Акушерлік патологиялар 2 страница

Жарамды жыныстық цикл деп барлық қозу сатысының барлық феномендері дерлік байқалған циклді айтады.

Жарамсыз жыныстық циклде бір немесе бірнеше феномендер көрінбей қалады. Мысалға: жалпы реакция феномені болмай қалады оны ареактивтік жыныстық цикл деп атайды, күйлеу феномені жоқ болса, алибидтік жыныстық цикл, шылым ағу феномені жоқ болса, анэстралдік жыныстық цикл, овуляция феномені жоқ болса, ановуляторық жыныстық цикл деп аталады.

Жарамсыз жыныстық циклдің қайсысында болмасын малды шағылыстырғаннан, қашырғаннан ол тоқтамайды, ұрықтанбайды.

Шылым ағу (oestrus). Жыныстық органдардың кілегейлі қабығындағы эпителий торшалары көбейіп, бірнеше қабат болады, олар шырыш (секрет) бөліп шығара бастайды. Жатыр ішіне жиналған шырыш сыртқа ағып шыға бастайды. Малдың сарпайынан жіп тәрізді шұбырып, мөлдір түсті шырыш ағып тұрады. Осы құбылысты шылым ағу феномені деп атайды. Қынаптың, қынап кіреберісінің, жатыр мойынының кілегейлі қабаты домбығып ісініп, қызарып, қанталап кетеді. Алғашқы күндері аққан кілегейлі сұйық көп емес, жатқан жерінде жиналып немесе құйрығына жабысып қалғанын байқаймыз, кейіннен оның мөлшері біраз көбейіп, соңына қарай азая бастайды. Сұйықтың өзіде қоюланып, сарғылт тартып, бұлыңғырлана береді. Шылым ағу үрдісі көбінесе, 2-3 тәулікке созылады, кейбір сиырларда, қаншықтарда бөлінген шырышқа қан араласуы мүмкін, сұйықпен қосылып кілегейлі эпителийдің өлген торшалары көптеп көшіп (пролиферация) түсе бастайды. Бұл кезде жатырдың жиырылуы күшейе түседі, тік шек арқылы ұстап, сипай бастағанда-ақ тез жиырылып серпіледі. Шылым ағу үрдісінің соңына қарай жоғарыда айтылған барлық пролиферативтік үрдістер бәсеңдейді. Қан айналымы азайып, кілегейлі қабаттың түсі бозғылт тартады.

Шылым ағу феномені басқа феномендерден бұрын басталады да, кейін аяқталады. Күзде, қыстың суық күндері бұл үрдіс қысқа мерзімде, баяу өтеді, ал көктемде жаздың жылы күндері керісінше, өте айқын, қарқынды 3-4 күнге созылады.

Шылым ағу үрдісінің маңызы өте зор, біріншіден оның санитарлық маңызы бар. Сұйық неғұрлым көп ақса, жыныстық жолдар соғұрлым тазара түседі, екіншіден сыртқа бөлініп жатқан кілегейлі сұйық аталық ұрық торшалары (спермийлер) үшін, яғни олардың жылдам қозғалуы үшін өте қолайлы (реотаксис) орта болып табылады.

Шылым ағу үрдісі басталған соң 1-1,5 тәуліктен соң-ақ, малдың мінез-құлқы да өзгере бастайды, сөйтіп екінші феномен басталады.

Жыныстық қозу (жалпы реакция) феномені малдың мінез-құлқының өзгеруімен сипатталады. Мысалы, сиыр мазасызданып, бір орынында тұра алмайды, жиі-жиі мөңіреп аяғымен жер тарпиды, жем-шөпке қарамайды, сүті кеміп кетеді. Биелерде құлынның іші өтеді. Жайылымда жүргенде, аулаға шығарғанда басқа сиырларға асылып шағылысқандағыдай әрекет жасайды, өзінің үстіне басқа сиырлар асылғанда қарсыласпай тыныш тұрады, бірақ бұқаны жолатпайды. Жыныстық қозу феномені 15-20 сағаттай уақытқа созылады, кейде бұл феномен мүлде байқалмайды.

Күйлеу (libido sexsualis) феномені ұрғашы малдың шағылысуға, ұрықтануға дайын екенін көрсетеді. Күйлеген мал еркек малды өзі іздеп барып, оған жақындап шағылысуға ыңғайланып тұрады, еркек мал үстіне секіргенде қозғалмай тұрады. Сиырларда күйлеу феномені орта есеппен 20 сағатқа созылады. Қыстың күндері 10-13 сағат қана болса, жазғытұрым бір тәулікке жетуі мүмкін. Әсіресе, таңертеңгілікте далаға шыққанда анық білінеді. Малдың күйлегенін күйттеуші аталықтарды (бұқа, қошқар, айғыр қабан,) қолдану арқылы аңықтаған дұрыс.

Овуляция (ovulatio) феномені ісініп жетілген фолликулдің жарылып, оның ішінен фолликулярлы сұйықпен бірге аналық ұрық торшасының бөлініп шығу үрдісін айтады.

Ірі малдың овуляция үрдісін тік шек арқылы аналық безді ұстап, сипап білуге болады. Күйлеп жүрген малдың аналық безінде көлемі 0,6-1,0 см, сырты жылтыр былқылдаған күлдіреуік байқалады. Ол өсе келе аналық бездің пішінін өзгертіп жібереді, дөңгелек шар тәрізді немесе сопақша үш бұрышты, алмұрт пішінді бола береді. Пісіп жетілген фолликульдың қабырғасы коллагенезі ферментінің әсерімен әбден жұқарады, ішкі қысым арта түседі де, фолликула жарылады. Бұл үрдістің өтуі фолликул қоздырғыш гормонмен лютендеуші гормонның тікелей әсер етуімен іске асады. Пісіп жетілген фолликулдің аумағы1,5-2 см жетеді. Биенікі тіпті, үлкен 4-5 см жетуі мүмкін. Сиырда овуляция малдың күйлеуі тоқтаған соң, 10-15 сағаттан кейін өтеді. Егер ол аталық малмен жанасып, шағылысқа түсетін болса жатса, оның күйлеуі де, овуляциясы да тез өтеді.

Арық немесе ауру малдың овуляциясы көп кешігіп өтеді, 30 пайыз жағдайда овуляция болмай қалады (ановуляторлық цикл).

Овуляциядан кейін аналық ұрық безінің көлемі кішірейіп, жұмсарады. Жарылған фолликулдің орны шұңқыр, оған қан толып, ұйиды, фолликулярлық эпителийдің торшаларымен араласа өсіп, оған лютеинді фермент сіңіп, сары денеге айналады.

Овуляциядан кейін 4-5 күннен кейін-ақ сары дене (corpus luteun) аналық ұрық безінің үстінен бұлтиып біліне бастайды.

Егерде овуляциядан кейін мал тоқтап кетіп, буаз болса, сары дене мал төлдегенге дейін өзінің қызметін тоқтатпай сақталып қалады. Мұндай сары дененің буаздықтың сары денесі деп атайды. Ал егерде мал буаз болмай жыныстық цикл қайталанатын болса, пайда болған сары дене 7-10 күннің ішінде ыдырап, сіңіп кетеді де, аналық ұрық безінде қайтадан фолликулдер өсіп жетіле бастайды. Мұндай жағдайда сары денені жыныстық циклдің сары денесі деп атайды. Буаздықтың сары денесі мал төлдегеннен кейін 30 күннің ішінде, ал жыныстық циклдің сары денесі 15-20 күннің ішінде ыдырап сіңіп кетпей тұрып қалса, ондай сары денені тұрып қалған немесе персистенттік сары дене деп атайды. Бұл жыныстық жүйедегі қандай да бір патологияның белгісі.

Овогенез деп аналық ұрық безінде аналық ұрық торшасының пайда болып, өсіп-даму үрдісін айтады. Ұрық торшасы аналық ұрық безінің сыртқы қыртысты қабатында  примордиалдік фолликулдердің арасында пайда болады. Овоцитті сыртынан бір қабат фолликулярлық торшалар қоршап тұрады. Бұл-алғашқы фолликула. Овоциттер эмбрионалдық кезеңде-ақ пайда бола бастайды. Бұл үрдіс жыныстық жетілу мерзімінде біршама қарқынды, ал одан кейін сәл баяулап қартайғанға жүріп отырады. Примордиалдық фолликулдердің жалпы саны сиырларда бірнеше ондаған мыңға жетеді, оның тек азғана бөлігі толық пісіп-жетіліп, овуляциямен аяқталады да, қалған фолликулдер атрезияға ұшырайды. Атрезия деп фолликулдің дамуы тоқтап, ішіндегі ұрық торшасы өліп, фолликулярлық сұйықтың ыдырып сіңіп кетуінайтады. Бұл-кәдімгі физиологиялық құбылыс.

Овоциттің төңірегіндегі қоршап тұрған бір қатар фолликулярлы эпителий бірнеше қатар болып көбейе бастайды, фолликула өсіп үлкейе береді, оның ортасына фолликулярлы клеткаларды шетке ығыстырып кең қуысқа айналады. Фолликула ұрық безінің терең қабатынан бетіне қарай жақындай береді. Фолликульдің қабырғасы ішкі және сыртқы қабаттан тұрады. Ішкі қабатында фолликулярлы эпителий орналасқан, ол экстрогендік гормон (фолликулин), бөліп шығарады сыртқы қабаты тығыз дәнекер ұлпадан, қан тамырларынан тұрады. Пісіп жетілген фолликулдің көлемі сиырда 1,5 см, биеде 4-5 см болады.

Фолликулдің өсіп жетілуімен қатар ұрық торшасы да өсіп жетіледі. Бұл кезде овоциттің құрамында және оның ядросында күрделі өзгерістер болады. Овоцит екі рет бөлінеді. Бірінші бөлінгенде одан екінші дәрежедегі овоцит және бірінші бағыттаушы дене тарайды. Осыдан кейін (көбінесе, овуляциядан кейін) екінші дәрежедегі овоцит екінші рет бөлінеді, оның нәтижесінде үшінші дәрежедегі овоцит және екінші бағыттаушы дене бөлініп шығады. Осы үшінші дәрежедегі овоцит жетілген ұрық торшасы болып саналады, оның ядросында хролмосомдар саны жартылай ғана (гаплоидті сан) болады.

 

 

3-кесте. Малдың күйлейтін мерзімі және овуляция өтетін уақыт

Мал

түрі

К ү й л е й т і н м е р з і м

Овуляция өтетін уақыт

Төлдегеннен кейін Қайталануы Ұзақтағы
Сиыр 20-30 күнде 21 күнде 15-20 сағат Күйлеу тоқтағаннан кейін 10-15 сағаттан соң
Б и е 7-9 күнде 21 күнде 4-7 тәулік кейде 10-12 тәулікке созылады Күйлеуі тоқтардың алдында, таңға жуық мезгілде
Қой, ешкі 15-30 күнде, кейде1,5-2 ай өткенде 16-17 күнде 1,5-2 тәулік Күйлеу басталғаннан кейін бір тәулік өткен соң
Түйе Бірнеше күн өткен соң 9-50 тәулік 15-65 тәулік   Шағылысқаннан соң өтеді
Шошқа 20 күн өткенде немесе торайын бөлген соң, 3-5 күн өткенде 21 күнде 2-2,5 тәулік Күйлеу басталғаннан кейін бір тәулік өткен соң басталып, 1-2 күнге созылады
Ит, мысық          --- 3-6 айда 8-14 тәулік Күйлеу үрдісінің нағыз қызған кезіңде бірнеше күн бойы өтеді

Көп төлді жануарлардың аналық ұрық безінде бір мезгілде бірнеше фолликулдер пісіп жетіледі де, овуляция үрдісі ұзаққа созылады.

Жыныстық циклдің қайталануы барлық малда, жануарларда бірдей емес. Сондықтан жыныстық цикліне өтуіне қарай барлық жануарларды полициклді және моноциклді жануарлар деп екіге бөлеміз.

Полициклді -жануарлардың жыныстық циклі бір жылдың ішінде белгілі бір уақыт аралығында бірнеше рет, яғни әр 18-22 күн сайын қайталанып отырады. Бұған негізінен үй жануарлары, демек, сиыр, бие, мегежін жатады.

Моноциклді - жануарлардың жыныстық циклі жылына бір немесе екі рет қана қайталанады. Оларға ит, мысық және жабайы аңдар жатады. Ал түйе, қой мен ешкіні полициклді жануарларға жатқыза отырып, олардың жыныстық маусымы бар екендігін көрсете кетуіміз керек. Қой, ешкілер күзде күйлейді, ал түйе көбінесе, қаңтар айынан бастап сәуір-мамыр айларына дейін бірнеше рет күйлейді.

Тежелу сатысы шылым ағу және жыныстық қозу феномендерінің бәсеңдеп барып басылуымен сипатталады. Кеше ғана күйлеп жүрген мал еркек малды теуіп-тістеп жолатпайды. Шылым ағу тоқтаған, жыныс органдарының кілегейлі қабатынын қызарғаны басылып бозғылт тартқан, домбығып ісінгені де әлсіреген, жатыр мойыны жабық, кынаптағы кілегейлі қабатының эпителийі көшіп түсіп, астынан жаңа торшалар пайда болады. Мал тыныштанып, жем-шөпке тәбеті бұрынғы қалыпқа түседі. Сөйтіп, қозу сатысындағы байқалған эволюциялық үрдістер тоқтап, орнына инволюциялық үрдістер келеді.

Теңелу сатысы. Тежелу сатысының жалғасы болып табылады, бұл едәуір ұзақ уақыттқа, жаңа циклдің басталуына дейін созылады. Малдың мінез-құлқында айтарлықтай өзгеріс болмайды, аталық малға қарамайды, болмаса, оған жоламай қашып жүреді. Ұрық безінде әртүрлі даму сатысындағы фолликулдер де, сары дене де байқала береді. Жатыр мойыны жабық. Бұл-тек сырттай қарағандағы тыныштық. Ал жыныстық органдарда көзге көрінбейтін гистологиялық, биохимиялық өзгерістер, үрдістер жүріп жатады.

Әдетте, жыныстық цикл жаңа буаздыққа әкеліп соқтыруы керек, буаздық аяқталып мал төлдегеннен кейін қайтадан жаңа цикл басталады. Жыныстық циклдің басталуын, оның өту барысын, оған әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды білу, әр аналық малдан жыл сайын төл алып отыру үшін қажет.

Ұрғашы малдың организміндегі жыныстық үрдістердің нейрогуморалді реттелуі

Жыныстық цикл басталып, оның дұрыс өтуі үшін сыртқы ортаның әсерімен қатар гонадроптық және гонадальдық гормондар қажет.

Гонадотропты гормондар: фолликул стимулдеуші гормон (ФСГ), лютеиндеуші гормон (ЛГ) және лютеотроптық гормон (ЛТГ) немесе лактогендік гормондар гипофизде түзеліп шығады да, қан арқылы аналық ұрық безіне және сүт безіне әсер етеді, яғни фолликулдердің өсіп жетілуін, овогенез үрдісінің жүруін қамтамасыз етеді. Аналық ұрық безінде овуляция болып, сол жарылған фолликулдің орнында сары дененің пайда болуы да осы гормондардың әсері.

Гонадалдық гормондар аналық ұрық безінде түзіледі, оған: фолликулин (эстрогендік гормон) және сары дененің гормоны прогестерон жатады.

Сыртқы орта факторлары дегеніміз - күн сәулесі, ауаның температурасы, жем-шөп және еркек мал. Осы ішкі, сыртқы факторлардың бір-біріне тигізетін әсерін бір ретке келтіріп отыратын орын-орталық жүйке жүйесі.

Қазіргі ғылыми-зерттеулер нәтижелеріне сүйенетін болсақ, жыныстық цикл мынандай тәртіппен өтеді: күн сәулесі -көздің, терінің рецепторын, азықпен келіп түскен стерондар- ас қорыту органдарының рецепторын қоздырады, еркек малдың- иісі, сыртқы тұрпаты, дауысы, олардың аталық малға тән қылықтары, ұрғашы малға жанасуы, сол сияқты тағы басқа да қарым-қатынасы тиісті сезімтал рецепторларды қоздырып, сол арқылы импульстер ми қыртысындағы тиісті орталықтарға барып жиналады. Ол жерде сарапталып, талданған импульстер гипоталамус арқылы гипофизге жетіп, ФСГ (фолликул стимулдеуші) гормонын бөліп шығаруға мәжбүр етеді. Бұл гормон қан арқылы аналық ұрық безіне әсер етіп фолликулдердің өсіп жетілуін дамуына ықпал етеді. Фолликулдердің ішінде фолликулин (эстрогендік гормон) түзіліп, қан арқылы миға, жыныстық жүйеге әсер етіп, соның салдарынан жыныстық циклдің қозу сатысы басталады. Жыныстық циклдің қозу сатысында: шылым ағу, жалпы реакция, күйлеу және овуляция феномендері бірінен соң бірі, тізбектеліп өтеді. Қанның кұрамында эстрогендік гормондар өте көп болғанда, ФСГ гормонының орнына гипофиз ЛГ (лютеиндеуші) гормонын бөліп шығара бастайды. ЛГ гормонының әсері мен овуляция үрдісі жүзеге асып жарылған фолликулдің орнына сары дене пайда болады. Сары дене өзінің прогестерон деген гормонын шығара бастайды. Прогестеронның әсері мен жатыр келесі буаздыққа дайындалады.

Еркек малдың жыныстық органдарының анатомиялық-топографиялық және физиологиялық ерекшеліктері

    Еркек малдың жыныстық органдарына ұма, оның ішіне орналасқан екі ен, ен қосалқысы, ұрық түтікшелері, қосымша жыныстық бездер, жыныстық мүше (қаса, қамшы, шүкі) және күпек жатады (3-сурет).

 

 

3- сурет.Әртүлік малдың жыныстық мүшелерінің орналасуы: А-айғырда Б-бұқада В-қошқарда Г-қабанда. а-бүйрек; б-несеп ағар; в- тік ішек- г-қуық; д-несеп-жыныс өзегінің жамбастық бөлігі, 1-көпіршік тәрізді без, 2- баданалық без, 3- купер безі, 4- жыныстық мүше, 5-ұма, 6ен қосалқысы, 7- ен, 8күпек, 9-жыныстық мүшенің басы, 10-ұрық жолы, 11-ен бауы

Ұма (scrotum) екі қабаттан тұратын қапшық. Сыртқы қабаты тері, өте жұқа, жұмсақ. Оның құрамында тер бөліп шығаратын бездер көп-ақ. Ішкі қабаты серпімелі етті қабықтан тұрады. Екі қабығы бір-бірімен өте тығыз байланысқан.

    Ұманың негізгі атқаратын қызметі ен мен ен қосалқысын сыртқы ортаның зиянды әсерінен және қалыпты температураны сақтау. Ұманың ішіндегі температура құрсақ қуысындағы температурадан 3-5º төмен. Мұндай температура спермиогенездің дұрыс өтуі үшін, шәуеттің сапасы жоғары болуы үшін қажет. Жаздың ыстық күндері ұма созылып жерге дейін (қошқар, теке) салбырап тұрады, ал суық күндері керісінше, жиырылып, кішірейіп бойындағы жылуды сақтауға тырысады.

    Серпімді – етті қабат ұманы ортасынан екі қуысқа бөліп тұрады. Оның әрқайсысының ішінде ен және ен қосалқысы орналасқан. Ұманың ішінде серпімді етті қабаттан кейін ен және ен қосалқысын қоршап жататын тағы бір қабат бар, оны жалпы қынаптық қабық деп атайды. Бұл қабық ақ шел қабаттың жалғасы болып табылады, яғни ен орналасқан қынаптық қуыс шап арнасы арқылы ішкі құрсақ қуысымен жалғасады. Жалпы қынаптық қабықтың сыртында енді жоғары көтеріп немесе түсіріп тұратын ет талшықтары орналасқан.

    Ен (testis, orchis, didymis) және ен қосалқысы (epididymis). Бұл орган эндокриндік органға жатады. Сыртқы пішіні жұмыртқа тәрізді сопақтау, тығыз серпімді, өте күрделі түтікті без. Оның бөліп шығаратын секреті миллиардтаған аталық жыныс торшалардан (спермий) тұрады.

Ен эмбрионалдық даму кезінде беломыртқа тұсында болады да, кейіннен барып ұма ішіне түседі. Ен ұма ішіне түспей, құрсақ қуысында қалып қойса, ондай еркек малды крипторхид деп атайды. Ондай малдың жыныстық рефлекстері сақталады, бірақ ұрғашы малды ұрықтандыра алмайды. Себебі шәуетінің сапасы өте төмен немесе аталық торшалар жоқ болуы да мүмкін.

    Ен сырты сірлі және қалың фибриозды қабықпен қапталған, одан ішке қарай дәнекер тканьді қабырғалар тарайды да, ен паренхимасын бірнеше жүздеген бөліктерге (қуыстарға) бөліп тастайды. Әрбір бөліктің ішінде 4-5 ирек түтікшелер болады. Түтікшелерді қопсымалы дәнекер ұлпалар, жүйке талшықтары, қан тамырлары және ерекше интерстициалды торшалар қоршап жатады. Ол Лейдиг торшалары деп атайды. Ирек түтікшелер ортаға жақындағанда түзу түтікшелерге ауысып, олар бір-бірімен қосылып тор құрайды да, одан 30-ға жуық ұрық алып шығатын арналар тарайды. Бұл арналарды ен қосалқысының басы деп қараса да болады.

    Еннің ұзындығы (бұқанікі) 12-15 см, қалыңдығы 6-7 с, салмағы 300 гр. Ұма ішінде тікесінен орналасқан. Қошқар мен текенікі де сондай, сәл кішірек. Шошқаның ені көлбеу жатады, айғырдікі ұзынынан жатық орналасқан.

    Ен қосалқысы еннің ұзына бойына жабысып жатады. Оның басы, денесі және құйрық түбі болады. Жоғарыда айтылған ұрық алып шығатын көптеген арналар (ен қосалқысының басы) қайтадан бір-бірімен қосылып, иректелген бір арнаға айналады, ол ен қосалқысының денесін құйрық түбін құрайды. Ен қосалқысының осы ирек арнасын созып қарасақ, оның ұзындығы күйіс малында 30м, шошқада 60м, айғырдікі 86 метрге жетеді.

    Ен қосалқысының құйрық түбі еннің төменгі жағында бұлтыйып анық білініп тұрады, шошқа мен айғырда еннің артқы жағында орналасқан. Ен қосалқысында аталық ұрық клеткалары дамып жетіледі және ұзақ мерзімге сақталып жатады. 

    Ұрық түтікшелері (ductus deferens) екеу, әрқайсысы ен қосалқысының арнасынан басталады да, нерв, қан тамырларымен бірге ен сағағының құрамында қынаптың қуыс арқылы құрсақ қуысы мен жамбас қуысына өтеді де жыныс мүшесінің (қаса, қамшы, шүкі) несеп ұрық жолына барып қосылады.

Ұрық түтікшесінің қабырғасы үш қабаттан тұрады: сырты сірлі қабат, ортасында етті қабат, ішкісі кілегейлі қабат, ол цилиндрлі эпителиймен қапталып ұзына бойына созылып қатпарлар түзейді.

Ұрық түтікшелері қуық үстінде бір-бірімен қосылып қампима түзейді. Бұл әсіресе, күйіс малында жақсы білінеді, сол қампимаға эякуляция алдында шәует жиналып дайын тұрады.

Ұрық түтікшелері шәуетті ен қосалқысынан несеп-ұрық арнасына жеткізетін орган.    

Жыныстық мүше (penis) бұқада -қамшы, қабанда, қошқарда- шыбық, айғырда- қаса, ит, мысықта- шүкі деп аталады. Шәуетті ұрғашы малдың жыныстық жолдарына апарып салатын жыныстық қатынас органы.

    Жыныстық мүшенің қасаға сүйектеріне бекитін түбірі, ұзын әрі жуан денесі  және үшкірленген (айғырда, есекте дөңгеленіп жалпақ болып бітетін) басы болады.

Жыныстық мүшенің денесінің астыңғы жағында несеп-ұрық жүретін өзек бар. Оның жан-жағынан каверналық дене қоршап жатады. Каверналық дененің ірі-ірі қуыстарға айналған қан тамырлары деп білуіміз керек. Эрекция кезінде осы каверналар (қуыстар) қанға толып, жыныстық мүше жуандап қатаяды, ұзарады, күпектің сыртына шығып кетеді. Бұқаның қамшысы 150 см, қошқардікі 50 см, қабандыкі 80 см дейін жетеді. Күйіс малының қамшысының басында 2-3 см бөлек шығып тұратын несеп ұрық жолының өсінді қалдығы болады, ол эякуляция кезіңде дірілдеп шәуетті жатыр мойынына бүркіп шашады. 

Күпек (praeputium) - жыныстық мүшенің басын жауып тұратын терінің қатпарларынан тұратын қапшық.

Қосымша жыныстық бездер: а) көпіршік бездер (gl.vesicularis) екеу, олар қуықтың үстінде ұрық түтікшесінің қампаймасының екі жағында орналасқан, ұзындығы ірі малда және қабанда 10-15 см жетеді, қалыңдығы 4-5 см, тік шек арқылы қол салып қарағанда анық білінеді. Иттерде, жабайы аңдарда бұл без болмайды.

ә) баданалық без (gl.prostata) жеке дара без, айғырда және итте жақсы дамыған, қуықтың үстінде, несеп-ұрық жолының басталған жерінде орналасқан.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: