Акушерлік патологиялар 1 страница

Алматы, 2011

М.Н. Жоланов, Ш.Қ. Қалтаев,   Б.Д. Жукин, Қ.У. Қойбағаров

Пікір жазғандар: профессор К.Ж. Жаңабеков Қаз ҰАУ, академик Н.О. Базанова атындағы физиология, морфология және биохимия кафедрасы,

 

в.ғ.д. Б. Ш. Қаратаев «Қаз Агро Инновация» АҚ, «ҚазҒЗВИ» Ж.Ш.С., жылқы аурулары зертханасының меңгерушісі,

 

б.ғ.к. А.Ә Мәутенбаев Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, биофизика және биомедицина кафедрасының доценті,

Оқулықта малдың көбею органдарының анатомиясы мен топографиясы, физиологиясы, ұрықтандыру тәсілдері, ұрықтану, буаздықтың, туудың және туғаннан кейінгі кезеңдердің физиологиясы және акушерлік, гинекологиялық патологияларын, жаң туған төлдің және желін ауруларын анықтау, емдеу және алдын алу, бедеулік және оның алдын алу шаралары жөнінде деректер берілген.

Жоғары оқу орындарының «Ветеринариялық медицина», «Ветеринариялық санитария», «Биотехнология», мамандықтары бойынша білім алатын студенттер мен магистранттарға және ветеринария саласында өндірісте еңбек ететін мамандарға арналған

К І Р І С П Е

 

Малды өз төлінен өсіру бүгінгі таңдағы ең қиын да әрі өте көп күш жұмсауды, терең білімді қажет ететін жұмыс. Қазақ басқа көшпенділер сияқты ежелден мал баққан, мал өсірудің қыр-сырын жете білген халық. Дегенімен, бұрынғы кеңесөкіметінің тұсында, тоқырау заманында мал шаруашылығын өндірістік негізде жүргіземіз деп ірі сүт кешендерін салып, қойшылар бригадасын құрып, тағы басқада көптеген жұмыстардың атқарылғанына қарамастан, мал басының саны қысқарып, одан алынатын өнім күрт төмендеп кетті. Республикамызда жыл сайын аналық мал басының 30-40 пайызынан төл алынбай қалады. Оған жаңа туған төлдің шығынға ұшырауын қосып есептесек, мұның республикамыздың халық шаруашылығына келтіретін зияны орасан зор.   

Малды бағып-күтудің ережелерін сақтап, ғылыми тұрғыдан азықтандырып, организмде болатын физиологиялық, биологиялық үдерістерді дұрыс пайдаланып отырса, әрбір 100 бас сиыр мен құнажыннан жыл сайын 105-110 бұзау және жоғары сапалы өнім алуға болады.

Малдың жалпы жағдайынан басқа оның көбею, өсіп-өну органдарының физиологиясы мен анатомиясы, патологиялары жөнінде терең білім болмай, мұндай табыстарға қол жеткізу мүмкін емес. Малдың бедеу немесе қысыр қалу себептерін анықтап, ауруды емдеудің тиімді әдістерін қолдана білу керек. Ол үшін малдәрігерлік акушерлік және гинекология пәнін оқып үйренудің маңызы орасан зор.

Малдәрігерлік акушерлік (француздың acconher - туу деген сөзінен шыққан) – жыныстық органдардағы қалыпты жағдайда өтетін үрдістерді және ауруға шалдыққан кезде болатын өзгерістерді (ұрықтандыру, ұрықтану, туу және туғаннан кейінгі кезенде), жаңа туған төл мен желін ауруларын зерттейтін клиникалық пән.

Малдәрігерлік акушерді дайындау өмір талабынан келіп туған қажеттілік. Ол сонау ерте заманда жабайы хайуанаттарды қолға үйрету кезеңінен-ақ, туа алмай жатқан малдың төлін тартып шығару, қағанақ қабықтарын жарып жіберу, төлдің кіндігін үзу немесе кесу деген сияқты қарапайым көмектерден басталады. Жыл өткен сайын оңдай тәжірибелер жинақталып атадан балаға берілетін кәсіпке, үлкен ілімге айналды.

Мал шаруашылығының ілгері дамуы патшалық Ресейде 1715 жылға дейін арнайы малдәрігерлерін дайындайтын мектептердің ашылуына мұқтаж болса, 1840 жылы Варшавада, 1848 жылы Дерпт қаласында, 1851 жылы Харьковте, 1873 жылы Қазанда малдәрігерлік институттар ашылды. Осы кезеңде жаңадан ғылыми еңбектер, ветеринарлық акушерлік пәні бойынша оқу құралдары жарық көре бастады. Бұрынғы Кеңес Одағының территориясында Қазан төңкерісінен кейін де, бірнеше институттар ашылып, онда ветеринарлық акушерлік пәнінен дәріс беретін, арнайы дербес кафедралар жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, 1919 жылы Мәскеу ветеринарлық институтында, 1930 жылы Алматы ветеринарлық зоотехникалық институтында, Семейде, кейіннен Ақмола, Орал ауылшаруашылық институттарында сондай кафедралар ашылды.

Көп жылдар бойы студенттер шет тілінен орысшаға аударылған оқулықтарды оқып келді, тек 1931 жылы ғана профессор Н.Ф.Мышкиннің ветеринарлық акушерлік бойынша ең алғашқы оқулығы жарық көрді. Бұл кітап төрт рет түзетіліп, толықтырылып, қайта басылып шықты. Сонымен қатар Н.Ф.Мышкин сиырдың буаздығын анықтаудың клиникалық әдісін, сиырдың туғаннан кейінгі салданудың (парез), шудың түспей қалуының алдын алудың бір қатар әдістерін ұсынды және желінсаудың себептерін зерттеп, ауруды анықтау және емдеу әдістері жөнінде көптеген еңбектер жазды.

Профессор А.Ю.Тарасеевич биелердің буаздығын анықтаудың жаңа қағидаларын құрастырды, гинекологиялық аурулар кезінде бірқатар емдеу тәсілдерін ұсынды (балшықпен емдеу, аналық без күлдіреуіктерін тесу, фарадикалық токты, диатермияны қолдану және т.б). Ол биенің күйге келгенін анықтау үшін, биелердің жыныстық қызметін стимулдеу үшін күйіттеуші-айғырларды пайдаланудың тиімділігін ғылыми тұрғыда негіздеп берді және овуляция мерзімін тік ішік арқылы бақылай отырып ұрықтандыруды ең алғаш ұсынды. А.Ю. Тарасевич 1936 жылы өзінің бай клиникалық тәжірибелерін біріктіріп, "Бесплодие сельскохозяйственных животных" атты монографиясын жарыққа шығарды.

Ветеринарлық акушерлік іліміне елеулі үлес қосып, оны шын мәнісінде жаңа деңгейге көтерген Қазан малдәрігерлік институтының профессоры А.П.Студенцов болды. Оның "Ветеринарное акушерство и гинекология" атты оқулығы Лениндік сиылықты иеленген. Еңбек жеті рет толықтырылып, өңделіп, қайта басылып шықты. Бұрынғы одақтас республикалардың барлығында да студенттер осы оқулықты пайдаланады. Еліміздің түпкір-түпкірінде А.П.Студенцовтың шәкірттері жұмыс істейді. Атап айтқанда, Львов малдірігерлік институтында профессор Д.Д.Логвинов, Алматы малдәрігерлік институтында Б.С.Волженин және т.б.

Қазақстан Республикасында Алматы, Семей малдәрігерлік институттарынан басқа Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай ауылшаруашылық институтында малдәрігерлерін дайындайтын факультеттер болды. Онда аты біздің республикамыздан басқа шетелдерге де белгілі И.И. Иванов (1931), А.Г. Родионов (1931-1950), Б.С. Волженин (1968), В.С. Козлов (1983), жұмыс істеген болса, кейінірек М.Тойшыбеков, Т.Мыңғазов, Т.М. Молдағалиев, Ш.Г Казаев, Ш.К Қалтаев, Д.Ө Жүкенов.., М.Н.Жоланов сияқты ғалымдардың түйенің туу үрдісінің физиологиясы, буаздықты ерте кезеңде зертханалық жолмен анықтау, гинекологиялық ауруларды емдеу әдістерін жетілдіру, биогенді қоздырғыштарды қолдану, желінсаудың пайда болуына экологиялық факторлардың әсері, күйіттеуші малдарды пайдалану сияқты бағыттағы еңбектерін айтуға болады.

Әр кезде көптеген елдердің мамандары жиналып халықаралық симпозиумдар, конференциялар өткізіп, қолы жеткен табыстарын ортаға салып, алдағы тұрған міндеттер туралы сөз қозғап, ветеринарлық акушерлік пен гинекология ілімін толықтырып, дамытып отырады.

Ветеринарлық акушерлік, гинекология және көбею биотехнологиясы басқа ғылым салалармен тығыз байланысты. Атап айтқанда жануарлар морфологиясы және физиологиясы, гистология, микробиология, вирусология, иммунология, биохимия, зоогигиена, фармакология, токсикология, хирургия, патологиялық физиология, патологиялық анатомия, жұқпайтын ішкі аурулар, паразитология мен эпизоотология, малды азықтандыру пәндерінің ветеринарлық акушерлік және гинекология пәнін оқып үйренуде маңызы бар.

Біздің негізгі мақсатымыз студентке малды қысыр қалдырмай, одан мол өнім алудың теориялық негіздерінен білім берумен қоса, сол білімін тәжірибе жүзінде қолдана алатындай машықтандырып, шеберлікке үйрету.

 

I ТАРАУ

АКУШЕРЛІК ФИЗИОЛОГИЯ

Ұрғашы малдың жыныстық органдарының анатомиясы

Ұрғашы малдың сыртқы жыныстық органдарына (genitalia externa) жыныстық ернеулер, қынап кіреберісі және шүртекей, ал ішкі жыныстық органдарына (genitalia interna) қынап, жатыр, жатыр түтікшесі, аналық жыныстық бездер жатады (1-сурет).

 


 

1- сурет. Үй жануарларының көбею мүшелері: А-жылқыда, Б-сиырда, В- қойда, Г- мегежінде. 1-шүртекей; 2-жыныстық ернеулер; 3-қынап кіреберісі бездерінің арналары; 4- несеп-жыныс синусы; 5-несеп-жыныс арнасының тесігі; 6-қыздық перде; 7-қынап (көрінісі); 8-қуық; 9- жатыр мойынының қынаптық тесігі; 10-жатыр мойыны; 11-жатыр денесі; 12-жұмыртқалықтың арнайы байламы; 13-жұмыртқалық; 14- жатыр түтігі; 15-жатыр тармағы (биенің, сиырдың, қойдың сол жақ тармағының көрінісі); 16-жатырдың кең шарбысы немесе байламы

 


Аналық жыныстық без (ovaria, oophoron) – жұп орган, сиыр мен қой, ешкіде жамбас қуысында, ал биеде, мегежінде, итте және мысықта құрсақ қуысының каудалдік (артқы) бөлігінде орналасқан. Сыртқы пішіні дөңгелек, сәл сопақша болып келеді. Тығыз, көлемі сиырда 3х2 см; ұсақ малда 1,5х1 см. Биелердің аналық жыныстық безі бүйрек тәрізді, көлемі 5х3 см, кейде одан да үлкен, 10 см дейін жетуі мүмкін, ал мегежіндердің аналық жыныстық безі 3х2 см, сырты бұжырланып тұрады. Аналық жыныстық бездің көлемі, салмағы малдың әртүрлі физиологиялық жағдайына қарай өзгеріп отырады.

Аналық бездің сырты сірілі қабықпен қапталған, оның астында ұрықты эпителий жатады. Кесіп қарағанда оның ішкі құрылысы екі қабаттан тұратындығы байқалады: Сыртқы қыртысты қабатта ұрықты эпителийден дамыған, әртүрлі сатыдағы фолликулдер және сары денелер орналасады. Ішкі қабаты негізінен қан тамырлары мен жүйке талшықтары және дәнекер ұлпадан тұрады (2-сурет).

2-сурет. Аналық ұрық бездің құрылысы.

Аналық бездің негізгі қызметі аналық ұрық торшасын және жыныстық гормондар түзу.

Жатыр түтікшесі (salpinx) өте жінішке, иректелген түтік, аналық без бен жатыр тармағын жалғастырып жатады. Ұзындығы бие, түйе, сиыр, мегежінде 25-30 см, қой мен ешкіде 10-15 см. Түтіктің ішкі диаметрі аналық безге жақындаған сайын кеңи түседі де, соңына қарай етегі желбіршектеніп бітеді, тіпті аналық безді қоршап жатады.

Жатыр түтікшесінің қабырғасы үш: сыртқы сірлі, ортаңғы етті, ішкі кілегейлі қабаттан тұрады қабат. Кілегейлі қабат ұзына бойымен орналасқан бірнеше қатпарлы, түкті эпителийден тұрады. Жатыр түтікшесінің қызметі аналық және аталық ұрық торшаларын өткізіп, олардың қосылуын, пайда болған зиготаны жатырға апарып салуды қамтамасыз етеді.

Жатыр (uterus, hystera, metrа) жамбас қуысында, тік ішектің астында орналасқан. Биенің, мегежіннің, ит пен мысықтың жатыр тармақтары құрсақ қуысында жатады. Олар жатыр шарбысы арқылы бел омыртқа бұлшық еттеріне бекітілген. Жатырдың өзі: мойыны, денесі және тармағы болып үш бөліктен тұрады. Жатыр тармағының ерекшеліктері бойынша: биелерде қостармақты екіге бөлінбеген, ал күйіс малдарында, мегежінде, ит және мысықтарда қос тармақты, екіге бөлінген болып келеді. Кеміргіштерде (қоян) – жатыр қосарланған немесе қос жатыр, яғни тармақтары жекеленіп, қынапқа екі жатыр мойыны келіп ашылады. Адам мен маймылдарда жатыр тармақтары жоқ, қарапайым жатыр болып саналады.

Жатыр мойыны (servix uteri) қынап пен жатыр денесін жалғастырып тұрады, өте тығыз, бұлшық етті орган. Ұзындығы кәрі сиырларда 10-15 см жетеді, диаметрі 3-4 см цилиндр тәрізді орган, жатыр мойнының қабырғасы үш қабаттан тұрады: сырты жылтыр сірлі қабат, ортасында етті қабат, ішкісі кілегейлі қабат сөл бөліп шығаратын безді эпителиймен қапталған. Жатыр мойнының кілегейлі қабығы әсіресе, сиырда өте ірі, ұзына бойы және көлденең орналасқан қатпарлар түзеді. Бұл қатпарлар оның бетіндегі кілегейлі шырыш қоюланып, тығын тәрізді жатыр аузының мықтап, саңылаусыз жабылуын қамтамасыз етеді. Жатыр мойыны тек қана мал күйлеген кезде және туар кезде ашылады.   

Жатыр мойыны қынапқа қарай 2-3 см шығыңқырап тұрады, ал мегежінде ондай көрініс жоқ, қынап пен жатыр мойының арасы қалыңдап, ешқандай кедергісіз жалғасып жатады. Жатыр денесі жұмсақ, ұзындығы 2-3 см жетеді. Биенің жатыр денесі кең, ұзындығы 10-15 см жетеді, себебі биенің жатыр денесі төл өсіп дамитын орын болып саңалады.

Жатыр тармақтары (cornua uteri) жатыр денесінен жіңішкере келіп жатыр түтікшесіне барып жалғасады. Сиырдың жатыр тармақтары қошқар мүйізі тәрізді астына қарай иіріліп жатады, ұзындығы 20-30 см. Биенің жатыр тармақтары алға қарай, төмен түсіп барып ұшы жоғары қайырылап тұрады, яғни дөңес жағы астында да, ойыс жағы үстіне қараған. Мегежіннің жатыр тармақтары құрсақ қуысында ішек тәрізді иректеліп жатады, ұзындығы 1,5-2 м жетеді.

Жатыр тармағының қабырғасы үш қабаттан тұрады: сыртқы қабаты сірлі қабат, ортасында етті қабат, ең ішкі қабаты кілегейлі қабат. Ол сөл бөліп шығаратын безді эпителиймен қапталған. Күйіс малдарының жатырының кілегейлі қабатында сүйел тәрізді, сопақша келген диаметрі 2-5 мм болатын арнайы құрылымдар болады, олардың жалпы саны 80-120-ға дейін жетеді. Олар жатыр денесінде ретсіз, ал жатыр тармағында 3-4 қатар болып, тізіліп орналасады. Оны карункул деп атайды. Ол ана мен төл организмін байланыстырып тұратын болашақ плацентаның аналық бөлігі.

Қынап (vagina) ұзындығы ірі малда 30-35 см, ұсақ малда 10-12 см болатын түтік, оның диаметрі малдың жасына, салмағына байланысты әртүрлі болады. Оның қабырғасы басқа түтікше органдар сияқты үш қабаттан: сыртқы қабаты-каудалдік бөлігі адвинтициядан, ал краниалдік бөлігі-сірлі қабаттан, ортаңғы етті қабаттан және ішкі кілегейлі қабаттан тұрады. Қынаптың кілегейлі қабаты көп қабатты, жалпақ элителиймен қапталған. Кілегейлі қабаты ұзына бойымен орналасқан көптеген қатпарлар түзеді. Соның есебінен қынаптың диаметрі қажетіне қарай кеңейе береді. Бұл органдар жыныстық аппараттың ішкі бөлігін құрайды.

Сыртқы бөлігіне жататын органдар: Жыныстық ернеулер немесе сарпай (labia pudenda, vulva) қосылып жыныстық саңылауды құрайды. Сырты қатпарланған тері, оның астында майлы дәнекер ұлпа, тер және сөл бөліп шығаратын бездер, қан тамырлары орналасқан, ішкі жағы кілегейлі қабат болып келеді.

Шүртекей (clitoris, cunnus) жыныстық ернеулердің төменгі қосылған жерінде, ішкі жағында орналасқан, оның негізін каверналық етті дене құрайды, дөңгеленген кішкентай басы болады. Жалпы ұзындығы сиырда 1-2 см жетеді. Бұл орган еркек малдың жыныстық мүшесінің қалдығы, яғни рудименті, жыныстық қатынас кезінде қозу импульстерін қабылдап, үлкейіп қатая бастайды (эрекция құбылысы байқалады).

Қынап кіреберісі (vestibulum vaginae) жыныстық саңылаудан басталып, қынапқа қосылатын, ұзындығы ірі малда 8-10 см болып келетін түтік. Қабырғасы үш қабаттан тұрады: сырты дәнекер ұлпалы клетчатка (адвинтиция), ортасында етті қабат, ішкі кілегейлі қабат. Қынап сияқты көптеген ұзын қатпалар түзеді. Кілегейлі қабықтың астынан, қынап кіре берісіне бартолини бездерінің түтікшілері ашылады. Қынап кіреберісі мен қынаптың шекарасында кішкентай, әлсіз дамыған көлденең қатпарша – қыздық перде (hymen) орналасады.

Қынап кіребірісі мен қынаптың атқаратын негізгі қызметі жыныстық қатынасты (coitus) қамтамасыз ету.

Жыныстық органдардың қан айналу жүйесі-негізінен мықын артериясынан тарайтын алдыңғы, ортаңғы және артқы жатыр артериялары мен веналарынан тұрады. Жыныстық ернеулерге орталық жатыр артериясы мен венасы келеді.

Жүйке жүйесі негізінен артқы шарбы түйінінен шығатын симпатикалық бағана мен сегізкөз жолынан шығатын парасимпатикалық жүйкелер арқылы іске асады. Жатыр қабырғасында тек қана сезімтал жүйке талшықтары емес, сонымен қатар қозғаушы жүйке талшықтары да бар.  

 

I- кесте. Жыныстық органдардың кейбір бөлшектерінің мөлшері (см)

Мал

түлігі

Қынап

кіреберісі

Қынап

Ж а т ы р

Мойыны Денесі Тармағы Ұрық түтікшесі Аналық ұрық безі
Сиыр 8-14 20-30 8-12 2-5 20-30 20-25 2-3
Бие 8-16 25-30 10-12 10-15 20-25 20-30 3-5
Түйе 7-8 25-30 15-20 20-25 15-20 20-25 3-5
Қой, ешкі 4-5 8-12 5-7 2-3 12-20 9-16 11-1,5
Шошқа 5-10 15-20 15-20 2-3 100-200 15-20 3-9
Есек 10-13 15-18 5-6 10-12 17-20 20-25 3-6

 

Ұрғашы малдың жыныстық органдарының физиологиясы

Жыныстық және физиологиялық жетілу. Малдың өсіп өну, төл беру қабілеті тек қана жыныстық жетілген кезеңнен басталады. Бұл кезде жыныстық органдарда, эндокринді аппаратта және бүкіл организмде өте күрделі морфологиялық, физиологиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда аналық жыныстық безде фолликулдер өсіп жетіле бастайды да, онда аналық ұрық торшасы және жыныстық эстрогендік гормондар (фолликулин) пайда болады.

Бұл гормондардың әсерінен (эстрон, эстрадиол) ұрғашы малдың өзіне тән ерекше белгілері айқындала түседі, жыныстық органдары дамып толық жетіледі, мал күйлейді, яғни жыныстық цикл қалыптасады. Осы кезден бастап аналық жыныстық безде овогенез үрдісі белгілі бір мерзімде, әрдайым қайталанып отырады да, ол мал қартайғанға дейін жалғаса береді. Сонымен қатар сүт бездері де өсіп дамиды.

Жыныстық жетілудің мерзімі әртүрлі факторларға байланысты, яғни түліктің, тұқымы, жынысы, климат, азықтандыру, бағып-күту, еркек малмен қарым-қатынаста болу сияқты факторлар әсер етеді. Жануардың неғұрлым өмірі қысқа болса, оның жыныстық жетілуі соғұрлым тезірек болады. Бағып–күтімі жақсы малдың жыныстық жетілуі де ертерек басталады.

Жыныстық жағынан жетілген малды сол кезден бастап-ақ қашыруға ұрықтандыруға болмайды, себебі бұл кезде организм әлі толық жетілмеген, жамбас қуысы тар. Мұндай жас малдың буаздығы оның организміне де (өспей қалады), іштегі төлдің дұрыс дамуына да үлкен зиян келтіреді. Сондықтан ұрықтандыру үшін малдың жыныстық жетілуімен қатар, организмнің физиологиялық толық жетілуін күту керек.

2-кесте. Жыныстық және физиологиялық жетілу мерзімі

Мал түлігі Жыныстық жетілуі Физиологиялық жетілуі
Сиыр 8-10 ай 16-18 ай
Бие 18 ай 3 жасар кезінде
Түйе 12 ай 3-5 жасар кезінде
Қой, ешкі 6-8 ай 12-18 ай
Қоян 4-5 ай 6-8 ай
Шошқа 6-8 ай 9-12 ай
Есек 12-15 ай 2-3 жасар кезінде
Ит 4-5 ай 10-12 ай
Мысық 4-5 ай 10-12 ай

Физиологиялық тұрғыдан толық жетілген малдың сыртқы пішіні (экстерьері) және тірілей салмағы ересек малдың тірі салмағының 65-70 пайызын құрау тиіс.

Құнажын, қашарлардың салмағы 290-300 кг жетсе 16-18 айды күтпей-ақ қашыра беруге болады. Мегежіндердің салмағы 110-120 кг жеткенде ұрықтандырады.

Жыныстық цикл. Жыныстық жетілген малдың организмінде, әсіресе, жыныстық жүйеде белгілі бір мезгілде қайталанып отыратын өте күрделі морфологиялық, физиологиялық құбылыстар болады Бұл өзгерістер гипоталамус-гипофиз, аналық жыныстық безбен басқада эндокриндік жүйелердің арақатынастық жағдайына байланысты және орталық жүйке жүйесінің тікелей басшылығымен іске асып отырады. Осы құбылыстардың белгілі бір тәртіппен қайталанып отыруын жыныстық цикл деп атайды.

Жыныстық циклді жан-жақты зерттеп, оны ілім ретінде қалыптастырған профессор А.П.Студенцов болды.

Оның анықтамасы бойынша жыныстық цикл үш сатыдан тұрады: 1. Қозу 2. Тежелу 3. Теңдесу.

Қозу сатысы төрт феноменнің көрінуімен сипатталады, олар: шылым ағу феномені, жалпы реакция (жыныстық қозу) феномені, күйлеу феномені және овуляция феномені. Осы қозу сатысында малдың организмінде оның шағылысуына, ұрықтануына, эмбрионның пайда болуына қажетті жағдай туады.

Жыныстық цикл синхронды немесе асинхронды; ырғақты немесе ырғақсыз, жарамды немесе жарамсыз болып өтеді.

Синхронды жыныстық циклдің барлық феномендері белгілі бір уақыт аралықтарында көрінеді, қозу сатысы тез қалыптасып өте айқын білінеді.

Асинхрондық жыныстық циклдің феномендері бір-біріне ілеспей, әр кезде көрініп, басылып жатады. Қозу сатысының қалыптасуы 4-5 тәулікке дейін созылады. Н.И. Полянцевтің мәліметі бойынша 25 пайыз сиырларда жыныстық цикл синхронды өтсе, 75 пайызында асинхронды өтеді.

Ырғақты жыныстық циклдің қайталану мерзімі бірдей, мысалға, әрбір 21 тәулік сайын қайталанып отырады. Ырғақсыз жыныстық циклдің қайталануы әр қалай, кейде 21 күннен кейін болса, енді бірде 45-60 күнге дейін малда жыныстық циклдің белгілері білінбейді.



Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: