Акушерлік патологиялар 11 страница

Туа алмай жатқан малға көмек көрсетемін деп төлді күшпен тартып суырып алғанда жатыр мойны жыртылып немесе кептеліп қалған төлді жатыр ішіне қарай ілмекпен итергенде байқаусызда тайып кетіп жатырды тесіп кетуі мүмкін.

Клиникалық белгілері. Жатыр мойны жыртылса, сарпайдан қан ағуы байқалады, ал жатырдың өзі жыртылса, малдың қансырағанын анықтау қиын, қан құрсақ қуысына кетеді немесе жатыр ішіне жиналады. Малдың күшенуі бірден тоқтайды, тамыр соғуы әлсіз, көрінетін кілегей қабықтары бозарып қаны қашып тұрады. Жатырдың бүтіндігін ірі малдың тік ішегіне қол салып анықтауға әрекет жасайды.

Емі. Тез арада төлді шығарып алуға тырысамыз, содан кейін жатырдың тез жиырылуы үшін питуитрин, прегнантол немесе окситоцин қолданамыз, күре тамырға хлорлы кальцийдің 10 % -дық ерітіндісін 200-300 мл шамасында құямыз; көп қан кеткен жағдайда күре тамырға адреналин қосып 2-3 литр шамасында физиологиялық ерітінді жібереміз. Толығымен жыртылған жатырдың қабырғасын тігу керек, ол үшін алдымен лапоротомия операциясын жасайды.

Жатырдың айналып түсуі (Ihversio et prolapsus uteri). Бұл ауру көбінесе сиыр мен ешкіде кездеседі, туу актісінің артынша, іле-шала 4-5 сағаттың ішінде ішкі кілегей қабығымен теріс айналып жамбас қуысынан сыртқа шығып кетуімен сипатталады (21-сурет).

21-сурет.Жатырдың айналып түсуі.

Себептері. Буаз малды далаға шығармай бір орнында ұзақ мерзімде байлап ұстағанда, тұрған орын артқа қарай өте көлбеу болғанда, төл өте үлкен болып, немесе қағанақ қабықтарының бөсерінен жатыр созылып кеткенде, төлді жылдам тартып шығарғанда, жатыр атониясында, кәрі сиырда, түспей тұрған шуға ауыр зат байлап қойғанда, бұзаудың кіндігі қысқа болып туғанда жатырдың айналып түсуі кездеседі.

Клиникалық белгілері. Алғашқы кезде сиыр құйрығын көтеріп, белін бүкірейтіп, қайта-қайта күшеніп,түйнек болған мал сияқты мазасызданып тұрады. Бұл кезде жатырдың айналып шығып бара жатқанын анықтау қиын, уақыт өте келе жатыр біртіндеп сыртқа қарай айналып шыға береді де, бір кезде толығымен лықсып түсіп кетеді. Сиырдың сарпайынан тілерсегіне дейін салбырап, сыртына үлкендігі тауық жұмыртқасындай көптеген түйіндері бар қанталап тұрған қызыл-қоңыр түсті денені көреміз. Сиыр жатқан кезде оның айналып түскен жатыры нәжіспен, зәрмен, шөп-шалаңмен ластанып, ісініп ұлпасы өлі етке айнала бастайды. Қыстыгүні үсікке шалынып, жаздың күндері тез іріп-шіри бастайды да, сепсиске айналады.

Емі. Жатыр ұлпасында терең өзгерістер болмай тұрғанда тез арада оны орнына салу керек. Ол үшін алдымен, эпидуралді (сакралді) анестезия жасайды, содан кейін жатырды таниннің, ашутастың немесе марганец қышқылды калийдің ерітіндісімен тазалап жуып, шөп-шалаңнан тазалайды, шіріген жерлерін алып тастап орнын йодпен күйдіреді, содан кейін жатырды түгелдей стрептоцид эмульсиясымен майлап ішіне қарай итеріп орнына салуға әрекет жасайды. Малдың артқы жағын биіктеп көтеріп қойса, жатырды орнына салу оңайлау болады. Жатырдың көлемін кішірейту үшін оның қабырғасына әр жерінен жалпы мөлшері 40-50 Ә.Б шамасында окситоцин егіп, жатырды орап таңып тастайды. Жатырды жамбас қуысына итеріп кіргізген соң әрі қарай құрсақ қуысына түсіріп, оның бүгіліп қалған қатпарларын жазу керек. Жатыр қайтып шығып кетпеу үшін осы қалпында қолмен 0,5-1 сағат ұстап тұрған пайдалы.

Жатыр субинволюциясы. (Subinvolutio uteri).  Қалыпты жағдайда төлдеген малдың жатыры 1-1,5 аптаның ішінде жамбас қуысына қайтып келуі тиіс. Бұл үрдісті жатырдың инволюциясы дейді. Ал енді бұл үрдіс баяулап немесе мүлде тоқтап, жатыр жамбас қуысына, өзінің бұрынғы орнына қайтып оралмай, құрсақ қуысына созылып жатып алса, оны субинволюция деп атайды. Бұл ауру көбінесе, сиырда, қыстан әлсіреп шыққан кезде көп байқалады. Субинволюцияның пайда болуына төлдің бөсірі, қағанақ қабықтарының бөсірі, көптөлділік, буаздық кезеңінде малдың далаға шықпауы, тұрған жерінің артқа қарай көлбеу болуы, туған малға бұзауын жолатпау, желінсау ауруы, азығының құнарсыз болып, витаминдер мен минералды заттардың жетіспеуі әсер етеді.

Клиникалық белгілері мен патогенезі. Аурудың ең басты белгісі жатыр жиырылмайды, оның ішіне лохий жиналады (лохиометра). Мал жатқан кезде ғана сарпайынан қан араласқан, қызыл-күрең түсті иісі сасық сұйық ағып шығады, бірнеше күннен кейін ол сұйық іріңге айналады.

Мал организмі жатыр ішіндегі іріп-шіри бастаған сұйықтармен уланады, жалпы сепсиске ұшырайды, жатырда эндометрит ауруы өрби бастайды, малдың жем-шөпке тәбеті болмай, күйіс қайырмайды, ас қорыту қызметі бұзылып, іші өтеді. Тік ішекке қол салып қарағанда, жатырдың ішіне сұйық жиналған созылып құрсақ қуысына жатқанын білеміз.

Аналық ұрық безінде тұрып қалған сары дене байқалады. Мал күйлемейді, күйлесе де жыныстық циклі жарамсыз болып, қашырған мал тоқтамай қысыр қалады.

Болжам. Дер кезінде аурудың сипатын танып тиісті шараларын қолданса ауруды емдеп жазуға болады.

Емі. Аортаға Логвинов Д.Д. әдісімен новокаиннің 1 пайыздық ерітіндісін 100 мл шамасында оған қосып, 50-60 ӘБ. окситоцин немесе питуитрин жіберсе жақсы нәтиже береді, тек сиырды көп кешіктірмей сауып тастау керек. Сүттің жиналып тұрып қалуы желіннің қызметін бұзады.

Одан басқа венаға 150-200 мл глюкоза, 100-150 мл хлорлы кальций жіберген, тік ішек арқылы жатырға массаж жасау, күнделікті далаға шығару, аутогемотерапия, аутолактотерапия (тері астына өз уызын жіберу), ұрық безіндегі сары денені сығып тастау, осының бәрі де жатырдың тонусын көтеріп, аурудың 1,5-2 айдың ішінде жазылып кетуіне мүмкіндік береді.

Туғаннан кейінгі салдану (парез),(Coma puerperalis). Ауру өте жіті өтетін, кенеттен пайда болатын ауру. Көбінесе семіз, сүтті сиырларда кездеседі. Құнажындар, сүті аз жергілікті сиырлар ауырмайды. Ауру алғашқы кезде сиырдың керенау болып жүруімен сипатталады да, кейіннен сиыр аяқтары дірілдеп, әлсіреп жатып қалады. Ас қорыту органдарының қызметі баяулайды, іші кебеді, дене температурасы төмендейді, денесін, мүйізінің, құлағының түбін ұстағанда салқындағанын байқаймыз. Мойын омыртқасы иректеліп,басы бір жақ бүйіріне қисайып жатады, кейде тілі салбырап шығып жатады, көзі бадырайған, кейде жұмулы, ешқандай айқай шуға, ұрғанға елеңдемейді (22-сурет). Тік ішегінде қатып-кеуіп қалған нәжіс болады. Қуық зәрге толып кетеді.

 

 

22-сурет. Туғаннан кейінгі жартылай салдану. сол жақта-жеңіл түрі, оң жақта ауыр түрі

Ауру көбінесе, туғаннан кейін 1-2 күннің ішінде байқалады да, дер кезінде көмек көрсетілмесе, сол алғашқы 24 сағаттың ішінде-ақ өліп кетуі мүмкін. Өте сирек жағдайда ауру мал өздігінен жазылып кетеді (дене температурасы көтеріліп, тамыр соғуы дұрысталып, басын көтеріп, айналасына қарап, ішек-қарын қызметі қалпына келе бастайды).

Себептері: Аурудың нақтылы себебі белгісіз. Дегенмен көптеген ғалымдар аурудың пайда болуын гипокальцемия, гипогликемия құбылыстарымен байланыстырады. Туғаннан кейінгі кезеңде малдың қанында кальций, натрийдің, көмірсулардың деңгейі күрт төмендеп кететіні рас. Аурудың пайда болуына малға жемді көп беру, далаға шығармай бір орнында байлап ұстау, өкпек желдің өтінде тұру, сүттілігі әсер етеді.

Емі. Қазіргі таңда ең тиімді ем сиырдың емшегінің үрпінен ауа үрлеу. Ол үшін емшектің үрпін 70º спиртке малынған мақтамен тазалап сүртіп, оған кәдімгі сүт катетрін салып, Эверс аппаратымен немесе велосипед насосымен ауа үрлейді. Ауаны төрт емшегіне де үрлейді. Ауа жіберілген желіннің қыртыстары жазылып, керіле бастайды, саусақпен шертіп қарағанда тыңқылдаған дыбыс естіледі. Ауа шығып кетпес үшін емшектің ұшын дәкемен байлап қояды да, 15-20 минуттан кейін шешеді.

В.С.Кириллов ауаның орнына әрбір емшекке 250-400 мл жаңа сауған сүт жіберу керек дейді. Сүттің температурасы 40-50° болғаны жөн.

А.А.Рубенков сиырдың емшектің алдынан диаметрі 1,5-2 см ұзын резина жгутпен тартып байлап тастау керек дейді. Жгутті 1 сағатқа дейін алмайды.

Бұл айтылған емдерге қосымша тері астына 10 мл кофеин, венаға 200 мл глюкоза немесе хлорлы кальций, кальций глюканаты ерітіндісін жібереді. Сиырдың үстін ысқылап сүртіп, жылы орап жауып қояды.

Әдетте, ауырған сиырдың жағдайы 0,5-1 сағаттың ішінде дұрысталып, тұрып жем-шөпке ұмтылады. Кейде ешқандай ем қонбай, сиыр өліп кетеді.

Аурудың алдын алу мақсатында туар алдында сиырға жем бермейді, қант езіп ішкізеді, күнделікті далаға шығарып тұрады.

Туғаннан кейінгі невроз (параноя)(Paranoia puerpеralis. Бұл ауру көбінесе сиырларда туғаннан кейін 3-4 күн өткенде кездеседі. Ауру кенеттен пайда болады, сиыр мөңіреп, мазасызданып, босқа сандалып жүре береді, аузынан сілекей ағады, кейде кісіге сүзбекші болып ұмтылады немесе дуалға басын тіреп тұрып қалады, әлсіреп құлайды, солай жатқан жерінде жата береді.

Емі. Малдың жатқан жері қараңғы, асты құрғақ, қалың болуы керек. Аузынан ішін жүргізетін күкірт қышқылды магнезий тұзын (200 г) езіп ішкізеді, әрбір 5-6 сағат сайын бромды калий (50-60г) береді. Ауру әдетте, 1-2 күнде жазылып кетеді.

Туғаннан кейінгі эклампсия. (Eclampsia puerperalis). Өте жіті өтетін жүйке ауруы, көбінесе иттерде кездеседі. Ару малдың көзі аларып, дірілдеп-қалтырайды, құлап түседі, тілін шайнап, жағын қарыстырады,аузынан көбік ағады. Бір кезде орнынан жан-жағына алақтап қарғып тұрады, қайта құлайды. Осылай бірнеше рет қайталанады. Ауру көбінесе, өздігінен жазылып кетеді, кейде сол жатқан жерінде өліп те қалады.

Емі. Ауру малды қараңғы бөлмеге орналастырады, астына қалың етіп төсеніш салады. Тері астына кофеин, аузынан бромды калий ішкізеді (күніне 2-3 рет), тік ішегіне хлоргидрат жібереді.

Шуын жеп қою. Өзінің шуын жеп қою көбінесе, сиырда, мегежін мен қоянда, ит-мысықтарда кездеседі, басқа мал шуын жемейді.

Мұндай жағдайда күйіс малдарында тимпания байқалады, іші өтеді, температурасы көтеріліп, түйнек болады. Малағынан сасық шіріген иіс шығарады.

Ас қорыту органдарын тазалау үшін жүргізетін тұз езіп ішкізеді (күкіртқышқылды магнезий).

Өзінің төлін жеп қою. Көбінесе, мегежін мен қоянда кездесетін ауру, итте де күшігін жеп қою байқалады. Оның себебі буаздық кезінде азықтың құнарсыз, жеткіліксіз болуы (витаминдердің, минералдық заттардың жетіспеуі). Туу үрдісі кезінде кезекшілер бөлініп түскен шуды дер кезінде алып тастап, жеткілікті етіп астауға таза су құйып қояды. Буаздық кезінде рационның құнарлы болып, жататын жері таза болуына көңіл бөлу керек.

Туғаннан кейінгі індет (сепсис). Infectio puerperalis. Туғаннан кейінгі кезеңде организмде патологиялық үрдістердің өрбуіне өте қолайлы жағдай туады: ол ең алдымен, жыныстық жолдардың туу кезіндегі езіліп, жыртылып зақымдалуы, организмнің жалпы әлсіреуі, резистенттігінің төмендеуі, мал төлдейтін қоралардың лас болып, көмек көрсеткенде тазалық сақтамаудан жыныс жолдарына патогенді микроорганизмдердің еніп кетуі.

Микробтар тек қана сырттан емес (акушердің қолымен, аспаптармен, астындағы төсеніштен, ластанған құйрығынан), организмнің өзіндегі басқа органдардан да қан тамырлары арқылы тарап, ауру тудыруы мүмкін.

Аурудың қоздырғыштары кәдімгі стрептококктар мен стафилококктар, ішек таяқшалары. Олар өздері көбейіп қана қоймайды, сонымен қатар денеге уларын таратады. Яғни патологиялық үрдіс тек қана бір органның қабынып қоюымен ғана шектелмейді, бүкіл организмнің ауруына, септицемияға, пиемияға ұштасып жатады.

Клиникалық белгілері: Малдың дене температурасы өте жоғары, мал күйзелісте, жемшөпке тәбеті жоқ, тыныс алуы жиілеп тамыр соғуы әлсіреп кетеді, іші өтеді, ит-мысықтар құсады, тісін қыршылдатып шайнайды, төңіректегі айқай-шуға көңіл аудармай жатады, тек биелер басын салбыратып тұра береді. Өлер алдында ғана жатуы мүмкін. Бір-екі күннен кейін малдың іші тартылып, перитонит болғаны біліне бастайды, қарынын сипағанда қатты ауырсынады, зәр шығарып, нәжіс бөлуі қиындай түседі.

Сарпайынан қоңыр түсті шіріген иісті сасық экссудат ағып шығады, оның құрамында көшіп түскен ұлпа болады, қынап, қынап кіреберісі мен жыныс ернеулерінің кілегей қабығы құрғап, ыстық болып қызарып тұрады. Кейде кілегей қабығының бетінде жұқа ақ қабыршық пленка болады, пленка астында шіріп жатқан ұлпаны көреміз.

Патологиялық үрдістің шоғырлануына байланысты туғаннан кейінгі кезеңде мына төмендегідей ауруларды кездестіреміз:

1. Туғаннан кейінгі вульвит, вестибулит және вагиниттер (катаральді, іріңді, дифтеритикалық-некрозды болып келеді).

2. Туғаннан кейінгі жіті метриттер (іріңді-катаральді, фибринозды эндометрит, некрозды, гангренозды метрит болып бөлінеді).

3. Туғаннан кейінгі периметрит (Perimetritis), параметрит (Paramitritis).

Катаральді эндометритті алғашқы кезде байқамай да қалады, себебі малдың жалпы жағдайында көзге түсерліктей өзгеріс болмайы, тек мал жатқан кезде ғана ағып жиналып қалған кілегейлі-іріңді экссудатты көреміз. Уақыт өте келе жатырдың қабынғаны белгілі болады, тік ішекке қол салып қарағанда жатырдың көлемі үлкен, ішіне сұйық жиналған, сипағанда жатыр жиырылмайды, мал ауырсынады, жатыр мойны ашық болса, сыртқа көп мөлшерде кілегейлі немесе іріңді жалқаяқ ағып шығады. Егер де патологиялық үрдіс некрозды, гангренозды деңгейге өтсе малдың жағдайы өте ауыр болады. Дене температурасы өте жоғары, тік ішекке қол салғанда, мал ыңқылдап қатты ауырсынады, жатыр қабырғасы қалыңдаған, мал бүкшиіп, құйрығын көтеріп тұрады. Дер кезінде көмек көрсетпесе, мал 5-6 күннің ішінде-ақ септикопиемиядан өліп кетуі мүмкін.

Периметрит, параметрит кезінде патологиялық үрдіс жатырдың сыртына, басқа органдарға (қуық, тік ішек, шарбы) ауыса бастайды. Жатыр қабырғасы шіріп тесіліп ішіндегі экссудат құрсақ қуысына төгілуі мүмкін.

Емдеу жолдары: Вульвит, вестибулит және вагиниттерді емдегенде алдымен, бұл органдарды дезинфекциялық ерітінділермен жуып-шайып жалқаяқтан тазарту керек. Ол үшін маргенец қышқылды калийдің ерітіндісі 1:1000; фурацилин 1:5000; этакридин лактат 1:1000; 2 %-дық тұзды-содалы ерітінді, 2-3 пайыздық ихтиол ерітіндісі, 2 пайыздық ваготил ерітіндісі қолданылады, сондай-ақ Лизол, Креолинді де қолдануға болады. Тек құйылған ерітінді тоқтамай сыртқа ағып шығып жатуы керек (23-сурет).

23 -сурет. Қынапты жуып-шаю тәсілі

 

Ерітіндінің температурасы 38-40º болғаны дұрыс. Жуып тазалап болған соң, сарпайдың қынап кіреберісі мен қынаптың кілегей қабығын майлы дәрілермен (Вишневский бальзамы, стрептоцид эмульсиясы, йодоформ, ксероформ, ихтиол майлары) майлайды немесе осы майларға батырылған анжа (тампон) салады. Жарақаттанған жерлерін йодпен сүртіп, жыртылған жері болса тігеді.

Дифтеритикалық некрозды үрдіс болса бұлшық етке антибиотиктер (1 кг самағына 3-5 мың өлшем) салады, венадан 1 пайыздық стрептоцид 100-150 мл 10 пайыздық уротропин ерітіндісін Кадыковтың камфорлы сірнесін 200-250 мл мөлшерінде жіберген жақсы нәтиже береді.

Жатырдың қабынуын (Endomitritis) емдеудің жалпы қағидалары. Туғаннан кейінгі жіті эндометриттерді емдегенде көп жыл бойы антибиотиктер қолданылды, соның нәтижесінде ауру тудырғыш микробтар сол қолданып жүрген антибиотиктерге үйреніп алып, тіпті, антибиотик араласқан жерде жақсы өсетін болды, яғни ауруға антибиотиктердің емдік қасиеті төмендеп, жоққа жақындайды.

Антибиотиктерді қолданудың тағы бір қолайсыз жағы антибиотиктер тек қана емдеу кезінде емес, одан кейін де ұзақ уақыт бойы сүтпен бөлініп шығады да оны ішкен адамдарға зиянды болуы мүмкін.

Енді жіті эндометриттерді емдегенде ауру қоздырғыш микробтардың сипатын, патологиялық үрдістің өту сипатын, ауру малдың жалпы жағдайын ескере отырып, этитропты емдеу әдісін, патогенетикалық, физиотерапиялық, жалпы резистенттікті көтеретін витаминді терапия, аутогемотерапия, ұлпалы терапия және гормональді терапия әдістерімен ұштастыра отырып жүргізсе ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Емдеу шаралары мынадай негізгі бағытта жүргізілуі керек:

- жатыр ішін дер кезінде экссудаттан толығымен тазарту;

-ауру тудырғыш микробтарды жою;

-жатырдың тонусын қалпына келтіру;

-жатыр кілегей қабатындағы жарақаттардың жазылуын қамтамасыз ету;

-организмнің жалпы резистенттігін көтеру.

Алдымен ауру малдың сарпайын, қынап кіреберісі мен қынап ішін әлсіз дезинфекциялық ерітінділермен жуып шаяды. Жатыр ішіндегі экссудаттарды вакуум-насоспен, К.А.Елпаковтың аспабымен немесе Жанэ шприцімен сорып алады, оған мүмкіндік болмаса, кәдімгі Эсмарх кружкасымен жуады. Жууға 3-5 пайыздық хлорлы натрийдің ерітіндісі (гипертоникалык), 2 %-дық тұзды-сода, 2-3 пайыздық ихтиол, 1-2 пайыздық сутегі асқынтотығы, фурациллин 1:5000, немесе маргенец қышқылды калийдің 1:2000-5000 ерітіндісі, этакридин лактат1:1000 қолданылады. Ерітіндіні қысыммен, күшпен жіберуге болмайды және бір ретке жіберілетін (құйылатын) ерітіндінің мөлшері 3 литрден аспаған жөн, құйылған ерітіндіні толығымен сорып шығарып тастағаннан соң ғана келесі порцияны құяды. Ерітіндінің температурасы дене температурасындай болғаны жөн.

Жатырдың ішін көп жуа беруге болмайды, себебі одан жатыр атониясы пайда болады әрі жатырдың кілегей қабығы жидіп, көшіп түсуі мүмкін. Әдетте, бүкіл емдеу барысында (алғашқы кезде) 1-2 рет жуса жетіп жатыр. Жатырдың тонусы жақсы болып, ішінде экссудат көп болмаса, жуудың да қажеті жоқ, тік ішек арқылы жатырға массаж жасайды.

Патологиялық үрдіс іріңді, фибринозды, некрозды, гангренозды түрінде өтіп қатты ауыратын болса, периметрит немесе параметритке асқынған болса, жатырға массаж жасауға болмайды.

Ауру тудырғыш микробтарды жою үшін жатыр ішіне әртүрлі антимикробты препараттарды салады. Олар ерітінді, суспензия, эмульсия, май тәрізді, ұнтақ, балауса таяқшалар, капсула немесе қатты таблеткалар түрінде болуы мүмкін. Атап айтатын болсақ, көп қолданылып жүрген: экзутер, фуразолидон таяқшалары, капсуладағы гептиметрин, трициллин ұнтағы, стрептоцид немесе левомицитин эмульсиясы, Вишневский бальзамы, Коньков майы, ихтиолдың 20 %-дық ерітіндісі, ваготилдің 3 %-дық ерітіндісі, йод-йодур ерітіндісі, йодосол, йодгликоль, тағы сол сияқты препараттар.

Сұйық ерітінді, эмульсия, майлы дәрілерді қолданар алдында оларды дене температурасына дейін қыздырып, 150-200 мл шамасында жібереді. Бүкіл емдеу барысында жатыр ішіне дәрі жіберуді арасына 24-48 сағат өткізіп 5-6 рет қайталайды.

Жатыр ішіне сұйық дәрілерді Жанэ шприці арқылы жібереді, қатты таблеткалар мен балауса таяқшаларды, капсулаларды қолмен тікелей жатыр мойнынан өткізіп салады.

Этитропты емдеу (антимикробты препараттарды қолдану) әдістерімен қатар жатыр тонусын көтеретін де дәрілерді қолдану керек. Ол үшін бұлшық етке окситоцин, питуитрин сияқты гормональді препараттарды салады. Дозасы 8-10 мл (40-50 ЕД) күніне 1-2 рет 4-5 күн қатарынан жібереді.

Жіті эндометрит кезінде окситоцин, питуитринге деген организмнің сезімталдығы өте төмен. Сондықтан окситоциннің әсерін күшейту үшін алдымен 8-10 сағат бұрын 3-4 мл синестрол немесе 10 мл фолликулин салу керек, содан кейін ғана окситоцин жақсы әсер етеді.

Эстрогенді препараттарды (синестрол, фолликулин) 2-3 күнде бір қайталаса болады. Бұл препараттар тек қана жатыр тонусын күшейтіп қоймайды, сонымен қатар жатыр мойнын ашып, оның бездерінің қызметін күшейтеді, кілегей қабатының эпителийінің тез жазылуына әсер етеді.

Кейде жатыр тонусын күшейту үшін окситоциннің орнына 2-3 мл 0,1 %-дық карбохолинді, 0,5 %-дық прозеринді, эстрофан, энзопросты қолдануға да болады.

Бұл емдеу шараларына қосымша міндетті түрде организмнің жалпы резистенттігін көтеретін, регенеративті үрдістерді күшейтетін мына төмендегідей емдерді қолдану керек:

1. Дәрумендер. Тері астына 10 мл (тривитамин) арасына 10 күн салып 2-3 рет жібереді.

2. Ихтиол. Көбінесе, 7 пайыздық ерітіндісі қолданылады. Ерітінді 20 пайыздық глюкозаға 0,5 пайыздық новокаинге, немесе 0,9 пайыздық хлорлы натрийге қосып дайындауға болады. Ихтиол ерітіндісін сауыр бұлшық етіне жібереді, дозасы 20-30 мл арасына 48 сағат өткізіп 2 рет қайталайды.

3. Уыз. Биогенді қоздырғыш дәрі есебінде. Оның құрамында дәрумендер, гормондар, белоктар, макро-микроэлементтер бар. Тері астына 20 мл мөлшерінде жіберіледі.

4. АСД-2. Физиологиялық ерітіндіге қосып 5 пайыздық ерітінді жасайды (1 мл АСД-2 +19 мл 0,9 %-дық NaCL). Препаратты тері астына 20 мл мөлшерінде арасына 7-10 күн салып 2-3 рет салады.

5. Қан. Қанды венадан алады, оның әрбір 100 мл көлеміне 10 мл лимонқышқылды натрийдің 5 %-дық ерітіндісін қосып цитраттайды. Осылай дайындалған қанды сауыр бұлшық етіне 50-60 мл шамасында арасына 48 сағат өткізіп 2-3 рет қайталайды.

6. В.П.Попков сұйығы. Оның құрамында 100 мл дистилденген су, 1 гр күкіртқышқылды магнезий, 0,1 гр аскорбин қышқылы, 1 гр еритін стрептоцид, 500 мың ЕД пенициллин немесе стрептомицин болады. Сауыр бұлшық етіне 20 мл оң жағына, 20 мл сол жағына, ұзындығы 7-8 см жуан инені шонданай дөңесі мен мықын денесінің ортасына тігінен 7 см тереңдікке салады. Препаратты 3 күннен кейін қайталайды.

7. Новокаин блокадалары. Біздің тәіжірибемізде қолданылып жүрген В.В.Мосин тосқауылы, С.Т.Исаев тосқауылы, А.П.Ноздрачев тосқауылы, сакральді анестезия, А.И.Варганов тосқауылы және Д.Д.Логвинов әдісімен новокаинді аортаға жіберу акушерлік-гинекологиялық ауруларды емдеуде жақсы нәтиже беріп жүр.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: