double arrow

ISBN 978-601-241-059-4 4 страница

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыспен қамтылғандар үлесінің аз болуы байқалады, егер Еуропаның дамыған елдерінде аталған көрсеткіш 16-25% деңгейінде болса, Қазақстанда тек 7,2% құрайды. Өңірлер бөлінісінде өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесі Қарағанды (20,1%), Павлодар (12,1%) облыстарына және Алматы қаласына (10,3%) тән.

«Жасырын жұмыссыздық» немесе өзін-өзі жұмыспен қамту проблемасы ел экономикасының дамуындағы ең өзекті мәселе әрі кедейшіліктің негізгі факторларының бірі болып табылады. Республикада 2009 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтитын халық саны 2664,6 мың адамды немесе елдің жұмыспен қамтылған халқының 33,7 %-ын құрады, оның ішінде қалалық жерде - 18,7%, ауылдық жерде 50,0%. Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтитындар саны XX ғасырдың 40-50 жылдары Еуропадағы аграрлық сектордың өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың үлесіне сәйкес келеді. Ұсақ тауарлы ауыл шаруашылығы жағдайындағы ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтудың өсуі табыстың біршама артуына әкелмейді және кедейліктің сақталуына себеп болады.

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтитындар көлемі мен сапалық құрамы өзінөзі жұмыспен қамтитындардың негізгі үлесін жоғары білікті жұмысшылар құрайтын бұрынғы индустриялық елдердің практикасынан өзгеше.

Сонымен бірге елде жұмыспен қамту құрылымы білікті кадрларды даярлау құрылымынан мүлдем өзгеше. Мәселен, қызмет көрсету саласында ЖОО-да даярланған мамандарға Қарағанда едәуір көп адам жұмыс жасайды. Ал өнеркәсіпте жұмыс істеу үшін мамандар даярлау оған деген сұраныстан көп. Техникалық мамандығы бар жұмысшылардың жетіспеуі кәсіпорындарды шетелден білікті кадрлар тартуға мәжбүрлейді.

Ауыл шаруашылығындағы жағдай керісінше: аталған салада жұмыспен қамтылғандардың үлес салмағына қарағанда ауыл шаруашылығы үшін жаңа мамандар үлесі едәуір артта қалды.

Осылайша, жоғары білімі бар кадрлар даярлаудың қазіргі жүйесі экономиканың біліктілік талаптарына жеткілікті түрде сай келмейді. Осыған орай, білім саласында алдағы он жылдықта, жұмыспен қамту болжамын және еңбек нарығының мұқтаждығын ескере отырып, кадрларды даярлау құрылымын жетілдіру қажет. Болжамды 2010 - 2020 жылдар кезеңінде Қазақстанның экономикалық белсенді халқының саны 7,5 %-ға артады және 2020 жылға қарай 9164,0 мың адамды құрайды.

Елде болжанып отырған кезеңде жұмыспен қамтылғандар саны 2020 жылға дейін 9,1 %-ға артады, ал жұмыспен қамтылу деңгейі экономикалық белсенді халық санының 95,0 %-на жетеді. Тиісінше жұмыссыздық деңгейі 2010 жылғы 6,6 %-дан 2020 жылға қарай 5,0 %-ға дейін қысқарады. Аталған үрдіс Қазақстанның барлық өңірлеріне тән болады, әсіресе жұмыссыздық деңгейінің барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында күтіледі (2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі тиісінше 4,0 %-ды, 5,1 %-ды және 4,5 %-ды құрайды).

Жұмыспен қамтудың құрылымы бойынша болжанатын кезеңнің соңында қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың үлес салмағы 2010 жылғы 29,7 %-дан 2020 жылға дейін 36,5 %-ға артады және керісінше, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында жұмыспен қамтылғандар тиісінше 29,1 %-дан 22,0 %-ға дейін төмендейді. Бұған себеп - ауылдық жерлерден еңбекке қабілетті адамдардың кету ағынының тоқтамауы болады.

Өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандардың жоғары үлесі 2020 жылға қарай

Маңғыстау (29,4%), Ақтөбе (14,8%), Батыс Қазақстан (7,2%), Солтүстік Қазақстан (6,9%) облыстарында болжанып отыр. Елде қызметкерлер санаттары (жұмысшылар, қызметшілер) бойынша жұмыспен қамтылғандардың болжамды деректері 2020 жылға дейін жалдамалы қызметшілер санының 2009 жылғы 47,9 %дан 2020 жылға қарай 42,5 %-ға дейін жұмысшылардың үлес салмағының төмендеуін айғақтайды. 2020 жылға дейінгі кезеңде құрылымдық өзгерістер өнеркәсіпте, құрылыста және ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандардың белгілі бір үлесінің төмендеу нәтижесінде көрінетін еңбек өнімділігі өсімінің ықпалында болады, онда жұмысшылардың үлес салмағы басым (60-70% астам) болып келеді.

Еңбек ресурстарының экономиканың заңды секторына өтуі үшін мемлекет қосымша ынталандырулар жасайды, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту үшін мемлекеттік квота бөлуді 50 %-ға дейін арттыру шеңберінде иммигранттар арасында білікті мамандар санының өсуі қамтамасыз етіледі, жұмысқа қабілетті жастағы этностық репатрианттардың 80% жұмыспен қамту үшін жағдай жасалады.

Елде жұмыссыздық деңгейін төмендету жөнінде келесі шаралар қажет: - белсенді еңбек саясаты азаматтардың, әсіресе жұмыссыздардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау, атап айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтер, қоғамдық тамақтандыру, көлік қызметтері, жалпы құрылыс жұмыстарын, ұйымдастыру техникасына қызмет көрсету мен жөндеу салалары және тағы басқалар;

- жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда жұмыс орындарын көбейту үшін қажет жағдайларды қамтамасыз ету, өңірлердегі қалпына келтірілген (жанданған) кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және құрылып жатқан ірі және орта кәсіпорындар үшін шағын кәсіпкерліктің ілеспе немесе қызмет көрсететін өндірістерінде жұмыс орындарын ашу;

- елде техникалық және кәсіптік білім беру желілерін кеңейту, кәсіби білім беру жүйесінің икемділігін арттыру, оның түрлі мамандықтағы мамандарға деген сұраныста болып жатқан өзгерістерге орай ескіргенін жаңа мамандықтарға қайта бейіндеу арқылы жылдам ден қою қабілетін арттыру және басқалары.

Елдегі, атап айтқанда, оңтүстік өңірлеріндегі техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының желісін жедел әрі жүйелі түрде өрістету проблемасы өзекті бола түсуде, республиканың ірі қалаларында жұмыссыздар немесе біліктілігі төмен жұмыс күшін азайту мақсатында жергілікті халықтың кәсіби және аумақтық ұтқырлығын арттыру қажет.

Кадрлардың ықтимал тапшылығын жою мақсатында басым салалардың дамуымен және өңірлік инвестициялық жобаларды іске асырумен сәйкестікте мамандардың біліктілік деңгейіне жұмыспен қамту болжамы жасалады. Жыл сайын орташа есеппен 57,6 мың адамдай еңбек ресурстары қажет, талап етілетін мамандықтардың ең жоғары үлесі - өнеркәсіп саласында (32,4%) және ауыл шаруашылығында (27,3%). Болжамды деректер бойынша, жоғары білімді мамандардың жыл сайын күтілетін түлектері 155,2 мың адам, ал техникалық және кәсіптік мамандар саны - 168,5 мың адам. Нәтижесінде елдегі еңбек ресурстарына деген қажеттілік толық өтеледі.

Осылайша, өңірлердің еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі оңтүстік және батыс өңірлерде - жоғары әлеуетпен, елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде еңбекке қабілетті жастағы халық санының біртіндеп қысқаруына байланысты төмен, әсіресе перспективада төмен әлеуетпен сипатталады.

Перспективада елдің жекелеген өңірлерінде еңбек ресурстарының теңгерімді қамтамасыз етілуі үшін ішкі көші-қон үрдістерін тиімді реттеу қажет. Мамандарды даярлауды еңбек нарығының болжамды қажеттіліктерімен және экономика дамуының ұлттық бағдарламаларымен сәйкес жүзеге асыру керек.

Тақырыпты игеруді бақылау сұрақтары

1. Кадр ұғымы және олардың жіктелуі.

2. Аймақтың еңбектік әлеуетін бағалау көрсеткіштері.

3. Аймақтың кадрлық саясаты және оны дайындау.

4. Казіргі кездегі ҚР аймақтарындағы еңбек нарығының ерекшеліктері.

5. Аймақтың кадрлық әлеуетін жоғарлату жолдары.

7 тарау. Аймақтың қаржылық ресурстары

7.1 Аймақтық қаржы және оны басқару.

Аймақтық қаржы – бұл аймақтың ақшалай-қаражат ресурстары. Олардың негізгі көздеріне мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржылық ресурстар, аймақ бюджетіне түсетін әртүрлі төлемдер.

Қаржылық жоспарлау - ол ең бірінші кезеңде қаржылық талдау мәліметтері негізінде жүргізіледі. Екіншіден, бюджетті қалыптастыру. Үшіншіден, бюджеттің жұмсалуын бақылау. Бюджетті дұрыс бақылау үшін және қаржыны тиімді басқару мақсатында бақылау ривизиялық органдар тағайындалады.

Қаржылық жоспарлау қаржыны басқарудың ең маңызды қызметі болып табылады. Қаржылық жоспарлауды даярлау әр деңгейде келістіру атқарушы органдармен жүзеге асырылады. Әр аймақтағы басымды дамытуға қажетті салалар аймақтың қазіргі даму деңгейімен және болашағымен айқындалады. Қаржылық жоспарлауды даярлауды бюджетті құраумен қатар жүргізгені дұрыс.

Бюджетті бекітуді халықтың қызығушылығын білдіретін немесе халықтың қызығушылығын сақтайтын, ескеретін заңды орган. Қаржылық жоспарлау билік органдарымен көбінесе бекітілмей бюджеттің жобасы ретінде қолданылады.

Аймақтық бюджет дегеніміз – аймақтың міндеттері мен қызметтерін орындауға арналған ақша құрамдарын құру мен жұмсаудың түрі немесе формасы.

ҚР- да аймақтардағы бюджеттік қатынастарды реттеудің түрлері:

1. Аймақтық бюджттерді құру, талқылау, бекіту және орындау есептерін

бекіту;

2. Аймақтардағы салық пен төлемдерден түскен табысты аймақтық бюджет пен жергілікті бюжетке бөлу;

3. Аймақтық бюджетке суъбектілердің мүлкінен түскен табыстарды және басқада төлемдерді аймақтық бюджетке жіберу тәртібін бекіту;

4. Заңдарға сай аймақтық бюджет пен жергілікті бюджеттің міндеттерін құқықтарын бөлу;

5. Аймақтық бюджеттен жергілікті бюджетке қаржылық көмек көрсету тәртібі мен шарттарын бекіту;

6. Несие беру шарттары мен тәртібін бекіту.

Аймақтық бюджеттің табыстары салық, салықтан тыс табыстар және жеке тұлғалардың ақысыз аударымдарынан құралады.

Аймақ бюджетіне аймақтық салықтар, төлемдер кіреді және олардың тізімі мен ставкасы ҚР-ның салық туралы заңдарымен бекітіліп жиналады. Аймақтық бюджеттің салықтық емес табыстарына келесілер жатады:

1. Аймақ мүлкін сатудан түскен қаржы;

2. Аймақтың меншігіндегі мүлікті жалға беруден және уақытша

пайдалануға беруден түскен қаржы;

3. Несиелік ұйымдардың есеп шоттарында қалған бюджеттік құралдардан процент түрінде алынатын қаржы;

4. Залогқа берген аймақтық мүліктен түскен қаржы;

5. Басқа аймақтан тыс тұлғаларға берген бюджет құралдарынан түскен ақы;

6. Аймақ кәсіпорындарының пайдасы;

7. Аймақта ақылы қызметтерден түскен табыс.

7.2 Аймақтардың қаржылық жағдайын бағалау

Аймақтардың қаржылық жағдайын бағалағанда аймақтың дамуы көрсеткіштеріне сүйенеміз.

Аймақтық даму дегеніміз – бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы.

Аймақтың экономикалық даму көрсеткіштері:

1. Жан басына шаққандағы аймақтық өнім, ұлттық табыс;

2. Жеке материалдық игіліктерді тұтыну деңгейі;

3. Аймақ тұрғындарының өмірлерінің ұзақтығы;

4. Табыстардың дифференциялануы деңгейі; 5. Аймақ тұрғындарының денсаулық деңгейі;

6. Аймақ тұрғындарының білім деңгейі.

БҰҰ елдердің даму деңгейін салыстыру мақсатында адамның даму индексін қолданады. Бұл индекс 0,1 ге тең болады және оны есептеу үшін 3 экономикалық даму көрсеткіштері қолданылады:

1. Туылған кездегі күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығы;

2. Интеллектуалдық әлеует – халықтың сауаттылығы, оқудың орташа ұзақтығы;

3. Валютаның сатып алу қабілеті мен табыстың шекті пайдалылығының төмендеуін ескере отыра есептелінген жан басына шаққандағы табыс.

Қазақстан өңірлерін әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бойынша жіктеу

Ел өңірлерінің ағымдағы жай-күйі мен даму перспективасын жинақтайтын ең басты көрсеткіш олардың жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы болып табылады. Осы ерекшелікті ескере отырып өңірлерді бес топқа бөлуге болады:

1. Дамудың қарқыны төмен өңірлер:

Жамбыл облысы.

Облыстың экономикалық мамандануы индустриялық-аграрлық сипатқа ие. Облыстың ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 17,0%, ауыл шаруашылығы - 12,8% құрайды. Өнеркәсіп, негізінен, тағам және химия өндірісінен (фосфор мен фосфор тыңайтқыштарын өндіру) тұрады. Өнеркәсіп өндірісі дамуының төмен деңгейі және оның республикалық көлемде үлесі төмендеуінің келеңсіз үрдісі орын алып, ол 1990 жылғы 6,5 %-дан 2009 жылғы 1,3 %-ға дейін қысқарды. Облыстың өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтылғандар саны 1985 жылмен салыстырғанда 3 есе қысқарды және 2009 жылы 23 мың адамды құрады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Экономикалық мамандану. Облыс елдің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі болып табылады: ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі бойынша республика көлемінде Қостанай облысынан (15,8%) кейін 2-орын алып отыр (14,6%). Өңірдің ЖӨӨ құрылымында ауыл шаруашылығының үлес салмағы 34,6 %-ды, өнеркәсіп - 10,4 %-ды құрайды. Өнеркәсіп тағам саласынан және машина жасаудан тұрады.

Соңғы он жылда облыстың өнеркәсіп өндірісінің абсолютті көлемінің ұлғаюына қарамастан өнеркәсіп өндірісінің республикалық көлемінде алатын үлесі 1990 жылғы 6,9 %-дан 2009 жылғы 0,9 %-ға дейін төмендеді, бұл ел өңірлері ішінде ең төмен көрсеткіш болып табылады.

Ақмола облысы

Экономикалық мамандану. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу облыс мамандануының негізгі саласы болып табылады. Республикалық ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде облыстың алатын үлесі - 13% (4-орын), ауыл халқы санының жоғары пайызы - 54,8%. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы құрылымында - өсімдік шаруашылығы - 76%, оның ішінде астық өндіру - 56,8% басымдыққа ие.

Облыстың ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп 13,2 %-ға ие және ол уран, алтыны бар рудалар өндіруден, машина жасаудан, химия және фармацевтикалық өнеркәсіптен, құрылыс материалдарын өндіруден тұрады.

Табиғи құнарлы топырағы бар ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы облыстың астыққа мамандануын айқындайды, ол республикалық астықтың 1/5 астамын құрайды, оның ішінде жоғары сапалы бидайдың 1/4 береді.

Қызылорда облысы

Экономикалық мамандану. Облыс республиканың индустриялық өңірлері қатарына енеді, облыс экономикасының құрылымында өнеркәсіптің үлесі 50%. Алайда өндіріс құрылымында маңызды теңгерімсіздік байқалады - тау кен өндіру өнеркәсібі өңдеу өнеркәсібіне қарағанда басым келеді: тиісінше 93,3% және 4,9%.

Облыс ас тұзы, кварц құмы, балық өнімдері бойынша ірі өндіруші және жеткізуші, ал күріш өндіру бойынша - жалғыз өндіруші және жеткізуші болып табылады. Республика өндірісінің жалпы көлемінде облыс үлесіне күріштің 90 %ы, ас тұзының 70 %-ы келеді.

2. Даму қарқыны орташа деңгейден төмен өңірлер

Қостанай облысы

Экономикалық мамандану. Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі үлесі бойынша 1-орын (15,8%) және өнеркәсіп өнімдерін өндірудегі үлесі бойынша 10-орын (3,4%) ала отырып елдің индустриялық-аграрлық өңіріне жатады. Өңірлік ЖӨӨ құрылымында ауыл шаруашылығының үлес салмағы - 22,9%, өнеркәсіп - 22,1% құрайды. Облыс асбест, темір рудасы шекемтастары және темір рудасы өндірісі бойынша көшбасшы болып табылады.

Алматы облысы

Экономикалық мамандану. Облыстың ЖӨӨ-дегі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп үлестері тең дерлік. Аграрлық сектор жетекші болып табылады, ол республиканың ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14,0 %-ын береді. Өңір экономикасының аграрлық бағыты облыстың өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 45,4 %-ы тамақ өнімдерін өндіруді құрайтынынан көрінеді.

Батыс Қазақстан облысы

Экономикалық мамандану. Облыс индустриялық өңір болып табылады, облыстың республиканың өнеркәсіп өндірісінде алатын үлес салмағы 9,0% (Атырау және Маңғыстау облыстарынан кейінгі 3-орын) құрайды.

Өңірдің мамандануын тау-кен өндіру өнеркәсібі (табиғи газ бен газ конденсатын өндіру) айқындайды, ол облыстың өнеркәсіп құрылымында 89% алады. Өңдеу өнеркәсібі машина жасаудан және тағам саласынан тұрады.

3. Даму қарқыны орташа өңірлер

Ақтөбе облысы

Экономикалық мамандану. Ақтөбе облысы елдің индустриялық дамыған өңірлері қатарына жатады. Республиканың өнеркәсіп өндірісінде облыстың үлес салмағы 7,6% (5-орын) құрайды. Облыс экономиканың жеткілікті әртараптандырылған құрылымына ие. Облыстың ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп басымдыққа ие (42,9%), ол мұнай өндіру, қара металлургия және машина жасау кәсіпорындарынан тұрады.

Павлодар облысы

Экономикалық мамандану. Облыс республиканың ірі индустриялық өңірі болып табылады. ЖӨӨ-де мейлінше үлкен үлес салмағына өнеркәсіп (39,8%) ие, ауыл шаруашылығының үлесі - 5,9%.

Республиканың өңдеу өнеркәсібіндегі облыстың үлесі - 11,9% (Қарағанды облысынан кейін 2-орын). Салада аралық өнім (алюминий, қызылсаз, көмір, ферроқорытпалар, электр энергиясы) өндіру басым, олардың үлес салмағы 90% құрайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Экономикалық мамандану. Облыс индустриялық-аграрлық болып табылады: ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп 21,2 %-ды, ауыл шаруашылығы - 9,3 %-ды құрайды. Республиканың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі облыстың меншікті үлес салмағы төмен - 2,8% (12-орын). Елдің ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіруде облыстың үлесі 9,7% (5-орын) құрайды. Облыстың өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібі (68,4%) басымдыққа ие, тау-кен өндіру (21,6%) уран өндіруден тұрады.

Шығыс Қазақстан облысы

Экономикалық мамандану. Облыс елдің дамыған индустриялық-аграрлық аймағы болып табылады, алайда республиканың өнеркәсіптік өндірісіндегі оның үлесі салыстырмалы түрде үлкен емес (5,4%), 8-орын). Сонымен қатар республиканың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі жоғары - 11,8%. Басым сала болып табылатын түсті металлургия өнеркәсібінен өзге, өңірде машина жасау, энергетика, химия және ағаш өңдеу кәсіпорындарының, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өнеркәсібінен тұрады.

Маңғыстау облысы

Экономикалық мамандану. Облыс индустриялық дамыған өңірлерге жатады, республиканың өнеркәсіп өндірісіндегі облыс үлесі жоғары, ол 14,4% құрайды

(Атырау облысынан кейін 2-орынға ие).

Облыс экономикасының құрылымында тау-кен өндіру өнеркәсібі басымдыққа ие (91,9%), ол көмірсутегі шикізатын алумен айналысады. Өңдеу өнеркәсібі металлургия және дайын металл бұйымдарын өндірумен, машина жасаумен және химия өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындардан тұрады. Өңірдің мұнай-газ өндіруде мономамандануы өңірдің дамуының әлеуметтік жағына назар аударуды талап етеді.

4. Даму қарқыны жоғары өңірлер

Астана қаласы

Экономикалық мамандану. Қаланың экономика құрылымындағы үлкен үлес салмағына қызмет көрсету, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру секторы ие (республика бойынша көрсетілген қызмет көлемінде - 11,4% (Алматы қаласынан кейін 2-орын). Қалада қызметтер секторынан басқа, дамудың ұзақ мерзімді қала құраушы факторлары жоқ.

Қарағанды облысы

Экономикалық мамандану. Облыс елдің дәстүрлі маңызды индустриялық орталығы болып табылады. Облыстың республикалық өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде алатын орны жоғары және 8,9% (Атырау мен Маңғыстау облыстарынан кейін 3-орын) құрайды. Бұл жерде облыстың өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібі (81%) басым болып келеді. Облыс өнеркәсібінің жетекші салалары кенметаллургия кешені (оның ішінде қара және түсті металл, қымбат және сирек кездесетін металл, сондай-ақ қара және түсті металлургия мен металл өңдеу), көмір өнеркәсібі, машина жасау, химия және фармацевтикалық өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру болып табылады. Облыс бойынша өнеркәсіптің еңбектің қосымша саласы ретінде рөлінің төмендеуі байқалады. Соңғы 20 жылда өнеркәсіп саласында жұмыспен қамтылғандар саны 45,8 %-ға 248,3 мың адамнан 113,7 мың адамға дейін қысқарды, бұл жерде мейілінше көп дәрежеде қысқару машина жасау және металл өңдеу салаларында орын алды. 5. Көшбасшы өңірлер

Атырау облысы

Экономикалық мамандану. Облыс өнеркәсіп өндірісінің үлесі бойынша көшбасшы болып табылады: республика көлемінде облыс бірінші орынға ие (23,6%). Облыстың ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп 56,2 %-ды құрайды, оның ішінде 92,3% тау-кен өнеркәсібінен тұрады. Облыс әлеуеті қазіргі уақытта мұнай-газ өнеркәсібінің дамуымен айқындалады. Сондай-ақ өңір мұнай өңдеу, балық өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Өңір ерекшелігі ретінде жоғары экономикалық өсімнің бір салада (мұнай газ өндіру) шоғырланыптұйықталуы болып табылады. Бұл орайда, онда өңірдің жұмыспен қамтылған халқының 5,4 %-ы жұмыс істейді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: