Жалпы ережелер. 16.2 АСР қолдану ерекшеліктері

16.2 АСР қолдану ерекшеліктері

Шаруа немесе фермер қожалықтары осы тарауда белгіленген арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті дербес таңдауға құқылы.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі бірыңғай жер салығын төлеу негізінде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібін көздейді және акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін қайта өңдеу және оны өткізу жөніндегі шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметіне қолданылады.

Жеке меншік құқығындағы және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (қайталап жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде, шаруа немесе фермер қожалықтарына АСР қолдану құқығы беріледі.

Күнтізбелік жыл бірыңғай жер салығы бойынша салық кезеңі болып табылады.

Бірыңғай жер салығын төлеушілер салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің мынадай түрлерін төлеушілер болып табылмайды:

1) АСР қолданылатын шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметiнен түскен табыстардан, оның ішінде қызметпен байланысты шығындарды (шығыстарды) жабуға мемлекеттік бюджет қаражатынан алынған сомалар түріндегі табыстардан алынатын жеке табыс салығын;

2) АСР қолданылатын қызметті жүзеге асырудан түскен айналым бойынша қосылған құн салығын;

3) АСР қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;

4) салық салу объектілері бойынша көлік құралдары салығын;

5) салық салу объектілері бойынша мүлік салығын.

Бірыңғай жер салығын төлеушілер қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы салық органына салықтық өтінішті ерікті түрде беруге құқылы.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде, бірыңғай жер салығын төлеушілер кірістер мен шығыстардың, мүліктің бөлек есебін жүргізуге және көрсетілген қызмет түрлері бойынша тиісті салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және төлеуді жүргізуге міндетті.

Жер учаскесін бағалау құны бірыңғай жер салығын есептеу үшін салық салу объектіcі болып табылады.

Егістік бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына жер учаскелерінің жиынтық ауданын негізге ала отырып, ставкаларды қолдану жолымен жүргізіледі.

Жайлаулар, табиғи шабындықтар және АСР қолданылатын қызметте пайдаланылатын басқа да жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнының 0,1% ставкасын қолдану арқылы жүргізіледі.

Бірыңғай жер салығын төлеушілер әрбір қызметкер, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен кәмелетке толған мүшелері үшін АЕК-тің 20% ставкасы бойынша әлеуметтік салық сомасын ай сайын есептеп отырады. Шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшелерінің әлеуметтік салықты есептеу мен төлеу жөніндегі міндеттемелері олар кәмелетке толған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың басынан бастап туындайды.

Әлеуметтік салықтың есептелген сомасы есептелген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтылуға жатады. Әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салықтың сомасы нөлге тең болады.

Бірыңғай жер салығын, әлеуметтік салықты, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын, жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақыны, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) салық кезеңінің 1 қаңтарынан 1 қазанына дейін есептелген соманы төлеу ағымдағы салық кезеңінің 10 қарашасынан кешіктірілмей;

2) салық кезеңінің 1 қазанынан 31 желтоқсанына дейін есептелген соманы төлеу есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 10 сәуірінен кешіктірілмей.

Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда бірыңғай жер салығының, әлеуметтік салықтың, төлем көзінен ұсталатын ЖТС, жер беті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақының, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрініс табады.

Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация жер учаскесінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.

17-тақырып. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар мен селолық тұтыну кооперативтері үшін арнаулы салық режимі


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: