Элей мектебі. Парменид пен Зенон 22 страница

Орыстың діни философиясына қомақты үлес қосқан Николай Александрович Бердяев (1874-1948 жж.) болды. Негізгі еңбектері: «Еріктік философиясы. Шығармашылық мағынасы», «Тарих мағынасы», «Өзіндік тану» т.с.с.

Оның ойынша, философия - рухты зерттейтін ілім, яғни адамның өмір сүруіне, сол арқылы болмыстың мән-мағынасын ашуға бағытталған пән. Ғылым сыртқы дүниені зерттесе, философия адамның ішкі рухани өміріне үңіледі. Сондықтан философия объективті емес, ол - әрқашанда субъективті.

Н.А.Бердяевтің ойынша, экзистенциалдық философия адамның өмір сүру диалектикасынан, сол арқылы жалпы дүниенің өзін таниды. «Таным дегеніміз субъектінің болмысты бейнелеуінде емес. Таным әрқашанда шығармашылық жолмен жүріп, мән-мағынаға жетуге тырысады. Адамның құпиясын танып-білу -болмыстың құпиясын танып-білумен тең».

Адам абсолюттік болмыстың алдында түрып, оны танып-білгісі келеді. Бұл мақсатқа жеткізетін екі-ақ жол бар. Ол өзін дүниенің бір бөлігі ретінде сезініп, оған терең шомылуы мүмкін. Бірақ ол жол нәтиже бермейді, өйткені бөлшек біртұтастыққа жете алмайды.

Екінші жол - өзіңнің дүниеге деген маңыздылығыңды сезініп, өз болмысыңды бүкіл дүниенің өзегі ретінде қарасаң, онда өз тереңдігіңе үңілу, оны танып-білу - бүкіл болмысты танып-білумен тең болады. Мұндай көзқарас көне замандағы гректердің «макроқосм» мен «микроқосм» идеяларына кетеді. Адам «кіші ғарыш» ретінде «үлкен ғарышқа» сай келеді. Сондықтан сыртқы болмысты тану үшін өзіңнің ішкі болмысыңды білуің қажет.

Н.А.Бердяевтің философиясының негізгі категориясы - еркіндік. Оның ешқандай өлшемі, шегі, түбі жоқ, оны ештеңемен теңеуге болмайды. Оның оқшаулығын түсіну - оның болмысқа дейін өмір сүргенін мойындаумен тең. Бұл арада Н.А.Бердяев Орта ғасырда өмір сүрген Я.Беменің: «Құдайдың өзі түбі жоқ тұңғиықтан пайда болды» - деген пікірін қолдап, сол алғашқы «түбі жоқты» ерікпен теңейді. Сол алғашқы тұңғиықтан шыққан Құдай дүниені жаратады.

Осы арада Н.А.Бердяевтің философиясының ғажап қызықты жағын көреміз. Ол - алғашқы Еріктік пен Жаратушы-Құдайдың арасындағы дуализм, қайшылық. Құдай дүниедегі зұлымдыққа жауап-ты емес, өйткені оның өзінің негізі жоқ, Ол өзі шыққан түбі жоқ еріктікке ештеңе жасай алмайды. Керісінше, Құдайдың өзінің болмысына, содан кейін оның дүниені жаратуына жол ашқан сол алғашқы Еріктік емес пе? Олай болса, адамның өзі, бір жағынан, Құдайдың жаратқан пендесі болса, екінші жағынан, түбі жоқ еріктіктің нәрестесі. Сондықтан еріктік бүкіл адамның іс-әрекетін баурайды. Еріктік дегеніміз - еш нәрсеге тәуелсіз таза сана, күш-қуат. Белгілі бір «метафизикалық ессіз кезеңде» еріктік өзін Құдайға қарсы қойып, онымен күресе бастады. Ол барлық жаратылған дүниеге, адамның өзіне де тарады. Сондықтан дүние мен адам зұлымдыққа белшесінен батты, ал Құдай болса, оған еш нәрсе жасай алмайды, өйткені ол еріктікті жаратқан жоқ. Міне, осы сәтте дүниеге Христос келіп, бүкіл дүние мен адамдардың күнәларын өз мойнына алып, тұңғиыққа тереңдеп, оны өз сәулесімен жарқыра-тады. Сонымен Н.А.Бердяев Құдайдың ессіз еріктікті жеңетініне сенгенмен, бірақ, оған үзілді-кесілді көпіл беруден бас тартады.

Н.А.Бердяевтің философиясындағы негізгі болмыстық категория - ол адамның өзі, өйткені ол дүниенің ортасында, оның тағдыры дүниенің тағдырын анықтайды. Адам мен Дүние Құдайдың өмірін байытады, өйткені адам - рухани пенде, ол ізгілік пен әсемдікті сүйеді. Екінші жағынан, ол - ең жоғарғы материалдық құрылым, бүкіл дүниенің барлық элементтері оның бойында бар, сондықтан Ғарыш оның шығармашылық іс-әрекетін қабылдайды.

Сонымен адам - қайшылықты пенде, ол «табиғаттық дүниедегі үзіліс», оны түсіну үшін одан да жоғары - Құдайға деген оның қарым-қатынасын білу қажет. Оның ойынша, осы уақытқа дейін адам өзін Құдайға тәуелді пенде ретінде түсініп келді. Ал тәуелділік бар жерде шынайы махаббат жоқ. Сондықтан Құдай мен адамның арақатынасы нағыз еріктікке негізделген, махаббаттың құпиясы, міне, осында. Адам Құдайды қажет етсе, Құдай да адамды қажет етеді, өйткені оның өзінің негізі жоқ (безосновность), ол адамсыз өзінің жалғыздығын сезінеді... Сонымен біз адамның Құдайлығын, Құдайдың адамдығын көрсетуіміз керек. Тарихи Христостың өзі алғашқы рет осыны паш етті.

Құдай - рух, сонымен қатар адам да - рух. Олай болса, екеуінің шығармашылық жолда кездесуі ғана объективацияланған дүниеден адамды құтқарады (объективация - Бердяевтің философиясындағы ұғым, идеяның, жалпы сананың мазмұнының, адамдардың қарым-қатынастарының заттануын, адамнан жаттануын көрсетеді).

Енді Н.А.Бердяевтің тарих философиясына келер болсақ, онда «уақыт» категориясы үлкен орын алады. Егер дүниедегінің бәрі шектелген, олай болса, соңы бар болатын болса, тек шығармашылық арқылы ғана оның ар жағына өтіп кетуге болады. Шығармашылық - мәңгілікке әкеледі, бірақ ол - шексіз уақыт емес, уақытты аттап өтетін жаңа сапа. Осы себепті тарихтағы шексіз жоғары өрлеуді (прогресті) қабылдауға болмайды. Тарихтағы соңғы «жұмақта» өмір сүретін буындар өткен шексіз санды адамдардың өмірін сол мақсатқа жетудің құралына айналдырады. Мұндай жағдайда адамзат тарихының мән-мағынасы жойылатыны хақ.

Өткен Дәуірді, оның мәдениетін толыққанды қабылдамай, дұрыс болашақты да орнату мүмкін емес. Шіркін, осындай Н.А.Бердяевтің терең тарих жөніндегі ойларын саясаткерлер жете білсе ғой!!! Сонда реформа барысындағы қателіктер де аз болар еді.

Жалпы алғанда, Н.А.Бердяевтің тарихи көзқарасын өміршеңді деп атауға болады: адамзат рухани жаңарудың негізінде қайта өрлеуге мүмкіндік алады. Болашақ қоғам екі принципке негізделеді: - аристократиялық тұлғаның толыққанды шығармашыльқ дамуын көрсетеді, ал демократиялық - әділеттілік пен достыққа шақырады.

Тарих философиясындағы Н.А.Бердяевтің талдап, өзінің шешімін берген екі категориясын көрсетпей болмайды, олар мәдениет пен цивилизация.

Мәдениет - қоғамның рухани дамуының шыңы, дін, философия, өнер құндылықтары, терең де нәзік ойлар, шығармашылық туындылары. Уақыт өткен сайын шығармашылықтың орнына күнбе-күнгі қажеттіліктерден шығатын қарапайым өмірді көтеруге бағытталған істер келіп, «өзімшіл цивилизация» мәдениетті тұрпайылата бастайды.

Цивилизация дегеніміз - өмірдің әлеуметтік, материалдық жағының дамуы, экономикалық мүдделердің басымдығы, пайдақорлыққа тырысу, құралдың мақсатты жеңуі. Цивилизация өз табиғатьна сәйкес техникаға жақын, ол жеке адамның шығармашылығын ұжымдық еңбекке ауыстырады. Цивилизация машиналардың өмірге енуімен бірге келеді. Адам техниканы пайдаланып, табиғатты өз еркіне көндіруге тырысады, соның нәтижесінде адамның толыққанды органикалық табиғатқа сәйкес өмірі жойылып, оның орнына мамандандырылған, біржақты адам пайда болады. Цивилизация техниканың үстемдігіне әкеліп, рухты тоқыратады.

Капиталистік, я болмаса социалистік цивилизация болмасын, ол өз табиғатына сәйкес әрқашанда «буржуазиялық». Ол дегеніміз - рухтың тоқырауы, материалдық байлыққа, өмірден ләззат алуға тырысу.

Дегенмен цивилизация мәдениетті толығынан құрта алмайды, ол ұсақталынғанмен аяғына шейін цивилизацияның пайдақорлығына қарсы тұрады. Жалпы алғанда, Н.А.Бердяев адамзат тарихының төрт логикалық сатысын көрсетеді, олар тағылық, мәдениет, цивилизация және «діни қайта өрлеу». Социалистік өзгерістер Ресейді цивилизация шеңберіне кіргізіп, мәдениетті тоқыратты. Мәдениетті қайта жаңартуда дін шешуші қызмет атқаруы керек.

Орыс философиясындағы діни антролология бағытының өкілдері ретінде С.Н. Булгаков, С.Л. Франк және Н.О. Лосскийді атап өтуге болады.

С.Н. Булгаковтың айтуына қарағанда, адам Құдайсыз өмір сүре алмайды, егер ішкі дүниеңде Құдай болмаса, онда көңіл құлазиды. Құдайға қарсы күрес, бір дінді тарату қажетті түрде екінші дінді тудырады (мысалы, Кеңес заманында марксизм жаңа шарған дінге айналған болатын. - С.М.) Алайда адамға Құдай сырттан келмейді, оны ол өз ішінен табуы керек.

С.Н. Булгаковтың ойынша, шығармашылық дегеніміз - ол «антролодицея» (адамды ақтау). Оның негізгі себебі - дүние уақыттың шеңберінде өмір сүруде, олай болса, ол әлі соңына жеткен жоқ, дәл қазір жаратылу жалғасып жатыр. Ал адам болса, ол Құдаймен бірге осы дүниені жарату ісіне, оны әрі қарай жетілдіруге атсалысуда. Адам - Құдайға ұқсаған, Мәңгіліктің ұлы, Құдайдың рухын жалғастырушы. Ол - микротеос, оның ішінде бүкіл дүниенің күш - қуаты бар, ол - болмыстың ең жоғары ортасы.

С.Л. Франк адамды өзін-өзі анықтайтын және өзгерте алатын пенде ретінде қарайды. Өзіндік сана арқылы адам заттардан ғана емес, сонымен қатар өзінен де алшақтап, өз-өзіне басқа адамның көзімен қараған саяқты дәрежеге келеді. Нәтижесінде екі ахуал танушы мен танылатын, бағалайтын мен бағаланатын, сот пен сотталатын пайда болады. Міне, адам өзіндік санасы арқылы өзінің денелік эмпириялық табиғатынан бөлініп, өз-өзін бағалайтын, сынайтын дәрежеге көтеріледі.

Адам әрқашанда өзінің күнделікті болмысына қанағаттанбай, оны аттап өтіп, басқа өмірге, өнегелікке қарай ұмтылатын пенде.

Н.О. Лосский тұлғаларды шынайы және потенциалды деп екіге бөледі. Тұлға өзінің дамуында Құдайдың бейнесіне ұқсаудан бастап, соңында тіпті Құдайдың өзіне тартуға тырысады. Ал соңғы -ол тұлғаның негізгі мақсаты, ол үшін адам неше түрлі қиындықтар мен зардаптардан өтуі керек.

Руханияттық - адамның негізгі қасиеті. Рухани адамның ішкі өнегелілігі қандай да болмасын сыртқы жағдайлардың қысымына қарсы тұра алады.

Қорыта келе, біз орыс философиясының адам мәселесіне қомақты үлес қосқанын байқаймыз. Олардың айтқан көп идеялары қазіргі өтпелі Дәуірдегі қалыптасқан көп ахуалдарды талдауға өз көмегін береді. Сіз де ол жөнінде ойланып көріңіз.

Ғарыш философиясы деген кезде, біз екі нәрсені айтуымызға болады. Біріншіден, ол - дүниенің біртұтастығы және соның шеңберіндегі адамзаттың, яғни рухтың алатын орны; екіншіден, адамзат мәңгі осы жер бетінде қала ма, я болмаса басқа ғарыштағы объектілерді игеріп, өзінің ықпалын бүкіл ғарышқа тарата ала ма?

Бірінші сұраққа қайсыбір ұлттық философия жауап беруге тырысады, ал екінші сұрақты қойып, соған жауап беруге тырысқан, негізінен алғанда, орыс философиясы болды. Сондықтан бұл ағымды орыс философиясының ерекшеліктерінің біреуіне жатқызуға болар еді деп ойлаймыз. Ал енді оның өзінің де себебі бар шығар.

Біздің ойымызша, Алтын Орда мемлекетінің қысымынан кейінгі Ресей қоғамының Шығысқа қарай садақтан атқан оқтай серпілуі (бірнеше ғасырдың шеңберінде Еділ өзенінің ар жағынан сонау қиыр Шығысқа дейін жетуі), өлшемсіз кең-байтақ жерде мемлекеттігін құруы, ой-өрісті де кеңейтіп, оған ғарыштық өлшем берсе керек. Мүмкін, басқа себептер де болған болар.

Еуропа ой-өрісінде ғарыш жөнінде христиандық антролоцентрлік көзқарас ғасырлар бойы өмір сүрді. Оның негізгі қағидасы: адам - жаратылған дүниенің ең биік шыңы, жер болса - ғарыштың ортасы.

Колерник мұндай көзқарасқа төңкеріс жасайды: ғарыштың ортасы жер емес, күн. Ғарышта тек жерде ғана өмір бар. Дж.Бруноның шексіз ғарыш пен өмір жөніндегі ойлары кең тараған жоқ. Жаңа Дәуірдегі ғылымда ғарыш механикалық-физикалық объект, сансыз атомдардың өрісі деген пікір қалыптасты.

Енді, міне, орыс философиясында 18 ғ. бастап, антролоқосмизм идеялары пайда болып дамиды. Яғни адамның жер бетіндегі орны емес, оның ғарыштағы рөлі зерттеле бастайды.

Орыс философиясындағы бір мәселеге қатысты негізгі идеялар:

а) ғарыштағы адамзаттың өлместігі (К.Э.Циолковский);

в) биосфераның ноосфераға өтуі (В.И.Вернадский);

с) табиғатты зерттеп, өткен ұрпақтарды тірілту (Н.Ф.Федоров);

д) күн мен биосфераның ажырамас байланысы (А.Л.Чижевский);

е) сананың ғарыштық дамуы (Н.К.Рерих); т.с.с.

К.Э. Циолковский оқырмандарға орыс қосмонавтикасының әкесі ретінде кеңінен таныс. Сондықтан біз оның ғылыми-техникалық идеяларын қарастырмай, тікелей оның философиялық көзқарастарына көшеміз. Оның ойынша, адам ғарыш өмірінің бір бөлігі, сондықтан адамзат цивилизациясы Ғарыштағы өзгерістермен тығыз байланысты. Әрине, мәңгілік Ғарышқа қарағанда, жер бетіндегі адамзат әлі өте жас. Дегенмен болмыста пайда болып, белгілі бір уақыт келгенде жер бетіндегі байлықты сарқып, адамзат заңды түрде бұл өмірден кетуі мүмкін. Бірақ, сонымен қатар, егер ғылымның дамуының негізінде адам Ғарышпен байланысқа түсіп, зат пен күш-қуаттың жаңа түрлерін игерсе, ол тоқталмайтын өрлеуге ие болып, өлместік дәрежесіне көтеріледі, - деген батыл пікір айтады.

К.Э. Циолковский адамзаттың жерлік және қосмостық өмір сүруін бір-бірінен айырады. Жер бетіндегі өмір сүру - адамзаттың «сәбилік шағы», сондықтан ол кемеліне келмеген, зардабы мен қиянаты мол. Адамзаттың ғарыштық болмысы келген уақытта өмірдің теріс жақтарының бәрі жойылып, қуаныш пен жетілгендік, шығармашылық өмірдің негізгі жақтарына айналады. Оның ойынша, ғарышқа шығу көп уақытты талап етіп, сатыларға бөлінеді:

а) адамзат қажеттіліктерін өтеу жолында жер бетін толығынан қайта өзгерту;

в) жер айналасындағы кеңістікті игеру;

с) басқа планеталарды, содан кейін алыс Ғарышты игеру;

д) адамның өз биологиялық табиғатын өзгертіп, ашық Ғарышта өмір сүре алатын дәрежеге келуі.

Сонымен егер Н.Коперник өз уақытында жердің Ғарыштағы ерекше орны жөніндегі көзқарасқа соққы берген болса, XX ғ. К.Э.Циолковский адамзатты жер тартуынан шығарып, ғарышқа жол ашты деп көркемдеп айтуға болар еді.

В.И.Вернадскийдің негізгі ойлары жер бетіндегі өмір мен адамзатқа арналды. Нәтижесінде, ол биосфера мен ноосфера жөнінде терең де тамаша ойларын адамзатқа ұғынды. Бүгінгі қалыптасқан биосфера жөніндегі «Үлкен жүйе» теориясы, тіршіліктің ғарышпен заттық және энергиялық алмасуға түсуі т.с.с. идеялар В.И.Вернадскийдің шығармашылық еңбектерінде үлкен орын алды. Жер бетіндегі тіршілікті ол жердің ерекше қалыптасқан геологиялық қабаты ретінде қарайды. Тіршілік биогеохимиялық зат пен энергияның айналысын тудырып, жер бетін толығынан өзгертеді. Осы тұрғыдан қарағанда, адамзат тіршілік әлемінің ерекше ең жоғарғы бөлігі. Ол ерекше бір басқа энергия формаларына ұқсамайтын күш-қуатты тудырады. Оның аты - ақыл-ой, зерде. Адамзат ақыл-ойы мен еңбегінің арқасында жаңа геологиялық күшке айналып, биосфера жаңа ахуалға - ноосфера (ақыл-ой арқылы ретке келтірілген жер беті) сатысына көтеріледі. Сонымен В.И.Вернадскийдің ойынша, адамзат зердесі ғарыштық құбылыс.

Н.Ф. Федоров адамзат зердесін ғарыш эволюциясының заңды нәтижесі ретінде қарайды. Әрі қарай Ғарышты адамзат саналы түрде өзгертеді. «Ғарыш хаос емес, нағыз Ғарышқа айналуы үшін зердені талап етеді». Болашақта ғылымның орасан зор дамуының негізінде адамзат өлместік дәрежесіне көтеріліп, сонымен қатар жер бетінде бұрын-соңды өмір сүрген барлық ұрпақтарды қайтадан тірілтеді, - деген ойда болды.

А.Л. Чижевский жер бетіндегі тіршілікті тудырған жердің өзі емес, күн деген пікірге келіп, күннің жердегі биосфераға тигізетін ықпалын егжей-тегжейлі зерттейді. Табиғаттағы геофизикалық аномалиялар, жер бетіндегі оқтын-оқтын болатын эпидемиялар, қуаңшылық т.с.с. құбылыстар күндегі болып жатқан процестермен тығыз байланысты екенін дәлелдеп, А.Л.Чижевский бүгінгі ғылымдағы астрогеология, ғарыштық медицина, гелиобиология бағыттарының негізін қалады.

Адамзат ғарыштың әрі қарай дамуындағы саналы күш болғаннан кейін, халықтар бір-бірімен жақындасып, бірігіп, мемлекеттер арасындағы жасанды кедергілерді алып тастауы керек деген идея көп ойшылдардың еңбектерінде кездеседі.

«Адамзатты біріктіретін негізгі күш - мәдениет, ғарыштық этика» деген пікірді орыс ғалымы, суреткері, діни философы Н.К. Рерих айтқан болатын. Оның ойынша, бүкіл ғарышта, кеңістік пен уақытта, адамның жан дүниесінде екі ғарыштық күш - Ізгілік пен Зұлымдық бір-бірімен күресте. Олар болмыстық жағынан келгенде тең емес. Дүние Ақиқат, Ізгілік пен Әсемдік жолында өзгертіледі. Тек Жарық сәулесі ғана ғарыштағы қараңғы тұңғиық Хаосты тәртіпке келтіре алады.

Н.К. Рерих адамның ізгілігі, жасампаз белсенділігі Ғарыштың дамуындағы негізгі күш екенін паш етеді. Нәтижесінде, адам Жаратушы Құдайға ұқсайды. Тек оның ерекшелігі - ол айнала қоршаған ортаны өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге өзін де жетілдіре алады. Надандықтан кейін цивилизация келеді, содан кейін ғылымның дамуының негізінде адамдардың білімі өсіп, нәзіктене келе, биік мәдениеттің есігін ашады, - деп қорытады Н.К.Рерих.

Дәріс №10

Қазақ мәдениет шеңберіндегі отандық философия

Дәрістің мақсаты: қазақ философиясының қалыптасу тарихымен, ұлы даналадың философиялық ойларымен, философиялық мәселелермен, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерімен, оның бүгінгі таңдағы орнын анықтау.

1. Қазақ философиясының қалыптасу тарихы

2. Қазақ дала ойышларының философиялық көзқарастары

3. Би шешендер философиясы

4. Ақын жыраулар философиясы

5. Ағартушылар философиясы

6. Қазіргі кездегі қазақ философиясы

Көне гректердің айтқанындай, философия дүниеге таңғалудан басталады. Ал оның өзі өмірдегі күнбе-күн кездесетін айқын да түсінікті құбылыстар дан туындамайтыны баршаға мәлім. Таңғалатын құбылыс сиқырлығы мен көпқырлылығы, әсемділігі мен орасан зор күш-қуаты, я болмаса ерекше нәзіктігімен көрініп, адамның жан дүниесінде ерекше із қалдырады.

Әрине, дүниеде таңғалатын нәрселер көп. Оған біз жастық шағымызда тоймаймыз. Есейе келе, олардың көбі үйреншікті нәрселерге айналып кетеді де, көп адамдар, өкінішке қарай, сол ғажап қасиетінен - дүниеге таңғалудан - айырылып қалып, өз руханиятын жүдетеді.

Философиялық деңгейге көтерілсек, бұл дүниеде мәңгілік адам таңғалатын екі-ақ кұбылыс бар. Оның бірі - әлем, барлық, өмір сүріп жатқан Дүние болса, екіншісі - өзіндік сана-сезімі, ішкі рухани өмірі бар адам болмақ. Біріншісі - құшаққа да, ой елегінің ауқымына да сыймайтын шексіз де мәңгілік Әлем, Дүние, Ғарыш болатын болса, екіншісі - ғарыштағы құбылыстар мен салыстырғанда атом саяқты, бірақ өзінің нәзік жан дүниесі бар адам. Біреуі - макроқосм, екіншісі - микроқосм. Адам - кіші әлем ретінде үлкен әлемге - Ғарышқа тең. Бүкіл ғарыштың барлық сиқыры мен талпынысы адамның табиғатында жиналған.

Міне, философия, негізінен алғанда, осы екі құбылысты бір-бірімен салыстырған кезде, адамның ғарыштағы орны мен рөлі жөнінде ойланған кезде пайда болады. Ал ол - саналы пенде -адамға тән нәрсе.

Сондықтан, көркемдеп айтсақ, осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген белгісіз түрік бабамыз алдындағы жатқан дүниеге таңғалып, сол жөнінде алғаш рет ойланып, ондағы адамның орны қандай екен деген сұрақты өз алдына қойған кезде, сол сәтте отандық философия бұлағының көзі ашылды десек те болады. Өйткені әрбір халық өз тілінің негізінде өзіне тән дүниесезім мен дүниетанымын қалыптастырады. Олай болса, жер бетінде өз тілінің негізінде қанша халық өмір сүріп жатса, соншалықты дүниесезім, дүниетаным, философия болады.

Әрине, жер бетіндегі адамзатты қоршаған орта - бір, табиғаттың барлық заңдылықтары да - бір, оларды зерттейтін ғылымдағы жетістіктер де барлық халықтарға ортақ. Айталық, неміс физикасы, имсриқан биологиясы, орыс химиясы т.с.с. жоқ. Ал философияға кслер болсақ, Мұндағы жағдай басқаша. Өйткені ол толығынан ғылым емес, ол - метафизика, оның қойған сұрақтарын бірде-бір жаратылыстану ғылым шеше алмайды, өйткені ол сұрақтар «физиканың ар жағында» жатыр. Сондықтан әр халық оларға өзін-өзі жауап береді. Сол себепті біз «неміс», «орыс», «қазақ философиясы» т.с.с. деп аузымызды толтырып айта аламыз.

Екінші үлкен мәселе - қазақ философиясының дүниежүзілік философиядағы алатын орны қандай, жалпы алғанда, оның сол өз орны бар ма? Біздің философиялық ой-өрістің шеңберінде қалып-тасқан қандай рухани құндылықтарды біз мақтан етіп, басқа халықтарға ұсына аламыз?

Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшеліктері, әрине, ол өмір сүрген табиғаттың, соған бейімделіп қалыптасқан шаруашылық формалары, өмір салтының жүйелерімен тығыз байланысты болса керек. Оған уақытында Ш.Уәлиханов та көңіл аударған болатын. Расында да, қазақ елі Бразилия, я болмаса Франция емес.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: