек. stoma-ауыз, itis-қабыну), ауыз уылуы – ауыз қуысы шырышты қабығының қабынуы. Ауыз қуысының кең таралған патологиясы. Сероздық стоматит көптеген жедел вирустық және бактериялық инфекциялар (қызылша, скарлатина, күл, жерше, сүзек, өкпе қабынуы, грипп, септикалық жағдай ж.т.б.) кезінде кездеседі. Жедел сероздық стоматиттің клиникалық көрінісі – ауыз қуысының бүкіл шырышты қабығының қызаруы және ісінуі, ауыр жағдайда көпіршіктер, пустулалар (безеу), эрозиялар шығады, қызыл иек ісінеді, белдемше (валик) тәріздес болып келеді, тістер арасындағы қызыл иек бүртіктерінің гипертрофиясы байқалады, қанағыштық пайда болады.

Қалыпты жағдайда ауыз қуысының шырышты қабығы микроорганизмдердің әсеріне төзімді болады, тек зақымдалған кезде (әдетте микрожарақаттар пайда болғанда) инфекциялық үрдістің дамуына қолайлы жағдай туады. Вирустық стоматитті көбінесе герпесвирустар, Коксаки А вирустары қоздырады. Бактериялық стоматитті әртүрлі бактериялар қоздыруы мүмкін, оның ішінде ауыз қуысында тұрақты мекен ететін түрлері де, ауызға кездейсоқ жағдайда түскен түрлері де. Стоматиттің клиникалық көріністері және оларды емдеу негіздері этиологиясына сәйкес тарауларда қарастырылған.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: