Кредит саны: 4 кредит 8 страница

       Жұрнақтар жеке тұрып мағына бермейді, сондықтан жеке қолданылмайды, ол түбір сөздердің құрамында ғана қызмет атқарады: дәрігер, баспа, биші, сазгер, емхана т.б.

       Сөзжасам жүйесінің жұрнақтары өзі жалғанған түбір сөздің мағынасының негізінде одан басқа лексикалық мағына тудырып, басқа жаңа сөз жасайды: етік - етікші. дәрі - дәріхана.

Тілдегі сөзжасам жұрнақтарының тағы бір ерекшелігі – олар әр сөз табына телулі болады. Әр сөз табының жұрнақтары болады. Кейде бір жұрнақтың бірнеше сөз табына ортақ кезі де байқалады.

Жұрнақтардың тілде атқаратын қызметі бірдей емес. Олар сөзге жалғану қабілетіне қарай өнімді және өнімсіз жұрнақтар болып екіге бөлінеді. Өнімді жұрнақтар сөз талғамай жалғана берсе (күйші, әнші, оқушы,жазушы,егінші т.б), өнімсіз жұрнақтар аз ғана сөздің құрамында кездеседі: көйлекшең, мәсішең.

Сөзжасамдық ұя. Сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалып, атау қызметін атқаратын белгілі құрылымдағы түбірлес туынды сөздердің жиынтығы - сөзжасамдық ұя деп аталады. Сөзжасамдық ұя болу үшін: 1) бір негізден тарайтын түбірлес сөздердің жиынтығы болуы шарт; 2) түбірлес сөздердің әрқайсысының жеке номинативтік мағынасы болу шарт; 3) түбірлес туынды сөздер әр түрлі тәсіл арқылыжасалуы мүмкін; 4) түбірлес туынды сөздердің мағыналық жақындығы себепші негіз арқылы сақталып, бір семантикалық өрісте жатуы қажет; 5) омонимдес тұлғалар сөзжасамдық ұяға ене алмайды. Мысалы: оқы, оқу, оқушы, оқығыш, оқығыштық, оқырман, оқыту, оқытушы, оқулық, оқулықтай т.б. Ой, ой-арман, ойдағыдай, ойшыл, ойлан, ойлампаз, ойлау, ойлы, ойсыз т.б.

Сөзжасамдық мағына. Кез келген тілдік бірлік белгілі бір мағынаға ие. Тілде мағынасыз бірлік өмір сүре алмайды. Мағынасыз бірліктер тілдің даму барысында өлі тұлғаға айналып кетеді. Жалпы тіл білімінде қалыптасқан қисын бойыншы, кез келген тілдік бірліктің екі жағы болады. Бірі – тұлғалық жағы, екіншісі – оның ішкі мазмұны, мағыналық сипаты. Сөздің тұлғасы мен мағынасы атаудың екі түрлі сипатын танытады. Бұлар бір-бірімен тығыз байланыста, қарым-қатынаста болады.

Сөзжасамдық мағына. – сөзжасам процесінде пайда болатын туынды мағына. Сөзжасамдық мағынаны өзге мағына түрлерінен алғаш бөліп көрсеткен ғалым- проф. Н.Оралбаева.

Сөзжасамдық мағына – себепші негіздер мен сөзжасамдық тұлғалардың бірігуі не қосарлануы, тіркесуі, жалғануы негізінде уәжделіп жасалатын ерекше туынды мағына.

Сөзжасамдық мағына мен лексикалық мағынаның және грамматикалық мағыналардың бір-бірінен айырмашылығы бар. Сөздің лексикалық мағынасы - нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзден айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.

Ал сөзжасамдық мағына – ең алдымен, туынды мағына. Ол екі себепші негіздің бірігуі не қосарлануы немесе негізге сөз тудырушы жұрнақтың жалғануы арқылы пайда болатын, әрі осы себепші негіз мағыналары арқылы уәжделетін екіншілік мағына.

Сөзжасамдық үлгі. Туынды сөз жасаушы тұлғалардың біреуі ортақ болуы арқылы жаңа екіншілік мағынадағы ортақ мағынаның болуы сөзжасамдық үлгі негізінде жүзеге асады. Сөзжасамдық үлгі тек синтетикалық сөзжасам тәсілінде ғана емес, барлық сөзжасамдық тәсілдерде болады. Сөзжасамдық үлгі дегеніміз – туынды сөздердің құрамындағы бір тұлғаның ортақ болуы арқылы қалыптасқан екіншілік мағыналы туынды сөздер. Яғни бір сөзжасамдық үлгі негізінде туынды атау пайда болады. Мысалы: себепші тұлғаға –шы,-ші сөз тудырушы тұлғаның жалғануы арқылы, кісінің мамандығына, қызметіне қатысты атаулар туындай алады: малшы, биші, күйші, оқушы, оқытушы, тігінші, күйші т.б.

Сөзжасамдық қалып. Сөздердің тууында сөзжасамдық тәсіл мен үлгіден басқа қалып та болады. Табиғи тілдің дамуында жаңа туынды атау туғызу үшін қалыптасқан белгілі қалыптар болады. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық тәсілдердің әрқасысының өзіне тән сөзжасамдық қалыптары бар. Мысалы: аналитикалық тәсілдің негізгі қалыптары: сөздердің бірігуі, тіркесуі және қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы: асқабақ, аққу, бақа-шаян, жиырма бес т.б.

Сөзжасамдық тізбек. Бір түбірден тараған, бірінен соң бірі тікелей туындайтын, біріне – бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сөзжасамдық тізбек деп аталады. Мысалы, бас – басшы – басшылық – басшылықсыз; Ора – орам, орамды, орамдылық; Шап – шапқы, шапқын, шапқыншы, шапқыншылық..

Сөзжасамдық жұп дегеніміз сөзжасамдық ұядағы негіздеуші сөз бен негізделетін сөздің синтагматикалық қатысы. Яғни сөзжасамдық жұпқа екі ғана мүше қатысады. Себепші негіз бен соған негізделіп жасалатын туынды сөздің жұбы. Сөзжасамдық жұпқеа енетен сөздердің ішкі мағыналық

құрылымы мен тұлғалық жағында ортақ белгілер болады. Мысалы: синтетикалық тәсіл арқылы жасалған жұптар: бал-балшы, балшы-балшылық т.б. Семантикалық тәсіл арқылы жасалған сөзжасамдық жұптар: көз (адамның көзі) – көз (иненің көзі), бай (бай адам) – бай (әйелдің күйеуі) т.б.

  Сөзжасамдық тарам бір түбірден не негізден тараған туынды сөздердің тік бағыттағы мағыналық жиынтығы. Сөзжасамдық тарам жалпы тіл білімінде «парадигма» термині арқылы белгілі. Парадигма сөзі грек тілінен енген, сөзбе-сөз аударғанда үлгі деген мағынаны бере алады.

Сөзжасамдық парадигманың өзіндік ерекшелігі – тарамға енетін сөздер тек туынды атаулар болады, әрі олар тек бір негізден тарайды.Мысалы: бас, баста, басшы, басқыз, басу, басылым, баспа т.б.

Бір сөзжасамдық тарамға енетін атауларды айқындайтын үш түрлі негізді атау орынды: 1) ұғымдық жақындығы; 2) мағыналық жақындық; 3) тұлғалық жақындық.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. – Алматы, 2007.

Қосымша әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. - Алматы, 1991.

 

Тақырып 4. «Туынды сөздер»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге туынды сөздердің сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалатындығын және түрлерін (туынды түбір, күрделі сөздер) меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Туынды сөздер туралы түсінік

                              2. Туынды түбірлер

                              3. Күрделі сөздер

Туынды сөзге қосымша арқылы жасалған туынды түбірлер мен аналитикалық сөздер, барлық сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған туындының бәрі жатады.

 Туынды сөздер – тілдің сөзжасам саласының зерттейтін негізгі нысандарының бірі, өйткені туынды сөздер – сөзжасам заңдылықтары бойынша, сөзжасам бірліктері арқылы өмірде пайда болған жаңа заттар мен жаңа құбылыстарды атау үшін жасалып, тілдің сөздік қорына қосылған сөздер.

Туынды түбір туынды сөздің ішіндегі ең көп тараған түрі, өйткені олар әр заманның қажетіне қарай тілге үнемі үздіксіз қосылып отырған.

Туынды сөздердің түрлері: туынды түбір, біріккен (кіріккен) сөздер, қос сөз, тіркескен сөздер және қысқарған сөздер.

  Туынды түбір. Туынды түбір деп құрамы негіз сөз бен жұрнақтан тұратын сөздер аталады. Мысалы: қаламгер, әсемпаз, сәнқой, оқытушы, бөлім, майла т.б.

  Туынды түбірге сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған туынды сөздер ғана жатады. Туынды түбірдің мағынасы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтың мағынасынан жасалады. Негіз сөздің лексикалық мағынасы жұрнақ қосылғаннан кейін туатын лексикалық мағынаға негіз болады, сондықтан туынды түбірдің мағынасы мен негіз сөздің мағынасы үнемі байланыста болады. Мысалы: өнерлі деген мағына өнер деген сөздің мағынасына негізделген.

Туынды түбір құрамы жағынан алғанда, екі морфемадан тұрады. Олар: негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақ. Бұл екі морфема – туынды түбір үшін міндетті шарт.

  Туынды түбірлер тілдің қазіргі даму сатысына сай танылады. Сондықтан туынды түбірдің құрамындағы морфемалардың жігі анық көрініп тұрады. Мысалы: кедей+лік, қымыз+хана, көк+те т.б.

Туынды түбірлер белгілі сөз таптарының құрамында болады. Туынды түбірлердің сөз таптарына қатысты болатын себебі әр сөз табының өзіне тән сөзжасамдық жұрнақтары бар. Туынды түбір қай сөз табының жұрнағы арқылы жасалса, сол сөз табының туынды түбірі саналады. Әр сөз табының жұрнағы туынды түбірге өзі тәуелді сөз табының мағынасын қосып, сол сөз табының сөзін жасайды. Сондық тан туынды түбір сөздің бәрі де белгілі бір сөз табының сөзі болып саналады. Мысалы: туынды түбір зат есімдерге: қойшы, бөлме, кітапхана, аялдама, базарлық т.б.

Күрделі сөздер. Аналитикалық тәсіл арқылы екі я одан да көп сөзден құралып, бір лексикалық мағына беретін сөздер күрделі сөздер деп аталады. Мысалы: бойжеткен, әнұран, әуежай, бау-бақша, ғалым-хатшы, Қазақтелеком, АҚ (акционерлік қоғам) т.б.

Күрделі сөздер қанша сөзден құралса да, бір сөз болып саналады, бір сөздің қызметін атқарады. Көпшілік жағдайда олар екі сөзден тұрады, алайда екіден көп сөзден де құрала береді. Мысалы: Екібастұз, Кемпір өлген Ащысай т.б.

Қазақ тілінде күрделі сөздер кең орын алады. Күрделі сөздер барлық сөз таптарыныда бар. Мысалы: Ақорда, ас үй, әуе серігі, жол сілтеуші, құрбан айт – дегенде зат есімдер. Түлкі тымақты, қызыл шырайлы, орта бойлы, қыр мұрынды, қара мұртты, т.б – сын есімдер; жеті-сегіз, мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз – күрделі сан есімдер; алып кел, алып бер, барып кел т.б. – күрделі етістіктер, кейбір, әлденеше, ешқайда – күрделі есімдіктер; таңертең, бүгін, кеш бойы, бірқатар т.б.- күрделі үстеулер.

Қазақ тілінде күрделі сөздердің сыңарларын байланыстыратын басқа тілдердегідей арнайы қосымша жоқ. Күрделі сөздердің ішкі сыңарлары бір-бірімен орын, мағына арқылы байланысады. Мысалы: алпыс бес, қызыл ала, Алатау т.б.

Күрделі сөздердің белгілірі мыналары: 1) Күрделі сөздер екі не одан да көп сыңарлардан жасалады да, күрделі құрылымды болып келеді. Сол арқылы ол дара сөздерден ерекшеленеді; 2) Күрделі сөз жасаушы сыңарлардың мағыналары кірігіп, біртұтас мағынаны білдіреді; 3) Күрделі сөздердің сыңарлары қалай болса солай, кез келген сөзден жасала бермейді, оның өзіндік заңдылықтары бар, атап айтсақ, біріншіден, күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар мағыналық қатысы бар сөөздерден құралады, екіншіден, күрделі сөздердің сыңаралры толық мағыналы сөздерден болады; үшіншіден, күрделі сөздердің құрамы тұрақты болып келеді, сол құрамда ған сол мағынаны білдіре алады; 4) күрделі сөздер сөйлемге дайын тұрған қалпында алынатын лексикалық бірліктер болғандықтан, ол сөйлемде бір сөздің қызметін атқарады, сөйлемнің бір мүшесі болады, бір сұраққа жауап береді; 5) күрделі сөз біртұтас мағыналы болғандықтан, белгілі бір сөз табының мағынасын беріп, бір сөз табына қатысты болады.

Күрделі сөздер сөзжасамда аналитикалық тәсіл арқылы жасалады. Аналитикалық тәсілдің ішкі мынадай түрлері бар: сөзқосым, қосарлау, тіркестіру, қысқарту. Осы тәсілдің әрқайсысы тілде әр түрлі күрделі сөз жасайды, олар: 1) біріккен, кіріккен сөздер, 2) қосарланған сөздер, 3) тіркескен күрделі сөздер, 4) қысқарған сөздер.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. – Алматы, 2007.

Қосымша әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. - Алматы, 1991.

 

Тақырып 5. «Сөзжасамның синтетикалық тәсілі»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге жаңа сөздердің жасалу жолдарын түсіндіру. Сөзжасамның синтетикалық тәсілін меңгерту

Дәрістің жоспары: 1. Сөзжасам тәсілдері туралы түсінік;

                                2. Сөзжасамның синтетикалық тәсілі.

Тілдің сөздік қорын үздіксіз байытып, толықтырып отыру негізінен, тілдің ішкі мүмкіндіктерімен, заңдылықтарымен байланысты. Басқа тілдерден сөз қабылдау арқылы да тілдің сөздік қоры байып отыратыны белгілі. Алайда, сөз байлығының толығу арнасы – тілдің сөзжасам жүйесі, оның ішінде сөзжасам тәсілдерімен тікелей байланысты. Туынды сөздің жасалу жолдары ғылымда сөзжасамдық тәсілдер деп аталады.

Тілде жаңа сөздердің жасалу жолы, тәсілдері аз емес. Бірақ олардың жалпылық жақтарын ескеріп, жинақтап, үш түрлі тәсілді көрсету қазақ тіл білімінде дәстүрге айналып келеді. Олар: синтетикалық(морфологиялық), аналитикалық(синтаксистік), лексика-семантикалық тәсілдер.

Синтетикалық тәсіл. Сөзжасамның синтетикалық тәсілі бұл атауынан басқа да бірнеше түрде айтыла береді. Солардың ішінде жиі қолданылатыны – морфологиялық тәсіл, одан әрі аффиксті тәсіл немесе суффиксті тәсіл деп те айтылады.

Қосымшалы тілдерде синтетикалық тәсіл туынды сөз жасауда негізгі тәсілдер тобына кіреді. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі қосымшалы тілдер болғандықтан, синтетикалық тәсіл біздің тілімізде туынды сөз жасауда үлкен қызмет атқарады. Синтетикалық тәсілдің негізінде пайда болған бүтінді туынды түбір деп, олардың қай сөз табына тән екендігі ескеріліп, туынды зат есім (тара-қ, кес-пе), туынды етістік (ақ-та, кеш-ік) т.б. аталады.

Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасаудың тілде қалыптасқан өзіндік жолы бар. Бұл тәсіл арқылы туынды сөз жасау үшін, оған екі тілдік бірліктің қатысуы керек: 1) лексикалық мағыналы сөз; 2) сөзжасамдық жұрнақ.

Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасауға қатысатын бұл тілдік бірліктердің әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі бар.

Лексикалық бірлік туынды сөздің мағынасына арқау болады, сондықтан да туынды сөз жасауға лексикалық мағыналы сөздер ғана қатысады. Мысалы: кәсіпкер, қаламгер, аңшы сияқты туынды сөздердің жаңа мағынасы кәсіп, қалам, аң сөздерінің негізінде жасалған, сондықтан олар негіз сөздер болып табылады. Негіз сөз дегеніміз – туынды сөзді жасауға негіз болатын лексикалық мағыналы сөз.

Туынды сөз жасауға қатысатын лексикалық бірліктерге қойылатын негізгі талап, оның лексикалық мағынасы болуы екен. Ал оның тұлғасы мен құрамына ешбір шек қойылмайды, сондықтан туынды сөздің негіз сөзінің қызметін негізгі түбір сөз де, біріккен сөз де, қысқарған сөз де атқара береді.

Мысалы: көгер, түндік, айлық деген туынды сөздерге негізгі түбір негіз болған. Ал егінші, өнімсіз, білімпаз дегендерге егін, өнім, білім деген туынды түбірлер негіз болған. Сондай-ақ белбеусіз, колхоздас деген туындыларға біріккен сөз бен қысқарған сөз негіз болған. Осы туынды сөздердің бәрінде негіз сөз қызметін түрлі құрамды, түрлі тұлғалы сөздер атқарған. Бірақ олардың бәрі де лексикалық мағыналы сөздер, өйткені лексикалық мағыналы сөзсіз синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасалмайды.

Туынды сөздің жасалуына негіз болған сөз бен одан жасалған сөздің мағына байланыстылығы арқылы туынды түбірдің қай сөзден не арқылы жасалғанын түсіндіруге болады. Мысалы, өнім деген туынды түбірдің лексикалық мағынасы өну арқылы шыққан заттың аты.

Туынды түбір сөз бен негіз сөздің мағына байланыстылығы, әсіресе, сөзжасамдық ұяда анық көрінеді. Сөзжасамжық ұяға бір негізгі түбірден өрбіген толып жатқан туынды түбірлер жатады. Мысалы, «Қаз. қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты 1989 жылғы монографияда бас сөзінен (есім, етістік) мағынасындағы 137 туынды түбір жасалғаны келтірілген.

Туынды түбірдің құрамындағы негіз сөздің лексикалық мағыналы сөзден болу міндетті саналуы оның туынды түбірдің лексикалық мағынасына арқау болуымен байланысты

Синтетикалық тәсілдегі екінші тұлға, екінші тілдік бірлік - сөзжасамдық жұрнақ. Туынды түбір негіз сөзден сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалады. Мысалы, ас-паз, күй-ші, базар-лық, бөл-ме т.б.

Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды түбірлердің құрамындағы морфемалардың әрқайсысының орны бар, негізгі морфема бірінші орында тұрады, көмекші морфема, яғни жұрнақ екінші орында тұрады. Туынды түбірлердің құрамындағы морфемалардың орны тұрақты. Бұл заңдылықтан ауытқу тек басқа тілден кірген кейбір морфемаларда кездеседі. Мысалы, бей-күнә, би-саясат т.б.

Туынды түбір жасаушы жұрнақтың да атқаратын өзіндік қызметі бар. Оның негізгі қызметі – туынды лексикалық мағына жасау. Мысалы, ойын-шық, қыр-ғыш, жер-лес т.б.

Туынды түбір жасайтын сөзжасам жұрнақтары қызметіне қарай конверсиялық жұрнақтар және инверсиялық жұрнақтар болып екіге бөлінеді. 1. Жұрнақтар өзі қосылған сөздерді өзге сөз табына айналдырып жіберсе, ол конверсиялық жұрнақ болғаны. Мысалы, 1) зат есімдерден:

а) ой-ла, ас-а, бай-ы етістіктер;

ә) бой-шаң, сөз-шең, бала-лы, күз-гі сын есімдер;

б) күндүз, қыстай, түнде үстеулер жасалған.

2) Етістіктен:

а) тара-қ, тіле-к, ту-ыс, кес-пе т.б. зат есімдер;

ә ) бүк-ір, біл-гіш, айт-қыш т.б. сын есімдер жасалған.

2. Жұрнақтардың өзі қосылған сөздерді сол сөз табының ішінде қалдыруы инверсиялық қызметі болып табылады. Мысалы, кітапхана, дәрігер, зейнеткер, оттық, сусын т.б.

Сондай-ақ тіліміздесөздің лексикалық мағынасын мүлдем өзгертпей негіз сөздің мағынасын түрлендіретін жұрнақтар да бар. Мысалы, әке-тай, көл-шік, сандық-ша, апа-й, бота-қан, қап-шық т.б. Мұндай жұрнақтарды кейбір еңбектерде («Қаз. қазақ тілінің сөзжасам жүйесі») жұрнақша деп атаса, кейбір грамматикалық оқулықтарда лексикалық мағынаны түрлендіретін жұрнақтар деп атайды.

Жұрнақтар мағынасымен байланысты сөз таптарына телулі болады. Әр сөз табының өз сөзжасамдық жұрнағы бар. Олар әр сөз табына қатысты туынды түбір сөз жасайды. Бұл жағдайда әр сөз табының өзіндік сөзжасамы қалыптасқан.

Аналитикалық тәсіл. Аналитикалық сөзжасамдық тәсіл – тілімізде көне замандардан келе жатқан, тілімізді көптеген күрделі сөздермен толықтырған өнімді тәсіл. Ал кейбір тілдерде негізгі сөзжасамдық тәсіл болып саналады. Мысалы, ондай тілдерге жапон, қытай тілдері жатады.

 

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.

3. Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

4. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. – Алматы, 2007.

Қосымша әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. - Алматы, 1991.

 

Тақырып 6. «Сөзжасамның аналитикалық және лексико-семантикалық тәсілдері»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге сөзжасамның аналитикалық және лексико-семантикалық тәсілдері арқылы жаңа сөздердің жасалу жолдарын меңгерту.

Дәрістің жоспары:   1. Сөзжасамның аналитикалықтәсілі

                            2. Сөзжасамның лексико-семантикалық тәсілі

Аналитикалық тәсіл деп екі я одан да көп сөзден бір лексикалық мағыналы сөздің жасалуы аталады. Мысалы, Ақтау, баспасөз, аққу, сексен бес, алып кел темір жол т.б. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер күрделі сөздер деп аталады. Күрделі сөздер толық мағыналы сөздерден жасалады.

Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар: 1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту сияқты аналитикалық тәсілдің төрт түрі бар. Аналитикалық тәсілдің осы ішкі төрт түрі күрделі сөздің төрт түрін жасайды. Олар: біріккен (кіріккен) сөздер, қос сөздер, тіркескен күрделі сөздер, қысқарған сөздер.                      


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: