Акушерлік операциялар

    Туа алмай жатқан малға көмектесудің әдістерін акушерлік операциялар деп атайды. Оларды консервативті әдістер, яғни ешқандай хирургиялық іс-әрекетсіз төлді тартып шығарып алатын және оперативті әдістер деп бөлуге болады, яғни не малдың өзіне операция жасайды (кесар тілігі, перинеотомия) немесе төлді бөлшектеп кесіп алады (фетотомия).

    Акушерлік операциялардың басқа хирургиялық операцияларға қарағанда бір қатар өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, акушерлік операциялар кезек күттірмейтін, жедел орындауды қажет ететін операциялар. Екіншіден, акушерлік операциялардың барлығы да көзбен көріп емес, қолдың сезімімен ғана,сипалап жүріп орындалатын операциялар. Үшіншіден, акушерлік операциялар екі бірдей организмнің өмірін сақтап қалуды талап етеді, бірақ малдәрігерлік тәжірибеде екеуінің де (төл мен анасының) өмірін сақтап қалу мүмкіндігі болмаса, экономикалық тұрғыдан қарап, қайсысын аман алып қалу керектігін таңдап шешеміз.

    Тағы бір ерекшелікті айтатын болсақ, ол акушерлік операциялар үлкен қысым астында, ылғалды әрі ыстық ортада орындалады. Сондықтан операция кезінде акушердің қолы тез шаршайды, қолының терісі жидіп, инфекцияның еніп кетуіне жол ашылады.

    Операция барысында акушер, қолын бірнеше рет дезинфекциялық маймен (ихтиол майы) майлауға мәжбүр болады. Жалпы асептика антисептика ережелерін сақтау туғаннан кейінгі аурулардың (сепсис) өрбуіне жол бермейді, әрі акушердің өзіне ауру жұқтырмаудың бірден-бір дұрыс, тиімді жол екенін естен шығармау керек.

    Жатыр ішіндегі операцияларды акушер жалғыз қолымен орындайды. Осы ерекшеліктердің бәрі акушердің топографилық анатомияны жақсы біліп, малдың туа алмай қалуының себебін (диагнозын) дұрыс табуын талап етеді.

    Операция алдындағы зерттеу. Туа алмай жатқан малға көрсетілетін көмек тиімді, нәтижелі болу үшін мынандай үш қағиданы орындау керек: 1. туа алмай қалудың себебін (диагнозын) дұрыс табу; 2. кешіктірмей шұғыл көмек көрсету; 3. көмек көрсетудің әдісін дұрыс таңдап, іс-әрекетінің жоспарын дұрыс құрып, оны ұтымды орындау.

    Сөйтіп малға көмек көрсетпес бұрын оны мұхият зерттеп тексеру қажет болады. Зерттеу барысында мынандай мәліметтерді жинаймыз: 1. Анамнез Мал бірінші рет туа ма, бұрынғы буаздықта қалай туып еді, буаздық қалай өтті, азықтануы, бағып-күтімі қандай еді, туу үрдісі қашан басталды, шарана сулары қашан ағып кетті, басқа кісі көмек көрсетті ме, қандай көмек көрсетті. 2. Малды тексеріп-зерттеу. Жалпы жағдайы (шаршап, әлсіреп,ширақ, т.с.с.), туу жолдарының жағдайы (жатыр мойны ашық па, туу жолдары бүтін бе, ісінген бе, құрғақ, кебу ме) төлдің анасының жамбас қуысында орналасуы (төлдің басымен, артқы аяғымен немесе басқа жерімен келуі, дене мүшелері қайырылып қалған ба, позициясы дұрыс па, ұзына бойы сәйкес келе ме), төлдің тірі немесе өлі екендігін анықтау.

    Ол үшін төлдің аузына саусақ сұғып көреді, тірі төл саусақты сорады, аяғынан ұстап тартқанда қарсылық білдіреді, мойнын күре тамыры немесе кіндік тамырлары соғып тұрады, көз шарасына қолды батырғанда да қарсылық реакциясы байқалады.

    Зерттеу жұмыстарын акушер барлық ереже бойынша дайындалған қолын қынап арқылы жатыр ішіне салып жүргізеді.

    Операция алдындағы дайындық жұмыстары. Туа алмай жатқан малға көмек көрсетудегі негізгі ережелердің бірі тазалық сақтау. Асептика және антисептика ережелерін сақтамайтын болса, мал организміне инфекция түсіп, оны өте ауыр сепсисті үрдістерге ұшыратуы мүмкін және акушердің денсаулығына да қауіп төндіреді. Сондықтан операцияға жан-жақты, мұқият дайындалады:

а) малға көмек көрсететін бөлмені мұқият тазартып, дезинфекциялық ерітіндімен зарарсыздандырады, еденге қалың етіп сабан төсеп үстін брезентпен жабады.

ә) малдың үсті-басын, әсіресе жамбасын, саурын, тұяқтарын сүртеді, оны жығып байлайтын арқан-жіптерді, көтергіш механизмдерді дайындап алады, ит-мысықтардың тұмсық қабы, ол жоқ болса, теріден, брезенттен тігілген қапшықты басына кигізіп бекітеді.

б) акушерлік аспаптарды бір рет қайнатып дезинфекциялық ерітіндіге салып, жіптерді ихтиол майымен майлап қояды.

в) акушер қолын жуып, дезинфекциялық ерітіндімен сүрткен соң (ол үшін йод-бензин-парафин 1:750:250 қатынасындағы ерітінді, 70-96 %-дық спирт ректификат қолданылады) қайнатылған вазелинмен, ихтиол майымен иығына дейін майлайды. Акушер үстіне арнайы киім киеді: жеңі жоқ қалың кеудеше, халат, кленка немесе резиналы алжапқыш, кленкалы немесе резиналы шалбар (комбинезон), резиналы етік. Бұл киімдерді басқа жұмыстарға пайдаланбау керек. Қолдың терісі жарақаттанған болса, оған йод ерітіндісін жағып, үстіне каллодий құяды.

    Акушерлік көмек көрсетудің негізгі қағидалары. Туа алмай жатқан малға көмек көрсеткенде белгілі бір тәртіппен, ретімен жұмыс істеп, бір ережелерге сүйенбесе, құры босқа тартқылай бергендіктен ешқандай нәтиже шықпайды,яғни мына төмендегі қағидаларды ескеру керек:

-мүмкіндігі болғанша анасының да, баласының да тірі қалуын көздейміз.

-акушерлік көмек көрсету кезінде анасының жамбас қуысы мен төл дене мүшелерінің анатомиялық құрылыс ерекшеліктерін, өзара орналасу қатынастарын ескеру керек.

-төлді ары итермей тұрып оның барлық қол жететін дене мүшелеріне тұзақ салып бекітіп алады.

-төлдің қайырылып қалған дене мүшелерін жатыр ішінде ғана түзету керек.

-төлді жатыр ішіне мал тыныштанып босаңсыған кезде итеріп түсіреді де, күшенген кезде ғана тартып шығаруға әрекет жасайды.

-төлдің қайырылып қалған дене мүшелерін түзету және оны тартып шығару оңай болу үшін жатыр ішіне 2-3 литр майлы сұйық (қайнатылған сабынды су) құйып, туу жолдарын ихтиол майымен майлайды.

-операцияның сәтті аяқталуына күмән келтірсеңіз (союға тура келетін болса) иісі жаман дәрілерді, дезинфекциялық ерітінділерді (креолин, лизол, карбол қышқылы, йодоформ,камфора) қолдануға болады.

-егіз төлді тартып шығарған кезде алдымен үстінде жатқан төлді шығару керек.

-егер консервативті әдістер тиісті нәтиже бермейтін болса көп кешіктірмей кесар операциясына немесе фетотомияға кірісу керек.

    Акушерлік аспаптар. Біздің күнделікті жұмысымызда қолданылатын негізгі аспаптар: жіңішке мықты жіптер, сол жіптерден жасалған ноқта, тұзақтар, тұзақ өткізгіш ілмектер, қысқыштар, төлді итеретін балдақтар,төлді бөлшектеп алуға қолданылатын жасырын пышақтар, ірегіш, тізбекті немесе сым аралар, фетотом (24-сурет).

    Көмек көрсету кезінде үлкен ірі аспаптарды неғұрлым аз қолданған дұрыс.

 

 

       24-сурет. Акушерлік құрал-саймандар. А-акушерлік тұзақтар және ноқталар; Б-тұзақ өткізгіштер (1-цвиктікі, 2-Лингшорсттікі); В-ілмектер (1-Гюнтердікі, 2-Кюндікі, 3-Беккердікі; Г- акушерлік ілгектер (1-Крей-Шотлердікі, 2-көздік); Д-қысқыштар (тісті қысқыш, 2-Витт қысқышы)

 

 

       25-сурет. Фетотомияға арналған құрал-саймандар.   А-Афанасьев фетотомы (1-мандрен, 2-фетотом, 3-араөткізгіш, 4-араны бекіткіштер, 5-сым аралар, 6-тұтқалар); Б-фетотом және Пфлянц экстракторы (1-жағасы, 2-шынжыр, тіреуіш сақина); В-Персен арасы; Г-пышақтар (1-, 2- Малькмустың жасырын пышақтары, 3, 4-Афанасьевтің жасырын пышақтары, 5, 6, 7-сақина тәрізді пышақтар); Д-шынжырлы пышақтар (1-Маштыкі, 2-Лингорсттікі); Е-акушерлік долота және ірегіштер (1, 2- ірегіштер, Маркграф долотосы, 4- де Браун долотосы)

Туа алмай жатқан малға көмек көрсету барысында әртүрлі жағдайлар бола береді, қандай аспап қажет болатынын алдын ала болжап біліп отыру қиын. Сондықтан аспаптардың толық жиынтығын дайындап отырған дұрыс. Бүл үшін Афанасьевтің аспаптар жиынтығы ыңғайлы.

Фетотомның сым арасы тез үзіліп қала береді, сондықтан оның бірнеше данасын дайындап қояды. Көзілгектер, тұзақ өткізгіштер, пышақтар сусып қолдан түсіп кетуі мүмкін, сондықтан ол аспаптарды алдын-ала тесігінен жіп өткізіп байлап алады.

Туу патологияларының негізгі себептері және оған көмек көрсету

1. Шамадан тыс үлкен төл. Төлдің көлемі қалыпты жағдайдан үлкен болып жамбас қуысына симайды, яғни төл дұрыс келгенімен, мал қанша күшенсе де өздігінен туа алмайды.

Мұндай жағдайда бұзаудың аяқтарына жеке-жеке тұзақ салып, басына ноқта салып 4-5 кісі бірігіп тартады. Алдымен туу жолдарын, бұзаудың денесін, ихтиол майымен жақсылап майлайды да аяқтарын кезектесіп тартады, бір аяғын тартқан кезде екіншісін кері итеріп кеуде тұсының аумағын кішірейтеді. Содан кейін барып екінші аяғын басымен бірге тартып шығарады. Егер төл артымен келген болса, оны бір бүйіріне жатқызып тартқан дұрыс.

    Төлді тірі күйінде тартып шығару мүмкін болмаса, тездетіп кесар операциясына кіріседі, төл өлі болса фетотомия жасайды.

    2. Жамбас қуысы тар. Төл қалыпты жағдайдағыдан үлкен болмаса да, жамбас қуысына симай-ды. Мұндай жағдай бірінші тума малда жиі кездеседі, не болмаса рахитпен ауырған, жамбас сүйегі сынып қисық біткен малда кездеседі.

    Төлді шығарып алу үшін алдымен туу жолдарын, бұзаудың үстін ихтиол майымен жақсылап майлайды да, оның аяқтарын жеке-жеке тұзақ, басына ноқта салып кезектесе ырғап тартып шығарады. Егерде жамбас қуысы өте тар болып консервативті әдіспен шығару мүмкін болмаса, кешіктірмей кесар операциясына немесе фетотомияға кірісеміз.

    3. Төлдің басы қайырылуы. Туу жолдарында бұзаудың екі аяғы дұрыс жатады, бірақ басы қайырылған жағының аяғы сәл қысқалау болып көрінеді. Қынап арқылы, қол салып, төлдің басының бір жақ бүйіріне қайырылып жатқанын байқаймыз. Көмек көрсету үшін алдымен екі аяғына да жеке-жеке тұзақ саламыз, бір қолымызбен бұзаудың тұмсығын ұстаған соң, балдақпен бұзаудың иығынан итере отырып, оның тұмсығынан тартып, басын түзетуге тырысамыз. Қолдың күші кемесе бұзаудың басына ноқта саламыз, не болмаса екі көздің ішкі бұрышынан көзілгектер саламыз, немесе астыңғы жақ сүйегіне тұзақ салып тартамыз.   Құлынның басы қайырылып қалғанда оның мойны ұзын болғандықтан тұмсығына қол жетпейді, тіпті мойны бұралып та кетуі мүмкін. Сондықтан қайырылған басты түзету үшін алдымен, тұзақ өткізгіштің көмегімен мойнынан жіп өткізіп алып тартып, басын жақындатқан соң ғана тұмсығынан ұстауға мүмкіндік туады. Бұдан кейінгі әрекет жоғарыда айтқандай құлынды иығынан жатырға итере отырып, басын туу жолдарына қарай түзетіп алады.

    Қозының қайырылып қалған басын түзетуге қол симаса ұзын ілмектердің жәрдемімен түзетуге болады.

    4.Төлдің басы астына бүктелуі. Қынап арқылы жатырға қол салып қарағанда, төлдің маңдайы немесе шүйдесі шат сүйегіне тіреліп, екі аяғы желкесінде айқасып жатады. Құлын жамбас қуысына мойнымен келіп тіреліп жатуы да мүмкін.

    Алдымен шығып тұрған аяқтарын тұзақ салып жеке-жеке бекітіп аламыз, содан кейін қол салып төлдің тұмсығының астыңғы жағынан мықтап ұстап, балдақпен иығынан төмен итере отырып басын жоғары қарай тартып түзетеміз.   Егер оған қолдың күші жетпесе, астыңғы жақ сүйегіне тұзақ салып не болмаса ілгекпен тартамыз. Кейде операцияны оңайлату үшін алдымен, бір немесе екі аяғын да кесіп алып тастап кеңістікті үлкейтуге тура келеді.

    5. Төлдің аяғы тізесінен бүктелуі. Төлдің сыртқа шығып тұрған аяғына, басына тұзақ, ноқта салып, бекітіп алады, содан кейін қолды тереңірек салып бүктеліп қалған аяқты төменгі жілігінен ұстап жоғары көтереді де, тұяғына қол жеткен кезде оны ақырындап түзетіп алып алға қарай тартады. Бүктелген аяқты тұзақ өткізгіш аоқылы жіп салып тартуға да болады, бұл кезде төлдің денесін жатырдың ішіне қарай итеріп түсірген дұрыс. Төл өліп қалған болса, бүктелген аяғын кесіп алып тастаған оңай.

    6. Төлдің аяғы иығынан бүктелуі. Төлдің сыртқа шығып тұрған аяғына, басына тұзақ, ноқта салып бекітіп алады да, бүктелген аяқты тоқпан жіліктен қолмен немесе тұзақ өткізгіш арқылы жіп өткізіп алып тартады да, тізесіне дейін жақындатады. Енді төлді иығынан жатырға қарай итере отырып,бүгілген аяқты тұяғынан ұстап (жоғарыда көрсетілгендей) сәл жоғары  көтеріп алға қарай түзетіп алады да, тартып шығарады.

    Төл өте ірі болып консервативті әдіспен шығару мүмкін болмаса, тездетіп фетотомияға кіріседі, яғни төлдің қайырылған аяғын иығынан кесіп алып тастайды.

    7. Төлдің аяғы артқы тілерсегінен бүктелуі. Туу жолдарынан табаны жоғары қараған артқы аяғының біреуі шығып тұрады да, екіншісі көрінбейді. Кейде екі аяғы да бүктеліп қалады.Оны қынап арқылы қол салып, тілерсек буынын ұстап көргенде ғана білеміз. Бүктелген аяқты түзетпей, төлді шығарып алуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Сондықтан қолды тереңге жіберіп бүктелген аяқты тұяғынан алақанмен жауып ұстайды да жоғары қарай итере отырып, жамбас қуысына қарай бағыттап түзетеді де, сыртқа тартып шығарады. Операция оңай өту үшін төлді мүмкіндігінше жатыр ішіне итеріп түсіру керек.

    8. Төлдің аяғы жамбас буынынан бүктелуі. Мал қанша күшенгенімен туу жолдарынан төлдің дене мүшелері көрінбейді, кейде артқы аяғының біреуі шығып тұруы мүмкін. Қол салып қарағанда төлдің жамбасын, шонданай дөңестерін сипап көреміз. Мұндай жағдайда алдымен сыртқа шығып тұрған аяғына тұзақ салып бекітіп алады да, қынап арқылы екінші қолды терең жіберіп бүктелген аяқтың тілерсегінен ұстап тартады.Бұл операция оңай өту үшін төлді жатыр ішіне қарай итере түседі. Бүктелген аяқ жамбас қуысына жақындаған кезде қолды соза түсіп, оны тұяғынан ұстап жоғары итеріп барып артқа қарай түзетіп, тартып шығарады. Құлындардың бүктелген аяғын түзетпей-ақ шатынан арқан салып тартып шығаруға болады. Бұл айтылған консервативтік әдістер нәтиже бермесе не кесарь операциясына, не болмаса, фетотомияға кіріседі.

    9. Төл аударылып түсіп төменгі позицияда жатуы.  Егерде төл төменгі позицияда жатып жамбас қуысына басымен келетін болса, оның алдыңғы аяқтарының табаны жоғары қарап, артқы жағымен келетін болса артқы аяқтарының табаны төмен қарап жатады. Туу жолдарына қол салып, төлдің арқасы жатырдың астыңғы қабырғасына тиіп жатқанын көреміз. Төлді шығарып алу үшін міндетті түрде оны не жоғары позицияға, тіпті, болмағанда бір бүйірлі позицияға аудару керек. Ол үшін туу жолдарындағы қол жететін дене мүшелеріне тұзақ салып бекітіп, жатыр ішіне 2-3 литр сұйық майлы ерітінді құяды, содан кейін екі аяғының арасына балдақ салып қосып байлайды да, сол арқылы төлді өз осінен 180° айналдырады.

    10.Төл жамбас қуысына көлденең келген. Туу жолдарына қол салып қарағанда төлдің иығын жотасын сипап (арқасымен келгенде) немесе бірден төрт аяғын ұстап көреміз (қарнымен келген жағдай). Төлді шығарып алу үшін көлденең жағдайынан ұзына бойы жағдайына келтіру керек. Ол үшін төлдің қол жететін дене мүшелеріне (қарынымен келгенде басына, алдыңғы екі аяғына жеке-жеке, арқасымен келгенде мойнына, иығына) тұзақ жіп немесе ілгектер салып тартамыз. Операция оңай өту үшін жатыр ішіне 2-3 литр сұйық майлы ерітінді құямыз, төлдің бір жағын тартып жақындатқан сайын, екінші жағын балдақпен жатыр ішіне итеріп түсіре береміз. Әрине, бұл әрекеттен ешқандай нәтиже шықпаса, тездетіп кесар операциясына немесе фетотомияға кірісеміз.

    Кесар операциясы. (Sectio caesareo). Бұл операцияның мәні, мал өздігінен туа алмаған жағдайда, туу жолдары арқылы төлді шығарып алу мүмкін болмаса, анасының  қарнын жарып, жатырын тіліп барып тірі төлді алып шығумен сипатталады.

    Бұл операция кезек күттірмейтін операция, операцияны кешіктірген сайын анасының да, төлінің де өмірін сақтап қалу мүмкіндігі азая береді.

    Біздің эрамызға дейін 673-715 жыл бұрын Рим императоры Нума Помпилий туа алмай өлген әйелдерді ішіндегі баласын қарнын жарып алған соң көмуге болады деп жарлық берген. Анасының да, баласының да өмірін сақтап қалған мұндай операция алғаш рет шамамен 1500 жылы жасалған, оны өз әйеліне Свисс деген кастратор жасапты. Ол малдың құрсақ анатомиясын жақсы білген болуы керек. Рим қолбасшысы Юлий Цезарь дүниеге осындай жолмен келді деген аңыз бар. Сондықтан операцияның атын Цезарға ұқсастырып Кесарь деп атаса керек. Әрине, бұл тек болжам ғана. Кесарь операциясы лапоротомия (құрсақты тілу) және гистеротомия (жатырды тілу) сияқты операциялардан тұрады. Операцияның сәтті аяқталуы көп жағдайларға байланысты, атап айтқанда туу үрдісі қашан басталды, төл өлі ме, тірі ме. Тіпті, акушердің білімділігі де үлкен рөл атқарады.

    Сиырға кесарь операция жасау. Операцияны түргеп тұрған жағдайда жасаған дұрыс, көп кісінің қажеті жоқ, төлді алуға, шарана суларын шығаруға да көп күш жұмсалмайды. Ал енді сиыр тұрмай жатып қалса, оң жақ бүйіріне жатқызып жасайды (26-сурет). Тұрып тұрған малды бағанаға, дуалға тақтаймен қысып байлап бекітеді, мұрындығынан бір кісі ұстап тұрады. Операция алаңқайы үстіңгі жағынан беломыртқаның көлденең өсінділерімен, алдыңғы жағы соңғы қабырғаның бойымен, артқы жағы мықын дөңесі мен тізесіне дейін, ал астыңғы жағы қарынның тері асты венасымен шектеледі. Терінің жүнін қырып сабындап жуып кептірген соң, йодбензинмен немесе спиртпен сүртеді, содан кейін 5 %-дық йод ерітіндісімен екі рет сүртеді. Жалпы наркоз жасаудың қажеті жоқ, тек И.И.Магда әдісімен паралюмбалді анастезия мен жергілікті инфильтрациялық анестезия жасаса да болады. Магда әдісі бойынша 1,2,4 бел омыртқалардың көлденең өсінділерінің тұсынан новокаиннің 3 %-дық ерітіндісін әр омыртқа тұсынан 20-30 мл шамасында бірнеше бағытта жібереді. Жалпы мөлшері 60-90 мл болады. Терінің астына тілік түсетін сызық бойымен инфильтрациялық анестезия жасауға новокаиннің 0,5 % ерітіндісін қолданады. Асау малды тыныштандыру үшін бұған қосымша аминазин, рампун, комбелен сияқты препараттарды пайдаланады.

26-сурет. Сиырға кесарь тілігін жасаудың оперативтік орындары. А-төменгі, Б-ортаңғы, В-жоғарғы. 1-парамедиалдық, 2-вентролатералдік, 3-тігінен тілу, 4-қиғаш тілу

        

    Анестезия жасағаннан кейін 10-15 мин өткен соң теріні тіле беруге болады. Тілікті сол жақ аш өзектің астыңғы жағынан бастап, 25-35 см бойына қабырғаға параллель тік түсірген дұрыс. Теріні тілгенде қиқаламай бірден кесіп түскен жөн, сонда тіккенде оның шеті жақсы қабысып тез жазылады. Теріні тіліп түскен соң қабат-қабатымен фасцияларды, сыртқы және ішкі ет қабаттарын, ең соңынан ақ шел қабатты (брюшинаны) тіледі.

    Ақшелді жарғаннан кейін таз қарынды алға қарай ығыстырып жатырды тесікке қарай тартып жақындатады да, оның ұшынан 10-15 см кейін жерден жатырды тіледі. Жатыр ішіндегі шарана суларын сыртқа төгуге тырысу керек. Содан кейін барып жатырдың тілігін төл сиятындай етіп үлкейтеді (25-30 см). Төлді көмекші кісілер тартып алып шығады, ал хирург-акушер жатырды ішке жібермей ұстап тұрады. Жатыр ішін шарана суларынан тазартып құрғатады, жатырдың тілінген жеріндегі карункулдерден шуды бөліп тазартады, әйтпесе, жатыр қабырғасымен бірге тігіліп кетуі мүмкін, жатыр ішіне антисептік препараттар (трициллин,экзутер, септиметрин, фуразолидон) салған соң жатыр қабырғасын алдымен, Шмиден тәсілімен барлық қабатын қосып бірақ тігеді. Инені ылғи кілегей қабаты жағынан шаншып сірлі қабатынан шығарады (қарама-қарсы жағына да сол тәртіппен) тігіс үздіксіз аяғына дейін бірақ түседі. Жатыр жарасы жабылған соң (бұл тігістің бірінші қабаты), екінші қабатын Плахотин әдісімен тігеміз. Мұнда тігіс жатырдың кілегей қабатына жетпейді, тек сірлі қабат пен етті қабатты ғана қамтиды.

Жатыр қабырғасын №6, 8 кетгутпен тіккен дұрыс, асқынусыз тез жазылады. Жатырды тігіп болған соң, кетгутпен құрсақ қабырғасының етті қабатын ақшелмен қосып үздіксіз тігіспен тігеді.

Сыртқы тігіс теріге түседі. Оны №10 жібек жіппен түйінді тігіс етіп тігеді, түйіндердің арасы 2-3 см тек терінің жабысатын беттері бір-біріне қабаттаспай, қалталанып жиырылмай тегіс жатуы керек. Ол үшін тігетін жараның бас жағынан, аяғынан, ортасынан 3-4 түйінді тігіс салып арақашықтығын дұрыстап бөліп алады. Іріңдеп кетпес үшін тігіс салардың алдында жараға антибиотиктердің ұнтағын себеді.

Операциядан кейін сиырды бөлек жерге байлайды, астын құрғатып ауыстырып отырады, күніне 2 рет таңертең және кешке температурасын өлшейді, алғашқы 7-8 күнде үзбей антибиотиктерді салып тұрады. Алғашқы күндері 3-4 кг құрғақ пішен, 1-2 кг кебек немесе құрама жемді көже жасап, 2-3 кг сәбіз, қызылша береді. Тек 7-8 күн өткен соң ғана рационды толық бұрынғы деңгейге жеткізеді.

Көбінесе, 2-3 күннен кейін малдың ас қорыту органдарының қызметі бұзылады, күйіс қайтармай, атония байқалады. Мұндай жағдайда сиырдың аузынан 2 литр шамасында маргенец қышқылды калийдің 0,1 %-дық ерітіндісін арасына 8-10 сағат салып, 4-5 рет ішкізсе немесе 1 л суға 100 гр спирт, 200 гр қант, 100 гр ащытқы салып ішкізсе, оның арасында 50 гр сода берген жақсы нәтиже береді (С.И.Смирнов).

Перитонит басталса, қарынның тесігінің астыңғы жағынан 2 түйінін шешіп ішіне жиналған эксудатты түтікпен сорып шығарып жібереді де, сол жерден құрсақ қуысына антисептикалық препараттар салады.

    Шошқаға операция жасау. Операция техникасы овариоэктомия жасағандай, оң жақ бүйірінен қарынды, содан кейін жатырды 15-20 см етіп тіледі. Торайларды жатыр ішінен қолмен алып шығарады. Жатыр қабырғасын тігіп болған соң, бұл операцияға қосып овариоэктомияны да жасайды, сөйтіп шошқаны келешекте одан төл алуға жарамсыз деп семіртіп,етке өткізеді.

    Қаншық немесе мысыққа операция жасау. Операцияны оң жақ бүйірінен жүнін қырып, хирургияның барлық ережесіне сай дайындаған соң аш бүйірден 3-4 см қалдырып төмен қарай 10-15 см ұзындыққа көлбеу сызықпен теріні тіліп түсіреміз.Тілік қабырға доғасынаң астынғы жағына бағытталады. Жатыр тармағын үлкен дөңесі жағымен тілік аузына жақындатып бифуркацияға жақын жерден тіледі, осы тесік арқылы жатырдың екінші тармағындағы күшіктерді де шығарып алуға болады.Күшіктерді түгел шығарып болған соң жатыр ішіне бактерицидті препараттар салады да, жатырдың қабырғасын екі қабат етіп тігеді. Құрсақ қабырғасын әдеттегідей үздіксіз тігіспен тігіп, сыртынан коллодиймен жабыстырып тастайды.

    Фетотомия (petotomia). Бұл операцияның мәні туа алмай қалған малдың ішіндегі төлді туу жолдары арқылы бөлшектеп алумен сипатталады. Операцияға малды көп қинамай, неғұрлым тезірек кіріссе, асептика және антисептика ережелерін қатаң сақтаса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым жоғары болады.

Төлдің басына жасайтын операциялар. Төлдің басы туу жолдарында кептеліп қалғанда немесе сыртқа шығып тұрған бас төлдің қайырылып қалған аяқтарын түзетуге мүмкіндік бермесе, төлдің басын кесіп алып тастайды. Ол үшін төлдің басын ілгектермен сыртқа молырақ тартып шығарады да, желкесінен бастап құлағының үстінен езуіне дейін терісін тіліп түсіреді. Содан кейін астыңғы жақтың терісін мойнына дейін іреп, басты астыңғы жағымен қоса бөліп алып тастайды. Егер де басы қайырылып қалған болса, оны мойны мен бірге қосып аралап алып тастайды. Кейбір жағдайда туу жолдарында кептеліп қалған бастың көлемін кішірейтіп барып тартып шығарады, ол үшін долотомен жақ сүйектерін шықшытынан ұрып сындырып, ішіне қарай бүктеп жібереді немесе ми қорабын талқандап ішіне ойып түсіріп жібереді.

    Алдыңғы аяғын кесіп алып тастау. Төлдің басы қайырылып қалғанда, оны түзету үшін туу жолдарынан сыртқа шығып тұрған аяқтың біреуін немесе екеуін де жауырынымен қоса кесіп алып тастайды. Бұл операцияны жабық әдіспен де (терісін іреп алып денесінде қалдыру), ашық әдіспен де (аяқтың терісімен бірге қосып аралап) орындай береді.

    Алдыңғы аяғы иығынан қайырылып қалғанда, оны ашық әдіспен жауырынымен қоса кесіп алып тастайды. Төл артқы жағымен келіп жамбасымен кептеліп қалса, сыртқа шығып тұрған аяғының біреуін жамбас сүйегімен қосып ашық әдіспен аралап кесіп алып тастайды. Ол үшін тұзақ өткізгіштің көмегімен араны мықын сүйегінің үстінен түсіріп санының ішкі жағынан өткізіп сыртқа шығарады. Ол жеткіліксіз болса екінші жағынан да солай кесіп түсіреді.

    Осындай операцияны төлдің артқы аяғы (біреуі немесе екеуі де) жамбас буынынан бүктеліп қалғанда да жасайды.

    Перинеотомия (perineotomia). Бұл операцияның қынап кіреберісінің үстіңгі жағын тіліп, туу жолдарын кеңейту үшін жасайды. Операцияға кіріспес бұрын қынап кіреберісінің үстіңгі қабырғасына, сарпай аралық теріге 0,5 %-дық новокаин ерітіндісімен инфильтрациялық анестезия жасайды. Төлді шығарып алған соң, тілінген жараны түйінді тігіс салып тігеді, алдымен қынап кіреберісінің қабырғасын кілегей қабаты мен етті қабатын қосып бірге тігіп алады, содан кейін сыртқы теріні тігеді. Лигатураның ұштары ұзын болып, жыныстық ернеулерден шығып тұрғаны дұрыс.

    Операциядан кейін 7-8 күн өткен соң алдымен кілегейлі қабаты жағындағы тігісті, содан кейін терідегі тігісті алып тастайды.

 

 

VI ТАРАУ

 

С Ү Т Б Е З І А У Р У Л А Р Ы

    Желін анатомиясы. Сиырдың желіні симметриялы екі жақ (оң жақ және сол жақ) жартыдан алдыңғы және артқы ширектерден тұрады. Әрбір ширегі жеке өз алдына емшекпен аяқталады. Желіннің сыртын жұқа, жұмсақ тері қаптап жатады, тері асты ұлпадан кейін сыртқы фасция орналасқан. Сыртқы фасция желіннің әрбір жартысын сыртынан қаптап келіп астыңғы жағынан бірігіп кетеді де, желіннің көтеріп тұратын сіңіріне айналады.

    Сыртқы фасциядан желін паренхимасын алдыңғы және артқы ширектергі, одан ары қарай ұсақ бөлшектерге бөліп жататын қалқандар тарайды. Желін паренхимасы альвеолалардан тұрады. Альвеола шар тәрізді қуыстар, оның қабырғасы бір қабат безді эпителийден құралған. Альвеолдың сыртын миоэпителиальді тор қоршап тұрады. Әрбір альвеолдан ұсақ сүт жолдары шығады, олар бір-бірімен қосылып келіп орта диаметрлі, содан соң ірі диаметрлі сүт жолдарын құрайды. Бірнеше ірі сүт жолдары сол ширектің сүт цистернасына ашылады. Сүт цистернасы ұзындығы 1 см емшек арнасымен аяқталады.

    Емшек жұмсақ, цилиндр пішінді ұзындығы 5-10 см болады және төмен салбырап тұрады. Желін қан тамырларына өте бай орган, оны негізінен сыртқы сарпай артериялары мен сарпай аралық артериялары қамтамасыз етеді, осы аттас веналар және тері асты құрсақ венасы бар. Емшек терісінен басталған сыртқы және терең паренхимадан шығатын ішкі лимфа тамырлары желін үсті лимфа түйініне келіп тоғысады.

    Желін жүйке жүйесі сыртқы жыныстық жүйкесі және мықын-қарын жүйкесі мен сарпай аралық жүйкеден тұрады. Бұл жүйке талшықтары желін терісіне, әрбір альвеолаға қан тамырларына дейін тарайды.

    Биенің желіні екі жартыдан тұрады, екі емшегі болады. Желіннің әр жартысы алдыңғы және артқы ширекке бөлінеді, бірақ ол сыртынан білінбейді. Әрбір ширегінің өз альвеолалары мен сүт жолдары емшектен 2-3 арна болып шығады.

    Түйенің желіні екі жартыдан және алдыңғы, артқы ширектерден тұрады, қысқа төрт емшегі болады.

    Қой, ешкінің желіні екі жартыдан тұрады, ширекке бөлінбейді, екі емшеті кедеді. Ешкінің емшектері қойдың ешектеріне қарағанда ұзындау келеді.

    Мегежіннің сүт безі құрсақтың екі жағында қатарласа тізбектеліп, 8-12 жұп болып орналасқан. Әр бөлігінің өзінің жеке емшегі, әр емшегінің ұшында 2-3 арнасы болады.

    Ит-мысықтың желіні де қарынның астыңғы жағына екі қатар болып орналасқан 10 бөліктен тұрады. Сүт қанның құрамындағы заттардан альвеолалардан құралады, ал жиналған сүтті шығару альвеолдар мен сүт жолдарының сыртындағы миоэпителийдің жиырылуымен іске асады.

  Лактацияға әсер ететін факторлар: 1. Сауу кезіндегі немесе емген кездегі пайда болатын жүйке импульстері, ол орталық жүйке жүйесіне келіп, сүт безінің қызметін не күшейтеді, не тежейді.

2. Гормондар: фолликулин, прогестерон, пролактин, окситоцин. Бұл гормондардың әсерінен альвеолдар өсіп-көбейіп жетіле түседі де, лактация үрдісі басталады.

3. Иіс сезу, көзбен көру, құлағымен есту рецепторлары мен сезу рецепторлары арқылы түсетін тітіркендіргіш импульстер де лактацияны не күшейтіп, не тежеп тастауы мүмкін. Атап айтқанда, айқай-шу, ұрып-соғу, бөтен кісілер, сауыншылардың жиі ауысып отыруы лактацияға кері әсер етеді. Керісінше, дәмді жемшөп беріп, жылы сөзбен келіп малдың үсті-басын сипап, желінін сүртіп азырақ массаж жасап, сауып алған соң құрғатып сүртіп, майлап қою, сиырдың сүттілігін арттырады.

Төлдегеннен кейінгі 4-5 күн бойы емшектен уыз шығады. Уыз жаңа туған төлдің өсіп дамуы үшін аса қажетті қоректік зат, оның құрамында альбумин, глобулин сияқты белоктар, май, А,Д,С,В дәрумендері, макро-микроэлементтер, ферменттер және әртүрлі инфекциялық аурулардан қорғайтын иммунды заттар бар.

Лактация малдың бағып-күтіміне байланысты. Азықтандыру жақсы болса, ол сиырларда алғашқы үш айда өте қарқынды өтеді де, кейін біртіндеп төмендей береді. Сиыр 7-8 бұзаулағаннан кейін-ақ желіннің альвеолаларлы аппараты біртіндеп жойылып, орнына дәнекер ұлпа өсіп, сүт беру қабілеті нашарлайды. Бұл да малдың жасына байланысты болған гипогалактия немесе агаоактия, яғни қалыпты физиологиялық процесс.

Лактация өте қарқынды өтетін процесс. Тәулігіне 15-20 л сүт беретін сиырдың желіні арқылы осы уақыттың ішінде 9 тонна қан ағып өтеді екен.

Желін сүтке толуы үшін 10-12 сағат өтуі керек. Осы кезде сиырды саумаса, сүт организмге кері сорылып сіңе бастайды. Бұл құбылысты реабсорбция деп атайды. Жаңа туған малдың желіні тез толады, сондықтан оларды тәулігіне 3 ретке дейін сауып желінді босатып отырады.

Лактация соншалықты қарқынды өтетін процесс болғандықтан, оның сыртқы ортаның әсеріне сезімталдығы да өте жоғары болады да, желін тез ауруға шлдығады.

Сүт безіне зерттеу жүргізу.  Сүт безінде әртүрлі патологиялық процестер өтіп жатады. Олардың емдеу шаралары әртүрлі болғандықтан патологиялық үрдістің сипатын ажырата білуіміз керек. Ол үшін сүт безіне және бүкіл организмге арнайы жүйемен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оларды клиникалық және зертханалық әдістерге бөлуге болады.

Клиникалық зерттеулерге анамнез мәліметтері, организмді жалпы зерттеу және желінді арнайы зерттеу жатады.

Анамнез: қашан бұзаулады, туу үрдісі мен туғаннан кейінгі кезең асқынусыз өтті ме, бағып-күтімі мен азықтануы қалай еді, туғанға дейінгі, туғаннан кейінгі кездегі сүт безінің клиникалық жағдайы қалай еді, бұрынғы жылдары желін ауруы болып па еді, сауу режимі сақтала ма, малдәрігерлік-санитарлық шаралар орындалады ма, шаруашылықта жалпы желін аурулары көп пе, сиырдың сүттілігі қандай, сиырдың ауырғанына неше күн болды, ауруы қалай білінді, кім емдеді деген сұрақтарға жауап алатын болсақ, аурудың туу себебін, патологиялық үрдістің сипатын ажыратуға біршама мүмкіндік туады.

Организмді жалпы зерттеу дегеніміз малдың температурасын өлшеп, тыныс алу жүйесін, жүрек-қан айналу жүйесін, ас қорыту мен жыныс органдарын зерттеу, малдың жатып-тұруына көңіл бөлу, сыртқы лимфа түйіндері мен кілегей қабықтарын зерттеу болып табылады. Өйткені желін аурулары көбінесе, гастроэнтерит, эндометрит, субинволюция, т.б. аурулардың салдары болуы мүмкін. Сол сияқты желін ауруларының салдарынан басқа органдардың қызметі бұзылуы мүмкін.

Желінді зерттеу. Қарап көру, ұстап көру және сауып көру сияқты тәсілдерден тұрады. Желінді сиырдың артқы жағынан және жанынан келіп қарайды. Желіннің оң жақ бөлігі мен сол жағын салыстырады: көлемі, терісінің түсі мен бүтіндігі, тығыздығы, температурасы, малдың реакциясы, сүттің түсі, иісі ескеріледі, бөгде заттардың болуы(құм, ірің, іртік, ұйынды, фибрин) сасық иіс, т.б. белгілер аурудың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Соңынан желін үсті лимфа түйінін зерттейді.

Зертханалық зерттеу. Аурудың диагнозын дұрыс қою үшін клиникалық зерттеулерге қосымша сүтті немесе желіннің басқа секретін зертханалық зерттеулерден өткізеді. Зертханалық зерттеулер, әсіресе субклиникалық (жасырын) желінсауды анықтауға және желінсауды емдеу нәтижесіне бақылау жасау үшін қажет.

1.Димастинмен тексеру. Димастиннің 5-10 пайыздық судағы ерітіндісін дайындап алады. Сиырдың әр емшегінен жеке-жеке арнайы ыдысқа 1 мл секрет сауып алып, оған сондай көлемде димастин ерітіндісін қосып араластырғанда, сиыр ауру болса, сүттің түсі алқызыл түске боялып, ұйынды пайда болады. Сүт таза болса, түсі сарғылт тартады, ұйынды болмайды.

2. Бромтимолмен тексеру. Бромтимолдың 0,5 пайызды спиртті ерітіндісін дайындап алады, (50 мл дистилденген су + 50 мл этил спирті + 0,5 гр бромол). Арнайы ыдысқа әр емшегінен жеке-жеке 1 мл сүт сауып алып, оған 3-4 тамшы реактив қосып араластырғанда, сиыр ауру болса, сүттің түсі қою жасыл-көкке боялады. Сүт таза болса, тек әлсіз ғана сарғылт-көкке боялады.

3. Сүтті тұндыру. Кәдімгі бактериологиялық пробиркаға 10-15 мл сүт сауып алып, емшегінен алынғанын белгілеп, тоңазытқышқа (+4 +6°) келесі күнге дейін салып қояды. Сиыр ауру болса, пробирканың түбіне тұнба түседі, бетіндегі қаймағы өте аз (0,1-0,2 см) болады. Сүт таза болса, пробирканың түбіне тұнба болмайды, қаймағының қалыңдығы 0,5-1,0 см болады.

4. Уайтсайд әдісімен тексеру. Пробиркаға 5 мл сүт сауып алып, оған 2 мл натрий сілтісінің (ОН) 4 пайызды ерітіндісін құйып, араластырғанда сиыр ауру болса, алғашқы 20-30 секундтың ішінде сүт ұйып қойыртпаққа айналады. Ол сүттің құрамында лейкоцидтердің көбейіп кеткендігін көрсетеді.

5. Бактериологиялық әдіспен тексеру. Стерильді пробиркаға әр емшегінен жеке-жеке сүт сауып алып, бұрыннан белгілі бактериологиялық әдіспен тексереді. Онда сүттің 1 мл –індегі микробтардың жалпы санын және олардың тегін (стафилококк, стрептококк, грибтер, немесе ішек таяқшалары) әртүрлі антибиотиктерге сезімталдығын анықтайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: