Акушерлік патологиялар 3 страница

б) купер безі (gl.bulbourethralis, gl.cowperi) несеп-ұрық жолының жамбас қуысынан шығатын жерде, қасаға сүйектерінің маңында орналасқан. Көлемі 3-4 см (қабанда 6-12 см) болатын екі бөлек безден тұрады. Итте бұл без болмайды.

в) уретралық бездер (gl.urethralis) несеп-ұрық жолының қабырғасында орналасқан.

Қосымша жыныстық бездердің негізгі қызметі сөл бөлу. Осы қосымша жыныстық бездерден бөлінген сөл ен қосалқысынан келген қою шәуетті сұйылтып, шәуеттің көлемін ұлғайтады, спермийлерді ұйқыдан (анабиоздан) оятып қозғалу белсенділігін арттырады, шәует бөлінер алдында уретралық бездер өзінің сөлімен несеп-ұрық жолын тазалап өтеді.

Спермиогенез деп еннің ирек түтікшелерінде спермийлердің түзіліп, дамып-жетілуін айтады. Бұл үрдіс аталық малда жыныстық жетілуден басталып қартайғанға дейін тоқтамайды.

Спермийлер ирек түтікшелерде түзіледі. Ирек түтікшесінің қабырғасының ішкі жағында (мембранасында) бірнеше қатар болып спермотогоний орналасқан.

Сперомиогенез үрдісінде көбею, өсу, жетілу және қалыптасу сияқты төрт сатыны ажыратамыз, яғни спермотогонийлер әрқайсысы екіге бөлінеді де, бірінші дәрежелі сперматоциттер пайда болады. Олар көлемі үлкейіп тағы да екіге бөлінеді, оның нәтижесінде екінші дәрежедегі сперматоциттер пайда болады. Оларда біраз үлкейген соң тағы да екіге бөлінеді, сөйтіп үшінші дәрежедегі сперматоциттер немесе с п е р м а т и д т е р пайда болады. Сперматидтердің ядросында хромосомдар саны жартылай (гаплоидты) болады. Сперматидтер спермийлергега айналады, мұны қалыптасу сатысы дейміз. Бұл үрдіс ирек түтікшедегі Сертолий торшаларының протоплазмасында өтетін құбылыс. Спермийлер бұл жерден өздігінен қозғала алатын жағдайға жетеді, ақырындап жылжып ен қосалқысының жалпы арнасына келіп түседі. Ен қосалқысындағы қышқыл ортаның әсерінен олардың қозғалысы біртіндеп баяулай да, соңынан мүлдем тоқтайды, яғни олар анабиоздық жағдайға түседі. Бұл кезде спермийлер әбден пісіп жетіліп, сыртынан липопротеидтік қабықпен қапталады, сөйтіп оның сыртқы ортаның әсеріне төзімділігі арта түседі. Сапасы жоғары спермийлер ен қосалқысының құйрық түбірінде жатады. Бұл жерде спермийлер  2-3 айға дейін өзінің сапасын жоғалтпай сақталып тұра береді. Ен қосалқысын мұндай жағдайда спермийлердің жиналып, сақталып тұратын уақытша қоймасы деп қараймыз.

Спермиогенез тоқтаусыз жүретін үрдіс болғанымен жыл мезгіліне қарай, азықтану мен бағып-күтуге байланысты, аталық малды пайдалануға байланысты (шәует алу режимі, күйікке салу) кейбір кездерде өте қарқынды өтсе, кейде баяулап қалады.

Ен паренхимасында тек қана спермийлер емес, сонымен қатар аталық жыныс гормоны т е с т е с т е р о н   (Лейдиг клеткаларында) түзіледі. Бұл гормон негізінен жыныстық органдардың дамып жетілуіне әсер етсе, сонымен қатар аталық малдың өзіне тән белгілерінің пайда болуына, ұрғашы малға деген жыныстық инстинктің пайда болуына әсер етеді. Піштірілген малдың ондай рефлекстері болмайды.

Шағылысу немесе жыныстық қатынас (coitus). Ұрғашы және еркек малдың арасында болатын негізінен шарттыз жыныстық рефлекстерден тұратын өте күрделі физиологиялық құбылыс. Жыныстық қатынас: 1) іздеп – тауып жақындау; 2) эрекция; 3) асылу; 4) қатынас рефлексі және 5) эякуляция рефлекстерден құралады

Бұл рефлекстер өзара тығыз байланысты және осындай ретпен өтеді де эякуляциямен аяқталады. Осы рефлекстердің жиынтығын жыныстық инстинкт деп атайды. Піштірілген еркек малдың жыныстық инстинкті болмайды.    

Іздеп-тауып жақындау рефлексі деп еркек малдың күйлеген ұрғашы малды иіс арқылы іздеп табуын айтамыз, кейде күйлеген мал еркек малға өзі жақындайды. Бұл ит-мысықта, жабайы аңдарда өте күшті байқалатын рефлекс. Алғашқы кезде бұл рефлекс, әлі дұрыс қалыптаса қоймаған, еркек мал күйлемеген малға да жақындап барып иіскеп сүйкенуі мүмкін, кейін ғана олар шартты рефлекстердің қосылуына қарай тәжірибе жинап, тек күйлеген малды ғана табатын болады.

Эрекция болған кезде жыныстық мүше қанға толып, жуандап үлкейіп қатаяды, яғни жыныстық мүшені ұрғашы малдың жыныстық жолдарына апарып салуға (еңгізуге) қолайлы жағдай туады. Эрекцияның басталуына көз рецепторлары, дыбыс қабылдау, иіс сезу, сыртқы жанасу сезімдерін қабылдайтын рецепторлар арқылы түскен импульстермен құйымшақтағы эрекция орталығын қоздыру себепкер болады. Бұл орталықтан тиісті импульстер жыныстық мүшеге келіп, оны жоғарыда айтқандай өзгеріске әкеліп соқтырады. Кейбір жануарларда эрекцияны мастурбация жасау арқылы да туғызуға болады. Айғырларда, қошқар мен бұқада күнде ұрық алып жүрген орынға жақындағанда эрекция бастала береді.

Асылу рефлексінде еркек мал күйлеген ұрғашы малдың үстіне секіріп мініп, алдыңғы аяқтарымен оның екі бүйірінен қысып тұрады. Бұл рефлекс айғыр мен шошқада жақсы байқалады, шошқалар тіпті, тұлыпқа да асыла береді.

Асылу рефлексіне қабаттаса жыныстық қатынас рефлекс басталады. Бұл рефлекстің мәні еркек мал күйлеген ұрғашы малдың жыныстық жолдарына (қынабына) өзінің жыныстық мүшесін еңгізген соң ерсілі-қарсылы бірнеше қозғалыстар жасайды. Сол кезде жыныстық мүшенің терісіндегі рецепторлар үйкелістен туатын жылу және механикалық сезімдерді қабылдап, оның ақыры эякуляциямен бітеді. Жыныстық қатынас рефлексі күйіс малдарында өте жылдам өтеді. Жыныстық мүше қынапқа түскен соң қатырақ бір итерумен немесе сүрумен яқталады.

Эякуляция -бұл дұрыс өткен шағылысудың мәресі, бұл кезде организмдегі жүйкелік қозу үрдісі ең жоғарғы деңгейіне жетеді (оргазм), сөйтіп еркек малдың бойынан шәует бөлініп шығады. Эякуляция үшін ең қолайлы температура 40-50° арасы. Экуляция үрдісіне қосымша жыныстық бездер өздерінің секреттерін бөліп шығаруы арқылы қатысады: эрекция басталғаннан соң-ақ уретралдық бездердің секреті бөлініп шығып уретраны, яғни несеп-жыныс өзегін зәр қалдығынан  тазалап өтеді, содан кейін баданалық без бен көпіршік бездерінің секреті араласады, ең соңынан купер бездерінің секреті бөлініп, шәуетті ұрғашы малдың жыныстық жолдарына тереңірек апарып итеріп тастауға мүмкіндік туғызады. Эякуляция қабанда, айғырда асинхронды, ал күйіс малдарында синхронды өтеді.  

Ұрғашы малдың жыныстық қатынас кезінде байқалатын рефлекстері де еркек малдың рефлекстеріндей. Мысалға, асылу рефлексі ұрғашы малдың ешқандай қарсылыссыз тыныш тұруымен сипатталады. Эрекция кезінде қынаптың, жатыр мойынының кілегейлі қабығы қызарып, клитор қатайып, жыныстық ернеулер ашылып тұрады. Қатынас рефлекстеріне сәйкес бүкіл денесінің, әсіресе жыныстық органдардың бұлшық ет талшықтары жиырылып серпімді қозғалысқа түседі. Ал, эякуляция кезінде жыныстық ернеулерде, қынап кіреберісінде орналасқан бездер көп мөлшерде кілегейлі шырыш бөліп шығарады, ал оргазм кезінде жатыр мойынындағы кілегейлі тығын еріп ағып шығады.

Бұғылардың шағылысуы жүгіріп бара жатып та өтуі мүмкін, қояндар оргазм кезінде шыңғырып барып шалқасынан құлай кетеді. Иттер 20-40 минутқа дейін бір-бірінен ажыраса алмай жабысып қалады. Мұндай құбылыс төбет пен қаншықтың жыныстық органдарының ерекшеліктеріне байланысты. Буралар шағылысу кезінде өте ашулы келеді, бөтен кісіні шайнап тастауы да мүмкін, шағылысу үрдісі түйенің шөгерілген жағдайында өтеді.


II ТАРАУ

МАЛДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ

 

Аналық бастан неғұрлым көбірек төл алып, оны тиімді пайдалану мал қашыруды (ұрықтандыруды) дұрыс ұйымдастыруға байланысты, әсіресе, күйлеген малды дер кезінде ұрықтандырудың маңызы зор.

    Малды ұрықтандыру табиғи жолмен (шағылысу) және жасанды түрде (қолдан ұрықтандыру) жүргізіледі.

    Табиғи жолмен ұрықтандыру тәсілі: еркін жүріп ұрықтандыру (далада, арнайы загонда, аулада) және ұстап тұрып қолдан ұрықтандыру. Осы екінші әдіс дұрыс деп саналадаы. Себебі, мұнда әрбір аталық малға бекітілген ұрғашы малды тексеріп, соған  лайықтысын таңдап алуға болады, малдың денсаулығы (жыныстық органдары) тексеруден өтеді, қашыратын малдың санын реттеп отырады, яғни есеп-қисап жұмысын қатаң сақтауға болады. Жылына бір бұқамен 60-100 сиыр. Бір қошқармен 60 саулық, бір қабанмен 20 мегежін, бір айғырмен 40-50 биені қашыруға болады. Күйлеген малды алып келіп станокқа (тұғырға) қойып немесе бас жібінен ұстап тұрып қашырады, содан кейін алып кетеді. Тек оның күйлеген мезгілін дұрыс таба білу керек.

    Ал енді малды еркін қашыру кезінде аталық мал табында, отарда, үйірде үнемі бірге жүреді. Күйлеген малды шет қалдырмай өзі іздеп тауып алады, күйі қайтқанша қашыра береді. Малдың қысыр қалмауына толық мүмкіндік бар. Бірақ қашқан малдың есебін жүргізу, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізу қиын. Бір аталық малға бекітілетін ұрғашы малдың саны әлде қайда аз, 30-40 бастан аспайды. Аталық малға жыныстық жүктеме жоғары болғандықтан ол әбден титықтап болдырады.

    Бүгінгі таңда экономикалық жағынан тиімді, болашағы мол деп малды жалпылама қолдан ұрықтандыруға көшкен. Бірақ оны әрбір фермер өзі шешеді. Қолдан ұрықтандыру кезінде аталық мал мен күйлеген малдың арасында жыныстық қатынас болмайды, ұрықты ұрғашы малдың жыныс жолдарына арнайы аспаптармен апарып салады. Қолдан ұрықтандыру жұмысын әр түлік малдың табиғи ұрықтану үрдісін ескере отырып, соған сәйкестендіріп жүргізеді.

    Табиғи ұрықтандырылу түрлері. 1) Қынаптық ұрықтандырылу; 2) Жатырлық ұрықтандырылу. Қынаптық ұрықтанатындарға күйіс малы, қоян жатады. Эякуляция кезінде шәует қынапқа түседі де, содан кейін жатыр мойнына жылжып барады. Бұл топтағы малдың ерекшелігі: жыныстық қатынас өте қысқа, тез 1-2 секундте өтеді, эякулят көлемі аз. Қосымша жыныстық бездері нашар дамыған, олардың секреті аз болғандықтан спермийлердің қанықтылығы өте жоғары, эякуляция синхронды (барлық жыныстық бездердің секреті бір мезгілде) бөлінеді.

    Жатырлық  ұрықтанатындарға бие, мегежін, ит, мысық жатады. Эякуляция кезінде олардың шәуеті тікелей жатырға барып түседі, себебі жыныстық мүшенің басы жатыр мойнына барып тіреліп (қабандыкі жатыр мойнына еніп тұрады), оның төңірегінде шәует қынапқа төгілетіндей бос орын қалмайды. Бұл топтағы малдың жыныстық қатынасы ұзақ уақытқа: иттерде 6-45 минутқа, шошқада 10-15 минутқа, айғырда 1-2 минутқа созылады. Эякуляттың көлемі үлкен: қабандыкі–1000 мл, айғырдікі-100-150 мл. Спермийлердің концентрациясы (қанықтылығы) өте төмен 1 мл. шәуетте 100-200 млн. ғана болады. Спермийлер ұрғашы малдың жыныстық жүйесінде көп уақытқа шыдамайды, тіпті, биохимиялық құрамы да басқаша.

Қолдан (жасанды) ұрықтандыру. Қолдан ұрықтандырудың негізгі мақсаты-асыл тұқымды, құнды аталық малдан мейлінше көп төл алу, қысқа мерзімнің ішінде бүкіл малдың сапасын, өнімділігін арттыру, жаңа қолтумалар, гибридтер шығару. Асыл тұқымды малдың шәуетін алыс елді мекендерге апаруға, басқа мемлекеттен сатып әкеліп қолдануға, сондай-ақ шәуетті көп жинап алып, ұзақ уақыт (бірнеше ондаған жылдар бойы) сақтап қойып қолдана беруге болады.

    Қолдан ұрықтандыру әрекеті ерте заманда белгілі болған. Араб жылнамаларында біздің эрамызға дейін 800 жыл бұрын ассирицтер күйлеген биенің қынабына бір уыс қыл салып қойып, оған асыл тұқымды айғырды шаптырып артынша әлгі қылды шәуетімен қоса басқа биенің қынабына салып ұрықтандырғаны айтылады.

    1763 жылы Стефан Якоби балықтарды, 1780-1787 жылдары Спаланцани иттерді қолдан ұрықтандырып тәжірибе жасады. Осы тәжірибенің нәтижесін пайдалана отырып, 1855 жылы дүниежүзінде Ресейде бірінші болып қолдан ұрықтандыруға негізделген балық зауыты салынды.

    Одан басқа жеке әуесқойлық жұмыс ретінде Айдеман, Хельковский, Измайлов, Елишеров деген кісілер де қолдан ұрықтандырумен айналысқан.

    Кеңес өкіметі кезінде ауылшаруашылық өндірісінде қолдан ұрықтандыруды мемлекеттік дәрежеде мән беріп қолдану тек И.И. Ивановтың атсалысуымен ғана іске аса бастады. Ол өзінің көп жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде аталық малдан шәует алу (қынаптық әдіспен), шәуетті сұйылту, төменгі температурада сақтау, ұрықтандыру тәсілдерін жетілдіріп, одан әрі дамытты. 1931 жылы В.И. Липатов, Н.В. Комиссаров. И.И. Родин шәует алатын жасанды қынап ойлап тапты.

    А.Д. Бренштейн, В.В. Петропавловский, И.В. Смирнов дүниежүзінде бірінші болып, шәуетті ұзақ мерзімге сақтау үшін мұздатып-қатыруды, сұйылтқыштың құрамына глицерин қосу қажет екенін дәлелдеді.

    1930 жылдары Солтүстік Кавказдың, Ставрополь өлкесінің, Қазақстанның, Қырғызстанның қой шаруашылықтарында қолдан ұрықтандыру жұмысы кеңінен жүргізіле бастады. Барлық ұжымшар, кеңшарларда арнайы пункттер құрылды. Қолдан ұрықтандырылған қой басы 100 мыңнан (1930 жылы) 17 млн. (1940 жылы) жетті. 1950 жылдары ірі қара шаруашылығында, ал 1960 жылдардан бастап көптеген шошқа шаруашылықтарында да қолдан ұрықтандыруға көшу жолға қойылды.

    1955 жылдан бастап мал тұқымын асылдандыратын және қолдан ұрықтандыру жұмысын басқаратын арнайы мемлекеттік станциялар аудандарда, облыстарда құрыла бастады. Асыл тұқымды құнды бұқаларды, қошқарларды бір жерге топтастырып, оларды дұрыс пайдаланудың арқасында қысқа мерзімнің ішінде қойдың ондаған жаңа тұқымдары шығарылды, ірі қарадан, шошқадан да бірнеше жаңа қолтұқымдар шықты.

    Қазақстан территориясында шығарылған арқар меринос, Оңтүстік Қазақстан мериносы, дегерес қойларын, Алатау тұқымдас, Әулиеата, Казақтың ақбас сиырларын, Ақсайдың қарала тұқымды шошқасын айтуға болады.

    Малды қолдан ұрықтандыру саласында В.К. Милованов, М.П. Кузнецов, Ф.В.Ожин, Г.В.Паршутин, И.И. Родин, А.В. Квасницкий, А.И. Лопырин, Н.П.Шергин, Ф.И.Осташко, В.Бальмонт, Н.Петров, М.А.Алетов, т.б. ғалымдар қажырлы еңбек етті.

    Қолдан ұрықтандыру жұмысына атүсті, немқұрайды қарауға болмайды, себебі экономикалық тиімділігі қаншалықты артса, малдәрігерлік санитарлық шараларды орындамаудан аса қатерлі жұқпалы аурулардың таралу қаупі де соншалықты артады. Айталық жұқпалы фолликулярлы вестибуло-вагинит, трихомоноз, кампилобактериоз, ринотрахеит сияқты аурулар тез арада тарап кетуі мүмкін. Бұл жөнінде сол кездерде-ақ И.И. Иванов қолдан ұрықтандыру жұмысына малдәрігерлік бақылау қоюды талап етіп, ескерткен.

    Қолдан ұрықтандыру жұмысын кім жүргізу керек, кімге тапсыру деген мәселе әр елде әртүрлі шешімін тауып отыр. Мысалы Италия, Бельгия, Норвегияда бұл жұмысты тек қана малдәрігерлері жүргізеді, Англияда, Чехославакияда арнайы дайындалған техниктер жүргізеді, Жапония, Францияда техниктер де, малдәрігерлері де жүргізе береді.

    Шәует – аталық малдың жыныстық мүшелері бөліп шығаратын ұрығы. Оның құрамында аталық ұрық торшалар (спермийлер) бар, еннің ирек түтікшелерінде пайда болады, ал сұйық бөлігі (плазма) ен қосалқысы мен ұрық түтікшесінің және қосымша жыныстық бездердің секреттерінен құралады. Химиялық құрамы өте күрделі.

    Шәуеттің бір жыныстық қатынаста бөлініп шығатын көлемін э якулят деп атайды. Әр түлік малдың шәуетінің көлемі, спермийлермен қанықтылығы, қозғалыс белсенділігі әртүрлі бола береді, оған малдың бағып күтімі, қоңдылығы, жасы, денсаулығы әсер етеді.

    Шәуеттің 90-98 пайызы су, тек 10-12 пайызы ғана құрғақ зат, оның 60 пайызы белоктан тұрады (альбуминдер, глобулиндер, аминоқышқылдар, фибриноген т.б.). Басқа органикалық заттардан: липидтер, көмірсулар, (сахароза, фруктоза) лимон қышқылы, сүт қышқылы, дәрумендер, минералды заттардан: натрий, калий, кальций, фосфор, күкірт, темір және басқа да макро-, микроэлементтер бар. Бұл элементтер лимон қышқылымен т.б. органикалық заттармен қосылып шәуеттің буферлік жүйесін қамтамасыз етеді.

    Шәует құрамында гиалуронидаза, пероксидаза, трипсин, каталаза, амилаза, муциназа, липаза сияқты ферменттер де бар. Муциназа жыныстық жолдардағы қою шырышты сұйылтып спермийлердің қозғалуына көмектеседі, ал гиалуронидаза спермийдің аналық ұрық торшасының сыртқы тәж қабатын тесіп өтуіне көмектеседі.

    Көмірсулар спремийлердің қозғалуы үшін қажетті күш-қуат көзі болып табылады. Спермийлер - өте ұсақ, ұзындығы 50-70 микрон, жай көзге көрінбейтін тірі торшалар. Оның доғалданған басы, мойны, денесі және өте ұзын (50 микрон) құйрығы болады.

Спермийдің басы жалпақ қасық тәрізді бір жағы дөңес, бір жағы ойыс келеді, сондықтан олар қозғалғанда бір жағына аунап, өз осінен айналып отырады.

    Сүт қоректілердің спермийінің ұзындығы аналық ұрық торшасының диаметрінен 2 есе қысқа, ал көлемі 160 мың есе аз. Бірақ кейбір құстардың спермийлері 300 микронға, ал көлбақалардың спермийлерінің ұзындығы 2200 микронға жетеді.

    Спермийдің ядросы басында орналасқан. Басы сыртынан қалпақпен жабылған, оның алдыңғы жағында акросома, бұл жұмсақтау зат ұрықтану үрдісінде өте үлкен рөл атқарады. Шәуетті ұзақ мерзімге сақтаған кезде оның тозып-бүліну үрдістері алдымен акросомадан басталады. Ядросы жіңішке хроматин жіптерінен тұрады. Сол хроматин жіптері (фибриллдер) екеуі ортасында өзегі болса, оның сыртын 9 жіпше орап жатады да, спермидің мойнын, денесін және құйрығын түзеді. Спермидің құйрығы оның қозғалу органы болып табылады. Спермийдің сыртқы ортаның әсеріне төзімді етіп тұратын липопротеидті қабығы болады.

 

 4- кесте. Шәуеттің сипаттамасы

Мал түлігі Орташа көлемі (мл) 1 мл шәуеттегі спермийлер саны (млрд) Қозғалу белсенділігі (балл) Патологиялық спермийлер (пайыз)
Қошқар 1 – 1,5 2-3 8- 9 14
Бұқа 4-5 0,8 – 1,2 7 - 8 16 - 18
Айғыр 60 - 100 0,1 – 0,15 5-6 18 - 20
Қабан 200 - 300 0,1 -0,2 5 - 6 18 - 20

Спермийдің де химиялық құрамы өте күрделі, әсіресе оның ядросындағы РНК, ДНК көп мөлшерде азот, фосфор қосындыларын қажет етеді.

Шәуеттің, спермийлердің химиялық құрамын білу спермиогенез үрдісінің дұрыс өтуі үшін, сапалы шәует алу үшін аталық малды дұрыс азықтандыруды ойластыруға қажет.

Жоғары сапалы шәуеттің спермийлері алға қарай үдемелі қозғалып отырады. Мұндай спермийлердің саны қошқардың шәуетінде мысалға, 80 пайыздан кем болмауы қажет. Оны баллмен есептейді, балдық шкала бойынша 80 пайыз түзу қозғалып жүрген спермийлерге 8 балл беріледі. Қозғалыстың одан басқа түрлері бар: тербелмелі қозғалыс, басы қозғалмайтын құйрығымен ғана теңселіп тұрады, немесе кішкене бір шеңбердің бойымен шыр айнала береді. Қозғалыстың бұл екі түрі де шәуеттің сапасының нашар екендігін көрсетеді.

Шәуетте қозғалмайтын, яғни өлі спермийлер көп болса – н е к р о с п е р м и я деп, ал спермийлердің ағысқа қарсы жылжу қабілеті р е о т а к с и с деп аталады.

Спермийлердің сыртқы липопротейдті қабығында теріс (-) электр заряды бар. Соның әсерінен миллиардтаған спермийлер әртүрлі бағытта қозғалып жүріп бір-бірімен түйісіп- соғысып жатса да жабыспайды, ал енді шәуеттің қышқылдығы рН 5-6-дан төмендеп кетсе немесе көп валентті металл иондары араласқанда, басқа малдың шәуеті немесе ауру малдың қынабының шырышы қосылып кетсе спермийлердің қозғалысы тоқтап бір-бірімен жабысып қалады, олар электрлі зарядынан айырылады. Бұл құбылысты с п е р м и о а г г л ю т и н а ц и я деп аталады.

Спермийлер қозғалу үшін біршама күш-қуатты (энергияны) қажет етеді. Бұл қуатты олар тыныс алу, гликолиз және адензинтрифосфор (АТФ) ыдырауы нәтижесінде алады.

    Спермийлердің оттегін пайдаланатынын алғаш рет И.И. Иванов (1911 ж.) анықтаған, кейіннен Н.П. Шергиннің зерттеулері спермийлердің тыныс алу қарқыны малдың түлігіне қарай, қоршаған ортаның температурасына қарай әртүрлі болатынын дәлелдеді. Температураның төмендеуі, қышқылдықтың жоғарылауы тыныс алу қарқынын бәсеңдетеді. Осы факторларды пайдалана отырып, кейіннен шәуетті сақтау әдістерін ойлап тапты.

Тыныс алу үрдісі спермийлердің қозғалуы үшін қажетті энергияның негізгі көзі болып табылады. Оттегімен қосылған кезде әртүрлі қоректік заттар: көмірсулар (фруктоза), майлар, белоктар тотығу реакциясына түсіп ыдырайды да, соның нәтижесінде энергия бөлініп шығады, 1 грамм молекула фруктоза (180 грамм), 680 000 каллория энергия береді. Көмірсулар таусылған соң сорбиттер, одан кейін майлар, ең соңында, белоктар реакцияға түседі.

Спермийлер факультативтік анаэробқа жатады, яғни олар оттегі бар ортада да, оттегі жоқ ортада да тіршілік ете береді. Оттегі жоқ жерде энергияны (фруктолиз) үрдісінің нәтижесінде алады, сөйтіп гликолиз дегеніміз шәуеттің плазмасындағы көмірсулардың (глюкоза, фруктоза) оттегінсіз-ақ сүт қышқылына ыдырауы, содан энергияның бөлініп шығуы. Бұл үрдіс күйіс малының шәуетінде жақсы байқалады. Майлар мен белоктар гликолиз реакциясына түспейді. Сондықтан сұйылтқыштардың құрамына глюкоза қосса шәуетті сақтау мерзімі ұзара түседі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: