double arrow

Иммундымодуляторлар

Иммундық жүйенің ісіне әртүрлі факторлар мен заттар әсер етуі мүмкін: олармен организм күнделікті кездесіп отырады (әләуметтік, экологиялық, кәсіпкерлік), немесе иммундық статус бұзылуымен байланысты ауру мен патологияларды (біріншілік немесе екіншілік иммундытапшылық) арнайы емдеу, не алдын алу үшін қолданғанда байқалады.

Иммундық жүйенің ісіне әсер ететін заттарды иммуномодуляторлар деп атайды. Олар экзогендік және эндогендік болып бөлінеді.

Экзогендік иммуномодуляторлардың қатарына иммундық жұйені белесендіруші, немесе тежеуші әсер ететін химиялық табиғаты және шығу тегі әр түрлі бөгде заттар жатады. Экзогендік иммуномодуляторларға әртүрлі адъюванттар, химиялық заттар, немесе синтетикалық жолмен алынған химиялық, физикалық әсер етушілер (радиация, климаттық факторлар) жатады.

Эндогендік иммуномодуляторларға ағзаың өзі, оның иммундыкомпетентті жасушалары және тағы басқаларымен өндіріліп шығарылып, иммундыжауапты жасушаларды белесен-діріп, олардың өсуін және атқаратын ісін үдететін көлемді топты олигопептидтер жатады.

Эндогендік иммуномодуляторларға –реттеуші пептидтер, (интерлейкиндер, интерферондар, миелопептидтер,тимустың пептидтері – тактивин, тимозин, тимопоэтин, хемокиндер) жатады. Иммуномодуляторладың иммундық жүйеге екі түрлі әсер тигізуі мүмкін - белсендіру, не супрессиялау. Ол әсер спецификалық, немесе бейспецификалық болып иммундық жүйенің жеке бөліктерін белсендіруге, не тежеуге бағытталады.

Иммунды белсендіру қасиет адъюванттарда (сорбенттар, полимерлер, полисаха-ридтер, ЛПС, БЦЖ –дан алынған қосынды -Фрейнд адъюванты) және басқа бактериялық (продигиозан, сальмазан,мурамилдипептид) заттарда; көптеген химиялық қосындыларда (левамизобетал, циклоспорин, циметеидин), сонымен қатар иммундыцитокиндерде (интерлейкиндер, интерферондар, тимустың пептидтері, миелопептидтар т.б.) болады.

Иммунды супрессия әсері –цитостатистіктерде, пуриннің антагонистерінде (6-меркаптопурин), амин қышқылдарында, ферменттерде және де кортикостероидтарда, антилимфоцитарлық сарысуда, иммунды жауапты жасушалардың рецепторларына қарсы моноклоналды антиденелерде, сәулендірілуде (рентген сәулесі, гамма-сәулелену т.б.) болады.

Иммундымодуляторлар әр түрлі шығу тегі бар біріншілік және екіншілік иммунды тапшылықтарда, қатерлі ісік ауруларында, орган мен тін ауыстырғанда, иммундыпатологиялық және аллергиялық ауруларды емдегенде және жұқпалы аурулардың алдын алғанда, емдегенде кең колданылады.Сол үшін иммундымодуляторлық әсері бар неше түрлі препараттар жасалған. Оларға интерферон препараттары (альфа,бета,гамма), лейкоферин, рекомибинанттық реаферон, виферон жатады. Интерлейкиндердің негізінде гендіқ инженерия әдісімен алынған интерлейкин-1, бета лейкин, ИЛ-2, -3, -6 т.б. жатады. Сол әдіспен айырша безден алынған пептидтердің негізінде такативин, тимозин,титулин, тимопоэтин жасалған. Кейінгі уақытта табиғи шикі заттың (жілік майы), сонымен қатар миелопептидтің негізінде рекомбинантты прапараттар МП-1,МП-2, МП-3, МП-4 алынған.

Экзогендік иммуномодуляторларды айта кетсек, оларға микробтардан алынған пирогенал, продогиозан, сальмазин, ликопид, рибомунил, микобактерияның ЛПС-ы, тағы басқалары жатады.

Сонымен, иммунологиялық процестерге залалы тиетін жұқпалы, не жұқпалы емес патологиялық жағдайды ретке келтіру үшін медицинаның карауында ауқымды иммуномодуляторлар бар.

14. 2.7. Адаптогендер.

Адаптогендер - иммундымодуляторларға ұқсас препараттар. Бірақ, ол тек қана иммундымоудуляторлық әсер етпей, организмнің барлық органдары мен жүйелеріне пайдасын тигізеді. Адаптогендердің қатарына өсімдік пен жануарлардан алынған, жасанды синтезделген, не табиғи синтезделген биологияялық белсенді кешендерден тұратын күрделі химиялық заттар жатады. Адаптогендер көбінесе өсімдіктерден (фитоадаптогендер), немесе теңіз бен мұхиттардың жәндіктерінен (гидробионттар) алынған биологиялық белсенді заттардан жасалады. Женьшеннің, элеутетракоктың, шай шөбінің, итмұрынның демберушілік әсері бар екені ертеден әйгілі.

Адаптогендердің иммундық жүйеге дем берушілік қасиеттерінен басқа, бірқатар биологиялық процестер мен реакцияларды тудырып, солар арқылы организмнің колайсыз жағдайларға қарсы тұру мүмкіншілігін көтермелейтін қасиеті бар.

Адаптогендер әдетте профилактикалық мақсатта, арурудың дамуының алдын алу, десаулықты нығайту, немесе организмнің қолайсыз жағдайлардың әсеріне төзімділігін көтермелеу үшін қолданылады. Олар ұзақ уақытқа дейін қолданылып, тағамдарға араластырып биологиялық белсенді қосындылар ретінде пайдаланылады. Адаптогендердің көп түрлі препараттары жасалған. Оларды қолдану әржаққа бағытталған: жүрек-қан тамыры ауруларына, бауыр сырқаттарына, жүйке жүйесінің ауруларына тағы басқаларына қарсы. Адаптогендердің артықшылығы олардың зыянсыздығы, дайындау мен қолдану қарапайымдылығы және экологиялық тазалығы болып келеді.

13.3. Вирустық инфекциялардың спецификалық профилактикасы

13.3.1. Вирустың инфекциялардың спецификалық алдын алуда енжар (пассивті) және белсенді (активті) иммундаудың рөлі

Жұқпалы аурулардың алдын алудың жалпы қағидаларына сай вирустың инфекциялардың профилактикасы да енжар (пассивті) және белсенді (активті) иммундау тәсілдерінен тұрады.

Вирустық инфекциялардың профилактикасы індеттерге қарсы қолданылатын өте маңызды шараларға жатады. Оның мәнісі - адам организімінде вирустар қоздыратын жұқпалы ауруларға қарсы жасанды иммунитет қалыптастыру, жасанды жолмен қалыптасқан жүре пайда болатын белсенді және енжар қабылдамаушылықты (иммунитетті) табиғи резистентіліктен ажырата білу керек. Организмге әдейі енгізілген препараттардың (антигендер мен антиденелер) қасиетіне байланысты белсенді және енжар иммундау әдістерін ажыратады.

Белсенді иммунитет организмге вакцина ретінде вирустық АГ- ді енгізгенде қалыптасады. Мұндай иммунитет вакцина енгізген кейін бірнеше аптадан соң пайда болады да, бір жылдан бірнеше жылдарға дейін сақталады.

Енжар иммунитет организмге иммунды антиденелер (иммунды глобулиндер) енгізгенде пайда болады (13.3 - кесте). Пассивті иммундау әдісін организмде жұқпалы аурудың дамуын жедел тоқтату қажет болғанда қолданады. Оған адамдарға ауру жұғу қаупі төнген және активті иммундау уақыты өтіп кеткен жағдайлар жатады. Бұл кезде пайда болатын иммунитет ұзаққа созылмайды (бірнеше аптадан аспайды).

Вирустың инфекциялардан қорғану үшін пассивті иммундау – ол қорғанысы жоқ адамдардың организімінде вирустарды бейтараптау және вирустық инфекцияның дамуын тоқтату үшін антивирустық антиденелерді (поликлональды, моноклональді) енгізу. Вирустық инфекциялар кезінде антиденелер вирустың жасушаға енуін тоқтатады, табиғи киллердің антидене тәуелді жасушалық цитотоксиндылығын күшейтеді, өздігінше немесе комплементтің қатысуымен вирусты бейтараптайды. Сондықтан организмге енгізілген вирусспецификалық антиденелер инфицирленбеген жасушаларды ғана қорғау үшін тиімді, яғни олар тек қана жасушалардан тыс немесе жасуша беткейінде орналасқан вирустарға әсер ете алады. Сондықтан, вирустардың жасушаішілік репродукциялануына және олардың бір жасушадан басқаларына таралуына антидене кедергі жасай алмайтындығына байланысты, инфекция ошағы толық жойылмайды. АД-дің пиноцитоз жолымен қалыпты жасушалар мен қатар вирус жұққан жасушаларға ену қабілеттілігі бар. Бірақ, жасуша вакуоліне түскен вирус-бейтараптаушы АД вирустық АГ-мен кездесе алмайды, және де онымен байланыса алмайды, өйткені олар плазматикалық мембранамен оқшауланған. Осыған байланысты бұл антиденелер лизосомалдық ферменттердің әсерінен пиноцитоздық вакуольдерде бұзылысқа ұшырайды. АД-ді адамдар мен жануарлар қан сарысуы (плазмасы), нақты вирусқа жоғары титрі бар қалыпты донорлық иммуноглобулин, иммундалған донорлардан алынған спецификалық имундыглобулин құрамында немесе моноклональды түрінде енгізуге болады.

АД- мен иммундаудың басты жетістігі сол- бірден иммунитеттік жағдай жасауға мүмкіндік береді, ол 1-6 аптаға созылады.Адамдардан алынған кейбір АД-дің (IgG) организмнен жартылай бөлініп шығу кезеңі 30 күндей, сондықтан 3 ай бойы пассивті қорғанысты қамтамасыз ете алады. АД уыттылығы жоқ табиғи өнім, агрегирленбейді және иесінің тіндерімен реакцияға түспейді. Вакциналар мен АД- ді қатар енгізу бірден пайда болатын және ұзаққа созылатын иммунитет қалыптастыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Мысалы, осындай тәсіл кенелі энцефалиттің профилактикасы үшін пайдаланылады. Пассивті антиденлерді әдетте көктамыр ішіне немесе бұлшықетке енгізу әдісі қолданылады. Пассивті иммундауды қайталап жүргізу иммунитетті күшейтпейді және жиі асқынулар болуы ықтимал.

Қалыпты иммундыглобулиндер - адамның қан сарысуынан бөлініп алынған, тазартылған және этил спиртімен өңдеу тәсілімен концентрацияланған иммунды белсенділігі бар ақуыздық фракциялар болып табылады. Иммундыглобулиндер сериясын дайындау үшін 1000- нан кем емес дені сау иммунизацияланбаған донорлардың плазмасын пайдаланады. Ақуыздардың концентрациясы 9,5- нан 10,5%-ға дейін болады. Препараттың құрамында консерванттар және антибиотиктер, адам иммундытапшылық вирустарына (АИВ-1, АИВ-2), гепатит С вирусына, гепатит В- нің беткейлік АГ-не қарсы АД-лер болмауы керек. Адамның қалыпты иммундыглобулиндерінің әсер етуші факторы- белсенділік қабілеттілігі бар полиспецификалық иммундыглобулиндер болып табылады. АД-ің максимальды концентрациясы қанда 24-48 сағаттан кейін байқалады,олардың организмнен жартылай бөлініп шығу мерзімі - 3-4 апта. Препарат организмнің резистенттілігін жоғарылатып, бейспецификалық белсенділік әсерін тигізеді (13.3-кесте).

Адамның қалыпты иммундыглобулиндерін біріншілік және екіншілік иммунды тапшылық пайда болатын инфекцияларды; салмағы аз, мезгілінен ерте туылған нәрестелерде өте ауыр өтетін бактериялық және вирустық инфекцияларды; цитостатиктер мен иммундыдепрессанттар қолданған кезде емдеу және профилактикалық мақсатта пайдаланады. Қалыпты иммундыглобулиндерді енгізу белсенді иммундаудың тиімділігін төменднтуі мүмкін. Сондықтан иммундыглобулиндер енгізгеннен кейін ең болмағанда 30 күн бойы вирусқа қарсы қолданылатын парентеральдық тірі вакциналарды пайдаланбаған жөн. Адам иммундыглобулиндеріне сезімталдығы жоғары, әсіресе Ig А тапшылығы бар, науқастарға иммундыглобулин енгізуге болмайды. Дайын АД-лерді(иммундыглобулиндерді) енгізгеннен кейін жанама реакциялар байқалуы мүмкін: бас ауруы, лоқсу, бас айналуы, құсу, ішінің ауруы, артериялық гипо- немесе гипертензия, тахикардия, цианоз, демікпе, кеудесінде қысылу немесе ауырсыну аллергиялық реакциялар.

Кесте 13.3.

Вирустық инфекцияларды емдеу және алдын алу үшін пассивті иммундау

Аурулар Препарат Көрсеткіштері
     
Жел шешек Жел шешекке және белдемше теміреткіге қарсы донорлық иммундыглобулин Инфекция ауыр өтуі мүмкін жанасқан балаларда, иммунитеті әлсіз науқастанған ересектерде, жаңа туылған нәрестелерде профилактика үшін, емдеу – тиімді емес
Құтыру Адамнан дайындалған антирабикалық иммунды-глобулин. Құтырған жануар тістегенде
Вирустық гепатит В В гепатитке қарсы - адам иммундыглобулині Инфекция көзімен жанасқан-дар арасында профилактика үшін, емдеу үшін – тиімділігі жоқ.
Вирустық гепатит А Адамдардың қалыпты иммун-дыглобулині Инфекция көзімен жанасқан-дар арасында профилактика үшін,2-апта өткеннен кейін қолдану тиімді емес.
Қызылша Адамның қалыпты иммунды-глобулині Науқаспен жанасқаннан кейін-гі 6 тәулікке дейін профилактикалық мақсатта және емдеу үшін қолдану.
Кенелі энцефалит Кенелі энцефалитке қарсы адам иммундыглобулині. Инфекциямен науқастанушылық күшеюі мүмкін болатын маусым алдында, кене шаққанда 28 күн бойы.
Грипп Адамның қалыпты иммундыглобулині Тұмауды емдеу және алдын алу
Қызамық Қызамыққа қарсы және қалыпты адам иммундыглобулині Инфекцияның алғашқы кезеңінде жанасқан жүкті әйелдер – алдын алу үшін. Пассивті иммундау ұрықты инфекциядан қорғай алмайды.
ЦМВИ - инфекция. Цитомегаловирусқа қарсы иммундыглобулин. ЦМВ – қа қарсы антиденелері бар адамның қалыпты иммундыглобулині. Серопозитивті алғашқы кезеңінде жанасқан жүкті әйелдер – алдын алу үшін. Пассивті иммундау ұрықты инфекциядан қорғай алмайды. Біріншілік ЦМВИ – ны емдеу және жүкті әйелдерде созылмалы ЦМВИ, емшек жолындағы нәрестелер және сәби жастағы балалардың, трансплантация жасалынған кездегі реципиенттердегі ЦМВИ – ның алдыналу үшін.
Полиомиелит Адамның қалыпты иммундыглобулині Профилактика
Қарапайым ұшық Қарапайым ұшық вирусына қарсы антиденелер бар донордың қалыпты иммундыглобулині Қарапайым ұшықтың біріншілік жедел және созылмалы асқынған, рецидивті түрлерін емдеу.
Ротавирусты инфекция Энтеральды қолдануға арналған антиротавирустың донорлық иммундыглобулин (құрғақ) 3 жасқа дейінгі балаларда болатын ротавирусты инфекциялардан емдеу.

Спецификалық иммундыглобулин препараттары. Қанда спецификалық АД-ің қажетті қорғаушылық деңгейін қамтамасыз ететін гипериммунды (арнайы) гамма-глобулиндерді бұлшық етке енгізу арқылы бірқатар вирустық инфекциялардың профилактикасы жеткілікті тиімділікпен атқарылады. Спецификалық иммундыглобулиндерді вакцинацияланған немесе жақын арада инфекциядан айыққан донорлардың қан сарысуынан бөліп алады. Мұндай препараттарды стандарттау тиісті қоздырғыштың АГ- не қарсы АД- ің титрын анықтауға негізделген. Олардың әсер ету мерзімі қысқа болатындықтан мүмкіндігінше солармен бірге тиісті вакциналар енгізу тиімді болады (13.4-кесте).

Цитотекті - орган алмастырылған (трансплантация) пациенттерде ЦМВ жұққаннан кейінгі болуы ықтимал асқынудың алдын алу үщін қолданады. Препарат құрамында ЦМВ- қа қарсы спецификалық АД- лер (негізінде Ig G) болады. Цитотект дайындау үшін құрамында АИВ (ВИЧ)-1,-2-ге, гепатит С вирусына, гепатит В вирусының беткейлік АГ-не антиденелер болмайтын, және де бауыр ферментінің (трансаминазаның) деңгейінің жоғарғы шекарасы қалыптан аспайтын дені сау донорлардың плазмасын пайдаланады. Препараттың құрамындағы иммундыглобулиндер мөлшері 95%-дан кем емес, ал ЦМВ- қа қарсы антиденелер -50 E(Е-П.Эрлих институтты препаратының салыстырмалы бірлігі) болуы керек. Препарат, қолданғаннан кейін 6 апта – 3 ай бойы қызамыққа, қызылшаға, эпидемиялық паротитке, жел шешекке қарсы тірі вакциналарды енгізуді ұсынуға болмайды. Цитотект қолданғанда келесі жанама құбылыстар болуы ықтимал: денесі қалтырау, бас ауыруы, температура көтерілуі, лоқсу, құсу, буындардың және арқасының ауыруы, аллергиялық реакциялар.

Антигеп – Ресейде өндірілетін препарат, В гепатитке қарсы егілмеген адамдар арасында кездейсоқ жұқтырып алу қаупі төнгенде (стоматологиялық емшаралар, қан құю, қан алмастыру ж.т.б.), немесе егу курсы аяқталмағандарда, немесе НВs антиденелер титры қорғаныс деңгейінен төмен (10 МЕ/л-ден аз) немесе белгісіз болғанда, және де егу жүргізуге болмайтын жағдайларда вирустық В гепатиттің алдын алу үшін қолданылады. Инфицирленген материалмен жанасқан пациенттерге бірден спецификалық иммундыглобулин енгізсе 3 ай бойы пассивті иммундық қорғанышты қамтамасыз етеді, яғни аурудың алдын алады,немесе індет ауырлығын азайтады. Антигеп – В гепатитке қарсы егілген дені сау донорлардың плазмасынан этил спиртімен фракциялау әдісімен бөлініп алынған иммудық белсенді ақуыздардың концентрацияланған ертіндісі. Препараттың әсер етуші факторы – В гепатит вирусының беткейлік НВs антигеніне қарсы белсенділігі бар АД (иммундыглобулиндер). Антигепті қолданғанда сирек жағдайда гиперемия және алғашқы тәулікте температура көтерілуі сияқты реакциялар байқалуы, және де әр түрлі аллергиялық реакциялар дамуы мүмкін.

Гепатект-В гепатиттің алдын алу үшін келесі жағдайларда қолданылады:

инфицирленген қауіпті материалдармен(қан, плазма,сарысу) жанасқанда;

НВs Ад табылған пациенттерден бауыр трансплантантын ауыстырғанда;

В гепатит вирусының беткейлік антигендерін тасымалдаушы аналардан туылған нәрестелерде;

өте жоғары немесе тұрақты жұғу қаупі бар, және де қорғаушы антиденелерді жеткілікті деңгейде өндіру қабілеттілігі жоқ жағдайларда (операция алдында, қайталап трансфузиялау, гемодиализ).

Препарат құрамында адам плазмасының 100 мг ақуызына 50 МЕ мөлшерінде В гепатит вирусына қарсы АД-р болады. Препарат вирустық тірі вакциналардың (қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке, жел шешекке қарсы) тимділігін төмендетеді. Препаратты енгізгеннен кейін жанама әсерлер байқалуы мүмкін: бас ауыруы, қалтырау, температура көтерілуі, лоқсу, құсу, буындары мен арқасының ауыруы, аллергиялық реакциялар; сирек жағдайда - артериялық қысымның төмендеуі, анафилактикалық естен тану (шок), асептикалық менингит сиптомдары, бүйрек жеткіліксіздігінің тереңдеуі.

ИМОГАМ РАЖ - құтыру вирусы жұғу қауіпі бар күмәнді адамдарда құтыру ауруының алдын алу үшін қолданылатын иммундыглобулин (адамнан алынған). Әсіресе, бұл препаратты 2-дәрежелі (тістеген кезде тері жабындысының бүтіндігі бұзылмаған, шамалы қан шығып тырналған немесе сызатталған) және 3-дәрежелі (бір немесе бірнеше жерден тістелген, тері жабындысының бүтіндігі бұзылған, шырышты қабаттарға сілекей түскен) зақымданулар болған жағдайда қолданады. 2-дәрежелі зақымдану кезінде антирабикалық (құтыруға қарсы) вакцинаны бірге пайдаланады (егер адамды тістеген жануар он күн бойы сау күйінде болса емдеуді тоқтатады). ИМОГАМ РАЖ - ды тек қана құтыруға қарсы вакцинамен бірге пайдалану қажет. Препаратты антирабикалық вакцинамен бірге (вакцинаның бірінші дозасын енгізгеннен кейін сегіз күннен кешіктірмей), бірақ әрқайсысын дененің әр жеріне және инені жаңалап, тек қана бұлшық ет ішіне енгізеді. Бір рет енгізілетін препараттың дозасы -20 ME/кг. Оның дозасын ешқанда арттыруға болмайды, өйткені дозасын көбірек енгізгенде антиденелер өндірілуі біршама басылып қалуы мүмкін. Құтыруға қарсы иммундыглобулин енгізгеннен кейін кейде температураның көтерілуі, терілік реакциялар, қалтырау, сирек жағдайда бас айналу, құсу, гипотензия, тахикардия, аллергиялық реакциялар (анафилактикалық шок) байқалуы мүмкін.

ФСМЕ – БУЛИН - көктемгі жазғы минингоэнцефалиттің (КЖМ -ВЛМ) жедел алдын алу үшін қолданылатын препарат (иммундыглобулин). Бұл препаратты жедел профилактикалық мақсатта келесі жағдайларда пайдаланады:

ФСМЕ - БУЛИН- мен шамалы иммундалған немесе ешқашан иммундалмаған адамдар кенелі энцефалит бойынша табиғи ошақты орманды жерлерде болғанда;

кенелі энцефалитке қарсы вакцинаға сезімталдығы өте жоғары болғанда;

жедел жұқпалы аурулармен науқастанып, температурасы өте жоғары болғанда.

Препарат тез әсер етеді (қорғаушылық әсері 24 сағаттан кейін басталып 4 аптаға дейін созылады) және биологиялық жартылай шығу кезеңінің ұзақтығы 21 тәуліктей. Оны, төзімділігін төмендетпей, қайталап пайдалануға болады. ФСМЕ – БУЛИН енгізгеннен кейін кем дегенде 3 ай өткенше тірі вакциналармен (қызылша, қызамық, мысқылға қарсы) белсенді иммундау жүргізуге болмайды. Бұл препарат іс жүзінде жанама реакциялар қоздырмайды, кейде ине сұққан жерде қышыну және де температурасының шамалы көтерілуі байқалады. Гаммаглобулинемияға шалдыққан адамдарда анафилактикалық реакция пайда болуы ықтимал (Ig А- ға қарсы антиденелердің титры жоғары болғанда).

Кенелі энцефалитке қарсы иммундыглобулин (адамдардан алынған) ересектер мен балаларда кенелі энцефалитті емдеу және жедел алдын алуға арналған. Препараттың әсер етуші факторы – кенелі энцефалит вирусын бейтараптайтын, белсенділік қабілеті бар иммундыглобулиндердің G класына жататын антиденелер. Организмге енгізгеннен кейін 24-48 сағатта максимальды концентрацияға жетеді (қанда), олардың организмнен жартылай шығу кезеңі - 4-5 апта. Анамнезінде адам қанынан дайындалған препараттарға ауыр түрде аллергиялық реакциялар болғаны анықталса бұл препаратты қолдануға болмайды, яғни қарсы көрсеткіш болып табылады.Иммундыглобулин енгізгенде, әдетте, ешқандай жанама реакциялар болмайды. Дегенмен, сирек жағдайларда гиперемия, инъекция жасаған жердің ауыруы, алғашқы тәулікте температурасының шамалы көтерілуі, аллергиялық реакциялар дамуы мүмкін. Иммундыглобулиннің әрбір инъекциясынан кейін кем дегенде 3 ай өткен соң ғана тірі вакциналармен (қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит) белсенді иммундауға болады. Кенелі энцефалитке қарсы иммундыглобулин мен вакцина қолдану арасының ұзақтығы 4 аптадан кем болмауы керек.

Кесте 13.4.

Спецификалық иммундыглобулиндік препараттар

Вирустық инфекциялар Препарат, енгізу жолдары Өндіруші -фирма
ЦМВ инфекция Цитотек (Cytotect), тамыр ішіне(т/і) “Биотест фарма ГмбХ”, Германия
Гепатит В Антигеп (Antihep), т/і “Биомед”,Пермь, Ресей
Гепатект (Hepatect) т/і «Biotest Pharma» Германия
Құтыру ИМОГАМ РАЖ,б/і “Пастер Мерье” Франция
Кенелі энцефалит Кенелі энцефалитке қарсы адам иммундыглобулині, б/і НПО “Микроген”, Ресей
ФСМЕ- БУЛИН (FSME-BULIN), б/і “Австрийскии институт гемодериватов ГмбХ”, Австрия

Секрециялық иммундыглобулиндер мукозальды инфекциялардан қорғауда маңызды роль атқарады. Спецификалық секрециялық Ig А патогеннің шырышты қабаттарға алғашқы колонизациялануын тежей алады. Құрамында А класына жататын спецификалық антиденелердің кең спектрі бар сүттен, адамдар мен жануарлардың уызынан алынған иммундыглобулиндерді бактериялық және вирустық инфекциялардың алдын алу және емдеу үшін пайдалануға болады. Уыздың құрамына: иммундыглобулиндердің барлық кластары (IgА,IgМ, IgG,Ig Д) кіреді, бірақ олардың 90% IgА – ның еншісіне тиеді; цитониндер (интерферон, өсу факторы), лактоферрин (микробтардың көбеюіне кедергі жасайды, фагоцитозды және цитокиндердің белсенділігін күшейтеді), лизоцим, амин қышқылдары (пролин, таурин), жоғары молекулалы ақуыздар, майлар, көмірсулар, витаминдер (А, бета- каротин, Е, В12, Д), минералдар кіреді.

Біздің елде адамның уызының сарысуынан дайындалған иммунды глобулинді қолданады, оны чигаин деп атайды.Чигаинді босанғаннан кейін 2-3 тәулікте дені сау әйелдерден алынған уыздан дайындалады, майдан тазартылып, стерильдейді. Чигаиннің әсер етуші факторы – секрециялық иммундыглобулин А. Препарат сыртқы зақымданған жерлерді өңдеу үшін сұйық күйінде шығарылады, құрамында консерванттар және антибиотиктер жоқ. Чигаинді шырышты қабаттар бактериялар және вирустармен зақымданған кезде (ЖРВИ, ринит, конъюктивит, ауыз ойылуы- молочница, іріңді қабынулар) емдеу және профилактикалық мақсатта қолданылады. Препарат жанама реакциялар қоздырмайды. Қарсы көрсеткіш әйел сүтіне аллергия болуы. Сиыр уызынан алынған иммундыглобулиндердің коммерциялық препараты көптеген елдерде шығарылады және құрамында бактериялық және вирустық инфекцияларға қарсы антиденелердің кең спектрі болады. Уыз құрамындағы антиденелердің концентациясын жануарлады (сиырды) иммундау әдісімен көбейтуге болады. Сиыр уызы айқын иммцндыпротекторлық, регенерациялық әсер етеді (әсіресе асқазан-ішек жолдарының, тыныс алу жүйесінің шырышты қабаттарын зақымдайтын инфекциялар кезінде) коммерциялық препарат “Колострум”(АҚШ) сиыр уызының 100% лиофилизатынан тұрады және антимикробтық, антивирустық және де қабынуға қарсы әсер етеді. Энтеральды тәсілмен қолдану үшін капсула түрінде шығарылады.

Белсенді (активті) иммундау. Вакциналар бірнеше топқа бөлінеді: тірі, өлі, аралас (комбинацияланған) және рекомбинантты (векторлық). Тірі вакциналарға патогенді қоздырғыштардың аттенуацияланған штамдарынан және қоздырғышқа антигендігі жақын туыстас вирустар штамдарынан дайындалған вакциналар жатады. Инактивацияланған вакциналарды 2 топқа бөлуге болады: корпускулярлық және молекулярлық (пептидтік). Корпускулярлық вакциналар бүтін вирустық бөлшектерден (бүтін вириондылар) немесе бөлініп алынған антигендік кешендерден (субвириондылар) тұрады. Пептидті вакциналарда химиялық немесе биологиялық тәсілдермен синтезделген антигендік кешендер молекулалары болады. Қазіргі кезде үдемелі түрде молекулалы генді- инженерлік вакциналар жасалуда. Олар үшін спецификалық микроорганизмдер антигендерін синтездеу қабілеттілігі бар бактериялардың, вирустардың немесе саңырауқұлақтардың рекомбинантты штамдарын дайындау арқылы алады. Жаңа буынды вакциналарды жасаудың негізгі бағыттары: синтетикалық және жартылай синтетикалық, көп компонентті полиантигенді ассоциациаланған және инъекциясыз қолданылатын мукозальды вакциналар жасап шығару. Синтетикалық және жартылай синтетикалық вакциналар құрамында балласты заттар мен қосылыстар жоқ және тасымалдаушы адъюванттарға сіңірілген антигендерден немесе молекулалы түрдегі антиген детерминанттарынан тұрады. Гендік инженерлік рекомбинантты вакциналар(вирустық полинуклеотидті ДНҚ вакциналары) жасап шығарудың болашағы зор. Қазірдің өзінде құрамында әртүрлі патогендердің антигендерін тасымалдайтын бактериялардың, ашытқы саңырауқұлақтардың, вирустардың 100 – деген рекомбинантты штамдары алынып отыр. Мысалы, шешек вакцина вирусының негізінде В гепатитке, кенелі энцефалитке, құтыру ауруына, АИВ (ВИЧ) инфекцияға және тағы басқа да векторлық вакциналар алынды. В гепатитке қарсы рекомбинантты вакциналары алынды, АИВ инфекцияға қарсы рекомбинантты вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Вакцинаның қорғаушылық әсері -жасушалардың антигенпрезенттеуші белсенділігін арттыратын, жадында сақтаушы жасушалар санын көбейтуші иммундыкомпонентті жасушаларды белсендіретін мүмкіндігін, бірнеше эпитоптарға қарсы Т-хелперлерді Т-цитотоксикалық жасушаларды ынталандыратын, және жадында сақтаушы В-жасушалардың лимфоидты тіндерде ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін қабілеттілігіне байланысты. Мұндай вакцина, (әсіресе суббірлік және пептидтік типтегі) вакциналық және жасушалық және мукозальдық иммунитетті айқын стимульдейді. Бұл қорғаныс штам спецификалық болып табылады, және сарысулық антиденелердің түзілуіне байланысты. Интраназальды жолмен енгізілген тірі вакциналар ұзақ мерзімді,тепе-теңдік жауапты ынталандырады: оған СД8, СД4 Т-жасушалық, гуморальдық және жергілікті жауап жатады. Кейбір тірі вакциналар (полиомиелитке қарсы оральды, грипке қарсы интраназальды) әр жүйелі және жергілікті иммунитет дамуын қоздырады. Секрециялық IgА шырышты қабықтың эпителиялық жасушасына вирус енуіне жол бермей, жергілікті тиімді иммунитетті қамтамасыз етеді. Инактивацияланған вакциналарға қарағанда тірі вакциналардың тиімділігі едәуір жоғары. Инактивацияланған вакциналардың иммуногенділігі енгізілетін антигендердің молекулалық мөлшерімен, химиялық құрамы және физикалық жағдайымен байланысты. Молекуласы ірі және күрделі болса иммуногендігі жоғары болады. Иммундық жауапты күшейту үшін адъюванттарды пайдаланады. Адъювант ретінде қоспаларды, микробтық құрылымдарды (ақуыздарды, нуклеин қышқылдарды, монополисохаридтерді), синтетикалық зат тектестерді (жартылай нуклеотидтер, гликопептидтер, полиоксидонийлар), цитокиндерді және пептидтерді қолдануға болады. Дүние жүзінің барлық елдерінде жаппай егу кезінде тек қана алюминий тұздарын, майлы адъюванттар мен полиоксидонийді пайдалануға рұқсат етілген. Алюминий гидроксиді антигенді сіңіріп алып, оны вакцина егілген жерде ұзақ уақыт ұстайды, нәтижесінде вакцинаның спецификалық компоненттерінің презенттеуші жасушалармен өзара жақсы әрекеттесуін қамтамасыз етеді. Минералды адъюванттар негізінде Th 2 – жауапты күшейтеді. Гриптің (Гриппол) және А гепатитінің (Геп-А-ин-ВАС-ПОЛ) алдын алу үшін қолданылатын вакциналарда адъювант ретінде полиоксидоний пайдаланылады, ол Т-тәуелсіз жауаптың түзілуіне мүмкіндік береді. Вакциналардың сапасы олардың тиімділігі, қауіпсіздігі, зиянсыздығы, экономикалық тактикалық – техникалық параметрлері бойынша іс жүзінде кең қолдану мүмкіндігіне қарай анықталады.

Рекомбинанттық вирустар негізінде вакциналар жасап шығаруда жаңа вакцинарды іздестіру және қолданыстағыларды жетілдіру қазіргі кезеңнің ең перспективті бағыты ретінде қарастырылады.Бұл процестің мәнісі – тексерілген қауіпсіз және тиімді вакциналық вирусты пайдалану және олардың геномына қажетті патогендердің иммуногенді ақуыздарын кодтайтын гендерді тіркеу жолымен модификациялау.

Рекомбинанттық вирустар негізінде дайындалатын вакциналардың артықшылығы:

қауіпсіз және тиімді вакциналық вирусты таңдап алу мүмкіндігі;

патогеннің (антигенің) ең қажетті әртүрлі ақуыздарын геномға тіркеу (қосу) мүмкіндігі;

рекомбинантты вирустың иесінің жасушасына жеңіл енуі;

антигенді көп мөлшерде алу мүмкіндігі;

вектор-вирустың ақуыздарының адъюваттық әсер ету қабілетінің болуы;

вектор-вирустың жасушаішілік көбеюі иммундық жүйенің компоненттеріне антигенді тікелей тиімді жеткізуді қамтамасыз ету қабілеттілігі;

гуморальдық және жасушалық иммунитетті қамтамасыз етуі;

олардың кейбіреуін лиофилизациялау және арнайы тоңазатқыш қондырғыларысыз сақтау мүмкіндігі.

Шектеулері (кемшіліктері):

вирустардың бәрі бірдей генетикалық реконструкциялауға көнбейді, және де олардан алынған рекомбинанттардың иммундық жауап қоздыру қабілеттілігі бойынша үлкен айырмашылығы болады.

вирустық вектордың өзі антиген болып табылады, және де кейбір вирустар қабыну процестерін қоздырады, яғни реактогенділік қасиеті бар. Бұл процестер олардың типіне, орналасуына және көрінісіне байланысты иммундық жауапты күшейту үшін пайдалы болуы мүмкін, бірақ зиянды әсер етуі де ықтимал.

ДНҚ –ды вакциналар. Бұл бағытта вакцина іздестірудің мақсаты ауқымды - ол тек қана жұқпалы аурулардың алдын алу үшін вакциналар жасаумен қатар, созылмалы жұқпалы ауруларды, қатерлі ісіктерді, аутоиммунды ауруларды, аллергияларды емдеу үшін де препараттар шығаруды қамтиды. Минимальды гендік қосылыс жасаумен плазмидалық шеңберлі ДНҚ-н пайдалану бактериялық және вирустық векторлар негізіндегі вакциналарға тән кемшіліктерден арылу жолдарын қарастыру болып табылады. Жаңа идеяның мәнісі- плазмидалық ДНҚ-ң ақпараттық құрылымын қарапайымдылау және оған патогеннің тек қана қажетті генін (немесе бірнеше гендерін) және жасушада осы гендерді экспрессиялау үшін керекті элементтерді енгізу. Ол иммунизациялау процесін асқындыратын қажетсіз ақуыздардан құтылуға мүмкіндік береді. Плазмидалардың конструкциясын осылай унификациялау әртүрлі патогендерге қарсы жеткілікті мөлшерде бірегей технологиялық вакциналар алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде зерттеушілердің көбісі осы мәселемен айналысуда.

Жалаң плазмидалардың жасушаға енуі, сонан соң ядросында геннің немесе гендердің транскрипциялануы мүмкін емес деген көзқарасқа байланысты жалаң ДНҚ негізінде вакцина жасау идеясы алғашқыда күмән туғызған болатын.

1990 жылы Вольф әріптестерімен бірге плазмидалық жалаң ДНҚ-ң жасушаға ену қабілеттілігі болатыны туралы сенімді дәлелдер келтірді.. Осыған орай, вирустық векторларды пайдаланбай-ақ жануарлар организміне гендерді енгізуге болатыны туралы сенімді дәлелдер келтірді.Осыған орай, вирустық векторларды пайдаланбай-ақ жануарлар организміне гендерді енгізуге болатыны туралы зерттеулер ағымы бүгінге дейін үдемелі жүргізіліп келеді.

Иммундау мақсатында патоген антигендерінің дайын ақуыздық препаратын жасуша цитоплазмасына тікелей енгізуді іске асыру өте қиын, ал ДНҚ – жсуша ядросына еніп,патоген ақуызының жасушаішілік экспрессиясын іске қосады да,нәтижесінде МНЖ (МНС) І кешенімен пептидтердің презентациялануын және жасушалық иммундық жауаптың (СД8+) индуцирленуін қамтамасыз етеді.

Жаңа формадағы вакцинаның перспективтілігін дәлелдеу үшін жасушаға жалаң ДНҚ-ын тиісті орынға, жеткілікті дозада және көлемде жеткізу тәсілдерін жетілдіру үшін қосымша зерттеулер жүргізу керек болды.

ДНҚ-н қажетті көлемде енгізудің қиындықтарын жеңу үшін қарапайым физикалық стратегия ұсынылды: алтыннан жасалған микробөлшектерге жапсырылған ДНҚ-н гендік зеңбіректердің көмегімен электропорациялау және иньекциялау.

Электр импульстарымен өңдеу жолымен электропорациялау кезінде жасушалық мембраналарда уақытша қуыстар пайда болады. Бұл қуыстар плазмидалық ДНҚ-ның жасушаға тиімді өтіп кетуіне мүмкіндік береді. Сондықтан патоген ақуыздарының экспрессиялануын күшейтеді, нәтижесінде вакцинаның потенциалын жақсартады.

Плазмидалық ДНҚ-ң өзі инертті матрица емес, ол белгілі реттіліктер қоршауындағы гипометилирленген СрG болуына байланысты туа біткен иммунититетті ынталандырады. Сондықтан плазмида цитокиндерінің (мысалы IL-6, IL-12, ісік некрозының α-факторы, γ- және α-интерферон) көбеюін және Тh-1 жасушалардың басым болуымен CD4+Т-жасушалық жауаптың поляризациялануын қоздырады.

ДНҚ–вакциналар әртүрлі вирустардың, бактериялардың паразиттердің, қатерлі ісіктердің ақуыздарына қарсы антиденелер түзілуін қоздырады.ДНҚ- вакцинаның артықшылығына шырышты қабаттың жүйелі иммундық жауабын қосымша индуцирлеу мүмкіндігі жатады. Плазмидалық жолақ ДНҚ-н бұлшық етке гендік зеңбіректің (пушканың) көмегімен енгізу секрециялық мукозды IgА-ның әлсіз өндірілуін туғызады. Катиондық липидтермен немесе монофосфориленген А липидпен комплексті түрде инъекциялау, микробөлшектеп капсулалау, микроагрегирлеу тәсілдерін қолданып бұлшықет ішіне, оральді және интраназальды жолмен енгізгенде плазмидалық ДНҚ-ның шырышты қабаттарда едәуір деңгейде секрециялық Ig А өндіру қабілеттілігінің артатынын көрсетті.

ДНҚ-вакцинациялар бойынша клиникалық мәлеметтер:

● вакцинаны организм жақсы қабылдайды;

● қауіпсіз-иесінің геномына интеграцияланбайды; аутоиммунды емес, иммунды толеранттылық туғызбайды;

● пациенттердің бәрінде (соның ішінде АИВ-инфекция жұқтырғанда) гуморальдық, жасушалық (соның ішінде Т-хелперлік) иммундық жауап қалыптасады.

Мукозальдық вакциналар. Соңғы кезде асқазан-ішек, тыныс алу, несеп-жыныс жолдары немесе кнъюктива арқылы иньекциясыз енгізуге болатын вакциналар шығаруға үлкен көңіл бөлініп отыр.Оларды мукозальдық вакциналар деп атайды. Мукозальды жүйенің ауданы 400м2 –ден көп, және де кейбір параметрлері бойынша лимфоидты жүйенің ерекше айырмашылықтары бар: мукозальды жүйенің лимфоидты тіндерінің массасы тимус,сүйек кемігі, көкбауыр және лимфа түйіндерінің масасынан (бәрін бірге алғандағы) едәуір жоғары; организмнің қартаю процесі барысында мукозальды және лимфоидты тіндердің функкциясы әлсіремейді. Патогендерден қорғайтын мукозальдық факторларға жасушалық тосқауылдар, шырышты қабаттарда орналасқан иммундық жүйенің арнайы жасушалары (CD-4 лимфоциттер, антиген спецификалық CD-8 лимфоциттер), секрециялық А иммунды глобулиндер жатады. Мукозальды вакциналар организмге енгізу жолы бойынша пероральды (оральды, энтеральды), интраназальды, интравагиналды, және перректальды деп бөледі. Мұндай препараттар антигенді керекті мөлшерде тиісті ағзаға жеткізуді қамтамасыз етуі, оны деструктивті процестерден сақтауы, енгізген жерде антиген ұзақ уақыт болуына жағдай жасауы керек. Қазіргі кезде мукозальды вакциналарды егу тәсілі екі бағытта дамып келеді: интраназальды және пероральды иммундау.

Вакцинаны парентеральды жолмен енгізуге қарағанда интраназальды мукозальды тәсілмен иммундаудың артықшылығы бар. Мұрын қуысына енгізу жеңіл және ол жер васкуляризацияланған, көптеген бүрлері (ворсинки) адсорбциялық үрдіс үшін үлкен беткейлік аудан болып табылады.Интраназальды иммундаудан кейін жергілікті әрі жүйелі иммунитет қалыптасуы байқалады.Интраназальды тәсілмен вакцина егу тұрғындардың үлкен тобын иммундауға қолайлы, қымбат емес және пациенттер үшін өте ыңғайлы. Оральды-энтеральды әдіспен вакцина егудін кейбір кемшіліктері бар.

Жасушалық вакиналар. Дендритті жасушалар (ДЖ) антигенпрезенттеуші жасуша ретінде адаптациялық иммунды жауапты индуцирлейді; үйлестіреді және реттейді.Сндықтан оларды жасушалық вакцина алу үшін пайдалану табиғи үрдіс болып табылады.Пациенттерден дендритті жасушаларды бөліп алып, оларды спецификалық антигенмен жүктемелеу вирустардың иммундық жауаптың әсерінен құтылып кетуін бейтараптаумен қатар, мақсатты түрде тиісті антигендерге қарсы антиденелер түзілуін қамтамасыз етеді. Дендритті жасушаларды вакцина ретінде пайдаланудың біраз қолайлы факторлары бар: олардың типшелерінің көп болуы; әртүрлі иммунды жолдары, екіншілік иммунды ағзаларда орналасуы, жетілу үрдісін реттеу мүмкіндігі; антигенмен жүктемеленген дендритті жасушаларды МНЖ (МНС) кластарының әрқайсысына немесе бәріне бірдей бағыттау мүмкіндігі.

Жетілген дендритті жасушаларды көбейтіп алуды моноциттерде жүргізуге болады. Ол үшін гранулоцитті- макрофагальды колониясын стимулдеуші фактор және ИЛ(IL)-4 жағдайда және қосымша факторларды енгізу арқылы бірнеше күн бойы дақылдандыру керек. Дендритті жасушаларды қаннан алуға болады, олар миелоидты және лимфоидты субпопуляциялардың өндірілу көзі болып табылады.Қанда олардың саны аз болғанымен,вакцинациялау мақсатында қолдануға жеткілікті.Дендритті жасушаларды антигенмен жүктемелеу жасушалар беткейіндегі МНЖ І және МНЖ ІІ –мен тікелей байланысуы үшін көбіне оларды пептидтермен бірге инкубациялау жолымен атқарылады. Альтернативті тәсіл ретінде дендритті жасушаларға рекомбинантты вирустық ақуыздарды, рекомбинантты вирустарды, ДНҚ- вакциналарды енгізу қолданылады. Жасушалық вакциналарды организмге енгізу әртүрлі жолмен атқарылады. Әрине, жасушалық вакциналар жаппай қолдану үшін емес, жеке адамдарды емдеуге арналған, және де жасушаларды дақылдандыру үшін арнайы жабдықталған зертхана болуы тиіс.

Вирустарға қарағанда қатерлі ісіктердің иммунды жауаптан құтылып кету мүмкіндігі әлде қайда күрделі болатындығына байланысты, онкологияда пациентті адресті спецификалық иммундық тәсілмен емдеу үшін жасушалық вакциналарды қолдануды кеңінен дамыту ерекше орын алады

Жасушалық вакциналарды қолданудың қызығушылық тудыратын басқа бағыты – аутоиммунды ауруларды емдеу үшін және трансплантация кезінде Т- реттеуші жасушаларды пайдалану болып табылады.

Соңғы жылдары медициналық тәжірибиеде жетілдірілген жаңа буынды вакциналар қолданыла бастады. Бұл вакциналардың өзіне тән артықшылықтары және кемшіліктері бар (13.5-кесте).

Кесте 13.5.

Жаңа буындық вакциналардың жалпы сипаттамасы

Вакцина Артықшылықтары Кемшіліктері
1 2  
Пептидтер Жабайы пептидтерден тайырмашылығы бар эпитоптарға иммундық жауапты шектеуге болады. Эпитоптарды шектеуге болады Жеңіл синтезделеді, стабильді Құрамын көбейтіп, комбинирлеуге болады. Спецификалық эпитоптар туралы білімді қажет етеді. МНЖ тиісті типтеріне байланысты иммуногенділігі шектеген. Адьюванттармен бірге енгізуді қажет етеді.
Рекомбинантты ақуыздар Гендік инженерия әдістері жақсы қамтылған Стабильді Трансляцияланудан кейінгі ақуыздардың модификациясы табиғи варианттарына сәйкес келмейді
Плазмидалық (жалаң) ДНҚ Мақсаттағы бағытына конструкциялау мүмкіндігі. Алуы жеңіл, ситабильді. Организмге тікелей немесе арнайы жабдықпен енгізуге болады. Гендік анитигендерді дәл білуді қажет етеді. Тиімділігі төмен (әлсіз). Иммундық жауаптың Th2 типіне ығысу қауіпі бар.
Вирустық векторлар Әр түрлі антигендерді және иммунды стимулдеуші молекулалармен және циптокиндермен қосатын экспрессиялау мүмкіндігі. Әр түрлі вирустық вениторларды пайдалану мүмкіндігі. Кейбір вениторлар үшін жасушалық иммундық жауаптың сипаты белгілі. Векторлық вирус антигендерінің доминанттық көрініс беруі. Векторлық вирусқа ізашарлық иммунитент қажеттілігі. «Тірі» векторлық вирустардың дыштылық көрініс беру қаупі.
Модифицирленген ДЖ ДЖ-ің әртүрлі типтерін және әртүрлі жолдармен миграциялануын пайдалану. Үлкен көлемде ДЖ-ті көбейту мүмкіндігі. Антигендердің белгілі және сипаттамасыз бөлу мүмкіндігі. Жетілген ДЖ-ті антигендердің әртүрлі типтерімен жүктемелеу (загрузка) мүмкіндігі. Жасушаларды зақымдандыру қажеттілігі. Бағасының қымбат болуы. Антигеннің әрбір типі үшін опитимальды жағдай жасау қажеттілігі. Толеризациялау мүмкіндігі. Ақырғы өнімді стандарттау критериінің болмауы.

Вакцинамен алдын-алудың қауіпсіздігі.

Вакцинация кезінде қолайсыз жағдайлар пайда болуы ықтимал. Олар келесі жағдайлармен байланысты:

Вакцинаны өндірістік жағдайда дайындау кезіндегі олқылықтармен.

Вакцинаның өзімен және немесе оның микроорганизммен өзара әсерлесу ерекшеліктермен.

Вакцина егу ережесінің бұзылуымен және немесе қолдану нұсқауын орындамаумен.

Егу жүргізу кезінде қосымша (ілеспе) патологиялық процестермен қатар келуі.

Медициналық иммунды-биологтялық препараттарды- қолдану негізінде болуы мүмкін жағымсыз әсерлерді (эффекті) шартты түрде үш топқа бөледі: А-препаранттың өзінің әсерімен байланысты;В- препаратқа әрбір жеке тұлғаның реакциясымен байланысты; С-«статистикалық» деп аталатындармен байланысты.

А-типті жағымсыз әсерлер – препараттардың өзінің нағз қолайсыз (жанама) әсер етуі. Олар дозаға байланысты, біраз уақыттан кейін пайда болады, сондықтан клиникалық сынақтау кезінде анықталмайды.В-типті жағымсыз әсер ету (пациенттің жеке басына тән реакция) әдетте кенеттен басталып, жылдам және ауыр түрде өтеді. Оған нағыз және жалған аллергиялық реакциялар жатады.С-типті жағымсыз реакциялар-ол «статистикалық эффектілер» жағымсыз жанама әсерлердің жиілігін статистикалық әдістермен бағалауды пайдаланған кезде анықталады.

Вакцина егуден кейінгі кезеңде байқалатын жанама әсерлер.

Жергілікті реакциялар:

Енгізген жерде абсцесс пайда болу(бактериалық,стерильді).

Лимфаденит(соның ішінде іріңді қабыну).

Жергілікті ауыр реакция(буыннан тыс жердің ісінуі, 3 күннен артық уақыт терінің қызаруы, ауыру байқалу,ауруханаға жатқызу қажеттілік туындауы).

ОЖЖ (ЦНС) жағынан пайда болатын жанама реакциялар:

Жедел солғын салдану (паралич): жедел солғын сал болу (алы, бәрі соның ішінде вакцинды-ассоциацияланған полиомиелит, Гейнс-Барр синдромы(бет нервінің оқшауланған салдану болуынан басқалары).

Энцефалопатия (6 сағат ішінде айқын есінен танумен қабаттасатын тырысулар және \ немесе 1 тәулік және одан да артық уақытта байқалатын мінез-құлқының өзгеруі).

Энцефалит (вакцинациядан кейін 1-4 апта уақыттан кейін пайда болған өзгерістер –энцефалопатия кезіндегідей, және жұлын сұйықтығында –пиноцитоз және немесе вирус табылуы).

Менингит.

Тырысулар (ошақтық белгілері жоқ-фибрильді және фибрильсіз).

Басқа жанама реакциялар:

Аллергиялық реакциялар(анафилактикалық естен тану,анафилаксикалық реакциялар- ларингоспазм, ангионевротикалық ісіну, есекжем,теріде бөртпе пайда болу).

Артралгиялар (персистирлеуші, транзиторлы).

Жайылмалы(генерализованная) БЦЖ – инфекция.

Дене қызбасы (жеңіл- 38,5оС–ке дейін, ауыр -40оС дейін және гипертроксия-40оС жоғары).

Коллапс(кенеттен бозару, бұлшық ет атониясы, есінен тану-1 күн).

Ұзақ уақыт жылау (3 сағаттан астам).

Остеит/остеомиелит: БЦЖ-дан соң, 6-16 сағаттан кейін.

Токсикалық шок синдромы(бірнеше сағаттан кейін басталып 24-48 сағаттан кейін өліммен аяқталуы).

Сепсис.

Вакцинадан кейін 4 сағат ішінде байқалатын басқа жанама реакциялар (соның ішінде ешқандай себепсіз өліммен аяқталатын жағдайлар).

Диагностикалық препараттар. Иммундық жүйенің жұмысының өзгеруімен байланысты туындаған жұқпалы және жұқпалы емес аурулар кезінде, иммундық дәрежені бағалау үшін медицинада көп диагностикалық препараттар мен жүйелер табылып, тәжірибеде қолданылды. Олардың әсер етуі механизімі in vitro және in vivo сынақтары арқылы ашылған жасушалық және гуморалдық реакцияларға негізделген.

Рекциялар кешені әртүрлі және оған кіретіндері төменгідей:

спецификалық табиғи антиген, немесе рекобинантты ақузыдар, спецификалық пептидтер және моноклоналды антиденелрге негізделген антиген-антидене реакциялары;

амплификация мен молекулалық гибридизацияға негізіделген генетикалық титрлеу;

иммундыкомпетентті жасушалардың сан-сапасын анықтайтын жасушалық реакциялар;

табиғи төзімділіктің факторларын анықтау (компелемент, интерферон, лизоцим, т.б.);

иммунитетті реттеуге қатынасатын иммундыцитокиндер мен басқа биологиялық белсенді заттарды анықтау;

тері сынамасы және реакциялар, мысалы, аллергиялық..

Реакцияларды жүргізу техникасы және оған қажетті саймандардың саны өте көп: қара-пайым пробиркадан бастап автоматталған, компьютерленген жүйелермен аяқталады.

Кейінгі уақытта биосенсорлық тест-жүйелер жемісті дамып келе жатыр. Олардың жұмыс істеу принципі - детекторлар арқылы физикалық (опалесценция, агглютинация т.б.) және химиялық (жаңа өнімдер мен қосындылардың пайда болуы) арнайы иммунды реакциялар жүрген кезде пайда болатын көрністерді тіркеу.

Аллергиялық, иммунологиялық және қатерлі ісік процестерінің, органды ауыстыру жұмыстарының диагнозын қою үшін жүздеген препараттар мен жүйелер табылып жасал-ған.

Иммунологиялық прициптерге негізделіп жасалған диагностикалық препараттардың сезімталдығы, спецификалығы және мәліметтілігі басқа сынақатарға қарағанды өте жоғары. Моноклоналдық антиденелерді, тазартылған және арнайы антигендерді қолдану аталған реакциялардың сапасын одан әрі жоғарылатты.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: